Левокарбисан

МНН: Карбидопа, Леводопа
Производитель: Химфарм АО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Леводопа в комбинации с ингибитором декарбоксилазы
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019932
Информация о регистрации в РК: 26.05.2020 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Предельная цена закупа в РК: 55.94 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Левокарбисан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

250 мг/25 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 250.00 мг леводопа және 25.00 мг карбидопа

(26.99 мг карбидопа моногидратына шаққанда)

қосымша заттар: желатинденген крахмал, микрокристалды целлюлоза, кальций стеараты.

Сипаттамасы

Дөңгелек, екі жақ беті дөңес, ақтан ақ дерлік түске дейінгі таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Паркинсонға қарсы препараттар. Допаминэргиялық препараттар. Допа және оның туындылары. Леводопа + Карбидопа.

АТХ коды N04BA02

 

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Леводопа

Ішке қабылдағаннан кейін леводопа асқазан-ішек жолынан тез сіңеді. Жартылай шығарылу кезеңі 1 сағатқа жуық құрайды. Декарбоксилдену арқылы допаминге метаболизденеді, оның бір бөлігі норадреналинге айналады, 30% дейін 3-О-метилдопаға өзгеріп, оның жартылай ыдырау кезеңі 9-дан 22 сағатқа дейін созылады. Леводопаның 80% жуығы, негізінен, гомованилин қышқылы мен дигидроксифенилацетил қышқылы түрінде 24 сағат ішінде несеппен шығарылады. 1%-дан азы өзгермеген күйде шығарылады.

Леводопа гематоэнцефалдық бөгет арқылы тасымалдану үшін басқа бейтарап амин қышқылдарымен бәсекелеседі.

Мидың жолақты денесіне енгенде леводопа допаминге декарбоксилденеді, жиналады және пресинапстық нейрондардан босап шығады.

Леводопа асқазан-ішек жолында және бауырда тез декарбоксилденетіндіктен, өте аз бөлігі өзгеріссіз күйде миға тасымалданады. Шеткергі декарбоксилдену леводопаның емдік тиімділігін төмендетіп, оның көптеген жағымсыз әсерлері үшін жауап береді.

Осы себепті леводопаны, карбидопа сияқты, әдетте шеткергі декарбоксилаза тежегішімен бірге қабылдайды, бұл емдік әсерге жету үшін өте төмен дозаларды тағайындауға мүмкіндік береді.

Карбидопа

Карбидопаның бір реттік дозасын ішке қабылдағаннан кейін ең жоғары концентрацияға жету уақыты 1,5-5 сағат құрайды. Өзгеріссіз дерлік күйде 7 сағат ішінде несеппен бөлінеді. Карбидопа гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтпейді, бірақ плацента арқылы өтеді және емшек сүтімен бөлінеді.

Карбидопаның леводопа метаболизміне ықпалы.

Карбидопа леводопаның допаминге шеткергі декарбоксилденуін тежейді, бірақ ол гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтпейтіндіктен, жүрек айну, құсу, жүрек ырғағының бұзылуы сияқты шеткергі жағымсыз әсерлерді төмендету үшін леводопаның төменірек дозасын тағайындағанда мида допаминнің емдік тиімді деңгейін алуға болады.

Карбидопа қан плазмасындағы леводопа концентрациясын шамамен 5 есе арттырады, плазмада емдік концентрацияларының сақталу уақыты 4-тен 8 сағатқа дейін, жартылай шығарылу кезеңі 3-тен 15 сағатқа дейін.

Қан плазмасында және несепте допамин мен гомованилин қышқылының концентрациясы карбидопаны алдын ала қабылдағанда төмендейді.

Фармакодинамикасы

Паркинсон ауруының симптомдары мидың жолақты денесінде допаминнің сарқылуымен байланысты. Леводопа, допаминнің метаболизмдік ізашары, дофаминергиялық берілісті күшейтеді және оның мида декарбоксилдену арқылы допаминге айналуы есебінен паркинсонизм симптомдарын әлсіретеді.

Ішке енгізуден кейін леводопа тез декарбоксилденіп, мидан тыс тіндерде допаминге айналады және тек өзгермеген леводопаның аздаған мөлшері ғана орталық жүйке жүйесіне жетеді. Осылайша, талапқа сай емдік әсерге жету үшін жиі аралықтармен қабылданатын леводопаның үлкен дозалары қажет болады.

Карбидопа гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтпейді, леводопаның мидан тыс декарбоксилденуін тежейді, бұл миға түсетін леводопа мөлшерін және оның допаминге айналуын арттырады.

Карбидопаның декарбоксилазаны тежеу әсері тек мидан тыс тіндерде жүретіндіктен, карбидопаны леводопамен бірге енгізу соңғысының миға түсуін оңайлатады.

Карбидопа мен леводопаны бірге енгізуден кейін, тек леводопаның осындай дозаларын енгізгенде байқалуымен салыстырғанда, қан плазмасындағы леводопа деңгейі елеулі артады, ал допамин мен гомованилин қышқылының, леводопаның басты екі метаболитінің деңгейлері едәуір төмендейді.

Левокарбисан өте айқын емдік әсер көрсетеді және қан плазмасындағы леводопа концентрациясының, тек бір леводопаны тағайындаумен салыстырғанда, ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз етеді.

Препараттың әсері қабылдау басталған алғашқы тәуліктер ішінде көрініс береді. Ең көбірек әсеріне 7 күн ішінде жетеді.

Қолданылуы

Паркинсон ауруын және паркинсонизм синдромын емдеуде

Қолдану тәсілі және дозалары

Препарат ішке қабылданады.

Левокарбисанның ұтымды тәуліктік дозасы әрбір нақты жағдайда жекеше белгіленеді.

Таблетканың құрамында 1:10 арақатынаста болатын карбидопа мен леводопа бар. Емдеу үдерісінде жекеше таңдалған дозаны және препаратты қабылдау жиілігін түзету қажет болуы мүмкін.

Әдеттегі бастапқы доза

Дозаны дәрігер емделушінің емге реакциясына сәйкес жекеше таңдайды. Препараттың бастапқы дозасы тәулігіне бір немесе екі рет ½ таблетка құрайды. Алайда, мұндай дозалау карбидопаның емделушіге қажет болатын ұтымды мөлшерін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, қажет болған жағдайда, ұтымды әсерге жеткенше күн сайын немесе күнара ½ таблетка қосылады. Әсері алғашқы күні-ақ, ал кейде бірінші дозаны қабылдаудан кейін байқалады.

Ұтымды әсеріне жеті күн ішінде жетеді.

Леводопа қабылдаған емделушілерді емдеу

Левокарбисан қабылдау басталғанша, кем дегенде, 12 сағат бұрын (баяу босап шығатын леводопа препараттарын қолданғанда 24 сағат бұрын) леводопамен емдеуді тоқтату керек. Леводопаның бұрынғы тәуліктік дозасының 20% шамасын қамтамасыз ететін Левокарбисанның тәуліктік дозасын таңдап алу қажет.

1500 мг-ден астам леводопа қабылдаған емделушілердің көпшілігінде бастапқы доза тәулігіне 3 немесе 4 рет Левокарбисанның бір таблеткасын құрайды.

Левокарбисан қолданылғанда, леводопаға қарағанда, емдік те, жағымсыз да әсерлері тезірек туындайтындықтан, дозалануын таңдау кезеңінде емделушілерді мұқият қадағалау қажет. Левокарбисанмен емделгенде, леводопамен салыстырғанда, еріктен тыс қимыл-қозғалыс жылдамырақ пайда болады. Олардың туындауы Левокарбисан дозаларын азайтуды талап етуі мүмкін. Кейбір науқастарда дозасынан асырудың ерте белгісі блефароспазм болуы мүмкін.

Леводопаны декарбоксилазаның басқа тежегішімен алатын емделушілер

Емделушілерді леводопадан Левокарбисанға декарбоксилазаның басқа тежегішімен біріктіріп ауыстырғанда Левокарбисан қабылдаудан, ең кемінде, 12 сағат бұрын дозалауды тоқтату керек. Левокарбисанның басқа леводопа препараттарында, декарбоксилаза тежегіштерінде болатын леводопаның дәл сондай мөлшерін қамтамасыз ететін дозасынан бастау керек.

Басқа да паркинсонға қарсы агенттер алатын емделушілер

Паркинсонға қарсы басқа препараттарды (леводопадан басқа) Левокарбисанмен бірге қабылдауға болады, дозаны өндірушінің нұсқауларына сәйкес түзету қажет.

Демеуші ем

Емдеу жекеше болуы және жүргізілген емнен қалаулы нәтиже алуға болатындай таңдалуы тиіс. Леводопаның мидан тыс декарбоксилденуін ұтымды тежеу мақсатында күніне кемінде 70-100 мг карбидопа қолданылуы тиіс.

Қажет болса, Левокарбисан дозасын, тәулігіне ең жоғары доза – 8 таблеткаға жеткенше күн сайын немесе күнара ½ таблеткаға немесе 1 таблеткаға арттыруға болады. Карбидопаның 200 мг-ден асатын тәуліктік дозасын қолдану тәжірибесі шектеулі.

Ұсынылатын ең жоғары тәуліктік дозасы

Тәулігіне 8 таблетка Левокарбисан (200 мг карбидопа және 2 г леводопа). Бұл емделушінің дене салмағы 70 кг болғанда шамамен 3 мг/кг карбидопа және 30 мг/кг леводопа.

Жағымсыз әсерлері

Жағымсыз әсерлерінің тізбесі көрініс беру жиілігіне сай берілген. Жағдайлар жиілігіне қарай, былайша сипатталады: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100-ден < 1/10 дейін), жиі емес (≥1/1000-нан < 1/100 дейін), сирек (≥1/10000-нан < 1/1000 дейін), өте сирек (<1/10000) және жиілігі белгісіз (қолда бар деректер негізінде жиілігін анықтау мүмкін емес).

Препаратты қолдану кезінде туындайтын жағымсыз әсерлері дофаминнің орталық нейрофармакологиялық әсерімен байланысты. Бұл реакцияларды, әдетте, дозаларды төмендету арқылы азайтуға болады. Ең көп таралған жағымсыз әсерлерінің арасында хорея тәрізді, дистониялық және басқа да еріктен тыс қимыл-қозғалысты, сондай-ақ жүрек айнуды қоса, дискинезия аталады. Дозаны азайту шешімінің қабылдануына негіз бола алатын ерте белгілері бұлшықеттердің тартылуы мен блефароспазм болып табылады.

Өте жиі (>1/10)

- дискинезия (хореяны қоса), дистония

Жиі ( 1/100 және 1/10)

- анорексия

- ұйқының бұзылуы, елестеулер, суицидтік үрдістермен немесе оларсыз депрессия, сананың шатасуы

- брадикиния көріністері («on-off» - синдром), бас айналу/вертиго, парестезия, ұйқышылдық, өте сирек күндізгі сомноленция мен кенеттен ұйықтап кету ұстамаларын қоса

- жүрек қағу

- ортостатикалық әсерлері, артериялық гипотензия ұстамаларын қоса

- диспноэ

- диарея, жүрек айну

- кеуденің ауыруы

Жиі емес ( 1/1000 және 1/100)

- қозу

- естен тану

- есекжем

- бұлшықеттердің құрысуы

Сирек ( 1/10000 және 1/1000)

- агранулоцитоз, лейкопения, анемия (гемолиздік және гемолиздік емес), тромбоцитопения

- ангионевроздық ісіну

- психоздық жай-күй көріністері (сандырақтау мен параноидты ойлауды қоса), либидоның жоғарылауы

- құмар ойындарына патологиялық құштарлану, либидоның жоғарылауы, аса жоғары сексуалдылық, әсіресе, препаратты жоғары дозаларда қолданғанда (бұл көріністер дозаны азайтқанда немесе препаратпен емдеуді тоқтатқанда басылады)

- деменция, құрысулар

- жүрек функциясының бұзылуы

- артериялық гипертензия, флебиттер

- асқазан-ішектен қан кету, он екі елі ішектің ойық жарасының дамуы, сілекейдің қараюы

- терінің қышынуы, Шенлейн-Генох ауруы, алопеция, бөртпе, тер бездері секретінің қараюы

- несептің күңгірттенуі

Жиілігі белгісіз

- қатерлі меланома

- дене салмағының кемуі немесе артуы, ісінулер

- үрей сезімі, бағдардан жаңылу, эйфория, ұйқысыздық, бруксизм

- атаксия, қол дірілінің күшеюі, экстрапирамидалық және қозғалыс бұзылулары, бас ауыру, ойлау белсенділігінің төмендеуі, жасырын Бернар-Горнер синдромының белсенділенуі, ұйып қалу, естен тану, құлау, жүріс-тұрыстың бұзылуы, окулогирлі криздер (көз алмасының сыртқы бұлшықеттерінің түйілуі), қозу күйі, тризм

- блефароспазм, анық көрмеу, қарашықтардың кеңеюі, диплопия

- бет терісіне қан «тебу», гиперемия

- қарлығу, тыныс алудың бұзылуы

- ауыздың кеберсуі, сілекей ағу, дисфагия, іштің ауруы және жайсыздық сезімі, іш қату, метеоризм, диспепсия, тілдің ашытуын сезіну, ауыздың кермек татуы, кекіру, жүрек айну

- қатты терлеу

- бұлшықеттердің тартылуы

- несепті ұстай алмау, несеп шығару кідірісі

- приапизм

- астения, ісіну, қажу, дімкәстану, қатерлі нейролептикалық синдром, әлсіздік

- сілтілік фосфатаза, АСТ, АЛТ, лактатдегидрогеназа белсенділігінің жоғарылауы, плазмадағы билирубин, несеп қышқылы, азот мочевинасы мөлшерінің көбеюі, сарысулық креатинин мөлшерінің көтерілуі, гиперурикемия, оң Кумбс сынамасы, гемоглобин мен гематокриттің төмендеуі, гипергликемия, лейкоцитоз, бактериурия, эритроцитурия.

Құрамында карбидопа мен леводопа бар препараттар, егер кетонурияны анықтауға тест-жолақтар пайдаланылса, несептегі кетонды денелерге жалған оң реакция туғызуы мүмкін. Бұл реакция несеп сынамасын қайнатудан кейін өзгермейді. Глюкозурияны анықтауға глюкозооксидазалық әдіс пайдаланылғанда жалған теріс нәтижелер алуға болады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препараттың белсенді затына немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық

- моноаминооксидазаның (МАО) селективтік емес тежегіштерін бір мезгілде қабылдау

- жабық бұрышты глаукома

- меланома немесе сыртартқыда меланоманың болуы

- шығу тегі белгісіз тері аурулары

- бауырдың және бүйректің ауыр жеткіліксіздігі

- ауыр психоздар

- жүктілік, лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Левокарбисан мен келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақтық шарасын қадағалау керек:

Гипертензияға қарсы препараттар

Гипотензиялық дәрілер алатын емделушілерде Левокарбисан қосу ортостатикалық гипотензияны тудыруы мүмкін. Сондықтан Левокарбисанмен емдеудің басында гипотензиялық препарат дозасын түзету қажет.

Антидепрессанттар

МАО тежегіштерін қабылдау Левокарбисанмен емдеуді бастаудан 2 апта бұрын тоқтатылуы тиіс. Леводопаны МАО тежегіштерімен (МАО-В селективті тежегішін қоспағанда) бір мезгілде қолданғанда қан айналымы бұзылуы мүмкін. Бұл леводопаның әсерінен допамин мен норадреналиннің жиналуымен байланысты, олардың белсенділігінің жойылуын МАО тежегіштері кідіртеді. Соның нәтижесінде қозу, артериялық қысым көтерілуі, тахикардия, бет қызаруы, бас айналуының даму ықтималдығы жоғары.

Үш циклды антидепрессанттар мен Левокарбисан бірігіп қолданылған жағдайларда артериялық қысымның көтерілуі мен дискинезия жөнінде жекелеген хабарламалар болды.

Темір препараттары

Карбидопаның және/немесе леводопаның биожетімділігі темір сульфатын немесе темір глюконатын бір мезгілде қолданғанда төмендейді.

Басқа да дәрілік заттар

Допамин D2-рецепторларының антагонистері (мысалы, фенотиазиндер, бутирофенондар, рисперидон), сондай-ақ изониазид леводопаның емдік әсерін төмендетуі мүмкін.

Паркинсон ауруында фенитоин мен папаверин қабылдау нәтижесінде болатын леводопаның оң емдік әсерлер бөгелісі жөнінде деректер бар. Осы дәрілерді Левокарбисан препаратымен бір мезгілде қабылдайтын емделушілерді емдік әсердің төмендеуін дер мезгілінде анықтау үшін мұқият бақылау қажет болады.

Левокарбисан тубокураринмен, селегилинмен бір мезгілде қолданылғанда артериялық гипотензияның туындау қаупі жоғарылайды.

Леводопа кейбір амин қышқылдарымен бәсекелесетіндіктен, оның сіңірілуі ақуызы жоғары емдәмде жүрген кейбір емделушілерде бұзылуы мүмкін.

Карбидопа шеткергі тіндерде леводопаның допаминге метаболизденуін жеделдететін пиридоксин гидрохлоридінің (В6 витамині) әсерін кедергілейді.

Айрықша нұсқаулар

Левокарбисан жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелерінің ауыр сипаттағы аурулары, бронх демікпесі, бүйрек, бауыр және эндокриндік жүйе аурулары бар немесе сыртартқысында асқазан мен он екі елі ішектің ойық жаралы ауруы бар емделушілерге сақтықпен (асқазан-ішек жолының жоғарғы бөлімінде қан кету мүмкін екендіктен) тағайындалу керек. Левокарбисанмен ұзақ емделу кезінде бауыр, қан түзу, жүрек-қантамыр жүйелері мен бүйрек функцияларын мезгіл-мезгіл бақылау ұсынылады.

Левокарбисан миокард инфарктісін бастан өткерген және жүрекшелік, түйіндік немесе қарыншалық аритмиялары бар емделушілерге тағайындалғанда алдын ала мұқият тексеруден өткізу ұсынылады. Мұндай емделушілерде, әсіресе, препаратты бастапқы қабылдау кезінде және дозаны таңдау кезеңінде жүрек қызметін бақылау қажет.

Ашық бұрышты глаукомасы бар емделушілерге сақтықпен және препаратты емделу кезінде көзішілік қысымды тұрақты бақылау шартымен тағайындау керек.

Левокарбисан дәрілік препараттар туындататын экстрапирамидалық бұзылыстарды жоюға ұсынылмайды.

Бұрын леводопа қабылдаған емделушілерде дискинезияны байқауға болады, өйткені карбидопа леводопаның елеулі мөлшерінің миға жетуіне мүмкіндік береді, осылайша, допаминнің көп мөлшері түзіледі.

Дискинезия білінгенде препарат дозасын азайту қажет болуы мүмкін.

Левокарбисан еріктен тыс қимыл-қозғалыс пен психикалық бұзылыстарды туындатуы мүмкін. Бұл реакциялар мида допамин мөлшерінің көбеюінен болады деп жорамалданады. Бұл құбылыстар дозаны азайтуды талап етуі мүмкін.

Левокарбисан қабылдайтын барлық емделушілер, суицидтік үрдістермен депрессиялық жағдайдың даму мүмкіндігіне байланысты, дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Психоздар байқалған емделушілерге емді сақтық қырынан таңдау талап етіледі. Психотроптық дәрілік заттар мен Левокарбисан препаратын бір мезгілде тағайындағанда алдын ала сақтану шараларын қадағалау керек («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Паркинсонға қарсы препараттарды күрт тоқтатқанда бұлшықеттің сіресуі, дене температурасының көтерілуі, психикалық бұзылулар және сарысулық креатинфосфокиназа концентрациясының жоғарылауы қамтылатын қатерлі нейролептикалық синдромды еске түсіретін симптомдар кешені сипатталды. Сондықтан Левокарбисан дозасын күрт төмендету немесе оны тоқтату кезеңінде, әсіресе, егер емделуші нейролептиктер алса, емделушілерді мұқият тексеруден өткізу қажет.

Егер жалпы анестезия қажет болса, Левокарбисан препаратын емделушіге сұйықтықтар мен дәрілер ішуге рұқсат берілетін кезге дейін қабылдауға болады. Егер ем уақытша тоқтатылса, емделуші препаратты ішу арқылы қабылдайтын жағдайға жеткен бойда, Левокарбисан қабылдауды әдеттегі дозада жаңғыртуға болады.

Импульстік бақылаудың бұзылуы

Левокарбисан препаратымен емделу кезінде емделушілер ой-ниеттерін бақылау бұзылыстарының дамуы тұрғысынан жүйелі бақылануы тиіс. Емделушілерді және олардың қамқоршыларын дофамин агонистерін және/немесе құрамында леводопа бар препараттар, соның ішінде Левокарбисан қолданылатын басқа дофаминергиялық ем алған емделушілерде тіркелген импульстік бақылаудың болжамды бұзылу симптомдары (мысалы, ойынқұмарлық, аса жоғары сексуалдылық, либидоның жоғарылауы, компульсивтік шығындар немесе сатып алу, ішімдік тұтыну/артық тамақтану) туралы ақпарат беру қажет. Ондай симптомдар дамығанда емдеуді түзету ұсынылады.

Паркинсон ауруын допамин агонистерімен емдегенде патологиялық ойынқұмарлық, сексуалдылықтың жоғарылауы және либидоның артуы байқалды.

Меланома

Паркинсон ауруы бар емделушілерде меланоманың даму қаупі жалпы қауымдағыдан өте жоғары (шамамен 2-6 есе жоғары) болады.

Жоғары қауіптің Паркинсон ауруымен немесе осы ауруды емдеуге қолданылатын дәрілік препараттар сияқты басқа да факторлармен байланысты болуы белгісіз.

Жоғарыда аталған себептер бойынша, емделушілер мен дәрігерлерге Левокарбисан препаратымен емделу кезінде меланоманың біліну мүмкіндігін мұқият және жүйелі бақылау ұсынылады. Кәсіби білікті мамандар (дерматологтар) теріні мезгіл-мезгіл қарап тексеру қажет.

Фенотиазиндер немесе бутирофенондар сияқты психобелсенді препараттарды бір мезгілде қолдану сақтықпен жүргізілуі тиіс және емделуші паркинсонға қарсы емдік әсердің төмендеуін мұқият қадағалап отыруы тиіс.

Сыртартқысында құрысулар болған емделушілерге препарат сақтықпен тағайындалу керек.

Леводопаны қабылдағанда ұйқышылдық және ұйықтап кету жағдайлары сияқты жағымсыз құбылыстар білінген. Күнделікті қызмет атқару кезінде кенеттен, кейбір жағдайларда санадан тыс немесе сақтандыру белгілерінсіз ұйқыға шому туралы хабарламалар аса сирек түскен. Емделушілерді бұл жөнінде хабарландырып, леводопамен емделу кезінде көлік құралын басқаруға немесе аса қауіпті механизмдерді пайдалануға кеңес бермеу қажет.

Зертханалық тексеру жүргізілгенде Левокарбисан қабылдау кезінде қандағы мочевина азоты, креатинин мен несеп қышқылының деңгейлері леводопаны тағайындау кезіндегіден төмен. Өткінші бұзылуларға қандағы мочевина, бауыр трансаминазалары, ЛДГ, билирубин және сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы жатады.

Препарат несептің ацетонға жалған оң нәтиже беруіне әкелуі мүмкін.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Зейін шоғырландыруды талап ететін қызметпен айналысу және көлік құралдарын басқару ұсынылмайды.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз әсерлер айқындылығы күшейеді («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз).

Емі: Левокарбисанның жедел артық дозалануын емдеу, негізінен, леводопаның жедел артық дозалануын емдеумен бірдей. Алайда, пиридоксин Левокарбисанмен артық дозалану кезінде тиімсіз. Болуы мүмкін аритмияларды анықтау мақсатында мұқият бақылау мен ЭКГ-мониторингті қамтамасыз ету, қажет болса, аритмияға қарсы талапқа сай ем тағайындау ұсынылады. Левокарбисан препаратымен қатар, емделушінің басқа да дәрілік заттарды қабылдау мүмкіндігін ескеру керек.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден немесе импортты және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салынған.

Пішінді 10 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдерінде бекітілген нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Қорапшалар тұтынушы ыдысына арналған немесе гофрланған картон қораптарға салынады.

Медициналық қолдану жөніндегі бекітілген нұсқаулық ақпаратын қорапшаға түсіруге болады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°C-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы

Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81

Тіркеу куәлігінің иесі

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы

 

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Химфарм» АҚ, Шымкент қ., Қазақстан Республикасы,

Рашидов к-сі, 81

Телефон нөмірі 7252 (561342)

Факс нөмірі 7252 (561342)

Электронды поштасы: infomed@santo.kz

 

 

 

Прикрепленные файлы

984160581477976338_ru.doc 101 кб
104270691477977599_kz.doc 157.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники