Микстард® 30 НМ (Инсулин человеческий)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Микстард® 30 НМ
Халықаралық патенттелмеген атауы
Адам инсулині
Дәрілік түрі, дозалануы
Тері астына енгізуге арналған суспензия, 100 ХБ/мл
Фармакотерапиялық тобы
Асқорыту жолы және зат алмасу. Диабет кезінде қолданылатын дәрілік препараттар. Инсулиндер және аналогтары. Инсулиндер және инъекцияға арналған аналогтар, ұзақтығы орташа немесе жылдам әрекет ететін біріктірілімдерде ұзақ әсерлі. Инсулин (адам).
АТХ коды A10AD01
Қолданылуы
Микстард® 30 НМ — бір мезгілде жылдам және ұзақ әсер ететін инсулині бар адам инсулині препараты.
Микстард® 30 НМ препараты қант диабеті бар пациенттерде қандағы қанттың жоғары деңгейін төмендету үшін қолданылады. Қант диабеті - бұл Сіздің организміңіз қандағы қант деңгейін бақылау үшін жеткілікті мөлшерде инсулин шығармайтын ауру. Микстард® 30 НМ препаратымен емдеу бақыланбайтын диабеттен туындаған асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Қандағы қант деңгейінің төмендеуі Микстард® 30 НМ препаратын қабылдағаннан кейін шамамен 30 минуттан соң басталады және қантты төмендететін әсері шамамен 24 сағатқа созылады.
Қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі
Бұл препаратты пайдалануды бастамас бұрын осы нұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз, себебі бұл нұсқаулықта маңызды ақпарат берілген.Осы нұсқаулықты сақтаңыз. Мүмкін, Сізге оны қайтадан оқуға тура келеді.
Егер сұрақтар туындаса, емдеуші дәрігерге, фармацевтке немесе медбикеге хабарласыңыз.
Бұл препарат Сізге ғана тағайындалды. Препаратты басқа адамдарға бермеңіз. Олардың ауруының белгілері Сіздің ауруыңызға сәйкес болса да, оларға зиян келтіруі мүмкін.
Кез келген жағымсыз реакциялар дамыса, емдеуші дәрігерге, фармацевтке немесе медбикеге хабарласыңыз. Бұл ақпарат нұсқаулықта көрсетілмеген кез келген ықтимал жағымсыз реакцияларға да қатысты. Егжей-тегжейлі ақпарат ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар бөлімінде берілген.
► Инсулиннің дұрыс түрін таңдағаныңызға көз жеткізу үшін заттаңбаны тексеріңіз.
► Қорғаныс қалпақшасын алыңыз.
► Зарарланудың алдын алу үшін әрдайым әр инъекция үшін жаңа инені қолданыңыз.
► Микстард® 30 НМ инелері мен құрылғысы тек жеке пайдалануға арналған.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
► Егер Сізде адам инсулиніне немесе препараттың кез келген басқа компонентіне аллергия болса (толық ақпарат Дәрілік препараттың құрамы бөлімінде берілген).
► Егер Сізде гипогликемия (қан құрамындағы қант деңгейі төмен) басталса (толық ақпарат Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар бөлімінде берілген).
► Микстард® 30 НМ препаратын инсулинге арналған инфузиялық помпаларда пайдалануға болмайды.
► Егер қорғаныс қалпақшас тығыз бекітілмеген немесе жоқ болса. Әрбір құты алғашқы ашылуын бақыланатын қорғаныш пластмасса қалпақшамен жабылады.
Сақтау шарттары
► Егер ресуспензияланған инсулин біртекті ақ бұлыңғыр сұйықтық болып көрінбесе.
Егер Cіз жоғарыда аталғандардың біреуіне тап болсаңыз, Микстард ® 30 НМ препаратын пайдаланбаңыз. Емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз
Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары
Кейбір жағдайлар мен әрекеттер инсулиннің қажеттілігіне әсер етуі мүмкін. Келесі жағдайларда дәрігермен кеңесіңіз.
► Егер Cізде бүйрек, бауыр, бүйрекүсті безі, гипофиз немесе қалқанша безінің аурулары диагнозы қойылса.
► Егер Cіз физикалық белсенділікті арттырсаңыз немесе әдеттегі рацион мен тамақтану режимін өзгерткіңіз келсе, бұл қандағы қант деңгейіне әсер етуі мүмкін.
► Егер Cіз ауырып қалсаңыз, инсулин қабылдауды жалғастырыңыз және дәрігеріңізбен кеңесіңіз.
► Егер Сіз саяхаттасаңыз, уақыт белдеулерінің өзгеруі инсулинге қажеттілікке және енгізу режиміне әсер етуі мүмкін.
Инъекция орнында терінің өзгерістері
Терінің қалыңдауына немесе жұқаруына, теріастылық тығыздалулардың түзілуіне және басқа бұзылыстарға әкелетін теріасты май тінінің өзгерістерін болдармау үшін инъекция орнын мезгіл-мезгіл ауыстырып отыру керек. Теріастылық тығыздалулар, жұқарулар және қалыңдаулар бар аймақтарға инсулинді енгізу препараттың тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады («Қолдану жөніндегі нұсқаулар» бөлімін қараңыз). Инъекция орнындағы кез келген өзгерістер болса, дәрігермен кеңесіңіз. Егер қазіргі уақытта препаратты осындай зақымдалған аймақтарға енгізсеңіз, инъекция орнын ауыстыру алдында ол туралы дәрігерге хабарлыңыз. Дәрігер қандағы глюкоза деңгейінің неғұрлым мұқият бақылауын және инсулиннің немесе басқа гипогликемиялық препараттың дозасын реттеуді тағайындауы мүмкін.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Егер Сіз басқа дәрі-дәрмектерді қабылдаған болсаңыз, жақында қабылдасаңыз немесе қабылдағыңыз келсе, бұл туралы емдеуші дәрігерге хабарлаңыз.
Кейбір дәрі-дәрмектер қандағы қант деңгейін өзгертеді, бұл инсулин дозасын өзгертуді қажет етуі мүмкін.
Төменде инсулинді қолдануға әсер етуі мүмкін ең көп таралған препараттар берілген.
Егер Сіз келесілерді қабылдасаңыз, қандағы қант деңгейі (гипогликемия) төмендеуі мүмкін.
Диабетті емдеуге арналған басқа дәрілер.
Моноаминооксидаза (МАО) тежегіштері (депрессияны емдеу үшін қолданылады).
Бета-блокаторлар (жоғары артериялық қысымды емдеу үшін қолданылады).
Ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштері (белгілі бір жүрек ауруларын немесе жоғары артериялық қысымды емдеу үшін қолданылады).
Салицилаттар (ауырсынуды жеңілдету және температураны төмендету үшін қолданылады).
Анаболизмдік стероидтар (мысалы, тестостерон).
Сульфонамидтер (инфекцияларды емдеу үшін қолданылады).
Егер Сіз төменде көрсетілген дәрі-дәрмектердің кез келгенін қабылдасаңыз, қандағы қант деңгейі жоғарылауы мүмкін (гипергликемия).
Ауыз арқылы қабылданатын контрацептивтер (контрацептив таблеткалары).
Тиазидті диуретиктер (жоғары артериялық қысымды немесе организмде сұйықтықтың шамадан тыс іркілуін емдеу үшін қолданылады).
Глюкокортикостероидтар (мысалы, қабынуды емдеу үшін қолданылатын кортизон).
Тиреоидты гормон (қалқаншабез функциясының бұзылуын емдеу үшін қолданылады).
Симпатомиметиктер (мысалы, демікпені емдеу үшін қолданылатын эпинефрин [адреналин], сальбутамол немесе тербуталин).
Өсу гормоны (қаңқа және соматикалық өсуді стимуляциялайтын препарат, организмдегі метаболикалық процестерге де айқын әсер етеді).
Даназол (овуляцияға әсер ететін дәрі).
Октреотид және ланреотид (сирек кездесетін гормондық бұзылыс акромегалияны емдеу үшін қолданылады, әдетте орта жастағы ересектерде кездеседі) қандағы қант деңгейін жоғарылатуы және төмендетуі мүмкін.
Бета-адреноблокаторлар (жоғары қан қысымын емдеу үшін қолданылады) гипогликемияны тануға көмектесетін гипогликемияның хабаршы белгілерін жасыруы немесе басуы мүмкін.
Пиоглитазон (2-типті қант диабетін емдеу үшін қолданылатын таблеткалар).
Анамнезінде 2-типті көпжылдық қант диабеті және жүрек аурулары немесе пиоглитазонды инсулинмен бірге қабылдаған бұрын инсульт алған кейбір пациенттерде жүрек функциясы жеткіліксіздігінің дамуы байқалды. Егер Сізде жүрек функциясы жеткіліксіздігінің белгілері болса, мысалы, ентігу, салмақтың күрт өсуі немесе дененің кез келген бөлігінің мөлшері үлкейсе (ісіну), дереу емдеуші дәрігермен хабарласыңыз.
Егер Сіз осы бөлімде көрсетілген дәрі-дәрмектердің кез келгенін қабылдаған болсаңыз, емдеуші дәрігерге, медбикеге немесе фармацевтке хабарласыңыз.
Микстард® 30 НМ препаратын алкогольмен қолдану► Егер Сіз алкогольді ішсеңіз, инсулинге деген қажеттілік өзгеруі мүмкін, өйткені қандағы қант деңгейі жоғарылауы немесе төмендеуі мүмкін. Қант деңгейін мұқият бақылау ұсынылады.
Арнайы сақтандырулар
Педиатрияда қолдану
Микстард® 30 НМ балалар мен жасөспірімдерді емдеу үшін қолдануға болады.
Жүктілік немесе лактация кезінде► Егер Сіз жүкті болсаңыз, жүктілікке күмәндансаңыз немесе жүктілікті жоспарласаңыз, осы дәріні қолданар алдында емдеуші дәрігермен кеңесіңіз. Микстард® 30 НМ препаратын жүктілік және бала емізу кезінде қолдануға болады. Жүктілік кезінде және босанғаннан кейін Сізге инсулин мөлшерін өзгерту қажет болуы мүмкін. Диабетті мұқият бақылау, әсіресе гипогликемияның алдын-алу Сіздің балаңыздың денсаулығы үшін өте маңызды.
► Микстард® 30 НМ препаратын бала емізу кезеңінде қолдануға болады.
Егер Сіз жүкті болсаңыз немесе бала емізетін болсаңыз, осы препаратты қабылдамас бұрын емдеуші дәрігермен, фармацевтпен немесе мейірбикемен кеңесіңіз.
Дәрілік заттың көлік құралын және қауіптілігі зор мехнаизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері► Өз дәрігеріңізден автокөлікті немесе механизмдерді басқаруыңызға болатындығы туралы біліңіз:
егер Сізде гипогликемияның жиі эпизодтары болса;
егер Сізге гипогликемияны айырып тану қиын болса.
Қандағы қанттың төмен немесе жоғары деңгейі жинақталуға, жылдамдық пен реакцияға, сондай-ақ автокөлік жүргізу немесе механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі мүмкін. Есіңізде болсын, Сіз өзіңіздің денсаулығыңызға немесе айналаңыздағылардың денсаулығына қауіп төндіруіңіз мүмкін.
Микстард® 30 НМ препаратының құрамында натрий бар.Микстард® 30 НМ препаратының құрамында дозасына 1 ммоль аз натрий (23 мг) бар, яғни іс жүзінде «құрамында натрий жоқ» статусына ие.
Қолдану жөніндегі нұсқаулар
Дозалау режимі
Әрқашан инсулин препаратын емдеуші дәрігердің нұсқауларына сәйкес қолданыңыз.
Гипогликемияны болдырмау үшін инъекциядан кейін 30 минут бойы құрамында көмірсулар бар тағамдарды жеңіз немесе тамақтанып алыңыз.
Қолданылатын инсулиннің түрін немесе сауда маркасын емдеуші дәрігердің рұқсатынсыз өзгертпеңіз. Егер сіздің дәрігеріңіз Сіз қолданатын инсулиннің түрін немесе сауда маркасын басқасына ауыстырса, дозаны түзету қажет болуы мүмкін.
Пациенттердің ерекше топтарыЕгер Сізде бүйрек немесе бауыр функциясы бұзылса немесе 65 жастан асқан болсаңыз, Сізге қандағы қант деңгейін үнемі тексеріп, инсулин дозасын түзету туралы дәрігермен кеңесу керек.
Балалар мен жасөспірімдерМикстард® 30 НМ препаратын балалар мен жасөспірімдерге қолдануға рұқсат етілген.
Енгізу әдісі мен жолы
Микстард® 30 НМ препараты тері астына инъекция жасауға (тері астына енгізу) арналған. Препаратты ешқашан венаға (вена ішіне) немесе бұлшықетке (бұлшықет ішіне) енгізбеңіз.
Әр кезде инъекция орнын терінің белгілі бір аймағында өзгертіңіз. Бұл тері астында тығыздалу немесе жұқару қаупін азайтады (толық ақпарат Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар бөлімінде берілген). Инъекция жасауға ұсынылатын орындар: ішперде қабырғасының алдыңғы бөлігі (іш), иық, санның алдыңғы беті, қолдың немесе бөксенің жоғарғы бөлігі. Егер инсулинді ішперде қабырғасының алдыңғы бөлігіне (ішке) тері астына енгісе, тез әсер етеді. Қандағы қант деңгейін үнемі өлшеу қажет.
Микстард® 30 НМ препаратын қалай қабылдауға боладыМикстард® 30 НМ препараты бар құты тиісті шкаласы бар инсулинді шприцтермен пайдалануға арналған.
Қолданар алдында құтыны сұйықтық бұлыңғыр және біркелкі ақ болғанша қолыңызда айналдырыңыз. Егер сіз оны бөлме температурасына дейін қыздырсаңыз, инсулинді қалпына келтіру оңайырақ болады.
Сіз енгізгіңіз келетін инсулин дозасының көлеміне сәйкес келетін ауа көлемін шприцке тартыңыз. Құтыға ауаны енгізіңіз.
Шприці бар құтыны төңкеріп, инсулиннің қажетті дозасын шприцке тартыңыз. Инені құтыдан алыңыз. Содан кейін шприцтен ауаны шығарыңыз және дұрыс дозаны жинағаныңызға көз жеткізіңіз.
► Инсулинді тері астына енгізіңіз. Дәрігер немесе мейірбике ұсынған инъекция техникасын қолданыңыз.
► Инсулиннің толық дозасын енгізуді қамтамасыз ету үшін инені тері астына кем дегенде 6 секундқа қалдырыңыз.
► Әр инъекциядан кейін ине мен шприцті тастаңыз.
Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шараларЕгер сіз инсулинді тым көп енгізсеңіз, қандағы қант деңгейі қатты төмендейді (гипогликемия). Күрделі және өте кең таралған жағымсыз реакциялар туралы толық ақпарат ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар бөлімінде берілген.
Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізіп алған кезде қажетті шараларЕгер сіз инсулинді қабылдауды ұмытып кетсеңіз, қандағы қант деңгейі тым жоғары болуы мүмкін (гипергликемия). Диабеттің әсері туралы ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар бөлімінде айтылады.
Тоқтату симптомдары қаупінің болуын көрсетуСізге тиісті нұсқаулар беретін дәрігермен кеңеспей инсулинді қолдануды тоқтатпаңыз. Бұл ауыр гипергликемияға (қандағы қант деңгейі өте жоғары) және кетоацидозға әкелуі мүмкін. Диабеттің әсері туралы ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар бөлімінде айтылады.
Дәрілік затты қолдануға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда емдеуші дәрігерге, фармацевтке немесе мейірбикеге хабарласыңыз.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медицина қызметкерінен кеңес алуға жүгіну бойынша ұсынымдар
Егер Сізде күмән туындаса, емдеуші дәрігермен, фармацевтпен немесе мейірбикемен кеңесіңіз.
Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шараларБарлық дәрі-дәрмектер сияқты, бұл препарат жағымсыз реакцияларды тудыруы мүмкін, бірақ олар барлық пациентте бірдей дамымайды.
Жағымсыз құбылыстардың жиілігін анықтау келесі критерийлерге сәйкес жүргізіледі: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100-ден < 1/10 дейін), жиі емес (≥1/1000-нан < 1/100 дейін), сирек (≥1/10000-нан < 1/1000 дейін), өте сирек (< 1/10000), белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес).
Күрделі және өте кең таралған жағымсыз реакциялар туралы жиынтық ақпаратҚандағы қанттың төмен деңгейі (гипогликемия) өте жиі кездеседі.
Бұл жағымсыз реакция 10 адамның 1-нен астамында дамуы мүмкін.
Сіздің қаныңыздың құрамындағы қант деңгейі төмендеуі мүмкін, егер:
Сіз өзіңізге инсулинді тым көп енгізсеңіз;
Сіз тамақты тым аз жесеңіз немесе тамақ ішпесеңіз;
Сіздің физикалық белсенділігіңіз қалыпты деңгейден асып түссе;
Сіз алкогольді ішесіз, Қолдану басталғанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі бөліміндегі «Микстард® 30 НМ препаратын алкогольмен қолдануды» қараңыз.
Қандағы қанттың тым төмен деңгейінің белгілері: суық тер; тер жамылғыларының бозаруы; бас ауруы; жүрек соғуының жиілеуі; әлсіздік; айқын ашығу сезімі; көрудің уақытша өзгеруі; ұйқышылдық; ерекше шаршау және әлсіздік; ашушаңдық немесе тремор; мазасыздық сезімі; сананың шатасуы; зейіннің шоғырлануының төмендеуі.
Қандағы қант деңгейінің өте қатты төмендеуі естен тануға әкелуі мүмкін. Егер ауыр ұзаққа созылған гипогликемия емделмесе, мидың зақымдануы (өтпелі немесе қайтымсыз) және тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Арнайы оқытылған адам жасаған глюкагон гормонын енгізу Сізге тезірек есіңізді жиюға көмектеседі. Сізге глюкагонды енгізгеннен кейін және Сіз есіңізді жиғаннан соң Сізге глюкоза немесе тәтті тағамдар қажет болады. Егер Сіз глюкагонды енгізуге жауап бермесеңіз, Сізге стационарлық ем қажет.
Қандағы қант деңгейі төмен болған кезде не істеу керек
► Егер қандағы қант деңгейі тым төмен болса, таблетка түріндегі глюкозаны қабылдаңыз немесе құрамында қант мөлшері көп нәрсені (кәмпиттер, печенье, жеміс шырыны) жеңіз. Мүмкіндігінше қандағы қант деңгейін өлшеңіз және демалыңыз. Бұл жағдайда әрқашан өзіңізбен бірге таблеткадағы глюкозаны немесе құрамында қант мөлшері жоғары тағамдарды алып жүріңіз.
► Қан құрамындағы қанттың төмен деңгейінің көріністері жоғалса немесе қан құрамындағы қант деңгейі тұрақтанса, инсулинмен емдеуді жалғастырыңыз.
► Егер қан құрамындағы қант деңгейінің қатты төмендеуіне байланысты Сіз есіңізден танып қалсаңыз, Сізге глюкагон инъекциясы қажет болса немесе қандағы қант деңгейінің төмендеу ұстамалары жиі болса, дәрігермен кеңесіңіз. Сізге дозаны, инсулинді енгізу уақытын, тамақтануды немесе дене жүктемесін түзету қажет болуы мүмкін.
Сізде қант диабеті бар екенін білуі керек адамдарға хабарлаңыз және оларға қандағы қанттың төмен деңгейіне байланысты ықтимал жағдайлар, соның ішінде естен танып қалу қаупі туралы айтыңыз. Бұл адамдарға егер Сіз есіңізден танып қалсаңыз, олар Сізді бүйіріңізге жатқызып, дереу медициналық көмекке жүгінуі керек екенін хабарлаңыз. Олар Сізге тамақ немесе сусын бермеуі керек, өйткені Сіздің қақалып қалуыңыз мүмкін.
Микстард® 30 НМ препаратына ауыр аллергиялық реакция (жүйелі аллергиялық реакция) — өте сирек жағымсыз реакция, бірақ ол Сіздің өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл жағымсыз реакция 10 000 адамның 1-нен астамында дамуы мүмкін.
Дереу дәрігерге қаралуыңыз керек, егер:
аллергия белгілері Сіздің денеңіздің басқа бөліктеріне таралса;
Сіздің хал-жағдайыңыз күрт нашарлап және Сіз терлей бастасаңыз; Сіздің жүрегіңіз айныса (құсу); Сізге тыныс алу қиын болса; жүрек соғысы жиілесе; бас айналса.
► Егер Сіз осы белгілердің кез келгенін байқасаңыз, дереу медициналық көмекке жүгініңіз.
Басқа жағымсыз реакциялар тізімі Жиі емесБұл жағымсыз реакция 100 адамның 1-нен кемінде дамуы мүмкін
Аллергия белгілері
Инъекция орнында жергілікті аллергиялық реакция пайда болуы мүмкін (ауырсыну, қызару, есекжем, қабыну, ісіну және қышу). Олар әдетте инсулинді бірнеше апта қолданғаннан кейін жоғалады. Егер олар жоғалмаса немесе денеге таралса, дәрігерге хабарласыңыз. Қосымша ақпарат алу үшін жоғарыдағы «Ауыр аллергиялық реакциялар» бөлімін қараңыз.
Инъекция орнындағы терінің өзгерістері. Инсулинді бір аймаққа бірнеше рет енгізу май тінінің жұқаруына (липоатрофия) немесе қалыңдауына (липогипертрофия) әкелуі мүмкін (100 пациенттің 1-нде дамиды). Сонымен қатар, амилоидты ақуыздың (жиілігі белгісіз тері амилоидозы) жинақталуынан туындаған тері асты тығыздалуларының пайда болуы мүмкін. Инсулинді тері астындағы түйіндері бар, терісі жұқарған немесе жуан жерлерге енгізу препарат тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мұндай терінің өзгерулеріне жол бермеу үшін препаратты енгізген сайын инъекция орынын өзгерту керек.
Диабеттік ретинопатия (диабеттен туындаған көз ауруы, бұл көру қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін). Егер Сізде диабеттік ретинопатия болса және қандағы қант деңгейі өте тез қалыпқа келсе, жағдай нашарлауы мүмкін. Емдеуші дәрігермен кеңесіңіз.
Буындардың ісінуі
Сіз инсулинді қолдана бастағанда, организмдегі сұйықтықтың іркілуі тобық аймағында және басқа буындарда ісінуді тудыруы мүмкін. Көп жағдайда ісіну тез басылады. Егер олай болмаса, емдеуші дәрігермен кеңесіңіз.
Ауырсындыратын нейропатия (жүйкелердің зақымдануынан туындаған ауырсыну)
Егер қандағы қант деңгейі өте тез қалыпқа келсе, жүйкелердің зақымдануынан туындаған ауырсыну пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай, әдетте, уақытша. Бұл жағдай (жедел ауырсындыратын невропатия деп аталады), әдетте, уақытша болып табылады.
Өте сирекБұл жағымсыз реакция 10 000 адамның 1-нен азында дамуы мүмкін.
Көрудің бұзылуы
Инсулинді алғаш енгізген кезде көру қабілетінің бұзылуы байқалуы мүмкін, ол әдетте уақытша болып табылады.
Диабеттен болатын әсерлерҚандағы қанттың жоғары деңгейі (гипергликемия)
Сізде қандағы қант деңгейі жоғары болуы мүмкін, егер:
Сіз өзіңізге жеткілікті инсулин енгізбеген болсаңыз;
Сіз инсулинді енгізуді ұмытып кетсеңіз немесе оны қабылдауды тоқтатсаңыз;
Сіз бірнеше рет инсулинді Сізге қажет болғаннан аз мөлшерде енгізсеңіз;
Сізде инфекция немесе қызба болса;
Сіз әдеттегіден көп жесеңіз;
Сіз физикалық белсенділікті азайтсаңыз.
Қан құрамындағы қанның жоғары деңгейінің ізашар симптомдары
Алғашқы симптомдар біртіндеп пайда болады. Симптомдарға мыналар жатады: кіші дәретке шығу жиілігінің артуы, шөлдеу, тәбеттің жоғалуы, өзін нашар сезіну (жүрегі айну немесе құсу), ұйқышылдық немесе шаршау, терінің қызаруы мен құрғауы, ауыз қуысының құрғауы, тыныс алу кезінде тәтті иіс (ацетон).
Егер Сізде қандағы қант деңгейі жоғарыласа не істеу керек
► Егер Сіз жоғарыда аталған симптомдардың кез келгенін байқасаңыз, қандағы қант деңгейін, мүмкін болса, несептегі кетон деңгейін тексеріп — дереу медициналық көмекке жүгініңіз.
► Бұл симптомдар диабеттік кетоацидоз деп аталатын өте ауыр жағдайдың белгілері болуы мүмкін (организм қанттың орнына майды ыдырататындықтан қан құрамында қышқылдың жиналуы). Тиісті емдеусіз гипергликемия диабеттік комаға және өлімге әкелуі мүмкін.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz
Қосымша мәліметтер Дәрілік препарат құрамыБір мл препараттың құрамында
белсенді зат – генді-инженерлік адам инсулині 100 ХБ (3.50 мг)1,
қосымша заттар - мырыш, глицерол, фенол, метакрезол, натрий гидрофосфаты дигидраты, протамин сульфаты, хлорсутек қышқылы 2М, натрий гидроксиді 2М, инъекцияға арналған су.
1Препарат құрамында 30% еритін адам инсулині және 70% инсулин-изофан бар
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасыАқ суспензия, тұрған кезде мөлдір түссіз немесе түссіз дерлік тұнба үстіндегі сұйықтыққа және ақ түсті тұнбаға бөлінеді.
Тұнба сәл шайқаған кезде оңай қалпына келтіріледі.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Бромбутил/полиизофренді резинкалық тығынмен тығындалған, алюминий қалпақшамен қаусырылған және сақтандырғыш пластик қақпақшамен жабылған 1 гидролитикалық класс шынысынан жасалған құтыда 10 мл препараттан.
Әрбір құтыға өздігінен желімденетін заттаңба жапсырылған.
Бір қаптамадан қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау мерзімі
2.5 жыл (30 ай)
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Сақтау шарттары
2°C-ден 8°С-ге дейінгі температурада (тоңазытқышта), бірақ мұздатқыш камераға жақындатпай сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды.
Құтыны жарықтан қорғау үшін картон қорапшада сақтау керек.
Бірінші ашылғаннан кейін: 25 ºС-ден аспайтын температурада 6 апта бойы немесе 30ºC-ден аспайтын температурада 5 апта бойы пайдалануға болады. Тоңазытқышта сақтуға болмайды. Шамадан тыс жылудың және жарықтың әсер етуінен сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші туралы мәліметтер
Нордиск Продакшн САС, Франция
45, Авеню Д`Орлеанс, F-28000, Шартр,
Тел.: +45 4444 8888
eaeu-safety@novonordisk.com
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
Ново Нордиск А/С, Дания
Ново Алле, DK-2880 Багсваерд
Тел.: +45 4444 8888
eaeu-safety@novonordisk.com
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
«Ново Нордиск Қазақстан» ЖШС
Мекенжайы: Қазақстан, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Абай даңғылы, 42 үй, «BAYKONYR» Бизнес орталығы, 7 қабат, пошта индексі 050022
Телефон нөмірі: +7 (727) 330 77 88
Электрондық пошта: eaeu-safety@novonordisk.com
Микстард®, Пенфилл®, НовоФайн® және НовоТвист® – Ново Нордиск А/С компаниясына тиесілі сауда маркалары, Дания.
© 20XX
Ново Нордиск А/С