Паклитаксел-Тева (150 мг/25 мл, Тева Фармасьютикал Воркс Приват Лимитед Компани)

МНН: Паклитаксел
Производитель: Тева Фармасьютикал Воркс Приват Лимитед Компани
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Paclitaxel
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020244
Информация о регистрации в РК: 10.12.2013 - 10.12.2018

Инструкция

Саудалық атауы

Паклитаксел-ТЕВА

Халықаралық патенттелмеген атауы

Паклитаксел

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған концентрат

30 мг/5 мл, 100 мг/16,7 мл, 150 мг/25 мл, 300 мг/50 мл

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

белсенді зат – 6 мг паклитаксел,

қосымша заттар: этанол, макроглцерол рицинолеаты, сусыз лимон қышқылы.

Сипаттамасы

Мөлдір түссіз немесе сәл сарғыш түсті тұтқыр ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар.

Өсімдік текті алкалоидтар. Таксандар. Паклитаксел.

АТХ коды L01CD01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Паклитакселді көктамыр ішіне қолданғаннан кейін 135мг/м2 және 175 мг/м2 дозадағы 3 және 24 сағаттық инфузиядан соң, жартылай шығарылу кезеңінің орташа мәндері 3.0-ден 52.7 сағатқа дейін, ал клиренсінің орташа мәндері 11.6-дан 24.0 л./сағ/м2 дейін ауытқып тұрады.

Өзгермеген препараттың бүйрекпен шығарылуының орташа мәндері қабылданған дозасының 1.3-тен 12.6%-ына дейін ауытқыған. Бауырлық метаболизмі мен өт клиренсі паклитаксел шығарылуының негізгі механизмі болып табылуы мүмкін.

Фармакодинамикасы

Паклитаксел-Тева митоз тежегіші болып табылады. Препарат спецификалық тұрғыдан микротүтікшелердің бета-тубулинімен байланысады, бұл негізгі протеиннің деполимеризация үдерісін бұзады, бұл жасушада қызмет атқармайтын микротүтікшелердің аномальді шоғырларының жинақталуына алып келеді және митоз үдерісін бұзады.

Қолданылуы

- аналық бездердің обырында

- сүт безінің обырында

- ұсақжасушалы емес өкпе обырында

- ЖИТС-пен науқастардағы Капоши саркомасында

Қолдану тәсілі және дозалары

Аналық бездер обырының химиялық емінің алғашқы желісі

- көктамыр ішіне 3 сағаттан астам уақыт бойы 175 мг/м2 паклитаксел, сосын әр үш апта сайын қабылданатын цисплатин 75 мг/ м2 дозада;

немесе

- паклитаксел 135мг/ м2 24 сағаттық инфузия түрінде, сосын курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен 75 мг/м2 цисплатин.

Аналық бездер обырының химиялық емінің екінші желісі

- паклитаксел 175 мг/м2 курстар арасындағы 3 апталық үзілістермен 3 сағаттан артық уақыт ішінде көктамыр ішіне.

Сүт безі обырының адъювантты химиялық емі

- АЦ-мен (антрациклиндер және циклофосфамид) емдеуден кейінгі төрт курс бойына әр үш апта сайын 175 мг/м2 паклитаксел 3 сағаттан астам уақыт бойы көктамыр ішіне

Сүт безі обырының химиялық емінің алғашқы желісі

- паклитаксел 220 мг/м2, курстар арасындағы 3 апталық үзілістермен 3 сағаттан артық уақыт ішінде көктамыр ішіне. Доксорубицинмен (50 мг/м2) бірге қолданғанда паклитакселді доксорубициннен кейін 24 сағаттан соң қолдану керек. Трастузумабпен бірге қолданғанда паклитакселдің ұсынылатын дозасы курстар арасындағы 3 апталық үзілістермен 3 сағаттан артық уақыт ішінде қабылданатын 175 мг/м2 болып табылады. Паклитакселдің инъекциясын трастузумабтың алғашқы дозасынан кейінгі бірінші күні бастауға болады.

Сүт безі обырының химиялық емінің екінші желісі

- паклитаксел 175 мг/м2 курстар арасындағы 3 апталық үзілістермен 3 сағаттан артық уақыт ішінде.

Өкпенің жайылған ұсақжасушалы емес обыры

- паклитаксел 175 мг/м2 3 сағаттан артық уақыт ішінде, сосын курстар арасындағы 3 апталық үзілістермен 80 мг/м2 цисплатин.

ЖИТС-пен байланысты Капоши саркомасын емдеу.

- 100 мг/м2 паклитаксел әр екі апта сайын 3 сағаттық көктамырішілік инфузия түрінде. Паклитакселдің келесі дозаларын емделушінің жекелей көтерімділігіне байланысты қабылдау керек.

Паклитакселді қайталап енгізу нейтрофилдердің 1,5х109/л дейінгі (Капоши саркомасы бар емделушілер үшін 1х109/л дейін) және тромбоциттердің 100х109/л дейінгі (Капоши саркомасы бар емделушілер үшін 75х109/л дейін) деңгейі қалпына келтірілгенге дейін жүргізілмеуі тиіс.

Айқын нейтропения (7 күн немесе одан да көп уақыт бойы 0,5х109/л аз) немесе айқын шеткергі нейропатия дамыған жағдайда Паклитакселдің келесі циклдердегі дозасы 20%-ға (Капоши саркомасы бар емделушілер үшін 25%-ға) төмендетілуі тиіс.

Бауыр қызметінің бұзылуы бар емделушілер:

Паклитакселдің дозалануы жөнінде бауыр қызметінің жеңіл немесе орташа бұзылулары бар емделушілер үшін спецификалық ұсынымдар жоқ.

Бауырдың ауыр патологиясы бар емделушілерде Паклитаксел қолданылмайды.

Инфузияға арналған ерітіндіні дайындау

Паклитаксел инфузиясы жүргізілер алдында асептикалық жағдайларда 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен немесе 5% глюкоза ерітіндісімен 0,3-1,2 мг/мл концетрацияға дейін сұйылтылуы тиіс.

Дайындалған ерітіндіні дереу пайдалану ұсынылады.

Сұйылтылған ерітінділерді, преципитаттар түзілуі мүмкін болғандықтан, тоңазытқышқа салмау керек.

Дәрілік түрінің құрамында тасымалдағыш-негіз болғандықтан, дайындалған ерітінділер бозаңдануы мүмкін, және сүзгеннен кейін де ерітіндінің бозаңдануы сақталады. Паклитакселді ішіне орнатылған жарғақшалы сүзгісі бар жүйе (саңылауларының өлшемі 0,22 микроннан аспайтын) арқылы енгізу керек.

Кейде, әдетте Паклитакселдің 24 сағаттық инфузиясының соңында преципитаттар түзілуі мүмкін. Преципитаттардың түзілу қаупін төмендету үшін, Паклитаксел сұйылтылғаннан кейін бар мүмкіндігінше жылдам пайдаланылуы тиіс, сондай-ақ ерітіндінің шамадан тыс теңселуі мен шайқалуын болдырмау керек. Қолданар алдында инфузиялық жүйелер «жуылып-шайылуы» тиіс. Инфузия кезінде ерітіндінің сыртқы түрін жиі бақылап отыру қажет және преципитаттар түзілген жағдайда Паклитаксел инфузиясы тоқтатылуы тиіс.

Қолдану кезіндегі сақтық шаралары

Паклитакселмен жұмыс жасағанда, басқа ісікке қарсы препараттармен жұмыс жасағандағы сияқты, сақ болу қажет.

Ерітінділерді дайындаумен үйретілген маман арнайы сондайға арналған аймақта асептикалық жағдайларды сақтай отырып айналысуы тиіс. Қорғағыш қолғаптарды пайдалану қажет. Препараттың теріге және шырышты қабықтарға тиюін болдырмау керек. Шырышты қабықтарға тиіп кетсе, сумен мұқият жуу, теріге тиіп кеткен жағайда сабынды сумен жуып тастау қажет. Препарат ішке тартылғаннан кейін диспноэ, кеуденің ауыруы және жүрек айнуы пайда болуы мүмкін.

Жағымсыз әсерлері

Өте жиі (> 1/10)

- өліммен аяқталуға дейін апаратын жұқпалар (негізінен несеп шығару және жоғарғы тыныс жолдарының жұқпалары)

- миелосупрессия, нейтропения, анемия, тромбоцитопения, лейкопения, қан кетулер

- аса жоғары сезімталдықтың жеңіл реакциялары (негізінен ысынулар және бөрту)

- шеткергі нейропатия

- гипотензия

- жүрек айну, құсу, диарея, мукозиттер

- алопеция

- артралгия, миалгия

Жиі (> 1/100, < 1/10)

- брадикардия

- тырнақтардың және терінің өткінші орташа айқын өзгерістері

- енгізген жердегі реакциялар (ісіну, ауыру, эритема, қатаю, кейде эксравазация теріасты шелмайы қабынуының, фиброз және тері некрозының дамуына түрткі болуы мүмкін)

- АСТ, сілтілі фосфатазаның айқын жоғарылауы

Жиілігі аз (> 1/1,000, < 1/100)

- сепсистік шок

- емдеуді талап ететін аса жоғары сезімталдықтың айқын реакциялары (гипотензия, ангионевротикалық ісіну, респираторлық дистресс, жайылған есекжем, қалтырау, арқаның, кеуденің ауыруы, тахикардия, абдоминальді ауырулар, аяқ-қолдың ауыруы, терлеу және гипертензия)

- кардиомиопатия, симптомсыз қарыншалық тахикардия, экстрасистолиялы тахикардия, атриовентрикулярлы блокада, синкопальді жай-күйлер, миокард инфарктісі

- гипертензия, тромбоз, тромбофлебит

- ішек бітелісі, ішектің тесілуі, ишемиялық колит, панкреатит

- қанда билирубин деңгейінің айқын жоғарылауы

Сирек (>1/10000, <1/1000)

- пневмония, перитонит, сепсис

- фебрильді нейтропения

- анафилактикалық реакциялар

- моторлы нейропатия (аздаған дистальді әлсіздікке ауысатын)

- жүрек жеткіліксіздігі

- диспноэ, плевралық жалқық, интерстициальді пневмония, өкпе фиброзы, өкпе эмболиясы, тыныс жеткіліксіздігі

- қышыну, бөртпе, эритема

- астения, қызба, дегидратация, ісіну, дімкәстану

- қан креатининінің көтерілуі

Өте сирек (< 1/10,000)

- жедел миелоидты лейкоз, миелодисплазиялық синдром

- анафилактикалық шок

- анорексия

- сананың шатасуы

- автономды нейропатия (салданған ішек бітелісіне және ортостатикалық гипотензияға ауысатын), ауқымды құрысу ұстамалары, конвульсиялар, энцефалопатия, бас айналу, бас ауыру, атаксия

- көру жүйкесінің зақымдануы және/немесе көру бұзылыстары (жыпылықтаушы скотома), әсіресе, ұсынылуынан артық дозалар алатын емделушілерде

- отоуыттылық, естімей қалу, құлақтың шуылдауы, бас айналу

- жүрекшелер фибрилляциясы, суправентрикулярлы тахикардия

- шок

- жөтел

- мезентериальді тромбоз, жалған жарғақшалы колит, эзофагит, іш қату, асцит, нейтропениялық колит

- бауыр некрозы, өліммен аяқталатын бауыр энцефалопатиясы

- Стивенс-Джонсон синдромы, эпидермалық некролиз, мультиформалы

эритема, эксфолиативті дерматит, везикулярлы бөртпе, онихолизис

(емдеу кезінде емделушілерге қолдары мен табандарына күннен қорғайтын заттарды жағу ұсынылады)

Белгісіз (жиілігін анықтау мүмкін емес):

- ісіктің ыдырау синдромы

- макулярлы ісіну, фотопсия, шыны тәрізді дененің жүзгінді қосылыстары

- флебит

- склеродермия

- жүйелі қызыл жегі

Паклитакселді қабылдап жүрген сүт безінің обырына шалдыққан емделушілерде АС-дан кейін адьювантты ем аясындағы нейроуыттылық симптомдары, аллергиялық реакциялар, артралгиялар/миалгиялар, анемия, жұқпалар, қызба, жүрек айну/құсу, диарея тек АС емін алатын емделушілермен салыстырғанда жиірек кездеседі.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- паклитакселге немесе препарат құрамына кіретін басқа да компоненттерге, әсіресе полиоксиэтилденген майсана майына (макроголглицеролрицинолеат) аса жоғары сезімталдық реакциялары

- нейтропения (нейтрофильдер cаны 1,5х109/л-ден аз және Капоши саркомасында 1х109/л-ден аз)

- жүктілік және лактация кезеңі

- бақыланбайтын ауыр жұқпалы аурулармен қатарлас Капоши саркомасы

- бауыр қызметінің ауыр бұзылулары

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Паклитакселмен және цисплатинмен бір мезгілде емдеуде паклитакселді цисплатинге дейін қолдану ұсынылады. Керісінше жағдайда жағымсыз әсерлерінің пайда болуы күшейеді.

Паклитакселмен және доксорубицинмен бір мезгілде емдеуде доксорубицин мен оның белсенді метаболиттерін шығарылуын төмендету үшін, паклитакселді доксорубициннен кейін 24 сағаттан соң қолдану ұсынылады.

Паклитаксел мен, өзінің CYР2C8 және CYP3A4 ферменттерін тежеу (мысалы, эритромицин, флуоксетин, гемфиброзил) немесе көтермелеу (мысалы, рифампицин, карбамазепин, фенитоин, эфавиренз, невирапин) қасиеттерімен белгілі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақ болу керек, өйткені бұл паклитаксел метаболизмін өзгертуі мүмкін.

Нелфинавирмен және ритонавирмен бір мезгілде қолдану паклитакселдің жүйелік клиренсін төмендетеді. Басқа протеаза тежегіштерімен өзара әрекеттесулері туралы ақпарат бар, сондықтан Паклитаксел протеаза тежегіштерін қатарлас ем ретінде алып жүрген емделушілерде сақтықпен тағайындалуы тиіс.

Айрықша нұсқаулар

Паклитакселмен емдеу ісікке қарсы химиялық препараттармен жұмыс істеу тәжірибесі бар дәрігердің бақылауымен жүргізілуі тиіс. Аса жоғары сезімталдық реакциялары дамыған жағдайда шұғыл жәрдем көрсету үшін тиісті құрал-жабдықтар қолжетімді болуы тиіс.

Паклитаксел енгізілер алдында барлық емделушілер кортикостероидтармен, гистаминге қарсы препараттармен және Н2 рецепторларының антагонистерімен премедикациядан өтуі тиіс, мысалы:

препарат

дозасы

Паклитаксел енгізер алдында тағайындалу уақыты

дексаметазон

20 мг * ішке немесе к/і

ішке: шамамен 12 сағат және 6 сағат бұрын

көктамыр ішіне: 30-60 минут бұрын

дифенилгидрамин**

50 мг к/і

30-60 минут бұрын

циметидин

300 мг к/і

30-60 минут бұрын

немесе

   

ранитидин

50 мг к/і

30-60 минут бұрын

* Капоши саркомасы бар емделушілер үшін 8-20 мг

** гистаминге қарсы баламалы препарат (мысалы, хлорфенирамин)

Паклитаксел біріктіріп тағайындалған жағдайда цисплатиннің алдында енгізілуі тиіс.

Препарат енгізу кезінде, экстравазация ықтималдығына орай, енгізген жерде инфильтрат пайда болуы тұрғысынан ұқыпты қарап тексеруге кеңес беріледі.

Енгізген жердегі реакциялар: көктамыр ішіне тағайындағанда жергілікті ісінудің, ауырудың, эритема мен қатаюдың дамуы мүмкін. Кейде экстравазация теріасты шелмайының қабынуына алып келеді. Кейде экстравазациямен байланысты тері қабыршақтану жағдайлары сипатталған. Тері жабындарының депигментациясы орын алады. Паклитаксел басқа жерлерге енгізілгеннен кейін дамитын алдыңғы экстравазация орындарындағы тері реакциялары сирек сипатталған. Эстравазацияны спецификалық емдеу түрі жоқ. Кейде енгізген жердегі реакциялар ұзақ уақыт енгізген кезде-ақ басталды, сондай-ақ 7-10 күн аралығы өткенде дамыды.

Диспноэ, гипотензия, ангионевротикалық ісіну және жайылған есекжем түрінде өтетін аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары сирек байқалады (талапқа сай премедикациядан өткен 1%-дан аз емделушіде). Аса жоғары сезімталдық реакцияларының алғашқы белгілерінде Паклитаксел инфузиясы дереу тоқтатылуы тиіс. Симптоматикалық ем басталуы тиіс, бұл орайда Паклитаксел емделушіге одан әрі тағайындауға болмайды.

Миелосупрессия (алғашқы кезекте нейтропения) дозаны шектейтін уыттылық болып саналады. Қан талдау Паклитаксел емдеу кезінде мұқият бақылануы тиіс. Емделушілер нейтрофильдер деңгейі > 1,5х109/л (СК бар емделушілер үшін ≥ 1х109/л) және тромбоциттер деңгейі > 100х109/л (СК бар емделушілер үшін > 75х109/л) қалпына келмейінше Паклитаксел алмауы тиіс. Анемия айқындылығы мен даму жиілігінің гемоглобиннің бастапқы көрсеткіштерімен байланысы бар.

Жүрек өткізгіштігінің айқын бұзылулары Паклитаксел монорежимде емделгеннен кейін сирек байқалады. Егер емделушілерде емделу кезінде жүрек өткізгіштігінің анық бұзылулары дамыса, тиісінше емдеуді бастау қажет, ал кейіннен Паклитаксел енгізілгенде жүрек қызметін тұрақты бақылап отыру қажет. Паклитаксел енгізілген кезде артериялық қысымның төмендеуі немесе көтерілуі, брадикардия байқалады; әдетте олар симптомсыз өтеді және қандай да бір емді талап етпейді. Өмірлік маңызды қызметтер көрсеткіштерін, әсіресе Паклитаксел инфузиясының алғашқы сағатында жиі бақылау ұсынылады. Өкпенің ұсақ жасушалы емес обырына шалдыққан науқастарда айқын жүрек-қантамырлық асқынулар сүт бездерінің немесе аналық бездерінің обыры бар науқастардағыдан жиірек байқалады.

Сүт безінің метастаздық обырын химиялық емдеудің алғашқы желісінде Паклитакселді доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп қолданғанда жүрек қызметін ерекше бақылау қажет. Осы біріктірілімде Паклитакселмен емдеу жоспарланатын емделушілер сыртартқысын, клиникалық тексерілу, ЭКГ, эхокардиография және/немесе миокардты сканирлеуді қоса, жүрек қызметін алдын ала тексеруден өткізуі тиіс. Жүрек қызметі бүкіл емделу кезеңі ішінде (мысалы, әрбір 3 ай сайын) бақылануы тиіс. Мониторинг жүрек қызметінің бұзылуы дами бастаған емделушілерді анықтауға көмектесуі мүмкін, ал емдеуші дәрігер жүректің вентрикулярлы қызметін зерттеу жиілігіне қатысты шешім қабылдаған кезде антрациклиндердің жиналып қалған дозасын (мг/м2) тиянақты бағалауы тиіс. Егер тексеруде жүрек қызметінің нашарлауы анықталса, тіпті егер ол клиникалық көрініс бермесе де, жүрек жеткіліксіздігінің, соның ішінде қайтымсыз түрінің даму қаупіне орай, емдеуші дәрігер емдеуді әрі қарай жалғастырудан болатын пайда мен қауіп арақатынасын мұқият бағалауы тиіс. Егер ем жалғастырылса, жүрек қызметіне бақылау жиі, мысалы, емдеудің әр 1-2 циклында жүргізілуі тиіс.

Шеткергі нейропатия жиі білінсе де, айқын симптомдар сирек дамиды. Ауыр жағдайларда барлық кейінгі циклдар ішінде Паклитаксел дозасын 20% (Капоши саркомасы бар емделушілер үшін 25%) азайту ұсынылады. Химиялық емдеудің алғашқы желісі ретінде Паклитакселді цисплатинмен біріктірілген 3 сағаттық инфузия түрінде алған, өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар және аналық бездер обырына шалдыққан науқастарда айқын нейроуыттылық тек Паклитаксел немесе кейіннен цисплатиннің енгізілуімен циклофосфамид алған науқастардағыдан жиірек дамиды. Жалпы, нейроуыттылық, көбінесе шеткергі нейропатия симптомдары жиірек білінеді, әрі паклитаксел цисплатинмен біріктірілгенде 175 мг/м2 паклитакселдің (85% емделуші, 15% - ауыр патологиясы бар) 3 сағаттық инфузиясынан кейін, 24 сағат ішінде 135 мг/м2 паклитаксел енгізумен салыстырғанда, қатты айқын болады (тиісінше, 25% және 3%). Шеткергі нейропатия алғашқы курс ішінде туындап, кейінгі енгізулер кезінде үдеп кетеді. Шеткергі нейропатия сирек жағдайларда паклитакселмен емдеуді үзуді талап етеді. Әдетте тоқтатқаннан кейін бірнеше ай ішінде жағдай жақсарып, симптомдар басылады. Паклитакселмен емдеу салдарынан бұрын болған нейропатия препаратты тағайындауға қарсы көрсетілім болып табылмайды.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде уыттанудың, атап айтқанда, III-IV дәрежелі миелоуыттылықтың жоғары даму қаупі болуы мүмкін. Паклитаксел уыттылығының оны бауыр қызметі жеңіл бұзылған емделушілерге 3 сағаттық инфузия түрінде тағайындағанда арта түсетіні туралы деректер жоқ.

Паклитакселді ұзаққа созылатын инфузиялар түрінде тағайындалғанда орташа айқын және айқын бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде миелосупрессия байқалуы мүмкін. Емделушілерде терең миелосупрессияның дамуы мұқият бақылануы тиіс. Бауыр жеткіліксіздігі айқын емделушілер Паклитакселмен ем алмауы тиіс.

Тіндік ауыр реакциялар беруі мүмкіндігіна байланысты, Паклитакселдің артерия ішіне еніп кетуін болдырмау үшін сақтық шарасын қадағалау қажет.

Жалған жарғақшалы колит сирек байқалады. Жалған жарғақшалы колит тіпті бір мезгілде антибиотиктермен емдеу жүргізілмеген емделушілерде білінді. Бұл реакция Паклитаксел емдеу кезінде немесе ем жүргізілгеннен кейін бірден пайда болған айқын және персистирлеуші диарея жағдайында салыстырмалы диагноз қойылғанда ескерілуі тиіс.

Паклитаксел өкпені сәулелендірумен біріктірілгенде әсер ету бірізділігіне қарамастан, пневмониттің дамуына ықпал етеді.

Капоши саркомасы бар емделушілерде айқын мукозиттер сирек байқалады.

Егер мукозит сонда да дамыса, Паклитакселдің дозасы 25% төмендетілуі тиіс.

Бұл дәрілік заттың құрамында айқын аллергиялық реакциялар тудыратын полиоксиэтилденген майсана майы бар.

Паклитакселмен емделу кезінде емделушілер қолдарына және аяқтарына күн сәулесінен қорғайтын заттарды жағып алуы тиіс.

Препарат құрамындағы макроголглицерол рицинолеатының поливинилхлоридпен өзара әрекеттесуі мүмкіндігіне орай, Паклитакселді дайындау, сақтау және енгізу үшін құрамында ПВХ жоқ жабдық пайдаланылуы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Паклитакселдің құрамында этил спирті бар. Препаратта этил спиртінің болуы салдарынан көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілеті төмендеуі мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: Артық дозалануының бастапқыда күтілетін ақынаулары мыналар: сүйек кемігінің бәсеңдеуі, шеткергі нейроуыттылық және мукозит.

Емі: арнайы у қайтарғысы жоқ. Емі симптоматикалық.

Шығарылу түрі және қаптамасы

5 мл (30 мг) концентраттан алюминий қалпақшамен тығыздалған, жұлып алынатын қоңыр пластмасса қақпағы бар түссіз шыныдан жасалған құтыларға құяды. 16.7 мл (100 мг) концентраттан алюминий қалпақшамен тығыздалған, жұлып алынатын күңгірт-жасыл пластмасса қақпағы бар түссіз шыныдан жасалған құтыларға құяды. 25 мл (150 мг) концентраттан алюминий қалпақшамен тығыздалған, жұлып алынатын жасыл пластмасса қақпағы бар түссіз шыныдан жасалған құтыларға құяды. 50 мл (350 мг) концентраттан алюминий қалпақшамен тығыздалған, жұлып алынатын қызыл-сары пластмасса қақпағы бар түссіз шыныдан жасалған құтыларға құяды.

1 құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салады.

Сақтау шарттары

25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек. Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Teva Pharmaceutical Works Private Limited Company», Венгрия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Teva Pharmaceutical Industries Ltd», Израиль

Қаптаушы ұйым

«Teva Pharmaceutical Works Private Limited Company», Венгрия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

ҚР-дағы «Тева Чеш Индастриез с.р.о.» компаниясының өкілдігі

050000 Қазақстан Республикасы

Алматы қ., Әл-Фараби д-лы 19,

Нұрлы Тау бизнес орталығы 1Б, 603 кеңсе

Телефон, факс (727) 311-09-15,311-07-34

 

.

Прикрепленные файлы

587561651477976776_ru.doc 92 кб
407298941477977934_kz.doc 123 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники