НовоСэвен® (1 мг)

МНН: Эптаког альфа (активированный): рекомбинантный коагуляционный фактор VIIa
Производитель: Ново Нордиск А/С
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Eptacog alfa (activated)
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№016054
Информация о регистрации в РК: 12.02.2016 - 12.02.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Предельная цена закупа в РК: 102 439.98 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

НовоСэвен®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Эптаког альфа (белсендірілген)

Дәрілік түрі

Көктамыр ішіне енгізу үшін 1 мг (50 КӘБ), 2 мг (100 КӘБ) ерітінді дайындауға арналған лиофилизат 1,1 мл және 2,1 мл құтыдағы еріткішімен кешенде

Құрамы

белсенді зат - 1 мг (50 КӘБ) және 2 мг (100 КӘБ) эптаког альфа (rFVIIa),

қосымша заттар: натрий хлориді, кальций хлориді дигидраты, глицил-глицин, полисорбат 80, метионин, сахароза, маннитол.

Еріткіші: 1,705 мг немесе 3,255 мг гистидин, инъекцияға арналған су.

1 КӘБ 1000 ХБ (Халықаралық Бірлікке) сәйкес келеді.

Сұйылтқаннан кейін 1 мл ерітіндіде 1 мг (белсендірілген) эптаког альфа болады.

Сипаттамасы

Ақ түсті лиофилизацияланған ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Гемостатиктер. Қан ұю факторлары. Эптаког альфа.

АТХ коды В02ВD08

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Фармакокинетикалық бейіндері дозаға тура пропорционал тәуелділігін айғақтайды. Жыныстық және этникалық ерекшелігіне қарамастан, фармакокинетикасы бірдей болды. Орташа стационарлық таралу көлемі дене салмағына 130-дан 165 мл/кг дейінгі ауқымда ауытқиды, орташа клиренс мәндері сағатына 33.3-тен 37.2 мл/кг дейін құбылады, ал орташа жартылай ыдырау кезеңі 3.9-дан 6.0 сағатқа дейін өзгеріп отырады.

Тежегіш А және В гемофилиясы

Балаларға препаратты дене салмағына 90 және 180 мкг/кг мөлшерде енгізгенде дозалардың пропорционалдығы анықталған, бұл осының алдындағы препараттың едәуір төмен дозаларына (17.5-70 мкг/кг РФС rFVIIa) жүргізілген зерттеу нәтижелерімен сәйкес келеді. Балалар организмінен жалпы клиренстің орташа мәндері, ересек пациенттер тобымен салыстырғанда, шамамен 1.5 есе жоғары (53 мл/кг/сағатқа қарсы 78) болды, осы тұста терминалдық фазадан өтетін орташа жартылай кезең мәні, орта есеппен, екі топта да 2.3 сағат құрады. Стационарлық жағдайдағы орташа таралу көлемі, ересек пациенттердегі 159 мл/кг қарағанда, балалар тобында 196 мл/кг құраған. Клиренс мәнінің жасқа байланысты екені анықталған, демек, жас пациенттердегі препарат клиренсі 50%-дан аса жоғары.

VІІ қан ұю факторының тапшылығы

НовоСэвен® препаратының фармакокинетикасында кг дене салмағына 15 және 30 мкг дозада бір рет енгізгенде дозаға тәуелсіз параметрлері: жалпы клиренсі (70.8-79.1 мл/сағ. х кг), тұрақты күйдегі таралу көлемі (280-290 мл/кг), плазмада болатын орташа уақыты (3.75-3.80 сағат) және жартылай шығарылу кезеңі (2.82-3.11сағат) бойынша елеулі айырмашылықтар болған жоқ. Плазманың қалпына келуінің іn vivo орташа көрсеткіші шамамен 20 құрады.

Гланцман тромбастениясы

Гланцман тромбастениясынан зардап шегетін науқастарда НовоСэвен® препаратының фармакокинетикасы зерттелмеген, бірақ оның А және В гемофилиясы бар науқастардағы осы препарат фармакокинетикасына ұқсас болуы жорамалданады.

Клиникаға дейінгі қауіпсіздігі туралы деректер

Клиникаға дейінгі қауіпсіздікті зерттеу бағдарламасын өткізу кезінде алынған бүкіл деректер рекомбинантты белсендірілген VII қан ұю факторының (rFVIIa) фармакологиялық әсерімен байланысты.

Шаян жегіш макаканың тәжірибеге алынған жүрек-қантамыр үлгісінде rFXIII қан ұю факторларымен біріктіріп емдеудегі болжамды синергиялық әсері препараттардың төмендеу дозаларын қолданғанда, әрбір препаратпен бөлек емдеуге қарағанда, шамадан тыс фармакологиялық әсеріне (тромбоз және өлім) әкелді.

Фармакодинамикасы

Эптаког альфа (белсендірілген) гендік инженерия әдісімен атжалмандардың бүйрек жасушаларынан (ВНК жасушасынан) алынған молекулалық массасы шамамен 50000 дальтонға тең рекомбинантты VІІа ұю факторы болып табылады.

НовоСэвен® құрамында белсендірілген рекомбинантты VІІ қан ұю факторы бар. Препараттың әсер ету механизмі VІІа ұю факторының босап шыққан тіндік фактормен байланысуымен айқындалады. Түзілген кешен ІХа белсенді факторын түзумен ІХ факторды және Ха белсенді факторын түзумен Х факторды белсендіреді, бұл протромбиннің аздаған мөлшерінің тромбинге алғаш рет айналуына алып келеді. Тромбин зақымданған аймақта тромбоциттер мен V және VІІІ факторларды белсендіреді және фибриногенді фибринге айналдыру жолымен гемостатикалық тығынның түзілуін қамтамасыз етеді. Фармакологиялық дозаларда НовоСэвен® препараты тікелей, тіндік факторға байланыссыз, зақымдану аймағында шоғырланған белсендірілген тромбоциттер беткейінде Х факторды белсендіреді. Бұл, тіндік факторға байланыссыз, протромбиннен тромбиннің көп мөлшерде түзілуіне әкеледі. Осылайша, VІІа фактор фармакодинамикалық әсері Ха фактор, тромбин және фибриннің жергілікті түзілуін күшейтумен жүзеге асады.

ДТҰ-синдром дамуына бейімдейтін аурулардан зардап шегетін науқастарда қан ұюының жүйелік белсенділену қаупін теория жүзінде толық жоққа шығаруға болмайды.

VІІ қан ұю факторының туа біткен тапшылығы бар пациенттер қамтылған бақылау бағдарламасында тромбоэмболия жағдайлары хирургиялық араласу жасалған 91 пациентнің 3-де болды.

Қолданылуы

НовоСэвен® науқастардың келесі топтарында хирургиялық араласулар және инвазиялық емшаралар жасалғанда қан кетуді тоқтату және қан кетуден сақтандыру үшін пайдаланылады:

-  5ББ (Бетезда бірлік) VІІІ немесе ІХ ұю факторлары тежегіштерінің титрі бар тұқым қуалайтын гемофилияға шалдыққан науқастарда

- сыртартқы негізінде VІІІ фактор немесе ІХ фактор енгізуге иммундық реакция күтілетін тұқым қуалайтын гемофилиясы бар науқастарда

- жүре пайда болған гемофилиясы бар науқастарда

- туа біткен VІІ фактор тапшылығы бар науқастарда

- ІІв-ІІІа гликопротеиндеріне антиденелері болатын Гланцман тромбастениясы және тромбоцитарлы масса трансфузияларына (қазіргі уақытта немесе бұрын) рефрактерлігі бар науқастарда

Қолдану тәсілі және дозалары

Емдеуді гемофилияны және/немесе қан ұюының бұзылуын емдеу тәжірибесі бар дәрігердің қадағалауымен бастаған дұрыс.

Тежегіштері бар немесе VІІІ фактор немесе ІХ фактор енгізілуіне иммундық реакция күтілетін А немесе В гемофилиясы

Дозасы

Қан кету басталғаннан кейін препарат енгізуді мүмкіндігінше тезірек бастаған жөн. Көктамыр ішіне сорғалатып енгізуге ұсынылатын бастапқы доза науқастың кг дене салмағына 90 мкг құрайды. Бастапқы дозаны енгізгеннен кейін қайталау инъекциялары керек болуы мүмкін. Емдеу ұзақтығы мен инъекциялар арасындағы аралық қан кету ауырлығымен немесе инвазиялық емшараның немесе хирургиялық араласудың сипатымен айқындалады.

Балаларда дозалануы

Қазіргі уақытта қолда бар клиникалық тәжірибе, балалардағы клиренстің жоғары екені белгілі болса да, балалар мен ересектер үшін дифференцияланған дозалау режимін ұсынуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан педиатриялық тәжірибеде ересек пациенттер плазмасындағы концентрацияға ұқсас плазмадағы препарат концентрациясына жету үшін НовоСэвен® препаратының өте жоғары дозаларын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін («Фармакокинетикалық қасиеттері» бөлімін қара).

Препаратты енгізу жиілігі

Гемостазға жеткенше әр 2-3 сағат сайын. Егер қан кетуді тоқтатқаннан кейін емді жалғастыруға көрсетілімдер бар болса, онда көрсетілімдерге сәйкес бүкіл емдеу кезеңі бойына препарат енгізу аралықтарын 4, 6, 8 немесе 12 сағатқа біртіндеп ұзартуға болады.

Ауырлығы жеңіл және орташа дәрежелі қан кетулер (амбулаторлық емдеуді қоса)

Препаратты ауырлық дәрежесі жеңіл және орташа қан кетулерде ертерек енгізу өте тиімді. Мынадай дозалау режимі ұсынылады:

- үш сағаттан соң кг дене салмағына 90 мкг дозада бір инъекциядан үш инъекцияға дейін. Әсерін сақтап тұру үшін кг дене салмағына шаққанда 90 мкг есебінен НовоСэвен® препаратының қосымша бір дозасын тағайындауға болады.

- кг дене салмағына 270 мкг есебінен бір реттік инъекция.

Амбулаторлық емдеу ұзақтығы 24 сағаттан аспауы тиіс.

Ауыр дәрежелі қан кету

Препараттың ұсынылатын бастапқы дозасы кг дене салмағына 90 мкг құрайды және осы пациент емделетін әдеттегі клиникада тасымалдау сатысында енгізуге болады. Әрі қарай емдеу сызбасы қан кету типіне және ауырлығына байланысты. Емдеудің басында препарат клиникалық жақсару басталғанша екі сағат сайын енгізіледі. Емдеуді жалғастыруға көрсетілімдер болса, препаратты енгізу аралықтарын 1-2 тәулік ішінде 3 сағатқа дейін ұзартуға болады. Кейіннен, препаратты енгізу аралықтарын емдеудің бүкіл кезеңінде, көрсетілімдерге сәйкес, 4, 6, 8 немесе 12 сағатқа дейін ұзартуға болады. Ауыр қан кетуде емдеу ұзақтығы, клиникалық көрсетілімдер бар болса, 2-3 апта немесе одан да көп құрауы мүмкін.

Инвазиялық араласулар/хирургиялық операциялар

Тура араласу алдында пациенттің кг дене салмағына 90 мкг бастапқы доза енгізіледі. Екінші доза 2 сағаттан соң енгізіледі, ал артынша препарат жасалған араласуға және пациенттің клиникалық жай-күйіне қарай, алғашқы 24-48 сағат ішінде 2-3 сағаттық аралықтармен енгізіледі. Ауқымды операцияларда емдеу жоғарыда ұсынылған дозада препарат енгізу арасындағы 2-4 сағаттық аралықтармен 6-7 тәулік жалғасады. Келесі 2 апта бойы ем жүргізгенде препаратты енгізу аралықтарын 6-8 сағатқа дейін ұзартуға болады. Препаратты үлкен операциядан кейін қолданудың жалпы ұзақтығы әбден жазылып кеткенше 2-3 апта құрауы мүмкін.

- Жүре пайда болған гемофилия

Доза және дозалар арасындағы аралық (амбулаторлық емдеуді қоса)

НовоСэвен® препаратын қан кету басталған соң мүмкіндігінше ертерек енгізу көрсетілген. Көктамыр ішіне сорғалатып енгізуге ұсынылатын бастапқы доза науқастың кг дене салмағына 90 мкг құрайды. Алғашқы инъекциядан кейін, қажет болса, НовоСэвен® препаратын енгізуді қайталауға болады. Емдеу ұзақтығы мен препаратты енгізу арасындағы аралық қан кету ауырлығымен немесе инвазиялық емшаралар/хирургиялық араласу сипатымен айқындалады. Бастапқы дозаны енгізгенде аралық 2-3 сағат құрауы тиіс. Гемостазға жеткеннен кейін препарат енгізу аралығын бүкіл емдеу кезеңінде 4, 6, 8 немесе 12 сағатқа дейін ұзартуға болады.

- VII фактор тапшылығы

Дозалануы, дозалар ауқымы және енгізулер арасындағы аралық

Хирургиялық араласу немесе инвазиялық емшаралар жасау кезінде қан кетуді тоқтату және қан кетулердің алдын алу үшін ұсынылатын дозалар кг дене салмағына 15-30 мкг құрайды. Гемостазға жеткенше препарат әр 4-6 сағат сайын енгізіледі. Дозалар мен енгізу жиілігі әркімде жеке нақтыланады.

- Гланцман тромбастениясы

Дозалау, дозалар ауқымы және енгізулер арасындағы аралық

Хирургиялық араласу немесе инвазиялық емшаралар жүргізу кезінде қан кетуді бақылау және қан кетулердің алдын алу үшін ұсынылатын доза кг дене салмағына 90 мкг (80-120 мкг) құрайды. Препарат әр 2 сағат сайын (1.5-2.5 сағат) енгізіледі. Тұрақты гемостазды қамтамасыз ету үшін кемінде үш доза қажет болады. Көктамырішілік болюсті енгізу тәсілі ұсынылады, өйткені тамшылатып енгізгенде препарат тиімділігі төмендеуі мүмкін. Рефрактерліксіз Гланцман тромбастениямен науқастарда таңдау препараты тромбоцитарлық масса болып табылады.

Енгізу

Препаратты пайдалану жөніндегі нұсқаулықта сипатталғандай сұйылтып, көктамыр ішіне 2-5 минут бойы баяу енгізеді. НовоСэвен® препаратын басқа инфузиялық ерітінділермен араластыруға немесе тамшылатқыш арқылы енгізуге болмайды.

Дайындалған ерітінді физикалық және химиялық қасиеттерін 25оС температурада 6 сағат бойы және 5оС температурада 24 сағат бойы сақтайды.

Микробиологиялық көзқарас тұрғысынан, препаратты дайындағаннан кейін бірден пайдалану керек. Егер препарат бірден енгізілмеген жағдайда, ерітіндіні белгіленген тәртіппен расталған асептикалық бақыланатын жағдайларда дайындалатын жағдайларды қоспағанда, сақтау ұзақтығы және шарттарына (2оС-ден 8оС-ге дейінгі температурада 24 сағаттан асырмай) жауапкершілік пайдаланушыға жүктеледі.

Жағымсыз әсерлері

Күрделі де, күрделі емес те жағымсыз реакциялардың тізбесі кестеде берілген. Клиникалық зерттеулер барысында алынған деректерге негізделіп, төменде берілген жағымсыз реакциялардың бәрі ағзалар жүйелері мен даму жиілігі бойынша MedDRA жіктемесімен сәйкес топтарға бөлінген. Әр топтың ішінде даму жиілігі бойынша жағымсыз реакциялар күрделілігінің кемуіне қарай келтірілген. Жағымсыз реакциялардың даму жиілігі былайша айқындалған: жиі емес (≥1/1,000-нан <1/100 дейін); сирек (≥1/10,000-нан <1/1,000 дейін). Постмаркетингтік пайдалану үдерісінде ғана (клиникалық зерттеу барысында емес) байқалған жағымсыз реакциялар жиілігі «белгісіз» деп келтірілген.

Жиі емес

Тамырлар тарапынан бұзылулар

- тромбоэмболия жағдайлары (терең көктамырлар тромбозы, препарат енгізген жердегі көктамырлар тромбозы, өкпе тромбоэмболиясы, бауыр тромбоэмболиясының жағдайлары, соның ішінде қақпа көктамырының тромбозы, бүйрек көктамырының тромбозы, тромбофлебит, беткейлік көктамырлар тромбофлебиті және ішек ишемиясы)

Тері және тері асты тіндері тарапынан бұзылулар

- тері бөртпесінің пайда болуы (соның ішінде аллергиялық дерматит және эритематозды бөртпе)

- терінің қышынуы және уртикарлы бөртпе

Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылулар

- емдік әсерінің төмендеуі

Тиімділігінің жеткіліксіз жағдайлары сипатталған (емдік әсерінің төмендеуі). НовоСэвен® препаратын дозалау режимі «Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімінде сипатталған емнің ұсынылатын сызбаларына сәйкес болуы қажет.

- қызба

Сирек

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар

- диссеминацияланған тамырішілік ұю және зертханалық көрсеткіштердің қатарласа өзгеруі (D-димер мөлшерінің жоғарылауы және антитромбин ІІІ белсенділік деңгейінің төмендеуі («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз)

- коагулопатия

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

- жоғары сезімталдық («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Айрықша нұсқаулар» бөлімдерін қараңыз)

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

- бас ауыру

Тамырлар тарапынан бұзылулар

- артериялық тромбоэмболия жағдайлары (миокард инфарктісі, ми инфарктісі, ми ишемиясы, ми артерияларының окклюзиясы, цереброваскулярлық патология, бүйрек артерияларының тромбозы, шеткергі тамырлар ишемиясы, шеткергі артериялар тромбозы және ішек ишемиясы)

- стенокардия

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар

- жүрек айну

Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылулар

- енгізген жердегі реакциялар, енгізген жердегі ауырсынуды қоса

Зерттеулер

- фибрин деградациясы өнімдері мөлшерінің көбеюі

- аланинаминотрансфераза, сілтілік фосфатаза, лактатдегидрогеназа белсенділігінің және протромбин концентрациясының жоғарылауы

Белгісіз

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

- анафилаксиялық реакциялар

Тамырлар тарапынан бұзылулар

- жүрекішілік тромб

Тері және тері асты тіндері тарапынан бұзылулар

- тері жабындарының қызаруы

- ангионевроздық ісіну

Жүре пайда болған гемофилиясы бар пациентлер

61 пациент қатысқан клиникалық зерттеулер (препарат қолданылатын 100 көрініс жиынтығы) кейбір жағымсыз реакциялардың жиі кездесетінін (көріністер санының 1%-ы) көрсетті:

- артериялық тромбоэмболия жағдайлары (ми артерияларының окклюзиясы, цереброваскулярлық патология)

- көктамырлық тромбоэмболия жағдайлары (өкпе тромбоэмболиясы, тереңдегі көктамырлар тромбозы)

- стенокардия

- жүрек айнуы

- қызба

- эритематозды бөртпе

- зертханалық зерттеулерде фибрин деградациясы өнімдері мөлшерінің көбеюі

Тежегіш антиденелердің түзілуі

Постмаркетингтік қолдануда және клиникалық зерттеулерде НовоСэвен® препаратына немесе А немесе В гемофилиясы бар пациенттердегі VII қан ұю факторына тежегіш антиденелердің түзілуі жөнінде расталған деректер алынған жоқ.

Клиникалық зерттеулер барысында VII қан ұю факторының тапшылығы бар науқастарда НовоСэвен® препаратына немесе VII қан ұю факторына антиденелердің түзілуі бірден-бір байқалған жағымсыз реакция болды (даму жиілігі: жиі (≥ 1/100-ден < 1/10 дейін)). Кейбір жағдайларда антиденелердің тежегіш әсері in vitro анықталған. НовоСэвен® препаратына немесе VII қан ұю факторына антиденелердің даму қаупі бұрын адам плазмасы және/немесе VII қан ұю плазмалық факторы құйылған, VII қан ұю факторы генінің ауыр мутациясынан өткен немесе НовоСэвен® препаратының артық дозалану жағдайлары болған науқастарда болуы мүмкін.

VII қан ұю факторының тапшылығы бар науқастарда, осыған қатысты НовоСэвен® препаратымен ем жүргізілгенде VII қан ұю факторына антиденелердің дамуын бақылау керек («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

Тромбоэмболия

НовоСэвен® препаратын аурулары мақұлданған көрсетілімдерге кірмейтін пациенттерде қолданғанда артериялық тромбоэмболияның даму жағдайлары жиі (≥ 1/100-ден < 1/10 дейін) білінді. Артериялық тромбоэмболиялар жағдайларының өте жоғары даму қаупі (плацебо алған пациенттер тобындағы 3.0%-бен салыстырғанда, сынақтық препаратпен ем алып жүрген пациенттер тобында 5.6%) ауру сипаттамасы алуан түрлі, соған сәйкес, қауіп бейіні әртүрлі болатын пациенттердің түрлі клиникалық топтарында жүргізілген мақұлданған көрсетілімдер шегінен тыс ауруларды емдеу үшін препаратты қолдану жөніндегі плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулер барысында алынған жиынтық деректердің мета-талдамасында анықталды. НовоСэвен® препаратын мақұлданған көрсетілімдерден тыс қолдануға болмайды, өйткені мұндай қолданудың қауіпсіздігі және тиімділігі анықталмаған.

Тромбоэмболия жүректің тоқтап қалуына әкелуі мүмкін.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- белсенді компонентке, қосымша заттарға, тышқанның, атжалманның немесе сиырдың ақуыздарына жоғары сезімталдық

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

НовоСэвен® препараты мен қан ұю факторларының концентраттары арасында болжамды өзара әрекеттесу қаупі жөнінде деректер жоқ. Протромбин кешені концентраттары (белсендірілген немесе белсендірілмеген) мен НовоСэвен® препаратын бір мезгілде енгізуге болмайды.

Қолда бар деректер бойынша, гемофилиямен науқастарда, әсіресе, ортопедиялық операциялар мен фибринолитикалық белсенділігі жоғары тіндерге, мысалы, ауыз қуысында жасалған операциялар кезінде антифибринолитиктер операция үстінде қан жоғалтуды төмендетеді. Антифибринолитиктер мен НовоСэвен® препаратын біріктіріп қолдану тәжірибесі шектеулі.

Клиникаға дейінгі зерттеулер нәтижелерінің негізінде («Фармакокинетика. Қауіпсіздігі жөніндегі клиникаға дейінгі деректер» бөлімін қараңыз) rFVIIa және rFXIII қан ұю препараттарымен біріктіріп емдеу ұсынылмайды. rFVIIa және rFXIII қан ұю факторларының өзара әрекеттесуі жөніндегі клиникалық деректер жоқ.

Үйлесімсіздігі

НовоСэвен® препаратын инфузиялық ерітінділермен араластыруға немесе тамшылатқышта тағайындауға болмайды.

Айрықша нұсқаулар

Емдеу үдерісіндегі мониторинг – зертханалық зерттеулер

НовоСэвен® препаратымен емдеу зертханалық бақылауды қажет етпейді. Препарат дозалары қан кету ауырлығына және клиникалық әсерге қарай белгіленеді. НовоСэвен® препаратын енгізгеннен кейін протромбин уақыты (ПУ) мен белсендірілген парциальді тромбопластин уақытының (БПТУ) төмендеуі көрсетілді, алайда ПУ мен БПТУ және НовоСэвен® препаратының клиникалық тиімділігі арасында өзара байланыс анықталмаған.

Тіндік фактордың босап шығуының артуымен қатар жүретін патологиялық жай-күйлерде НовоСэвен® препаратын қолдану тромбоздық асқынулардың немесе диссеминацияланған тамырішілік ұю (ДТҰ) синдромының зор даму қаупімен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жай-күйлерге ауыр атеросклероз, жаншылған жаралар, септицемия және ДТҰ-синдром жатады.

Тромбоздық асқынулардың жоғары даму қаупі немесе диссеминацияланған тамырішілік ұю синдромы (ДТҰ-синдром) бар пациенттерге, сыртартқысында ишемиялық жүрек ауруы және бауыр аурулары бар пациенттерге, сондай-ақ операциядан кейінгі кезеңдегі пациенттерге және жаңа туған балаларға НовоСэвен® препаратын сақтықпен тағайындау керек. Әрбір жағдайда аталған ахуалдары бар пациенттерді емдеу үшін НовоСэвен® препаратын қолданудан болатын әлеуетті пайда оларда сипатталған асқынулардың даму қатеріне қатысты тиянақты таразылануы тиіс.

Рекомбинантты VІІа қан ұю факторы - НовоСэвен® препаратының құрамында тышқан IgG, сиыр IgG іздік мөлшерлері мен өсіріндінің басқа да қалдық ақуыздары (атжалманның және сиырдың сарысулық ақуыздары) болуы мүмкіндігінен, аталған препаратты алатын науқастарда осы ақуызға жоғары сезімталдықтың өте аз даму мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайларда көктамыр ішіне антигистаминдік препараттар қолдануды қарастыру керек.

Аллергиялық немесе анафилаксиялық реакциялар басталғанда препарат енгізуді дереу тоқтату керек. Анафилаксиялық шок дамыған жағдайда оның симптомдарын басу үшін стандартты ем қолданылады. Пациенттерге аллергиялық реакциялардың ерте даму симптомдары туралы ескерту қажет. Олар аталған симптомдар дамығанда осы препаратпен емделуді дереу тоқтатып, өз емдеуші дәрігеріне қаралу керектігін білуі тиіс.

Ауыр қан кетулер кезінде препарат VІІ немесе ІХ қан ұю факторларының тежегіштерімен гемофилияны емдеуге мамандандырылған стационарларда, ал егер бұл мүмкін болмаса, гемофилияны емдеуге маманданған дәрігермен тығыз ынтымақтасып қолданылу керек.

Егер науқаста қан кетуді тоқтату мүмкін болмаса, оны міндетті түрде ауруханаға жатқызған жөн. Пациенттер немесе оларды күтімге алған тұлғалар НовоСэвен® препаратын үй жағдайында қолданудың әрбір жағдайы жөнінде, алғашқы мүмкіндік туған бойда, емдеуші дәрігерге немесе стационарға хабарлауы тиіс.

VІІ қан ұю факторының тапшылығы бар науқастарда НовоСэвен® препаратын енгізгенше және одан кейін протромбин уақытын және VІІ қан ұю факторы белсенділігін бақылап отыру керек. Егер, препаратты ұсынылған дозаларда қолдануға қарамастан, VІІа қан ұю факторы белсенділігі күтілген мәнге жетпесе немесе қан кету жалғаса берсе, антиденелер түзілуін жорамалдауға болады. Бұл жағдайда антиденелердің бар-жоғына талдау жасаған жөн. VІІ қан ұю факторының тапшылығы бар пациенттерде хирургиялық араласулар барысында НовоСэвен® препаратын қолдану кезіндегі тромбоз жағдайлары хабарланған, бірақ НовоСэвен® препаратымен емдеу аясында VІІ қан ұю факторының тапшылығы бар науқастардағы тромбоз қатері туралы деректер жоқ.

Фруктозаны көтере алмаушылықпен байланысты сирек тұқым қуалайтын кінәраттары және глюкоза, галактоза және сахароза-изомальтозаның сіңу жеткіліксіздігі бар пациенттер осы дәрілік препаратты қабылдамау керек.

Қан кетулердің алдын алу үшін НовоСэвен® препаратын қолданудың тиімділігі мен қауіпсіздігі

НовоСэвен® препаратын алдын алу мақсатында қолданудың тиімділігі мен қауіпсіздігі пациенттердің бір тобындағы бақыланбайтын салыстырмалы жасырын зерттеуде (F7HAEM-1505 зерттеу) расталған. Зерттеуге сыртартқысында қан кету көріністері жиі болған (айына > 4 қан кету) пациенттер алынған. Стандартты емдеудің алғашқы үш айында пациенттер қан кету жиілігін анықтау тұрғысынан бақыланды. Келесі үш ай бойы оларға НовоСэвен® препараты күн сайын енгізілді. Күніне бір рет кг дене салмағына 90 мкг доза енгізу қан кету жиілігінің 45% азаюына алып келді. Қан кетудің орташа жиілігі бастапқы бақылау кезеңіндегі айына 5.4-тен алдын алу үшін емдеу кезеңіндегі айына 2.8 дейін төмендеді (р < 0.001). Емдеусіз бақыланған кейінгі үш ай ішінде орташа қан кету жиілігі (айына 3.9) бастапқы кезеңдегіден 27% төмен болды (p < 0.01). Ұзақтығы үш айдан асып кететін кезеңдер бойына алдын алу үшін қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Сұйылтқаннан кейін 1 мл ерітіндіде 10 мг сахароза болады.

Фруктоза көтерімділігінің болмауына байланысты сирек тұқым қуалайтын кінәраттары бар пациенттерге осы дәрілік препаратты қабылдауға болмайды.

Жүктілік уақытында және бала емізу кезінде қолдану

Жүктілік

Сақтық шаралары ретінде НовоСэвен® препаратын жүктілік кезінде қолданудан аулақ болу керек.

Мақұлданған көрсетілімдер аясында жүктілік кезінде қолдану бойынша қолда бар шектеулі деректер rFVIIa жүктілік барысына және ұрықтың/жаңа туған нәрестенің денсаулығына әсері жоқтығын растайды. Қазіргі уақытта басқа эпидемиологиялық деректер жоқ. Жануарларға жүргізілген тәжірибелер жүктілік барысына, эмбриондық/феталдық дамуға, босануға және босанудан кейінгі дамуға қатысты тікелей немесе тікелей емес зиянын анықтамады (Фармакологиялық қасиеттері. Фармакокинетика. Қауіпсіздігі бойынша клиникаға дейінгі деректер бөлімдерін қараңыз).

Бала емізу кезеңі

Емшек сүтіне rFVIIa бөлінетіндігі белгісіз. Жануарларда rFVIIa бөлінетіндігі зерттелмеген. Бала емізуді жалғастыру /тоқтату туралы немесе НовоСэвен® препаратымен емдеуді жалғастыру /тоқтату туралы шешімді НовоСэвен® препаратының әйелдер үшін және бала үшін емшекпен емізудің пайдасы тұрғысынан қабылдау керек.

Фертильділігі

Клиникаға дейінгі зерттеулердің деректері, сондай-ақ маркетингтен кейінгі деректер rFVIIa еркектер немесе әйелдердің фертильділігіне зиянды әсері барының ешбір белгілерін көрсетпеді.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Дәрілік заттың көлік құралын немесе аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері белгісіз.

Артық дозалануы

Клиникалық зерттеулер барысында НовоСэвен® препаратының дозаны шектейтін уыттылығы зерттелмеген.

Гемофилиясы бар пациенттердегі артық дозаланудың бірнеше жағдайлары хабарланған. Артық дозаланумен байланысты бірден-бір асқыну 5.5 мг орнына 24 мг rFVІІа алған 16 жастағы пациентте артериялық қысымның болымсыз өткінші көтерілуі болды.

Жүре пайда болған гемофилиясы немесе Гланцман тромбастениясы бар пациенттерде артық дозалану жағдайлары хабарланбаған.

Ұсынылған rFVІІа дозасы 15-30 мкг/кг құрайтын VII қан ұю факторының тапшылығы бар пациенттерде артық дозаланудың бір жағдайы препаратты ұсынылған дозасынан 10-20 есе асып кететін дозада алған ер жынысты егде жастағы (80 жастан асқан) пациентте тромбоздық асқынумен байланысты болды. Сонымен қатар, VII қан ұю факторының тапшылығы бар бір пациентте FVІІ мен НовоСэвен® препаратына антиденелердің артық дозаланумен байланысты дамуы хабарланды.

Пайда болуы мүмкін қосымша қауіптер жөнінде ақпарат жоқ болғандықтан, ұсынылған дозаларынан асыруға болмайды.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Хлорбутилді резеңке тығынмен және полипропиленді «Snap-off» қақпақты алюминий қалпақшамен тығындалған І гидролитикалық класты түссіз шыныдан жасалған құтыдағы лиофилизат.

Хлорбутилді резеңке тығынмен және полипропиленді «Snap-off» қақпақты алюминий қалпақшамен тығындалған І гидролитикалық класты түссіз шыныдан жасалған құтыда 1.1 мл (1 мг доза үшін) немесе 2.1 мл (2 мг доза үшін) еріткіштен.

Лиофилизаты бар 1 құты және еріткіші бар 1 құты медициналық қолдануы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Мұздатып қатыруға болмайды.

Жарықтан қорғау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Ново Нордиск А/С, Дания

Тіркеу куәлігінің иесі

Ново Нордиск А/С, Дания

Қаптаушы

Ново Нордиск А/С, Дания

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың қауіпсіздігіне тіркеуден кейінгі бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасындағы Ново Нордиск А/С компаниясының өкілдігі

Мекенжайы: 050010, Алматы қ., «Кең дала» бизнес орталығы, Достық даңғылы, 38 үй, Б блогы, Оң жақ беткей, 8-ші қабат.

Телефон нөмірі: +7 (727) 330 77 88

Факс нөмірі: +7 (727) 261 08 04

Электронды пошта: roa-td@novonordisk.com

 

НовоСэвен® Novo Nordisk Health Care AG, Швейцария компаниясының сауда белгісі болып табылады.

© 20XX

Ново Нордиск А/С

 

 

 

НовоСэвен® препаратын пайдалану жөніндегі нұсқау

Еріткіші бар құты Лиофилизаты бар құты

 

Ерітінді дайындау

Асептика ережелерін үнемі сақтаңыз. Қолыңызды жуыңыз. Препаратты сұйылтқанда ұнтақ пен еріткіш бөлме температурасында болуы тиіс. Құтылардан пластик қалпақшаларын алып тастаңыз. Егер қалпақша болмаса немесе ол тығыз кигізілмесе, ол құтыны пайдаланбаңыз. Резеңке тығындарды спиртті тампондармен өңдеңіз және пайдаланар алдында құрғатып алыңыз. Тиісті көлемдегі бір реттік еккішті, құтыға арналған адаптерді немесе сұйылтуға және араластыруға арналған (20-26 G) инені пайдаланыңыз.

Құтыға арналған адаптердегі қорғағыш жапсырмасын, оны қаптамадан шығармай тұрып, алып тастаңыз. Сақ болыңыз: құтыға арналған адаптердің ұштығына дейін тиіп кетпеңіз.

Адаптерді ішінде еріткіші бар құтыға кигізіңіз. Адаптер құтыға кигізілгеннен кейін, одан қаптамасын алып тастаңыз.

Егер Сіз сұйылтуға және араластыруға арналған инені пайдалансаңыз:

Инені қаптамадан, иненің қорғағыш қалпақшасын шешпей, шығарып алыңыз. Инені еккішке тығыз бұрап бекітіңіз.

Еккіштің поршенін артқа тартып, еккішке еріткіш көлеміне тең (еккіштегі см3 тең мл) көлемде ауа сорғызып алыңыз.

 

Еккішті еріткіші бар құты адаптеріне мұқият бұрап бекітіңіз.

Егер Сіз сұйылтуға және араластыруға арналған инені пайдалансаңыз:

Инеден қорғағыш қалпақшаны шешіп, еріткіші бар кұтының резеңке тығынын тесіңіз. Сақ болыңыз: иненің ұшына тиіп кетпеңіз.

Поршеньді басып тұрып, қатты кедергі сезілгенше, құтыға ауа енгізіңіз.

 

Еккішті құтысымен бірге, түбін жоғары қарата, аударып көтеріңіз.

Егер Сіз сұйылтуға және араластыруға арналған инені пайдалансаңыз, иненің ұшы ерітіндіге батып тұрғанына көз жеткізіңіз.

Поршеньді тартып, құтыдағы ерітіндіні еккішке түгел сорып алыңыз.

 

Бос құтыны алып тастаңыз.

Егер Сіз құтыға арналған адаптерді пайдалансаңыз: еккішті қисайта отырып, босаған құтыны алып тастаңыз.

 

Лиофилизаты бар құтыдағы еккішке жалғанған құтыға арналған адаптерді сырт еткізіңіз.

Егер Сіз сұйылтуға және араластыруға арналған инені пайдалансаңыз: иненің резеңке тығын ортасына енгізілгеніне көз жеткізіңіз.

Еккішті төмен қарата сәл қисайтқан күйде ұстаңыз. Еккіш поршенін ақырын басып, еріткішті құтыға енгізіңіз. Еріткіш ағыны лиофилизатқа тікелей түспеуі тиіс, өйткені бұл «көпіршік» түзуі мүмкін.

 

Құтыны лиофилизат түгел ерігенше ақырын айналдырыңыз. Құтыны сілкімеңіз, өйткені одан көпіршік түзілуі мүмкін. Лиофилизаттың толық ерігеніне және дайындалған ерітіндінің түссіз екеніне көз жеткізіңіз. Дайындалған ерітінді мөлдір және түссіз болуы тиіс. Егер ол берілген сипаттамаға сәйкес келмесе, ерітіндіні пайдаланбаңыз.

Инені немесе адаптерді дайындалған ерітіндісі бар кұтыдан ажыратпаңыз.

 

Дайындалған ерітінді тұрақтылығының 24 сағат бойы сақталуына қарамастан, инфекция түсуіне жол бермеу үшін, оны дайындаған соң бірден пайдалану ұсынылады. Егер ерітінді дайындалғаннан кейін дереу пайдаланылмаса, оны жалғанған еккішімен бірге 2°С-ден 8°С-ге дейінгі температурада 24 сағаттан асырмай тоңазытқышта сақтау керек.

Ерітіндіні дәрігермен кеңесіп алмай сақтамаңыз.

 

Ерітінді енгізу

Поршеньді суретте көрсетілгендей кері тартпас бұрын, оның еккішке түгел еніп тұрғанына көз жеткізіңіз (поршень еккіштегі қысым әсерінен кері атылуы мүмкін).

Егер Сіз сұйылтуға және араластыруға арналған инені пайдалансаңыз: ине ұшының ерітіндіге батып тұрғанына көз жеткізіңіз.

Еккішті төңкерілген («түбі жоғары қараған») күйде ұстап, дайындалған ерітіндіні түгел еккішке сорып алыңыз.

 

Егер сіз құтыға арналған адаптерді пайдалансаңыз:

Құтыға арналған адаптерді бос құтыдан бұрап ағытыңыз.

Егер Сіз сұйылтуға және араластыруға арналған инені пайдалансаңыз:

Инені суырып алып, оған қорғағыш қалпақшасын кигізіңіз және инені еккіштен бұрап ажыратыңыз.

НовоСэвен® препараты енгізуге дайын. Енгізудің әдеттегі емшарасын дәрігер нұсқауларына сай атқарыңыз.

 

 

   

Еккішті, құтыға арналған адаптерді, құтыларды, пайдаланылмаған кез келген өнім мен пайдаланылған материалдарды жергілікті талаптарға сай жойып жіберген жөн.

 

Прикрепленные файлы

067060281477976289_ru.doc 1369 кб
113273671477977479_kz.doc 1811 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники