Макрива

МНН: Ривароксабан
Производитель: Маклеодс Фармасьютикалз Лимитед
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ривароксабан
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№025889
Информация о регистрации в РК: 23.06.2022 - 23.06.2027

Инструкция

Саудалық атауы

Макрива

Халықаралық патенттелмеген атауы

Ривароксабан

Дәрілік түрі, дозасы

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 15 мг, 20 мг

Фармакотерапиялық тобы

Қан және қан түзу ағзалары. Тромбозға қарсы препараттар. Ха факторының тікелей тежегіштері. Ривароксабан.

АТХ коды В01AF01

Қолданылуы

- іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, гипертензия, ≥75 жас, қант диабеті, бұрын бастан өткерген инсульт немесе транзиторлы ишемиялық шабуыл сияқты бір немесе одан да көп қауіп факторлары бар, клапанды емес жүрекшелер фибрилляциясы және ересек пациенттерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасында

- терең веналар тромбозын (ТВТ) және өкпе артериясының тромбоэмболиясын (ӨАТЭ) емдеуде, сондай-ақ ересектердегі қайталанатын ТВТ және ӨАТЭ профилактикасында

Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • ривароксабанға немесе препараттың қосымша заттарына жоғары сезімталдық

  • белсенді клиникалық маңызды қан кету

  • бұрыннан бар немесе жақында орын алған асқазан-ішек жолының ойық жарасы, қан кету қаупі жоғары қатерлі жаңа түзілімдердің болуы, жақында болған мидың немесе жұлынның жарақаты, жақында миға, жұлынға немесе көзге жасалған хирургиялық араласу, жақында болған бассүйекішілік қан құйылу, өңеш венасының варикоздық кеңеюіне күдік немесе диагноз қойылуы, артериовенозды даму аномалиялары, тамыр аневризмалары немесе жұлын немесе мидың ірі тамырларының патологиясы сияқты жаппай қан кетудің маңызды факторы болып саналатын бұзылу немесе жағдай

  • басқа антикоагулянттық емге ауысудың ерекше жағдайларын қоспағанда, фракцияланбаған гепарин (ФБГ), төмен молекулалы гепариндер (эноксапарин, далтепарин және т.б.), гепарин туындылары (фондапаринукс және т. б.), пероральді антикоагулянттар (варфарин, дабигатран этексилаты, апиксабан және т. б.) сияқты кез келген басқа антикоагулянттармен ілеспелі терапия немесе НФГ орталық веноздық немесе артериялық катетердің өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін қажетті дозада енгізілгенде

  • В және С класындағы Чайлд-Пью бойынша бауыр циррозы бар пациенттерді қоса, клиникалық маңызды қан кетудің даму қаупімен байланысты коагулопатиямен қатар жүретін бауыр ауруы

  • тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдар

  • жүктілік және емшек емізу кезеңі

  • балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер

Қолдану кезінде қажетті сақтық шаралары

Емдеудің барлық кезеңінде антикоагуляциялық терапияның белгіленген практикасы шеңберінде клиникалық бақылау жүргізу ұсынылады.

Қан кету қаупі

Макриваны қабылдау аясында басқа антикоагулянттарды қолданғандағыдай, қан кету белгілерін анықтау үшін пациенттерді мұқият бақылау қажет. Макриваны қан кету қаупі жоғары пациенттерді емдеу кезінде сақтықпен пайдалану ұсынылады. Ауыр қан кету дамыған кезде Макрива қабылдау тоқтатылуы тиіс.

Шырышты қабықтардан қан кету (мысалы, мұрын, қызыл иек, асқазан-ішек және несеп-жыныс жолдарынан, оның ішінде патологиялық қынаптық және анағұрлым ауыр етеккірлік қан кету) және анемия монотерапия немесе қосарлы антитромбоциттік ем шыңында ривароксабанмен ұзақ емдеу кезінде жиі байқалды. Сондықтан, стандартты клиникалық бақылаудан басқа, және егер қажет болса, жасырын қан кетуді анықтау үшін гемоглобин/гематокрит деңгейін зертханалық анықтау және айқын қан кетудің клиникалық маңыздылығын сандық бағалау қажет болуы мүмкін.

Төменде сипатталған пациенттердің бірнеше қосалқы тобында қан кету қаупі жоғары. Демек, қан кету қаупі жоғары белгілі пациенттерде Макриваны қосарлы антитромбоцитарлық еммен бірге қолданғанда қан кету қаупі мен ишемиялық оқиғалардың профилактикасы бойынша артықшылықтардың арасындағы теңгерім сақталуы тиіс. Сонымен қатар, бұл пациенттер емдеуді бастаған сәттен бастап қан кету мен анемияның белгілері мен симптомдарын уақтылы анықтау үшін дәрігердің мұқият бақылауында болуы керек. Мұны үнемі медициналық тексеру, операциялық жараның бөліндісін мұқият бақылау және гемоглобин деңгейін мезгіл-мезгіл анықтау арқылы қамтамасыз етуге болады. Гемоглобин деңгейінің немесе артериялық қысымның түсініксіз төмендеуімен қан кету көзін іздеу керек.

Макрива препаратымен емдеу экспозицияны күнделікті бақылауды қажет етпейтініне қарамастан, ривароксабанның экспозициясын білу клиникалық шешім қабылдауға көмектесетін ерекше жағдайларда, мысалы, артық дозаланғанда және шұғыл операция кезінде, ривароксабанды Хa факторына қарсы калибрленген сандық белсенділік тестімен өлшеу пайдалы болуы мүмкін.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда (креатинин клиренсі <30 мл/мин) қан плазмасындағы ривароксабан концентрациясы едәуір жоғарылауы мүмкін (орта есеппен 1,6 есе), бұл қан кету қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Креатинин клиренсі 15-29 мл/мин ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеу кезінде Макриваны сақтықпен қолдану қажет. Креатинин клиренсі <15 мл/мин науқастарда Макриваны қолдану ұсынылмайды.

Қан плазмасындағы ривароксабан концентрациясын арттыратын басқа препараттармен қатар ем қабылдап жүрген бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеу кезінде Макриваны сақтықпен қолдану қажет.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Макрива азол тобының зеңге қарсы препараттарымен (мысалы, кетоконазолмен, итраконазолмен, вориконазолмен және позаконазолмен) немесе АИТВ протеаза тежегіштерімен (мысалы, ритонавирмен) жүйелі ем алып жүрген пациенттерде қолдануға ұсынылмайды. Бұл дәрілік препараттар CYP3A4 және Р гликопротеинінің күшті тежегіштері болып табылады, нәтижесінде бұл дәрілік препараттар плазмадағы ривароксабан концентрациясын клиникалық маңызды деңгейге дейін (орта есеппен 2,6 есе) арттыруы мүмкін, бұл қан кету қаупін арттырады.

Макриваны гемостазға әсер ететін дәрілік препараттарды, мысалы, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді (ҚҚСД), ацетилсалицил қышқылын (АСҚ) және тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін немесе серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштерін (СКҚСТ) және серотонин мен норепинефринді кері қармау тежегіштерін (СНКҚСТ) алатын пациенттерге тағайындағанда сақ болу қажет. Асқазан-ішек жолының ойық жара ауруының даму қаупі бар пациенттерге тиісті профилактикалық ем жүргізу туралы мәселені қарау керек.

Макриваны АСҚ-мен біріктірілімде немесе Макрива және АСҚ плюс клопидогрел/ тиклопидинмен ем алатын пациенттер пайда қан кету қаупінен асып кеткен жағдайларда ғана ҚҚСД-мен ұзақ ем алуы тиіс.

Қан кетудің басқа қауіп факторлары

Басқа да тромбозға қарсы препараттар сияқты, Макриваны қан кету қаупі жоғары, атап айтқанда мынадай жағдайлары бар пациенттерді емдеу кезінде пайдалану ұсынылмайды:

  • қан кетумен байланысты туа біткен немесе жүре пайда болған бұзылулар

  • бақыланбайтын ауыр артериялық гипертония

  • қан кетумен асқынуы мүмкін белсенді жараланусыз асқазан-ішек жолдарының басқа аурулары (мысалы, ішектің қабыну аурулары, эзофагит, гастрит, гастроэзофагеальді рефлюкс)

  • тамырлық ретинопатия

  • бронхоэктаз немесе анамнезде өкпеден қан кету

Жасанды жүрек клапаны бар пациенттер

Макриваны жақында аорта клапанын (TAVR) транскатетерлі алмастыруды бастан өткерген пациенттерде тромбопрофилактика үшін пайдалануға болмайды. Жүректің жасанды клапаны бар пациенттерде ривароксабанды қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген, сондықтан мұндай пациенттер популяциясында ривароксабанның адекватты антикоагулянттық әсері туралы деректер жоқ.

Мұндай пациенттерде Макрива препаратымен емдеу ұсынылмайды.

Антифосфолипидті синдромы (АФС) бар пациенттер

Анамнезінде тромбозы бар, антифосфолипидті синдром диагнозы қойылған пациенттерге ривароксабанды қоса, тікелей әсер ететін пероральді антикоагулянттарды тағайындау ұсынылмайды. Тікелей әсер ететін пероральді антикоагулянттармен емдеу К витамині антагонистерімен еммен салыстырғанда, әсіресе антифосфолипидті антиденелердің барлық үш түрінің (жегі бар антикоагулянт, кардиолипинге антиденелер және бета-2-гликопротеин -1 антиденелері) позитивтілігі бар пациенттерде қайталанатын тромбоздық оқиғалар жиілігінің артуымен байланысты болуы мүмкін.

Ортан жіліктің сынуы кезіндегі хирургиялық араласулар

Ривароксабанның тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалау ортан жіліктің сынуы кезінде хирургиялық араласулар жүргізілетін пациенттердің қатысуымен интервенциялық клиникалық зерттеулер кезінде зерттелмеген.

Клапансыз жүрекшелер фибрилляциясы және стенттеумен жоспарланған ТКА бар пациенттер

Интервенциялық зерттеудің клиникалық деректері қолжетімді, оның негізгі мақсаты клапансыз жүрекше фибрилляциясы және стенттеумен жоспарланған ТАК бар пациенттерде қауіпсіздікті бағалау. Бұл популяцияның тиімділігі туралы мәліметтер шектеулі. Инсульт/транзиторлы ишемиялық шабуыл тарихы бар осындай пациенттер үшін деректер жоқ.

Тромболизиске немесе өкпе эмболэктомиясына мұқтаж ӨАТЭ бар гемодинамикалық тұрақсыз пациенттер

ӨАТЭ бар және гемодинамикасы тұрақсыз немесе тромболизис немесе өкпе эмболэктомиясы жүргізілуі мүмкін пациенттерде фракцияланбаған гепаринге балама ретінде Макриваны қолдану ұсынылмайды, өйткені ривароксабанның қауіпсіздігі мен тиімділігі осы клиникалық жағдайларда анықталмаған.

Нейроаксиальді (эпидуральді/жұлын) анестезия

Нейроаксиальді (жұлын/эпидуральді) анестезия немесе жұлын/эпидуральді пункция жүргізу кезінде тромбоэмболиялық асқынулардың профилактикасы үшін тромбозға қарсы дәрілерді қабылдайтын пациенттер эпидуральді немесе жұлын гематомасының даму қаупіне ұшырайды, ол ұзақ немесе тұрақты параличке әкелуі мүмкін.

Мұндай құбылыстардың даму қаупі тұрақты эпидуральді катетерлерді қолданғанда немесе гемостазға әсер ететін препараттарды бірге қабылдағанда одан да артады. Жарақаттайтын немесе қайталанатын эпидуральді немесе жұлын пункциясынан кейін қауіп жоғарылауы мүмкін. Неврологиялық бұзылулардың белгілерін немесе симптомдарын (мысалы, аяқтағы сіресуі немесе әлсіздігі, жуан ішек немесе қуық дисфункциясы) анықтау үшін пациенттерді жиі бақылау керек. Неврологиялық ауытқулар анықталған кезде пациентті жедел диагностикалау және емдеу қажет. Антикоагулянттар алатын пациенттерде немесе тромбопрофилактика үшін антикоагулянттық ем алда болатын пациенттерде нейроаксиялық араласу жүргізу алдында дәрігер қауіпке қатысты потенциалды пайдасын ескеруі тиіс.

Ривароксабанды бір мезгілде қолдану аясында эпидуральді/жұлын анестезиясын және/немесе жұлын пункциясын жүргізумен астасқан қан кетудің потенциалды қаупін төмендету мақсатында ривароксабанның фармакокинетикалық бейінін ескеру керек. Ривароксабанның антикоагулянттық әсері әлсіз деп бағаланған кезде эпидуральді катетерді немесе белді пункцияны орнату немесе алып тастау жақсы жүргізіледі. Эпидуральді катетерді жас пациенттерде 18 сағаттан ерте емес және Макриваны соңғы қабылдағаннан кейін егде пациенттерде 26 сағаттан кейін алады.

Макриваны катетерді алып тастағаннан кейін 6 сағаттан кейін ғана қабылдау керек. Жарақат пункциясы болған жағдайда Макриваны қабылдау 24 сағатқа кейінге қалдырылуы тиіс.

Ұршықбуынды немесе тізе буынын жоспарлы эндопротездеуден басқа, инвазиялық емшаралар мен хирургиялық араласулар кезінде дозалау жөніндегі нұсқаулар

Егер инвазиялық емшара немесе хирургиялық араласым талап етілсе, Макрива қабылдауды мүмкіндігінше араласудан кемінде 24 сағат бұрын және дәрігердің клиникалық қорытындысы негізінде тоқтатқан жөн.

Егер емшараны кейінге қалдыру мүмкін болмаса, қан кету қаупінің жоғарылауын араласудың шұғылдығымен салыстырғанда бағалау керек.

Егер емдеуші дәрігердің бағалауымен клиникалық жағдай мүмкіндік берсе және адекватты гемостазға қол жеткізілсе, Макрива қабылдауды инвазиялық процедурадан немесе хирургиялық араласудан кейін барынша тезірек қайта бастау керек.

Егде жастағы пациенттер

Пациенттің жасы ұлғайған сайын қан кету қаупі артады.

Тері реакциясы

Стивенс-Джонсон синдромын/уытты эпидермальді некролизді және DRESS-синдромды қоса, терінің күрделі реакциялары ривароксабанды қолданумен уақытша өзара байланысты маркетингтен кейінгі бақылау барысында хабарланды. Пациенттерде мұндай реакциялардың ең жоғары пайда болу қаупі емді бастауға келеді: көп жағдайда алғашқы белгілер емнің алғашқы апталарында пайда болады. Ривароксабанды қабылдауды ауыр түрдегі тері бөртпесі (яғни бөртпенің таралуы, күшеюі және/немесе күлдіреудің пайда болуы) немесе шырышты қабықтар тарапынан аса жоғары сезімталдықтың кез келген белгілері пайда болған кезде тоқтату керек.

Қосымша заттар туралы ақпарат

Препарат құрамында лактоза моногидраты бар. Сирек кездесетін тұқым қуалайтын галактозаға төзбеушілік кінәраттары, Lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы керек.

Препарат құрамында натрий кроскармеллозасы және натрий лаурилсульфаты бар. Мұны тұзсыз диетаны ұстанатын пациенттерге ескерген жөн.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

CYP3A4 тежегіштерімен және гликопротеинмен Р өзара әрекеттесуі

Ривароксабан мен кетоконазолды (тәулігіне 1 рет 400 мг) немесе ритонавирді (тәулігіне екі рет 600 мг) бірге қолдану ривароксабанның орташа тепе-тең AUC 2,6/2,5 есе артуына және препараттың фармакодинамикалық әсерінің күрделі күшеюімен қатар жүретін, қан кетулердің даму қаупінің жоғарылауына алып келетін ривароксабанның орташа Смакс 1,7/1,6 есе ұлғаюына әкелді. Демек, Макриваны кетоконазол, итраконазол, вориконазол және позаконазол сияқты азолға қарсы зеңге қарсы препараттармен немесе АИТВ протеаза тежегіштерімен жүйелі ем алатын пациенттерге қолдану ұсынылмайды. Бұл заттар CYP3A4 және гликопротеин Р күшті тежегіштері болып табылады.

CYP3A4 немесе гликопротеин Р қатысуыммен ривароксабанды шығару жолдарының біреуін ғана қатты бәсеңдететін дәрілік заттар плазмадағы ривароксабанның концентрациясын аз дәрежеде арттырады деп күтілуде.

Мысалы, CYP3A4 күшті тежегіші және гликопротеинінің Р орташа тежегіші болып саналатын кларитромицин (тәулігіне 2 рет 500 мг) орташа AUC 1,5 есе және Смакс. ривароксабан 1,4 есе ұлғаюына себеп болды. Кларитромицинмен өзара әрекеттесу пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан маңызды емес, бірақ жоғары қауіпті пациенттерде ықтимал маңызды болуы мүмкін (бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін).

Эритромицин (тәулігіне 3 рет 500 мг), орташа басым CYP3A4 және гликопротеин Р, орташа AUC және Смакс ривароксабанның 1,3 есе ұлғаюын туындатты. Эритромицинмен өзара әрекеттесу пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан маңызды емес, бірақ жоғары қауіпті пациенттерде маңызды болуы мүмкін.

Жеңіл бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде эритромицин (тәулігіне үш рет 500 мг) қабылдау бүйрек функциясы қалыпты адамдармен салыстырғанда ривароксабанның орташа AUC 1,8 есе және Смакс. 1,6 есе жоғарылауын туындатты.

Орташа бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде эритромицин қолдану бүйрек функциясы қалыпты пациенттермен салыстырғанда орташа AUC 2,0 есе және Смакс 1,6 есе жоғарылауын туындатты. Эритромициннің әсері бүйрек жеткіліксіздігінің әсерін толықтырады.

CYP3A4 орташа тежегіші болып саналатын флуконазол (тәулігіне бір рет 400 мг) ривароксабанның орташа AUC 1,4 есе ұлғаюына және орташа Cmax 1,3 есе ұлғаюына әкеледі. Флуконазолмен өзара әрекеттесу пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан маңызды емес, бірақ жоғары қауіпті пациенттерде ықтимал маңызды болуы мүмкін (бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін).

Дронедаронды қолдану бойынша қолда бар клиникалық деректер шектеулі, сондықтан оны Макривамен бірге қолданудан аулақ болу керек.

Антикоагулянттар

Эноксапаринді (40 мг бір реттік доза) және ривароксабанды (10 мг бір реттік доза) біріктіріп қолданғаннан кейін Ха факторға қарсы әсер етудің күшеюі байқалды, бұл қанның ұюына тесттердің қосымша өзгерістерімен (протромбиндік уақыт, ІБТУ) қатар жүрмеді. Эноксапарин ривароксабанның фармакокинетикасына әсер етпеді.

Қан кету қаупінің жоғарылауына байланысты пациенттер Макриваны басқа антикоагулянттармен бірге қолданғанда сақ болу керек.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД) / тромбоциттер агрегациясының тежегіштері

Ривароксабан 15 мг және напроксен 500 мг бірге тағайындалғаннан кейін қан кету уақытының клиникалық маңызды ұзаруы байқалмады. Дегенмен, жекелеген адамдарда анағұрлым айқын фармакодинамикалық жауап болуы мүмкін.

Ривароксабанды және ацетилсалицил қышқылын 500 мг дозада бірге қолданғанда клиникалық маңызды фармакокинетикалық және фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.

Ривароксабан 15 мг және клопидогрел (екпінді дозасы 300 мг, содан кейін 75 мг демеуші доза) арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталған жоқ, алайда кейбір пациенттерде тромбоциттердің агрегациясымен және Р-селектин деңгейімен немесе GPIIb/IIIa рецепторларының деңгейімен өзара байланыспаған қан кету уақытының елеулі ұлғаюы анықталды.ҚҚСД (ацетилсалицил қышқылын қоса) және тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін бір мезгілде тағайындағанда сақ болу керек, өйткені бұл препараттар, әдетте, қан кету қаупін арттырады.

Серотонинді/серотонин-норэпинефринді кері қармаудың селективті тежегіші (СКҚСТ/СНКҚСТ)

Басқа антикоагулянттар жағдайындағыдай, тромбоциттерге әсер етуінен СКҚСТ-мен немесе СНКҚСТ-мен бірге қолданған жағдайда пациенттердің қан кету қаупі жоғары болуы ықтимал. Ривароксабанды клиникалық бағдарламада бір мезгілде қолданғанда емдеудің барлық топтарында үлкен және шағын клиникалық маңызды қан кетулердің неғұрлым жоғары жиілігі байқалды.

Варфарин

Пациенттердің К дәрумені антагонисті варфариннен (ХҚҚ 2,0-ден 3,0-ге дейін) ривароксабанға (20 мг) немесе ривароксабаннан (20 мг) варфаринге ауысуы протромбиндік уақытты/ХҚҚ (Неопластин реагенті) әсерлерін қарапайым жинақтау кезінде күткеннен көп дәрежеде арттырды (ХҚҚ-ның жекелеген мәндері 12-ге жетуі мүмкін), ал ІБТУ-ға әсер ету, Ха фактор белсенділігі мен тромбиннің эндогендік потенциалын бәсеңдету кезінде аддитивті болды.

Осындай өтпелі кезең кезінде ривароксабанның фармакодинамикалық әсерлерін зерттеу қажет болғанда варфарин әсер етпейтін қажетті тест ретінде Ха қарсы белсенділік, PiCT және HepTest анықтамаларын пайдалануға болады.

Варфаринді тоқтатқаннан кейінгі 4-ші күннен бастап талдаулардың барлық нәтижелері (соның ішінде ПУ, ІБТУ, Ха фактор белсенділігінің тежелуі және ТЭП (тромбиннің эндогендік потенциалы)) ривароксабанның әсерін ғана көрсетеді.

Өтпелі кезең кезінде варфариннің фармакодинамикалық әсерлерін зерттеу қажет болғанда C0 ривароксабан (ривароксабанның алдыңғы дозасын қабылдағаннан кейін 24 сағат өткен соң) аясында ХҚҚ анықтамасын пайдалануға болады, өйткені ривароксабан осы кезеңде осы көрсеткішке ең аз әсер етеді.

Варфарин мен ривароксабан арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалмаған.

CYP3A4 индукторлары

Ривароксабан мен CYP3A4 рифампициннің күшті индукторын бірге тағайындау ривароксабанның орташа AUC шамамен 50%-ға төмендеуіне және оның фармакодинамикалық әсерінің қатар азаюына әкелді. Ривароксабанды басқа күшті CYP3A4 индукторларымен (мысалы, фенитоин, карбамазепин, фенобарбитал немесе тесілген шайқурай) бірге қолдану ривароксабанның плазмадағы концентрациясының төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Сондықтан тромбоз белгілері мен симптомдарына қатысты пациентті мұқият бақылаусыз, CYP3A4 күшті индукторларымен бірге Макриваны тағайындаудан аулақ болу керек.

Басқа қатар жүретін ем

Ривароксабан мен мидазолам (CYP3A4 субстраты), дигоксин (гликопротеин Р субстраты) немесе аторвастатин (CYP3A4 субстраты және гликопротеин Р) немесе омепразол (протонды помпа тежегіші) арасында клиникалық маңызды фармакокинетикалық немесе фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Ривароксабан CYP3A4 сияқты CYP цитохромының негізгі изоферменттерін тежемейді немесе индукцияламайды.

Зертханалық параметрлер

Ривароксабан әсер ету механизмінің арқасында қанның ұю параметрлеріне (ПУ, ІБТУ, HepTest) әсер етеді деп күтілуде.

Арнайы ескертулер

Педиатрияда қолдану

Балалар мен 18 жасқа дейінгі ривароксабанның жасөспірімдерде қауіпсіздік пен тиімділік анықталмаған. Қолжетімді деректер жоқ. Сондықтан Макрива балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолдану ұсынылмайды.

Жүктілік немесе лактация кезінде

Ривароксабанның жүкті әйелдерді емдеудегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Потенциалды репродуктивті уыттылықты, қан кету қаупін және Макриваның гематоплацентарлық бөгет арқылы өтуінің дәлелдерін ескере отырып, ривароксабан жүкті әйелдерге қолдануға болмайды.

Репродуктивті жастағы әйелдер Макрива препаратымен емдеу кезеңінде жүктіліктің басталуынан аулақ болу керек (Макривамен емдеу кезінде контрацепцияның тиімді әдістерін қолдану керек).

Ривароксабанның емшек сүтін емізу кезіндегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Макрива емшек емізу кезінде қарсы көрсетілімді. Емшек емізуді тоқтату немесе емдеуді тоқтату/шегеру туралы шешім қабылдануы тиіс.

Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Ривароксабан автокөлік пен механизмдерді басқару қабілетіне аз әсер етеді. Бас айналуы немесе естен тану жағдайлары туралы хабарланды. Осындай реакциялар байқалған пациенттер автокөлікті немесе механизмдерді басқарудан бас тартқан жөн.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалау режимі

Инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы:

Ұсынылатын ең жоғары доза тәулігіне бір рет 20 мг (1 таблетка) құрайды.

Макрива препаратымен емдеуді инсульт пен жүйелі эмболия профилактикасының артықшылығы қан кету қаупінен басым болған жағдайда ұзақ уақыт жалғастырған жөн.

Терең веналар тромбозын (ТВТ) және өкпе артериясының тромбоэмболиясын (ӨАТЭ) емдеуде, қайталанатын ТВТ және ӨАТЭ профилактикасында.

Жедел ТВТ немесе ӨАТЭ бастапқы емдеу үшін ұсынылатын Макрива дозасы алғашқы 3 апта ішінде тәулігіне екі рет 1 таблетканы (15 мг) құрайды, кейіннен ТВТ немесе ӨАТЭ емін жалғастыру және қайталама профилактика үшін тәулігіне бір рет 1 таблетканы (20 мг) қабылдайды.

Қысқа мерзімді емді (кем дегенде 3 ай) үлкен транзиторлық қауіп факторлары (мысалы, жақында болған ауқымды операциялық араласымдар немесе жарақаттар) туындатқан ТВТ және ӨАТЭ бар пациенттерде қарастыру керек. Анағұрлым ұзақ емді үлкен транзиторлы қауіп факторларымен байланысты емес, қоздырылған ТВТ немесе ӨАТЭ немесе қоздырылмаған ТВТ немесе ӨАТЭ бар немесе анамнезінде ТВТ немесе ӨАТЭ қайталанатын пациенттерде қарастыру керек.

ТВТ және ӨАТЭ рецидивінің ұзартылған профилактикасына көрсетілімдер болған кезде (ТВТ немесе ӨАТЭ емдеуден кейін кем дегенде 6 ай) ұсынылған доза тәулігіне бір рет 1 таблетканы (10 мг) құрайды. Тәулігіне бір рет 10 мг профилактикалық дозада Макриваның ұзартылған ем аясында асқынған қатарлас аурулардың болуы немесе ТВТ немесе ӨАТЭ қайталануы сияқты ТВТ немесе ӨАТЭ қайталану қаупі жоғары пациенттер Макриваның тәулігіне бір рет 20 мг дозасын қабылдауды қарастыру керек.

Емдеу ұзақтығы мен дозасы қан кету қаупіне қатысты емдеу пайдасын мұқият бағалағаннан кейін жеке таңдалуы тиіс.

Ұзақтығы

Дозалау режимі

Жалпы тәуліктік доза

Қайталанған ТВТ және ӨАТЭ емдеу және профилактикасы

1-ден 21 күнге дейін

Тәулігіне екі рет 15 мг

30 мг

22 күннен бастап және одан әрі

Тәулігіне бір рет 20 мг

20 мг

Қайталанған ТВТ және ӨАТЭ профилактикасы

ТВТ және ӨАТЭ терапиясын аяқтағаннан кейін кем дегенде 6 айға созылады

Тәулігіне бір рет 10 мг немесе 20 мг

10 мг немесе 20 мг

К дәруменінің антагонисттерінен (КДА) Макриваға ауысу

Инсульттің және жүйелі эмболияның профилактикасы үшін пациенттерде КДА қабылдауды тоқтату және халықаралық қалыптасқан қатынас (ХҚҚ) ≤3,0 дейін төмендеген кезде Макривамен емдеуді бастау керек.

ТВТ және ӨАТЭ емдеудегі және ТТВТ және ӨАТЭ рецидивінің профилактикасындағы пациенттерде КДА қабылдауды тоқтату керек және ХҚҚ ≤2,5-ке төмендегенде ривароксабанмен емдеуді бастау керек. КДА-дан Макриваға пациенттер ауысқан кезде, Макрива қабылдағаннан кейін ХҚҚ мәндері жалған жоғарылауы мүмкін. ХҚҚ Макриваның антикоагулянттық белсенділігін анықтау үшін жарамайды, сондықтан оны осы мақсатта қолдануға болмайды.

Макривадан К дәруменінің антагонистеріне (КДА) ауысу

Макривадан КДА-ға ауысқан кезде антикоагулянттық әсердің жеткіліксіз болу мүмкіндігі бар. Осыған байланысты басқа антикоагулянтқа кез келген ауысу кезінде үздіксіз жеткілікті антикоагулянттық әсерді қамтамасыз ету қажет. Макрива ХҚҚ жоғарылауына ықпал етуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн.

Макривадан КДА-ға ауысқан кезде Макриваны ХҚҚ ≥2,0 көрсеткішке жеткенге дейін КДА-мен бір мезгілде қабылдау керек.

Өтпелі кезеңнің алғашқы екі күні ішінде ХҚҚ анықтамалары негізінде КДА дозасын кейіннен тағайындай отырып, КДА стандартты бастапқы дозасын қолдану керек. Макрива мен КДА бір мезгілде қабылдау кезінде ХҚҚ алдыңғы дозаны қабылдағаннан кейін 24 сағаттан соң ғана, бірақ Макриваның келесі дозасын қабылдау алдында анықтаған жөн. Макриваны қолдануды тоқтатқаннан кейін ХҚҚ-ны сенімді анықтауды препараттың соңғы дозасын қабылдағаннан кейін кемінде 24 сағаттан соң жүргізуге болады.

Парентеральді антикоагулянттардан Макриваға өту

Парентеральді антикоагулянттар алатын пациенттер үшін парентеральді антикоагулянтты тоқтату және парентеральді препаратты келесі жоспарлы енгізу сәтіне дейін 0-2 сағат бұрын (мысалы, төмен молекулалы гепарин) немесе парентеральді препаратты үздіксіз енгізу тоқтатылған сәтте (мысалы, фракцияланбаған гепаринді вена ішіне енгізу) Макриваны қабылдауды бастау керек.

Макривадан парентеральді антикоагулянттарға ауысу

Парентеральді антикоагулянттың бірінші дозасын Макриваны келесі жоспарлы қабылдау сәтінде енгізу керек.

Пациенттердің жекелеген популяциялары бойынша қосымша ақпарат

Бүйрек жеткіліксіздігі

Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда Макриваны қолдану туралы деректер (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) плазмадағы ривароксабан деңгейінің елеулі жоғарылауын көрсетеді. Осыған байланысты Макриваны науқастардың осы тобында сақтықпен қолдану қажет. Креатинин клиренсі <15 мл/мин науқастарда Макриваны қолдану ұсынылмайды.

Орташа бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 30-49 мл/мин) немесе ауыр бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) бар пациенттер үшін ұсынылған доза мыналарды құрайды:

- жүрекшелердің клапансыз фибрилляциясы бар пациенттерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы кезінде ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 15 мг құрайды.

- ТВТ немесе ӨАТЭ емдеу, қайталама ТВТ және ӨАТЭ профилактикасы үшін пациенттер алғашқы 3 апта ішінде тәулігіне екі рет 15 мг қабылдауы тиіс. Сосын ұсынылған доза тәулігіне бір рет 20 мг құрайды. Дозаны тәулігіне бір рет 20 мг-ден тәулігіне бір рет 15 мг-ға дейін төмендетуді пациентте қан кетудің бағаланатын қаупі қайталама ТВТ және ӨАТЭ қаупінен басым болған кезде қарау керек. Тәулігіне бір рет 15 мг пайдалану жөніндегі нұсқау фармакокинетикалық модельдеуге негізделген және осы жағдайда клиникалық жағдайларда зерттелмеген.

Жеңіл бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге Макрива тағайындау кезінде (креатинин клиренсі 50-80 мл/мин) дозаны түзету талап етілмейді.

Бауыр жеткіліксіздігі

Макриваны қолдану Чайлд-Пью жіктемесі бойынша В және С класындағы бауыр циррозы бар пациенттерді қоса, коагулопатиямен жәнеклиникалық маңызды қан кетудің даму қаупімен бірге жүретін бауыр аурулары бар науқастарда қарсы көрсетілген.

Егде жастағы пациенттер

Дозаны түзету қажет емес.

Инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы кезіндегі кардиоверсия

Макривамен емдеуді кардиоверсия қажет болуы мүмкін пациенттерде бастауға немесе жалғастыруға болады. Бұрын антикоагулянттық ем алмаған пациенттерде өңеш арқылы эхокардиография (ӨАЭхо-КГ) бақылауымен кардиоверсия кезінде адекватты антикоагуляцияны қамтамасыз ету үшін Макриваны емдеуді кардиоверсиядан кемінде 4 сағат бұрын бастау керек. Кардиоверсия жүргізу басталғанға дейін барлық пациенттер үшін осы пациенттердің Макриваны тиісінше қолданғанына көз жеткізу керек. Емдеудің басталуы мен ұзақтығы туралы мәселені шешуде жоспарланған кардиоверсиясы бар пациенттерде антикоагулянттық терапия бойынша қолданыстағы нұсқаулықтарды ескерген жөн.

Клапансыз жүрекшелер фибрилляциясы және стенттеумен жоспарланған ТКА (тері арқылы коронарлық араласу) бар пациенттер

Пероральді антикоагуляцияны қажет ететін стенттеу жоспарланған клапансыз жүрекшелер фибрилляциясы бар пациенттерде максимум 12 ай бойы P2Y12 тежегішіне қосымша тәулігіне бір рет 15 мг Макрива дозасының шектеулі тәжірибесі бар (немесе тәулігіне бір рет 10 мг Макрива бүйрек жеткіліксіздігі орташа пациенттерде (креатинин клиренсі 30 - 49 мл/мин)).

Енгізу әдісі мен жолы

Тамақтануға қарамастан, ішке қабылдауға арналған.

Макрива таблеткаларын төмендетілген дозаны қабылдау мақсатында бөлуге болмайды.

Таблетканы тұтастай жұта алмайтын пациенттер үшін таблетканы ұсақтап, қабылдар алдында бірден сумен немесе жұмсақ тағаммен, мысалы, езбемен араластырып, дереу қабылдауға болады.

Ұсақталған Макрива таблеткасын асқазан зондымен енгізуге болады. Макриваны қолданар алдында асқазанда зондтың дұрыс орналасуын растау керек. Ұсақталған таблетканы асқазан зонд арқылы судың аз мөлшерімен бірге енгізу керек, содан кейін оны сумен жуып, содан кейін ішек арқылы тамақтану керек.

Артық дозалану жағдайында қабылдануы қажет шаралар

Ривароксабанды 600 мг-ға дейін қабылдаған кезде артық дозаланудың сирек жағдайлары қан кетулердің немесе басқа да қолайсыз реакциялардың дамуынсыз тіркелді. Шектеулі сіңуіне байланысты емдік дозадан асатын, 50 мг және одан жоғары дозаларды қолдану кезінде препарат концентрациясының төмен деңгейлі платоны оның қан плазмасындағы экспозициясын одан әрі ұлғайтпай дамыту күтілуде.

Андексанет альфа ривароксабанның фармакодинамикалық әсерін бейтараптандыратын спецификалық антидот (немесе кері әсер ететін препарат) болып табылады (андексанет альфа дәрілік заттың жалпы сипаттамасындағы ақпаратты қараңыз).

Артық дозаланған жағдайда ривароксабанның сіңуін төмендету үшін белсендірілген көмірді пайдалануға болады.

Қан кету кезіндегі тактика

Егер ривароксабан алатын пациентте қан кету түрінде асқыну пайда болса, препаратты келесі қабылдауды кейінге қалдыру немесе қажет болғанда тоқтату керек. Ривароксабанның жартылай шығарылу кезеңі шамамен 5-13 сағатты құрайды. Емдеу қан кетудің ауырлығына және орналасуына байланысты жекелей болуы керек. Қажет болса, тиісті симптоматикалық емді қолдануға болады, мысалы, механикалық компрессия (мысалы, мұрыннан ауыр қан кету), қан кетуді тоқтату процедураларымен хирургиялық гемостаз, сұйықтықты толтыру және гемодинамикалық демеу, қан препараттарын ауыстырып құю (эритроциттік масса немесе жаңа мұздатылған плазма, қатар жүретін анемия немесе коагулопатияның болуына байланысты) немесе тромбоциттер.

Егер жоғарыда аталған іс-шаралар қан кетудің тоқтауына әкелмесе, ривароксабанның фармакодинамикалық әсерін бейтараптандыратын Ха фактордың (андексанет альфа) әсерін тежейтін кері әсер ететін ерекше препаратты тағайындауды немесе протромбин кешенінің концентраты (КҚК), активтендірілген протромбин кешенінің концентраты (ПКК) немесе рекомбинантты VIIa факторы (рФVIIa) сияқты кері әсер ететін ерекше прокоагулянтты препараттарды тағайындауды қарастыру керек. Алайда, қазіргі уақытта Макрива қабылдайтын пациенттерде осы препараттарды қолдану тәжірибесі шектеулі. Ұсыныс та шектеулі клиникалық емес мәліметтерге негізделген. рФVIIa қайта енгізу және титрлеу қан кетудің оң динамикасына байланысты қарастырылуы тиіс. Ауқымды қан кету жағдайында жергілікті деңгейде қол жетімділікке байланысты гематолог маманының консультациясын алу туралы мәселені шешу керек.

Протамин сульфаты мен К дәрумені Макриваның қанның ұюға қарсы белсенділігіне әсер етпейді деп күтілуде.

Транексам қышқылын қолданудың тәжірибесі шектеулі және Макрива алатын пациенттерде аминокапрон қышқылы мен апротининді қолдану тәжірибесі жоқ.

Макрива қабылдайтын пациенттерде десмопрессин сияқты жүйелі гемостатикалық препараттарды қолданудың орындылығының ғылыми негіздемесі немесе тәжірибесі жоқ. Қан плазмасы ақуыздарымен қарқынды байланысты ескере отырып, диализ жүргізу кезінде ривароксабан шығарылмайды деп күтілуде.

Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізіп алған кезде қажетті шаралар

Егер кезекті дозаны қабылдауды өткізіп алса, пациент Макриваны дереу қабылдауға және келесі күні ұсынылған режимге сәйкес препаратты тұрақты қабылдауды жалғастыруға тиіс. Бұрын өткізіп алған дозаны өтеу үшін қабылданатын дозаны қосарламау керек.

Егер кезекті дозаны қабылдау тәулігіне екі рет (емдеудің 1-21 күні) 15 мг дозаны қабылдау кезінде өткізіп алынса, пациент 30 мг тәуліктік дозаның түсуін қамтамасыз ету үшін дереу Макрива қабылдауы тиіс. Ол үшін Макриваның 2 таблеткасын бір мезгілде 15 мг дозада қабылдауға болады. Келесі күні препаратты ұсынылған режимге сәйкес тәулігіне 2 рет 15 мг дозада тұрақты қабылдауды жалғастыру керек.

Егер препаратты қабылдау тәулігіне 1 рет 20 мг дозаны қабылдау кезінде өткізіп алынса, пациент 20 мг тәуліктік дозаның түсуін қамтамасыз ету үшін Макриваны дереу қабылдауы тиіс. Келесі күні ұсынылған режимге сәйкес препаратты тәулігіне бір рет 20 мг дозада тұрақты қабылдауды жалғастыру керек. Бұрын өткізіп алған дозаның орнын толтыру үшін қабылданатын дозаны екі есеге арттырмау керек.

Макрива препаратын қабылдау бойынша сұрақтар туындаған жағдайда дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медицина қызметкерінің кеңесіне жүгініңіз.

ДП стандартты қолдану кезінде көрініс табатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және осы жағдайда қабылдануы керек шаралар

Жағымсыз құбылыстардың жиілігін анықтау мынадай критерийлерге сәйкес жүргізіледі: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥1/100-ден < 1/10-ға дейін), жиі емес (≥1/1000-нан < 1/100-ге дейін), сирек (≥1/10000-нан < 1/1000-ға дейін), өте сирек (< 1/10000), белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес)

Жиі

  • анемия (тиісті зертханалық көрсеткіштерді қоса)

  • бас айналуы, бас ауыруы

  • көзге қан құйылу (конъюнктиваға қан құйылуын қоса)

  • артериялық гипотензия, гематома

  • эпистаксис (мұрыннан қан кету), қан түкіру

  • қызыл иектің қанағыштығы, асқазан-ішектен қан кету (ректальді қан кетуді қоса), асқазан-ішек жолы аумағындағы ауырсыну, диспепсия, жүрек айнуы, іш қату А, диарея, құсу А.

  • трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы

  • қышыну (жалпыланған қышудың сирек жағдайларын қоса), бөртпе, экхимоз, тері және тері астындағы қан кетулер

  • аяқ-қолдың ауыруы А

  • урогенитальді жолдан қан кету (гематурия мен меноррагияны B қоса), бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин концентрациясының жоғарылауын, мочевина концентрациясының жоғарылауын қоса)

  • қызба (температураның жоғарылауы) А, шеткері ісіну, жалпы бұлшықет күші мен тонусының төмендеуі (әлсіздік пен астенияны қоса)

  • жүргізілген емшалардан кейінгі қан құйылулар (операциядан кейінгі анемия мен жарадан қан кетуді қоса), қан тебу, жарадан ағып кету A

Жиі емес

  • тромбоцитоз (тромбоциттер санының ұлғаюын қоса алғанда) а, тромбоцитопения

  • аллергиялық реакция, аллергиялық дерматит, ангионевроздық ісіну және аллергиялық ісіну

  • миішілік және бассүйекішілік қан құйылу, естен тану

  • тахикардия

  • ауыздың құрғауы

  • бауыр функциясының бұзылуы, билирубин, сілтілік фосфатаза А, гамма-глутамилтранс-фераза (ГГТ) А деңгейінің жоғарылауы

  • есекжем

  • гемартроз

  • жалпы көңіл-күйдің нашарлауы (дімкәстікті қоса)

  • ЛДГ деңгейінің жоғарылауы А, липаза деңгейінің жоғарылауы А, амилаза деңгейінің жоғарылауы А

Сирек

  • Сарғаю, конъюгацияланған билирубин деңгейінің жоғарылауы (аланинаминотрансферазаның (АЛТ) қатар артуы кезінде немесе онсыз), холестаз, гепатит (гепатоцеллюлярлық зақымдануды қоса)

  • бұлшықетке қан кету

  • жергілікті ісіну А

  • тамыр жалған аневризмасы С

Өте сирек

  • анафилаксиялық шокты қоса, анафилаксиялық реакциялар

  • Стивенс-Джонсон синдромы/уытты эпидермальді некролиз, DRESS-синдром

Белгісіз

  • компартмент- қан кету салдарынан болатын синдром

  • бүйрек жеткіліксіздігі

  • гипоперфузияның дамуы үшін жеткілікті қан кету салдарынан жедел бүйрек жеткіліксіздігі

А: тізе буынын немесе ұршықбуынды жоспарлы протездеуден кейін ересек пациенттерде веноздық тромбоэмболияның (ВТЭ) профилактикасы кезінде тіркелді

B: ТГВ мен ТЭЛА емдеу және рецидивтің профилактикасы кезінде < 55 жастағы әйелдерде өте жиі тіркелетін

C: жедел коронарлық синдромнан кейін (тері арқылы араласулар жүргізгеннен кейін) пациенттерде кенеттен өлімнің және миокард инфарктісінің профилактикасында жиі емес ретінде тіркелді.

Кейбір жағымсыз реакциялардың сипаттамасы

Ривароксабан әсерінің фармакологиялық механизмін ескере отырып, Макриваны қолдану кез келген ағзалар мен тіндерден жасырын немесе айқын қан кету қаупінің жоғарылауымен қатар жүруі мүмкін, бұл постгеморрагиялық анемияға әкелуі мүмкін. Белгілері, симптомдары және ауырлығы (өліммен аяқталуды қоса) қан кетудің және/немесе анемияның орналасқан жеріне және ауырлық дәрежесіне немесе ауқымдылығына байланысты өзгереді.

Шырышты қабаттардан қан кету (мысалы, мұрын, қызыл иек, асқазан-ішек, несеп-жыныс жолдарынан патологиялық қынаптық және күшейтілген етеккірден қан кетуді қоса) және анемия K дәрумені антагонистерімен (КДА) емдеумен салыстырғанда Макривамен ұзақ емдеу кезінде жиі байқалды. Сондықтан, тиісті клиникалық тексеруден басқа, қажет болғанда жасырын қан кетуді анықтау үшін гемоглобин/гематокрит деңгейін зертханалық анықтау және айқын қан кетудің клиникалық маңыздылығын сандық бағалау маңызды болуы мүмкін.

Қан кетудің даму қаупі пациенттердің кейбір топтарында, мысалы, бақыланбайтын ауыр артериялық гипертензиясы бар және/немесе гемостазға әсер ететін препараттармен қатар ем қабылдайтын пациенттерде жоғарылауы мүмкін. Етеккірлік қан кету ұзағырақ және қарқынды болуы мүмкін. Геморрагиялық асқынулар әлсіздік, бозару, бас айналуы, бас ауыруы, түсініксіз ісіну, ентігу немесе түсініксіз шок күйінде көрініс табуы мүмкін. Кейбір жағдайларда анемияға байланысты миокард ишемиясының белгілері байқалды, мысалы, төс артындағы ауырсыну немесе стенокардия.

Ауыр қан кету салдарынан ривароксабанды қолданғанда компартмент-синдром және гипоперфузия нәтижесінде бүйрек жеткіліксіздігі сияқты белгілі асқынулар тіркелді. Сондықтан антикоагулянттар алатын кез-келген пациенттің жағдайын бағалау кезінде қан кету мүмкіндігін қарастырған жөн.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаған кезде медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса алғанда, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша тікелей ақпараттық дерекқорға жүгіну

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препараттың құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - ривароксабан 15 мг немесе 20 мг

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, лактоза моногидраты, натрий кроскармеллозасы, коллоидты кремнийдің қостотығы, гидроксипропилметилцеллюлоза, натрий лаурилсульфаты, магний стеараты, үлбірлі қабық Instacoat universal brown A05G12656 (15 мг доза үшін), Instacoat universal brown A05G12657 (20 мг доза үшін).

Үлбірлі қабықтардың құрамы Instacoat universal brown A05G12656, Instacoat universal brown A05G12657: HPMC 2910/ Гипромеллоза 6cPs (E464), полиэтиленгликоль 400 (E1521), титанның қостотығы (E171), темірдің қызыл тотығы (E172).

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі жақ беті дөңес, бір жағынан "J 9" өрнектелген және екінші жағынан тегіс, ашық қызыл түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (15 мг доза үшін).

Үшбұрышты пішінді, бір жағынан "J 10" өрнектелген және екінші жағынан тегіс, қызыл түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (20 мг доза үшін).

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан ПВХ/ПЭ/ПВДХ үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

1, 3 немесе 10 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде 30 °С-ден аспайтын температурада.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәлімет

Macleods Pharmaceuticals Limited, Үндістан

Block N-2, Village Theda, PO: Lodhimajra, Tehsil Baddi, Dist: Solan, Himachal Pradesh – 174 101, India

Тел: 01795661400-571/570, факс: 01795661452

e-mail: exports@macleodspharma.com

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

Маcleods Pharmaceuticals Limited, Үндістан

304, Atlanta Arcade, Marol Church Road, Andheri (East), Mumbai – 400 059, India.

Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасы жөнінде шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың қауіпсіздігін тіркеуден кейінгі бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Macleods Pharmaceuticals Limited» ЖШК филиалы, Қазақстан Республикасы

Алматы қ., Төлебаев к-сі 38/61

Тел./факс. +7 727 2734593

E-mail: regulatorykazakh@macleodspharma.com

Прикрепленные файлы

ИМП_Макрива_15мг,_20мг_рус.docx 0.09 кб
ИМП_Макрива_15мг,_20мг_рус(kk).docx 0.08 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники