Левитра®
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Левитра®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Варденафил
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған 10 мг және 20 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат – 11,852 мг немесе 23,705 мг варденафил гидрохлоридінің тригидраты (10 мг және 20 мг варденафилге баламалы),
қосымша заттар: кросповидон, магний стеараты, микрокристалды целлюлоза, сусыз коллоидты кремний қостотығы,
қабық құрамы: макрогол 400, гипромеллоза, титанның қостотығы (Е171), темірдің сары тотығы (Е172), темірдің қызыл тотығы (Е172)
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, диаметрі 7 мм жуық, бір жағында «10» өрнегі бар (10 мг доза үшін) немесе диаметрі 8 мм жуық бір жағында «20» өрнегі бар (20 мг доза үшін) және екінші жағында фирмалық байер кресті бар ашық-қызғылт сарыдан сұр-қызғылт сары түске дейін үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Урологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар. Эрекцияның бұзылуын емдеуге арналған препараттар. Варденафил
АТХ коды G04BE09
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі және биожетімділігі
Ішке қабылдаудан кейін варденафил тез сіңеді. Аш қарынға қабылдағанда ерте шектік ең жоғары концентрациясына (Cmax) 15 минуттан соң, алайда 90% жағдайда, орта есеппен, 60 минут өткенде (30-дан 120 минутқа дейін) жетуге болады. Абсолютті биожетімділігі, орта есеппен, 15% құрайды. Концентрация-уақыт арақатынасы қисығы астындағы аудан (AUC) мен Cmax ішке қабылдаудан кейін ұсынылған диапазондағы (5-20 мг) варденафил дозасының (5-20 мг) шамасына пропорционал дерлік артады.
Варденафил құрамында май мөлшері (57%) мол тағаммен бір мезгілде қабылданғанда сіңу жылдамдығы ең жоғары концентрацияға жету уақытының (Тmax) 60 минутқа дейін ұзаруымен азаяды, ал Cmax AUC өзгеруінсіз, орта есеппен, 20% төмендейді. Май мөлшері 30% тамақпен қабылдағанда, препаратты аш қарынға қабылдаумен салыстырғанда, варденафилдің сіңу жылдамдығы мен дәрежесі (Cmax, Тmax, AUC) өзгермейді.
Таралуы
Варденафилдің орташа таралу көлемі фармакокинетикалық параметрлері тұрақты күйде болғанда, орта есеппен, 208 л құрап, оның тіндерде таралғанын айғақтайды. Варденафил және оның негізгі айналымдық метаболиті (М1) қан плазмасы ақуыздарымен жақсы байланысады (варденафил немесе М1 үшін шамамен 95%), бұл орайда варденафил үшін де, М1 үшін де ақуыздармен байланысу препараттың жалпы концентрациясына байланысты емес.
Қабылдаудан кейін 90 минут өткенде дені сау ерлердің шәуһетіндегі варденафил мөлшерін өлшеу нәтижелеріне қарай, қабылданған дозаның көп дегенде 0,00012% бөлігін пациенттер шәуһетінен табуға болатыны анықталған.
Метаболизмі
Варденафил көбінесе CYP3A4, сондай-ақ CYP3А5 цитохромы жүйесінің қатысуымен бауыр ферменттерімен және CYP2C изоформаларымен метаболизденеді.
Адамдардағы варденафилдің дезэтилдену жолымен түзілетін негізгі айналымдық метаболиті (М1) плазмадан 4 сағатқа жуық құрайтын жартылай шығарылу кезеңімен әріқарай метаболизмге ұшырайды. Глюкуронид түріндегі М1 метаболитінің бір бөлігі жүйелі айналымда болады. Фосфодиэстеразаға қатысты М1 селективтілік бейіні варденафилдің осындайына ұқсас; in vitro ФДЭ-5 бәсеңдету қабілеті, варденафилмен салыстырғанда, шамамен 28% құрайды, бұл препараттың 7% тиімділігіне сәйкес келеді.
Шығарылуы
Варденафилдің жалпы клиренсі 56 л/сағат, соңғы T1/2 4-5 сағатқа жуық құрайды. Ішке қабылдаудан кейін варденафил метаболиттер түрінде көбіне нәжіспен (қабылданған дозаның 91-95%) және аз дәрежеде бүйрекпен (қабылданған дозаның 2-6%) шығарылады.
Пациенттердің ерекше топтары
Егде жастағы пациенттер
Дені сау егде (>65 жас) ерікті ерлерде, дені сау жас еріктілермен (18-45 жас) салыстырғанда, варденафилдің бауырлық клиренсі төмендеген. Варденафил қабылдайтын егде жастағы ерлерде, жастау ерлерге қарағанда, орта есеппен AUC 52% көбірек және Cmax 34% көбірек.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек функциясының болымсыз және орташа бұзылуы (креатинин клиренсі, КК: 30-80 мл/мин) бар еріктілердегі варденафилдің фармакокинетикалық көрсеткіштері бүйрек функциясы қалыпты бақылау тобы тұлғаларының көрсеткіштерімен салыстырмалы.
Бүйрек функциясының ауыр бұзылуында (КК < 30 мл/мин), бүйрек жеткіліксіздігі жоқ еріктілермен салыстырғанда, орташа AUC 21% артады, ал Cmax 23% төмендейді. Варденафил экспозициясы (AUC және Cmax) мен креатинин клиренсі арасында статистикалық нақты өзара байланыс болмайды. Гемодиализде жүрген пациенттерде варденафил фармакокинетикасы зерттелмеген.
Бауыр функциясының бұзылуы
Бауыр функциясының болымсыз және орташа бұзылуы (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А және В кластары) бар пациенттерде варденафил клиренсі бауыр функциясының бұзылу дәрежесіне пропорционал төмендейді. Бауыр жеткіліксіздігінің жеңіл дәрежесінде (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А класы), бақылау тобының дені сау тұлғаларымен салыстырғанда, AUC және Cmax, тиісінше, 17% және 22%, ал орташа дәрежесінде (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша В класы), тиісінше, 160% және 133% артуы білінеді.
Бауыр функциясының бұзылуы ауыр (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша С класы) пациенттерде варденафил фармакокинетикасы зерттелмеген.
Фармакодинамикасы
Варденафил эректильді дисфункциясы бар ерлерде эректильді функцияны жақсарту үшін ішке қолданылады. Табиғи жағдайларда, яғни сексуалдық стимуляцияда варденафил бұзылған эректильді функцияны жыныс мүшесіне қанның ағып келуін арттыру арқылы қалыпқа келтіреді.
Жыныс мүшесінің эрекциясы гемодинамикалық үдеріс түрінде болады. Сексуалдық стимуляция кезінде жыныстық стимуляция кезінде үңгірлі денелердің жүйке ұштарынан гуанилатциклаза ферментін белсенділендіретін азот тотығының (NO) бөлінуі жүреді, бұл айналымдағы гуанозинмонофосфаттың (цГМФ) үңгірлі денелердегі мөлшерінің артуына алып келеді. Өз кезегінде, бұл тегіс бұлшықеттердің босаңсуына алып келіп, жыныс мүшесіне қанның көп ағып келуіне ықпал етеді. цГМФ мөлшері оның гуанилатциклаза қатысатын синтезінің жылдамдығына және оның фосфодиэстеразалармен (ФДЭ) цГМФ гидролизденуі жолымен деградация жылдамдығына байланысты.
Варденафил адамның үңгірлі денелері үшін маңызы аса зор цГМФ – 5-ші типті спецификалық фосфодиэстеразаның (ФДЭ-5) қуатты іріктелген тежегіші болып табылады.
Варденафил ФДЭ-5 тежей отырып, үңгірлі денелерде эндогенді азот тотығының (NO) әсерін едәуір күшейтеді. Сексуалдық стимуляцияға жауап ретінде азот тотығының (NO) бөлінуі кезінде ФДЭ-5 тежелісі жүреді, бұл үңгірлі денелердегі цГМФ мөлшерінің көбеюіне алып келеді. Демек, варденафилдің жағымды емдік әсер көрсетуі үшін сексуалдық стимуляция қажет.
Іn vitro зерттеулері варденафилдің, басқа белгілі фосфодиэстеразаларға қарағанда, ФДЭ-5-ке күштірек ықпал ететінін көрсетеді (ФДЭ 6-дан >15 есе, ФДЭ 1-ден >130 есе, ФДЭ 11-ден >300 есе және ФДЭ-2, -3, -4, -7, -8, -9 және -10-нан >1000 есе күштірек).
Жыныс мүшесінің плетизмография зерттеуінде 20 мг дозадағы варденафил жыныс мүшесін қынапқа енгізуге жеткілікті (Rigiscan деректері бойынша сіресу 60%) және кейбір ерлерде қабылдаудан кейін 15 минуттан соң-ақ дамитын эрекцияның пайда болуына әкелді.
Бұл ерлерде қабылдаудан кейін 25 минуттан соң варденафилге берілетін жалпы жауап, плацебомен салыстырғанда, статистикалық тұрғыда нақты болды.
Варденафил көпшілік жағдайларда клиникалық әсермен қатар жүрмейтін артериялық қысымның жеңіл және уақытша төмендеуін көрсетеді. Шалқадан жатқан күйдегі систолалық артериялық қысым төмендеуінің орташа жоғары шегі, плацебомен салыстырғанда, қабылдаудан кейін 20 мг варденафилде 6.9 мм. сын. бағ., 40 мг варденафилде 4.3 мм. сын. бағ. құрайды. Осы әсер ФДЭ-5 тежегіштерінің вазодилатациялық ықпал етуі аясында болады, бұл тамырлардың тегіс бұлшықеттері жасушаларында цГМФ мөлшерінің көбею салдарынан болуы мүмкін. Варденафилді 40 мг дейінгі дозада бір рет немесе көп рет қабылдау дені сау ерікті ерлерде клиникалық мәнді ЭКГ өзгерістерін туындатады.
Салыстырмалы жасырын, айқаспалы, рандомизацияланған зерттеуде дені сау 59 ерде бір рет қабылданатын варденафил (10 мг және 80 мг), силденафил (50 мг және 400 мг) және плацебоның QT аралығына әсері салыстырылды. Моксифлоксацин (400 мг) ішкі белсенді салыстыру препараты ретінде пайдаланылды. QT аралығына әсері препарат қабылдаудан кейін (варденафил үшін орташа tmax) бір сағаттан соң өлшенді. Аталған зерттеудің негізгі мақсаты қабылдаудан кейін 1 сағаттан соң Фридериция формуласы (QTcF=QT/RR1/3) бойынша бастапқы деңгейінен түзетілуімен өлшенген плацебомен салыстырғанда, ішке бір рет қабылданған 80 мг варденафилдің QT аралығын 10 мсек көбірек ұзартуға ықпалын жоққа шығаруын көздеді. Нәтижелер, қабылдаудан кейін 1 сағаттан соң, плацебомен салыстырғанда, 10 мг және 80 мг үшін QTс аралығының (Фридериция бойынша), тиісінше, 8 мсек (90% СА: 6-9) және 10 мсек (90% СА: 8-11) ұзаратынын, сондай-ақ, плацебомен салыстырғанда, 10 мг және 80 мг үшін QTci аралығының 4 мсек (90% СА: 3-6) және 6 мсек (90% СА: 4-7) ұзаратынын көрсетті. 80 мг дозадағы варденафилге тән QTcF орташа өзгеруі ғана tmax тұсында зерттеуде белгіленген шектік мәндерге (орта есеппен, 10 мсек, 90% СА: 8-11) тура келмеген. Жекеше түзету формулалары пайдаланылғанда көрсеткіштердің бір де бірі шектен шықпаған. |
Дені сау 44 ерікті қамтылған жекелеген постмаркетингтік зерттеуде 10 мг варденафил немесе 50 мг силденафил QT аралығына салыстырмалы ықпалы бар препарат – 400 мг гатифлоксацинмен бір мезгілде қолданылды. Фридериция формуласы бойынша есептегенде, бөлек алынған әр препаратпен салыстырғанда, варденафил де, силденафил де QTс аралығын 4 мсек (варденафил) және 5 мсек (силденафил) ұзартады. QT аралығының осы өзгерістерінің нақтылы клиникалық мәні белгісіз.
Клиникалық зерттеулер туралы қосымша ақпарат
Клиникалық зерттеулерде варденафил 18-ден 89 жасқа дейінгі эректильді дисфункциясы (ЭД) бар 17000-нан аса ерлерде қолданылды, олардың көпшілігінде көптеген қатарлас патологиялық жағдайлар болды. 2500-ден аса пациент 6 ай және одан көп уақыт варденафилмен ем алды. Олардың ішінде 900 пациент бір жыл және одан көп уақыт бойы ем алған. Пациенттер мынадай топтарға бөлінді: егде жастағылар (22%), артериялық гипертензиямен (35%), қант диабетімен (29%), ишемиялық жүрек ауруымен және басқа да жүрек-қантамыр ауруларымен (7%), созылмалы өкпе ауруларымен (5%), гиперлипидемиямен (22%), депрессиямен (5%), радикальді простатэктомиямен (9%). Пациенттердің келесі топтары клиникалық сынақтарда жеткіліксіз сыналды: егде жастағылар (>75 жыл, 2,4%) және кейбір жүрек-тамыр ауруларына шалдыққан пациенттер («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз). Клиникалық зерттеулер операция жасалған немесе жамбас ағзаларының жарақаттарын алған (жүйкені сақтаушы простатэктомиядан басқа), сәулелі ем алатын, сексуалдық құштарлығы төмендеген немесе жыныс мүшесі анатомиялық деформацияланған ОЖЖ аурулары (жұлын-ми жарақаттарын қоспағанда), ауыр бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде жүргізілмеген.
Негізгі зерттеулерде варденафилмен (үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар) емдеу, плацебомен салыстырғанда, эректильді функцияның жақсаруына алып келді. Пациенттердің шағын санында варденафил қабылдаудан кейін 4-5 сағаттан соң жыныстық қатынасқа түсуге талпынғанда сәтті пенетрация және, плацебомен салыстырғанда, эрекцияның едәуір көп сақталуы аталды.
Эректильді дисфункциясы бар ерлер қауымының кең ауқымында 3 айға созылған бекітілген доза (үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар) қолданылған зерттеуде, плацебодағы 49%-бен салыстырғанда, 68% (5 мг), 76% (10 мг) және 80% (20 мг) сәтті пенетрация (SEP 2) аталды. Эректильді дисфункциясы бар ерлер қауымының кең ауқымында, плацебодағы 29%-бен салыстырғанда, 53% (5 мг), 63% (10 мг) және 65% (20 мг) бөлігінде эрекцияның сақталу қабілеті (SEP 3) білінді. Негізгі тиімділік зерттеулерінің жинақталған деректеріне сай, варденафил қабылдау аясында сәтті пенетрация болған пациенттердің үлесі психогенді эректильді дисфункцияда 77-87%, аралас эректильді дисфункцияда 69-83%, органикалық эректильді дисфункцияда 64-75%, егде жастағы пациенттерде 52-75%, ишемиялық жүрек ауруында 70-73%, гиперлипидемияда 62-73%, созылмалы өкпе ауруларында 74-78%, депрессияда 59-69% немесе гипертензияға қарсы препараттарды бір мезгілде қабылдағанда 62-73% құрады.
Клиникалық зерттеулерде қант диабетімен пациенттерде 10 мг және 20 мг дозадағы варденафил, плацебомен салыстырғанда, эректильді функцияны, сәтті жыныстық қатынас үшін жеткілікті ұзақ эрекцияға жету және оның сақталу қабілетін және жыныс мүшесінің серпінділігін едәуір жақсартты. Үш айлық емін аяқтаған пациенттерде эрекцияға жету және оның сақталу мүмкіндігіне жауап беру жиілігі, плацебо тобындағы 36% және 23%-бен салыстырғанда, 10 мг варденафил үшін 61% және 49% және 20 мг үшін 64% және 54% құрады.
Клиникалық зерттеулерде простатэктомия жасалған пациенттерде 10 мг және 20 мг дозадағы варденафил, плацебомен салыстырғанда, эректильді функцияны, сәтті жыныстық қатынас жасауға жеткілікті ұзақ эрекцияға жету және оның сақталу қабілетін және жыныс мүшесінің серпінділігін едәуір жақсартты. Үш айлық емін аяқтаған пациенттерде эрекцияға жету және оның сақталу мүмкіндігіне жауап беру жиілігі, плацебо тобындағы 22% және 10%-бен салыстырғанда, 10 мг варденафил үшін 47% және 37% және 20 мг үшін 48% және 34% құрады.
Дозалау режимі ыңғайлы клиникалық зерттеулерде жұлын жарақаттарынан кейінгі пациенттерде варденафил, плацебомен салыстырғанда, эректильді функцияны, сәтті жыныстық қатынас жасауға жеткілікті ұзақ эрекцияға жету және оның сақталу қабілетін және жыныс мүшесінің серпінділігін едәуір жақсартты. Қалыпты эректильді функция плацебодағы пациенттердің 9%-мен салыстырғанда, варденафил қабылдау аясындағы пациенттердің 53%-да қалыпқа келді (IIEF бойынша > 26 балл) . Үш айлық емін аяқтаған пациенттерде эрекцияға жету және оның сақталу қабілетіне ықпал ету жиілігі, плацебодағы 41% және 22%-бен салыстырғанда, варденафил үшін 76% және 59% құрады: айырмашылығы клиникалық және статистикалық тұрғыда мәнді болды (р<0,001).
Ұзақ мерзімді зерттеулер нәтижелері бойынша, Левитраның қауіпсіздік және тиімділік бейіндері бұрынғы деңгейде қалды.
Педиатрияда қолдану
Еуропалық дәрілік заттар агенттігі балалардың барлық топтарында эректильді дисфункцияны емдеуді зерттеу нәтижелерін ұсыну міндеттемесін тоқтатты («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).
Қолданылуы
- Ересек ерлердегі эректилді дисфункцияны емдеу.
Эректилді дисфункция – бұл жыныстық қатынас жасауға қажетті эрекцияға жетуге және оны сақтауға қабілетсіздік. Левитра® препаратының тиімділігін қамтамасыз ету үшін сексуалдық стимуляция қажет.
Қолдану тәсілі және дозалары
Ересек ерлерде қолдану
Препарат ас ішуге байланыссыз ішке қабылданады. Әсерінің басталуы май мөлшері жоғары тамақ қабылдағанда кешеуілдеуі мүмкін. Ұсынылатын дозасы сексуалдық қатынасқа дейін шамамен 25-60 минут бұрын Левитра® препаратының 10 мг бір таблеткасын құрайды.
Емдеу тиімділігі мен көтерімділігіне қарай, дозаны тәулігіне Левитра® препаратының 20 мг бір таблеткасына дейін арттыруға немесе тәулігіне 5 мг дейін төмендетуге (Левитра® препаратының 5 мг бір таблеткасы) болады. Ең жоғары ұсынылатын доза тәулігіне 1 рет 20 мг құрайды. Препаратты қабылдаудың ең жоғары жиілігі – тәулігіне 1 рет.
Пациенттердің ерекше қауымдары
Егде (65 жастан асқан) пациенттер
Осы жас тобында препарат дозасын түзету қажет емес.
Алайда, жекеше көтерімділігіне қарай, дозаны ең жоғары рұқсат етілетін 20 мг дейін арттыру қажеттілігін мұқият бағалау қажет.
Бауыр жеткіліксіздігі
Бауыр функциясының бұзылуы болымсыз (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А класы) және бауыр функциясының бұзылуы орташа (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша В класы) пациенттерде тәулігіне 5 мг бастапқы дозасын қарастыру керек. Әріқарай, емдеу тиімділігі мен көтерімділігіне қарай, дозаны арттыруға болады. Бауыр функциясының бұзылуы орташа (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша В класы) пациенттерде ең жоғары ұсынылатын дозасы 10 мг құрайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек функциясының бұзылуы болымсыз немесе орташа пациенттерде дозалау режимін өзгерту қажет емес. Бүйрек функциясының бұзылуы ауыр (КК <30 мл/мин) пациенттерде 5 мг бастапқы дозасын қарастыру керек. Ем тиімділігі мен көтерімділігіне қарай, дозаны 10 мг және 20 мг дейін арттыруға болады.
Педиатрияда қолдану
Левитраны® балалар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдерде қолдану көрсетілмеген.
Балаларда Левитра® пайдалану үшін негізделген көрсетілімдер жоқ.
Басқа препараттар қабылдайтын пациенттерде қолдану
CYP 3А4 тежегіштерімен біріктіріп қолдану
Варденафил дозасы, оны эритромицин немесе кларитромицин сияқты CYP3А4 тежегіштерімен біріктіріп қолданғанда 5 мг-ден аспауы тиіс («Айрықша нұсқаулар» және «Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).
Жағымсыз әсерлері
Үлбірлі қабықпен қапталған Левитра® таблеткаларын немесе ауыз қуысында еритін Левитра® таблеткаларын қабылдау аясында байқалған жағымсыз реакциялар жалпы өткінші болды және әлсіз немесе орташа сипатта болды. ≥10% жиілікте байқалған бас ауыру сияқты жағымсыз реакция туралы ең көп жиі хабарланған.
Жағымсыз реакциялар Регламенттеуші қызмет терминдерінің медициналық сөздігі (MedDRA) олардың жиілігінің кему тәртібінде аталады: «өте жиі (≥1/10)», «жиі (≥1/100-ден <1/10 дейін)», «жиі емес (≥1/1 000-нан <1/100 дейін)», «сирек (≥1/10 000-нан <1/1 000 дейін)» және «белгісіз» (қолда бар деректер негізінде есептеуге болмайды).
Бір жиілік аясындағы жағымсыз реакциялар ауырлығының кему тәртібінде берілген.
Келесі жағымсыз реакциялар туралы хабарланған:
Өте жиі (≥1/10)
- бас ауыру
Жиі (≥1/100-ден 1/10 дейін)
- бас айналу
- тері гиперемиясы
- мұрынның бітелуі
- диспепсия
Жиі емес (≥1/1,000-нан 1/100 дейін)
- аллергиялық ісіну және ангионевроздық ісіну
- ұйқының бұзылуы
- ұйқышылдық, парестезиялар және дизестезиялар
- көрудің бұзылуы, көздің қызаруы, түсті ажыратудың бұзылуы, көздің ауыруы және жайсыздануы, көздің қарығуы
- құлақтың шуылдауы, бас айналу
- жүрек қағу, тахикардия
- ентігу, синустардағы бітеліс
- гастроэзофагеальді рефлюкс, гастрит, асқазан және іш аумағының ауыруы, ауыздың кеберсуі, диарея, құсу, жүрек айну, трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы
- эритема, бөртпе
- арқаның ауыруы, креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы, бұлшықеттердің ауыруы, бұлшықеттердің жоғары тонусы және бұлшықеттердің құрысуы
- эрекцияның ұзаруы
- дімкәстану
Сирек (≥1/10,000-нан <1/1000 дейін)
- конъюктивит
- аллергиялық реакциялар
- мазасыздық, естен тану, құрысулар, амнезия
- көзішілік қысымның көтерілуі, көз жасының көп ағуы
- миокард инфарктісі, қарыншалық тахиаритмиялар, стенокардия, артериялық гипотензия, артериялық гипертензия
- мұрыннан қан кету
- гамма-глутамилтрансфераза деңгейінің жоғарылауы
- фотосезімталдық реакциялары
- приапизм
- кеуде қуысының ауыруы
Жиілігі белгісіз
(жиілігін қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес)
- көру жүйкесінің артерииттік емес алдыңғы ишемиялық нейропатиясы, көру өткірлігінің бұзылуы
- кенеттен естімей қалу
- гематурия
- жыныс мүшесіне қан құйылу, гемоспермия
Клиникалық зерттеулерде және 5-ші типті фосфодиэстераза тежегіштерін, соның ішінде варденафилді постмаркетингтік қолданудың өздігінен келіп түскен деректерінде жыныс мүшесіне қан құйылудың, гемоспермия мен гематурияның дамуы жөнінде деректер алынған.
Үлбірлі қабықпен қапталған Левитра® таблеткаларын қабылдағанда егде (65 жастағы және одан асқан) пациенттерде, жасырақ (65 жастан кіші) пациенттерге қарағанда, бас ауырудың (11,8%-бен салыстырғанда, 16,2%) және бас айналудың (0,7%-бен салыстырғанда 3,7%) жиілігі үлкен білінді. Жалпы, сыртартқысында артериялық гипертензия аталатын пациенттерде жағымсыз реакциялар (атап айтқанда, бас айналу) жиілігінің біршама жоғары екені көрсетілген.
Осы кластың басқа препараттары бойынша постмаркетингтік деректер
Тамырлардың бұзылуы
Осы кластың басқа препараттарымен уақытша байланыстағы цереброваскулярлық қан кетулер, күрт кардиальді өлім, транзиторлы ишемиялық шабуыл, тұрақсыз стенокардия және қарыншалық аритмияны қоса, күрделі жүрек-қантамырлық реакциялардың дамуы хабарланған.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың кез келген компонентіне аса жоғары сезімталдық;
- нитраттармен немесе кез келген түрдегі азот тотығының донаторлары болып табылатын препараттармен (амилнитрит сияқты) бір мезгілде қолдану,
- оcы көріністің 5-ші типті фосфодиэстераза тежегіштерінің алдын ала әсерімен байланысты-байланыссыз екеніне қарамастан, көру жүйкесінің артериитті емес алдыңғы ишемиялық нейропатиясының салдарынан бір көзі көрмей қалған пациенттер;
- эректильді дисфункцияны емдеуге арналған дәрілік препараттарды, әдетте, сексуалдық белсенділік мақсатына сай келмейтін ерлерде қолдануға болмайды (мысалы, тұрақсыз стенокардия немесе ауыр жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр жүрек-қантамыр аурулары [Нью-Йорк кардиологиялық қауымдастығының жіктемесі бойынша III немесе IV класы] бар пациенттер);
- Левитра® препаратының қауіпсіздігі зерттелмеген, әзірге тиісті деректер алынғанша, мынадай жай-күйлері бар пациенттерде оны қолдану қарсы көрсетілімді:
- бауыр функциясының ауыр бұзылуы (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша С класы),
- диализ талап етілетін терминалдық сатыдағы бүйрек жеткіліксіздігі,
- артериялық гипотензия (артериялық қысым <90/50 мм. сын. бағ.),
- таяуда бастан өткерген инсульт немесе миокард инфарктісі (соңғы 6 ай ішінде),
- тұрақсыз стенокардия, сондай-ақ тұқым қуалайтын торқабықтың дегенеративті аурулары, мысалы, пигменттік ретинит;
- 75 жастан асқан пациенттерде кетоконазол және итраконазол (ішке қабылданатын) сияқты CYP3A4 қуатты тежегіштерімен бір мезгілде қолдану;
- CYP3А4 өте күшті тежегіштері болып табылатын индинавир немесе ритонавир сияқты АИТВ протеазалары тежегіштерімен бір мезгілде қолдану;
- риоцигуат сияқты гуанилатциклаза стимуляторларымен варденафилді коса ФДЭ-5 тежегіштерін бір мезгілде қолдану («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз);
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Басқа препараттардың варденафилге ықпалы
Іn vitro зерттеулері
Варденафил көбінесе Р450 (CYP) цитохромы жүйесінің бауыр ферменттерінің, атап айтқанда, 3А4 изотүрінің қатысуымен, сондай-ақ CYP3А5 және CYP2С изотүрлерінің біраз қатысуымен метаболизденеді. Демек, осы ферменттердің тежегіштері варденафил клиренсін төмендете алады.
Іn vivo зерттеулері
АИТВ протеазалары тежегіші индинавир – CYP3A4 қуатты тежегішін (тәулігіне 3 рет 800 мг) және үлбірлі қабықпен қапталған 10 мг доза Левитра® таблеткаларын біріктіріп қолданғанда варденафил AUC 16 есе ұлғаюы мен Cmax 7 есе артуы білінеді. Қабылдаудан кейін 24 сағаттан соң плазмадағы варденафил концентрациясы оның Cmax мәнінің 4% шамасына дейін күрт төмендейді.
Ритонавир (тәулігіне екі рет 600 мг) 5 мг дозадағы Левитрамен® бір мезгілде қабылдағанда варденафил Cmax 13 есе және оның жиынтық тәуліктік AUC көрсеткішін 49 есе арттырады. Өзара әрекеттесуі ритонавирдің, CYP3A4 және CYP2C9 күшті тежегіші бола отырып, варденафилдің бауыр метаболизмін бөгеуімен жүзеге асады. Ритонавир варденафил T1/2 25,7 сағатқа дейін едәуір ұзартады («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).
CYP 3A4 қуатты тежегіші – кетоконазол (200 мг) 5 мг дозадағы Левитрамен® бір мезгілде қолданғанда варденафил AUC 10 есе ұлғаюы және Cmax 4 есе (300%) артуын туындатады («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).
Арнайы өзара әрекеттесу зерттеулері жүргізілмесе де, итраконазол сияқты басқа да CYP3A4 қуатты тежегіштерімен бір мезгілде қолданғанда, кетоконазол қабылдау аясындағы жоғарылауымен салыстырғанда, қан плазмасындағы варденафил концентрациясының ұлғаюымен күтуге болады. Левитраны® ішке қабылданатын кетоконазол мен итраконазол сияқты CYP3A4 қуатты тежегіштерімен бір мезгілде тағайындамау керек («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).
Кетоконазол және итраконазол (ішке қабылданатын) сияқты CYP3A4 қуатты тежегіштерін бір мезгілде қолдану 75 жастан асқан пациенттерде қарсы көрсетілімді.
CYP 3A4 тежегіші эритромицин (тәулігіне үш рет 500 мг) 5 мг дозадағы Левитрамен® бір мезгілде қолданғанда варденафил AUC 4 есе (300%) ұлғаюын және Cmax 3 есе артуын туындатады. Арнайы өзара әрекеттесу зерттеулері жүргізілмесе де, кларитромицинмен бірге қолданғанда варденафил AUC және Cmax мәніне осылай ықпал етуін күтуге болады.
Эритромицин немесе кларитромицин сияқты CYP 3A4 орташа тежегіштерімен пайдаланғанда дозаны түзету қажет болуы мүмкін («Қолдану тәсілі және дозалары» және «Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).
Р450 цитохромының спецификалық емес тежегіші циметидин (тәулігіне 2 рет 400 мг) дені сау еріктілерде 20 мг дозадағы Левитрамен® бір мезгілде қолданғанда варденафил AUC және Cmax мәндеріне ықпалын тигізбейді.
Грейпфрут шырыны, қабырғалық ішек метаболизмінің CYP 3A4 әлсіз тежегіші бола отырып, қан плазмасындағы варденафил деңгейін біршама арттыра алады («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).
Левитра® фармакокинетикасы оны 20 мг дозада Н2-рецепторларының антагонисі – ранитидин (тәулігіне екі рет 150 мг), дигоксин, варфарин, глибенкламидпен, алкогольмен (қандағы алкогольдің орташа ең жоғары деңгейі 73 мг/дл) немесе антацидтің (магний гидрохлориді/алюминий гидроксиді) бір реттік дозаларымен біріктіріп қолданғанда өзгермеген.
Арнайы өзара әрекеттесу зерттеулері жүргізілмесе де, қауымдық фармакокинетикалық талдауда ацетилсалицил қышқылы, ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері, бета-блокаторлар, CYP3A4 әлсіз тежегіштері, диуретиктер және диабетке қарсы препараттардың (сульфонилмочевина және метформин) варденафил фармакокинетикасына ықпал етпейтіні айғақталады.
Левитраның® басқа препараттарға ықпалы
Варденафил және теофиллин мен дипиридамол сияқты спецификалық емес фосфодиэстераза тежегіштерінің өзара әрекеттесу деректері жоқ.
Іn vivo зерттеулері
Дені сау жас 18 ерікті ерлерде 10 мг дозадағы варденафил нитроглицерин (тіл астына 0,4 мг дозада) қабылдаудан 1-24 сағат бұрын қабылданғанда оның гипотензиялық әсерінің күшеюін туындатпайды.
Нитроглицерин қабылдаудан 1-4 сағат бұрын қабылдағанда 20 мг дозадағы варденафил (тіл астына 0,4 мг) орта жастағы дені сау тұлғаларда оның гипотензиялық әсерін күшейтеді. Егер варденафил 20 мг дозада нитроглицерин қабылдаудан 24 сағат бұрын тағайындалса, соңғысының гипотензиялық әсерінің күшеюі болмайды. Алайда, варденафилдің нитраттардың гипотензиялық әсерін күшейтуі мүмкін екендігі туралы ақпарат жоқ, осыған орай, аталған біріктірілім қарсы көрсетілімді.
Никорандил калий өзекшелерін ашатын препараттың және нитраттың гибриді болып табылады. Никорандил құрамында нитраттың болуы оның варденафилмен күрделі өзара әрекеттесу ықтималдығын кепілдейді.
Монотерапия α-блокаторлармен жүргізілгенде артериялық қысымның айқын төмендеуін, әсіресе, постуральді гипотензия мен естен тануды тудыруы мүмкін екендіктен, олардың варденафилмен өзара әрекеттесу мәселесі зерттелді.
Дені сау нормотензиялық еріктілерде жүргізілген өзара әрекеттесуінің екі зерттеуінде варденафил қабылдаудан кейін сыналғандардың басым санында тамсулозин немесе теразозин α-блокаторлардың жоғары дозаларына дейін бір мезгілде жеделдете арттырылғанда артериялық, кейбір жағдайларда симптоматикалық гипотензияның дамуы хабарланған.
Теразозин алатын тұлғалар арасында гипотензияның (тік тұрған күйдегі систолалық артериялық қысым 85 мм. сын.бағ. төмен) дамуы Левитра® мен теразозин бір мезгілде тағайындалғанда, егер препараттар қабылдау уақытындағы 6 сағат айырмашылықпен бөлек қабылданған жағдайға қарағанда, жиірек орын алды.
Альфузозин, тамсулозин немесе теразозиннің тұрақты дозаларын алатын қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы бар пациенттерде варденафилдің өзара әрекеттесуін зерттеу нәтижелерінің негізінде мынадай деректер алынды:
- Тамсулозинмен тұрақты ем аясында үлбірлі қабықпен қапталған 5, 10 немесе 20 мг дозалардағы Левитра® таблеткаларын қабылдағанда, 21 пациенттің 3-де тік тұрған күйде өткінші сипатта болатын <85 мм сын. бағ. систолалық қысым білінсе де, артериялық қысымның симптоматикалық төмендеуі байқалмаған.
- үлбірлі қабықпен қапталған 5 мг доза Левитра® таблеткалары мен 5 немесе 10 мг дозалардағы теразозин бір мезгілде тағайындалғанда 21 пациенттің 1-де симптоматикалық постуральді гипотензия байқалды. Үлбірлі қабықпен қапталған 5 мг дозадағы Левитра® таблеткалары мен теразозин 6 сағат аралықпен қабылданғанда артериялық гипотензия байқалмаған.
- Альфузозинмен тұрақты ем аясында 5 немесе 10 мг дозалардағы үлбірлі қабықпен қапталған Левитра® таблеткаларын қабылдағанда, плацебомен салыстырғанда, артериялық қысымның симптоматикалық төмендеуі байқалмаған.
Демек, Левитра® препараты мен α-блокаторларды біріктіріп қолдану α-блокаторлар қабылдау аясындағы тұрақты артериялық қысым кезінде атқарылу керек, бұл орайда Левитра® препаратын ең төмен ұсынылған 5 мг дозада тағайындау керек. Левитраны® тамсулозинмен немесе альфузозинмен бірге кез келген уақытта қабылдауға болады. Варденафил мен басқа α-адреноблокаторларды қабылдау арасындағы уақыт аралығын қадағалау керек.
CYP2C9 ферментінің көмегімен метаболизденетін варфарин (25 мг) немесе дигоксин (0,375 мг) және үлбірлі қабықпен қапталған 20 мг дозадағы Левитра® таблеткаларын бір мезгілде қолдану олардың елеулі өзара әрекеттесуімен қатар жүрмейді.
Үлбірлі қабықпен қапталған 20 мг дозадағы Левитра® таблеткалары олар бірге қолданылғанда глибенкламидтің (3,5 мг) салыстырмалы биожетімділігіне ықпалын тигізбейді.
Гипертензияға шалдыққан пациенттерде 20 мг дозадағы варденафил 30 немесе 60 мг дозадағы нифедипинмен бірге тағайындалған арнайы зерттеуде жүректің жиырылу жиілігінің (ЖЖЖ) минутына 4 рет соғуының қатарлас артуымен, тиісінше, жатқан қалыптағы систолалық және диастолалық артериялық қысымның (АҚ) 6 мм сын. бағ. және 5 мм сын. бағ. қосымша төмендеуі байқалмаған.
Үлбірлі қабықпен қапталған 20 мг Левитра® таблеткалары мен алкоголь (қандағы алкогольдің орташа ең жоғары деңгейі 73 мг/дл) бірге қолданылғанда варденафил алкогольдің ЖЖЖ мен артериялық қысымға әсерін күшейтпеген, бұл орайда варденафил фармакокинетикасы өзгермеген.
Левитра® 10 мг ацетилсалицил қышқылымен біріктірілгенде (81 мг 2 таблетка) қан кету ұзақтығының артуын күшейтпейді.
Риоцигуат
Клиникаға дейінгі зерттеулер ФДЭ-5 тежегіштерін риоцигуатпен бір мезгілде қолданған жағдайдағы артериялық қысымның төмендеуіне аддитивті әсер көрсетті. Клиникалық зерттеулерде риоцигуат ФДЭ-5 тежегіштерінің гипотензиялық әсерінің өсуін көрсетті. Зерттелген популяцияда осы біріктірілімді қолдануда жағымды клиникалық әсер байқалған жок. ФДЭ-5 тежегіштерін варденафилді қоса риоцигуатпен бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілген («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).
Айрықша нұсқаулар
Дәрілік ем мәселесін шешпес бұрын эректильді дисфункцияны диагностикалау үшін медициналық сыртартқы жинау және дене бойын қарап тексеру, сондай-ақ оның туындауының болжамды себептерін анықтау қажет.
Эректилді дисфункцияны емдеу үшін қолданылатын кез келген препаратты тағайындауға дейін дәрігер пациентте жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайын бағалауы тиіс, өйткені жыныстық белсенділік кезінде жүрек тарапынан болатын асқынулардың даму қаупі бар. Левитраның® тамырларды кеңейтетін қасиеттері бар, ол жеңіл және ұзаққа созылмайтын АҚ төмендеуімен қатар жүруі мүмкін. Сол жақ қарыншадан шығу жолының обструкциясы, мысалы, қолқа стенозы, идиопатиялық гипертрофиялық субаортальді стенозы бар пациенттер 5 типті фосфодиэстераза тежегіштерін қамтитын вазодилататорлар әсеріне сезімтал болуы мүмкін.
Эректильді дисфункцияны емдеуге арналған препараттар жыныс мүшесінің анатомиялық деформациясы (қисаю, кавернозды фиброз немесе Пейрони ауруы) бар пациенттерде, сондай-ақ приапизмнің дамуына бейім аурулары (орақ тәріздес-жасушалы анемия, көптеген миелома немесе лейкемия) бар пациенттерде абайлап қолданылуы тиіс.
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар Левитра® препаратын ауыз қуысында еритін таблеткалар Левитра® ОДТ препаратымен және эректильді дисфункцияны емдеуге арналған басқа препараттармен бірге қолдану ұсынылмайды, өйткені оларды бірге қолдану кезіндегі Левитраның® қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген
Егде (65 жастағы және одан асқан) пациенттерде ең жоғары 20 мг дозасының көтерімділігі төмен болуы мүмкін.
Біріктірілген α-блокаторлармен қолдану
Варденафил мен α-блокаторлардың вазодилатациялау әсерін ескерсек, оларды бір мезгілде қолдану кейбір пациенттерде клиникалық көріністері бар гипотензияның дамуына әкелуі мүмкін.
Левитра® мен α-блокаторларды біріктіріп тағайындауға α-блокаторлар қабылдау аясындағы тұрақты артериялық қысым кезінде ғана рұқсат етіледі, бұл орайда үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар – 5 мг Левитра® препаратының ең төмен ұсынылатын дозасын тағайындау керек.
Левитраны® тамсулозинмен немесе альфузозинмен бірге кез келген уақытта қабылдауға болады. Басқа α-адреноблокаторлармен біріктіріп қолданғанда варденафил қабылдаумен уақыт аралығын ескеру керек («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).
Варденафилдің оңтайлы дозаларын қабылдап жүрген пациенттерде α-блокаторлармен емдеуді ең төмен дозада бастау керек. Левитра® алатын пациенттерге α-блокаторлар дозаларын біртіндеп арттыру артериялық қысымның одан әрі төмендеуіне әкелуі мүмкін.
CYP3А4 тежегіштерімен біріктіріп қолдану
Левитраны® итраконазол мен кетоконазол (ішке қабылданатын) сияқты CYP3А4 қуатты тежегіштерімен бір мезгілде қолданбау керек, өйткені бұл препараттарды біріктіру қан плазмасында варденафилдің өте жоғары концентрациясына жеткізеді («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).
Р450 (CYP) 3A4 цитохромы жүйесінің орташа тежегіштерін (мысалы, эритромицин, кларитромицин, ритонавир және индинавир) қабылдайтын пациенттерде Левитра® дозаларын тиісінше таңдау қажет болуы мүмкін («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).
Грейпфруттар мен грейпфрут шырынын бір мезгілде қабылдамау керек, өйткені осы орайда қан плазмасында варденафил концентрациясының жоғарылауын күтуге болады.
QT аралығына ықпалы
Бір рет 10 мг және 80 мг варденафил қабылдау, тиісінше, QTс аралығының орта есеппен 8 мсек және 10 мсек ұзаруына алып келеді. Бір рет 10 мг варденафилді QT аралығына салыстырмалы ықпал ететін белсенді зат –
400 мг дозадағы гатифлоксацинмен бірге қабылдау, осы препараттардың әрқайсысын бөлек қабылдау кезінде алынған осындаймен салыстырғанда, 4 мсек QT аралығына аддитивті әсер етуіне әкеледі.
Аталған өзгерістердің клиникалық мәні белгісіз, оларды барлық пациенттер үшін және барлық жағдайларда жинақтауға болмайды, өйткені кез келген пациентте кез келген уақытта болуы мүмкін жекеше қауіп және бейімділік факторларына тәуелділік болады. Гипокалиемия, QT аралығының туа біткен ұзаруы, аритмияға қарсы ІА класс (хинидин, прокаинамид сияқты) немесе III класс (мысалы, амиодарон, соталол) препараттарын бір мезгілде тағайындау сияқты елеулі қауіп факторлары бар пациенттерде, варденафилді қоса, QTс аралығын ұзарта алатын дәрілік препараттарды тағайындамау керек.
Көруге әсері
5 типті фосфодиэстераза тежегіштерін, соның ішінде Левитра® қабылдау аясында көрудің нашарлауы және артериитті емес ишемиялық оптикалық нейропатия жағдайлары хабарланған. Көз кенеттен нашарлап кеткенде Левитра® қабылдауды тоқтатып, емдеуші дәрігермен шұғыл кеңесу қажет («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз).
Қан кетуге ықпалы
Адам тромбоциттерімен жүргізілген in vivo зерттеулері варденафилдің өзіндік антиагрегантты әсерінің жоқ екенін, алайда оның жоғары концентрацияларының (емдік дозасынан аса жоғары дозада) натрий нитропруссиді азот тотығы донаторының антиагрегантты әсерін күшейтетінін көрсетеді. Варденафил адамдарда қан кету ұзақтығына ықпал етпейді, сондай-ақ ацетилсалицил қышқылымен біріктіріп қолданғанда осы көрсеткішке ықпал етпейді. Қан ұюының бұзылуы және ойық жараның өршуі бар пациенттерде варденафил қолдану қауіпсіздігі зерттелмегендіктен, пайда-қауіп арақатынасын мұқият бағалаудан кейін ғана оны мұндай жағдайларда тағайындауға болады.
Педиатрияда қолдану (балалар және жасөспірімдер)
Левитраны® балалар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдерде қолдану көрсетілмеген.
Жүктілікте және лактация кезеңінде қолдану
Левитра® препараты әйелдерде қолдануға көрсетілмеген. Жүкті әйелдерде варденафил зерттеулері жүргізілмеген.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Автокөлікті басқару және механизмдерді пайдалану қабілетіне ықпал етуіне зерттеулер жүргізілмеген.
Препарат қабылдау кезінде бас айналу және көрудің нашарлау жағдайлары хабарланғандықтан, пациенттер көлікті және қозғалмалы механизмдерді басқару алдында өздерінде Левитраға® реакция болуы мүмкін екенін білу керек.
Препараттың қауіпсіздігі туралы клиникаға дейінгі деректер
Фармакологиялық қауіпсіздігінің, қайта енгізу кезінде уыттанудың, ұрпақ өрбіту жүйесіне қатысты геноуыттылығы, канцерогенділігі және уыттылығының стандартты зерттеулері барысында алынған клиникаға дейінгі деректер адам үшін спецификалық қауіп болатынын көрсетпейді.
Артық дозалануы
Дені сау еріктілердегі зерттеулерде тәулігіне 80 мг қамтитын және оған дейінгі дозаларда үлбірлі қабықпен қапталған Левитра® таблеткаларын бір рет қабылдау күрделі жағымсыз реакцияларға әкелмеген. Ұсынылуынан жоғарырақ дозаларда (тәулігіне екі рет үлбірлі қабықпен қапталған 40 мг дозадағы Левитра® таблеткалары) және үлкен жиілікте қолданғанда бұлшықет және жүйке жүйелеріне уытты әсер ету белгілерінсіз белдегі айқын ауырулар байқалған.
Артық дозалану кезінде, қажет болса, стандартты демеуші шаралар қолданылу керек. Гемодиализ препараттың шығарылуын күшейтпейді, өйткені варденафил плазма ақуыздарымен жоғары дәрежеде байланысады және несеппен мардымсыз шығарылады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Левитра ® 10 мг
Полипропилен үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 4 таблеткадан.
Пішінді ұяшықты 1 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салады.
Левитра ® 20 мг
Полипропилен үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 1 немесе 4 таблеткадан.
Пішінді ұяшықты 1 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салады.
Сақтау шарттары
Құрғақ жерде, +30°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Байер Фарма АГ, Германия
D-51368 Леверкузен, Германия
Тіркеу куәлігінің иесі
Байер Фарма АГ, Берлин, Германия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Байер КАЗ» ЖШС, Тимирязев к-сі, 42, «Экспо-Сити» бизнес орталығы, 15 пав.
050057 Алматы, Қазақстан Республикасы
тел. +7 727 258 80 40, факс: +7 727 258 80 39, e-mail: kz.claims@bayer.com
Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік зат қауіпсіздігінің
тіркеуден кейінгі қадағалануына жауапты ұйымның атауы,
мекенжайы және байланыс деректері.
«Байер КАЗ» ЖШС
Тимирязев к-сі, 42, «Экспо-Сити» бизнес орталығы,15 пав.
050057 Алматы, Қазақстан Республикасы
тел.: +7 701 715 78 46 (тәулік бойына)
тел.:+7 727 258 80 40, ішкі 106 (жұмыс сағаттарында)
факс: +7 727 2588 039
e-mail: pv.centralasia@bayer.com