Пафесан

МНН: Лидокаина гидрохлорид, Хлоргексидин диглюконата
Производитель: "Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш."
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Прочие препараты
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№024148
Информация о регистрации в РК: 06.06.2019 - 06.06.2024

Инструкция

Саудалық атауы

Пафесан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Жергілікті қолдануға арналған ментол дәмімен спрей, 2 мг/0.5 мл

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

Белсенді зат: 2 мг хлоргексидин глюконаты (хлоргексидин

биглюконатының ертіндісі түрінде),

0,5 мг лидокаин гидрохлориді.

Қосымша заттар: глицерин, сусыз этанол, сукралоза, лимон қышқылының моногидраты, эвкалипт майы, левоментол, тазартылған су

Сипаттамасы

Ментол, эвкалипт және спирт иісті, дәмі тәтті, бір текті мөлдір түссіз ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Респираторлық жүйе. Тамақ ауруын емдеуге арналған препараттар. Антисептиктер. Басқа да препараттар.

АТХ коды R02AA20

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Жергілікті қолданған кезде лидокаиннің жансыздандыратын әсері 2-5 минуттан соң дамиды және 30-45 минут бойы жалғасады. Анестезия беткейлік болады және шырыш астындағы құрылымдарға таралмайды. Лидокаин гематоэнцефалдық бөгет және плацента арқылы өтеді, әрі адамның емшек сүтіне бөлінеді. Ол бауырда бірінші метаболизмге ұшырайды. Алғашқы екі метаболит моноэтилглицинэксилидид және глицинэксилидит фармакологиялық белсенді. Зат организмнен бүйрек арқылы метаболиттер түрінде шығарылады, 10% организмнен өзгермеген зат түрінде шығарылады. Лидокаиннің жартылай шығарылу кезеңі ересектерде 1,5-2 сағатты және жаңа туған нәрестелерде 3 сағаты құрайды. Лидокаин метаболиттерінің жартылай шығарылу кезеңі 2-ден 10 сағатқа дейін ауытқып тұруы мүмкін.

Хлоргексидин шырышты қабық және тері арқылы іс жүзінде сіңбейді. Хлоргексидин сілекей арқылы жұтылуы мүмкін, бірақ оның АІЖ-да сіңірілуі өте төмен. Хлоргексидин елеусіз дәрежеде бауырда метаболизденеді және негізінен өтпен ішек арқылы шығарылады. Әдетте хлоргексидиннің 90% өзгермеген күйде нәжіспен шығарылады.

Фармакодинамикасы

Пафесан препараты жергілікті ауыруды басатын және бактерияға қарсы әсер көрсетеді. Препарат жұтқыншақ қабынуын азайтып, тамақтың аса күрделі бактериялық инфекцияларының даму мүмкіндігін төмендетумен, тітіркенген және жұтынған кездегі ауыруды жеңілдетеді.

Лидокаин гидрохлориді шеткері жергілікті әсер ететін амид типті анестетик түрінде болады. Ол қолданылған жердегі жүйке импульсінің өтуін бөгемей, беткейлік ауыруды басатын әсер көрсетеді.

Жергілікті анестетик ретінде, лидокаин осы топтың басқа да препараттары сияқты әсер ету механизміне ие болады; ол сезімтал, қозғалтқыш және вегетативтік жүйке талшықтарында генерацияны және жүйке импульстерінің өтуін бөгейді. Ол жасушалар жарғақшаларына тікелей ықпалын тигізіп, натрий иондарының жарғақша арқылы жүйке талшықтарына түсуін тежейді. Жансыздандырғыш әсерінің үдемелі таралуына орай, шеткері жүйкелерде электрлі қозу шегі артады, жүйке импульсінің өтуі баяулайды, ал әсер ету қуатының жаңғыруы әлсірейді, бұл түпкілікті нәтижеде жүйке импульсінің толық бөгелуіне әкеп соғады. Жалпы алғанда, жергілікті анестетиктер миелинденген ірі талшықтарға (жанасу, қысылу сезімі) қарағанда, миелинденбеген ұсақ (ауыру сезімі) және миелинденген ұсақ талшықтар (ауыру сезімі, температура), вегетативті жүйкелерді тезірек бөгейді.

Лидокаин молекулалық деңгейде белсенді емес жағдайдағы натрий иондық өзекшелерін спецификалық бөгейді, бұл әсер ету потенциалының генерациясын кедергілеп, лидокаинді жүйкеге жақын жергілікті қолданғанда жүйкелік импульстің өтуін болдырмайды.

Хлоргексидин бактерияларға қарсы грамоң және грамтеріс микроорганизмдерге (мысалы, Micrococcus sp., Staphylococcus sp., Bacillus sp., Clostridium sp., Corinebacterium sp.) әсер ететін катионды антисептик болып табылады. Ол сондай-ақ дерматофиттер мен зеңдерге қатысты микозға қарсы әсерге ие. Препарат бактериостатик ретінде төмен концентрацияларда әрекет етеді, ал жоғары концентрацияларда бактерицидтік әсер көрсетеді.

Хлоргексидинде оң заряд болады; осылайша, ол бактериялық жасуша қабырғасының теріс зарядталған бөліктерінде және жасушадан тыс құрылымдарда сіңіріледі. Сіңірілуі спецификалық және құрамында фосфаттары бар бактериялық жасуша қабырғасының тиісті бөліктерінде шоғырланады.

Хлоргексидин бактерияның цитоплазмалық жарғақшасымен байланысады. Ол тістердің теріс зарядталған беткейінде сіңіріледі. Белсенді заттардың аз мөлшері сілекеймен бірге асқазан-ішек жолына (АІЖ) түседі. Хлоргексидин сіңіруге ұшырамайды. Лидокаин ауыздың шырышты қабығы және жұтқыншақ арқылы сіңуі мүмкін. Алайда, оның ауқымды бөлігі қан ағымына жетпей ыдырайды.

Қолданылуы

- ауыздың (стоматиттер, гингивиттер) және жұтқыншақтың шырышты қабығының қабынуын жергілікті емдеу

- ауыздың шырышты қабығының қабынуы кезіндегі ауыруларды жою

- баспа симптомдарын (жұтыну кезіндегі ауыру, тітіркену) жеңілдету

Қолдану тәсілі және дозалары

Ересектер және 12 жастан асқан жасөспірімдер: бүріккіштің басу тетігіне 3-тен 5-ке дейінгі бірізді басу арқылы; емшараны күніне 6-дан 10 ретке дейін қайталау керек.

Пайдалану жөніндегі нұсқаулық:

  • Бүріккіш қондырмасын құтыға перпендикуляр бұрыңыз.

  • Ауызды кең ашады, бүріккішті жұтқыншаққа бағыттайды, тынысты кідіртеді және бүріккіштің басу тетігіне басады.

  • Егер спрей біршама уақыт ішінде пайдаланылмаса, спрей қондырмасын жуу ұсынылады, ол үшін мына нұсқауларды орындау қажет

  • Спрейді қақпағымен төмен қаратып төңкеріңіз және түтік толық босағанға дейін қондырманы басыңыз (ертіндінің шашырауы тоқтайды).

  • Спрей түтігін құтыдан шешіп алып ыстық суы бар ыдысқа бірнеше минутқа салу керек.

  • Түтікті судан шығарып, құрғату керек.

  • Спрей қондырмасын бөгеттеу үшін түтікті ол төмен қарап тұратындай етіп құтыға кигізу керек.

  • Спрей қондырмасынан препараттың шашырауын болдырмау үшін, әр қолданғаннан кейін түтікті қайтадан төмен қарату керек.

    Ересектер үшін ең жоғары бір реттік доза 1 мг хлоргексидинді (дене салмағына 0,02 мг/кг) және 0,25 мг лидокаинді (дене салмағына 0,005 мг/кг) құрайды.

    Хлоргексидиннің ең жоғары тәуліктік дозасы 10 мг, ал лидокаиннің - 2,5 мг құрайды.

    Қондырманы әрбір басқан сайын 0,1 мл ерітінді шашырайды.

    Жағымсыз әсерлері

    Төменде қолданылған жанама әсерлер жиілігінің параметрлері мынадай түрде анықталады: өте сирек (< 1/10000), белгісіз жиілікпен (деректердің жетіспеушілігіне орай жиілігі анықталмайды).

    Ауыз қуысында жергілікті, шектеулі уақыт қана және жұтқыншақ аумағында препараттың ұсынылған дозасын сақтаумен пайдаланғанда препарат дозасы жақсы көтерімді. Өте сирек аса жоғары сезімталдық реакциялары, мысалы, лидокаин тәрізді амид типті анестетиктерге жоғары сезімталдық нәтижесі болып табылатын, теріде тітіркену және бөртпе дамуы мүмкін. Соншалықты сирек жарыққа сезімталдық реакциялары дамуы мүмкін.

    Хлоргексидинді белгісіз жиілікпен ұзақ және үздіксіз қолданғанда тістердің уақытша қоңыр түске боялуы пайда болуы мүмкін. Алайда бұл өңезденуді жоюға болады.

    Қолдануға болмайтын жағдайлар

    - препараттың кез келген компонентіне белгілі аса жоғары сезімталдық

    - алкогольге тәуелділік

    - 12 жасқа дейінгі балалар

    Дәрілермен өзара әрекеттесуі

    Пафесан препараттын қолдану кезінде пациенттерге бір мезгілде жергілікті әсер ететін басқа да антисептиктік препараттарды пайдалану ұсынылмайды.

    Пафесанды холинэстераза тежегіштерімен (мысалы, неостигмин, дистигмин, пиридостигмин) немесе миастенияны емдеуге арналған басқа да дәрілік препараттармен бірге қолдануға болмайды. 1В (токаинид) типті аритмияға қарсы препараттарды қабылдап жүрген пациенттерге препаратты сақтықпен қабылдау керек.

    Айрықша нұсқаулар

    Дене температурасының жоғарылауымен бірге жүретін бактериялық инфекцияларда Пафесан қосымша дәрілік зат ретінде қолданылады.

    Препарат құрамында ментол бар, сондықтан анамнезде бұлшықеттердің түйілуі бар кішкентай балаларға оны сақтықпен тағайындау керек.

    Пафесан құрамында глицерин бар. Жоғары дозаларда глицерин бас ауыруын, ас қорытудың бұзылуын туындатуы мүмкін.

    Препарат құрамында этанол бар. Бауыр және эпилепсия аурулары бар пациенттер бұл фактіні ескеруі керек.

    Аса жоғары сезімталдық реакцияларына бейім пациенттерге Пафесанды сақтықпен қабылдау керек.

    Пациенттер бұл дәрілік затты үздіксіз немесе өте жиі қолданбауы керек. Оны қабынудан туындаған жұтқыншақтың ауруын немесе тітіркенуін жеңілдетуге дейін пайдалану ұсынылады.

    Егер пациенттің жағдайы препаратты 3-4 күн қабылдағаннан кейін жақсармаса, басқа емдеу тәсілін тағауындау керек.

    Препараттың көзге жақын шашырауын болдырмау керек.

    Препаратты шашқаннан кейін бірден ас, сусын ішуге немесе тіс тазалауға болмайды.

    Педиатрияда қолданылуы

    12 жасқа дейінгі балаларға препаратты қолдануға болмайды.

    Жүктілік және лактация кезеңінде қолданылуы

    Жүктілік және лактация кезеңінде препаратты пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес және қысқа мерзім ішінде.

    Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

    Автомобильді немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару мүмкіндігіне зерттеулер жүргізілген жоқ.

    Артық дозалануы

    Шамадан тыс дозаларды (тәулігіне спрейдің бір құтысынан артық) енгізгеннен кейін, жұтуда бұзылыстар (жұту рефлексін бақылаудың әлсіреуі) болуы мүмкін.

    Ересек адамға лидокаиннің уытты дозасы 0,5 г-нан бастап және одан жоғарыны (бұл препараттың бірнеше құтысы) құрайды.

    Симптомдары: нәтижесі орталық жүйке жүйесіне және жүрек-қан тамыр жүйесіне әсер ету болып табылатын жүйелік уыттану.

    Жүйелік уыттану кезінде дамуы мүмкін: орталық жүйке жүйесі және жүрек-қан тамыр жүйесі функцияларының бұзылуы (күйгелектік, есінеу, қозу, құлақтағы шуыл, нистагм, бұлшықет треморы, құрысулар, депрессия, тыныстың бұзылуы), жүрек-қан тамыр жүйесі тарапынан бұзылулар (миокард тонусын жоғалту, шеткері вазодилатация, гипотония, аритмия).

    Емі: артық дозалану симптомдары пайда болған кезде, емдеуді дереу тоқтату керек. Құстыру және асқазанды шаю қажет. Аса ауыр жағдайларда тыныс алуын және қан айналымын демеу үшін пациент ауруханаға жатқызылады.

    Шығарылу түрі және қаптамасы

    30 мл препараттан механикалық бүріккіші бар шыны құтыларда.

    1 құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

    Сақтау шарттары

    25º С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

    Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

    Сақтау мерзімі

    5 жыл.

    Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

    Дәріханалардан босатылу шарттары

    Рецептісіз

    Өндіруші

    «Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш.», Түркия

    (Багджылар Илчеси, Гюнешли, Эврен Махаллеси, Джами Йолу Джад. №50 К. 1В Земин 4-5-6, Стамбул)

    WORLD MEDICINE İLAÇ SAN. VE TİC. А.Ş.”, TURKEY

    (Bağcılar İlçesi, Güneşli, Evren Mahallesi, Cami Yolu Cad. No:50 K. 1B Zemin 4-5-6, İstanbul).

    Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

    «УОРЛД МЕДИЦИН ЛТД», Грузия

    Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстар) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

    «TROKA-S PHARMA» ЖШС,

    ҚР, Алматы, Түрксіб ауданы, Сүйінбай даңғылы, 222 Б

    Тел/факс: 8 (7272) 529090

    www.worldmedicine.kz

    Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта):

    «TROKA-S PHARMA» ЖШС,

    ҚР, Алматы, Сүйінбай даңғылы, 222 Б

    Ұялы тел.: +7 701 786 33 98 (24 сағат қолжетімді).

    e-mail: pvpharma@worldmedicine.kz

    Прикрепленные файлы

    Пафесан_1_ш_ментол.doc 0.06 кб
    Пафесан_1_ш_ментол_каз.docx 0.03 кб

    Отправить прикрепленные файлы на почту