Лизолид-600

МНН: Линезолид
Производитель: Гленмарк Фармасьютикалз Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Linezolid
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№015034
Информация о регистрации в РК: 22.04.2015 - 22.04.2020

Инструкция

Саудалық атауы

Лизолид-600

Халықаралық патенттелмеген атауы

Линезолид

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 600 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 600 мг линезолид,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза (авицел РН 101), жүгері крахмалы, повидон (K-30), натрий крахмалы гликоляты, магний стеараты;

қабық құрамы: гидроксипропилметилцеллюлоза, дибутилфталат, титанның қостотығы, пропиленгликоль 6000 (макрогол), тазартылған тальк.

Сипаттамасы

Капсула пішінді, бір жағында сызығы бар және екінші жағы тегіс ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Бактерияға қарсы жүйелі пайдалануға арналған препараттар. Басқа бактерияға қарсы препараттар. Бактерияға қарсы басқа да препараттар. Линезолид.

АТХ коды J01XX08

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылданғаннан кейін линезолид асқазан-ішек жолынан тез және қарқынды сіңеді. Қан плазмасындағы линезолид Cmax 21.2 мг/л, қандағы линезолид Cmax мәніне жеткенше өтетін орташа уақыт кезеңі 2 сағат, абсолютті биожетімділігі 100 жуық құрайды. Ас ішу линезолид сіңуіне әсер етпейді. Линезолид қандағы тепе-тең концентрациясына 2-ші күн қабылдағанда жетеді.

Таралуы

Дені сау ересек адамда тепе-тең концентрациясына жеткенде линезолид Vd орта есеппен 40-50 л құрайды, бұл шамамен организмдегі судың жалпы мөлшеріне тең. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы 31% құрайды және қандағы линезолид концентрациясына байланысты емес.

Метаболизмі

Р450 цитохромы изоферменттерінің линезолид метаболизміне қатыспайтыны in vitro анықталған. Линезолид Р450 цитохромының клиникалық маңызды изоферменттерін (1А2, 2С9, 2С19, 2D6, 2Е1, 3А4) тежемейді және белсенділігін әлеуеттендірмейді.

Метаболизмдік тотығу белсенді емес екі метаболит – гидроксиэтилглицин (адамдағы негізгі метаболит ферментативтік емес үдеріс нәтижесінде түзіледі) және амин-этоксисірке қышқылының (аз мөлшерде түзіледі) түзілуіне алып келеді.

Шығарылуы

Бүйректен тыс клиренс линезолид клиренсінің 65% жуығын құрайды. Линезолид дозасының артуымен дозаға байланыссыз клиренстің аздаған дәрежесі білінеді. Мұны линезолидтің жоғары дозасы кезінде бүйректік және бүйректен тыс клиренс төмендеуімен түсіндіруге болады. Алайда клиренс айырмашылықтары онша емес және T1/2 ықпал етпейді.

Линезолид бүйрек функциясы қалыпты емделушілер мен жеңіл және орташа дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігінде гидроксиэтилглицин (40%), амин-этоксисірке қышқылы (10%) түрінде және өзгеріссіз күйде (30-35%) бүйрекпен шығарылады. Гидроксиэтилглицин (6%) және амин-этоксисірке қышқылы (3%) түрінде ішекпен шығарылады.

Линезолид өзгеріссіз күйде ішекпен мүлде шығарылмайды. Линезолид T1/2 жартылай шығарылу кезеңі, орта есеппен, 5 ± 1 сағат құрайды.

Науқастардың жекелеген топтарындағы фармакокинетикасы

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер

Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр емделушілерге (креатинин клиренсі <30 мл/мин) бір рет 600 мг линезолид қабылдағаннан кейін оның екі негізгі метаболитінің концентрациясы 7-8 есе ұлғайған. Алайда, бастапқы препараттың AUC артуы байқалмаған. Негізгі метаболиттерінің кейбір мөлшерінің гемодиализ кезінде шығарылуына қарамастан, олардың қан плазмасындағы концентрациялары 600 мг линезолид қабылдап, диализ емшарасын жүргізгеннен кейін бүйрек функциясы қалыпты, жеңіл немесе орташа ауырлықтағы бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде қандағы концентрацияларынан едәуір жоғары күйде қалды.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер

Бауыр жеткіліксіздігінің ауырлығы жеңіл және орташа (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А және В класы) емделушілердегі линезолид пен оның екі негізгі метаболиті фармакокинетикасының өзгермейтіні жөнінде шектеулі деректер бар. Бауыр жеткіліксіздігі ауыр (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша С класы) емделушілердегі линезолид фармакокинетикасы зерттелмеген. Алайда, линезолид ферменттік емес жолмен метаболизденетіндіктен, бауыр жеткіліксіздігінде оның метаболизмінің елеулі бұзылуы күтілмейді.

Балалар және жасөспірімдер

Жасөспірімдерде (12-17 жас) 600 мг дозада қабылданған линезолид фармакокинетикасы ересектердегі кинетикасынан ерекшеленбеген. Осылайша, жасөспірімдерге әр 12 сағат сайын 600 мг линезолид тағайындалғанда оның концентрациясы сол доза тағайындалған кездегі ересектердегідей болады.

Егде жастағылар

65 жастағы және одан асқан егде емделушілерде линезолид фармакокинетикасы елеулі өзгермеген.

Әйелдер

Әйелдерде линезолид Vd ерлердегіден біршама төмен; оларда да орташа клиренс дене салмағына есептегенде 20% төмендеген. Әйелдердің қан плазмасындағы линезолид концентрациясы ерлердегіден жоғары, оны бір жағынан дене салмағының айырмашылықтарымен түсіндіруге болады. Алайда, ерлер мен әйелдердегі линезолид T1/2 елеулі ерекшеленбейтіндіктен, әйелдер қанындағы линезолид концентрациясының көтерімді деңгейден жоғары артуын күтуге себеп жоқ, сондықтан дозаны түзету қажет емес.

Фармакодинамикасы

Линезолид – аэробты грамоң бактерияларға, кейбір грамтеріс бактерияларға және анаэробты микроорганизмдерге қатысты in vitro белсенді оксазолидинондарға жататын бактерияға қарсы синтетикалық препарат. Линезолид бактериялардағы ақуыз синтезін селективті тежейді. Бактериялық рибосомалармен байланысу есебінен ол ақуыз синтезі кезіндегі трансляция үдерісінің маңызды компоненті болып табылатын 70S функционалдық бастамалы кешенінің түзілуін болдырмайды.

Cезімталдығы

Препарат in vitro және in vivo белсенді.

Грамоң аэробтар: Enterococcus faecium (ванкомицинге резистентті штаммдарды қоса), Staphylococcus aureus (метициллинге резистентті штаммдарды қоса), Streptococcus agalactiae, Streptococcus pneumoniae (полирезистентті штаммдарды қоса), Streptococcus pyogenes.

Препарат in vitro белсенді.

Грамоң аэробтар: Enterococcus faecalis (ванкомицинге резистентті штаммдарды қоса), Enlerococcus faecium (ванкомицинге сезімтал штаммдар), Staphylococcus epidermidis (метициллинге резистентті штаммдар), Staphylococcus haemolyticus.

Viridans тобының стрептококктары.

Грамтеріс аэробтар: Pasteurella multocida.

Линезолидке резистентті микроорганизмдер: Haemophilus influenzae, Moraxella catarrhalis, Neisseria spp., Enterobacteriaceae spp., Pseudomonas spp.

Резистенттілігі

Линезолидтің әсер ету механизмі басқа класты микробқа қарсы препараттардың (мысалы, аминогликозидтер, бета-лактамдар, фолий қышқылының антагонистері, гликопептидтер, линкозамидтер, хинолондар, рифамициндер, стрептограминдер, тетрациклиндер және хлорамфеникол) әсер ету механизмдерінен ерекшеленеді, сондықтан линезолид пен осы препараттар арасында айқаспалы резистенттілік болмайды. Линезолид осы препараттарға сезімтал да, резистентті де патогенді микроорганизмдерге қатысты белсенді. Линезолидке қатысты резистенттілігі рибосомалық РНҚ 23S көп сатылы мутациясы арқылы баяу дамиды және 1х10-9 - 1х10-11 аз жиілікте жүреді.

Қолданылуы

- ауруханалық пневмонияда

- ауруханадан тыс пневмонияда

Лизолид-600 ересектерде грамоң бактериялар туғызған (егер қоздырғыш белгілі болса немесе күдік тудырса) ауруханадан тыс және ауруханаішілік пневмонияны емдеуге көрсетілген. Лизолид-600 тағайындалғанда микробиологиялық зерттеулер нәтижелері мен грамоң бактериялардың төзімділігі туралы ақпарат назарға алынуы тиіс.

Линезолид грамтеріс микроорганизмдер туғызған жұқпаларға қатысты белсенді емес. Егер грамтеріс патоген белгілі болса немесе күдік тудырса, грамтеріс организмдерге қарсы спецификалық ем бір мезгілде басталуы тиіс.

- терінің және жұмсақ тіндердің асқынған жұқпаларында

Лизолид-600, егер микробиологиялық зерттеуде жұқпаны сезімтал грамоң бактериялардың тудырғаны анықталса, терінің және жұмсақ тіндердің асқынған жұқпаларын емдеуге көрсетілген.

Линезолид грамтеріс микроорганизмдер туғызған жұқпаларға қатысты белсенді емес. Линезолидті жұқпаның қоздырғыштары белгілі болғанда немесе грамтеріс микроорганизмдер жұқпасымен қосылғанда терінің және жұмсақ тіндердің асқынған жұқпалары бар емделушілерге баламалы емдеу нұсқалары болмаған жағдайда тағайындау керек. Осы жағдайларда грамтеріс микроорганизмдерге қарсы ем бір мезгілде басталуы тиіс.

Линезолидпен ем стационар жағдайларында және микробиологпен немесе дәрігер-инфекционистпен кеңесуден кейін жүргізілуі тиіс.

Қолдану тәсілі және дозалары

Препаратты тамақтану кезінде де, ас ішулер арасында да қабылдауға болады.

Емнің басында препарат көктамыр ішіне тағайындалған емделушілерді әріқарай препараттың ішке қабылданатын дәрілік түріне көшіруге болады, бұл орайда дозаны таңдау қажет емес, өйткені линезолид биожетімділігі ішке қабылдағанда 100% дерлік құрайды.

Ем ұзақтығы қоздырғышқа, жұқпаның орналасуы мен ауырлығына, сондай-ақ клиникалық әсеріне байланысты.

Ересектер

Көрсетілімдер

Бір реттік дозасы

Ұсынылатын емдеу ұзақтығы

Ауруханалық пневмония

600 мг әр 12 сағат сайын

10-14 күн

Ауруханадан тыс пневмония

600 мг әр 12 сағат сайын

10-14 күн

Терінің және жұмсақ тіндердің асқынған жұқпалары

600 мг әр 12 сағат сайын

10-14 күн

Балалар

Балалар мен жасөспірімдердегі (<18 жас) линезолидтің қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректер жеткіліксіз. Сондықтан осы жас тобында линезолидті пайдалану ұсынылмайды.

Егде жастағы емделушілер

Дозаны түзету қажет емес.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер

Дозаны түзету қажет емес.

Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр (CLCR <30 мл/мин) емделушілер: Дозаны түзету қажет емес. Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр емделушілерде линезолидтің екі негізгі метаболитінің жоғары экспозициясының (10 есеге дейін) клиникалық мәні белгісіз екеніне байланысты, ондай науқастарда линезолидті емнің күтілетін пайдасы әлеуетті қатерінен асып түсетін жағдайда ғана абайлап қолдану қажет.

3 сағат ішіндегі гемодиализде линезолидтің қабылданған дозасының 30% шығарылуымен байланысты, линезолидті гемодиализ емшарасынан соң қолдану қажет. Линезолидтің бастапқы метаболиттерінің белгілі бір бөлігі гемодиализ кезінде шығарылады, бірақ осы метаболиттердің концентрациясы диализден кейін бүйрек функциясы қалыпты немесе бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл және орташа дәрежелі емделушілердегіден едәуір жоғары күйде қалады.

Сондықтан линезолид гемодиализ алатын бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесіндегі науқастарда және күтілетін пайдасы әлеуетті қатерінен басым болатын жағдайда ғана айрықша сақтықпен пайдаланылу керек.

Үздіксіз амбулаторлық перитонеальді диализ алатын емделушілерде линезолид қолдану тәжірибесі жоқ.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер

Дозаны түзету қажет емес. Алайда, клиникалық деректер санының шектеулі екеніне орай, мұндай емделушілерде линезолид күтілімді пайдасы әлеуетті қатерінен басым болатын жағдайда ғана қолдануға ұсынылады.

Жағымсыз әсерлері

• Өте жиі (≥10 %)

• Жиі (≥1 %, <10 %)

• Жиі емес (≥ 0.1% және <1 %)

• Сирек (≥0.01 және < 0.1 %)

• Өте сирек (< 0.01 %)

Жиі:

- жүрек айну, құсу, диарея

- іштің ауыруы (оқшауланған және жайылған); іш қату, диспепсия

- бас ауыру, бас айналу

- ұйқысыздық

- ауыздың шырышты қабық кандидозы, қынаптық кандидоз, зеңді жұқпалар

- анемия

- артериялық гипертензия

- бауыр ферменттері (аланинаминотрансфераза (АЛТ), аспартатаминотрансфераза (ACT), сілтілік фосфатаза (СФ) белсенділігінің жоғарылауы

- аш қарында қалдық азот, ЛДГ, креатинкиназа, липаза, амилаза, глюкозаның жоғарылауы.

- жалпы ақуыз, альбумин, натрий, кальцийдің төмендеуі; калийдің, бикарбонаттың артуы немесе төмендеуі

- қызба

- нейтрофилия, эозинофилия, гемоглобиннің, гематокриттің және

эритроциттердің төмендеуі

- тромбоцитопения, лейкопения немесе тромбоцитоз және лейкоцитоз

- дәм сезудің бұрмалануы (темір тату)

- тері бөртпесі, қышыну

Жиі емес:

- нейтропения

- вагиниттер

- гипонатриемия

- құрысулар, гипестезиялар, парестезиялар

- көрудің тұмандануы

- құлақтың шыңылдауы

- аритмия, тахикардия

- флебит, тромбофлебит, транзиторлы ишемиялық шабуыл

- панкреатит, гастрит, ауыздың кеберсуі, глоссит, стоматит, тілдің түссізденуі, іштің кебуі, сұйық нәжіс

- жалпы билирубиннің жоғарылауы

- есекжем, дерматит, тершеңдік

- креатининнің көтерілуі, полиурия, бүйрек жеткіліксіздігі

- вульва-қынаптық бұзылулар

- шаршау, шөлдеу

- аш қарында глюкозаның төмендеуі, хлоридтердің артуы немесе көбеюі

- ретикулоциттердің жоғарылауы

Сирек

- антибиотикпен астасқан колит (жалған жарғақшалы колитті қоса)

- панцитопения

- көру өрісінің өзгеруі

- тістердің түс өзгертуі

Жиілігі белгісіз

- миелосупрессия, сидеробластты анемия

- анафилаксия

- лактоацидоз

- серотониндік синдром, шеткергі нейропатия, көру жүйкесінің нейропатиясы, түсті танудың өзгеруі, көру жүйкесінің невриті, көрмей қалу, көру өткірлігінің өзгеруі

- Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз, ангионевротикалық ісіну, алопеция сияқты буллезді бұзылыстар

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық

- МАО А немесе МАО В тежегіштерімен (мысалы, фенелзин, изокарбоксазид, селегилин, моклобемид) бір мезгілде және аталған дәрілік заттарды қабылдауды тоқтатқан соң 2 апта бойы қабылдау

- бақыланбайтын артериялық гипертензия

- феохромоцитома

- тиреотоксикоз

- биполярлы депрессия, шизоаффектілі бұзылыстар, сана шатасуының жедел көріністері

- карциноидты синдром немесе серотонинді кері қармайтын тежегіштермен, үш циклды антидепрессанттармен, 5-НТ1 рецепторларының агонистерімен (триптандар), меперидинмен немесе буспиронмен бір мезгілде қабылдау

- адреномиметиктермен (адренергиялық бронходилататорларды, жалған эфедрин, фенилпропаноламинді қоса) бір мезгілде тамыр тарылтатын препараттарды (эпинефрин, норэпинефрин), дофаминомиметиктерді (мысалы, дофамин, добутамин), петидин немесе буспирон қабылдау

- жүктілік, лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балаларға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Моноаминооксидаза тежегіштері

Линезолид – моноаминооксидазаның қайтымды селективті емес тежегіші. Линезолидпен өзара әрекеттесу клиникалық зерттеулерінің шектеулі деректері бар. Сондықтан линезолидті, егер емделушіні мұқият бақылау және мониторинг өткізу мүмкін болмаса, моноаминооксидаза тежегіштерімен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.

Артериялық қысымның көтерілуіне әкелетін препараттармен өзара әрекеттесу

Линезолидті жалған эфедринмен немесе фенилпропаноламинмен бірге қабылдау, тек линезолид қабылдағанда сын. бағ. 11-15 мм және тек жалған эфедрин немесе фенилпропаноламин қабылдағанда сын. бағ. 14-18 мм және плацебомен қабылдағанда сын. бағ. 8-11 мм жоғарылауымен салыстырғанда, систолалық артериялық қысымның сын. бағ. 30-40 мм көтерілуіне әкеледі. Вазопрессорлық әсері бар дәрілік препараттар, соның ішінде дофаминергиялық препараттар дозасын титрлеу ұсынылады.

Серотонинергиялық заттар

Дені сау еріктілерде линезолидтің декстрометорфанмен дәрілік өзара әрекеттесуі зерттелген. Субъектілер линезолидпен және линезолидсіз декстрометорфан (4 сағаттан соң 20 мг-ден 2 доза) қабылдаған. Серотониндік синдром (сананың шатасуы, сандырақтау, мазасыздық, тремор, қызару, тер бөлінісі, гиперпирексия) линезолид пен декстрометорфан алған еріктілерде байқалмаған.

Постмаркетингтік қолдану тәжірибесі: линезолид пен декстрометорфан қабылдау кезінде екі препаратты да тоқтатудан кейін басылған серотониндік синдромға шалдыққан науқас жөнінде бір хабарлама болды.

Линезолидті серотонинергиялық препараттармен, соның ішінде серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер (СКҚСТ) сияқты антидепрессанттармен қолдану кезінде серотониндік синдром жағдайлары тіркелген.

Тирамині мол өнімдер қабылдау

Линезолид пен кемінде 100 мг мөлшерде тирамин алған науқастарда елеулі прессорлы жауап байқалмаған. Тирамин мөлшері жоғары өнімдер мен сусындар тұтынудан (мысалы: ірімшік, ашытқы сығындылары, дистилляцияланбаған алкогольді ішімдіктер, соя соусы) аулақ болу қажет.

P450 цитохромымен метаболизденетін препараттар

Р450 цитохромы изоферменттерінің линезолид метаболизміне қатыспайтыны in vitro анықталған. Линезолид Р450 цитохромының клиникалық маңызды изоферменттерінің (1А2, 2С9, 2С19, 2D6, 2Е1, 3А4) белсенділігін тежемейді және әлеуеттендірмейді.

Рифампицин

Рифампициннің линезолид фармакокинетикасына әсері 2,5 күн бойы күніне 2 рет 600 мг линезолид және 8 күн бойы күніне 1 рет 600 мг римфампицин алған дені сау 16 ересек ерікті ерлерде зерттелген. Рифампицин линезолидтің Cmax және AUC мәндерін, тиісінше, орта есеппен 21% [90% CI, 15, 27] және 32% [90% CI, 27, 37] кеміткен. Осы өзара әрекеттесу механизмі және оның клиникалық мәні белгісіз.

Варфарин

Стационарлық жағдайларда варфарин мен линезолидті бірге қолданғанда линезолид AUC 5% төмендеуі байқалған. Осы нәтижелердің клиникалық мәнін бағалау үшін деректер саны жеткіліксіз.

Айрықша нұсқаулар

Миелосупрессия

Миелосупрессия (соның ішінде анемия, лейкопения, панцитопения және тромбоцитопения) линезолид алған емделушілерде байқалды. Линезолидпен емдеуді тоқтатқаннан кейін гематологиялық параметрлері ем басталуына дейін болған деңгейлеріне оралды. Осы әсерлердің даму қаупі емдеу ұзақтығына байланысты болуы мүмкін. Линезолид алған егде жастағы емделушілерде қанның патологиялық өзгерістерінің пайда болу қаупі, жасырақ емделушілерге қарағанда, көбірек дәрежеде болуы мүмкін. Тромбоцитопенияны, емделушінің гемодиализде жүргеніне қарамастан, бүйрек жеткіліксіздігі ауыр емделушілерде жиірек байқауға болады. Бұрыннан анемиясы, гранулоцитопениясы немесе тромбоцитопениясы бар; сондай-ақ гемоглобин деңгейін немесе шеткергі қандағы тромбоциттер санын азайтуға немесе олардың функциясын бәсеңдетуге қабілетті препараттарды бір мезгілде алатын; бүйрек жеткіліксіздігі ауыр; 10-14 күннен аса линезолид алатын емделушілерде толық қан талдауын тиянақты бақылап отыру ұсынылады. Мұндай емделушілерде қан талдауына, гемоглобин деңгейіне және тромбоциттер санына мұқият мониторинг өткізілген жағдайда ғана линезолид тағайындауға болады.

Егер линезолидпен ем кезінде елеулі миелосупрессия байқалса, емдеуді жалғастыру аса қажет болатын жағдайларды қоспағанда, ем тоқтатылуы тиіс. Мұндай жағдайларда толық қан талдауының көрсеткіштеріне қарқынды мониторинг және емделушіні жүргізудің тиісті нысаналарын қолдану керек.

Қан талдауының бастапқы көрсеткіштеріне қарамастан, аптасына 1 рет линезолид алатын науқастарда толық қан талдауына (соның ішінде гемоглобин, тромбоциттер, лейкоциттердің жалпы және дифференциялық саны) қосымша мониторинг өткізу ұсынылады.

Линезолидті ұсынылған ең көп 28 күндік кезеңнен ұзақтау алған емделушілерде күрделі анемияның аса жоғары даму жиілігі жөнінде деректер бар. Ондай емделушілер қан құюды қажет етеді.

Постмаркетингтік кезеңде сидеробластты анемия жағдайлары тіркелген. Сидеробластты анемия линезолидті 28 күннен көп алған емделушілердің көпшілігінде байқалған. Көптеген емделушілер линезолид қабылдау тоқтатылған соң толық немесе жартылай қалпына келген.

Катетермен астасқан грамоң қан жұқпалары бар емделушілердегі клиникалық сынақ кезінде өлім көрсеткіштерінің теңгерімсіздігі

Линезолидпен емделетін грамоң қоздырғыштар туғызған катетерлік сепсис жұқпалары бар күрделі науқас емделушілерде, ванкомицин/диклоксациллин/оксациллин біріктірілімімен салыстырғанда, өлімнің жоғарылау деңгейі жөнінде деректер бар. Линезолид пен салыстыру препараттарын қолданғанда өлімді жағдайлар жиілігі, тиісінше, 78/363 (21,5%) және 58/363 (16,0%) құрады. Өлім деңгейіне ықпал ететін негізгі фактор емнің басталуына дейін грамоң жұқпаның бар екені болды. Өлім деңгейі тек грамоң микроорганизмдер (арақатынасы 0,96; сенім аралығы 95%: 0.58-1.59) туғызған жұқпалары бар емделушілердегі өлім деңгейіне ұқсас, бірақ линезолидпен емдеу басталғанша кез келген басқа патогендер немесе патоген еместер (арақатынасы 2,48, сенім аралығы 95%: 1.38-4.46) туғызған жұқпаларға шалдыққан емделушілерде едәуір жоғары (р = 0,0162) болды. Ең үлкен теңгерімсіздік емделу кезінде және линезолид қабылдауды тоқтатқаннан кейін 7 күн ішінде байқалды. Линезолид алған емделушілердің көпшілігінде зерттеу барысында грамтеріс микроорганизмдер туғызған жұқпалар қосылған және грамтеріс патогендер туғызған жұқпалардан және көп микробты жұқпадан өлу байқалған. Осылайша, терінің және жұмсақ тіндердің асқынған жұқпасында линезолидті, егер баламалы емдеу нұсқалары болмаса, грамтеріс микроорганизмдер туғызған белгілі немесе болжамды біріккен жұқпасы бар емделушілерде ғана пайдалану керек. Аталған жағдайларда грамтеріс микроорганизмдерге қарсы емдеу бір мезгілде басталуы тиіс.

Антибиотикпен астасқан диарея және колит

Жалған жарғақшалы колит барлық дерлік бактерияға қарсы препараттарды, соның ішінде линезолидті де қабылдау кезінде байқалады; оның ауырлығы мардымсыздан өмірге қатерлі дәрежеге дейін ауытқуы мүмкін. Сондықтан кез келген бактерияға қарсы препаратты қабылдаудан кейін диареямен қаралған емделушілерде осы диагноздың болуы мүмкін екенін ескеру маңызды. Антибиотикпен астасқан колит күдік тудырған немесе расталған жағдайда линезолид қабылдауды тоқтату ақталған. Тиісті шаралар қабылдау қажет.

Антибиотикпен астасқан диарея және антибиотикпен астасқан колит жағдайлары жөнінде, жалған жарғақшалы колит пен Clostridium difficile-астасқан диареяны қоса, линезолид қамтылатын бактерияға қарсы препараттардың бәрін дерлік пайдаланумен байланысты хабарланады, олардың ауырлық дәрежесі мардымсыз диареядан өлімге ұшырататын колитке дейін ауытқуы мүмкін. Сондықтан бұл диагноздың линезолид қолдану кезінде немесе одан кейін күрделі диареясы байқалатын науқастарда қарастырылуы маңызды. Антибиотикпен астасқан диарея немесе антибиотикпен астасқан колит күдік тудырғанда немесе расталғанда линезолидпен емдеу тоқтатылып, тиісінше шұғыл емдік шаралар қабылдануы тиіс. Осы жағдайда ішек перистальтикасын тежейтін препараттар қарсы көрсетілімді.

Лактоацидоз

Линезолид қолдану кезінде лактоацидоз дамыған жағдайлар жөнінде хабарланған. Линезолид қолданылғанда қайталанатын жүрек айну немесе құсу, іштің ауыруы, қандағы бикарбонаттың төмен деңгейін қоса, метаболизмдік ацидоз белгілері мен симптомдары бар емделушілер шұғыл медициналық жәрдем алуы тиіс. Сүт-қышқылды ацидоз пайда болғанда әлеуетті қауіптерді таразылап, әріқарай линезолид қолдану шешімін қабылдау қажет.

Митохондриялық дисфункция

Линезолид ақуыздың митохондриялық синтезін тежейді. Лактоацидоз, анемия және нейропатия (көру және шеткергі) сияқты жағымсыз әсерлері ақуыз синтезінің тежелісі нәтижесінде пайда болуы мүмкін; бұл әсерлері препаратты 28 күннен көп қолданғанда жиірек байқалады.

Серотониндік синдром

Линезолид пен серотонинергиялық препараттарды, антидепрессанттарды қоса, атап айтқанда, серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштерді (СКҚСТ) бір мезгілде қолданумен байланысты серотониндік синдромның пайда болу жағдайлары жөнінде деректер алынған. Линезолид пен серотонинергиялық препараттар қабылдау клиникалық тұрғыда қажет болатын жағдайларды қоспағанда, линезолид пен серотонинергиялық препараттарды бірге қабылдау қарсы көрсетілімді. Бұл жағдайда емделуші когнитивтік дисфункция, гиперпирексия, гиперрефлексия және қозғалыс үйлесімінің бұзылуы сияқты серотониндік синдром белгілері мен симптомдарын дер мезгілінде анықтау үшін мұқият бақылауда болуы тиіс. Аталған белгілер мен симптомдар пайда болған жағдайда дәрігер осы препараттардың екеуінің біреуін немесе екеуін де қолдануды тоқтату қажеттілігі мәселесін қарастыруы тиіс. Серотонинергиялық препарат тоқтатылғанда аталған симптомдар жоғалуы мүмкін.

Шеткергі немесе көру нейропатиясы

Линезолид қабылдайтын емделушілерде, көбінесе препарат ең көп ұсынылу мерзімі – 28 күннен ұзақтау қолданылғанда шеткергі нейропатия, көру нейропатиясы, көру жүйкесінің невриті, көрмей қалу дамуы мүмкін.

Көру өткірлігінің төмендеуі, түсті ажырату өзгерісі, анық көрмеу, көру аясының ақаулары сияқты симптомдар пайда болған жағдайда шұғыл офтальмологиялық тексеру ұсынылады. Линезолидті 28 күннен көп қабылдағанда көру функциясын ұдайы бақылау керек.

Шеткергі немесе көру нейропатиясы дамыған жағдайда линезолид қолданудың мақсатқа сай болуын және сонымен байланысты әлеуетті қауіпті таразылау керек.

Нейропатия пайда болуының жоғары қаупі туберкулезді емдеуге арналған микобактерияға қарсы дәрілер қабылдайтын немесе таяуда қабылдаған науқастарда байқалады.

Құрысулар

Линезолид қабылдаған науқастарда құрысулардың пайда болу деректері бар. Осы жағдайлардың көпшілігінде емделушілердің сыртартқысында құрысу ұстамаларының немесе құрысуларды дамытатын қауіп факторларының болуы хабарланған. Емделушілер дәрігерді сыртартқыда құрысулар мен құрысу ұстамаларының бар екенінен хабарландыруы тиіс.

Моноаминооксидаза тежегіштері

Линезолид моноаминооксидазаның қайтымды селективті емес тежегіші болып табылады. Клиникалық деректерінің шектеулі екеніне байланысты, линезолидті моноаминооксидаза тежегіштерімен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.

Тирамині мол өнімдер пайдалану

Емделушілер тирамині мол тағам тұтынудан аулақ болу керек.

Асқын жұқпа

Линезолидтің қалыпты ішек микрофлорасына әсер етуінің клиникалық зерттеулері жүргізілмеген.

Антибиотиктер қолдану, мысалы, линезолидтің ұсынылған дозаларын алған шамамен 3% емделушіде сезімтал емес микроорганизмдердің өсуін туғызуы мүмкін, клиникалық зерттеулер кезінде кандидоз байқалған. Линезолидпен емделу кезінде асқын жұқпа дамығанда тиісті шаралар қабылдау қажет.

Бауыр және бүйрек жеткіліксіздігінде қолдану

Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр емделушілерде айрықша сақтану шарасын қадағалау және линезолидті егер болжамды пайдасы әлеуетті қатерінен асып түскен жағдайларда ғана қолдану ұсынылады.

Бауыр функциясының бұзылуы ауыр емделушілерге тек болжамды пайдасы әлеуетті қатерінен асып түсетін жағдайларда линезолид қолдану ұсынылады.

Фертильділікке әсері

Линезолид ересек еркек егеуқұйрықтарда фертильділікті қайтымды төмендетеді және қалыптан тыс шәуһет морфологиясын шамамен адамдағысына тең әсер ету деңгейлерінде индукциялайды. Адамда ерлердің репродуктивтік жүйесіне линезолидтің әсер ету мүмкіндіктері белгісіз.

Клиникалық сынақтары

Диабеттік табан зақымдары, ойылулары, ишемиялық зақымданулары, ауыр күйіктері немесе гангренасы бар емделушілерде линезолид қолдану тәжірибесі шектеулі.

Педиатрияда қолдану

Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолдану ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Емделу кезеңінде орталық жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялардың болуына байланысты, көлікті немесе аса қауіпті механизмдерді басқаруға кеңес берілмейді.

Артық дозалануы

Линезолидтің артық дозалану жағдайлары хабарланбаған.

Симптомдары: кездейсоқ артық дозаланған кезде жағымсыз әсерлері күшеюі мүмкін.

Емі: симптоматикалық ем; шумақтық сүзілісті сақтауға бағытталған шаралар, гемодиализ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған 600 мг таблеткалар.

Ішкі жағында полиэтилен жабыны бар алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықсыз қаптамада 4 таблеткадан.

Әр пішінді ұяшықсыз қаптаманы медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

5 қорапшадан картон қорапқа салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Гленмарк Фармасьютикалз Лтд, ПЛОТ № Е 37,39, МИДС Ареа, Сатпур, Насик – 422007, Махараштра, Үндістан.

Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі

Гленмарк Фармасьютикалз Лтд, Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Гленмарк Фармасьютикалз ЛТД ҚР өкілдігі, 050005, Алматы қ.,

Әл-Фараби даңғылы,7, «Нұрлы тау» бизнес орталығы, 4 А блок, 7 кеңсе.

тел: + 7(727) 311 04 41.

Прикрепленные файлы

664310441477976503_ru.doc 119 кб
959179951477977666_kz.doc 143 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники