Прегабио® (100 мг)

МНН: Прегабалин
Производитель: КРКА, д.д., Ново Место
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Pregabalin
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№022700
Информация о регистрации в РК: 30.11.2021 - 30.11.2031

Инструкция

Саудалық атауы

Прегабио®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Прегабалин

Дәрілік түрі

75 мг, 100 мг, 150 мг, 300 мг капсулалар

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді зат - 75 мг, 100 мг, 150 мг, 300 мг прегабалин,

қосымша заттар: желатинделген крахмал*, тальк,

капсула қабығының құрамы:

75 мг дозасы үшін: титанның қостотығы (Е171), темірдің сары тотығы (Е172), желатин, қара баспалық сия

100 мг дозасы үшін: титанның қостотығы (Е171), темірдің қызыл тотығы (Е172), желатин, ақ баспалық сия

150 мг дозасы үшін: титанның қостотығы (Е171), темірдің сары тотығы (Е172), темірдің қызыл тотығы (Е172), желатин, қара баспалық сия

300 мг дозасы үшін: титанның қостотығы (Е171), темірдің қызыл тотығы (Е172), темірдің сары тотығы (Е172), темірдің қара тотығы (Е172), желатин, ақ баспалық сия

баспалық қара сияның құрамы: шеллак (Е904), темірдің қара тотығы (Е172), пропиленгликоль (Е1520),

баспалық ақ сияның құрамы: шеллак (Е904), пропиленгликоль (Е1520), калий гидроксиді (Е525), титанның қостотығы (Е171)

* жүгері крахмалынан алынады

Сипаттамасы

Өлшемі №4, корпусы және қоңырқай-сарғыш түсті қақпағы бар, капсуланың қақпағында қара түсті баспалық сиямен жазылған «Р75» таңбасы бар қатты желатинді капсулалар (75 мг дозасы үшін).

Өлшемі №3, корпусы және қызғылт-қоңыр түсті қақпағы бар, капсуланың қақпағында ақ түсті баспалық сиямен жазылған «Р100» таңбасы бар қатты желатинді капсулалар (100 мг дозасы үшін).

Өлшемі №2, корпусы ақ және сарғыш-қоңыр түсті қақпағы бар, капсуланың қақпағында қара түсті баспалық сиямен жазылған «Р150» таңбасы бар қатты желатинді капсулалар (150 мг дозасы үшін).

Өлшемі №0, корпусы ақ және қарақошқыл түсті қақпағы бар, капсуланың қақпағында ақ түсті баспалық сиямен жазылған «Р300» таңбасы бар қатты желатинді капсулалар (300 мг дозасы үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Эпилепсияға қарсы басқа да препараттар. Прегабалин.

АТХ коды N03AX16

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Прегабалиннің фармакокинетикалық көрсеткіштері дені сау еріктілерде, эпилепсиясы бар, эпилепсияға қарсы препараттарды қабылдап жүрген пациенттерде және созылмалы ауырулары бар пациенттерде ұқсас болды.

Сіңірілуі Прегабалин ашқарынға қабылдағанда тез сіңеді және қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына бір рет және көп рет қолданғанда 1 сағаттың ішінде жетеді. Прегабалиннің ішке қабылдағандағы есептелген биожетімділігі ≥90% құрайды және дозасына тәуелді емес. Көп рет қолданудан кейін тепе-теңдік күйіне 24-48 сағатта жетеді.

Прегабалиннің сіңу жылдамдығы тамақпен бір мезгілде қабылдағанда төмендейді, соның нәтижесінде Сmax шамамен 25-30%-ға төмендейді және Тmax шамамен 2,5 сағатқа төмендейді. Алайда, прегабалинді тамақпен бірге қолдану оның сіңірілу дәрежесіне клиникалық тұрғыдан елеулі әсер еткен жоқ.

Таралуы Прегабалиннің ішке қабылдағаннан кейінгі болжалды таралу көлемі шамамен 0,56 л/кг құрайды. Препарат қан плазмасы ақуыздарымен байланыспайды.

Метаболизмі Прегабалин адамда елеусіз метаболизмге ұшырайды. Прегабалиннің радиоактивті таңбаланған дозасын енгізгеннен кейін 98%-ға жуық радиоактивті зат прегабалин өзгермеген күйде несеппен шығарылды. Прегабалиннің N метилденген дериваты (прегабалиннің несепте анықталатын негізгі метаболиті) енгізілген дозаның 0,9 %-ын құрады. Клиникаға дейінгі зерттеулер барысында прегабалиннің S-энантиомерінің R-энантиомерге рацемизациясы жүзеге асқан жоқ.

Шығарылуы Прегабалин  жүйелі қан ағымынан өзгеріссіз күйде  көбінесе бүйрекпен шығарылады. Прегабалиннің жартылай шығарылуының орташа кезеңі  6,3 сағатты құрайды. Прегабалиннің плазмалық және бүйректік клиренсі креатинин клиренсіне тікелей пропорционалды. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге және гемодиализдегі пациенттерге препараттың дозасын түзету қажет.

Дозаға тәуелділігі/тәуелсіздігі

Прегабалиннің фармакокинетикасы ұсынылған бүкіл дозалар аралығы үшін дозаға тәуелді болып табылады. Прегабалиннің пациенттер арасындағы фармакокинетикалық ауытқымалылығы төмен (< 20 %). Көп реттік дозаларының фармакокинетикасы оны бір рет енгізген дозасынан алынған деректер негізінде болжанады. Сондықтан прегабалиннің қан плазмасындағы концентрациясына тұрақты бақылау жүргізудің қажеттігі жоқ.

Жыныс Клиникалық зерттеулердің нәтижелері прегабалиннің қан плазмасындағы концентрациясына жыныстың клиникалық тұрғыдан елеулі әсері жоқ екенін көрсетеді.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Прегабалиннің клиренсі креатинин клиренсіне тікелей пропорционалды. Бұдан өзге, прегабалин гемодиализ кезінде (4 сағат гемодиализден кейін прегабалиннің қан плазмасындағы концентрациясы шамамен 50%-ға азаяды) қан плазмасынан тиімді шығарылады. Препараттың шығарылуының негізгі жолы бүйрекпен шығарылу болып табылатындықтан, бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде дозасын азайту, ал гемодиализден кейін қосымша дозаны қабылдау қажет.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр функциясы бұзылған пациенттердің қатысуымен фармакокинетикасына арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ. Прегабалин айтарлықтай метаболизмге ұшырамайтын және несеппен негізінен өзгермеген күйде шығарылатын болғандықтан, бауыр функциясының бұзылуы прегабалиннің қан плазмасындағы концентрациясына айтарлықтай әсер ету ықтималдығы аз.

Балалар

Прегабалиннің фармакокинетикасы эпилепсиясы бар бала жастағы пациенттерде (жас топтары: 1 айдан 23 айға дейін, 2 жастан 6 жасқа дейін, 7 жастан 11 жасқа дейін және 12 жастан 16 жасқа дейін) препараттың фармакокинетикасы мен көтерімділігін зерттеуде тәулігіне 2,5; 5; 10 және 15 мг/кг дозаларда бағаланды.

Прегабалинді бала жастағы пациенттер аш қарынға ішу арқылы қабылдағаннан кейін, жалпы алғанда, қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясына жету уақыты барлық жас топтарында үшін бірдей болды және қабылдағаннан кейін 0,5-тен 2 сағатқа дейінді құрады.

Дозасын арттырған кезде Cmax және AUC көрсеткіштері әр жас тобында дозаға тәуелді түрде артып отырды. Дене салмағы 30 кг дейінгі бала жастағы пациенттерде AUC мәні дене салмағы ≥ 30 кг пациенттермен салыстырғанда 30% аз болды, бұл пациенттерде дене салмағының ұлғаюы салдарынан түзетілген клиренсі 43% құрады.

Прегабалиннің жартылай шығарылуының соңғы кезеңі 6 жасқа дейінгі балаларда орта есеппен 3-4 сағатқа жуық, ал 7 жастағы және одан үлкен балаларда 4-6 сағатты құрады.

Популяциялық фармакокинетикалық талдау, креатинин клиренсі ішу арқылы қабылданатын прегабалин клиренсінің елеулі ковариаты болғанын, дене салмағы прегабалинді ішу арқылы қабылдаған кезде болжалды таралу көлемінің елеулі ковариаты болғанын, және бұл өзара байланыс балаларда және ересек пациенттерде ұқсас болғанын көрсетті.

Прегабалиннің 3 айға толмаған пациенттердегі фармакокинетикасы зерттелген жоқ.

Егде жастағы пациенттер (65 жастан асқан)

Прегабалин клиренсі жас ұлғайған сайын төмендеуге бейім болады. Прегабалин клиренсінің ішке қабылдағанда төмендеуі жас ұлғаюына байланысты креатинин клиренсінің төмендеуімен үйлеседі. Бүйрек функциясының жасына байланысты бұзылуы бар пациенттерде прегабалиннің дозасын төмендету қажет болуы мүмкін.

Бала емізетін аналар

Прегабалиннің  әр 12 сағат сайын тағайындалған 150 мг дозадағы (тәуліктік дозасы 300 мг) фармакокинетикасы  босанғанына кемінде 12 апта өткен бала емізіп жүрген 10 әйелде бағаланды. Лактация прегабалиннің фармакокинетикасына іс жүзінде ешқандай әсер еткен жоқ. Прегабалин емшек сүтімен тепе-теңдік күйде анасының плазмасындағының орта есеппен 76% шамасындағы концентрацияларымен шығарылды.

Тәулігіне 300 мг немесе тәулігіне 600 мг ең жоғары дозаны алатын әйелдердің емшек сүтінен есептелген балалар дозасы (сүттің орташа тұтынылуы күніне 150 мл/кг болған жағдайда) сәйкесінше тәулігіне 0,31 немесе 0,62 мг/кг құрайды. Бұл есептелген дозалар анасы үшін мг/кг дене салмағына есептелген жалпы тәуліктік дозасының шамамен 7 %-ын құрайды.

Фармакодинамикасы

Әсер етуші заты – прегабалин гамма-аминмай қышқылының ((S)-3-(аминометил)-5-метилгексан қышқылы) аналогы  болып табылады.

Әсер ету механизмі

Прегабалин орталық жүйке жүйесіндегі потенциал-тәуелді кальций өзекшелерінің  қосымша субъбірлігімен (α2-δ-ақуыз) байланысады.

Клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігі

Нейропатиялық ауыру

Прегабалин диабеттік невропатияны, герпестен кейінгі невралгияны және жұлынның зақымдануын емдеуде тиімділік көрсететіні анықталған. Невропатиялық ауырудың басқа түрлеріндегі тиімділігі зерттелмеген.

Тәулігіне екі рет және үш рет дозалау режимдеріндегі қауіпсіздік пен тиімділік бейіндері (тәулігіне екі рет дозалау режимімен 13 аптаға дейін және тәулігіне үш рет дозалау режимімен 8 аптаға дейін созылған 10 клиникалық бақыланатын зерттеулерде) ұқсас болды.

12 аптаға дейін созылған клиникалық зерттеу барысында препаратты шеткері және орталық жүйке жүйесі зақымданған кездегі невропатиялық ауыруға қарсы қолданғанда ауырудың бәсеңдеуі бірінші аптада байқалды және бүкіл емдеу кезеңінде сақталды.

Шеткері невропатиялық ауыруды зерттеу жөніндегі клиникалық бақыланатын зерттеулер барысында прегабалинмен ем қабылдаған 35% пациенттерде, және плацебо тобынан 18% пациенттерде ауыруды бағалау шкаласы бойынша 50% жақсарғаны байқалды. Ұйқышылдыққа ұшырамаған пациенттер арасында осындай жақсару прегабалинмен ем қабылдаған 33% пациенттерде және плацебо тобынан – 18% пациенттерде байқалды. Ұйқышылдық пайда болған пациенттер арасында емдеуге жауап берген пациенттер саны прегабалин тобында 48% және плацебо тобында16% құрады.

Орталық шығу тегіндегі невропатиялық ауыруды зерттеу жөніндегі клиникалық бақыланатын зерттеулер барысында прегабалинмен ем қабылдаған 22% пациенттерде, және плацебо тобынан 7% пациенттерде ауыруды бағалау шкаласы бойынша 50% жақсарғаны байқалды. 

Эпилепсия

Қосымша ем.

Прегабалин дозалау режимі тәулігіне екі немесе үш реттік 12 аптаға созылған 3 клиникалық бақыланатын зерттеулер барысында зерттелді. Жалпы алғанда қауіпсіздік пен тиімділік бейіндері тәулігіне екі немесе үш рет дозалау режимдерінде ұқсас болды.

Құрысу ұстамалары жиілігінің төмендеуі бірінші аптада байқалды.

Балалар

Прегабалиннің 12 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердегі эпилепсияны қосымша емдеу ретіндегі тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған. 3 айдан 16 жасқа дейінгі (n=65) пациенттерді қамтыған препараттың фармакокинетикасы мен көтерімділігін зерттеуде байқалған жағымсыз құбылыстар ересектерде байқалғандарына ұқсас болды. Эпилепсиясы бар 3 айдан 16 жасқа дейінгі 54 балада қауіпсіздікті бір жылдық ашық қосымша зерттеу нәтижелері пирексияның және жоғарғы тыныс жолдары инфекциясының жағымсыз құбылыстары ересек пациенттердегі зерттеулерге қарағанда жиірек байқалғанын көрсетеді.

Монотерапия (алғаш рет диагностикаланған ауруы бар пациенттер үшін).

Прегабалин тәулігіне екі рет дозалау режимімен 56 аптаға созылған 1 бақыланатын клиникалық зерттеулер барысында зерттелді. Прегабалин 6 айдан кейін ақырғы нүктені – құрысу ұстамаларының жоқтығын бағалау негізінде ламотриджинмен салыстырғанда тиімдірек болған жоқ. Прегабалин мен ламотриджиннің қауіпсіздігі бірдей және көтерімділігі жақсы болды.

Жайылған үрейлі бұзылыс

Прегабалин 4-6 аптаға созылған 6 бақыланатын зерттеулер барысында, егде жастағы пациенттер қатысқан 8 аптаға созылған бір зерттеу барысында және 6 айлық қосарланған жасырын фазада қайталану профилактикасын бір ұзақ зерттеудің барысында зерттелді.

Жайылған үрейлі бұзылыс симптомдарының үрейді бағалауға арналған Гамильтон шкаласына сәйкес (HAM-A) жеңілдеуі бірінші аптада байқалды.

Бақыланатын клиникалық зерттеулер барысында (4-8 аптаға созылған) прегабалинмен ем қабылдаған 52% пациенттерде, және плацебо тобынан 38% пациенттерде HAM-A жалпы көрсеткішінің бастапқы деңгейден ақырғы нүктеге дейін 50%-дан кем емес жақсаруы байқалды.

Бақыланатын зерттеулерде, прегабалин қабылдаған пациенттердің жоғарырақ үлесінде, плацебо алған пациенттерге қарағанда көрудің бұлыңғырлығының дамығаны хабарланды, ол препаратты қабылдауды жалғастырған кезде көп жағдайларда жойылды. Офтальмологиялық тексеру (оның ішінде көру өткірлігін тексеру, көру өрісін формальді тексеру және қарашық кеңейген кездегі көздің түбін зерттеу) бақыланатын клиникалық зерттеулер барысында 3600-ден астам пациенттерде жүргізілді. Бұл пациенттердің арасында көру өткірлігі прегабалинмен ем қабылдаған 6,5% пациенттерде және плацебо тобынан 4,8% пациенттерде төмендеді. Көру өрісінің өзгерістері прегабалинмен ем қабылдаған 12,4% пациенттерде және плацебо тобынан 11,7% пациенттерде анықталды. Көз түбіндегі өзгерістер прегабалинмен ем қабылдаған 1,7% пациенттерде және плацебо тобынан 2,1% пациенттерде анықталды.

 

Қолданылуы

- Прегабио® ересектердегі шеткері және орталық нейропатиялық ауыруды емдеуге - Прегабио® салдарлы жайылумен немесе онсыз жүретін парциальді құрысулары бар ересектерде қосымша ем ретінде

- Прегабио® ересектердегі жайылған үрейлі бұзылысты (ЖҮБ) емдеуге қолданылады.

Қолдану тәсілі және дозалары

Дозалануы

Препаратты ішке тәулігіне 2 немесе 3 қабылданатын 150-600 мг дозада тағайындайды.

Нейропатиялық ауыру

Прегабалиннің бастапқы дозасы 2 немесе 3 қабылдауға бөлінген тәулігіне 150 мг құрайды. Пациенттің жекелей реакциясына және препараттың жағымдылығына байланысты, 3-7 күннен кейін дозаны тәулігіне 300 мг-ге дейін, ал қажет болса, тағы 7 күннен кейін ең жоғары доза 600 мг-ге дейін арттыруға болады.

Эпилепсия

Прегабалиннің бастапқы дозасы 2 немесе 3 қабылдауға бөлінген тәулігіне 150 мг құрайды. Пациенттің жекелей реакциясына және препараттың жағымдылығына байланысты, 1 аптадан кейін дозаны тәулігіне 300 мг-ге дейін арттыруға болады. Тағы 1 аптадан кейін ең жоғары доза 600 мг-ге дейін арттыруға болады.

Жайылған үрейлі бұзылыс

Тәуліктік доза 2 немесе 3 рет қабылдауға бөлінген 150-ден 600 мг-ге дейін ауытқиды. Прегабалинмен емдеу қажеттілігі үнемі қайта қаралып отыру керек. Прегабалинмен емдеуді тәулігіне 150 мг дозадан бастауға болады. Пациенттің жекелей жауабына және препараттың жағымдылығына қарай, емдеудің 1-ші аптасынан кейін дозаны тәулігіне 300 мг-ге дейін арттыруға болады. Емдеудің келесі аптасының ішінде доза тәулігіне 450 мг-ге дейін арттырылуы мүмкін. Тағы бір аптадан кейін дозаны тәулігіне 600 мг-ге дейін ең жоғары дозаға арттыруға болады.

Прегабалинді тоқтату

Қазіргі клиникалық практикаға сәйкес, прегабалинді тоқтату қажет болса, препаратты қабылдауды көрсетіліміне байланыссыз, 1 аптадан аз емес уақыт бойы біртіндеп тоқтату керек.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Прегабалин жүйелі айналымынан негізінен өзгеріссіз күйде бүйрекпен шығарылады. Прегабалиннің клиренсі креатинин клиренсіне тікелей пропорционалды болғандықтан, бүйрек функциясының бұзылуы бар  пациенттерде дозасын төмендету креатинин клиренсін (КК) ескеріп, 1-Кестеде көрсетілгендей жекелей тәртіппен жүзеге асырылуы, және келесі формула бойынша анықталуы тиіс:

1,23 x [140 -жас (жыл)] x дене салмағы

КК(мл/мин) = [--------------------------------------------------------------------] 0,85 әйелдер үшін)

сарысудағы креатинин деңгейі (мкмоль/л)

Прегабалин плазмадан гемодиализ көмегімен тиімді шығарылады (50% препарат 4 сағат ішінде). Гемодиализ жүргізілген пациенттерде прегабалиннің тәуліктік дозасы бүйрек функциясын ескере отырып арттырылуы тиіс. Тәуліктік дозаға қосымша әрбір 4 сағаттық гемодиализ ем-шарасынан кейін дереу препараттың қосымша дозасы қабылдануы тиіс (1-Кестені қараңыз).

1-Кесте. Бүйректің функционалдық жай-күйін ескеріп, прегабалиннің дозасын түзету

Креатинин клиренсі (КК) (мл/мин)

Прегабалиннің қосынды тәуліктік дозасы *

Дозалау режимі

Бастапқы доза, мг/тәу

Ең жоғары доза, мг/тәу

≥60

150

600

BID немесе TID

≥30 -<60

75

300

BID немесе TID

≥15 -<30

25 – 50

150

Тәулігіне 1 рет немесе BID

< 15

25

75

1 раз в сутки

Гемодиализден кейінгі қосымша тәуліктік доза, мг

25

100

Бір реттік доза+

TID = тәулігіне үш рет

BID = тәулігіне екі рет

*Қосынды тәуліктік дозаны (мг/тәу), дозалау режимінде көрсетілгендей, дозаға сәйкес миллиграмдар мөлшерін алу үшін қабылдаулар санына бөлу қажет.

+Қосымша доза бір реттік қосымша доза болып табылады.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде дозаны түзету қажет емес.

Балалар

Прегабалиннің 12  жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдердегі (12-17 жас) қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Қазіргі уақытта қолда бар деерктер «Жағымсыз әсерлері», «Фармакодинамикасы» және «Фармакокинетикасы», бөлімдерінде сипатталған, бірақ дозалау жөнінде ешқандай ұсынымдар беру мүмкін емес.

Егде жастағы (65 жастан асқан) пациенттерде қолдану

Егде жастағы пациенттерге бүйрек функциясының төмендеуіне байланысты прегабалиннің дозасын төмендету қажет болуы мүмкін Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер» дегенді қараңыз)

Қолдану тәсілі

Прегабионы® тамақ ішуге байланыссыз қолдануға болады.

Прегабио® препараты тек қана ішке қабылдауға арналған

Жағымсыз әсерлері

Прегабалинді зерттеу жөніндегі клиникалық бағдарламаға прегабалин қабылдаған 8900-дан астам пациент қатысты, олардың ішінен 5600 пациент салыстырмалы жасырын плацебо-бақыланатын зерттеулерге қатысты. Бас айналу және ұйқышылдық сияқты жағымсыз әсерлер жиі байқалды. Жағымсыз реакциялар әдетте жеңіл және орташа болдыБарлық бақыланатын зерттеулерде жағымсыз реакциялардың салдарынан препаратты тоқтату көрсеткіші прегабалин алған пациенттер арасында 12% және плацебо алған пациенттер арасында 5% құрады. Прегабалин қолдану тобынан шығып қалуға әкелген ең жиі жағымсыз реакциялар бас айналу және ұйқышылдық болды.

Төменде плацебоны қолдануға қарағанда жиірек және бір пациенттен асатындай туындаған барлық жағымсыз реакциялар келтірілген; бұл жағымсыз реакциялар кластары және жиілігі бойынша ұсынылған (өте жиі (≥ 1/10); жиі (≥ 1/100 - <1/10 дейін); жиі емес (≥ 1/1000 - <1/100 дейін); сирек ( ≥1/10000 - <1/1000 дейін); өте сирек (<1/10000), жиілігі белгісіз (қолда бар деректер бойынша бағалау мүмкін емес). Әрбір топта туындау жиілігі бойынша жағымсыз реакциялар ауырлық дәрежесінің кему ретімен берілген.

Атап көрсетілген жағымсыз реакциялар негізгі аурудың ағымына және/немесе басқа дәрілік заттарды қатар қолдануға да байланысты болуы мүмкін.

Жұлынның зақымдануы салдарынан шығу тегі орталықтық невропатиялық ауыруды емдеген кезде жалпы жағымсыз реакциялардың, орталық жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялардың және әсіресе ұйқышылдықтың туындау жиілігі жоғары болды Айрықша нұсқаулар») бөлімін қараңыз. Препарат нарыққа шыққаннан кейін хабарланған қосымша жағымсыз реакциялар төменде келтірілген тізімде курсивпен қосылған.

Инфекциялар және инвазиялар

жиі: назофарингит

Қан өндіру жүйесі және лимфа жүйесі тарапынан бұзылыстар

жиі емес: нейтропения

Иммундық жүйе тарапынан бұзылыстар

жиі емес: жоғары сезімталдық

сирек: ангионевроздық ісіну, аллергиялық реакциялар

Метаболизм және тамақтану тарапынан бұзылыстар

жиі: тәбеттің күшеюі

жиі емес: анорексия, гипогликемия

Психикалық бұзылыстар

жиі: эйфория, сананың шатасуы, ашушаңдық, бағдардан адасу, ұйқысыздық, либидоның төмендеуі

жиі емес: елестеулер, үрейлі шабуылдар, мазасыздық, қозу, депрессия, нашар көңіл-күй, көтеріңкі көңіл-күй, озбырлық, көңіл-күйдің өзгеруі, өзін-өзі танымау, сөз таңдауда қиналу, әдеттен тыс түстер көру, либидоның жоғарылауы, аноргазмия, апатия

сирек: ширақтық

Жүйке жүйесінің тарапынан бұзылыстар

өте жиі: бас айналу, ұйқышылдық, бас ауыруы

жиі: атаксия, қимыл үйлесімінің бұзылуы, тремор, дизартрия, амнезия, жадының нашарлауы, зейіннің бұзылуы, парестезиялар, гипестезия, седация, тепе-теңдіктің бұзылуы, летаргия, мәңгіру

жиі емес: синкопе, мелшию, миоклонус, естен айырылу, психомоторлық аса жоғары белсенділік, дискинезия, постуральді бас айналу, интенциондық тремор, нистагм, танымдық қабілеттің бұзылуы, ақыл-ой әрекетінің төмендеуі, сөйлеудің бұзылуы, гипорефлексия, гиперестезия, күйдіру сезімі, агевзия (дәм сезудің жоғалуы), жалпы дімкәстік сезімі

сирек: құрысулар, гипокинезия, паросмия, дисграфия

Көру мүшелері тарапынан бұзылыстар

жиі: көрудің бұлыңғырлығы, диплопия

жиі емес: шеткері көруді жоғалту, көрудің бұзылуы, көздің ісуі, көру аймағының ақауы, көз өткірлігінің кемуі, көдің ауырулары, астенопия, фотопсия, көздің құрғауы, көзден жас ағудың артуы, көздің тітіркенуі

сирек: көрмей қалу, кератит, осцилопсия, көру арқылы қабылдау тереңдігінің өзгеруі, мидриаз, страбизм (қылилық), көрудің жарықтығы

Есту мүшелері тепе-теңдік тарапынан бұзылыстар

жиі: вертиго

жиі емес: гиперакузия

Жүрек тарапынан бұзылыстар

жиі емес: тахикардия, I дәрежедегі атриовентрикулярлы блокада, синустық брадикардия, іркілген жүрек жеткіліксіздігі

сирек: QT аралығының ұзаруы, синустық тахикардия, синустық аритмия

Тамырлар тарапынан бұзылыстар

жиі емес: артериялық гипотензия, артериялық гипертензия, қан кернеулері, гиперемия, аяқ-қолдың мұздауы

Тыныс алу жүйесі, көкірек және кеуде қуысы ағзалары тарапынан бұзылыстар

жиі емес: ентігу, мұрыннан қан кету, жөтел, мұрынның бітелуі, ринит, қорыл, мұрынның құрғауы

сирек: өкпенің ісінуі, тамақтағы қысылу сезімі

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылыстар

Жиі: құсу, жүрек айну, іш қату, диарея, метеоризм, іштің кебуі, ауыздың құрғауы

жиі емес: гастроэзофагеальді рефлюкс, гиперсаливация, оральді гипестезия

сирек: асцит, панкреатит, тілдің ісуі, дисфагия

Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылыстар

жиі емес: папулездік бөртпе, есекжем, қатты тершеңдік, қышыну

сирек: Стивенс-Джонсон синдромы, суық тер

Қаңқа-бұлшық ет және дәнекер тіні тарапынан бұзылыстар

жиі: бұлшық ет түйілуі, артралгия, арқаның ауыруы, аяқ-қолдардың ауыруы, мойын бұлшық етінің түйілуі

жиі емес: буындардың ісінуі, миалгия, бұлшық ет құрысулары, мойын аймағының ауыруы, бұлшық еттердің сіресуі

сирек: рабдомиолиз

Бүйрек және несеп шығару жлдары тарапынан бұзылыстар

жиі емес: несепті ұстай алмау, дизурия

сирек: бүйрек жеткіліксіздігі, олигурия, несеп іркілісі

Жыныс мүшелері және сүт бездері тарапынан бұзылыстар

жиі: эректильді дисфункция

жиі емес: сексуальді дисфункция, эякуляцияның іркілісі, дисменорея, сүт бездерінің ауырғыштығы

сирек: аменорея, сүт бездерінен бөліністер, сүт бездерінің гипертрофиясы, гинекомастия

Жалпы бұзылыстар және енгізу орнындағы бұзылыстар

жиі: шеткері ісінулер, ісінулер, жүріс-тұрыстың бұзылуы, құлау, масаю сезімі, қалыптан тыс жай-күйді сезіну, қатты шаршағыштық

жиі емес: жайылған ісінулер, беттің ісінуі, кеуде қуысындағы қысылу сезімі, ауыру, пирексия, шөлдеу, қалтырау, астения

Зертханалық зерттеулер нәтижесіне ықпалы

жиі: дене салмағының артуы

жиі емес: қан плазмасындағы креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы, аланин аминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, аспартатаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауы, тромбоциттер санының азаюы, қандағы креатинин деңгейінің жоғарылауы, қандағы калий концентрациясының төмендеуі, дене салмағының азаюы

сирек: қандағы лейкоциттер санының азаюы

Прегабалинді қысқа және ұзақ мерзімді қолдануды тоқтатқаннан кейін кейбір пациенттерде тоқтату симптомдары байқалды. Мынадай құбылыстар туралы хабарланды:   ұйқысыздық, бас ауыруы, жүрек айнуы, үрейлену, диарея, тұмау тәрізді синдром, күйгелектік, депрессия, ауыру, құрысулар, гипергидроз және бас айналуы байқалды, бұлар физикалық тәуелділікті көрсетеді. Бұл туралы пациентке емдеудің басында хабарлап айту керек.

Прегабалинмен емдеу барысында немесе оны қолдануды тоқтатқаннан кейін көп ұзамай құрысулар, атап айтқанда эпилепсиялық статус пен ауқымды құрысу ұстамалары туындауы мүмкін.

Деректер прегабалинмен ұзақ уақыт емдеуді тоқтатқан жағдайда тоқтату симптомдарының туындау жиілігі мен ауырлығы препараттың дозасына тәуелді болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Балалар

Екі педиатриялық зерттеулерде (препараттың фармакокинетикасын және көтерімділігін зерттеулер, n=65; қауіпсіздікті бір жылдық ашық қосымша зерттеу, n=54) бақыланған прегабалиннің қауіпсіздік бейіні ересек пациенттердегі зерттеулерде байқалғанына ұқсас болды.

Күмәнді жағымсыз реакциялар туралы есеп беру

Дәрілік затты тіркеуден кейін болжанған жағымсыз реакциялар туралы хабарлаудың маңызы зор. Есеп беру дәрілік заттың пайдасы мен қаупінің арақатынасына мониторинг жүргізуді жалғастыруға мүмкіндік береді.

Медицина қызметкерлерінен кез келген болжалды жағымсыз реакциялар туралы ұлттық есеп беру жүйесі арқылы хабарлау сұралады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препараттың белсенді затына немесе қосымша заттарының кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

- 18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдер

- жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Прегабалин көбінесе өзгеріссіз күйде несеппен шығарылатындықтан, адам организмінде елеусіз метаболизмге ұшырайды (дозасының <2 %-дан азы несеппен метаболиттер түрінде шығарылады), басқа препараттардың метаболизмін in vitro тежемейді және қан плазмасы ақуыздарымен байланыспайды, ендеше прегабалиннің фармакокинетикалық өзара әрекеттесуге түсу немесе осындай өзара әрекеттесудің объектісі болу ықтималдығы аз.

In vivo зерттеулер және популяциялық фармакокинетикалық талдау

Осыған сәйкес, in vivo зерттеулерде прегабалиннің фенитоинмен, карбамазепинмен, вальпрой қышқылымен, ламотриджинмен, габапентинмен, лоразепаммен, оксикодонмен немесе этанолмен клиникалық тұрғыдан маңызды фармакокинетикалық өзара әрекеттесулері байқалған жоқ. Популяциялық фармакокинетикалық талдау диабетке қарсы ішілетін дәрілер, диуретиктер, инсулин, фенобарбитал, тиагабин және топирамат прегабалин клиренсіне клиникалық тұрғыдан маңызды ықпал етпейтінін көрсетті.

Ішуге арналған контрацептивтер, норэтистерон және/немесе этинилэстрадиол

Прегабалинді ішуге арналған норэтистеронмен және/немесе этинилэстрадиол контрацептивтерімен бір мезгілде қабылдау бұл препараттардың әрқайсысының тепе-теңдік жағдайындағы фармакокинетикасына ықпал етпейді.

Орталық жүйке жүйесіне әсер ететін дәрілік заттар

Прегабалин этанол мен лоразепамның әсерін күшейтуі мүмкін. Бақыланатын клиникалық зерттеулер кезінде прегабалиннің көп реттік ішілетін дозаларын оксикодонмен, лоразепаммен немесе этанолмен бір мезгілде қабылдау тыныс алу функциясына клиникалық мәні бар ықпал еткен жоқ.

Постмаркетингтік бақылау барысында прегабалинді және орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) басқа депрессанттарын бір мезгілде қабылдаған пациенттерде тыныс алу жеткіліксіздігі мен кома дамығаны туралы хабарланды.

Прегабалин, шамасы, оксикодонды қолданудан туындаған когнитивтік және негізгі қимыл-қозғалыс функцияның бұзылуын күшейтеді.

Егде жастағы пациенттердегі өзара әрекеттесу

Егде жастағы еріктілердің қатысуымен фармакодинамикалық өзара әрекеттесулеріне арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ. Өзара әрекеттесулерді зерттеулер тек ересек пациенттерде ғана жүргізілді.

Айрықша нұсқаулар

Қант диабеті бар пациенттер

Қазіргі клиникалық тәжірибеге сәйкес, прегабалинмен емдеу кезінде дене салмағы жоғарылаған, қант диабеті бар кейбір пациенттерге гипогликемиялаушы препараттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Аса жоғары сезімталдық реакциялары

Постмаркетингтік бақылаулар барысында ангионевроздық ісіну жағдайларын қоса, аса жоғары сезімталдық реакциялары туындағаны туралы хабарламалар пайда болды. Беттің ісінуі, ауыздың айналасының немесе жоғарғы тыныс жолдарының ісінуі сияқты ангионевроздық ісіну симптомдары пайда болса, прегабалинді қолдануды дереу тоқтату керек.

Бас айналуы, ұйқышылдық, естен тану, сананың шатасуы және ақыл-ой әрекетінің төмендеуі

Прегабалинді қолдану бас айналу және ұйқышылдық жағдайларымен қатар жүрді, бұл егде жастағы адамдарда байқаусызда жарақат алу (құлап қалу) жиілігін арттыруы мүмкін. Сондай-ақ естен тану, сананың шатасуы және ақыл-ой әрекетінің төмендеуі туралы постмаркетингтік хабарламалар келіп түсті. Сондықтан пациенттерге өздеріне препараттың ықтимал жеке әсерлері белгілі болғанша сақтық танытуды ұсыну керек.

Көруге ықпал етуі

Бақыланатын зерттеулерде, прегабалинді қабылдаған пациенттердің басым бөлігінде плацебо қабылдаған пациенттерге қарағанда анық көрмеудің дамуы хабарланды; көп жағдайларда бұл препаратты қолдануды жалғастырған кезде басылды. Офтальмологиялық тексеру жүргізілген клиникалық зерттеулерде көру жітілігінің төмендеуі мен көру аймағының өзгерістері жиілігінің плацебо қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, прегабалинді қабылдаған пациенттерде жоғары болды; көз түбінің фундоскопиялық өзгерістерінің жиілігі плацебо қабылдаған пациенттерде жоғары болды.

Постмаркетингтік зерттеулерде көрмей қалу, анық көрмеу немесе көру жітілігінің басқа да өзгерістерін қоса, жағымсыз реакциялар жөнінде хабарланды, олардың көпшілігі уақытша болды. Прегабалинді тоқтату бұл симптомдардың жойылуына немесе басылуына ықпал етуі мүмкін. Прегабалинді тоқтатқанан кейін мұндай симптомдар басылуы мүмкін немесе айқындығының азаюы мүмкін.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігінің дамыған жағдайлары туралы хабарланды, ал кейбір жағдайларда прегабалинді қабылдауды тоқтату аталған жағымсыз реакцияның қайтымдылығын көрсетті.

Эпилепсияға қарсы дәрілік заттарды қатар қолдануды тоқтату

Прегабалинді емдеуге қосу нәтижесінде құрысуларды бақылауға қол жеткізгеннен кейін, эпилепсияға қарсы препараттарды қатар қолдануды тоқтату туралы деректер прегабалинмен монотерапияға көшу үшін жеткіліксіз.

Тоқтату симптомдары

Прегабалинмен қысқа және ұзақ мерзімді емдеуді тоқтатқаннан кейін кейбір пациенттерде тоқтату симптомдары байқалды. Келесі құбылыстар:   ұйқысыздық, бас ауыруы, жүрек айнуы, үрейлену, диарея, тұмау тәрізді синдром, күйгелектік, депрессия, ауыру, құрысулар, гипергидроз және бас айналуы байқалды. Бұл туралы пациентке емдеудің басында хабарлап айту керек.

Прегабалинді қолдану барысында немесе оны тоқтатқаннан кейін көп ұзамай эпилепсиялық статус пен ауқымды құрысу ұстамаларын қоса, құрысулар туындауы мүмкін. Прегабалинмен ұзақ уақыт емдеуді тоқтатуға қатысты деректер тоқтату симптомдарының жиілігі мен ауырлығы препараттың дозасына байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Іркілген жүрек жеткіліксіздігі

Прегабалин нарыққа шыққаннан кейін прегабалин қабылдаған кейбір пациенттерде созылмалы жүрек жеткіліксіздігі жағдайлары туралы хабарланды. Мұндай реакция жүрек-қантамырлық бұзылулары бар егде жастағы пациенттерде невропатиялық ауыруды прегабалинмен емдеген кезде жиі байқалды. Прегабалинді мұндай пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Прегабалинді қабылдауды тоқтатқан кезде бұл реакция жойылуы мүмкін.

Жұлынның зақымдануынан болған орталықтық нейропатиялық ауыруды емдеу

Жұлын зақымдануынан болған орталықтық нейропатиялық ауыруды емдеу кезінде, жалпы жағымсыз реакциялардың жиілігі, орталық жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялардың және әсіресе ұйқышылдық пайда болу жиілігі жоғары болды. Бұл осы жай-күйді емдеу үшін қажетті қатар жүретін дәрілік заттардың (мысалы, түйілуге қарсы препараттар) аддитивті әсеріне байланысты болуы мүмкін. Прегабалинді осындай пациенттерге тағайындағанда осы жағдайды ескеру керек.

Суицидтік ойлар мен мінез-құлық

Эпилепсияға қарсы препараттармен белгілі бір көрсеткіштер бойынша ем қабылдаған пациенттерде суицидтік ойлар мен мінез-құлықтар туралы хабарланды. Эпилепсияға қарсы дәрілік препараттардың рандомизацияланған плацебо-бақыланатын зерттеулерінің мета-талдауы да суицидтік ойлар мен мінез-құлықтардың пайда болу қаупінің аздаған жоғарылауын көрсетті. Бұл құбылыстың туындау механизмі белгісіз, ал қолжетімді деректер оның прегабалинді қабылдау кезінде туындау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сондықтан пациенттерді суицидтік ойлар мен мінез-құлықтар белгілерінің пайда болуына қатысты мұқият бақылау және олар пайда болған жағдайда сәйкес ем тағайындау қажет. Пациенттер (сондай-ақ пациенттерге күтім жасайтын тұлғалар) суицидтік ойлар мен мінез-құлықтардың белгілері пайда болған жағдайда, медициналық көмекке жүгінуі тиіс.

Асқазан-ішек жолының төменгі бөліктері функциясының нашарлауы

Препарат нарыққа шыққаннан кейін прегабалинді апиынды анальгетиктер секілді іш қатуын туындатуы мүмкін дәрілік заттармен бірге қабылдаудың нәтижесінде асқазан-ішек жолдарының төменгі бөлігінің функциясының төмендеуімен (мысалы, ішектің бітелуі, ішектің салданған бітелуі және іш қату) байланысты құбылыстар туралы хабарланды. Прегабалин мен апиындарды біріктіріп қолданғанда іш қатуды болдырмау үшін шаралар қолдану керек (әсіресе әйелдерде және егде жастағы пациенттерде).

Дұрыс қолданбау, аддиктивті потенциалды немесе тәуелділік

Дұрыс қолданбау, шамадан тыс қабылдау және тәуелділіктің дамыған жағдайлары туралы хабарламалар бар. Анамнезінде дәрілік тәуелділігі бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Пациенттердің дұрыс қолданбау, шамадан тыс қабылдау немесе прегабалинге тәуелділік жағдайларын (толеранттылықтың дамуы, дозаны эскалациялау, дәрілік препаратты іздейтін мінез-құлық) бақылауға алу керек.

Энцефалопатия

Энцефалопатия жағдайлары көбінесе энцефалопатияны тудыруы мүмкін қатар жүретін аурулары бар пациенттерде пайда болды.

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер/ Әйелдер мен ерлердегі контрацепция

Адам үшін әлеуетті қаупі белгісіз болғандықтан, ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге контрацепцияның тиімді әдістерін пайдалану қажет.

Жүктілік

Прегабалинді жүктілік кезеңінде қолдануға қатысты сенімді деректер жоқ.

Жануарлардағы зерттеулер тұқым өрбітуге уыттылығын айғақтады.

Адамдар үшін потенциальді қауіптілігі белгісіз.

Прегабио® препаратын жүкті әйел үшін күтілетін пайдасы шарана үшін болуы мүмкін қауіптен анық асып түсетін жекелеген жағдайларды қоспағанда, жүктілік кезінде қолданбау керек.

Емшек емізу

Прегабалин емшек сүтіне бөлінеді. Прегабалиннің жаңа туған нәрестелерге/сәбилерге әсері белгісіз. Бала емізуді тоқтату немесе прегабалинмен емдеуді тоқтату туралы шешім бала емізудің сәби үшін артықшылығын және емнің әйел үшін пайдасын ескере отырып қабылдануы тиіс.

Ұрпақ өрбіту функциясы

Прегабалиннің әйелдердің ұрпақ өрбіту функциясына ықпалы туралы клиникалық деректер жоқ.

Прегабалиннің сперматозоидтардың қозғалғыштығына ықпалын клиникалық зерттеу барысында еркек жынысты дені сау еріктілер прегабалиннің тәулігіне 600 мг дозасын алды. 3 айлық емдеуден кейін сперматозоидтардың қозғалғыштығына ешқандай ықпалы анықталған жоқ.

Ұрпақ өрбіту функциясын зерттеу ұрғашы егеуқұйрықтардағы тұқым өрбіту функциясына теріс ықпалы бар екенін көрсетті. Ұрпақ өрбіту функциясын зерттеу еркек егеуқұйрықтардағы тұқым өрбіту функциясына және дамуға теріс ықпалы бар екенін көрсетті. Бұл нәтижелердің клиникалық маңыздылығы белгісіз.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Прегабио® көлік құралдарын басқару және басқа механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне елеусіз немесе орташа әсер етуі мүмкін. Прегабио® бас айналуы мен ұйқышылдықты туғызуы мүмкін, сондықтан көлік құралдарын басқару және басқа механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне ықпал етуі мүмкін. Препараттың осындай әрекетке нақты қалай ықпал ететіні белгілі болмайынша, пациенттерге көлік құралдарын басқарудан, күрделі техникамен жұмыс істеуден немесе басқа қауіптілігі зор қызметтен бас тартуды ұсыну керек.

Артық дозалануы

Постмаркетингтік бақылауларда прегабалинді шектен тыс дозада қолданған кезде көбінесе мынадай жағымсыз реакциялар аталады: ұйқышылдық, сананың шатасуы, ажитация, мазасыздық.

Сирек жағдайларда кома оқиғалары тіркелді.

Прегабалинмен артық дозалануды емдеу жалпыға бірдей демеуші шараларды қамтуы тиіс, және егер қажет болса, гемодиализ жүргізуге болады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті/ поливинилдихлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 14 капсуладан салынады

1 (75 мг дозасы үшін) немесе 4 (100 мг, 150 мг және 300 мг дозасы үшін) пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

КРКА, д.д. Ново место, Словения

Шмарьешка 6, 8501 Ново место, Словения

Тіркеу куәлігінің иесі

КРКА, д.д. Ново место, Словения

Шмарьешка 6, 8501 Ново место, Словения

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«КРКА Казахстан» ЖШС, ҚР, 050059, Алматы қ., әл-Фараби даңғылы 19, 1 б корпус, 2-қабат, 207-кеңсе

тел.: +7 (727) 311 08 09

факс: +7 (727) 311 08 12

info.kz@krka.biz

Прикрепленные файлы

004263881498795356_ru.doc 137.5 кб
981151791498795888_kz.doc 190 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники