Методжект® (20 мг/0,40 мл)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Методжект®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Метотрексат
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған 50 мг/мл, 7,5 мг/0,15 мл, 10 мг/0,20 мл, 12,5 мг/0,25 мл, 15 мг/0,30 мл, 17,5 мг/0,35 мл, 20 мг/0,40 мл, 22,5 мг/0,45 мл, 25 мг/0,50 мл, 27,5 мг/0,55 мл, 30 мг/0,60 мл ерітінді
Құрамы
1 мл препараттың құрамында:
белсенді зат – 54.84 мг динатрий метотрексат түрінде 50 мг метотрексат бар
қосымша заттар: 5% натрий гидроксидінің ерітіндісі, 0.1 М хлорсутек қышқылы*, натрий хлориді, инъекцияға арналған су
* қажет болғанда
Сипаттамасы
Мөлдір сары-қоңыр ерітінді
Фармакотерапиялық тобы
Ісікке қарсы препараттар. Антиметаболиттер. Фолий қышқылының аналогтары. Метотрексат
АТХ коды L01BA01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі
Ішке қабылдағаннан кейін метотрексат асқазан-ішек жолы арқылы сіңеді. Метотрексаттың төмен дозаларын қабылдаған кезде (дене беткейі ауданына 7.5-нан 80 мг/м2 дейінгі дозалар) орташа биожетімділігі 70%-ға жуықты құрайды, алайда жеке тұлға аралық және жеке тұлғалар ішінде елеулі ауытқулар (25 – 100%) болуы мүмкін. Қандағы ең жоғары концентрациясына 1-2 сағаттан соң жетеді.
Биожетімділігі тері астына, вена ішіне және бұлшық ет ішіне енгізгеннен кейін салыстырмалы және 100% дерлік құрайды.
Таралуы
Метотрексаттың 50%-ға жуығы қан ақуыздарымен байланысады. Организмнің тіндерінде таралғаннан кейін полиглутаматтар түріндегі жоғары концентрациялары бауырдан, бүйректен және көкбауырдан табылады, онда бірнеше апта немесе айлар бойы сақталуы мүмкін.
Шағын дозаларда енгізгенде метотрексат ең аз мөлшерлерде жұлын сұйықтығына өтеді. Жартылай шығарылу кезеңі 6-7 сағат құрайды және елеулі ауытқушылық (3-17 сағат) көрсетеді. Жартылай шығарылу кезеңі интерстициальді кеңістікте сұйықтық жиналатын пациенттерде (плевралық жалқық, асцит) қалыпты ұзақтықпен салыстырғанда 4 есеге дейін ұзаруы мүмкін.
Метаболизмі
Метотрексаттың енгізілген дозасының 10%-ға жуығы бауырда метаболизденеді. Негізгі метаболиті 7-гидроксиметотрексат болып табылады.
Шығарылуы
Көбінесе өзгермеген күйде бүйрекпен шумақтық сүзіліс және проксимальді өзекшелердегі белсенді сөлініс түрінде шығарылады.
5-20 %-ға жуық метотрексат және 1-5% 7-гидроксиметотрексат өтпен шығарылады. Айқын энтерогепатикалық айналымға ұшырайды.
Бүйрек функциясы бұзылған кездегі препараттың шығарылуы едәуір баяулаған. Бауыр функциясы бұзылған кездегі шығарылудың бұзылуы туралы деректер жоқ.
Фармакодинамикасы
Метотрексат антиметаболиттер ретінде де белгілі цитоуытты дәрілер класына жататын фолий қышқылының антагонисі болып табылады. Ол ДНҚ синтезін тежей отырып, дигидрофолатредуктаза ферментін бәсекелі тежеу жолымен әрекет етеді. Псориазды, псориаздық артритті және ревматоидты артритті емдеудегі метотрексат тиімділігінің: оның қабынуға қарсы немесе иммуносупрессиялық әсеріне байланысты ма, сондай-ақ емнің тиімділігі қабынған жерлердегі метотрексат туғызған аденозиннің жасушадан тыс концентрациясының жоғарылауымен қандай дәрежеде байланысты екені қазіргі уақытта нақты белгілі емес.
Қолданылуы
- ересек пациенттердегі белсенді ревматоидты артрит
- қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП) тиімділігі жеткіліксіз болғанда белсенді түрдегі ауыр ювенильді идиопатиялық артритпен бірге полиартрит
- фототерапия, ПУВА-терапия және ретиноидтар тәрізді басқа ем түрлеріне талапқа сай жауап болмаған кездегі псориаздың ауыр, емге көнбейтін, мүгедектікке ұшырататын түрлері
- ересектердегі псориаздық артриттің ауыр түрлері
Қолдану тәсілі және дозалары
Методжект® шприц-қаламын дәрілік заттың әртүрлі сипаттамаларымен және оның әсер ету механизмімен жақсы таныс дәрігерлер ғана тағайындай алады. Пациенттерді инъекция жасаудың дұрыс техникасына үйрету керек. Методжект® шприц-қаламының көмегімен алғашқы инъекция дәрігердің тікелей бақылауымен орындалуы тиіс. Методжект® препараты аптасына бір рет енгізіледі. Пациенттерге аптасына бір рет қана енгізілетін Методжект® препаратын қолданудың ерекше режимі жөнінде айқын ақпарат беру керек. Инъекцияны орындау үшін аптаның белгіленген лайықты бір күнін анықтау ұсынылады.
Ревматоидты артриті бар ересек пациенттер
Ұсынылатын бастапқы доза тері астына аптасына бір рет 7,5 мг құрайды.
Аурудың жеке белсенділігіне және пациентке жағымдылығына қарай, бастапқы дозаны біртіндеп аптасына 2,5 мг арттыруға болады. Апталық дозасы, тұтас алғанда, 25 мг-ден аспауы тиіс. Аптасына 20 мг-ден асып кететін дозалары уыттылықты едәуір арттыруы, оның ішінде, сүйек кемігінің супрессиясын тудыруы мүмкін. Емге жауапты, шамамен, 4-8 аптадан кейін күтуге болады. Қалаған емдік әсерге жеткеннен кейін демеуші доза мүмкін деген ең төмен тиімді демеуші дозаға дейін бірте-бірте азайтылуы тиіс.
Ювенильді идиопатиялық артриттің полиартритті түріне шалдыққан 16 жасқа дейінгі балалар
Ұсынылатын доза аптасына бір рет дене беткейі ауданына (д.б.а.) 10-15 мг/м2 құрайды. Емге төзімділік жағдайында апталық дозаны аптасына бір рет 20 мг/м2 дейін арттыруға болады. Алайда дозаны арттырған кезде неғұрлым жиі мониторинг жүргізу қажет.
ЮИА пациенттер балалар мен жасөспірімдерді емдеу саласына маманданған ревматологтың ұдайы бақылауында болуы тиіс.
3 жастан кіші балаларда, осы жас тобындағы препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы деректер жеткіліксіз болғандықтан, қолдану ұсынылмайды.
Псориаздың ауыр түрлерімен және псориаздық артритпен ауыратын пациенттер
Ұсынылған 5 - 10 мг тест-дозаны идиосинкразиялық жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатымен ем басталғанға дейін бір апта бұрын енгізу керек. Ұсынылатын бастапқы доза тері астына аптасына бір рет 7,5 мг метотрексатты құрайды. Дозаны бірте-бірте арттыру керек, бірақ метотрексаттың апталық дозасы, тұтас алғанда, 25 мг-ден аспауы тиіс. 20 мг-ден асатын апталық доза уыттылықты едәуір арттыруы, оның ішінде, сүйек кемігінің супрессиясын тудыруы мүмкін. Емге жауапты, шамамен, 2-6 аптадан кейін күтуге болады. Қалаған емдік әсерге жеткеннен кейін метотрексаттың демеуші дозасы мүмкін деген ең төмен тиімді демеуші дозаға дейін бірте-бірте азайтылуы тиіс.
Ең жоғары апталық доза
Доза, қажет болған жағдайда, ұлғайтылуы мүмкін, бірақ тұтас алғанда, ұсынылған ең жоғары 25 мг апталық дозадан аспауы тиіс. Кейбір айрықша жағдайларда жоғарырақ доза клиникалық тұрғыда ақталуы мүмкін, бірақ ол уыттылықтың едуір артатынына байланысты метотрексаттың 30 мг ең жоғары апталық дозасынан аспауы тиіс.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Методжект® шприц-қаламын бүйрек функциясы бұзылған пациентерде сақтықпен қолдану керек. Дозаны төмендегідей түзету керек:
Креатинин клиренсі (мл/мин) |
Доза |
> 50 |
100 % |
30 – 50 |
50 % |
< 30 |
Методжект® - қолдануға болмайды |
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Метотрексатты қазіргі уақыттағы немесе анамнезіндегі, әсіресе алкоголь тұтынуға байланысты бауырдың айқын аурулары бар пациенттерде ерекше сақтықпен пайдалану керек. Егер билирубин деңгейі >5 мг/дл (85,5 мкмоль/л) болса, метотрексатты қолдануға болмайды.
Егде пациенттер
Жас ұлғайған сайын бауыр мен бүйрек функциясының төмендеуіне, сондай-ақ фолаттар қорының төмендеуіне байланысты, егде жастағы пациенттерде дозаны төмендетуді қарастыру керек.
Интерстициальді кеңістікте сұйықтықтың жинақталуы бар (асцит, плевралық жалқық) пациенттер
Метотрексаттың жартылай шығарылу кезеңі қалыпты жағдаймен салыстырғанда 4 есеге дейін ұзаруы мүмкін болғандықтан, организмде сұйықтықтың патологиялық жинақталуы бар пациенттер дозаны азайтуды, ал кейбір жағдайларда, препаратты тоқтатуды қажет етеді.
Қолдану тәсілі және ұзақтығы
Бір шприц-қалам тек бір-ақ рет қолдануға арналған.
Методжект®, шприц-қаламға алдын ала толтырылған тері астына енгізуге арналған ерітіндіні тек қана тері астына енгізуге болады.
Емдеудің жалпы ұзақтығын емдеуші дәрігер анықтайды.
Шприц-қаламның ішіндегінің барлығы пайдаланылуы тиіс, осыған назар аударуды өтінеміз.
Ескертпе
Метотрексатты ішке қабылдаудан тері астына енгізуге көшкен кезде әртүрлі енгізу жолдарындағы метотрексат биожетімділігінің айырмашылықтарына байланысты дозаны азайту қажет болуы мүмкін.
Препаратты тағайындаған кезде фолий қышқылы препараттарын қолданыстағы емдеу стандарттарына сәйкес бір мезгілде тағайындау мәселесін қарастыру керек.
Тері астына енгізу үшін нұсқаулық
Инъекцияға неғұрлым қолайлы аймақтарға жатады:
-
cанның жоғарғы бөлігі
-
іш, кіндіктің айналасын қоспағанда.
Таңдап алынған инъекция орнының айналасын тазалаңыз (мысалы, спиртті сүрткінің көмегімен)
Иненің қалпақшасын алыңыз.
Инъекция орнындағы аймақты абайлап жиырып, терінің қатпарынан ұстаңыз.
Тері қатпарын Методжект ®шприц-қаламымен инъекциядан кейін инені теріден алып тастағанша ұстап тұру керек
Түймені ажырату үшін, Методжект® шприц-қаламын тері қатпарына 90° бұрыш жасай тығыздап басу керек. Содан кейін түймені басыңыз (сырт еткен дыбыс инъекцияның басталғанын білдіреді).
Препарат толық енгенге дейін Методжект® шприц-қаламын теріге басып тұрыңыз. Бұл 5 секундтай уақыт алады.
90° бұрыш бойынша Методжект® шприц-қаламын теріден алып тастаңыз.
Қорғаныш экраны автоматты түрде иненің үстіндегі орынға ауысады, содан кейін жабылып қалады.
Жағымсыз әсерлері
Ең елеулі жағымсыз әсерлеріне қан өндіру жүйесін бәсеңдету және асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылыстар жатады. Жағымсыз әсерлердің кездесу жиілігі төмендегідей жіктелген:
Өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100, < 1/10), жиі емес (≥ 1/1000, < 1/100), сирек (≥ 1/10 000, < 1/1000), өте сирек (< 1/10 000), жиілігі белгісіз (қолда бар деректер бойынша анықтау мүмкін емес).
Жағымсыз әсерлердің туындауы және ауырлық дәрежесі препараттың дозасына және енгізу жиілігіне байланысты. Алайда ауыр жағымсыз әсерлер метотрексатты төмен дозаларда қолданғанның өзінде туындауы мүмкін, сондықтан метотрексат алушы пациенттер аз уақыт аралықтарымен ұдайы медициналық тексеруден өтіп тұруы қажет.
Инфекциялық және паразиттік аурулар
Жиі емес: фарингит
Сирек: инфекция (белсенді емес созылмалы инфекцияның қайта белсенділенуін қоса), сепсис, конъюнктивит
Қатерсіз, қатерлі және нақтыланбаған жаңа түзілімдер (кисталарды және полиптерді қоса)
Өте сирек: жекелеген лимфома жағдайлары туралы хабарланды, ол метотрексатпен емдеуді тоқтатқан кезде бірқатар жағдайларда азайған. Таяуда өткізілген зерттеуде метотрексатпен ем жүргізу лимфоманың даму жиілігін арттыратынын анықтаған жоқ.
Қан және лимфа жүйесі тарапынан
Жиі: лейкопения, анемия, тромбоцитопения
Жиі емес: панцитопения
Өте сирек: агранулоцитоз, сүйек кемігінің қан өндіруінің қатты бәсеңдеуі
Жиілігі белгісіз: эозинофилия
Иммундық жүйе тарапынан
Сирек: аллергиялық реакциялар, анафилаксиялық шок, гипогаммаглобулинемия
Зат алмасу тарапынан
Сирек: қант диабетінің дамуы
Психиканың бұзылуы
Жиі емес: депрессия, сананың шатасуы
Сирек: көңіл-күйдің өзгеруі
Жүйке жүйесі тарапынан
Жиі: бас ауыруы, шаршау, ұйқышылдық
Жиі емес: бас айналу
Сирек: парез, сөйлеудің бұзылуы, дизартрияны және афазияны қоса
Өте сирек: ауыру, бұлшық ет астениясы немесе аяқ-қол парестезиясы, дәм сезудің өзгеруі (металл дәмі), құрысулар, менингизм, жедел асептикалық менингит, салдану
Жиілігі белгісіз: энцефалопатия/лейкоэнцефалопатия
Көру мүшелері тарапынан
Сирек: көрудің бұзылуы (анық көрмеу)
Өте сирек: көрудің бұзылуы, ретинопатия
Жүрек тарапынан
Сирек: перикардит, перикардиальді жалқық, жүрек тампонадасы
Тамырлар тарапынан
Сирек: гипотензия, тромбоэмболиялық құбылыстар (артериялық тромбозды, ми тамырларының тромбозын, тромбофлебитті, терең веналар тромбозын, өкпе артериясының эмболиясын қоса)
Тыныс алу жүйесі, кеуде және көкірек қуысы ағзалары тарапынан
Жиі: пневмония, интерстициальді альвеолит/пневмонит, көбінесе эозинофилиямен қатар жүретін. Өкпенің әлеуетті ауыр зақымдануын білдіретін симптомдар (интерстициальді пневмонит), ол: құрғақ, өнімсіз жөтелді, ентігуді және қызбаны қамтиды
Сирек: өкпе фиброзы, Pneumocystis carinii тудырған пневмония, ентігу және бронх демікпесі, плевралық жалқық
Жиілігі белгісіз: мұрыннан қан кету.
Асқазан-ішек жолы тарапынан
Өте жиі: стоматит, диспепсия, жүрек айну, тәбеттің болмауы, іштің ауыруы
Жиі: ауыз қуысындағы ойық жаралар, диарея
Жиі емес: асқазан-ішек жолындағы ойық жаралар және қан кетулер, энтерит, құсу, панкреатит
Сирек: гингивит
Өте сирек: қан құсу, қан кету, уытты мегаколон
Бауыр тарапынан
Өте жиі: бауыр функциясы көрсеткіштерінің ауытқуы (АЛТ, АСТ және сілтілік фосфатаза белсенділігінің және билирубин концентрациясының жоғарылауы)
Жиі емес: цирроз, фиброз және бауыр жасушаларында майдың шамадан тыс жиналуы, сарысулық альбуминнің төмендеуі.
Сирек: жедел гепатит
Өте сирек: бауыр жеткіліксіздігі
Жиілігі белгісіз: бауыр функциясының бұзылуы
Тері және теріасты тіндері тарапынан
Жиі: экзантема, эритема, қышыну
Жиі емес: фотосенсибилизация, шаштың түсуі, ревматизмдік түйіндердің ұлғаюы, терінің ойық жаралары, құрсаулы теміреткі (herpes zoster), васкулит, терідегі герпес пішінді бөртпелер, есекжем
Сирек: пигментацияның жоғарылауы, акне, петехиялар, экхимоз, аллергиялық васкулит
Өте сирек: Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз (Лайелл синдромы), тырнақ пигментациясының жоғарылауы, жедел паронихия, фурункулез, телеангиэктазиялар
Жиілігі белгісіз: теріге қан құйылу
Қаңқа-бұлшық ет және дәнекер тіндері тарапынан
Жиі емес: артралгия, миалгия, остеопороз
Сирек: компрессиялық сыну
Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан
Жиі емес: қуықтың қабынуы және ойық жаралануы, бүйрек функциясының бұзылуы, несеп бөлудің бұзылуы
Сирек: бүйрек жеткіліксіздігі, олигурия, анурия, электролиттік бұзылулар
Жиілігі белгісіз: протеинурия
Ұрпақ өрбіту жүйесі тарапынан
Жиі емес: қынаптың қабынуы және ойық жаралары
Өте сирек: либидо жоғалуы, импотенция, гинекомастия, олигоспермия, етекірдің бұзылуы, қынаптық бөліністер
Жалпы бұзылыстар және енгізу орнындағы бұзылулар
Сирек: қызба, жараның жазылуының бұзылуы
Жиілігі белгісіз: тұмау тәрізді симптомдар, астения
Метотрексаттың тері астына енгізгендегі жергілікті жағымдылығы жақсы. Тек қана жеңіл жергілікті тері реакциялары байқалған (мысалы, енгізген жердегі ашытып күйдіру сезімі, эритема, домбығу, түстің өзгеруі, қышыну, қатты қышыну, ауыру), олар емдеу барысында азайған.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- белсенді затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық
- бауыр функциясының айқын бұзылулары
- алкогольді шамадан тыс тұтыну
- бүйрек функциясының ауыр бұзылуы (креатинин клиренсі 30 мл/мин аз)
- сүйек кемігінің гипоплазиясы, лейкопения, тромбоцитопения немесе айқын анемия сияқты анамнездегі қан өндіру жүйесінің бұзылуы
- туберкулез сияқты ауыр, жедел немесе созылмалы инфекциялар, АИТВ немесе басқа да иммун тапшылық синдромы
- ауыз қуысының ойық жаралары және асқазан мен он екі елі ішектің белсенді фазадағы ойық жаралы ауыруы
- жүктілік және емшек емізу кезеңі
- тірі вакциналармен вакцинацияның қатар жүруі
- 3 жасқа дейінгі балалар
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Алкоголь, гепатоуытты және гематоуытты дәрілік заттар
Алкогольді ұдайы тұтыну және гепатоуытты препараттарды метотрексатпен бір мезгілде қолдану метотрексат гепатоуыттылығының көрініс беру қаупін арттырады. Басқа гепатоуытты препараттарды (мысалы, лефлуномид) бір мезгілде қолданып жүрген пациенттерге мұқият бақылау жасау қажет.
Бұл гематологиялық уытты препараттарды (мысалы, лефлунамид, азатиоприн, ретиноидтар, сульфасалазин) бір мезгілде қолдану жағдайларына да қатысты. Лефлуномид пен метотрексатты бір мезгілде қолданған кезде панцитопения мен гепатоуыттылық қаупі артады.
Метотрексатпен және ацитретин немесе этретинат сияқты ретиноидтармен біріктіріп емдеу гепатоуыттылықтың даму қаупін арттырады.
Ішке қабылдауға арналған антибиотиктер
Тетрациклиндер, хлорамфеникол сияқты ішке қабылданатын антибиотиктер және әсер ету ауқымы кең сіңбейтін антибиотиктер ішек микрофлорасын немесе бактериялық метаболизмді бәсеңдету арқылы метотрексаттың энтерогепатикалық айналымына ықпал етуі мүмкін.
Антибиотиктер
Пенициллиндер, гликопептидтер, сульфаниламидтер, ципрофлоксацин және цефалотин сияқты антибиотиктер, жекелеген жағдайларда, метотрексаттың бүйректік клиренсін азайтуы мүмкін, осылайша, бір мезгілде гематологиялық және асқазан-ішек уыттылығының дамуы және метотрексаттың қан сарысуындағы концентрациясының артуын туындатуы мүмкін.
Дәрілік заттардың қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы
Метотрексат қан ақуыздарымен байланысады, және салицилаттар, гипогликемиялық дәрілер, диуретиктер, сульфаниламидтер, дифенилгидантоин, тетрациклиндер, хлорамфеникол сияқты ақуыздармен байланысатын басқа препараттар, сондай-ақ парааминобензой қышқылы және қабынуға қарсы препараттар тобындағы препараттар оны ығыстырып шығаруы мүмкін, бұл бірге қолдану кезінде уыттылықтың жоғарылауына әкелуі мүмкін.
Пробенецид, әлсіз органикалық қышқылдар, пиразолдар және қабынуға қарсы стероидты емес препараттар
Пробенецид, ілмекті диуретиктер сияқты әлсіз органикалық қышқылдар және пиразолон қатарының препараттары (фенилбутазон) метотрексат шығарылуын төмендетуі мүмкін және оның қан сарысуындағы концентрациясының артуына әкелуі мүмкін, бұл гематологиялық уыттылығын арттырады. Метотрексаттың төмен дозасын және қабынуға қарсы стероидты емес дәрілік заттарды немесе салицилаттарды біріктіріп қолданған кезде де уыттылығының артуы мүмкін.
Сүйек кемігі тарапынан жағымсыз реакциялар тудыратын дәрілік заттар
Сүйек кемігі тарапынан жағымсыз реакциялар тудыратын препараттармен емдеген жағдайда (мысалы, сульфаниламидтер, триметоприм-сульфаметоксазол, хлорамфеникол, пириметамин), қан өндірудің айқын бұзылуының пайда болуы мүмкін екенін ескеру қажет.
Фолаттар тапшылығын тудыруға қабілетті препараттар
Фолий қышқылының тапшылығын тудыратын препараттарды бірге қолдану (мысалы, сульфаниламидтер, триметоприм-сульфаметоксазол) метотрексат уыттылығының артуына әкелуі мүмкін. Бұған дейін де фолий қышқылының жеткіліксіздігі бар болған жағдайда ерекше сақтық талап етіледі.
Құрамында фолий қышқылы немесе фолиний қышқылы бар препараттар
Дәрумендік препараттарды немесе құрамында фолий қышқылы, фолиний қышқылы немесе олардың туындылары бар басқа препараттарды қолдану
метотрексаттың тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Ревматизмге қарсы басқа да дәрілік заттар
Метотрексатпен және ревматизмге қарсы басқа дәрілік заттармен (мысалы, алтын препараттары, пеницилламин, гидроксихлорохин, сульфасалазин, азатиоприн, циклоспорин) бір мезгілде ем жүргізген кезде, әдетте, метотрексаттың уытты әсерлері артады деп күтілмейді.
Сульфасалазин
Метотрексат пен сульфасалазиннің біріктірілімі метотрексат тиімділігін арттырып, осылайша, сульфасалазиннің фолий қышқылы синтезін бәсеңдетуі есебінен жағымсыз әсерлер жиілігінің артуына әкелетініне қарамастан, мұндай жағымсыз әсерлер бірнеше зерттеулерде сирек жағдайларда ғана байқалды.
Меркаптопурин
Метотрексат меркаптопуриннің қан плазмасындағы концентрациясын арттырады. Осы себептен, метотрексат пен меркаптопуринді біріктірген кезде дозаны түзету қажет болуы мүмкін.
Протонды сорғы тежегіштері
Омепразол немесе пантопразол сияқты протонды сорғы тежегіштерін бір мезгілде қолданған кезде дәрілік өзара әрекеттесулер болуы мүмкін. Метотрексат пен омепразолды бір мезгілде қолдану метотрексаттың бүйрекпен шығарылу уақытын ұзартады. Пантопразолмен біріктіріп қолданған кезде метаболитінің – 7-гидроксиметотрексаттың бүйрекпен шығарылуы төмендеген бір жағдай жөнінде хабарланған, ол миалгиямен және дірілмен қатар жүрген.
Теофиллин
Метотрексат теофиллиннің клиренсін төмендетуі мүмкін; метотрексатпен бір мезгілде қолданғанда қан плазмасындағы теофиллиннің концентрациясын бақылау керек.
Құрамында кофеин немесе теофиллин бар сусындар
Метотрексатпен емдеу кезінде құрамында кофеин мен теофиллин бар сусындарды (кофе, кофеині бар алкогольсіз сусындар, қара шай) көп мөлшерде ішуден аулақ болу керек.
Айрықша нұсқаулар
Пациенттерді препаратты күн сайын емес, аптасына бір рет енгізу қажеттігі жөнінде анық хабардар ету қажет. Емдеу курсынан өтуші пациенттерді, ықтимал уытты әсерлердің немесе жағымсыз реакциялардың белгілерін мезгілінде анықтау және бағалау үшін тиісті дәрежеде бақылау керек. Сондықтан метотрексатпен емдеуді антиметаболиттермен ем қолдануда білімі мен тәжірибесі бар дәрігерлердің басшылығымен ғана бастау және жүргізу керек. Ауыр, немесе тіпті фатальді уытты реакциялар дамуы мүмкін болғандықтан, дәрігер пациенттерге ықтимал қауіптер және ұсынылатын сақтық шаралары туралы толық ақпарат беруі тиіс.
Осы жас тобындағы тиімділігі мен қауіпсіздігі жөнінде деректер жеткіліксіз болғандықтан, 3 жасқа толмаған балаларға қолдану ұсынылмайды.
Ұсынылатын зерттеулер және қауіпсіздік шаралары
Емдеу болмаған кезеңнен кейін метотрексатпен емдеуді бастау немесе жаңғырту алдында
Лейкоцитарлық формуланы және тромбоциттер санын есептей отырып толық түрдегі жалпы қан талдауын жасау; бауыр ферменттері белсенділігін, билирубин, сарысулық альбумин концентрациясын анықтау, кеуде қуысына рентгенограмма және бүйрек функциясын зерттеу орындалуы тиіс. Клиникалық көрсетілімдер болса, туберкулез және гепатиттің жоқ екенін анықтау.
Емдеу кезінде (емдеудің алғашқы алты айында айына бір реттен сиретпей, әрі қарай 3 ай сайын).
Дозасын арттырғанда пациенттерге мониторинг жиілігін арттыруды қарастыру қажет.
1. Ауыз қуысы мен жұтқыншақтың шырышты қабықтарының өзгеруін анықтау үшін тексеру.
2. Лейкоцитарлық формуланы және тромбоциттер санын есептей отырып толық түрдегі жалпы қан талдауы. Метотрексат туындататын гемопоэз бәсеңдеуі кенеттен, және қауіпсіз деген дозалар аясында да орын алуы мүмкін. Лейкоциттер немесе тромбоциттер саны едәуір азайған жағдайда дәрілік затты қолдануды дереу тоқтатып, талапқа сай демеуші ем жүргізу қажет. Пациенттерге инфекцияларды білдіретін кез келген белгілер мен симптомдар туралы хабарлауға кеңес берілуі керек. Қан өндіруді бәсеңдететін препараттарды (мысалы, лефлуномид) бір мезгілде қабылдайтын пациенттерге қанның формалық элементтерінің және тромбоциттердің санын бақылайтын мұқият мониторинг қажет.
3. Бауыр функциясын зерттеу: бауырға уытты ықпал ету мүмкіндігін анықтауға ерекше көңіл бөлу қажет. Бауыр функциясын немесе бауыр биопсиясын зерттеу кезінде, емдеуді бастағанға дейінгі емдеу үдерісінде дамыған ауытқулар анықталған жағдайда емдеуді бастамау керек немесе тоқтату керек. Мұндай бұзылыстар әдетте 2 аптаның ішінде жойылады, содан кейін емдеуші дәрігердің шешімімен емдеуді жаңғыртуға болады. Ревматологиялық аурулары бар пациенттерде бауырға уыттылықты бақылау үшін бауыр биопсиясын жүргізудің айқын қажеттілігі жоқ. Псориазы бар пациенттерде емдеуді бастар алдында және емдеу кезінде бауыр биопсиясын жүргізу мәселесі даулы күйінде қалуда. Сериялы биохимиялық қан талдауының немесе III типті коллаген пропептидінің көмегімен гепатоуыттылықты барынша дәл анықтау мүмкіндігін анықтау үшін әрі қарай зерттеулер жүргізу қажет. Қауіп факторлары жоқ пациенттер мен анамнезінде алкогольді шамадан тыс тұтыну, бауыр ферменттері деңгейінің тұрақты артуы, анамнездегі бауыр аурулары, отбасы анамнезіндегі тұқым қуалайтын бауыр аурулары, қант диабеті, семіздік, гепатоуытты препараттарды және химиялық заттарды анамнезінде көбірек қолдан және метотрексатпен ұзақ емдеу немесе препараттың 1,5 г және одан көп жинақтаушы дозасы сияқты қауіп факторлары бар пациенттер арасында саралау жасай отырып, әр жағдайда жекелей баға беру керек.
Қан сарысуында бауыр ферменттерін бақылау: 13-20% пациентте трансаминазалар белсенділігінің қалыптың жоғары шегінен 2-3 есе транзиторлы асып кетуі хабарланған. Бауыр ферменттерінің деңгейі тұрақты жоғарылаған жағдайда дозаны азайту немесе емдеуді тоқтату мәселесі қаралуы керек.
Пациенттерді емдеу кезінде метотрексаттың бауырға әлеуетті уытты әсер етуіне орай, анық қажет болатын жағдайларды қоспағанда, басқа гепатоуытты препараттарды бір мезгілде қолданудан тартыну керек; сонымен қатар алкоголь тұтынудан аулақ болу немесе оны елеулі түрде қысқартқан жөн.
Басқа гепатоуытты дәрілік препараттарды немесе қан өндіруді бәсеңдететін препараттарды (мысалы, лефлуномид) қабылдайтын пациенттерде бауыр ферменттерінің белсенділігіне мұқият мониторинг қажет. Гематологиялық уыттылығы бар дәрілік заттарды (мысалы, лефлуномид) бір мезгілде қолданылғанда да осыны ескеру қажет.
4. Бүйрек функциясын функционалдық тестілердің және несеп талдауының көмегімен бақылау керек. Метотрексат негізінен бүйрекпен шығарылатындықтан, бүйрек функциясы бұзылған жағдайда қан плазмасындағы метотрексат концентрациясының жоғарылауын күткен жөн, бұл ауыр қолайсыз әсерлерге әкелуі мүмкін.
Бүйрек функциясы төмендеуі мүмкін жағдайларда (мысалы, егде жастағы пациенттерде) мониторингті жиірек өткізген жөн. Бұл, атап айтқанда, метотрексат шығарылуына ықпал ететін, бүйректің зақымдалуын тудыратын препараттарды (мысалы, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар), сондай-ақ қан өндіру жүйесін бұзуға қабілетті препараттарды бір мезгілде қолдану жағдайларына қатысты.
Дегидратация да метотрексат уыттылығын күшейтуі мүмкін.
5. Тыныс алу жүйесін бағалау: Өкпе функциясының бұзылу симптомдарына ерекше көңіл бөлу керек, қажет болған жағдайда өкпе функциясына тиісті тестілер өткізілуі тиіс. Өкпенің зақымдануы шұғыл диагностиканы және метотрексаттың тоқтатылуын талап етеді. Метотрексатпен ем кезінде пайда болатын өкпенің зақымдану симптомдары (әсіресе, өнімсіз құрғақ жөтел) немесе спецификалық емес пневмонит зақымданудың әлеуетті қауіптілігін айғақтай алады әрі емдеуді тоқтатуды және тиянақты тексеруді талап етеді. Көбінесе эозинофилиямен қатар жүретін жедел немесе созылмалы интерстициальді пневмониттің дамуы мүмкін, және өліммен аяқталған жағдайлар сипатталған. Клиникалық симптомдары алуан түрлі екеніне қарамастан, метотрексат индукциялайтын өкпе зақымдануының типтік белгілеріне қызба, жөтел, ентігу, гипоксемия және кеуде қуысы рентгенограммасында инфильтраттардың болуы жатады; инфекцияның бар-жоғын анықтау қажет. Мұндай зақымдану кез келген дозаларда туындауы мүмкін.
6. Метотрексат иммундық жүйеге ықпал ету есебінен вакцинацияға жауаптың болмауына және иммунологиялық тестілер нәтижелеріне әсер етуге қабілетті. Созылмалы белсенді емес инфекциялық аурулар (мысалы, Herpes zoster, туберкулез, В немесе С гепатиті) бар кезде де аурудың өршуі мүмкін болғандықтан ерекше сақтық талап етіледі. Метотрексатпен ем кезеңінде тірі вакциналармен вакцинация жүргізбеу керек.
Метотрексаттың төмен дозаларын қолданған кезде пациенттерде қатерлі лимфомалар туындауы мүмкін; мұндай жағдайларда емдеу тоқтатылуы керек. Лимфоманың өздігінен регрессиясы белгілері болмағанда цитоуытты ем жүргізу қажет.
Триметоприм/сульфаметоксазол сияқты фолий қышқылы антагонистерін бір мезгілде қолдану, сирек жағдайларда, жедел мегалобластты панцитопенияның даму қаупін арттыруы мүмкін.
Метотрексатпен ем барысында сәулеленуден және күнге күюден туындайтын дерматит пайда болу қаупі бар. Псориаз ошақтары УК-сәлелену және метотрексатпен бір мезгілде ем жүргізу кезінде өршуі мүмкін.
Метотрексаттың шығарылуы интерстициальді кеңістікте сұйықтық жиналған (асцит, плевралық жалқық) пациенттерде азаяды. Мұндай пациенттерде уыттылыққа ерекше мұқият мониторинг қажет, және дозаны азайту, кейбір жағдайларда, метотрексатпен емдеуді тоқтату қажет болуы мүмкін. Метотрексатпен емдеу басталар алдында асцит және плевралық жалқық дренаждалуы тиіс.
Диарея және ойық жаралы стоматит уыттылық әсерлерінің даму белгілері болуы мүмкін әрі емдеуді тоқтатуды талап етеді. Олай етпеген жағдайда геморрагиялық энтеритке және өлімге әкеп соғатын ішектің тесілуі орын алуы мүмкін.
Дәрумендік препараттарды немесе құрамында фолий қышқылы, фолиний қышқылы немесе олардың туындылары бар басқа препараттарды қолдану
метотрексаттың тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Псориазды емдегенде метотрексатты қолдану басқа ем түрлеріне талапқа сай жауап болмағанда, биопсияның көмегімен және/немесе дерматолог-дәрігер кеңесінен кейін диагноз белгіленген жағдайда ғана псориаздың ауыр, емдеуге көнбейтін, мүгедектікке ұшырататын түрлерімен шектелуі тиіс.
Метотрексатпен ем алған онкологиялық науқастарда энцефалопатия/лейкоэнцефалопатия байқалған, оның дамуы онкологиямен байланысты емес көрсетілімдер бойынша метотрексатпен ем кезінде жоққа шығарылуы мүмкін емес.
Бұл дәрілік заттың бір дозасында 1 ммоль-ден аз натрий (23 мг) бар, яғни іс жүзінде натрий жоқ.
Фертильділік
Бала туға қабілетті әйелдер емделу кезінде контрацепцияның тиімді шараларын қолдануы тиіс.
Бала туу жасындағы әйелдерде ем басталғанға дейін жүктіліктің жоқ екенін сенімді түрде анықтау қажет. Метотрексатпен емдеу өздігінен түсік тастауға ұшырататыны хабарланған.
Жүктілік және лактация кезінде қолдану
Жүктілік
Методжекті® жүктілік кезінде қолдануға болмайды. Жануарлардағы зерттеулер препараттың тұқым өрбітуге уыттылығын көрсетті. Метотрексаттың адамдарға тератогенді әсері бар; шарананың өлімі және/немесе шарана дамуындағы ақаулар туралы хабарланған. Жүкті әйелдердің шектеулі санына (42) ықпалы дамудағы ақаулардың (бассүйектің, жүрек-қантамыр жүйесінің және аяқ-қолдың) жиілігінің (1:14) артуына әкелген. Емді ұрықтануға дейін тоқтатқан кезде жүктілік қалыпты түрде өтті. Метотрексатпен емдеу кезінде пациент әйелдер жүктіліктің басталуынан аулақ болуы керек. Осы кезеңде жүктілік пайда болған жағдайда, метотрексатпен емдеге байланысты баладағы жағымсыз реакциялар қаупіне қатысты медициналық кеңес жүргізу қажет. Сондықтан, бала туу жасындағы пациенттер (еркектер мен әйелдер) Методжект® шприц-қалам препаратымен емдеу кезінде және, кем дегенде, оны аяқтағаннан кейінгі 6 ай бойы контрацепцияның тиімді әдістерін қолдану керек.
Лактация кезеңі
Метотрексат адамның емшек сүтімен бөлінеді. Метотрексат емшек еметін балаларда күрделі жағымсыз реакцияларды тудыруы мүмкін болғандықтан, метотрексатты емшек емізу кезеңінде қолдануға болмайды. Сондықтан препаратты қолдануды бастар алдында және қолдану кезінде емшек емізуді тоқтату керек.
Дәрілік заттың автокөлікті және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Емдеу кезінде орталық жүйке жүйесі тарапынан симптомдар туындауы мүмкін, мысалы, шаршағандықты сезіну және бас айналу, сондықтан Методжект® шприц-қалам препаратын қолдану көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне аздаған немесе орташа ықпал етуі мүмкін.
Артық дозалануы
Артық дозалану симптомдары: метотрексаттың уыттылығы негізінен қан өндіру жүйесіне ықпал етеді.
Емі: метотрексаттың уытты әсерін жағымсыз әсерлерін бейтараптандыру үшін спецификалық антидоты – кальций немесе натрий фолинатын енгізу ұсынылады. Кездейсоқ артық дозаланғанда метотрексат енгізілгеннен кейінгі алғашқы сағат ішінде вена ішіне немесе бұлшық ет ішіне метотрексаттың енгізілген дозасына тең немесе одан асатын дозада кальций немесе натрий фолинатын енгізу керек. Емдеуді қан сарысуындағы метотрексаттың концентрациясы 10-7 моль/л дейін төмендегенше жалғастырады.
Ауқымды артық дозаланған жағдайларда бүйрек өзекшелеріндегі метотрексаттың және/немесе оның метаболиттерінің преципитациясын болдырмау үшін организмді гидратациялау және несепті сілтілендіру жүргізілді. Гемодиализ және перитонеальді диализ метотрексат шығарылуын жақсартпайды. Жоғары жылдамдықтағы диализат ағынын пайдаланып, шұғыл үзік- үзік гемодиализ жүргізу арқылы метотрексаттың тиімді клиренсіне жету жөнінде хабарланған.
Шығарылу түрі және қаптамасы
0.15 мл, 0.20 мл, 0.25 мл, 0.30 мл, 0.35 мл, 0.40 мл, 0.45 мл, 0.50 мл, 0.55 мл немесе 0.60 мл-ден сыйымдылығы 1 мл бейтарап түссіз шыныдан (I Е.Ф. типі) жасалған тері астына енгізуге арналған интеграцияланған инесі бар шприцте. Шприцті автоматты түрде енгізетін құрылғысы бар шприц-қаламға орналастырады.
Шприц-қаламға заттаңба жапсырылады.
1 шприц-қаламнан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде 25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Онкотек Фарма Продукцион ГмбХ, Дессау-Рослау, Германия
Тіркеу куәлігінің иесі және қаптаушы:
медак ГмбХ, Германия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы
«медак фарма» ЖШС, Алматы, 050060, Гагарин д-лы, 258 В, 318-кеңсе, телефон, факс: +7 7273962037, эл.адрес: info_kaz@medac.de