Пемгем (500 мг)

МНН: Пеметрексед
Производитель: Др. Редди'с Лабораторис Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Pemetrexed
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№022870
Информация о регистрации в РК: 15.11.2022 - 15.11.2032

Инструкция

Саудалық атауы

Пемгем

Халықаралық патенттелмеген атауы

Пеметрексед

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған лиофилизат, 100 мг және 500 мг

Құрамы

белсенді зат – 110,28 мг пеметрексед динатрий, 100 мг пеметрекседке баламалы немесе 551,4 мг пеметрексед динатрий, 500 мг пеметрекседке баламалы,

қосымша заттар: маннитол, азот, хлорсутек қышқылының ерітіндісі және/немесе натрий гидроксидінің ерітіндісі, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Біркелкі ақ немесе сарғыш немесе сарғыш-жасыл реңді ақ лиофилизацияланған ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар. Антиметаболиттер. Фолий қышқылының аналогтары. Пеметрексед.

АТХ коды L01BA04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Пеметрекседтің таралуының тұрақты көлемі 16.1 л тең. Шамамен 81% пеметрексед плазма ақуыздарымен байланысады. Бүйрек жеткіліксіздігі дәрежесі пеметрекседтің байланысуына әсер етпейді. Пеметрексед бауырда шектеулі метаболизмге ұшырайды. Препараттың 70-тен 90%-ға дейіні енгізгеннен кейін алғашқы 24 сағатта өзгермеген күйінде бүйрекпен шығарылады. Пеметрекседтің жалпы плазмалық клиренсі минутына 91.8 мл құрайды және плазмадан жартылай шығарылу кезеңі бүйрек функциясы қалыпты науқастарда (креатинин клиренсі 90 мл/мин) 3.5 сағатты құрайды. Пеметрекседтің жалпы жүйелі әсері/экспозициясы (AUC) және плазмадағы ең жоғары концентрациясы (Cmax) дозаға пропорционалды жоғарылайды. Пеметрекседтің фармакокинетикасы емдеудің бірнеше циклы бойы өзгермейді. Бүйрек функциясы бұзылған жағдайда пеметрексед клиренсі төмендейді және AUC жоғарылайды.

Фармакодинамикасы

Пемгем тимидинді және пуринді нуклеотидтердің биосинтезінде негізгі фолат-тәуелді энзимдерге жататын тимидилат-синтетазаны (ТS), дигидрофолат-редуктазаны (DHFR), глицинамид-рибонуклеотид-формилтрансферазаны (GARFT) тежейтін, көпмақсатты антифолат болып табылады. Пеметрексед қалпына келтірілген фолаттардың тасымалдаушысының және ақуыздық фолат-байланыстыратын тасымалдау жүйесінің көмегімен жасушаларға түседі, ол жерде фолил-полиглутамат-синтетаза энзимінің көмегімен полиглутаматты түрге жылдам және тиімді түрде айналады. Полиглутаматты түрлер жасушаларда іркіліп қалады және тимидилат-синтетаза (ТS) мен глицинамид-рибонуклеотид-формилтрансферазаның (GARFT) күштірек тежегіштері болып табылады. Полиглутамация – бұл ісік жасушаларында және аз дәрежеде қалыпты тіндерде кездесетін, уақытқа және концентрацияға тәуелді үдеріс. Полиглутамацияланған метаболиттерде жартылай шығарылу кезеңі ұзартылған, соның салдарынан препараттың ісік жасушаларындағы әсері артады. Пемгем мен цисплатинді біріктіріп қолданғанда in vitro зерттеулерде ісікке қарсы әсердің синергизмі байқалды.

Қолданылуы

  • цисплатинмен біріктірілімде жергілікті таралған немесе метастаздық жайпақ жасушалы емес ұсақ жасушалы емес өкпе обырымен ауырған пациенттерді бастапқы емдеуге, сквамозды жасушалардың басым гистологиясы бар жағдайларды қоспағанда

  • жергілікті таралған немесе метастаздық ұсақ жасушалы емес өкпе обырымен платина препараттарының негізінде бірінші желі химиялық емінің төрт циклінен кейін ауруы дереу үдемеген пациенттерді монотерапия түрінде демеуші емдеу үшін

  • жергілікті таралған немесе метастаздық ұсақ жасушалы емес өкпе обырымен ауырған пациенттерге монотерапия түрінде екінші желі емі үшін, сквамозды жасушалардың басым гистологиясы бар жағдайларды қоспағанда

  • цисплатинмен біріктірілімде бұрын химиялық ем қабылдамаған операция жасауға болмайтын плевраның қатерлі мезотелиомасы бар пациенттерді емдеу үшін

Пемгем жайпақ жасушалы ұсақ жасушалы емес өкпе обырымен ауырған пациенттерді емдеуге АРНАЛМАҒАН.

Қолдану тәсілі және дозалары

Пемгем 10 минут ішінде вена ішіне тамшылатып енгізіледі.

Цисплатинмен біріктірілген ем

Әрбір 21 күндік циклдің бірінші күні Пемгемнің ұсынылған дозасы – 500 мг/м2.

Әрбір 21 күндік циклдің бірінші күні Пемгемді енгізгеннен кейін шамамен 30 минуттан кейін 2 сағаттың ішінде вена ішіне тамшылатып енгізілетін (цисплатиннің қолданылуы жөніндегі нұсқаулықты қараңыз) Цисплатиннің ұсынылған дозасы 75 мг/м2.

Пациенттер цисплатинді енгізгенге дейін және/немесе кейін талапқа сай құсыққа қарсы ем және сәйкес гидратация алуы тиіс.

Монотерапия

Әрбір 21 күндік циклдің бірінші күні Пемгемнің ұсынылған дозасы – 500 мг/м2.

Пемгемді қолдануды бастар алдындағы ұсынымдар

Пемгеммен емдеу басталардан 1 күн бұрын, енгізілген күні және Пемгемді енгізгеннен кейін келесі күні дексаметазонды (немесе аналогын) 4 мг дозада күніне 2 рет тағайындау тері реакцияларының жиілігі мен айқындығын төмендетеді.

Препараттың уыттылығын азайту үшін, Пемгем қабылдайтын пациенттерге фолий қышқылының препараттары немесе құрамында тәуліктік дозада фолий қышқылы бар мультидәрумендер тағайындалуы керек. Тәуліктік дозада фолий қышқылы (350 мкг-ден 1000 мкг дейін, орташа 400 мкг) Пемгемді алғаш енгізер алдындағы 7 күн ішінде кем дегенде 5 күн тағайындалуы керек және осындай дозалауды барлық емдеу циклі бойы және Пемгемді соңғы енгізгеннен кейін 21 күн бойы жалғастыру керек. Пациенттерге Пемгемді алғаш енгізер алдындағы 7 күн ішінде және содан кейін емді бастағаннан кейін әрбір 3 циклден кейін В12 дәруменін 1000 мкг дозада бұлшық ет ішіне бір рет енгізу керек. В12 дәруменінің сол дозада кейінгі енгізулерін Пемгемді енгізген күні жүргізуге болады.

Мониторинг жасау

Препараттың әрбір дозасын енгізер алдында Пемгем қабылдайтын пациенттерге лейкоциттерді дифференциациялау және тромбоциттер санын анықтауды қоса, қанның толық талдауын жүргізу керек. Химиялық емнің әрбір циклін бастар алдында бүйрек және бауыр функциясын бағалау үшін қанның биохимиялық талдауын жүргізу керек. Химиялық емнің кез келген циклін бастар алдында нейтрофилдердің абсолютті саны ≥1500 жасуша/мм3 және тромбоциттер ≥100000 жасуша /мм3 болуы тиіс. Креатинин клиренсі минутына ≥45 мл болуы тиіс. Жалпы билирубин қалыптың жоғары шегінен 1,5 еседен жоғары болмауы керек. Сілтілік фосфатаза (СФ), аспартатаминотрансфераза (АСТ) және аланинаминотрансфераза (АЛТ) деңгейлері қалыптың жоғары шегінен 3 еседен артық аспауы тиіс. СФ, АСТ және АЛТ мөлшері қалыптың жоғары шегінен ≤5 есе болуына бауыр ісігі болған жағдайда жол беріледі.

Дозаны төмендетуге қатысты ұсынымдар

Қайталау курстары алдында дозаны түзету гематологиялық көрсеткіштердің неғұрлым төменгі шегіне немесе алдыңғы емдеу циклі ішінде ең жоғары гематологиялық емес уыттылыққа негізделуі тиіс. Емдеу уыттылықтан кейін қалпына келу мақсатында кейінге қалдырылуы мүмкін. Қалпына келуіне қарай пациенттерге Пемгемді монотерапияда немесе цисплатинмен біріктірілімде қолдануға қатысты 1-3 Кестелердегі ұсынымдарды пайдаланып емдеуді жалғастыру керек.

1- кесте

Пемгемді (монотерапияда немесе біріктірілген емде) және цисплатинді дозалау режимі – Гематологиялық уыттылық

Нейтрофилдердің ең төмен мөлшері <500/мкл және

тромбоциттердің ең төмен мөлшері 50 000/мкл

Алдыңғы дозадан 75% (Пемгем мен цисплатиннің)

Тромбоциттердің ең төмен мөлшері < 50 000/мкл қан кетусіз, нейтрофилдердің ең төмен мөлшеріне тәуелсіз

Алдыңғы дозадан 75% (Пемгем мен цисплатиннің)

Тромбоциттердің ең төмен мөлшері < 50 000/мкл қан кетумена, нейтрофилдердің ең төмен мөлшеріне тәуелсіз

Алдыңғы дозадан 50% (Пемгем мен цисплатиннің)

а Бұл кpитеpийлер Обырды зерттеудің Ұлттық Институтының Жалпы қабылданған Уыттылық Кpитеpийлерінің 2-нұсқасына сәйкес (CTC v2.0; NCI 1998) қан кету анықталуының ≥ 2 Дәрежесіне сай келеді.

3 дәрежедегі гематологиялық емес уыттылық дамығанда (нейроуыттылықты қоспағанда), емдеуді бастағанға дейінгі деңгейге сәйкес келетін көрсеткіштері қалпына келгенше, емдеуді кейінге қалдыру керек.

Әрі қарай емді 2-Кестеде көрсетілген ұсынымдарға сәйкес жалғастыру керек.

2 - кесте

Пемгем (монотерапияда немесе біріктірілген емде) мен цисплатиннің дозалау режимі – Гематологиялық емес уыттылық a,b

Пемгем дозасы (мг/м2)

Цисплатин дозасы (мг/м2)

Шырышты қабаттардың қабынуын қоспағанда 3 немесе 4 дәрежедегі кез келген уыттылық

Алдыңғы дозадан 75%

Алдыңғы дозадан 75%

Ауруханаға жатқызуды талап ететін (сатысына тәуелсіз) диарея немесе 3 немесе 4 дәрежедегі диарея

Алдыңғы дозадан 75%

Алдыңғы дозадан 75%

3 немесе 4 дәрежедегі шырышты қабаттардың қабынуы

Алдыңғы дозадан 50%

Алдыңғы дозадан 100%

а Обырды зерттеудің Ұлттық Институтының Жалпы қабылданған Уыттылық Кpитеpийі, 2-нұсқасы (CTC v2.0; NCI 1998)b Нейроуыттылықты қоспағанда

Нейроуыттылық жағдайында Пемгем мен цисплатиннің дозасын түзету ұсынымы 3-кестеде берілген. Егер пациенттерде 3 немесе 4 дәрежедегі нейроуыттылық байқалса, емді тоқтату керек.

3-кесте

Пемгем (монотерапияда немесе біріктірілген емде) мен цисплатиннің дозалау режимі – Нейроуыттылық

Уыттылық дәрежесі

Пемгем дозасы (мг/ м2)

Цисплатин дозасы (мг/м2)

0-1

Алдыңғы дозадан 100%

Алдыңғы дозадан 100%

2

Алдыңғы дозадан 100%

Алдыңғы дозадан 50%

Егер пациентте дозаны екі рет төмендеткеннен кейін гематологиялық және гематологиялық емес 3 немесе 4 дәрежедегі уыттылық байқалса, Пемгеммен емдеу тоқтатылуы керек немесе 3 немесе 4 дәрежедегі нейроуыттылық болған жағдайда дереу тоқтатылуы керек.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Пемгем креатинин клиренсі минутына <45 мл пациенттерге енгізілмеуі керек. Пемгемді және қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды (ҚҚСП) креатинин клиренсі минутына <80 мл пациенттерге бір мезгілде енгізгенде сақтық шараларын сақтау керек.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

АСТ, АЛТ немесе жалпы билирубин мен пеметрексед фармакокинетикасы арасындағы өзара байланыс анықталған жоқ. Алайда қалыптың жоғары шегінен >1,5 есе жоғары билирубин деңгейі және/немесе қалыптың жоғары шегінен >3,0 есе жоғары (бауырда метастаздары жоқ) немесе қалыптың жоғары шегінен >5,0 есе жоғары (бауырда метастаздары бар) трансаминазалар деңгейі сияқты бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттер арнайы зерттелген жоқ.

Егде пациенттер

Клиникалық зерттеулер деректері бойынша 65 жастағы және одан асқан пациенттерде 65 жасқа дейінгі пациенттермен салыстырғанда жағымсыз құбылыстар дамуының жоғары қаупі байқалған жоқ. Барлық пациенттерге ұсынылғандарды қоспағанда, дозаны төмендету талап етілмейді.

Балалар мен жасөспірімдер

Плевраның қатерлі мезотелиомасы мен өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры кезінде педиатриялық популяцияда Пемгемді пайдалануға қатысты сәйкес келетін деректер жоқ.

Препаратты дайындау және енгізудегі сақтық шаралары

Пемгем инфузиялық ерітінділерін дайындауда және олармен жұмыс істегенде сақ болу керек. Қолғап кию ұсынылады. Пемгем ерітіндісі теріге тиген жағдайда теріні дереу сабынмен және сумен мұқият жуыңыз. Пемгем ерітіндісі шырышты қабықтарға тиген жағдайда оларды сумен жуыңыз.

Пемгем іріңдіктің түзілуін туындататынын зат болып табылмайды. Пемгем экстравазациясында арнайы антидот жоқ. Пемгем экстравазациясы жағдайында іріңдіктің түзілуін туындатпайтын басқа дәрілер жағдайындағы сияқты, экстравазация еміне қатысты жергілікті емшараларды қолдану керек.

Ерітінді дайындау

Вена ішілік инфузия жасау үшін Пемгемді қалпына келтіру және әрі қарай сұйылтуда асептикалық техниканы пайдалану керек.

Еріткіш ретінде 0,9 % натрий хлоридінің ерітіндісі ғана қолданылады!

Пемгем құрамында кальций бар еріткіштермен, оның ішінде инъекцияға арналған Рингер лактат ерітіндісімен, USP және инъекцияға арналған Рингер ерітіндісімен, USP-мен физикалық тұрғыда үйлесімсіз, сондықтан оларды пайдалануға болмайды. Пемгемді басқа препараттармен және еріткіштермен бірге енгізу зерттелген жоқ, сондықтан да ұсынылмайды.

500 мг құтылар

1) Құтының ішіндегісін (500 мг) 20 мл 0,9% натрий хлориді ерітіндісінде (консерванттарсыз) 25 мг/мл концентрацияға дейін ерітеді. Құтыны лиофилизат толық ерігенше мұқият шайқайды. Алынған ерітінді мөлдір болуы тиіс, ерітінді түсінің түссізден сарғыштау немесе жасылдау-сары түске дейін өзгеруіне жол беріледі. Қалпына келтірілген ерітіндідегі рН 6.6 және 7.8 шегінде болады.

ҚОСЫМША СҰЙЫЛТУ ҚАЖЕТ.

2) Алынған Пемгем ерітіндісінің сәйкес көлемін 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен 100 мл дейін жеткізу керек.

Енгізер алдында ерітіндіде қатты заттардың бар-жоғын және түсінің өзгеруін тексеру керек.

Пемгем мен ұсынылатын еріткіш құрамында микробқа қарсы консерванттар болмағандықтан, енгізу үшін алынған ерітіндіні сұйылтқаннан кейін 2-8°C температурада сақтағанда 24 сағат ішінде қолдану керек. Пайдаланылмаған ерітіндіні жою керек.

Жағымсыз әсерлері

Жекелеген жағдайларға қарағанда жиірек кездесетін жағымсыз реакциялар келесі градацияға сәйкес берілген: өте жиі (≥10%), жиі (≥1%, <10%), кейде (≥0,1%, <1%), сирек (≥0,01%, <0,1%), өте сирек (<0,01%).

Препараттың монотерапия түрінде немесе біріктірілімде қолданылуына тәуелсіз, Пемгемді қолданумен байланысты жиірек кездесетін жағымсыз әсерлерге мыналар жатады:

- сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі (анемия, нейтропения, лейкопения, тромбоцитопения)

- асқазан-ішек уыттылығы (анорексия, жүрек айну, құсу, диарея, іш қату, фарингит, мукозит, стоматит)

Басқа жағымсыз әсерлер:

-бүйрек уыттылығы

-трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы

- алопеция

-қатты шаршағыштық

- сусыздану

-бөртпе, инфекция, сепсис, нейропатия

Сирек:

-Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз

Клиникалық зерттеулер барысында байқалған жағымсыз реакциялар*

* Клиникалық зерттеулер әртүрлі жағдайларда жүргізілетін болғандықтан, жағымсыз реакцияларды жиілігі басқа зерттеулердегі жиілікпен тікелей салыстыру мүмкін емес және клиникалық практикада байқалатын жағымсыз реакциялар жиілігін білдірмеуі мүмкін.

Пемгем монотеpапиясы (фолий қышқылы мен В12 дәрумені қосылған)

Өте жиі

  • нейтропения/гранулоцитопения, лейкопения

  • гемоглобин деңгейінің төмендеуі

  • шаршағыштық

  • диарея, құсу, жүректің айнуы, анорексия

  • стоматит, фарингит

  • бөртпе, тері түлеуі

Жиі

  • тромбоцитопения

  • инфекция/жұқтыру (нейтропениясыз), фебрильді нейтропения

  • аллергиялық реакция, аса жоғары сезімталдық, қышыну, алопеция

  • аланинтрансфераза (АЛТ) және аспартаттрансферазаның (АСТ) жоғарылауы

  • креатинин деңгейінің жоғарылауы

  • моторлы нейропатия, сенсорлық нейропатия

  • мультиформалы эритема

  • іштің ауыруы, іш қатуы

  • қызба

Кейде

  • суправентрикулярлық аритмия

Ұсақ жасушалы емес өкпе обыры (ҰЖӨО) – цисплатинмен біріктірілім (фолий қышқылы мен В12 дәрумені қосылған)

Өте жиі

  • анемия, нейтропения/гранулоцитопения, лейкопения, тромбоцитопения

  • гемоглобин деңгейінің төмендеуі

  • креатинин деңгейінің жоғарылауы

  • шаршағыштық

  • жүрек айнуы, құсу, анорексия, іш қату, диарея (колостомиясыз)

  • стоматит, фарингит

  • алопеция, тері бөртпесі

  • креатинин клиренсінің төмендеуі

Жиі

  • диспепсия, қыжыл

  • сенсорлы нейропатия, дәм сезудің бұзылуы

  • бөртпе, терінің түлеуі

  • фебрильді нейтропения, инфекция/жұқтыру, қызба

  • дегидратация

  • АЛТ және АСТ жоғарылауы

  • бүйрек жеткіліксіздігі

  • конъюнктивит

Кейде

  • аритмия

  • кеуденің ауыруы

  • гамма-глутамилтранспептидазаның (ГГТ) жоғарылауы

  • моторлы нейропатия

Ұсақ жасушалы емес өкпе обырын (ҰЖӨО) – құрамында платина бар препараттармен индукциялық емдеуден кейінгі демеуші ем (фолий қышқылы мен В12 дәрумені қосылған)

Өте жиі

  • анемия, гемоглобин деңгейінің төмендеуі

  • АЛТ жоғарылауы

  • шаршағыштық

  • жүрек айнуы, анорексия

  • бөртпе, терінің түлеуі

Жиі

  • нейтропения, лейкопения, тромбоцитопения

  • АСТ жоғарылауы

  • құсу, диарея, іш қату

  • шырышты қабаттың қабынуы, стоматит

  • сенсорлы нейропатия, моторлы нейропатия, бас айналуы

  • алопеция, қышыну

  • ауыру, ісіну, қызба (нейтропения болмағанда)

  • бүйрек функциясының бұзылуы (креатинин клиренсі төмендеуін, креатинин деңгейінің жоғарылауын, шумақшалық сүзілу жылдамдығының төмендеуін, бүйрек жеткіліксіздігін қоса)

  • көздің сыртқы қабатының ауыруы (оның ішінде конъюнктивит), жас ағуының күшеюі

Кейде

  • суправентрикулярлы аритмия

  • мультифомалы эритема

  • фебрильді нейтропения, аллергиялық реакция, аса жоғары сезімталдық

Ұсақ жасушалы емес өкпе обырын (ҰЖӨО) – Пемгемнің цисплатинмен біріктірілімімен индукциялық емнен кейінгі демеуші ем (фолий қышқылы мен В12 дәрумені қосылған)

Өте жиі

  • анемия

  • шаршағыштық

  • жүрек айнуы

Жиі

  • нейтропения, тромбоцитопения

  • фебрильді нейтропения

  • құсу

  • шырышты қабаттың қабынуы, стоматит

  • ісінуі

Кейде

  • қарыншалық тахикардия

  • естен тану

  • ауыру

  • ішек бітелісі

  • депрессия

  • бүйрек жеткіліксіздігі

  • өкпе артериясының эмболиясы

Ұсақ жасушалы емес өкпе обыры (ҰЖӨО) – алдыңғы химиялық емнен кейін (фолий қышқылы мен В12 дәрумені қосылған)

Өте жиі

  • анемия, лейкопения, нейтропения

  • жүрек айнуы, анорексия, құсу, диарея

  • стоматит, фарингит

  • шаршағыштық

  • бөртпе, терінің түлеуі

Жиі

  • тромбоцитопения

  • АЛТ және АСТ жоғарылауы

  • іштің ауыруы, іш қату

  • қызба

  • қышыну

  • алопеция

  • аллергиялық реакция, аса жоғары сезімталдық, фебрильді нейтропения, инфекция/жұқтыру

  • мультиформалы эритема

  • моторлы нейропатия, сенсорлы нейропатия

  • креатинин деңгейінің жоғарылауы

Кейде

  • суправентрикулярлы аритмия

Плевраның қатерлі мезотелиомасы (ПҚМ) (фолий қышқылы мен В12 дәрумені қосылған)

Өте жиі

  • анемия, лейкопения, нейтропения/гранулоцитопения, тромбоцитопения

  • гемоглобин деңгейінің төмендеуі

  • креатинин деңгейінің жоғарылауы, креатинин клиренсінің төмендеуі

  • жүрек айнауы, құсу, анорексия, диарея, іш қату

  • стоматит, фарингит

  • шаршағыштық

  • сенсорлы нейропатия

  • бөртпе

  • алопеция

Жиі

  • фебрильді нейтропения, инфекция/жұқтыру, қызба

  • кеуденің ауыруы

  • конъюнктивит

  • диспепсия, дәм сезудің бұзылуы

  • дегидратация

  • есекжем

  • АСТ, АЛТ, ГГТ жоғарылауы

  • бүйрек жеткіліксіздігі

Кейде

  • аритмия

  • моторлы нейропатия

Сондай-ақ, клиникалық зерттеулер барысында, әдетте, басқа цитоуытты агенттермен біріктірілімде тағайындағанда, кейде миокард инфарктісін, стенокардияны, ми қан айналымының бұзылуын және транзиторлық ишемиялық шабуылды қоса, елеулі жүрек-қантамырлық және цереброваскулярлық құбылыстардың пайда болуы туралы хабарланды. Пациенттердің көбінде анықталған бұзылыстармен бірге кардиоваскулярлық қауіп факторларының бар екені байқалды.

Клиникалық зерттеулер барысында кейде панцитопения, колит (кейде өліммен аяқталатын ішектен және тік ішектен қан кету, ішектің тесілуі, ішек некрозы және соқыр ішектің қабынуын қоса), интерстициальді пневмонит, тыныс алу жеткіліксіздігі (кейде өліммен аяқталатын), ісіну, эзофагиттің (оның ішінде сәулемен) пайда болуы туралы хабарланды.

Клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде сирек жағдайларда гепатиттің әлеуетті елеулі жағдайларының дамуы туралы хабарланды.

Клиникалық зерттеулер барысында шамамен 1% пациенттерде, кейбір жағдайларда өліммен аяқталатын сепсистің дамуы байқалды.

Клиникалық зерттеулердің деректері бойынша, келесі жағымсыз реакциялар қосымша фолий қышқылын және В12 дәруменін қабылдаған пациенттерде жиірек байқалды: артериялық гипертензия (11%), кеуденің ауыруы (8%) және тромбоз/эмболия (6%).

Әйелдермен салыстырғанда (16%) ерлердегі бөртпенің арту жағдайларын (24%) қоспағанда, Пемгем препаратын қолданудың қауіпсіздігіне жынысы мен нәсілінің ықпалы жөнінде деректер жоқ.

Постмаркетингтік хабарлар деректері бойынша жағымсыз реакциялар:

Пемгеммен монотеpапия және Пемгемнің цисплатинмен біріктірілімі

Кейде

  • жедел бүйрек жеткіліксіздігі

  • Пемгеммен емдегенге дейін, емдеу кезінде немесе емнен кейін сәулемен ем алған пациенттерде сәулелік пневмонит

  • шеткері ишемия (кейбір жағдайларда аяқ-қол некрозына әкелетін)

Сирек

  • иммунитетпен байланысты гемолиздік анемия

  • бұрын сәулемен ем алған пациенттерде сирек жағдайларда бұрын сәулемен ем алған аймақта жергілікті қабыну реакциясы байқалады («радиациялық жады»)

  • буллезді жағдай, Стивенс-Джонсон синдромын және уытты эпидермалық некролиз қоса (кейбір жағдайларда өліммен аяқталатын)

  • гемолиздік анемия

  • анафилаксиялық шок

  • интерстициальді пневмонит

  • колит, панкреатит

  • ісіну

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • пеметрекседке немесе препараттың қосымша компоненттеріне аса жоғары сезімталдық

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

  • сары қызбаға қарсы вакцинамен қатар қолдану

  • креатинин клиренсі минутына 45 мл-ден кем

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Пеметрексед, негізінен өзгермеген күйінде шумақтық сүзіліс және өзекшелік сөлініс жолымен бүйрекпен шығарылады. Пемгем препаратын нефроуытты препараттармен, (мысалы, аминогликозидтер, ілмектік диуретиктер, платина препараттары, циклоспорин) және/немесе бүйрекпен шығарылатын заттармен, (мысалы, пробенецид, пенициллин) бір мезгілде қолдану пеметрексед клиренсінің әлеуетті төмендеуіне әкелуі мүмкін.

in vitro зерттеулердің нәтижелері бойынша, Пемгем препараты P450 цитохромы изоферменттерімен (CYP3A, CYP2D6, CYP2C9, CYP1A2) метаболизденетін препараттармен іс жүзінде өзара әрекеттеспейді.

Фолий қышқылы және В12 дәрумені Пемгем препаратының уыттылығын төмендетеді, сондықтан 3-4 дәрежедегі гематологиялық және гематологиялық емес уыттылықта Пемгем препаратының дозасын төмендетуге қажеттілік сирек пайда болады. Пациенттерге құрамында 350 мкг-ден 1000 мкг дейін (орташа 400 мкг) тәуліктік дозада фолий қышқылы бар фолий қышқылы препараттары немесе мультидәрумендер тағайындалуы тиіс. Фолий қышқылы тәуліктік дозада Пемгемді бірінші рет енгізер алдында апта бойы кем дегенде 5 күн тағайындалуы тиіс.

Осындай дозалау барлық емдеу циклі кезінде және Пемгемді соңғы рет енгізгеннен кейін 21 күн ішінде жалғасуы тиіс. Пациенттерге сондай-ақ Пемгем препаратын бірінші рет енгізерден бір апта бұрын, ал содан кейін емдеуді бастаған соң әрбір 3 циклден кейін В12 дәруменін 1000 мкг дозада бұлшық ет ішіне бір рет енгізу қажет. В12 дәруменін сол дозада кейінгі енгізулер Пемгем препаратын енгізген күні жүргізілуі мүмкін.

Пемгем фармакокинетикасы фолий қышқылын ішке қабылдағанда, В12 дәруменін бұлшық ет ішіне қолданғанда және цисплатинмен біріктіріп қолданғанда өзгермейді. Цисплатин Пемгем фармакокинетикасына ықпал етпейді және Пемгемді қолданғанда платинаның жалпы клиренсі бұзылмайды.

Пемгеммен емдеу басталардан 1 күн бұрын, Пемгемді енгізген күні және енгізгеннен кейінгі күні дексаметазонды (немесе аналогын) 4 мг дозада күніне 2 рет тағайындау тері реакцияларының жиілігі мен айқындығын төмендетеді.

Пемгемді бүйрек функциясы қалыпты (креатинин клиренсі 80 мл/мин) науқастарда ибупрофенмен (күніне 4 рет 400 мг-ден) бір мезгілде қолдануға болады. Ибупрофенді Пемгеммен бірге тағайындағанда жеңіл немесе орташа дәрежедегі ауырлықтағы бүйрек жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі 45 - 79 мл/мин) науқастарда сақ болу керек.

Төмен және орташа дозаларда тағайындалған (325 мг әрбір 6 сағатта), аспирин Пемгемнің фармакокинетикасына әсер етпейді. Аспириннің жоғарырақ дозаларының Пемгем фармакокинетикасына ықпалы белгісіз.

Пемгемді бүйрек функциясы қалыпты пациенттерге (креатинин клиренсі 80 мл/мин) қабынуға қарсы стероидты емес дәрілермен (ҚҚСП) бірге тағайындағанда препарат дозасын түзету талап етілмейді.

Пемгемді жеңіл немесе орташа дәрежедегі ауырлықтағы бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге (креатинин клиренсі 45 - 79 мл/мин) ҚҚСП бірге тағайындағанда сақ болу керек.

Жеңіл немесе орташа дәрежедегі ауырлықтағы бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге Пемгем препаратын ҚҚСП (мысалы, ибупрофенмен) немесе аспиринмен жоғарырақ дозаларда бір мезгілде енгізуден Пемгем препаратын қабылдар алдындағы 2 күнде, қабылдаған күні және Пемгем препаратын қабылдағаннан кейін 2 күн ішінде аулақ болу керек.

Жартылай шығарылу кезеңі қысқа ҚҚСП (мысалы, диклофенак, индометацин) Пемгем қабылдар алдындағы 2 күнде, қабылдаған күні және Пемгем қабылдағаннан кейінгі 2 күн ішінде қолдану ұсынылмайды.

Пемгем және жартылай шығарылу кезеңі ұзақ ҚҚСП (мысалы, пироксикам, мелоксикам, рофекоксиб, набуметон) арасында өзара әрекеттесу мүмкіндігі туралы деректердің болмауы салдарынан, жеңіл немесе орташа дәрежедегі ауырлықтағы бүйрек жеткіліксіздігі бар ҚҚСП қабылдайтын барлық пациенттер Пемгем препаратын қабылдардан кем дегенде 5 күн бұрын, қабылдаған күні және қабылдағаннан кейін 2 күннің ішінде оларды қолдануды тоқтата тұруы тиіс.

Егер ҚҚСП қатар тағайындау талап етілсе, пациенттерге уыттылыққа, әсіресе бүйрек және асқазан-ішек жолы тарапынан миелосупрессия мен уыттылыққа қатаң мониторинг қажет.

Тромбоздың даму қаупінің артуына байланысты онкологиялық аурулары бар пациенттерде антикоагулянттарды жиі қолдану байқалады. Ауру кезінде коагуляция статусының жеке тұлға аралық жоғары өзгергіштігін және ішу арқылы қолданылатын антикоагулянттар мен ісікке қарсы химиялық ем арасындағы өзара әрекеттесу мүмкіндігін ескеріп, ішуге арналған антикоагулянттармен ем жүргізу туралы шешім қабылдаған жағдайда Халықаралық қалыптастырылған қатынасты (ХҚҚ) мониторингілеу жиілігін арттыру талап етіледі.

Пемгем Рингер лактат ерітіндісі және Рингер ерітіндісімен үйлесімсіз.

Пемгемді басқа препараттармен және ерітінділермен бірге тағайындау зерттелген жоқ, сондықтан ұсынылмайды.

Пемгемді сары қызбаға қарсы вакцинамен вакциналық аурудың өліммен аяқталатын түрінің даму қаупіне байланысты бір мезгілде қолдануға болмайды. Пемгемді басқа тірі аттенуирленген вакциналармен өліммен аяқталу мүмкіндігі бар жүйелі аурулардың пайда болу қаупіне байланысты бірге тағайындау ұсынылмайды. Негізгі ауруының аясында иммунитеті әлсіреген пациенттерде қауіптің жоғарылауы байқалады. Бар болған жағдайда, инактивацияланған вакцинаны (мысалы, полиомиелитке қарсы вакцина) қолдануға болады.

Айрықша нұсқаулар

Пемгем ісікке қарсы препараттарды қолдануда тәжірибесі бар дәрігердің бақылануымен тағайындалуы керек.

Пемгем нейтропения, тромбоцитопения және анемиямен (немесе панцитопения) білінетін сүйек кемігінің функциясын бәсеңдетуі мүмкін. Миелосупрессия әдетте дозаны шектейтін уыттылық болып табылады.

Пациенттерге ем кезінде миелосупрессияның барына мониторинг жасалуы керек және Пемгем препаратын нейтрофилдердің абсолютті санына (НАС) ≥1500 және тромбоциттердің ≥100 000 жасуша/мм3 санына жеткенше пациенттерге тағайындауға болмайды. Емнің кейінгі циклдерінде дозаны төмендету НАС көрсеткішіне, тромбоциттер санына және алдыңғы циклдің ең жоғары гематологиялық емес уыттылығына негізделген.

Пемгем қабылдайтын пациенттер еммен байланысты гематологиялық және гастроинтестинальді уыттылықты төмендету үшін профилактикалық шара ретінде фолий қышқылын және В12 дәруменін қабылдауы тиіс.

Дексаметазонмен (немесе аналогымен) алдың ала ем тері реакциясының жиілігі мен білінуінің ауырлығын төмендетеді.

Препаратты қолдануды бастар алдында нейтрофилдердің абсолютті саны мкл-де 1 500, тромбоциттер мкл-де 100 000, креатинин клиренсі минутына ≥45 мл құрауы тиіс. Пемгемді әрбір енгізер алдында лейкоцитарлық формуланы және тромбоциттерді санаумен қанның жалпы талдауын жүргізу керек.

Бүйрек және бауыр функциясын бағалау үшін мезгіл-мезгіл қанның биохимиялық талдауын жүргізу керек.

Асциттің немесе плевриттің клиникалық көріністері бар науқастарға Пемгем қолдануды бастар алдында жалқықты дренаждауды жүргізу мүмкіндігін қарастыру керек, өйткені осы жағдайлардың Пемгем әсеріне ықпалы белгісіз.

Онкологиялық науқастарда иммундық статустың бәсеңдеуіне байланысты тірі аттенуирленген вакциналарды қатар пайдалану ұсынылмайды.

Егде пациенттер. Клиникалық зерттеулерде 65 жастан кіші пациенттермен салыстырғанда 65 жастағы және одан асқан пациенттерде жағымсыз әсерлер дамуының жоғары қаупі байқалған жоқ. Дозаларды төмендету режимі барлық пациенттер үшін жалпы ұсынымдарға сәйкес болуы керек.

Балалар мен жасөспірімдер. Пемгемді 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде қолдану ұсынылмайды, өйткені осы популяцияда қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер. Креатинин клиренсінің минутына 45 мл-ден кем емес көрсеткішінде препараттың дозасы мен енгізу режимін түзету талап етілмейді. Креатинин клиренсінің көрсеткіші минутына 45 мл-ден кем пациенттерге Пемгем қолдану ұсынылмайды (препаратты науқастардың осы санатында қолдануға қатысты деректердің жеткіліксіз болуына байланысты).

Жеңіл және орташа бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер (креатинин клиренсі 45-тен 79 мл/мин дейін) Пемгем қолданғанға дейін 2 күн ішінде, 2 күннен кейін және тікелей тағайындалған күні ибупрофен және аспирин (күніне >1,3 г) секілді қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды қабылдаудан аулақ болуы керек. Жеңіл және орташа бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде жартылай шығарылу кезеңі ұзартылған ҚҚСП қабылдау Пемгем енгізерден 5 күн бұрын, енгізілген күні және енгізгеннен кейін 2 күннен кем емес уақытқа тоқтатылуы тиіс.

Жедел бүйрек жеткіліксіздігін қоса, бүйрек тарапынан елеулі бұзылыстар Пемгеммен монотерапияда немесе басқа химиялық ем препараттарымен біріктірілген емде байқалды.

Организмінде жоғарыда аталған бұзылыстар пайда болған көптеген пациенттерде дегидратация, гипертония немесе диабетті қоса, бүйрек функциясы бұзылуының даму қаупінің бастапқы факторлары болды.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер. Пемгемді бауыр функциясы бұзылған пациенттерде (билирубин құрамының қалыптың жоғары шегінен (ҚЖШ) 1.5 еседен аса жоғарылауы); трансаминазалар деңгейінің ҚЖШ 3 еседен астам (бауырда метастазалары болмағанда) немесе ҚЖШ 5 еседен астам (бауырда метастазалары болғанда) қолдану туралы деректер жоқ.

Пемгемнің цисплатинмен біріктірілімінде асқазан-ішектік уыттылық болуына байланысты ауыр сусыздану байқалды. Осылайша, пациенттер Пемгеммен емдеуге дейін және/немесе кейін құсуға қарсы препараттармен талапқа сай ем және тиісті гидратациялық ем алуы тиіс.

Пемгем генетикалық бұзылыстар туындатуы мүмкін. Жыныстық жетілген ерлерге Пемгеммен емдеу кезінде және емнен кейін 6 айға дейін әке болу ұсынылмайды. Жүкті болуға қарсы препараттарды қолдану ұсынылады. Пемгемнің қайтымсыз белсіздікті туындатуының әлеуетті мүмкіндігін ескеріп, ерлерге емді бастағанға дейін сперманы сақтауға қатысты кеңес алу ұсынылады.

Бала туатын жастағы әйелдер Пемгеммен ем кезінде контрацепцияның тиімді әдістерін қолдануы тиіс.

Пемгеммен ем жүргізуге дейін, ем кезінде немесе емнен кейін сәулемен ем алған пациенттерде радиациялық пневмония жағдайлары тіркелген. Аталған пациенттерге айрықша назар аудару және басқа радиосезімтал агенттерді пайдаланғанда сақ болу керек.

Сирек жағдайларда, әдетте басқа цитоуытты агентпен біріктірілімде тағайындағанда, Пемгемді клиникалық зерттеулер барысында миокард инфарктісін, цереброваскулярлы бұзылыстарды қоса, жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан елеулі бұзылыстардың пайда болуы туралы хабарланды. Анықталған бұзылыстары бар пациенттердің көбінде кардиоваскулярлық қауіп факторының бары анықталды.

Дәрілік заттардың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне Пемгем білдіретін әсерлерге зерттеу жүргізілген жоқ. Алайда препаратты қолдану нәтижесінде шаршағыштықтың даму мүмкіндігі туралы хабарланды, осыған байланысты, пациенттер Пемгеммен емделуде көлік құралдарын жүргізуден немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқарудан бас тартуы керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: Пемгемнің артық дозалануынан күтілетін симптомдар нейтропения, тромбоцитопения және анемиямен байқалатын сүйек кемігінің бәсеңдеуін қамтиды. Сондай-ақ, қызбамен және қызбасыз салдарлы инфекцияның қосылуы, диарея, шырышты қабықтардың қабынуы, сенсорлы полинейропатия, бөртпе байқалуы мүмкін.

Емі: лейковорин немесе тимидинді дереу қолдануды қоса (лейковориннің ұсынылған дозасы 100 мг/м2, вена ішіне бір рет, әрі қарай - 50 мг/м2, вена ішіне әрбір 6 сағатта 8 күн бойы), сиптоматикалық ем.

Қанның клиникалық талдауына мониторинг және демеуші ем жүргізу қажет. Кальций фолинаты немесе фолий қышқылын Пемгемнің артық дозалануын емдеуде қолдану мүмкіндігін қарастыру керек. Пемгемнің диализге ұшырау қабілеті белгісіз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Инертті минералмен күшейтілген бромбутилді эластомерден жасалған тығынмен тығындалған және пластик қалпақшасы бар алюминий қақпақпен қаусырылған боросиликатты шыны құтыға 100 мг және 500 мг препараттан құяды.

Пластик контейнерге 1 құтыдан салады.

Бір пластик контейнерден медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25C-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Дайындалған ерітіндіні дайын болғаннан кейін сол сәтте пайдаланады.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/Қаптаушы

Д-р. Редди’c Лабораторис Лимитед/ Dr. Reddys Laboratories Ltd. FTO - VII, Plot No P1 to P9, Phase III, Duvvada, VSEZ, Vishakapatham, Andhra Pradesh, India, Үндістан

Тіркеу куәлігінің иесі:

Д-р. Редди’c Лабораторис Лимитед, 8-2-337, Hyderabad - 500034. Telegana, India, Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы

«Д-р Редди’с Лабораторис Лимитед» компаниясының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі: 050057 Алматы қ., 22 линия к-сі, 45,

8 (727) 3941699, 8 (727) 3941689, факс:3941294 (110)

Прикрепленные файлы

Пемгем_инструкция_рус.doc 0.13 кб
Пемгем_инструкция_каз.doc 0.19 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники