Ксилометазолин-Тева (Спрей назальный 0,1 %)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Ксилометазолин-Тева
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ксилометазолин
Дәрілік түрі
Құрамы
1 мл препараттың құрамында
белсенді зат - 0,5 мг немесе 1 мг ксилометазолин гидрохлориді,
қосымша заттар: лимон қышқылы моногидраты, натрий цитраты, глицерин (85%), инъекцияға арналған су, сұйық азот.Сипаттамасы
Мөлдір, түссіз дерлік ерітінді
Фармакотерапиялық тобы
Респираторлық жүйе. Мұрынға арналған препараттар. Деконгестанттар және жергілікті қолдануға арналған басқа мұрынға арналған препараттар. Симпатомиметиктер, қарапайымдар. Ксилометазолин.
АТХ коды R01AA07
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ксилометазолиннің әсері бірнеше минуттан соң басталады және бірнеше сағат бойына жалғасады (орташа 6-8 сағат). Мұрын ішіне қолданғанда сіңірілген мөлшері жүйелі әсерге әкелуі мүмкін (орталық жүйке жүйесіне және жүрек-қантамырлары жүйесіне).
Фармакодинамикасы
Ксилометазолин, имидазолин туындысы, a–адреномиметик болып табылады. Мұрын шырышының қан тамырларының тарылуын туындатады, осылайша мұрын-жұтқыншақ шырышты қабығының ісінуі мен гиперемиясын болдырмайды. Ринитте мұрынмен тыныс алуды жеңілдетеді.
Қолданылуы
Мұрынның бітелуінің, аллергиялық емес риниттің (вазомоторлық) немесе аллергиялық ринит симптомдарын жақсарту үшін
Қолдану тәсілі және дозалары
Ксилометазолин-Тева мұрынға қолдануға арналған.
Дозалағыш құрылғыны толтыру үшін бірінші қолдану алдында помпаны бірнеше рет басу керек.
Ересектер мен 12 жастан асқан балаларға
Ересектер мен 12 жастан асқан балаларға Ксилометазолин – Тева 0,1 % әр мұрын жолына 1 бүркуден (қажет болғанда тәулігіне 2 бүркуге дейін қайталауға болады) пайдалану ұсынылады.
6-12 жас аралығындағы балаларға әр мұрын жолына Ксилометазолин – Тева 0,05% 1 бүркуден (қажет болғанда тәулігіне 2 бүркуге дейін қайталауға болады) пайдалану ұсынылады.
Егер басқаша ұсынылмаса, препаратты 7 күннен астам қолдануға болмайды.
Жағымсыз әсерлері
Жағымсыз құбылыстардың жиілігін анықтау келесі критерийлерге сәйкес жүргізіледі: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100 < 1/10 дейін), жиі емес (≥ 1/1000 < 1/100 дейін), сирек (≥ 1/10000 < 1/1000 дейін), өте сирек (< 1/10000).
Жиі
- мұрын-жұтқыншақ шырышты қабығының тітіркенуі және/немесе құрғауы
Жиі емес
- аса жоғары сезімталдық реакциялары (ангионевроздық ісіну, тері бөртпесі, қышыну)
- мұрыннан қан кету, шымылдату сезімі немесе мұрынның және тамақтың шымылдауы, мұрын шырышының атрофиясы
Сирек
- жүрек қағуы, тахикардия, артериялық қысымның жоғарылауы
- көру қабілетінің бұзылуы
- құсу
- аллергиялық реакциялар (ісіну, бөртпе)
- депрессия (жоғарғы дозаларды ұзақ қолданғанда)
Өте сирек
- бас ауыруы, бас айналуы, елестеу немесе құрысу (балаларда)
- аритмия
- жүрек айнуы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- ксилометазолинге немесе препараттың кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық
- транссфеноидальді гипофизэктомиядан немесе басқа трансназальді немесе мидың қатты қабығына бағытталған транспоральді хирургиялық араласулардан кейін
- 6 жасқа дейінгі балалар (0.05 % доза үшін)
- 12 жасқа дейінгі балалар (0,1 % доза үшін)
- МАО тежегіштерімен бір мезгілде қабылдау
- артериялық гипертензия, тахикардия
- айқын атеросклероз
- глаукома
- феохромацитома
- атрофиялық ринит
- гипертироез
Сақтықпен
- порфирия
- қуық асты безі гиперплазиясы
- қант диабеті.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Ксилометазолин – Тева және мыналарды:
- МАО тежегіштерін, трициклді антидепрессанттар, гипертензиялық дәрілерді бір мезгілде қолданғанда – гипертензиялық әсері болуы мүмкін, сондықтан бұл препараттарды бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.
Айрықша нұсқауларҰзақ уақыт бойына, мысалы созылмалы ринитте, қолдануға болмайды. 7 күннен асырмай қабылдау керек. Ұсынылатын дозадан асыруға болмайды – 12 жасқа толмаған балалар үшін 0,05 % доза пайдаланылады. Көзге тигізіп алмаңыз. Айқаспалы жұқтыруды болдырмас үшін препаратты бір тұлға ғана пайдалануы тиіс.
Гигиеналық себептеріне байланысты препаратты ашқаннан кейін 28 күннен астам пайдалануға болмайды.
Артериялық гипертониясы, жүрек-қан тамырлары аурулары, гипертиреозы, тар бұрышты глаукомасы немесе қант диабеті, феохромоцитомасы бар пациенттерге сақтықпен қабылдау ұсынылады.
Ксилометазолин қабылдайтын QT аралығының ұзару синдромы бар пациенттер күрделі қарыншалық аритмияның жоғарғы даму қаупіне бейім болуы мүмкін.
Жүктілік және лактация кезеңі
Жүктілік және лактация кезеңінде препарат тек дәрігер бақылауымен, анасы мен шарана үшін қаупі мен пайдасының арақатынасын мұқият бағалаудан кейін қолданылуы тиіс.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Ксилометазолин-Тева көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі мүмкін.
Артық дозалануы
Симптомдары: орталық жүйке жүйесінің стимуляциясы үреймен, қозумен және елестеумен көрініс табады. Орталық жүйке жүйесінің бәсеңдеуін растауы мүмкін симптомдары: дене температурасының төмендеуі, сананың түңілуі, кома, летаргия.
ОЖЖ бәсеңдеуі кезінде туындайтын өзге де ықтимал симптомдар: миоз, мидриаз, тершеңдік, қызба, бозару, цианоз, апноэ және жиі жүрек қағуы.
Емі: белсендірілген көмір (адсорбент) және натрий сульфатын (іш жүргізгіш) қолдану, сондай-ақ күрделі артық дозалану жағдайында ықтимал асқазанды шаюды дереу жүргізу қажет, өйткені ксилометазолиннің жылдам сіңірілуі орын алуы мүмкін. Күрделі артық дозалану жағдайында қарқынды емдеу бөлімшесіне жатқызу ұсынылады. Қан қысымын төмендету үшін антидот ретінде таңдалмаған альфа-адреноблокаторларды, мысалы, фентоламинді қолдануға болады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Дозаланған мұрын спрейі, 0,05 % 10 мл және 0,1 %10 мл
10 мл-ден ұштығы және қорғағыш қалпақшасы, дозалағыш құрылғысы бар күңгірт шыны құтыда. 1 құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
25°С-ден аспайтын температурда сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Препаратты жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші/Қаптаушы
«Меркле ГмбХ», Германия
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
«ратиофарм ГмбХ», Германия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта):
«ратиофарм Қазақстан» ЖШС, 050059 (А15Е2Р), Алматы қ., Әл-Фараби даңғ. 17/1, Нұрлы Тау БО, 5Б, 6 қабат. Телефон: (727)3251615; е-mail: info.tevakz@tevapharm.com; веб сайт: www.teva.kz.