Панграф
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Панграф
Халықаралық патенттелмеген атауы
Такролимус
Дәрілік түрі, дозасы
Капсулалар 0.5 мг, 1.0 мг, 5.0 мг
Фармакотерапиялық тобы
Антинеопластикалық және иммуномодуляциялайтын препараттар. Иммуносупрессанттар. Кальциневрин тежегіштері. Такролимус.
АТХ коды L04AD02
Қолданылуы
Бауыр, бүйрек немесе жүрек аллотрансплантаты реципиенттерінде трансплантат қабылданбай ажырауының профилактикасында.
Басқа иммуносупрессорлық препараттармен емдеуге төзімді аллотрансплантат қабылданбай ажырауын емдеуде.
Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- такролимусқа немесе басқа макролидтерге немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
-тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға
- бала емізу кезеңі
Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары
Практикада такролимус дәрілік заттарын қолданудағы қателер байқалды, оның ішінде пациенттерді такролимустың бір дәрілік түрінен (стандартты немесе ұзартылған) екіншісіне негізсіз, абайсызда немесе бақылаусыз ауыстыру орын алған. Бұл ауыр жағымсыз әсерлерге, соның ішінде трансплантаттың қабылданбай ажырауына немесе такролимустың жеткіліксіз немесе шамадан тыс әсері салдарынан болатын басқа да жағымсыз әсерлерге әкеп соқты. Пациенттерді тиісті дозалау режимі бар такролимустың дәрілік түрлерінің бірінде жүргізген жөн: дәрілік түрін немесе дозалау режимін өзгертуді трансплантология саласындағы маманның бақылауымен ғана жүзеге асыру қажет.
Бастапқы трансплантациядан кейінгі кезеңде келесі параметрлерге тұрақты мониторинг жүргізу керек: артериялық қысым, ЭКГ, неврологиялық статус және көру қабілетінің жағдайы, аш қарынға гликемия деңгейі, электролиттер концентрациясы (әсіресе, калий), бауыр және бүйрек функциясының көрсеткіштері, гематологиялық параметрлері және коагуляция мәндері, қан плазмасындағы ақуыз концентрациясы. Клиникалық маңызды өзгерістер болған кезде иммуносупрессивті емді түзету қажет.
Өзара әрекеттесу әлеуеті бар препараттар
Өзара әрекеттесу әлеуеті бар препараттарды - әсіресе CYP3A4 күшті тежегіштерін (телапревир, боцепревир, ритонавир, кетоконазол, вориконазол, итраконазол, телитромицин немесе кларитромицин сияқты) немесе Панграф препаратымен біріктірілген CYP3A4 индукторларын (рифампицин сияқты) қолдану кезінде қажет болған жағдайда емдік әсерді демеу үшін дозаны түзету мақсатында қандағы такролимус деңгейін бақылау керек.
Панграф препаратын қолданғанда құрамында шайқурай (Hypericum perforatum) бар өсімдік тектес дәрілер, сондай-ақ қанда такролимус концентрациясының төмендеуіне әкелетін және препараттың клиникалық әсеріне қолайсыз әсер ететін, басқа да өсімдік тектес дәрілерді тағайындаудан аулақ болу керек.
Циклоспорин мен такролимусты бір мезгілде қолданудан аулақ болған жөн, сондай-ақ бұрын циклоспорин алған пациенттерді такролимуспен емдеу кезінде сақтық таныту қажет.
Калий немесе калий сақтайтын диуретиктерді көп тұтынудан аулақ болу керек.
Нефроуытты немесе нейроуытты әсері бар белгілі препараттармен такролимустың белгілі бір біріктірілімі осы әсерлердің қаупін арттыруы мүмкін.
Вакцинация
Иммунодепрессанттар вакцинация реакциясына әсер етуі мүмкін, ал такролимуспен емдеу кезінде вакцинацияның тиімділігі аз болуы мүмкін. Тірі аттенуирленген вакциналарды пайдаланудан аулақ болу керек.
Асқазан-ішек бұзылыстары
Такролимус қабылдаған пациенттерде асқазан-ішек жолының тесілуі туралы хабарланды. Асқазан-ішек жолының тесілуі өмірге қауіпті жағдайға әкеп соғуы мүмкін медициналық маңызды оқиға болғандықтан, симптомдар пайда болғаннан кейін дереу тиісті емдеуді қарастырған жөн.
Диарея жағдайында қандағы такролимус концентрациясының деңгейі айтарлықтай өзгеруі мүмкін, диарея пайда болған кезде қандағы такролимус концентрациясын мұқият бақылау қажет.
Жүрек тарапынан бұзылыстар
Кардиомиопатия ретінде хабарланған қарыншалық гипертрофия немесе қарыншааралық қалқа гипертрофиясы жағдайлары сирек кездеседі, бірақ такролимус қабылдаған пациенттерде байқалды. Көп жағдайда миокард гипертрофиясы қайтымды болды, ең алдымен ұсынылған деңгейден асатын қандағы такролимустың қалдық концентрациясы бар балаларда байқалды. Бұл жағымсыз құбылыстың қаупін арттыратын басқа факторларға мыналар жатады: бұрыннан жүрек ауруының болуы, кортикостероидтарды қолдану, артериялық гипертензия, бүйрек және бауыр дисфункциясы, инфекциялар, гиперволемия, ісінулер. Қаупі жоғары және қарқынды иммуносупрессивті ем алатын пациенттерге, әсіресе трансплантацияға дейін және одан кейін (мысалы, 3 айдан кейін және одан кейін 9-12 айдан кейін) балаларға эхо-кардиографиялық және электр кардиографиялық бақылау жүргізу қажет. Егер ауытқулар анықталса, такролимус дозасын төмендету немесе оны басқа иммуносупрессантқа ауыстыру туралы мәселені қарастыру керек. Такролимус QT аралығының ұзаруына әкелуі мүмкін, бұл «пируэт» типті (екі бағытты қарыншалық тахикардия) аритмияны тудыруы мүмкін. Диагноз қойылған немесе күдікті туа біткен QT аралық синдромы бар пациенттерді, сонымен қатар QT аралығын ұзартатыны, электролиттік бұзылулар тудыратыны немесе такролимустың әсерін арттыратыны белгілі ілеспе препараттарды қабылдайтын пациенттерді емдеу кезінде ерекше сақ болу керек.
Лимфопролиферациялық аурулар және қатерлі жаңа түзілімдер
Такролимуспен емделген пациенттерде Эпштейн-Барр вирусымен (EBV) байланысты лимфопролиферациялық бұзылыстардың дамуы сипатталған. Емдеу барысында полимеразды тізбекті реакция (ПТР) көмегімен Эпштейн-Барр вирусына мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады. 2 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ Эпштейн-Барр вирусының (EBV) капсидті антигеніне тесті теріс балалар лимфопролиферациялық аурулардың даму қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан препаратты осы пациенттер тобына тағайындар алдында Эпштейн-Барр вирусының капсидті антигенінің болуына серологиялық зерттеу жүргізу керек. Емдеу барысында полимеразды тізбекті реакция (ПТР) көмегімен Эпштейн-Барр вирусына мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады. Эпштейн-Барр вирусына оң ПТР бірнеше ай бойы сақталуы мүмкін және өзінше лимфопролиферациялық аурулардың немесе лимфоманың дәлелі болып табылмайды.
Иммуносупрессивті ем терінің қатерлі жаңа түзілімдер қаупін арттырады, сондықтан инсоляцияны және ультракүлгін сәулеленуді шектеу, тиісті киім кию, қорғаныс факторы жоғары күннен қорғайтын заттарды қолдану ұсынылады.
Басқа да қуатты иммуносупрессиялық дәрілер жағдайындағы сияқты, салдарлы обыр қаупі белгісіз.
Қайтымды артқы энцефалопатия синдромы
Такролимуспен емдеу аясында қайтымды артқы энцефалопатия синдромының пайда болуы туралы хабарламалар бар. Егер такролимусты қабылдаған пациентте қайтымды артқы энцефалопатия синдромына тән симптомдар пайда болса: бас ауыруы, психикалық бұзылулар, құрысулар және көрудің бұзылуы болса, магнитті-резонанстық томография жүргізу қажет. Диагноз расталған кезде артериялық қысым мен құрысуды талапқа сай бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ такролимусты жүйелі енгізуді дереу тоқтату қажет. Тиісті шаралар қолданылған жағдайда бұл жағдай пациенттердің көпшілігінде толығымен қайтымды.
Офтальмологиялық аурулар
Такролимуспен емделген пациенттерде кейде көрмей қалуға дейін үдемелі көру бұзылулары байқалды. Кейбір жағдайларда балама иммуносупрессияға көшкеннен кейін жойылғаны туралы хабарланған. Пациенттерге көру өткірлігіндегі өзгерістер, түс көруінің өзгерістері, көрудің бұлыңғырлануы немесе көру өрісінің ақауы туралы хабарлауды ұсыну қажет және мұндай жағдайларда офтальмологтың дереу консультациясы ұсынылады.
Инфекциялар, оппортунистік инфекцияларды қоса
Такролимусты қоса алғанда, иммунодепрессанттар алатын пациенттер оппортунистік инфекцияларды (бактериялық, зеңдік, вирустық және қарапайым) қоса алғанда, BK вирусымен ассоциацияланған нефропатия және JC (PML) вирусымен астасқан үдемелі мультифокальды лейкоэнцефалопатия сияқты инфекциялардың жоғары қаупіне ұшырайды. Пациенттер сондай-ақ вирусты гепатитті жұқтырудың жоғары қаупіне (мысалы, В және С гепатитін реактивациясы, сондай-ақ созылмалы болып қалуы мүмкін Е гепатиті) ұшырайды. Бұл инфекциялар жиі жоғары жалпы иммуносупрессиямен байланысты және бауыр немесе бүйрек функциясының нашарлауы немесе неврологиялық симптомдары бар иммуносупрессиясы бар пациенттерде дифференциалды диагностика кезінде дәрігерлер ескеруі тиіс ауыр жағдайларға немесе өлімге әкелуі мүмкін. Профилактика және емдеу тиісті клиникалық ұсыныстарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
Қызыл жасушалардың шынайы аплазиясы
Такролимус қабылдаған пациенттерде шынайы эритроциттік аплазия (PRCA) жағдайлары тіркелген. Барлық пациенттерде PRCA үшін қауіп факторлары байқалды, мысалы, парвовирустық В19 инфекциясының, аурудың немесе PRCA-ның даму мүмкіндігімен байланысты қатарлас жүретін емнің болуы.
Қосымша заттар
Панграф препаратының құрамында лактоза бар болғандықтан, тұқым қуалайтын галактоза көтере алмаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға қолдануға болмайды.
Панграф препаратының құрамында 0,250 мг, 0,500 мг, 2.50 мг мөлшерінде натрий кроскармеллозасы бар және тұзсыз диетаны ұстанатын адамдарға тағайындағанда сақтықпен қолданылады.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Метаболизмдік өзара әрекеттесу
Жүйелі қолжетімді такролимус айтарлықтай дәрежеде CYP3A4 бауыр цитохромымен метаболизденеді. Сондай-ақ, ішектің жақтауында CYP3A4 цитохромымен асқазан-ішек метаболизмі туралы деректер бар. CYP3A4-ке белгіленген тежейтін немесе индукциялайтын әсері бар дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау тиісінше қандағы такролимус концентрациясын арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сондықтан такролимустың бірдей концентрациясын ұстап тұру үшін CYP3A4 метаболизмін ықтимал өзгерте алатын және такролимус дозасын тиісті түрде түзете алатын заттарды бір мезгілде пайдаланған кезде қандағы такролимус деңгейін бақылау ұсынылады.
Метаболизм тежегіштері
Қандағы такролимустың деңгейін арттыратын препараттар
Зеңге қарсы препараттармен (кетоконазол, флуконазол, итраконазол, вориконазол, изавуконазол), макролидті антибиотикпен эритромицин, АИТВ протеаза тежегіштерімен (мысалы, ритонавир, нельфинавир, саквинавир), С (HCV) гепатиті вирусы протеазасының тежегіштерімен (телапревир, боцепревир, омбитасвир ипаритапревирдің біріктірілімі), С (HCV) гепатиті вирусы протеазасының тежегіштерімен, (телапревир, омбитасвир ипаритапревир ритонавирмен біріктірілімде, дасабувирмен/немесе онсыз қолданғанда), кобицистатпен, тирозинкиназа тежегіштерімен (нилотинибпен және иматинибпен) айқын өзара әрекеттесулері анықталды. Бұл препараттарды бір мезгілде қабылдау барлық пациенттерде дерлік такролимус дозасын азайтуды талап етуі мүмкін.
Клотримазолмен, кларитромицинмен, джозамицинмен, нифедипинмен, никардипинмен, дилтиаземмен, верапамилмен, амиадорон даназолмен, этинил эстрадиолмен, омепразолмен, нефазодонмен және құрамында сермене экстрактісі бар емдік шөптермен әлсіз өзара әрекеттесулер байқалды.
Такролимус метаболизмінің әлеуетті тежегіштері мынадай препараттар болып табылады: бромокриптин, кортизон, дапсон, эрготамин, гестоден, лидокаин, мефенитоин, миконазол, мидазолам, нилвадипин, норетиндрон, хинидин, тамоксифен, тролеандомицин.
Грейпфрут шырыны қандағы такролимус деңгейін жоғарылатады, сондықтан оларды бірге қолданудан аулақ болу керек.
Лансопразол мен циклоспорин такролимустың CYP3A4 арқылы метаболизмін әлеуетті тежеуі және сол арқылы қандағы такролимустың концентрациясын арттыруы мүмкін.
Қандағы такролимус деңгейінің әлеуетті жоғарылауына әкелетін басқа өзара әрекеттесулер
Такролимус плазма ақуыздарымен кеңінен байланысады. Белгілі болғандай, плазма ақуыздарына жоғары тектестігі бар басқа дәрілік заттармен (мысалы, ҚҚСП, пероральді антикоагулянттар немесе пероральді диабетке қарсы дәрілер) ықтимал өзара әрекеттесулерді ескерген жөн.
Такролимустың жүйелік әсерін арттыратын басқа ықтимал әрекеттесулер прокинетикалық агент метоклопрамидті, циметидинді және магний гидроксиді мен алюминий гидроксидін қамтиды.
Метаболизм индукторлары
Клиникалық түрде келесі заттар үшін қандағы такролимус деңгейінің төмендегені көрсетілді:
Рифампицинмен, фенитоинмен, шілтерлі шайқураймен (Hypericum perforatum) күшті өзара әрекеттесулер байқалды, бұл барлық дерлік пациенттерде такролимустың дозасын арттыруды қажет етуі мүмкін.
Фенобарбиталмен клиникалық маңызды өзара әрекеттесулер де байқалды.
Кортикостероидтардың демеуші дозаларын қолданғанда қандағы такролимус деңгейінің төмендеуі байқалды.
Жедел қабылдамай ажырауды емдеу үшін тағайындалатын преднизолон немесе метилпреднизолонның жоғары дозалары қандағы такролимус деңгейін арттыруы немесе төмендетуі мүмкін.
Карбамазепин, метамизол және изониазол сияқты препараттар қандағы такролимус концентрациясын төмендетеді.
Такролимустың басқа дәрілік заттардың метаболизміне әсері
Такролимус CYP3A4 тежегіші болып табылады, сондықтан оны CYP3A4 метаболизденетін дәрілік заттармен бір мезгілде қолдану осындай препараттардың метаболизміне әсер етуі мүмкін.
Циклоспориннің жартылай шығарылу кезеңі такролимуспен бір мезгілде қолданғанда артады. Сонымен қатар, синергиялық/аддитивті нефроуытты әсерлер дамуы мүмкін. Осы себептер бойынша циклоспорин мен такролимусты біріктіріп қолдану ұсынылмайды және бұрын циклоспорин алған пациенттерге такролимусты тағайындағанда сақтық таныту қажет.
Такролимусты қабылдау қандағы фенитоиннің деңгейін жоғарылататыны атап өтілді.
Такролимус гормондар экспозициясының ұлғаюына әкелетін стероидты контрацептивтердің клиренсін төмендетуі мүмкін болғандықтан, контрацепцияны таңдау бойынша шешімге ерекше назар аудару керек.
Қазіргі уақытта такролимус пен статиндер арасындағы өзара іс-қимыл туралы мәліметтер жеткіліксіз. Қолда бар деректер такролимуспен бір мезгілде қолданған кезде статиндердің фармакокинетикасы өзгермейтінін көрсетеді.
Такролимус клиренсті азайтып, фенобарбитал мен феназонның жартылай шығарылу кезеңін ұлғайтуы мүмкін деген деректер бар.
Микофенол қышқылы
Микофенол қышқылының ішек-бауыр рециркуляциясына кедергі келтіретін циклоспоринмен біріктірілген емді бұндай әсері болмайтын такролимусқа ауыстырғанда сақ болу керек, себебі бұл микофенол қышқылының әсерінің өзгеруіне әкелуі мүмкін. Микофенол қышқылының ішек-бауыр цикліне әсер ететін препараттар плазмадағы деңгей мен микофенол қышқылының тиімділігін төмендетуі мүмкін. Микофенол қышқылының емдік дәрілік мониторингі циклоспориннен такролимусқа немесе керісінше ауысқан кезде мақсатқа сай болуы мүмкін.
Клиникалық жағымсыз әсерлермен басқа да өзара әрекеттесулер
Такролимусты нефроуытты немесе нейроуытты әсері бар препараттармен бірге қолдану осы әсерлерді күшейтуі мүмкін (мысалы, аминогликозидтер, ДНҚ-гираза тежегіштері, ванкомицин, сульфаметоксазол / триметоприм, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП), ганцикловир немесе ацикловир).
Нефроуыттылықтың күшеюі амфотерицин В және ибупрофенді такролимуспен бірге қабылдағаннан кейін байқалды.
Такролимуспен емдеу гиперкалиемияның дамуымен қатар жүруі мүмкін немесе бұрын болған гиперкалиемияны күшейтуі мүмкін болғандықтан, калий немесе калий сақтайтын диуретиктерді (мысалы, амилорид, триамтерен немесе спиронолактон) артық қабылдаудан аулақ болу керек.
Иммуносупрессанттар организмнің вакцинацияға реакциясын өзгерте алады. Такролимуспен емдеу кезінде вакцинация жүргізу тиімсіз болуы мүмкін. Тірі әлсіреген вакциналарды енгізуден аулақ болу керек.
Арнайы сақтандырулар
Жүктілік немесе лактация кезінде
Жүктілік
Адамдардан алынған мәліметтер такролимустың плацента арқылы өтуі мүмкін екенін көрсетеді. Ағза трансплантациясы реципиенттеріндегі шектеулі деректер жүктіліктің ағымына және нәтижесіне қолайсыз әсер ету қатерінің артуының дәлелдерін көрсетпеді, трансплантация ағзаларының реципиенттері басқа иммуносупрессивті дәрілік заттармен салыстырғанда такролимуспен емдеу кезінде жүктіліктің ағымына және нәтижесіне қолайсыз әсер ету қаупінің жоғары болуын көрсетпеді. Алайда, өздігінен болған түсік жағдайлары туралы хабарламалар бар. Бүгінгі күні басқа да эпидемиологиялық деректер қол жетімді емес.
Емдеу қажет болған жағдайда, такролимусты жүкті әйелдерде, қауіпсіз балама болмаған кезде және күтілетін пайда шарана үшін ықтимал қауіпті ақтаған кезде қарастыруға болады. Такролимустың ықтимал жағымсыз реакцияларын анықтау мақсатында жүктілік кезінде такролимусты қабылдаған нәрестелердің жағдайын, ықтимал қолайсыз реакциялардың болуына (атап айтқанда, бүйрек функциясына назар аудару қажет) бақылау ұсынылады. Мерзімінен ерте босану (< 37 апта), жаңа туған нәрестеде өтетін гиперкалиемияның даму қаупі бар.
Бала емізу
Клиникалық зерттеулер көрсеткендей, такролимус емшек сүтімен шығарылады. Препаратты лактация кезеңінде тағайындау қажет болғанда бала емізуді тоқтату керек, өйткені препараттың бала организміне жағымсыз әсер етуі жоққа шығарылмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Такролимус көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне елеусіз әсер етеді. Такролимус көрудің және неврологиялық бұзылыстарды тудыруы мүмкін, әсіресе егер Панграф алкогольмен бірге қабылданса, бұл әсер күшейіп кетуі мүмкін.
Қолдану жөніндегі нұсқаулар
Дозалау режимі
Панграф препаратымен емдеу тиісті біліктілігі және басқаруында қажетті жабдығы бар персонал тарапынан мұқият бақылауды талап етеді. Бұл препаратты трансплантацияланған ағзалары бар пациенттерде иммуносупрессивті ем жүргізу тәжірибесі бар дәрігерлер ғана тағайындай алады.
Пациенттерді әдеттегі капсулалардан такролимустың ұзартылған капсулаларына өздігінен, кездейсоқ немесе бақылаусыз ауыстыру қауіпті болып табылады. Бұл такролимус экспозициясында клиникалық мәнді айырмашылықтардың туындауы салдарынан трансплантаттың қабылданбай ажырауына немесе гипо - немесе гипериммуносупрессияны қоса алғанда, жағымсыз әсерлер жиілігінің артуына алып келуі мүмкін. Пациенттер ұсынылған дозалау режимін сақтай отырып, такролимустың дәрілік түрлерінің бірін қабылдауы керек. Дәрілік түрін немесе дозалау режимін өзгертуді трансплантология саласындағы маманның бақылауымен ғана жүзеге асырған жөн. Баламалы дәрілік түрге ауыстырғаннан кейін такролимустың жүйелі экспозициясын талапқа сай деңгейде ұстап тұру үшін мұқият емдік дәрілік мониторинг жүргізу және препарат дозасын түзету қажет.
Төменде ұсынылған бастапқы дозалар тек анықтама үшін арналған. Панграф препаратын дозалау ең алдымен әрбір пациентте қандағы деңгейді мониторингтеу көмегімен қабылданбай ажырау мен көтерімділіктің клиникалық бағалауына негізделуі тиіс (жаңа алынған қанның ұсынылатын ең төменгі мақсатты концентрациясын төменде қараңыз). Егер қабылданбай ажыраудың клиникалық белгілері айқын болса, иммуносупрессия режимін өзгерту мүмкіндігін қарастыру керек.
Панграф препаратын вена ішіне немесе пероральді қабылдауға болады. Әдетте дозалауды пероральді, қажет болған жағдайда назогастральді зонд арқылы суда суспензияланған капсуланың ішіндегісін енгізу арқылы бастауға болады.
Панграф препараты әдетте операциядан кейінгі бастапқы кезеңде басқа иммуносупрессанттармен бірге енгізіледі. Панграф препаратының дозасы таңдалған иммуносупрессия режиміне байланысты өзгеруі мүмкін.
Бауыр трансплантациясындағы дозалануы
Трансплантаттың қабылданбай ажырауының профилактикасы - ересектер
Такролимусты пероральді қабылдауды 0,10-нан 0,20 мг / кг / тәулігіне дейінгі дозадан екі қабылдау (мысалы, таңертең және кешке) арқылы бастау керек. Қабылдау операция аяқталғаннан кейін шамамен 12 сағаттан кейін басталуы керек.
Пациенттің клиникалық жағдайына байланысты пероральді енгізу мүмкін болмаған жағдайда, ем 24 сағат бойы үздіксіз вена ішіне инфузия түрінде тәулігіне 0,01-0,05 мг/кг такролимус енгізу жолымен жүргізу қажет.
Трансплантаттың қабылданбай ажырауының профилактикасы - балалар
Бастапқы дозасы тәулігіне 0,30 мг/кг екі қабылдау арқылы енгізіледі (мысалы, таңертең және кешке). Егер пациенттің клиникалық жағдайы пероральді енгізуге мүмкіндік бермесе, онда препарат 24 сағат бойы үздіксіз инфузия түрінде тәулігіне 0,05 мг/кг такролимус дозасында вена ішіне енгізілуі тиіс.
Ересек пациенттер мен балаларда трансплантациядан кейінгі кезеңде дозаны түзету.
Такролимус дозасын әдетте трансплантациядан кейінгі кезеңде төмендетеді. Кейбір жағдайларда басқа препаратпен қатарлас иммуносупрессивті емді тоқтатуға болады, бұл такролимус монотерапиясына әкеледі. Трансплантациядан кейін пациенттің жағдайын жақсарту такролимустың фармакокинетикасын өзгерте алады және дозаны одан әрі түзетуге әкелуі мүмкін.
Қабылданбай ажырау кезіндегі ем - ересектер мен балалар
Такролимустың жоғары дозалары, кортикостероидтармен қатар емдеу және моноклональді/поликлональді антиденелердің қысқа мерзімді курстарын қолдану қабылдамай ажырау көріністерін емдеу үшін қолданылады. Уыттылық белгілері пайда болған кезде (мысалы, елеулі жағымсыз реакциялар) такролимус дозасын азайту қажет.
Такролимуспен емдеуге ауысу үшін емдеуді бастапқы иммуносупрессия үшін бастапқы пероральді дозадан бастау керек.
Циклоспориннен Панграфқа ауысу туралы ақпарат алу үшін «Пациенттердің ерекше топтары» бөлімін қараңыз.
Бүйрек трансплантациясындағы дозалануы
Трансплантаттың қабылданбай ажырауының профилактикасы - ересектер
Такролимуспен пероральді емді тәулігіне 0,20-дан 0,30 мг/кг дейінгі дозадан екі рет (мысалы, таңертең және кешке) бастаған жөн. Препаратты қабылдауды операция аяқталғаннан кейін 24 сағат ішінде бастау керек. Пациенттің клиникалық жағдайына байланысты пероральді қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, ем 24 сағат бойы үздіксіз вена ішіне инфузия түрінде тәулігіне 0,05-0,10 мг/кг такролимус енгізу жолымен жүргізу қажет.
Трансплантаттың қабылданбай ажырауының профилактикасы - балалар
Бастапқы дозасы тәулігіне 0,30 мг/кг екі қабылдау арқылы енгізіледі (мысалы, таңертең және кешке). Егер пациенттің клиникалық жағдайы пероральді енгізуге мүмкіндік бермесе, онда 24 сағат бойы үздіксіз инфузия түрінде такролимустың тәулігіне 0,075-тен 0,100 мг/кг дейінгі венаішілік дозасынан бастау қажет.
Ересек пациенттер мен балаларда трансплантациядан кейінгі кезеңде дозаны түзету
Трансплантациядан кейінгі кезеңде такролимустың дозасы әдетте төмендейді. Кейбір жағдайларда такролимусты біріктірілген емнің негізгі компоненті ретінде қалдырып, ілеспелі иммуносупрессивті емді тоқтатуға болады. Трансплантациядан кейін пациенттің жағдайын жақсарту такролимустың фармакокинетикасын өзгерте алады және дозаны одан әрі түзетуге әкелуі мүмкін.
Қабылдамай ажырау кезіндегі ем - ересектер мен балалар
Такролимустың жоғары дозалары, кортикостероидтармен қатар емдеу және моноклональді/поликлональді антиденелердің қысқа мерзімді курстарын қолдану қабылдамай ажырау көріністерін емдеу үшін қолданылады. Уыттылық белгілері пайда болған кезде (мысалы, елеулі жағымсыз реакциялар) такролимус дозасын азайту қажет. Такролимуспен емдеуге ауысу кезінде емдеуді бастапқы иммуносупрессияға арналған бастапқы пероральді дозадан бастау керек.
Циклоспориннен Панграф препаратына ауысу туралы ақпарат алу үшін «Пациенттердің ерекше топтары» бөлімін қараңыз.
Жүректі ауыстырып қондыру кезіндегі дозалау бойынша ұсынымдар
Трансплантаттың қабылданбай ажырауының профилактикасы - ересектер
Такролимус антиденелермен индукциялық еммен үйлесімде (бұл препаратты қолдануды кейінге қалдыруға мүмкіндік береді) немесе клиникалық тұрақты науқастарда антиденелерді тағайындаусыз қолданылуы мүмкін.
Антиденелермен индукцияланудан кейін капсулалармен пероральді емдеуді науқастың клиникалық жағдайы тұрақтанғанда ғана, операциядан кейін 5 күн ішінде екі қабылдауға бөлінген (мысалы, таңертең және кешке) тәулігіне 0,075 мг/кг дозадан бастау қажет. Егер пациенттің жағдайы препаратты ішке қабылдауға мүмкіндік бермесе, үздіксіз 24 сағаттық инфузия түрінде тәулігіне 0,01-0,02 мг/кг дозадан венаішілік емдеуді бастау қажет.
Трансплантациядан кейін 12 сағат ішінде такролимусты пероральді қабылдаудан басталатын баламалы тәсіл бар. Бұл тәсіл ішкі ағзалардың (мысалы, бүйрек) дисфункциясының белгілері жоқ науқастарға арналған. Бұл жағдайда такролимус тәулігіне 2-4 мг бастапқы дозада микофенолат мофетилмен және кортикостероидтармен немесе сиролимус және кортикостероидтар біріктірілімімен біріктіріледі.
Трансплантаттың қабылданбай ажырауының профилактикасы - балалар
Такролимус антиденелермен индукциялық емдеумен бірге де, сондай-ақ балаларда жүрек трансплантациясы кезінде де өздігінен қолданыла алады. Антиденелермен индукция жүргізілмеген және такролимус вена ішіне енгізілген жағдайларда ұсынылатын бастапқы доза қандағы такролимус концентрациясына 15-25 нг/мл жеткенге дейін үздіксіз 24 сағаттық инфузия түрінде тәулігіне 0,03-0,05 мг/кг құрайды. Алғашқы клиникалық мүмкіндікте пациентті препаратты пероральді қабылдауға ауыстыру керек. Бастапқы пероральді доза тәулігіне 0,30 мг/кг құрауы және вена ішіне инфузияны тоқтатқаннан кейін 8-12 сағаттан соң тағайындалуы тиіс.
Антиденелермен индукциядан кейін капсулаларды пероральді қабылдауды екі қабылдауға бөлінген тәулігіне 0,10-0,30 мг/кг дозадан бастау керек (мысалы, таңертең және кешке).
Ересек пациенттер мен балаларда трансплантациядан кейінгі кезеңде дозаны түзету
Такролимус дозасын әдетте трансплантациядан кейінгі кезеңде төмендетеді. Трансплантациядан кейін пациенттің жағдайы жақсаруы такролимустың фармакокинетикасын өзгертуі мүмкін және дозаны одан әрі түзету қажет болуы мүмкін.
Қабылдамай ажырау кезіндегі ем - ересектер мен балалар
Такролимустың жоғары дозалары, кортикостероидтармен қатар емдеу және моноклональді/поликлональді антиденелердің қысқа мерзімді курстарын қолдану қабылдамай ажырау көріністерін емдеу үшін қолданылады. Пациенттерді капсулалармен емдеуге ауыстырған кезде ересектер үшін такролимустың бастапқы тәуліктік дозасын - тәулігіне 0,15 мг/кг екі қабылдауға (мысалы, таңертең және кешке) бөлу керек.
Балаларды такролимуспен емдеуге ауыстырған кезде бастапқы тәуліктік доза тәулігіне 0,20 -0,30 мг/кг құрайды, екі қабылдауға бөлінген (мысалы, таңертең және кешке).
Циклоспориннен Панграф препаратына ауысу туралы ақпарат алу үшін «Пациенттердің ерекше топтары» бөлімін қараңыз.
Дозалау бойынша ұсынымдар - басқа аллотрансплантаттардың қабылданбай ажырауы кезіндегі ем
Өкпе, ұйқы безі мен аш ішек трансплантациясы үшін такролимус препаратын дозалау бойынша ұсынымдар жекелеген проспективті клиникалық зерттеулердің деректеріне негізделген. Өкпе трансплантациясынан кейін такролимус бастапқы дозада тәулігіне 0,10-0,15 мг/кг пайдаланылады, ұйқы безі трансплантациясы бар пациент үшін такролимустың бастапқы дозасы тәулігіне 0,2 мг/кг және аш ішек трансплантациясынан кейін препараттың бастапқы дозасы тәулігіне 0,3 мг/кг құрайды.
Пациенттердің ерекше топтары
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге ұсынылған шамалар шеңберінде қандағы препараттың қалдық концентрациясын ұстап тұру үшін дозаны азайту талап етілуі мүмкін.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге
Такролимустың фармакокинетикасы бүйрек функциясына байланысты өзгермейтіндіктен, дозаны түзету қажет емес. Алайда, такролимустың нефроуытты әсерінің болуына байланысты бүйрек функциясын (оның ішінде қан сарысуындағы креатинин концентрациясын, креатинин клиренсін және диурез деңгейін) мұқият бақылау ұсынылады.
Балалар
Препараттың қандағы бастапқы концентрациясына қол жеткізу үшін балаларға әдетте ересектерге арналған дозадан 1,5-2 есе жоғары дозалар қажет.
Егде жастағы пациенттер
Қазіргі уақытта егде жастағы пациенттерде дозаны қажетті түзетуді көрсету үшін деректер жоқ.
Циклоспориннен такролимусқа ауыстыру
Циклоспориннен пациенттерді такролимус еміне ауыстыру кезінде сақ болу қажет. Такролимуспен емдеуді қандағы циклоспорин концентрациясын және пациенттің клиникалық жағдайын бағалағаннан кейін бастау керек. Науқастың қанында циклоспориннің жоғары концентрациясы болған жағдайда такролимусқа ауысуды кейінге қалдыру керек. Практика көрсеткендей, такролимус циклоспоринді тоқтатқаннан кейін 12-24 сағаттан кейін тағайындалады. Пациентті ауыстырғаннан кейін циклоспорин клиренсінің бұзылу мүмкіндігіне байланысты науқастың қанындағы циклоспорин концентрациясының мониторингін жалғастыру қажет.
Такролимустың қандағы емдік концентрациясын мониторингтеу бойынша ұсынымдар
Такролимус препаратының дозасын таңдау әрбір нақты науқаста препараттың жақпаушылығын және оған қабылданбай ажыраудың клиникалық бағалау деректеріне негізделеді.
Дозалауды оңтайландыру мақсатында микробөлшектерде жартылай автоматты иммуноферменттік талдау (МЖИТ) көмегімен жаңа алынған қандағы такролимус концентрациясын анықтау пайдаланылады. Әдебиетте жарияланған қандағы такролимустың концентрациясы туралы деректерді жеке клиникалық көрсеткіштермен салыстыру мұқият түрде және қолданылатын анықтау әдісін білу және түсіну негізінде жүргізілуі керек. Қазіргі клиникалық практикада бүкіл қандағы концентрация деңгейі иммунологиялық әдіс арқылы бақыланады.
Операциядан кейінгі кезеңде бүкіл қандағы такролимустың минималды концентрациясын бақылау маңызды. Пероральді енгізу кезінде препаратты қабылдағаннан кейін 12 сағаттан соң, келесі дозаны қабылдағанға дейін қандағы такролимус концентрациясының деңгейін анықтау қажет. Қандағы такролимустың концентрациясын анықтау жиілігі клиникалық қажеттіліктерге байланысты болуы тиіс. Панграф клиренс мәні төмен препарат болғандықтан, дозаны түзеткеннен кейін такролимустың қандағы тепе-теңдік ең аз концентрациясына жету уақыты бірнеше күн болуы мүмкін. Қандағы такролимустың ең төменгі концентрациясының деңгейін трансплантациядан кейінгі ерте кезеңде аптасына екі рет, содан кейін демеуші ем барысында мезгіл-мезгіл бақылап отыру керек. Такролимустың қандағы ең төменгі концентрациясын такролимус дозасын, иммуносупрессия режимін өзгерткеннен кейін немесе жаңа алынған қандағы такролимус концентрациясына әсер ететін дәрілік заттармен бірге қолданғаннан кейін де бақылау қажет.
Такролимуспен емдеу қандағы такролимустың ең аз концентрациясы 20 нг/мл-ден аспайтын жағдайларда ең табысты болып табылады. Такролимустың бүкіл қандағы концентрациясы туралы мәліметтерді түсіндіре отырып, науқастың клиникалық жағдайын бағалау маңызды.
Клиникалық практикада трансплантациядан кейінгі ерте кезеңде тұтас қандағы такролимустың ең төменгі концентрациясы әдетте бауыр трансплантациясынан кейін 5-20 нг/мл және бүйрек пен жүрек трансплантациясынан кейін 10-20 нг/мл шегінде ауытқиды. Одан әрі бауыр, бүйрек және жүрек трансплантациясынан кейін демеуші ем кезінде қандағы такролимус концентрациясы 5-тен 15 нг/мл-ге дейін ауытқиды.
Енгізу әдісі мен жолы
Тәуліктік пероральді дозаны екі дозада қабылдау ұсынылады (мысалы, таңертең және кешке). Капсулаларды оларды блистер қаптамасынан алып шығарғаннан кейін бірден қабылдау керек. Препаратпен бірге жиынтықта болатын ылғал сіңіргішті жұтып қоймау қажеттілігі туралы пациенттерді ескерткен жөн.
Капсулаларды сұйықтықты (дұрысы сумен) іше отырып жұтқан жөн.
Капсулаларды аш қарынға немесе барынша сіңуіне қол жеткізу үшін тамақ ішуден бір сағат бұрын немесе 2-3 сағаттан кейін қабылдау керек.
Емдеу ұзақтығы
Трансплантаттың қабылданбай ажырауын басу үшін иммуносупрессияны сақтау қажет, сондықтан пероральді емнің ұзақтығына ешқандай шектеулер қойылмайды.
Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар
Артық дозалануы туралы мәліметтер шектеулі. Кездейсоқ артық дозаланудың бірнеше көріністері туралы хабарланды. Симптомдарға тремор, бас ауыруы, жүрек айну, құсу, инфекциялар, есекжем, летаргиялық жай-күй, қандағы мочевина азотының жоғарылауы, сарысу креатинині және аланинаминотрансфераза кірді.
Панграф препаратына антидоттар жоқ. Артық дозаланған жағдайда стандартты шаралар қабылдау және симптоматикалық ем жүргізу қажет.
Такролимустың жоғары молекулалық салмағын, суда нашар ерігіштігін және эритроциттер мен қан плазмасы ақуыздарымен айқын байланыстырылуын ескере отырып, диализ тиімсіз болып табылады. Қанда такролимустың концентрациясы өте жоғары болған жекелеген пациенттерде гемофильтрация немесе диафильтрация тиімді болды. Егер төмендегі шаралар препаратты қабылдағаннан кейін көп ұзамай қабылданса, асқазанды шаю және/немесе адсорбенттерді (мысалы, белсендірілген көмір) қолдану пероральді артық дозалану жағдайларында тиімді болуы мүмкін.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкер кеңесіне жүгіну жөніндегі нұсқаулар
Сізде осы дәрілік препаратты қолдану бойынша қандай да бір қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, өз дәрігеріңізге жүгініңіз.
ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек болатын шаралар
Жағымсыз құбылыстардың жиілігін анықтау келесі критерийлерге сәйкес жүргізіледі: -өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100-ден < 1/10-ға дейін), жиі емес (≥ 1/1000-нан < 1/100-ге дейін), сирек (≥ 1/10000-нан < 1/1000-ға дейін), өте сирек (< 1/10000), белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес).
Инфекциялық және паразиттік аурулар: такролимуспен және басқа иммунодепрессанттармен емдеу аясында жергілікті және жайылған инфекциялық (вирустық, бактериялық, зеңдік, протозойлық) аурулардың қаупі артады. Бұрын диагноз қойылған инфекциялық аурулардың ағымы нашарлауы мүмкін. Жайылған және жергілікті инфекциялар да орын алуы мүмкін. ВК-вируспен астасқан нефропатия, сондай-ақ JC-вируспен астасқан үдемелі мультифокальді лейкоэнцефалопатия (ҮМ) жағдайлары такролимус емдеуді қоса алғанда, иммуносупрессивті емдеу аясында байқалды.
Қатерсіз, қатерлі және анықталмаған жаңа түзілімдер (кисталар мен полиптерді қоса алғанда)
Иммуносупрессивті ем алатын пациенттерде қатерлі ісіктердің туындау қаупі анағұрлым жоғары. Такролимусты қолданғанда қатерсіз және қатерлі жаңа түзілімдердің, оның ішінде Эпштейн-Барр вирусымен (EBV) - астасқан лимфопролиферациялық аурулардың және тері обырының пайда болуы байқалды.
Өте жиі
- гиперкалиемия, гипергликемия, қант диабеті
- тремор, бас ауыруы, ұйқысыздық
- артериялық гипертензия
- жүрек айнуы, диарея
- бүйрек функциясының бұзылуы
Жиі
- анемия, лейкопения, тромбоцитопения, лейкоцитоз, эритроциттерді талдаудағы ауытқулар
- гипомагниемия, гипофосфатемия, гипокалиемия, гипокальциемия, гипонатриемия, гиперволемия, гиперурикемия, тәбеттің төмендеуі, анорексия, метаболизмдік ацидоз, гиперлипидемия, гиперхолестеринемия, гипертриглицеридемия, электролиттік бұзылулар
- үрейлену, сананың шатасуы және бағдардан адасу, депрессия, жабырқаңқы көңіл-күй, аффективті бұзылулар, қорқынышты түстер, елестеулер, психикалық бұзылыстар
- құрысулар, сананың бұзылуы, парестезия және дизестезия, шеткері нейропатия, бас айналу, жазудың бұзылуы, жүйке жүйесінің бұзылуы
- көрудің бұлыңғырлануы, фотофобия, көз аурулары
- құлақтағы шуыл (шу)
- ишемиялық коронарлық бұзылулар, тахикардия
- қан кету, тромбоэмболиялық және ишемиялық асқынулар, шеткері қанайналымының бұзылуы, тамырлық гипотензия
- ентігу, өкпе паренхиматоздық бұзылыстары, плевральді жалқық, фарингит, жөтел, мұрынның бітелуі, ринит
- асқазан-ішек жолының қабыну аурулары, асқазан-ішек ойықжаралары мен тесілулер, асқазан-ішектен қан кетулер, стоматит және ауыз қуысы шырышты қабығының ойық жаралануы, асцит, құсу, асқазан-ішек және абдоминальді ауырсыну, диспепсия, іш қату, метеоризм, іштің кебуі және іштегі жайсыздық сезімі, сұйық нәжіс, асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылу симптомдары
- холестаз және сарғаю, бауыр жасушаларының зақымдануы және гепатит, холангит
- қышыну, бөртпе, алопеция, акне, гипергидроз
- артралгия, бұлшықеттің құрысуы, аяқ-қолдың ауыруы, арқаның ауыруы
- бүйрек жеткіліксіздігі, жедел бүйрек жеткіліксіздігі, олигурия, өзекшелік жедел некроз, уытты нефропатия, несеп шығару синдромы, қуық және уретра тарапынан бұзылулар
- астения, қызба жай-күйі, ісіну, ауыру және жайсыздық, дененің температуралық сезімталдығының бұзылуы
- қандағы бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы, функционалдық бұзылулар, қандағы сілтілік фосфатаза белсенділігінің жоғарылауы, дене салмағының артуы
- трансплантаттың бастапқы дисфункциясы
Практикада пациенттердің такролимустың бір дәрілік түрінен (стандартты немесе ұзартылған) екіншісіне негізсіз, абайсызда немесе бақылаусыз ауыстыруды қамтитын, такролимус препараттарын қолдануда қателер байқалған, сондай-ақ олармен байланысты трансплантатты қабылдамай ажырау жағдайлары тіркелген (қолда бар деректер бойынша жиілікті бағалау мүмкін емес)
Жиі емес
- коагулопатиялар, коагулограмма және қан талдауы көрсеткіштеріндегі ауытқулар, панцитопения, нейтропения
- сусыздану, гипопротеинемия, гиперфосфатемия, гипогликемия
- психоздық бұзылулар
- кома, орталық жүйке жүйесіндегі қан құйылу және ми қан айналымының бұзылуы, салдану және парез, энцефалопатия, сөйлеу мен артикуляцияның бұзылуы, амнезия
- катаракта, естудің төмендеуі
- қарыншалық аритмиялар және жүректің тоқтап қалуы, жүрек жеткіліксіздігі, кардиомиопатия, қарыншалардың гипертрофиясы, суправентрикулярлық аритмиялар, жүректің соғуы
- инфаркт, аяқ-қолдың терең веналарының тромбозы, инсульт
- тыныс алу жеткіліксіздігі, тыныс алу жолдары тарапынан бұзылулар, демікпе
- салданған ішек бітелуі (салданған илеус), перитонит, жедел және созылмалы панкреатит, гастроэзофагеальді рефлюкс ауруы, асқазанның эвакуаторлық функциясының бұзылуы
- дерматит, фотосезімталдық
- буын аурулары
- анурия, гемолиздік уремиялық синдром
- дисменорея және жатырдан қан кету
- көп ағзалық жеткіліксіздік, тұмауға ұқсас жай-күйлер, температураның құбылуы, төс артындағы қысылу сезімі, үрейлену сезімі, жай-күйдің нашарлауы
- амилаза деңгейінің жоғарылауы, ЭКГ ауытқуы, жүрек жиырылуы мен тамыр соғу жиілігінің ауытқуы, дене салмағының төмендеуі, қандағы лактатдегидрогеназа белсенділігінің жоғарылауы
Сирек
- тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура, гипотромбинемия, тромбоздық микроангиопатия
- гирсутизм
- бұлшықет тонусының артуы
- соқырлық
- нейросенсорлық кереңдік
- перикардиальді жалқық
- жедел респираторлық дистресс синдромы
- субилеус, панкреатиттік жалғанкисталар
- бауыр артериясының тромбозы, бауыр веналарының облитерациялайтын эндофлебиті
- уытты эпидермальді некролиз (Лайелл синдромы)
- буындар қозғалысының шектелуі
- шөлдеу, естен тану, кеудедегі қысылу сезімі, ойық жара
Өте сирек
- такролимус қабылдаған пациенттерде өте сирек аллергиялық және анафилаксиялық реакциялар байқалған
- миастения
- естудің бұзылуы
- пируэт типі бойынша аритмия
- бауыр жеткіліксіздігі, өт жолдарының стенозы
- Стивенс-Джонсон синдромы
- нефропатия, геморрагиялық цистит
- шелмайы тіні массасының ұлғаюы
- эхокардиограмманың бұзылуы, электрокардиограммадағы QT аралығының ұзаруы
Белгісіз
- шынайы эритроциттік аплазия, агранулоцитоз, гемолиздік анемия
- сусыздану, гипопротеинемия, гиперфосфатемия, гипогликемия
- көру невропатиясы
- нейтропениялық қызба
Жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамасы
Аяқ-қолдың ауыруы бірқатар жарияланған клиникалық жағдайларда кальцинурин тежегіштері (CIPS) тудыратын ауыру синдромының бөлігі ретінде сипатталған. Бұл әдетте аяқтағы екі жақты және симметриялы күшті ауырсыну түрінде білінеді және такролимустың супертерапиялық деңгейлерімен байланысты болуы мүмкін. Синдром такролимус дозасын төмендетуге әсер етуі мүмкін. Кейбір жағдайларда баламалы иммуносупрессияға ауысуға тура келді.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz
Қосымша мәліметтер
Дәрілік препараттың құрамы
Бір капсуланың құрамында
Капсуланың ішіндегісі:
такролимустың қатты дисперсиясы 2.50 мг, 5.00 мг, 25.00 мг
қосымша заттар: сусыз лактоза, магний стеараты
Желатинді капсула (корпус және қақпақша): темірдің сары тотығы (Е 172), титанның қостотығы (Е 171), темірдің қызыл тотығы (Е 172), желатин
Такролимустың қатты дисперсиясының құрамы:
белсенді зат - такролимус 0.51 мг, 1.02 мг, 5.11 мг
қосымша заттар: гипромеллоза (E-5), гипромеллоза( E-15), сусыз лактоза, натрий кроскармеллозасы
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Корпусы мен қақпақшасы ашық сары түсті, қақпақшасында қызыл түсті «PBT» және корпусында «0.5» деген жазуы бар өлшемі № 5 қатты желатинді капсулалар (0.5 мг дозасы үшін).
Корпусы мен қақпақшасы ақ түсті, қақпақшасында қызыл түсті «PBT» және корпусында «1.0» деген жазуы бар өлшемі № 5 қатты желатинді капсулалар (1.0 мг дозасы үшін).
Корпусы мен қақпақшасы қызғылт түсті, қақпақшасында қызыл түсті «PBT» және корпусында «5.0» деген жазуы бар өлшемі № 4 қатты желатинді капсулалар (5.0 мг дозасы үшін).
Капсулалардың ішіндегісі - ақ түстен ақ дерлік түске дейінгі түйіршіктелген ұнтақ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 капсуладан алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
1 (5.0 мг дозасы үшін) немесе 6 (0.5 мг және 1.0 мг дозасы үшін) пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.
10 картон қорапшадан картон қорапқа салынады (5.0 мг дозасы үшін).
Сақтау мерзімі
2 жыл.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Сақтау шарттары
Жарықтан және ылғалдан қорғалған жерде, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы.
Өндіруші туралы мәліметтер
Panacea Biotec Pharma Ltd., Үндістан
Malpur, Baddi, Solan District, Himachal Pradesh - 173 205
тел/факс: +91-1795-304000, +91-1795-246834
info@panacea.com
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
Panacea Biotec Pharma Ltd., Үндістан
Malpur, Baddi, Solan District, Himachal Pradesh - 173 205
тел/факс: +91-1795-304000, +91-1795-246834
info@panacea.com
Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасы жөнінде шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың қауіпсіздігін тіркеуден кейінгі қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта):
ConsultAsia ЖШС,
Алматы қ.
Шевченко к-сі 165 Б
тел./факс: +77051708825
e-mail: pv@consultingasia.kz