Ламивудин/Зидовудин Тева
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Ламивудин/Зидовудин Тева
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 150 мг/300 мг
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 150 мг ламивудин, 300 мг зидовудин,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, крахмал гликолаты,
натрий стеарилфумараты,
қабық құрамы: Opadry ақ YS-1-7003 (гипромеллоза, макрогол,
полисорбат 80).
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, екі жағында сызығы, бір жағында «L» және «Z»
және екінші жағында «150» және «300» өрнегі бар ақ түсті үлбірлі
қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі әсер ететін вирусқа қарсы препараттар. АИВ жұқпасын емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттар, біріктірілімдер. Ламивудин және зидовудин.
АТХ коды J05АR01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі
Ламивудин мен зидовудин асқазан-ішек жолынан (АІЖ) жақсы сіңеді. Ересектерде ішке қабылдағаннан кейін биожетімділігі ламивудинде 80-85%, зидовудинде 60-70% құрайды.
Ламивудин мен зидовудинді ішке қабылдағаннан кейін ең жоғары концентрациялары, тиісінше, 0,75 (0,50-2,00) сағаттан және 0,50 (0,25-2,00) сағаттан соң анықталды және, тиісінше, 1,5 (1,3-1,8) мг/мл және 1,8 (1,5-2,2) мг/мл құрады.
Ламивудин мен зидовудиннің сіңірілу жылдамдығы мардымсыз төмендесе де, препараттың жартылай шығарылу кезеңі және AUC көрсеткіші ас ішуге қарай өзгермеген. Осылайша, препаратты ас ішумен бірге де, аш қарынға да қабылдауға болады.
Суда немесе жартылай сұйық тағамда ерітілген таблетканың фармакокинетикасы, ол толық еріген және дереу қабылданған жағдайда, бүтін қабылданған таблетканың фармакокинетикасынан ерекшеленбейді.
Таралуы
Зидовудин мен ламивудиннің таралу көлемі, тиісінше, 1,3 және 1,6 л/кг құрайды. Ламивудин емдік дозалардан жоғары дозаларда тағайындалғанда дозаға байланысты фармакокинетикасын және плазмалық альбуминдердің көпшілігімен шектеулі байланысын (36%-дан аз) көрсетеді. Зидовудиннің плазма ақуыздарымен байланысы 34%-38% құрайды. Орташа жартылай шығарылу кезеңі, орташа жалпы клиренсі 1,1 сағат, 27,1 мл/мин/кг. Ламивудин мен зидовудин орталық жүйке жүйесіне және жұлын сұйықтығына өтеді. Ішу арқылы қабылдағаннан кейін 2-4 сағаттан соң ликвордағы және қан сарысуындағы ламивудин мен зидовудин концентрацияларының арасындағы қатынастар, тиісінше, орта есеппен 0,12 және 0,5 құрайды.
Метаболизмі
Ламивудин организмнен көбінесе бүйрекпен өзгеріссіз күйде шығарылады. Ламивудинмен өзара әрекеттесу ықтималдығы, бауыр метаболизмінің төмен деңгейіне (5-10%) және плазма ақуыздарымен болымсыз байланысуына орай, мейлінше төмен.
Зидовудиннің 5'-глюкуронид метаболиті плазма мен несептен қабылданған дозаның 50-80% мөлшерінде табылады және бүйрек экскрециясы арқылы шығарылады.
Шығарылуы
Ламивудиннің жартылай шығарылу кезеңі 5-7 сағат құрайды. Ламивудиннің жүйелі клиренсі катиондық тасымал жүйесі арқылы көбінесе бүйректік клиренспен (70%-дан астам) шамамен 0.32 л/сағ./кг құрайды.
Зидовудиннің бүйректік клиренсі гломерулярлық сүзіліс және белсенді тубулярлы секреция арқылы жүретін 0.34 л/сағ./кг құрайды.
Егде жастағылар
Ламивудин мен зидовудин фармакокинетикасы 65 жастан асқан емделушілерде зерттелмеген.
Балалар
Зидовудиннің 5-6 айлық балалардағы фармакокинетикалық бейіні ересектердегі бейінімен ұқсас. Биожетімділігі 60-74 % құрайды. Сssmax 120 мг/m2 доза үшін 4,45 микроМ (1,19 мкг/мл) және 180 mg/m2 доза үшін 7.7 микроМ (2.06 мкг/мл). Балаларда тәулігіне 4 рет 180 мг/м2 қабылдаған кездегі 40,0 hr микроМ немесе 10,7 hr мкг/мл AUC ересектер тәулігіне 6 рет 200 мг қабылдаған кездегі AUC көрсеткішіне сәйкес келеді.
АИВ жұқтырған 2-ден 13 жасқа дейінгі балаларда қан плазмасындағы зидовудин фармакокинетикасын зерттеу емдеу үшін ең ұтымды дозаның тәулігіне үш рет 120 мг/м2 және тәулігіне екі рет 180 мг/м2 құрайтынын көрсетеді. Осылай дозаланғанда қан плазмасындағы AUC және Cmax екі рет тағайындалуында үш рет қабылдануына сәйкес келеді.
Педиатриядағы ламивудин фармакокинетикасы ересектердің фармакокинетикасына ұқсас. Алайда, абсолютті биожетімділігі (шамамен 55-65%) 12 жасқа толмаған балаларда төмендеген. Жасы кіші балалардағы жүйелі клиренсі үлкендеу балалардағыдан жоғары және өсе келе 12 жасқа қарай ересектердің мәндеріне жақын төмендейді. Осы айырмашылықтардың негізінде 3 айдан 12 жасқа дейінгі және салмағы 6-дан 40 кг дейінгі балаларға ұсынылатын ламивудин дозасы күніне 8 мг/кг құрайды. Осы тағайындауында AUC 0-12 3,800-ден 5,300 ннг сағ./мл дейін құрайды.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек жеткіліксіздігі ламивудиннің шығарылу деңгейінің төмендеуіне әкеледі, бұл креатинин клиренсі 50 мл/минуттан аз емделушілерде препарат дозасын азайтуды талап етеді. Плазмадағы зидовудин концентрациялары үдемелі бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде ұлғаяды.
Бауыр жеткіліксіздігі
Бауыр циррозы бар емделушілерден алынған шектеулі деректерде бауыр глюкуронизация үдерісінің төмендеуімен байланысты бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде зидовудиннің жинақталуы мүмкін екені болжанады. Бауыр жеткіліксіздігі ауыр дәрежелі емделушілерде препарат дозасы түзетілуі тиіс.
Фармакодинамикасы
Ламивудин-зидовудин Тева – құрамына АИВ-1 және АИВ-2 қуатты селективті тежегіштері болып табылатын ламивудин мен зидовудин кіретін вирусқа қарсы біріктірілген препарат. Ламивудин – жасушалар өсіріндісінде АИВ репликациясын бәсеңдетуге қатысты зидовудиннің жоғары белсенді синергисі. Ламивудин мен зидовудин жасушаішілік киназалармен 5М'-трифосфатқа (ТФ) дейін бірізді метаболизденеді.
Ламивудин-ТФ мен зидовудин-ТФ АИВ кері транскриптазасының субстраттары және осы ферменттің бәсекелес тежегіштері болып табылады. Препараттың вирусқа қарсы белсенділігі көбінесе монофосфатты түрдің вирустық ДНҚ тізбегіне қосылуымен жүзеге асады, соның нәтижесінде тізбектің үзілуі болады. Ламивудин мен зидовудин трифосфаттарының адам жасушаларының ДНҚ-полимеразаларымен тектестігі едәуір аз.
Ламивудинге АИВ-1 төзімділігі вирустық кері транскриптазаның белсенді бөлігіне жақын орналасқан M184V амин қышқылы өзгерістерінің дамуына түрткі болады. M184V мутациялары ламивудинге төзімділікті азайтады. Зидовудинге төзімді вирустық штаммдар ламивудинге төзімділікті бір мезгілде иеленгенде зидовудинге сезімтал болуы мүмкін.
M184V RT тән айқаспалы төзімділік антиретровирустық дәрілер – нуклеозидті тежегіштер класы шегінде шектеледі. Зидовудин, ставудин, абакавир құрамында тек M184V мутациясы болатын АИВ-1-ге төзімді ламивудинге қарсы өзінің антиретровирустық әсерлерін сақтайды.
Қолданылуы
- АИВ жұқпасын емдеуде
Қолдану тәсілі және дозалары
Емді АИВ жұқпасын емдеу тәжірибесі бар дәрігер жүргізуі тиіс.
Ламивудин мен зидовудин Теваны ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.
Таблетканы шайнамастан бүтіндей жұту ұсынылады. Емделуші бүтін таблетканы жұтуға қабілетсіз жағдайда оны аз мөлшерлі сұйықтықта немесе жартылай сұйық тағамда ұсақтауға және ерітуге болады. Қоспаны дайындаған соң бірден ішу керек.
Салмағы 30 кг-ден көп балалар мен ересектер
Тәулігіне екі рет бір таблеткадан.
Салмағы 21 кг-ден 30 кг дейінгі балалар
Таңертең ½ таблеткадан және кешкілік бүтін таблеткадан.
Асқазан-ішек көтерімсіздігі туындағанда, көтерімділікті жақсарту мақсатында күніне үш рет жарты таблеткадан баламалы дозалау режимін тағайындауға болады.
Салмағы 14 кг-ден 21 кг дейінгі балалар
Тәулігіне екі рет ½ таблеткадан.
Салмағы 14 кг-ден аз балалар
Ламивудин- зидовудин Тева салмағы 14 кг-ден аз балаларға көрсетілмеген.
Егде жастағы емделушілер
Арнайы зерттеулер жүргізілмеген, бірақ препаратты осы топта тағайындағанда бүйрек функциясының және гематологиялық параметрлердің төмендеуіне байланысты сақ болу қажет.
Бүйрек жеткіліксіздігінде қолдану
Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде қан плазмасындағы ламивудин мен зидовудин концентрациялары олардың баяу элиминациясы салдарынан жоғарылаған. Бірқатар жағдайларда бүйрек функциясы бұзылған емделушілерге (креатинин клиренсі 50 мл/мин аз) ламивудин мен зидовудин дозасын жеке таңдау қажет екендіктен, оларға жекелеген ламивудин мен зидовудин препараттарын тағайындау ұсынылады.
Бауыр функциясының бұзылуында қолдану
Бауыр жеткіліксіздігінде оның глюкурон қышқылымен баяу байланысуы нәтижесінде зидовудин жинақталуы мүмкін. Бауыр жеткіліксіздігі ауыр дәрежедегі емделушілерде зидовудин дозасын жеке таңдау мүмкін болу үшін жекелеген ламивудин мен зидовудин препараттарын қолдану ұсынылады.
Гематологиялық жағымсыз әсерлері бар емделушілерде қолдану
Айқын анемияда (гемоглобин деңгейі 9 г/дл немесе 5,59 ммоль/л аз) немесе нейтропенияда (нейтрофильдер саны 1,0×109/л аз) зидовудин дозасын түзету қажет болуы мүмкін. Емнің басталуына дейін сүйек кеміктік қоры азайған емделушілерде, әсіресе АИВ жұқпасы асқынып кеткен емделушілерде осы жағымсыз әсерлердің даму ықтималдығы жоғары. Ламивудин-зидовудин Тева қолданылғанда ламивудин мен зидовудин дозаларын жеке таңдау мүмкін еместіктен, осы препараттарды әрқайсысын бөлек қолдану ұсынылады.
Жағымсыз әсерлері
Ламивудин-зидовудин Тева препаратын тағайындағанда АИВ емі үдерісінде анықталған жағымсыз реакциялардың тікелей ламивудин/зидовудинге екені немесе АИВ емдеуге пайдаланылатын препараттардың кең ауқымын қолданудың нәтижесі немесе аурудың өзінің зардаптары болып табылатыны үнемі түсінікті емес. Ламивудин/зидовудин біріктірілімін тағайындағанда аддитивті уыттылық болмайды.
Көрініс беру жиілігіне сәйкес жағымсыз реакциялар өте жиі (>1/10), жиі (>1/100, <1/10), жиі емес (>1/1000, <1/100), сирек (≥1/10, 000 және <1/1000), өте сирек (<1/10, 000) болып белгіленеді.
Ламивудинге реакциялар
Жиі
- бас ауыру
- гиперлактатемия
- жүрек айну, құсу, іш аумағындағы ауыру, диарея
- бөртпе, алопеция
- артралгия, бұлшықеттердің бұзылуы
- әлсіздік, қажу, қызба
Жиі емес
- анемия, нейтропения, тромбоцитопения
- бауыр ферменттері (АСТ, АЛТ) белсенділігінің транзиторлы жоғарылауы
Сирек
- сүт қышқылды ацидоз
- шелмайдың қайта таралуы/жиналуы (мультифакторлы этиологиясы бар, вирусқа қарсы препараттармен біріктірілген емді қоса)
- сарысулық амилаза белсенділігінің жоғарылауы, панкреатит (препарат қабылдаумен байланысы анықталмаған)
- рабдомиолиз
Өте сирек
- эритроцитарлы аплазия
- шеткергі нейропатия (парестезия). Жүргізілген еммен байланысы анықталмаған.
Зидовудинге реакциялар
Өте жиі
- жүрек айну
- бас ауыру
Жиі
- анемия (гемотрансфузияны қажет етуі мүмкін), нейропения және лейкопения; бұл жай-күйлер зидовудиннің жоғары дозаларын қолданғанда (1200-1500 мг/тәулік) және ауыр дәрежелі АИВ жұқпасына шалдыққан емделушілерде (әсіресе, ем басталғанша сүйек кемік қоры төмендеген емделушілерде), көбінесе CD4 жасушалар саны 100/мм3 төмен азайғанда дамиды; бұл жағдайларда препарат дозасын азайту немесе оны тоқтату қажет болуы мүмкін. Нейропенияның даму жиілігі емнің басында нейтрофильдер санының, сарысудағы гемоглобин мен B12 витамині мөлшерінің азаюы байқалған емделушілерде арта түседі.
- гиперлактатемия
- бас айналу
- құсу, іш аумағындағы ауыру, диарея
- бауыр ферменттері белсенділігінің және билирубиннің артуы
- миалгия
- дімкәстану
Жиі емес
- тромбоцитопения, панцитопения (сүйек кемігі гипоплазиясымен)
- диспноэ
- метеоризм
- бөртпе, қышыну
- миопатия
- қызба, жайылған ауырулар, астения
Сирек
- эритроцитарлы аплазия
- анорексия
- сүт қышқылды ацидоз
- шелмайдың қайта таралуы/жиналуы (мультифакторлы этиологиясы бар, вирусқа қарсы препараттармен біріктірілген емді қоса)
- мазасыздық, депрессия
- ұйқысыздық, парестезиялар, ұйқышылдық, ойлау жеделдігінің төмендеуі, құрысулар
- кардиомиопатия
- жөтел
- ауыз қуысы шырышты қабығының пигментациясы, дәм сезудің бұрмалауы
- панкреатит
- стеатозбен айқын гепатомегалия
- тырнақтар мен тері жабындарының пигментациясы
- есекжем
- қатты тершеңдік
- несеп шығарудың жиілеуі
- гинекомастия
- суық тию, кеуде қуысының ауыруы, тұмау тәрізді симптомдар
Өте жиі
- апластикалық анемия
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- ламивудинге, зидовудинге немесе препараттың кез келген компонентіне жоғары сезімталдық
- ауыр дәрежедегі нейтропения (нейтрофильдер саны 0,75 x 109/л-ден аз) немесе анемия (гемоглобин деңгейі 7,5 г/дл немесе 4,65 ммоль/л аз)
- салмағы 14 кг-ден аз балалар (зидовудин мен ламивудин әр бөлек қолданылуы тиіс)
- лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Ламивудин-зидовудин Тева құрамында ламивудин мен зидовудин бар болғандықтан, ол өз компоненттерінің әрқайсысына тән кез келген өзара әрекеттесуге түсе алады. Төменде аталған өзара әрекеттесулер осымен шектелмейді, олар тағайындалғанда сақтық шарасы қадағалану қажет өнімдер тобы түрінде болады.
Ламивудин қатысатын өзара әрекеттесулер
Ламивудинмен метаболикалық өзара әрекеттесу ықтималдығы зор емес, өйткені енгізілген препараттың аздаған бөлігі ғана метаболизмге ұшырайды және плазма ақуыздарымен байланысады, ал препарат толық дерлік бүйрекпен шығарылады, мұны метаболизм жолдары ұқсас препараттарды қатарлас тағайындағанда ескеру керек.
Ламивудин мен триметопримді (ко-тримоксазол препараты компоненттерінің бірі) бір мезгілде қабылдау осы препаратты емдік дозаларда қабылдағанда плазмадағы ламивудин концентрациясының 40% жоғарылауына әкеледі. Бүйрек функциясы қалыпты емделушілерге ламивудин дозасын жеке таңдау қажет емес. Ламивудин триметоприм фармакокинетикасына ықпал етпейді. Пневмоцисттік пневмония мен токсоплазмозды емдеуде ко-тримоксазол мен ламивудиннің жоғары дозаларын бірге тағайындау әсері зерттелмеген.
Ранитидан, циметидин ламивудин фармакокинетикасына ықпал етпейді.
Ламивудин зальцитабиннің жасушаішілік фосфорлануын бәсеңдетуі мүмкін, осыған орай Ламивудин-зидовудин Тева мен зальцитабинмен бірге емдеу ұсынылмайды.
Зидовудин қатысатын өзара әрекеттесулер
Зидовудин елеулі дәрежеде плазма ақуыздарымен байланысады, бірақ көбінесе бауыр метаболизмі арқылы белсенді емес глюкуронидке дейін элиминацияланады. Глюкурондану жолымен көбінесе бауыр метаболизмі арқылы метаболизденетін препараттар зидовудин метаболизмін әлеуетті бәсеңдете алады.
Атоваквон: зидовудин атоваквонның фармакокинетикасын бұзбайды. Алайда, фармакокинетика деректері атоваквонның зидовудиннің өз метаболитіне метаболизм жылдамдығын төмендететінін көрсетеді (зидовудин мақсатты концентрацияларына жеткенде AUC 33% жоғарылады, глюкуронидтің жоғары шекті плазмалық концентрациясы 19% төмендеді). Зидовудинді тәулігіне 500 мг немесе 600 мг дозада қолданғанда жедел пневмоцисттік пневмонияны емдеуге арналған атоваквонмен бір мезгілде үш апта емдеу зидовудиннің плазмалық концентрацияларының ұлғаюымен байланысты жағымсыз реакциялар жиілігінің артуына әкелуі мүмкін. Атоваквонмен ұзаққа созылатын ем аясында жоғары сақтық шарасын қадағалау керек.
Кларитромицин: кларитромицин таблеткалары зидовудиннің сіңуін төмендетеді. Бұған зидовудин мен кларитромицинді кемінде екі сағат аралықпен әр бөлек қабылдау арқылы жол бермеуге болады.
Ламивудин: ламивудинмен бірге тағайындалғанда зидовудинге тән Cmax орташа жоғарылауы (28%) байқалады, алайда, осы орайдағы жалпы экспозициясы (AUC) бұзылмайды. Зидовудин ламивудиннің фармакокинетикасына ықпалын тигізбейді.
Фенитоин: қандағы фенитоин концентрациясын төмендетеді, бұл оны Комбивирмен бір мезгілде тағайындағанда қандағы фенитоин деңгейін қадағалауды талап етеді.
Пробеницид: шектеулі деректерде глюкурондану үдерісін төмендеуі және зидовудиннің AUC және орташа жартылай шығарылу кезеңінің ұзаруы жорамалданады. Пробеницидтің қатысуымен глюкуронидтің және зидовудиннің өзінің бүйректік экскрециясы төмендейді.
Рифампицин: рифампицинмен біріктіру зидовудинге тән AUC 48%±34% төмендетеді, дегенмен, осы өзгерістің клиникалық мәні белгісіз.
Ставудин: зидовудин ставудиннің жасушаішілік фосфорлануын бәсеңдетуі мүмкін, осыған орай препараттарды бірге қолдану ұсынылмайды.
Басқалары: аспирин, кодеин, метадон, морфин, индометацин, кетопрофен, напроксен, оксазепам, лоразепам, циметидин, клофибрат, дапсон, изопринозин сияқты дәрілік заттар глюкуронизацияны бәсекелі тежеу немесе бауырдағы микросомалық метаболизмді тікелей бәсеңдету жолымен зидовудин метаболизмін бұзуы мүмкін. Ламивудин-зидовудин Тевамен біріктірілген, әсіресе, ұзақ емдеуге арналған осы препараттарды қолдану мүмкіндігіне сақтықпен келу керек.
Ламивудин-зидовудин Теваның, әсіресе, шұғыл ем кезіндегі нефроуыттылығы немесе миелоуыттылығы зор препараттармен (мысалы, пентамидин, дапсон, пириметамин, ко-тримоксазол, амфотерицин, флюцитозин, ганцикловир, интерферон, винкристин, винбластин, доксорубицин) біріктірілімі Ламивудин-зидовудин Теваға жағымсыз реакциялардың даму қаупін арттырады. Бүйрек функциясы мен қан көрсеткіштерін бақылау, егер қажет болса, препараттар дозасын азайту қажет.
Оппортунистік жұқпаларды ко-тримоксазол, пентамидин, пириметамин және ацикловир препараттарымен емдеу жағымсыз реакциялар жиілігін дамытатын елеулі қауіппен қатар жүрмейді.
Айрықша нұсқаулар
Осы нұсқаулар препараттың екі белсенді компонентіне - ламивудин мен зидовудинге қатысты.
Компоненттердің біреуін түзету/тоқтату қажет болған жағдайда аталған компоненттерді әр бөлек тағайындау ұсынылады.
Емделушілер Ламивудин-зидовудин Тева емі кезінде дәрілік препараттарды өз бетінше тағайындаудан сақтандырылуы тиіс.
Емделушілерге қазіргі замандық АИВ емінің, Ламивудин-зидовудин Тева препаратымен емдеуді қоса, жыныстық қатынастар мен қанның жұқпалануы кезінде АИВ берілісінен қорғамайтыны ескертілуі тиіс, осыған орай, тиісті сақтандыру шараларын қадағалау қажет.
Ламивудин-зидовудин Теваны немесе басқа антиретровирустық препараттарды қолданатын емделушілерде шартты-патогенді микроорганизмдер туғызған жұқпалар және АИВ жұқпасының басқа асқынулары дамуы мүмкін, сондықтан емделушілер АИВ жұқпасын емдеу тәжірибесі бар дәрігерлердің тұрақты қадағалауында болуы тиіс.
Қан тарапынан жағымсыз реакциялар
Анемия, нейтропения және лейкопения Ламивудин-зидовудин Теваны, әсіресе, жоғары дозаларда (тәулігіне 1200 мг - 1500 мг) алатын және емдеу басталғанша сүйек кеміктік қан түзілуі төмен болатын АИВ жұқпасының толық клиникалық көрінісі бар емделушілерде кездесуі мүмкін.
АИВ жұқпасының клиникалық көрінісі толық емделушілерде Ламивудин-зидовудин Тева қабылдау кезінде қан талдауларын емнің алғашқы 3 айы бойына 2 аптада бір реттен сиретпей, ал артынан ай сайын тексеріп отыру қажет. ЖИТС бастапқы сатысында (сүйек кеміктік қан түзілуі әлі қалып шегінде болғанда) қан тарапынан болатын жағымсыз реакциялар сирек дамиды, сондықтан қан талдаулары емделушінің жалпы жай-күйіне қарай сирек 1-3 айда бір рет орындалады.
Ламивудин-зидовудин Тева қабылдау аясындағы ауыр анемия немесе миелосупрессия жағдайында зидовудин дозасын азайту қажет болуы мүмкін. Егер гемоглобин мөлшері 75-90 г/л (4,65-5,59 ммоль/л) дейін азайса, нейрофильдер саны 0,75x109/л -1,0x109/л төмендесе, Ламивудин-зидовудин Теваның тәуліктік дозасы қан көрсеткіштері қалпына келгенше азайтылуы тиіс немесе Ламивудин-зидовудин Тева қан көрсеткіштері қалпына келуіне дейінгі 2-4 аптада тоқтатылады. Қан көрінісі, әдетте, 2 апта өткенде қалпына түседі, одан кейін Ламивудин-зидовудин Теваны төмен дозалануында қайта тағайындауға болады. Айқын анемиясы бар емделушілер, Ламивудин-зидовудин Тева дозасының төмендеуіне қарамастан, қан құюды қажет етеді.
Панкреатит: ламивудин мен зидовудин қабылдаған емделушілерде панкреатит дамыған сирек жағдайлар сипатталған. Алайда бұл асқынудың дәрілік препараттардан немесе АИВ жұқпасының өзінен туындағаны анықталмаған. Ламивудин-зидовудин Тевамен емдеуді панкреатиттің дамуын айғақтайтын клиникалық симптомдар немесе зертханалық белгілер пайда болғанда дереу тоқтату қажет.
Сүт қышқылды ацидоз және стеатозды айқын гепатомегалия
Бұл асқынулар Ламивудин-зидовудин Теваның монотерапиясында да, көп компонентті емінде де өліммен аяқталуы мүмкін. Аталған асқынулардың даму қаупі әйелдерде арта түседі. Ламивудин-зидовудин Теваны сүт қышқылды ацидоздың немесе бауырдың уытты зақымдануының клиникалық (әлсіздік, анорексия, күрт және түсініксіз салмақ жоғалту, гастроинтестинальді симптомдар, ентігу, тахипноэ) немесе зертханалық белгілері пайда болған барлық жағдайларда тоқтату керек.
Май қабаттарының қайта таралуы
Біріктірілген антиретровирустық ем алатын емделушілерде орталықтан семіруді, дорсоцервикальді тип бойынша (буйвол өркеші) семіздікті қоса, май қабаттарының қайта таралуы / жиналуы, бет аумағын қоса, шеткергі қабаттарда жиналу, гинекомастия, қанда липидтер мен глюкоза деңгейінің жоғарылауы әрқайсысы жекелей немесе бірге байқалды.
Протеаза тежегіштері мен кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштері тобындағы барлық препараттар жоғарыда аталған жағымсыз құбылыстардың біреуімен немесе одан көбірек астасқан кезде, деректер сәйкесті емдік кластардың жекелеген топтарының арасында қауіп дәрежесіндегі айырмашылықтар болатынын көрсетеді.
Бұдан басқа, липодистрофия синдромы мультифакторлы текте болады: АИВ ауруының статусы, едәуір ересек жас және антиретровирустық ем жүргізу ұзақтығы, бұлардың бәрі бірігіп синергиялық рөл атқаруы мүмкін.
Қазіргі уақытта осы құбылыстардың ұзаққа созылатын зардаптары белгісіз.
Клиникалық тексеруде майдың қайта таралу белгілерінің физикальді бағасы қамтылуы тиіс. Сарысулық липидтер және қан глюкозасының деңгейлерін анықтау мәселесін шешу керек. Липидтер деңгейінің бұзылуы тиісті клиникалық қырынан келуді талап етеді.
Иммунитеттің қалпына келу синдромы
Иммунитет тапшылығы күрделі АИВ жұқтырған емделушілердегі антиретровирустық терапияның басында (AРТ) симптомсыз немесе қалдықты шартты-патогенді жұқпаларға қабыну реакциясы қатарлас аурулардың клиникалық симптомдарының нашарлауын туындатуы мүмкін. АРТ басталған соң, әдетте, алғашқы бірнеше апта немесе ай ішінде цитомегаловирустық ринит, жайылған және/немесе ошақтық микобактериялық жұқпалар және пневмоцисттік пневмония байқалды. Кез келген қабыну симптомдары дер мезгілінде анықталуы тиіс, ал қажет болса, қабынуға қарсы тиісті ем жүргізілуі тиіс. Препарат қабылдау кезінде аутоиммундық бұзылулар да (полимиозит, Джуллиан-Барр синдромы, диффуздық уытты зоб) кездесті, дегенмен де аурулар ұстамаларының уақыты мейлінше ауытқымалы және ем басталған соң көп ай өткенде болуы және атипиялық симптомдардың қатысуымен өтуі мүмкін.
В гепатиті вирусының қатарлас жұқпасы бар емделушілер
Вирустық B гепатитіне (HBV) қатар шалдыққан кейбір емделушілерде ламивудин қабылдауды тоқтатқаннан кейін гепатит қайталануының клиникалық немесе зертханалық белгілері болуы мүмкен, өз кезегінде, ол бауыр аурулары декомпенсацияланған емделушілерде аса ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Вирустық B гепатитіне қатар шалдыққан емделушілерге Ламивудин-зидовудин Тева препаратын тағайындағанда бауыр сынамаларының функционалдық көрсеткіштерін бақылап, HBV репликация маркерлерінің деңгейін ұдайы анықтап отыру керек.
С гепатиті вирусының қатарлас жұқпасы бар емделушілер
АИВ еміндегі АРТ құрамында Ламивудин-зидовудин Тевамен біріктіріп емдеу аясында рибавирин қабылдаумен байланысты анемияның өршуі байқалды; өзара әрекеттесудің нақты механизмі түсініксіз. Ламивудин-зидовудин Тева мен рибавиринді бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды, осы орайда, ол бар болса, АРТ режимінің құрамында зидовудинді ауыстыру мәселесін шешу керек. Бұл зидовудинмен емдеу аясында сыртартқысында анемия болатын емделушілерде ерекше маңызды.
Жүктілік және лактация кезеңі
Ламивудин-зидовудин Теваны, егер тек ана үшін күтілетін пайдасы ұрыққа төнетін ықтималды қауіптен басым болмаса, жүктіліктің бірінші триместрінде қолдану ұсынылмайды.
Жүкті әйелдерді зидовудинмен емдеудің және кейіннен осы препаратты жаңа туған нәрестелерге енгізудің анадан ұрыққа АИВ берілу жиілігін азайтуы көрсетілген. Ламивудинге қатысты ондай деректер жоқ. Сондықтан, Ламивудин-зидовудин Теваны жүкті әйелдерге тек ана үшін күтілетін пайдасы ұрыққа төнетін болжамды қауіптен асып түсетін жағдайларда ғана тағайындауға болады.
Ламивудин-зидовудин Тева қабылдайтын әйелдерге сәбиді емшекпен қоректендіруге кеңес берілмейді.
Жүктілік немесе босану кезінде кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштерінің әсеріне ұшыраған жаңа туған нәрестелер мен сәбилерде қанда лактат деп аталатын зат деңгейінің аздап уақытша жоғарылауы білінген. Даму кідірісі мен құрысу ұсатамаларының жағдайлары жөнінде де сирек хабарламалар бар. Жалпы, аналары жүктілік кезінде кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштерін қабылдаған балалар үшін АИВ жұқтыру қаупінің төмендеуінен болатын пайда, сірә, осы препараттардың жағымсыз әсерлерімен байланысты қауіптіліктен басым болады.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Ламивудин-зидовудин Теваның автокөлікті басқару және техникамен жұмыс істеу қабілетіне әсер етуіне арнайы зерттеу жүргізілмеген. Препараттың фармакологиялық қасиеттері ондай ықпалдың төмен ықтималдығын айғақтайды. Емделушінің клиникалық жағдайына, сондай-ақ жағымсыз әсерлер сипатына көңіл бөлу керек.
Артық дозалануы
Симптомдары: Ламивудин-зидовудин Теваның артық дозалану жағдайлары жөнінде мәліметтер жоқ. Сонымен бірге, ламивудинмен және зидовудинмен жедел артық дозалану зардаптары туралы шектеулі деректер бар. Осы жағдайлардың бірде-бірі өліммен аяқталмаған және барлық емделушілердің жағдайы қалыпқа түскен. Қандай да бір спецификалық белгілері немесе симптомдары сипатталмаған.
Емі: уыттану белгілерін дер мезгілінде анықтау және стандартты демеуші ем жүргізу үшін емделушінің жай-күйін бақылау ұсынылады. Ламивудин диализ арқылы шығарылатындықтан, артық дозалану кезінде үздіксіз гемодиализ қолдануға болады. Гемодиализ және перитонеальді диализдің организмнен зидовудинді шығаруда тиімділігі аз, бірақ оның метаболитінің (глюкуронид) элиминациясын жеделдетеді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
ОПА / Алюминий / ПВХ / алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салады.
Пішінді ұяшықты 6 қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2.5 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қабылдауға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Теvа Pharmaceutical Works Private Limited Company», Венгрия
(Pallagi UT 13, H-4042 Debrecen).
Тіркеу куәлігінің иесі
«Teva Pharmaceutical Industries Ltd.», Израиль
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«ратиофарм Казахстан» ЖШС
050000 Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Әл Фараби д-лы 19,
«Нұрлы Тау» бизнес орталығы, 1Б корпус, 603 кеңсе
Телефон, факс (727) 311-09-15; 311-10-68
E-mail salimzhanova@teva.co.il