Метеоспазмил
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Метеоспазмил
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Капсулалар
Құрамы
Бір капсуланың ішінде
белсенді заттар: альверин цитраты 60 мг
симетикон 300 мг,
қосымша заттар: соя лецитині, тығыздығы орташа триглицеридтер,
қабықтың құрамы: желатин, глицерол, титанның қостотығы, тазартылған су.
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, сарғыш реңді ақ түсті жұмсақ желатинді капсулалар өлшемі № 6.
Капсуланың ішіндегісі – ақ түсті қою cуcпензия.
Фармакотерапиялық тобы
Ішектің функциональді бұзылуларын емдеуге арналған басқа да препараттар.
АТХ коды А03АХ58
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Альверин асқазан-ішек жолынан сіңеді, қандағы ең жоғары концентрациясына 1 сағаттан соң жетеді. Бауырда метаболизденеді, нәжіспен, ішінара – бүйрекпен шығарылады.
Симетикон физиологиялық және химиялық инерттілігі салдарынан организмде сіңбейді және асқазан-ішек жолдары арқылы өзгермеген түрінде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Біріктірілген препарат. Спазмолитикалық әсер етеді, ішекте газ түзілуін азайтады.
Альверин - миотропты спазмолитик, оның әсері атропин тәрізді әсермен немесе ганглио бөгейтін белсенділікпен қатар жүрмейді. Ішектің тегіс бұлшықеттерінің жоғары тонусын төмендетеді.
Альверин тегіс бұлшықеттер жасушаларында (вольт-тәуелді өзекшелер), кальций өзекшелерін бөгей отырып, асқазан-ішек жолдарының бұлшықеттеріне жасуша деңгейінде әсер етеді, сондай-ақ рецепторға-тәуелді өзекшелерде нейрорецепторларды бөгейді және осылайша, бұлшықет түйілуін төмендетеді.
Симетикон – беткейлік тартылуы төмен, ішекте газ түзілуін төмендететін және асқорыту жолдарының қабырғаларын қорғағыш үлбірмен жабатын гидрофобты полимерлі зат. Симетикон газ көпіршіктерінің ыдырауын туындата отырып, олардың беткейлік тартылуын азайтады. Босап шығатын газдар ішінара ішекте сіңеді, сондай-ақ организмнен ішек перистальтикасы арқылы шығарылады.
Қолданылуы
- іш ауырғанда, метеоризмде
- кекіргенде, жүрек айнығанда
- іш қатуы, іш өтуі немесе олардың кезектесуінде
- іш қуысының ағзаларын рентгенологиялық, ультрадыбыстық немесе аспаптармен тексеруге дайындағанда.
Қолдану тәсілі және дозалары
Ересектерге ас ішердің алдында 1 капсуладан тәулігіне 2-3 рет.
Іш қуысының ағзаларын тексеруге дайындауда – тексерудің алдында 1 капсуладан тәулігіне 2-3 рет және тексерілетін күні таңертең 1 капсула.
Емдеудің ұзақтығы симптомдардың айқындылығына байланысты және оны дәрігер анықтайды.
Жағымсыз әсерлері
Сирек
- аллергиялық реакциялар (тері бөртпесі, ларингеальді ісіну, шок)
- препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін қалпына келетін бауыр функциясының елеусіз өзгерістері.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың компоненттеріне жоғары сезімталдық
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге
- жүктілікте және лактация кезеңінде
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Симетикон ішу арқылы қабылданатын антикоагулянттардың сіңуінің бұзылуын туындатады.
Айрықша нұсқаулар
Көлік құралдарын және қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Әсер етпейді.
Артық дозалануы
Анықталмаған
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 капсула поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада, 2 немесе 3 пішінді ұяшықты қаптама медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«Лаборатории МАЙОЛИ-СПИНДЛЕР»,
6, авеню де Л’Европ 78401 ШАТУ, Франция
Тіркеу куәлігінің иесі
«Лаборатории МАЙОЛИ-СПИНДЛЕР», Франция
Тұтынушылардан өнім сапасы туралы түскен шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«FIC MEDICAL» (ФИК МЕДИКАЛЬ) ЖШС, Қазақстан Республикасындағы өкілдігі, Төле би к-сі 69, 33 кеңсе, 050000, Алматы қ-сы, Қазақстан
тел.: +7 (727) 272 93 08, факс: +7 (727) 272 90 25
e-mail: fic_kz@ficmedical.kz.