Пентоксифиллин (2%, 5мл)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Пентоксифиллин
Халықаралық патенттелмеген атауы
Пентоксифиллин
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған 2%, 5 мл ерітінді
Құрамы
Бір ампуланың ішінде
белсенді зат - пентоксифиллин (100% затқа шаққанда) 100.0 мг,
қосымша заттар: натрий хлориді, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Мөлдір түссіз немес сәл сарғыш сұйықтық.
Фармакотерапиялық тобы
Шеткергі вазодилататорлар. Пуриндер.
АТЖ коды C04AD03
Фармакологиялық әсері
Фармакокинетикасы
Пентоксифиллин эритроциттер жарғақшаларымен байланысады. Әуелі эритроциттерде, сосын бауырда екі негізгі метаболитін: 1-5-гидроксигексил-3,7-диметилксантин және 1-3-карбоксипропил-3,7-диметилксантин түзе отырып, биоөзгеріске ұшырайды. Биожетімділігі – 6-32%. Ең жоғарғы концентрациясына 1 сағат ішінде жетеді. Жартылай шығарылу кезеңі 1 сағатқа жуықты құрайды. 24 сағаттан соң дозасының көп бөлігі несеппен метаболиттер түрінде, азғантай бөлігі ішек арқылы шығарылады, емшек сүті арқылы бөлініп шығуы мүмкін.
Пентоксифиллиннің шығарылуы егде жастағы емделушілерде және бауыр ауруларында азаюы мүмкін.
Бүйрек қызметінің ауыр бұзылуларында метаболиттердің шығарылуы баяулайды.
Фармакодинамикасы
Пентоксифиллин - микроциркуляцияны жақсартатын, оказывающее ангиопротективті әсер ететін дәрі. Диметилксантиннің туындылары. Пентоксифиллин қанның тұтқырлығын азайтады және эритроциттердің созылғыштығын арттырады, микроциркуляцияны жақсартады және тіндердегі оттегі концентрациясын ұлғайтады. Эритроциттердің созылғыштығының жоғарылауы, фосфодиэстеразаны тежеуіне және осының нәтижесінде тамырлардың циклдық тегіс бұлшықеттеріндегі және қанның формалық элементтеріндегі жасушаішілік кальций концентрациясының төмендеуімен эритроциттердегі аденозинмонофосфор қышқылы құрамының жоғарылауына негізделген болуы мүмкін. Қан тұтқырлығының төмендеуі плазмадағы фибриноген концентрациясының азаюының және эритроциттер мен тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуінің салдары болуы мүмкін.
Әлсіз миотропты тамыр кеңітетін әсер береді, тамырлардың шеткергі қарсыласуын біраз азайтады және орташа оң инотропты әсер етеді. Коронарлық тамырларды елеусіз кеңітеді. Тіндердің, едәуір дәрежеде – аяқ-қолдар мен орталық жүйке жүйесінің оттегімен қамтамасыз етілуін жақсартуға ықпал етеді. Зақымданған шеткергі артериялардың окклюзиясында (арагідік ақсаңдауда) жүру арақашықтығының ұзаруына, балтыр бұлшықеттерінің түнгі құрысулары мен тыныш күйдегі ауыруының жойылуына алып келеді.Ми қанайналымы бұзылғанда симптоматикасын жақсартады.
Қолданылуы
-
шеткергі қанайналым бұзылуларында
-
ишемиялық церебральді инсультте
-
атеросклероз салдарынан мидың қанмен жабдықталуының бұзылуларында
-
дисциркуляторлық энцефалопатияда
-
артериялар мен көктамырлар тромбозымен, көктамырлардың варикозды кеңеюімен, үсіп кетумен байланысты тіндер мен ағзалардың трофикалық бұзылуларында
-
диабеттік ангиопатияда
-
торқабықтың орталық артериясының жедел бітелуінде
-
көру жүйкесінің жедел ишемиялық нейропатияда
Қолдану тәсілі мен дозалары
Артерия ішіне және көктамыр ішіне (науқас жатуы тиіс).
Көктамыр ішіне 250-500 мл натрий хлоридінің 0,9 % изотоникалық ерітіндісінде немесе 5 % глюкоза ерітіндісінде 100 мг (5 мл ерітінді) (90-180 минут бойы) енгізеді; қажет болған жағдайда тәуліктік дозасы 200-300 мг дейін (10-15 мл) ұлғайтылуы мүмкін.
Артерия ішіне - әуелі 100 мг дозада (5 мл ерітінді) 20-50 мл натрий хлоридінің 0,9 % изотоникалық ерітіндісінде, ал келесі күндері 200- 300 мг (10-15 мл) 30-50 мл еріткіште (енгізу жылдамдығы 10 мг/мин) енгізеді.
Емдеу курсының ұзақтығын емдеуші дәрігер анықтайды.
Пентоксифиллинді көктамырішілік инфузия түрінде енгізу ұсынылады, өйткені бұл препаратты парентеральді енгізудің тиімдірек және жеңіл көтерімді түрі болып табылады.
Жағымсыз әсерлері
-
жүрек айнуы, құсу, ауыз қуысының шырышты қабығының құрғауы, диарея, эпигастрийдің ауыруы мен ауырлық сезімі, диспепсиялық құбылыстар, ішек атониясы
-
холециститтің өршуі, холестатикалық гепатит
-
қандағы бауыр ферменттері концентрациясының жоғарылауы
-
көрудің нашарлауы, скотома
-
бас ауыруы, бас айналуы, үрейлену, ұйқының бұзылуы, құрысулар, асептикалық менингит
-
тері гиперемиясы, тері бөртпесі, қышу, есекжем, ангионевротикалық ісіну, анафилактикалық шок
-
тахикардия, пальпитация, төс артының ауыруы, аритмия, артериялық қан қысымының төмендеуі
-
лейкопения, панцитопения, тромбоцитопения, гипофибриногенемия, қан кетулер
-
бет терісінің гиперемиясы, бет терісіне және кеуде қуысының жоғарғы бөлігі терісіне қан тебу, ісінулер, тырнақтардың жоғарғы сынғыштығы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
метилксантин туындыларына асқын сезімталдық
-
жедел миокард инфарктісі
-
геморрагиялық инсульт
-
жүрек ырғағының ауыр бұзылулары
-
құйылып қан кету
-
көздің торлы қабығының қанталауы
-
миға қан құйылу
-
коронарлық және ми қантамырларының айқын атеросклерозы (қолқа ішіне енгізу қарсы көрсетілімді)
-
қарапайым диабеттік және пролиферацияланатын диабеттік ретинопатия
-
18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге
-
жүктілік, лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Пентоксифиллин мен гипертензияға қарсы препараттарды бір мезгілде қабылдағанда гипертензияға қарсы препараттардың әсері күшейеді. Бұл жағдайда пентоксифиллиннің дозасын азайту қажет.
Циметидин қан плазмасындағы пентоксифиллиннің концентрациясын едәуір ұлғайтады, осыған байланысты бір мезгілде қолданғанда жағымсыз әсерлердің даму ықтималдығы артуы мүмкін.
Пентоксифиллинді жоғары дозаларда парентеральді қолдану аясында қант диабеті бар емделушілерде инсулиннің гипогликемиялық әсері күшеюі мүмкін.
Кеторолакпен, мелоксикаммен бір мезгілде қолданғанда қан кетулер қаупі жоғарылауы және/немесе протромбиндік уақыттың ұзаруы мүмкін; симпатолитиктермен, ганглиоблокаторлармен және вазодилататорлармен бір мезгілде қолданғанда – артериялық қан қысымы төмендеуі мүмкін; гепаринмен, фибринолитикалық препараттармен және тікелей емес әсері бар антикоагулянттармен – ұйытуға қарсы әсерінің күшеюі және қан кетулер қаупінің жоғарылауы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Жүрек жеткіліксіздігі және бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылулары бар науқастарға препаратты сақтықпен тағайындайды. Пентоксифиллиннің толық әсер етуін қамтамасыз ету үшін, жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар алдын-ала жүрек гликозидтерімен емдеу курсынан өтуі тиіс.
Асқазан мен он екі елі ішектің ойық жаралы ауруы бар, жақында операциялық араласуларды өткерген науқастарға сақтықпен тағайындау керек (қан кетулер туындау қаупі бар).
Емдеуді артериялық қан қысымын, қан көрінісін ұдайы бақылаумен жүргізу керек. Егер емдеу кезінде көздің торлы қабығының қанталауы туындаса, препаратты дереу тоқтатады.
Артериялық қан қысымы төмен немесе тұрақсыз науқастарда енгізілетін дозасы азайтылуы тиіс.
Пентоксифиллин ерітіндісінің инфузиялық ерітіндімен үйлесімділігін әр нақты жағдайда тексеріп отыру керек.
Шылым шегу препараттың емдік әсерін төмендетуі мүмкін.
Көктамырішілік инфузия жүргізгенде науқастың жатуы тиіс.
Балаларда қолданылуы
18 жасқа дейінгі науқастарды емдеу үшін препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі жөнінде зерттеулер жоқ.
Дәрілік заттың көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препараттың жағымсыз әсерлерін ескере отырып, автокөлік немесе қауіпті механизмдерді басқарғанда сақ болу керек.
Артық дозаланғанда
Белгілері: әлсіздік, бас айналуы, тері жабындарының гиперемиясы, артериялық қан қысымының төмендеуі, талып қалу, тахикардия, ұйқышылдық немесе қозу, естен тану, гипертермия, арефлексия, тоникоклоникалық құрысулар, асқазан-ішектен қан кету белгілері («кофе қоюы» типіндегі құсу).
Емі: жүрек-қантамыр қызметі (соның ішінде АҚ қалыпқа түсуі) мен тыныс алуды қалпына келтіруге арналған жалпы реанимациялық іс-шаралар; құрысу синдромында диазепамды қолданады. Арнайы у қайтарғысы жоқ.
Шығарылу түрі мен қаптамасы
5.0 мл препараттан бейтарап немесе импорттық шыныдан жасалған ампулаларға құйылған.
Әр ампулаға заттаңбалық қағаздан жасалған заттаңба жапсырылады немесе мәтінін ампулаға тікелей шыны бұйымдарға арналған терең баспа бояумен жазады.
5 ампуладан поливинилхлоридті үлбір мен алюминий немесе импорттық фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға қаптайды. Әр пішінді қаптамаға ампулалық скарификатор салынады.
Кертігі, сақиналары мен нүктелері бар ампулалар қаптамасына скарификаторлар салынбайды.
Пішінді ұяшықты қаптамаларды мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі бекітілген, қаптамалар санына қарай, нұсқаулықтармен бірге картоннан жасалған немесе гофрланған картоннан жасалған қорапқа салады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Химфарм» АҚ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,
Шымкент қ-сы, Рашидов к-сі, н/ж, т/ф : 561342
Тіркеу куәлігінің иесі
«Химфарм» АҚ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Химфарм» АҚ, Шымкент қ-сы, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,
Рашидов к-сі, н/ж, т/ф: 560882
Телефон нөмірі 7252 (561342)
Факс нөмірі 7252 (561342)
Электронды поштасы standart@santo.kz