Прогинова®

МНН: Эстрадиол
Производитель: Дельфарм Лилль С.А.С
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Estradiol
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№011426
Информация о регистрации в РК: 02.03.2018 - 02.03.2023
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 155 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

ПрогиноваÒ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Эстрадиол

Дәрілік түрі

2 мг драже

Құрамы

Бір драженің құрамында

белсенді зат - 2,0 мг эстрадиол валераты

қосымша заттар: лактоза моногидраты, жүгері крахмалы, повидон 25000, тальк, магний стеараты

қабығының құрамы: сахароза, повидон 700000, макрогол 6000, кальций карбонаты, тальк, глицерол 85%, титанның қостотығы (E171), индигокармин (E132), монтагликол балауызы

Сипаттамасы

Көгілдір түсті драже.

Фармакотерапиялық тобы

Жыныс гормондары және жыныс жүйесінің модуляторлары. Эстрогендер. Табиғи және жартылай синтетикалық эстрогендер. Эстрадиол

АТХ коды G03СА03

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі

Эстрадиол валераты ішке қабылдағаннан кейін жылдам және толық сіңеді. Бауыр арқылы сіңуі және алғашқы пассаж барысында стероидты эфир эстрадиолға және валериан қышқылына бөлшектенеді. Сонымен қатар эстрадиол едәуір дәрежеде әріқарай метаболизденуге ұшырап, мысалы эстронға, эстриолға және эстрон сульфатына айналады. Ішу арқылы қабылдағаннан кейін 3%-ға жуық эстрадиол ғана биожетімді болады. Ас ішу эстрадиол биожетімділігіне әсерін тигізбейді.

Таралуы

Эстрадиол қан сарысуындағы шамамен 30 пг/мл құрайтын ең жоғары концентрациясына, әдетте, дражені қабылдағаннан кейін 4-9 сағаттан соң жетеді. Қабылдаудан кейін 24 сағаттан соң сарысудағы эстрадиол мөлшерінің деңгейі шамамен 15 пг/мл-ге тең концентрацияға дейін төмендейді.

Эстрадиол альбуминмен және жыныстық стероидтарды байланыстыратын глобулинмен (ЖСБА) байланысады. Сарысудағы эстрадиолдың бос фракциясы шамамен 1-1,5% құрайды, ал ЖСБА-мен байланысқан зат фракциясы 30-40% шегінде болады.

Көктамыр ішіне бір дүркін енгізгеннен кейін эстрадиолдың болжамды таралу көлемі 1 л/кг-ге жуық құрайды.

Метаболизмі

Экзогенді эстрадиол валератының ферменттік гидролизінен кейін препарат эндогенді эстрадиол өткен биоөзгеріс жолдарынан өтеді. Эстрадиол тікелей бауырда, сондай-ақ ішінара ішекте, бүйректе, қаңқа бұлшық еттерінде және нысана-ағзаларда метаболизденеді. Бұл үдерістер эстронның, эстриолдың, катехолестрогендердің, сондай-ақ осы қосылымдардың тым аз эстрогендік белсенділігі бар немесе эстрогендік белсенділігі мүлде жоқ сульфаттық және глюкуронидтік конъюгаттарының түзілуімен қатар жүреді.

Шығарылуы

Көктамырішілік бір дүркін енгізуден кейін сарысудан алынған эстрадиол клиренсі 10-нан 30 мл/мин/кг-ге дейінгі кеңдікте жоғары дәрежелі ауытқымалығымен сипатталады. Эстрадиолдың белгілі бір бөлігі өтпен бөлінеді және ішек-бауырлық қайта айналымға ұшырайды. Эстрадиол метаболиттері, негізінен, сульфаттар мен глюкуронидтер түрінде несеппен шығарылады.

Тепе-тең концентрациясы

Көп дүркін енгізгеннен кейін қан сарысуындағы эстрадиол концентрациясы, дара дозасын енгізгеннен кейінгіден гөрі, шамамен екі есе жоғары. Қан сарысуындағы эстрадиол концентрациясы, орташа алғанда, ең төменгі 15-30 пг/л аралығындағы деңгейден ең жоғары 30-60 пг/л деңгейге дейінгі шекте болады. Эстрадиол концентрациясына қарағанда, эстрон концентрациясы (әлсіздеу эстроген метаболиті) шамамен 8 есе, ал эстрон сульфатының концентрациясы шамамен 150 есе жоғары. ПрогинованыÒ қабылдауды тоқтатқаннан кейін эстрадиол мен эстрон концентрациялары 2-3 тәулік ішінде бастапқы мәндеріне оралады.

Фармакодинамикасы

ПрогинованыңÒ құрамында адам ағзасында табиғи 17b-эстрадиолға айналатын эстроген - эстрадиол валераты бар.

ПрогинованыÒ қабылдау аясында овуляцияның бәсеңдеуі жүрмейді және ағзаның өзінде гормондардың өндірілуі мүлде өзгермейді.

Климакс кезінде аналық бездер ықпалымен эстрадиол сөлінісінің төмендеуі және түпкі нәтижесінде сарқылуы жылу реттелуінің бұзылуына әкелуі мүмкін, ол ысынулар түрінде көрініс беріп, ұйқының бұзылуымен, қатты тершеңдікпен және урогенитальді атрофиямен (қынап шырышының құрғауы, жыныстық байланыс кезіндегі ауырсыну және несептің ұстамауы) сипатталады. Айрықша белгілері аз, бірақ көбіне климактериялық синдроммен сипаттас нышандар кардиалгиялар, жүректің соғуы, ашушаңдық, жүйке қозуының жоғарылауы, жұмыс қабілетінің және зейін шоғырландырудың төмендеуі, ұмытшақтық, либидоның төмендеуі, сондай-ақ буынның және бұлшықеттің ауырулары болып табылады. Орын басушы гормональді ем жүргізгенде эстроген жеткіліксіздігі белгілерінің айқындылығы жеңілдейді.

ПрогиноваÒ препаратының құрамындағымен бірдей эстрогеннің тиісті дозасымен жүргізілетін орын басушы гормональді ем сүйек сіңірілімін кемітіп, постменопаузада сүйек массасынан айрылуды тежейді немесе тоқтатады. Орын басу гормональді емін ұзақ уақыт қолдану менопаузадан кейін әйелдерде шеткергі сүйектердің сыну қаупін азайтуға мүмкіндік беретіні көрсетілген. ОГЕ тоқтатылғанда сүйек массасының кему екпіндері тікелей менопаузадан кейінгі кезеңге тән көрсеткіштермен салыстырмалы. ОГЕ пайдалану климактрия алдындағы деңгейге дейінгі сүйек массасын қалпына келтіруге мүмкіндік беретіні дәлелденбеген.

ОГЕ терідегі коллаген мөлшеріне және тері серпінділігіне де оң әсерін тигізеді, сонымен қатар әжімдердің түзілу үдерісін баяулатады.

ОГЕ липидтік бейінге ықпал етеді. Бұл жалпы холестерин, тығыздығы төмен липопротеиндер холестерині (ТТЛП) деңгейінің төмендеуі түрінде көрініс беріп, тығыздығы жоғары липопротеиндер холестеринінің (ТЖЛП) жоғарылауына, сондай-ақ триглицеридтер деңгейінің артуына апарады. Гестагенді қосу белгілі бір дәрежеде эстрадиолдың метаболикалық әсерін кедергілей алады.

Жатыры алынбаған әйелдерге ПрогинованыÒ қолданғанда әр циклда кемі 10 күн ішінде гестагенді қосымша қабылдау ұсынылады. Бұл эндометрий гиперплазиясының даму қаупін және осы топтағы әйелдерде қатарлас аденокарцинома қатерін азайтады. Прогестагеннің эстрогенге қосылуы мақұлданған көрсетілімдер аясында эстроген тиімділігінің өзгеруіне ықпал етпейді.

Бақылау мақсатындағы зерттеулер және Әйел Денсаулығы Бастамаларының (WHI) зерттеулері конъюгацияланған жылқы эстрогендерін (КЖЭ) медроксипрогестерон ацетатымен қосып пайдаланғанда постменопаузадағы әйелдерде тоқ ішек обыры ауруының көрсеткішін төмендетеді. Конъюгацияланған жылқы эстрогендерін (КЖЭ) пайдаланған кезде қауіптің төмендегені байқалған жоқ. Алайда бұл деректердің басқа ОГЕ препараттарына да қатысты екені белгісіз.

Қолданылуы

- табиғи менопауза немесе стерилизациялау салдарынан эстрогендер тапшылығының нышандары мен белгілерін емдеуге арналған орын басушы гормональді емде (ОГЕ)

- постменопаузалық остеопороздың алдын алуда

Қолдану тәсілі және дозалары

Жатыры алынған әйелдер препаратты қабылдауды кез келген уақытта бастай алады.

Егер емделуші әйелдің жатыры алынбаған болса және етеккір әлі де жалғасып жатса, қандай да бір гестагенмен қосылған ПрогиноваÒ препаратымен емдеудің біріктірілген сызбасын етеккір оралымының алғашқы 5 күнінде бастаған дұрыс.

Аменореясы бар немесе етеккірлері өте сирек емделушілер, сондай-ақ постменопаузадағы әйелдер емделудің біріктірілген сызбасын, жүктіліктің бар-жоғын анықтап алу шартымен, кез келген уақытта бастай алады.

Басқа ОГЕ дәрісінен ауысқанда (циклды немесе бірізді гормональді ем, сондай-ақ үздіксіз біріктірілген ем)

Басқа ОГЕ дәрісінен ауысқанда ПрогиноваÒ препаратымен емделуді бастамас бұрын осы препараттың ағымдағы циклын аяқтау қажет.

Дозалау тәртібі

Күн сайын бір дражеден қабылданады.

Дражені тәуліктің белгілі бір мезгілінде қабылдаған дұрыс.

Дражені, аздаған сұйық мөлшерін іше отырып, бүтіндей қабылдайды.

Әр қаптама 21-күндік қабылдауға есептелген. Әр 21-күндік курстан кейін препаратты қабылдағанда әдетте бір аптаға немесе одан аз уақытқа (циклды ОГЕ) үзіліс жасауға немесе дражені күнделікті қабылдауды жалғастыруға (үзіліссіз ОГЕ) болады. Соңғы жағдайда жаңа қаптамадан драже қабылдауды алдыңғы қаптамадағы драже біткеннен кейін бірден бастайды.

Емдеудің біріктірілген сызбасы

Жатыры алынбаған әйелдерге 10-14 күн бойы әр 4 апта сайын тиісті гестагенді (циклды біріктірілген ОГЕ) немесе эстрогеннің әр дражесімен бірге (үзіліссіз біріктірілген ОГЕ) қосымша қабылдау ұсынылады.

Ұсынылған біріктірілген сызбаға сәйкестікті қамтамасыз ету үшін емделуші әйел ахуалына талапқа сай дәрігерлік бақылау жүргізу қажет.

Өткізіп алған таблеткаларды қабылдау

Егер әйел драже қабылдауды ұмытса, оны таяудағы 12-24 сағат ішінде қабылдауына болады. Егер емдеу одан да ұзақ уақыт үзіліп қалса, қан кету болуы мүмкін.

Емделушілердің ерекше санаттарына арналған қосымша ақпарат

Егде жастағы емделушілер

Егде жастағы емделуші әйелдерде дозаны реттеу қажет емес.

65 жастағы және одан асқан әйелдер үшін «Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз.

Бауыр тарапынан бұзылулары бар емделушілер

Прогинова препараты бауыр қызметінің бұзылулары бар әйелдерде арнайы зерттелген жоқ.

Бүйрек тарапынан бұзылулары бар емделушілер

Прогинова препараты бүйрек қызметінің бұзылулары бар әйелдерде арнайы зерттелген жоқ. Қолжетімді деректерде бұл емделуші әйелдерде дозаны реттеу жорамалданбайды.

Жағымсыз әсерлері

ОГЕ қабылдаумен байланысты күрделі жағымсыз әсерлер де «Айрықша нұсқаулар» бөлімінде тізбеленген.

MedDRA – Реттеу қызметіне арналған медициналық сөздікке сәйкес мүшелер жүйесі кластары бойынша жіктелген ұнамсыз дәрілік реакциялар төменде келтірілген.

Жиі (≥1/100, <1/10)

- дене салмағының азаюы немесе қосылуы

- бас ауырулары

- іштің ауырулары, жүрек айну

- тері қышымасы, тері бөртпесі

- жатырлық/қынаптық қан кетулер, жағынды бөліністерді қоса

Жиі емес (≥1/1000, <1/100)

- асқын сезімталдық реакциялары

- көңіл-күйдің түсуі

- бас айналуы

- көрудің нашарлауы

- жүректің соғуы

- диспепсия

- түйінді эритема, есекжем

- сүт бездеріндегі кернеу және ауыру

- ісінулер

Сирек (<1/1000)

- мазасыздық сезімі, либидоның төмендеуі немесе жоғарылауы

- бас сақинасы

- жанаспа линзалардың жақпауы

- іштің кебуі, құсу

- гирсутизм, акне

- бұлшықеттердің құрысуы

- дисменорея, қынаптық бөліністер, етеккір алдындағы синдромға ұқсас жай-күй, сүт бездерінің үлкеюі

- қажығыштық

Жекелеген жағымсыз реакцияларды сипаттау

- тұқым қуалаған ангионевротикалық ісінуі бар емделушілерде экзогенді эстрогендер осы аурудың белгілеріне түрткі болуы немесе оны өршітуі мүмкін.

Құрамында глицерол 85% болғандықтан диарея болуы мүмкін.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

Төменде тізбеленген жай-күйлердің кез келгені болғанда орын басушы гормональді емді (ОГЕ) бастау ұсынылмайды. Егер осы ахуалдардың қайсыбірі ОГЕ кезінде байқалса, онда препаратты қолдануды дереу тоқтату керек.

- препараттың құрамдас бөліктерінің кез келгеніне асқын сезімталдықта

- жүктілік және лактация кезеңінде

- шығу тегі анық емес қынаптық қан кетуде

- сүт безі обырының расталған немесе жорамалданған диагнозында

- гормонға тәуелді обыр алдындағы аурулардың немесе гормонға тәуелді қатерлі ісіктің расталған немесе жорамалданған диагнозында

- қазіргі уақытта немесе сыртартқыда бауыр ісіктері (қатерсіз немесе қатерлі) болғанда

- ауыр сипатты бауыр ауруларында

- жедел артериялық тромбоэмболияда (мысалы, миокард инфарктісі, инсульт)

- қазіргі уақыттағы немесе сыртартқыдағы терең көктамырлардың жедел тромбозы, тромбоэмболиялық бұзылулар

- көктамырлық және артериялық тромбоздың жоғары даму қаупі

- айқын гипертриглицеридемия

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

- тұқым қуалайтын фруктоза көтере алмаушылық, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

ОГЕ-нің бас кезінде гормональді контрацептивтер қолдануды тоқтату қажет. Қажет болса, емделуші әйелге гормональді емес контрацептивтер ұсынылады.

Бауыр ферменттерін индукциялайтын препараттармен ұзақ емделу (мысалы, кейбір құрысуға қарсы және микробқа қарсы препараттармен) жыныс гормондарының клиренсін ұлғайтып, олардың клиникалық тиімділігін төмендете алады. Осыған ұқсас бауыр ферменттерін индукциялау қасиеті гидантоиндардан, барбитураттардан, примидоннан, карбамазепин мен рифампициннен табылды, осы ерекшеліктің болуы окскарбазепин, топирамат, фелбамат пен гризеофульвинде де жорамалданады. Ферменттердің барынша индукциялануы, әдетте, 2-3 апта өткеннен ерте байқалмайды, бірақ сосын ол препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін, кем дегенде, 4 апта бойы сақталады.

Антибиотиктердің кейбір түрлерін (мысалы, пенициллин және тетрациклин топтарының) қатарлас қабылдау аясындағы сирек жағдайларда эстрадиол деңгейінің төмендеуі байқалды.

Едәуір дәрежеде конъюгацияға ұшырайтын заттар (мысалы, парацетамол) сіңу үдерісінде конъюгация жүйесінің бәсекелі тежелуі нәтижесінде эстрадиол биожетімділігін арттыруы мүмкін.

ОГЕ-нің глюкозаға төзімділікке әсер етуі салдарынан жекелеген жағдайларда ішу арқылы қабылданатын диабетке қарсы дәрілер немесе инсулин қажеттілігі өзгеруі мүмкін.

Алкогольмен өзара әрекеттесуі

ОГЕ кезінде алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну айналымдағы эстрадиол деңгейінің ұлғаюына әкелуі мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Емдеуді бастар алдында әйелді емдеудің жекеше қатері мен пайдасы арақатынасының бағалануымен төменде көрсетілген барлық жай-күйлер мен қауіп факторларын қарастырған дұрыс.

Қарсы көрсетілімдер, сондай-ақ келесі бұзылулар пайда болғанда

ОГЕ дереу тоқтатылу қажет:

- бас сақиналық немесе алғаш білінген әдеттен тыс қатты әрі жиі бас ауыруларының, сондай-ақ цереброваскулярлық окклюзияның басқа хабаршы-белгілері

- жүктілік кезінде немесе алдыңғы жыныстық стероидты гормондармен емделгенде алғаш байқалған холестатикалық сарғаю немесе холестатикалық қышыну қайталанғанда

- тромбоздық бұзылу белгілері немесе олардың пайда болуынан күдіктенгенде.

Денсаулық жағдайы немесе қауіп факторлары өзгергенде (жаңа бұзылулардың білінуі, бұрынғыларының нашарлауы) емді тоқтатудың болжамды қажеттілігін назарға ала отырып, емделуші үшін қатер/пайда арақатынасын қайта бағалау жүргізілгені жөн.

Өзіндегі жоғары қауіп факторлардың әдеттегі жинақталу қатерінен артық болуы мүмкін әйелдерде тромбоздың синергиялық қаупінің жоғарылау ықтималдығын ескеру керек. ОГЕ қатер/артықшылық арақатынасы теріс бағаланған жағдайда тағайындалмайды.

Көктамырлық тромбоэмболия

Бақыланатын эпидемиологиялық және рандомизирленген зерттеулер нәтижелері көктамырлық тромбоэмболияның (КТЭ), мысалы терең көктамырлар тромбозының немесе өкпе артериясы эмболиясының салыстырмалы жоғары даму қаупі барын көрсетеді. Сондықтан, КТЭ қауіп факторлары бар әйелдерге ОГЕ тағайындағанда емдеудің қатері мен пайдасының арақатынасы тиянақты таразыланып, емделуші әйелмен талқылануға тиіс.

Тұтас алғанда, КТЭ дамуының қауіп факторларына жеке және отбасылық сыртартқы (жақын туысқандарының едәуір жас кезінде КТЭ болуы генетикалық бейімділікті көрсетеді) және ауыр сипатты семіру жатады. КТЭ қатері жас ерекшелігімен де жоғарылай түседі. КТЭ дамуында көктамырлардың варикозды кеңеюінің болжамды рөлі жөніндегі мәселе таласты күйде қалады.

КТЭ қатері ұзаққа созылған иммобилизацияда, «ауқымды» жоспарлы және травматологиялық операцияларда немесе аумақты жарақатта уақытша ұлғаюы мүмкін. Иммобилизация себебі мен ұзақтығына қарай ОГЕ-ні уақытша тоқтатудың мақсатқа сай екені жөніндегі мәселені шешіп алған жөн.

Артериялық тромбоэмболия

Конъюгацияланған жылқы эстрогендерін (КЖЭ) және медроксипрогестерон ацетатын (МПА) ұзақ уақыт біріктіріп қолданумен жүргізілген екі клиникалық зерттеу барысында алғашқы жылы қолданғанда коронарлық ауру (КА) қатері артып, әріқарай оң әсері болмауы да мүмкін екені анықталды.

Бір ірі клиникалық зерттеуде тек КЖЭ пайдаланылғанда зерттеудің жиынтық популяциясы ішінде жалпы оң әсер болмаған кезде 50-59 жас аралығындағы әйелдер арасында КА жағдайлар жиілігінің көп азаюы айғақталды. КЖЭ монотерапия түрінде немесе МПА-мен қоса пайдаланылған екі ірі ауқымды клиникалық зерттеуде салдарлы нәтиже ретіндегі инсульттің даму қаупінің 30-40%-ға артқаны анықталды. Алайда бұл жоғары қауіп ОГЕ-ге арналған басқа препараттарға немесе ішу арқылы қабылданбайтын қолдану тәсілдеріне тән бе, ол жағы белгісіз.

Өт қабының аурулары

Эстрогендер өттің литогендігін арттырады. Кейбір әйелдер эстрогендермен емделгенде өт-тас ауруының дамуына бейім.

Деменция

65 жастағы немесе одан асқан әйелдерге алғаш тағайындалған гормональді ем деменцияның ықтималды даму қаупін арттыра алатынын көрсететін шектеулі мәліметтер бар. Сонымен қатар, егер басқа зерттеулерде байқалғандай, емдеу ерте менопаузада басталса, деменцияның даму қаупінің кемуі мүмкін. Бұл деректердің ОГЕ-ге арналған басқа препараттарға қатысының бар-жоғы белгісіз.

Ісіктер

Сүт безінің обыры

Бірнеше жыл бойы ОГЕ пайдаланған әйелдерде сүт безі обырының салыстырмалы даму қаупінің артуы анықталды. Бұл ОГЕ аясында бұрыннан бар ісіктердің ертерек диагностикасымен, өсу жеделдігімен немесе екі фактордың қосылуымен байланысты болуы мүмкін.

Сүт безі обырының даму қаупінің артуына қатысты жорамалдар 50-ден астам эпидемиологиялық зерттеулер нәтижелеріне негізделіп жасалды (қауіп 1-ден 2-ге дейін ауытқиды). Салыстырмалы қауіп жалғасу ұзақтығының ұлғаюымен арта түседі, бірақ тек эстрогендермен емдегенде болмауы немесе төмендеуі мүмкін.

КЖЭ бөлек және үнемі МПА-мен қосып қолданылғанда 0,77-ге (сенім аралығы 95%: 0,59 – 1,01) немесе 1,24-ке (сенім аралығы 95%: 1,01 – 1,54) тең қауіптің есепті көрсеткіштері ОГЕ қолданудың шамамен 6 жылынан кейін алынған. Осы жоғары қауіп ОГЕ-ге арналған басқа препараттарға да тән екені белгісіз.

Бұл өсу жыл сайын табиғи менопаузасының басталуы кідірген әйелдерде, сондай-ақ семіргенде және алкогольді артық мөлшерде тұтынғанда сүт безі обырының пайда болу қаупінің артуына барабар.

Жоғары қауіп ОГЕ тоқтатылғаннан кейін бірнеше жыл ішінде біртіндеп жоғалады.

ОГЕ сүт бездерінің маммографиялық тығыздығын арттырады, бұл кейбір жағдайларда сүт безі обырының рентгенмен анықталуына теріс әсерін тигізуі мүмкін.

Эндометрий обыры

Эстрогендер монотерапиясы ұзаққа созылғанда гиперплазияның немесе эндометрий карциномасының даму қаупі жоғарылайды. Гестагендерді емдік режимге сәйкес қосудың аталған жоғары қауіпті жоятыны жорамалданады.

Аналық бездер обыры

Эпидемиологиялық зерттеулерде 10 жылдан астам эстрогендермен орын басушы гормональді емде жүрген әйелдерде аналық бездер обырының даму қаупінің болымсыз жоғарылағаны анықталды, сонымен қатар 15 зерттеудің мета-талдауында жоғары қатер анықталған жоқ. Сондықтан эстрогендермен орын басушы гормональді емнің аналық бездер обырының дамуына әсер етуі таласты күйде қалады.

Бауыр ісіктері

Ішінара ОГЕ препараттарында болатын гормональді заттарды қолдану аясында сирек жағдайларда қатерсіз, одан да сирегірек – қатерлі бауыр ісіктері байқалды. Жекелеген жағдайларда бұл ісіктер өмірге қатер төндіретін құрсақішілік қан кетулерге әкелді.

Іштің жоғарғы бөлігінде қатты ауырулар, бауырдың ұлғаюы немесе интраабдоминальді қан кету нышандары пайда болған жағдайда дифференциялық диагноз жүргізген кезде бауыр ісігін есепке алу қажет.

Басқа жай-күйлер

ОГЕ мен клиникалық айқын артериялық гипертензияның дамуы арасындағы өзара байланыс тұжырымдалмаған. ОГЕ қабылдайтын әйелдерде артериялық қысымның аздап көтерілуі сипатталған, клиникалық мәні бар жоғарылауы сирек кездеседі. Дегенмен, жекелеген жағдайларда, ОГЕ қабылдау аясында тұрақтанған клиникалық елеулі артериялық гипертензия дамыса, ОГЕ-ді тоқтату мәселесін қарастырған дұрыс.

Бауыр қызметінің ауыр сипатты емес бұзылуларында, соның ішінде гипербилирубинемияның Дубин-Джонсон синдромы немесе Ротор синдромы сияқты алуан түрлерінде дәрігердің мұқият қадағалауы, сонымен қатар бауыр қызметінің мерзімді зерттеулері қажет. Бауыр қызметінің көрсеткіштері нашарлағанда ОГЕ тоқтатылу керек.

Триглицеридтер деңгейі орташа жоғарылаған әйелдерді ерекше қадағалау қажет. Осыған ұқсас жағдайларда ОГЕ қолдану қандағы триглицеридтер деңгейінің әріқарай өсуін туғызып, бұл жедел панкреатит қатерін жоғарылатады.

ОГЕ шеткергі инсулиндік төзімділікке және глюкозаға қолайлылыққа ықпал етсе де, әдетте ОГЕ жүргізген кезде қант диабетімен науқастанғандарды емдеудің сызбасын өзгерту қажеттілігі туындамайды. Соның өзінде, қант диабетінен зардап шегетін әйелдер ОГЕ жүргізілгенде бақылауда болуға тиіс.

Кейбір емделуші әйелдерде ОГЕ-нің әсер етуімен эстрогендермен көтермелену нәтижесінде ұнамсыз көріністердің, мысалы патологиялық жатырлық қан кетудің дамуы ықтимал. Емдеу аясындағы жиі немесе персистирленген патологиялық жатырлық қан кетулер эндометрийді зерттеу көрсетілімі болып саналады.

Эстрогендер ықпалымен жатыр миомасы көлемдерінің ұлғаюы байқалады. Бұл жағдайда емдеу тоқтатылуға тиіс.

ОГЕ аясында эндометриоздың қайталануы дамығанда емдеуді тоқтату ұсынылады.

Пролактиномадан зардап шегетін емделуші әйелдерде, қандағы пролактин деңгейін әлсін-әлсін өлшеу қамтылатын мұқият медициналық тексеру жүргізу қажет.

Кейбір жағдайларда, әсіресе, сыртартқысында жүктілердің хлоазмасы бар әйелдерде хлоазма байқалуы мүмкін. ОГЕ жүргізілген уақытта хлоазманың пайда болуына бейім әйелдер күн астында ұзақ аялдаудан немесе ультракүлгінді сәулеленуден аулақ болуға тиіс.

Келесі жай-күйлер ОГЕ аясында пайда болуы немесе ушығуы мүмкін. Олардың ОГЕ-мен өзара байланысы дәлелденбесе де, осындай ахуалдары бар әйелдер ОГЕ жүргізілгенде дәрігердің мұқият қадағалауында болуға тиіс:

- эпилепсия

- сүт безінің қатерлі ісігі

- бронх демікпесі

- бас сақинасы

- порфирия

- отосклероз

- жүйелі қызыл жегі

- кіші хорея.

Тұқым қуалаған ангионевротикалық ісінуі бар әйелдерде экзогенді эстрогендер осы аурудың белгілеріне түрткі болуы немесе оларды өршітуі мүмкін.

Медициналық тексеру және кеңес беру

Препаратты қабылдауды бастау немесе жаңғырту алдында емделуші әйелдің медициналық сыртартқысымен толық танысып, қарсы көрсетілімдер мен айрықша нұсқауларды ескере отырып, дене-бойын мұқият тексеріп шығу керек. Прогинованы қабылдау кезінде тексерулерді әлсін-әлсін қайталаған дұрыс. Мұндай тексерулердің жиілігі мен сипаты белгіленген тәжірибелік ұсынымдарға негізделген және әр әйел үшін жекеше тәртіпте анықталады, бірақ, тұтас алғанда, артериялық қысымды, сүт бездерінің жай-күйін, құрсақ қуысы мен кіші жамбас астауы мүшелерін зерттеуді, соның ішінде цервикальді шырышты цитологиялық зерттеуді қамту керек.

Зертханалық зерттеулер нәтижелеріне әсері

Жыныс стероидтарын қабылдау бауыр, қалқанша безі, бүйрек үсті бездері мен бүйрек қызметінің биохимиялық көрсеткіштеріне, кортикостероидтарды байланыстыратын глобулин және липид/липопротеин фракциялары сияқты плазмадағы тасымал ақуыздарының мөлшеріне, көмірсу алмасу, коагуляция және фибринолиз көрсеткіштеріне әсер ете алады.

Педиатрияда қолданылуы

Прогиновапрепараты балалар мен жасөспірімдерде қолдану үшін көрсетілмеген.

Жүктілік және лактация кезеңі

Прогинова жүктілік кезінде және лактация кезеңінде тағайындалмауға тиіс.

Жүктіліктен күдіктенгенде, жүктіліктің бар-жоғы анықталғанша, дражені қабылдауды тоқтата тұру керек.

Жыныс гормондарының аздаған мөлшері емшек сүтімен шығарылады.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Байқалған жоқ.

Артық дозалануы

Препаратты тәуліктік емдік дозадан көп дүркін асып кететін мөлшерде кездейсоқ қабылдағанда болатын күрделі жедел жағымсыз әсерлер қаупі анықталмаған.

Шығарылу түрі және қаптамасы

21 дражеден поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған. 1 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салады.

Сақтау шарттары

250С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Дельфарм Лилль С.А.С., Франция

Rue de Toufflers, F-59390 Lys Lez Lannoy, France

Тіркеу куәлігінің иесі

Байер Фарма АГ, Берлин, Германия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Байер КАЗ» ЖШС

Тимирязев көшесі, 42, «Экспо-Сити» бизнес орталығы, 15 павильон

050057, Алматы, Қазақстан Республикасы

тел.: +7 727 258 80 40, факс: +7 727 258 80 39

е-mail: kz.claims@bayer.com

 

 

12

 

Прикрепленные файлы

401365571477976933_ru.doc 100.5 кб
218365081477978110_kz.doc 150 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники