Неовитам
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Неовитам
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: В1 дәрумені (тиамин гидрохлориді)* 100 мг, В6 дәрумені (пиридоксин гидрохлориді)* 200 мг, В12 дәрумені (цианокобаламин)* 0.2 мг,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, повидон, магний стеараты,
үлбірлі қабық: Opadry II 57U White: гипромеллоза, титанның қостотығы (Е 171), полидекстроза, тальк, мальтодекстрин, орташа тізбекті триглицеридтер.
* - 100 % затқа шаққанда.
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, екі жақ беті дөңес, ақ немесе ақ дерлік түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Ас қорыту жолы және зат алмасу. Дәрумендер. В1 дәрумені, қарапайымдар және В6 және В12 дәрумендерімен біріктірілімде. В6 дәруменімен және/немесе В12 дәруменімен біріктірілген В1 дәрумені.
АТХ коды A11DB.
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Тиамин. Ішке қолданғаннан кейін мөлшерленіп таралуға ұшырайды, оның механизмінің түп негізі екі жақты: 2 мкмоль концентрациясына дейін белсенді сіңу арқылы және 2 мкмольден артық концентрацияда пассивті диффузия жолымен. Жартылай шығарылу кезеңі шамамен 4 сағатты құрайды.
Адам организмі 30 мг-ге дейін тиамин жинақтай алады. Жылдам метаболизміне байланысты дәруменнің резервтік қоры өте шектеулі және 4-10 күннен кейін жұмсалады.
Пиридоксин. Пиридоксин өте тез сіңеді, негізінен асқазан-ішек жолының жоғарғы бөлігінде және ең көбі 2-5 сағаттан кейін шығарылады.
Адам организмінде шамамен 40-150 мг дәрумен сақталуы мүмкін, 1,7-3,6 мг бір тәулікте несеппен шығарылады.
Цианокобаламин. В12 дәрумені асқазан-ішек жолынан екі механизмнің көмегімен сіңеді:
асқазан сөлінің әсерінен босап шығу және ішкі фактормен тез үйлесуі;
қанға баяу түсуі есебінен ішкі факторға байланысты емес.
1,5 мкг артық дозада соңғы механизм маңызды рөл атқарады.
В12 дәрумені негізінен бауырда жинақталады. Метаболизм жылдамдығы тәулігіне 2,5 мкг немесе сақталатын мөлшерден 0,05% құрайды. В12 дәрумені негізінен өт арқылы шығарылады және ішек-бауыр айналымы кезінде айтарлықтай дәрежеде реабсорбцияланады.
Фармакодинамикасы
Дәрілік заттың құрамында В дәрумендері кешенінің нейротроптық белсенді заттарының біріктірілімі бар: тиамин (В1), пиридоксин (В6) және цианокобаламин (В12) орталық және шеткері жүйке жүйесінде болатын аралық метаболизмде коэнзим ретінде ерекше маңызы бар.
Барлық басқа дәрумендер сияқты, олар организмде тікелей синтезделе алмайтын алмастырылмайтын қоректік заттар болып табылады.
Организмге В1, В6 және В12 дәрумендерін емдік тұрғыда енгізу организмде коэнзимдердің қажетті мөлшерінің болуын қамтамасыз ететін тағаммен дәрумендердің жеткіліксіз түсуін толықтырады. Жүйке жүйесінің әртүрлі аурулары кезінде осы дәрумендерді емдік тұрғыда қолдану бір жағынан, бір мезгілде бұрыннан бар жеткіліксіздікті (тікелей аурумен байланысты организм қажеттілігінің ұлғаюынан болуы мүмкін) компенсациялауға және екінші жағынан қалпына келтірудің табиғи механизмдерін ынталандыруға бағытталған.
В1, В6 және В12 дәрумендерінің уыттылығы өте төмен және адам үшін әлеуетті қауіп төндірмейді.
Қолданылуы
Неврологиялық ауруларды кешенді емдеу құрамында:
үшкіл жүйке невралгиясы
қабырғааралық невралгия
ишиалгия
бел синдромы (люмбаго)
плексит (мойын және иық өрімдері)
омыртқаның дегенеративтік аурулары салдарынан түбіршектік невриттер
прозоплегия (бет жүйкесінің зақымдануы).
Қолдану тәсілі және дозалары
Таблеткаларды тамақтан кейін, шайнамай, азғана мөлшердегі сұйықтықпен іше отырып қабылдау керек.
Ұсынылған доза тәулігіне 1 таблетканы құрайды. Жекелеген жағдайларда дозаны арттырады және тәулігіне 3 рет 1 таблеткадан қолданады.
Емдеу курсының ұзақтығын дәрігер әр жағдайда жеке анықтайды. 4 аптаға созылатын емдеу кезеңінен кейін дәрігер дәрілік заттың дозасын түзетуге және төмендетуге қатысты шешім қабылдайды.
Жағымсыз әсерлері
Жағымсыз құбылыстардың жиілігін анықтау мына критерийлерге сәйкес жүргізіледі: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100-ден < 1/10 дейін), жиі емес (≥ 1/1000-нан < 1/100 дейін), сирек (≥ 1/10000-нан < 1/1000 дейін),өте сирек (< 1/10000),белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес).
Өте сирек
- В6 дәруменін өте жоғары дозамен созылмалы шамадан тыс қолдану сезімталдық бұзылыстарын, қатты терлеуді, тахикардияны туындатуы мүмкін;
- анафилаксиялық шок, анафилаксия, тері реакциялары, оның ішінде қышыну, есекжем
Белгісіз
- В6 дәруменін 50 мг-ден асатын дозада күнделікті ұзақ уақыт (6-12 айдан астам) қолдану шеткері сенсорлық нейропатияға, жүйкенің қозуына, дімкәстануға, бас айналуына, бас ауыруына әкелуі мүмкін
- асқазан-ішек бұзылыстары, оның ішінде жүрек айнуы, құсу, диарея, іштің ауыруы, асқазан сөлі қышқылдығының жоғарылауы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
дәрілік заттың қандай да бір компоненттеріне жоғары сезімталдық
аллергиялық аурулар
асқазанның және он екі елі ішектің асқыну сатысындағы ойық жаралы ауруы (асқазан сөлінің қышқылдығы жоғарылауы мүмкін)
эритремия, эритроцитоз, тромбоэмболия
18 жасқа дейінгі балалар
жүктілік немесе лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Тиамин әсерінің белсенділігі 5-фторурацилмен жойылады, өйткені соңғысы тиаминнің тиамин-пирофосфатқа фосфорлануын бәсекелесті түрде тежейді.
Антацидтер тиаминнің сіңуін төмендетеді. Өзекшелік реабсорбцияны тежейтін ілмектік диуретиктер (мысалы, фуросемид) ұзақ емдеу кезінде тиамин экскрециясының артуын туындатуы және осылайша тиамин деңгейін төмендетуі мүмкін.
Антагонистермен пиридоксинді (мысалы, изониазидпен, гидралазинмен, пеницилламинмен немесе циклосеринмен), пероральді контрацептивтермен бір мезгілде қолдану В6 дәруменіне қажеттілікті арттыруы мүмкін.
Бір мезгілде қолданғанда В6 дәрумені леводопаның тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Дәрілік затты үлкен дозаларда 4 аптадан артық қолдануға болмайды, себебі бұл неврологиялық симптомдарға түрткі болуы мүмкін.
Алкоголь мен қара шайды қолдану тиаминнің сіңуін төмендетеді. Құрамында сульфиттер (мысалы, шарап) бар сусындарды пайдалану тиаминнің деградациясын жоғарылатады.
Дәрілік заттың құрамында В6 дәрумені болғандықтан, оны анамнезінде асқазан мен он екі елі ішектің пептидтік ойық жарасы, бүйрек пен бауыр функциясының айқын бұзылуы бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек.
В12 дәруменін енгізген кезде клиникалық көрініс, сондай-ақ фуникулярлық миелоз немесе пернициозды анемия кезіндегі зертханалық талдаулар өзінің спецификалығын жоғалтуы мүмкін. Мегалобластты анемия және В12 дәруменінің тапшылығымен қатар жүретін жағдайларды қоспағанда, жаңа түзілімдері бар пациенттерге дәрілік затты қолдануға болмайды.
Дәрілік затты жүрек қызметінің декомпенсациясы мен стенокардияның ауыр немесе жедел түрінде қолданбайды.
Жүктілік және лактация кезеңі
Жүктілік немесе бала емізу кезеңінде дәрілік затты қолдануға болмайды.
Педиатрия
Клиникалық тәжірибесі болмағандықтан, дәрілік затты балаларға қолдануға болмайды.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Дәрілік зат автокөлікті басқару немесе басқа да механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсер етпейді.
Егер дәрілік затпен емдеу барысында бас айналуы байқалатын болса, көлік құралдарын басқарудан және механизмдермен жұмыс істеуден бас тарта тұру қажет.
Артық дозалануы
В1 дәрумені: емдік диапазоны ауқымды. Өте жоғары дозалар (10 г астам) кураре тәрізді әсер көрсетеді, жүйке импульстерінің өткізгіштігін бәсеңдетеді.
В6 дәрумені: уыттылығы өте төмен. Атаксиямен нейропатиялар және сезімталдық бұзылыстары, ЭКГ өзгерістерімен церебральді конвульсиялар, сондай-ақ жекелеген жағдайларда гипохромды анемия және себореялық дерматит тәулігіне 2 г астам қолданғаннан кейін сипатталған.
Бірнеше ай бойы тәулігіне 1 г артық дозада В6 дәруменін шамадан тыс қолдану нейроуытты әсерге әкелуі мүмкін.
В12 дәрумені. Жоғары дозаларды парентеральді енгізгеннен кейін (өте сирек – пероральді қолданғаннан кейін) аллергиялық реакциялар, экзематозды тері бұзылулары және акненің қатерсіз түрі байқалды.
В12 дәруменін жоғары дозаларда ұзақ қолданған кезде бауыр ферментері белсенділігінің бұзылуы, жүрек тұсының ауыруы, гиперкоагуляция болуы мүмкін.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
3 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Түпнұсқалық қаптамасында, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«КИЕВ ДӘРУМЕНДЕР ЗАУЫТЫ» АҚ, Украина
04073, Киев қ., Копыловская к-сі, 38
Тел.: (044) 461-03-08, факс: (044) 461-03-01; Web-сайт: www.vitamin.com.ua
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
«КИЕВ ДӘРУМЕНДЕР ЗАУЫТЫ» АҚ, Украина
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
Өкілдік: «КИЕВ ДӘРУМЕНДЕР ЗАУЫТЫ» АҚ
Мекенжайы: 050008, Қазақстан Республикасы: Алматы қ.,
Абай даңғылы 109 В, 16А кеңсе
Тел.: +7 (727) 356 88 50; е-mail: ossadchiy@mail.ru