Кориол® (25 мг) (Carvedilol)

МНН: Карведилол
Производитель: КРКА, д.д., Ново Место
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Carvedilol
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№009790
Информация о регистрации в РК: 06.10.2017 - 06.10.2027
Номер регистрации в РБ: 8428/07/13/18
Информация о регистрации в РБ: 12.09.2018 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)

Инструкция

Саудалық атауы

КОРИОЛ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Карведилол

Дәрілік түрі

6.25 мг, 12.5 мг және 25 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - карведилол 6.25 мг немесе 12.50 мг, 25.00 мг,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, сахароза, повидон К 25, кросповидон, коллоидты сусыз кремнийдің қостотығы, магний стеараты

Сипаттамасы

Сопақша пішінді, екі беті сәл дөңес, бір жағында сызығы және екінші жағында - S2 таңбасы бар ақ түсті таблеткалар (6.25 мг доза үшін).

Сопақша пішінді, екі беті сәл дөңес, бір жағында сызығы және екінші жағында - S3 таңбасы бар ақ түсті таблеткалар (12.5 мг доза үшін).

Дөңгелек пішінді, екі беті сәл дөңес, шеттері қиғашталған және бір жағында сызығы бар ақ түсті таблеткалар (25 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Альфа - бета-адренобөгегіштер.

АТХ коды С07АG02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Карведилол ішке қабылданғаннан кейін тез әрі толығымен сіңеді. Қан плазмасы ақуыздарымен толығымен дерлік байланысады. Таралу көлемі 2 л/кг жуықты құрайды. Қан плазмасындағы концентрациясы қабылданған дозасына пропорционалды.

Қабылданған дозасының 30%-ға жуығы бірінші өтуіндегі елеулі метаболизмінің арқасында биожетімді болып табылады (негізінен, CYP2D6 және CYP2C9 бауыр ферменттерінің көмегімен). Бета-бөгегіштік белсенділігі бар үш белсенді метаболит өндіріліп шығарылады, олардың бірі (4'-гидроксифенил туындысы) карведилолға қарағанда 13 есе күштірек. Белсенді метаболиттерінің вазодилатациялаушы қасиеттері карведилолға қарағанда әлсіздеу. Метаболизмі стереоселективті, сондықтан, қан плазмасындағы карведилолдың R(+) деңгейі карведилолдың S(-) деңгейінен 2–3 есе артық. Қан плазмасындағы белсенді метаболиттерінің деңгейлері карведилол деңгейінен шамамен 10 есе төмен. Жартылай шығарылу кезеңдерінде айырмашылық бар: карведилол R(+) үшін 5–9 сағат және карведилол S(-) үшін 7–11 сағат.

Егде жастағы тұлғаларда карведилол деңгейі шамамен 50 %-ға артық.

Бауыр циррозы бар емделушілерде карведилолдың биожетімділігі төрт есе артады, ал қан плазмасындағы орташа жоғары концентрациясы дені сау адамдардағы сәйкесінше шамалардан 5 есе артық.

Бауыр қызметінің бұзылуы бар емделушілерде метаболизмдік ыдырауының азаюы салдарынан биожетімділігі 80%-ға дейін ұлғаяды. Бүйрек қызметінің бұзылуы бар емделушілерде препараттың айтарлықтай жинақталуы байқалмайды, өйткені карведилол тікелей нәжістермен шығарылады.

Асқазанда тамақтың болуы препараттың сіңірілу жылдамдығын баяулатады, бірақ оның биожетімділігіне әсер етпейді.

Фармакодинамикасы

Кориол тамырды кеңейтетін әсері бар селективті емес бета-бөгегіш болып табылады. Сондай-ақ оның антиоксиданттық және антипролиферативтік қасиеттері де бар. Белсенді карведилол ингредиенті рацемат болып табылады; энантиомерлер өзінің әсері мен зат алмасуы бойынша ерекшеленеді.

S (-)-энантиомер альфа1 және бета-адрено-рецепторлардың белсенділігін бөгейді, бұл кезде R (+) энантиомер тек альфа1-адренорецепторлардың ғана белсенділігін бөгейді. Бета-адренорецепторларды кардиоселективті емес бөгеуінің арқасында, Кориол артериялық қысымды төмендетеді, жүректің жиырылу жиілігі мен жүрек лықсуын қысартады. Кориол өкпе артерияларындағы және оң жақ жүрекшедегі қысымды азайтады. Альфа1-адренорецепторларды бөгеуінің есебінен шеткергі вазодилатацияны тудырады, шеткергі қантамырлық кедергіні, жүрек бұлшықетіне түсетін жүктемені азайтады және стенокардия ұстамалары дамуының алдын алады. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде препарат сол жақ қарыншаның лықсу фракциясын ұлғайтады және ауру симптомдарының айқындығын азайтады. Осыған ұқсас әсерлері сол жақ қарынша бұзылулары бар емделушілерде білінген. Кориолдың ішкі симпатомиметикалық белсенділігі жоқ және пропранолол сияқты жарғақшаларды тұрақтандыру қасиеті бар. Рениннің босап шығуын азайта отырып, ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің белсенділігі төмендейді, сондықтан сұйықтық кідірісі сирек дамиды. Артериялық қысым мен жүректің жиырылу жиілігіне қатысты әсері препаратты қабылдағаннан кейін 1 - 2 сағаттан соң анағұрлым айқын.

Артериялық гипертензиясы және бүйрек аурулары бар емделушілерде Кориол бүйрек қантамырларының резистенттілігін азайтады. Сонымен бірге, бүйректік плазма ағынының шумақтық сүзілу жылдамдығының немесе электролиттер шығарылуының едәуір өзгеруі жүрмейді. Шеткергі қан ағымы сақталады, сондықтан бета-адренобөгегіштерді қабылдауда жиі білінетін қол-аяқтың салқындауы сирек дамиды. Кориол липидтік профильге әсер етпейді.

Қолданылуы

- артериялық гипертензияда (монотерапия түрінде немесе басқа антигипертензивтік препараттармен біріктіріп)

- созылмалы тұрақты стенокардия

- созылмалы жүрек жеткіліксіздігі (біріктірілген ем құрамында)

- миокард инфарктісінен кейін сол жақ қарынша қызметінің бұзылуында (сол жақ қарыншаның лықсу фракциясы 40%-дан аз)

Қолдану тәсілі мен дозалары

Кориолды тамақпен бірге қабылдамаған жөн. Дегенмен, едәуір жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге ортостатикалық гипотензияның алдын алу мақсатында препаратты тамақтану уақытында қабылдау ұсынылады.

Дозасы жекелей таңдалуы тиіс. Емдеу төмен дозаларын тағайындаудан басталып, 7-14 күн ішінде біртіндеп оңтайлы әсеріне жеткенше ұлғайтылуы тиіс. Бірінші дозасын тағайындағаннан кейін 1 сағаттан соң және дозасын әр арттырғаннан кейін, ықтимал артериялық гипотензияны болдырмас үшін, емделушілердің тік тұрған қалыптағы АҚ өлшеу ұсынылады. Препаратты тоқтату қажет болса, оның дозасын төмендету біртіндеп 1 - 2 апта ішінде жүруі тиіс.

Егер емдеу екі аптадан артық уақытқа үзілген болса, онда емдеуді күніне 2 рет төменгі 3,125 мг дозасын тағайындаудан бастап жаңарту және ұсынымдарға сәйкес біртіндеп арттыру керек

Артериялық гипертензия: Кориолдың бастапқы дозасы 12.5 мг құрайды және таңертең немесе тәулігіне екі қайтара 6.25 мг тағайындалады (таңертең және кешке). Емдеуден 7-14 күн өткен соң, ал қажет болған жағдайда екі күннен кейін де, дозасын таңертең 25 мг дейін (25 мг бір таблетка) немесе тәулігіне екі қайтара 12.5 мг дейін арттыруға болады. Емдеуден он төрт күн өткеннен кейін Кориолдың дозасы қайтадан тәулігіне 2 рет препараттың 25 мг дейін арттырылуы мүмкін.

Кориолдың ең жоғарғы бір реттік дозасы 25 мг және ең жоғарғы тәуліктік дозасы – 50 мг құрайды.

Кориолдың жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде артериялық гипертензияны емдеу кезінде ұсынылатын бастапқы дозасы тәулігіне екі рет 3.125 мг құрайды.

Созылмалы тұрақты стенокардия: Кориолдың бастапқы дозасы тәулігіне екі рет 12.5 мг құрайды. Емдеуден 7-14 күн өткен соң, ал қажет болған жағдайларда екі күннен кейін де, дозасын тәулігіне екі рет 25 мг дейін арттыруға болады.

Кориола созылмалы тұрақты стенокардияны емдеудегі ең жоғарғы дозасы тәулігіне 25 мг құрайды. Ең жоғарғы тәуліктік дозасы 100 мг құрайды.

Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілердегі созылмалы тұрақты стенокардияны емдеуде ұсынылатын Кориолдың бастапқы дозасы тәулігіне екі рет 3.125 мг құрайды.

Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі: Кориол жеңіл, орташа және ауыр дәрежелі тұрақты, созылмалы жүрек жеткіліксіздігін емдеуде бұрын диуретиктер, ангиотензин-конвертациялаушы фермент тежегіштері (АКФ), оймақгүл препараттары сияқты препараттармен жүргізілген емге қосымша ұсынылады. Кориолды АКФ тежегіштерін көтере алмайтын емделушілерге тағайындауға болады.

Дозасы жекелей таңдалуы тиіс. Бірінші қабылдаудан кейінгі бастапқы 2–3 сағат немесе дозасын арттырғаннан кейін препараттың көтерімділігін бақылау үшін, мұқият медициналық тексеру жүргізу қажет. Егер емделуші жүрегінің жиырылу жиілігі минутына 55 соғудан төмен түсіп кетсе, Кориолдың дозасын төмендету қажет.

Артериялық гипотензия симптомдары пайда болған жағдайда, алдымен диуретик немесе АКФ дозасының төмендетілу мүмкіндігін қарастыру қажет; егер бұл шаралар жеткіліксіз болса, Кориолдың дозасын төмендету қажет болады.

Кориолмен емдеудің басында немесе дозасын арттырғаннан кейін жүрек жеткіліксіздігінің транзиторлық күшеюі жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда диуретиктің дозасын арттыру қажет. Кейде уақытша Кориолдың дозасын төмендету немесе тіпті, тоқтату қажет. Клиникалық көрінісі тұрақтанғаннан кейін Кориолмен емдеу немесе дозасының арттырылуы жаңартылуы мүмкін.

Бастапқы дозасы тәулігіне 2 рет 3.125 мг (6.25 мг таблетканың жартысы) құрайды. Егер емделуші бұл дозасын жақсы көтере алса, оны біртіндеп (әр 2 апта сайын) оңтайлы дозасына жеткенше арттыруға болады. Келесі дозалары тәулігіне 2 рет 6.25 мг, сосын тәулігіне 2 рет  – 12.5 мг және тәулігіне 2 рет 25 мг құрайды. Емделуші ең жоғары көтерімді дозасын қабылдауы тиіс. Ең жоғарғы ұсынылатын дозасы дене салмағы 85 кг-ден аз емделушілер үшін тәулігіне 2 рет 25 мг құрады, дене салмағы 85 кг асатын емделушілерге дозасын тәулігіне 2 рет  50 мг дейін арттыруға болады. Дозасын тәулігіне екі рет 50 мг дейін арттыруды дәрігердің мұқият қадағалауымен, сақтықпен жүргізу керек.

Дозасын әр арттырар алдында дәрігер емделушіде жүрек жеткіліксіздігінің нашарлау симптомдарының немесе тамырлардың шамадан тыс кеңеюі (мысалы, бүйрек қызметі, дене салмағы, артериялық қысым, жүректің жиырылу жиілігі) белгілерінің бар-жоқтығын тексеруі тиіс. Сұйықтық кідірісінде (жүрек жеткіліксіздігі симптомдарының ауыспалы нашарлауымен немесе нашарлауынсыз) диуретиктің дозасын арттыру қажет.

Егер брадикардия немесе AV өткізгіштігінің бұзылуы байқалса, бірінші кезекте дигоксинге мониторинг жүргізу қажет.

Бастан өткерген миокард инфарктісінен кейінгі сол жақ қарынша қызметінің бұзылуы: Кориолдың ұсынылатын бастапқы дозасы тәулігіне екі рет 6.25 мг құрайды. Бастапқы дозасы жақсы көтерімді болса, Кориолдың дозасын 3 – 10 күн аралықпен тәулігіне екі рет 12.5 мг дейін, сосын тәулігіне екі рет 25 мг ұлғайтуға болады.

Бастапқы дозасын нашар көтерген емделушілерге дозасын 3-10 күн бойы тәулігіне екі рет 3.125 мг дейін азайту керек. Егер бұл дозасы жақсы көтерімді болса, ол біртіндеп емделушінің көтере алатын ең жоғарғы дозасына дейін ұлғайтылуы мүмкін. Ұсынылатын ең жоғарғы дозада тәулігіне екі рет 25 мг құрайды.

Егде жастағы науқастарға дозасын түзету қажет емес. Егде жастағы емделушілер карведилолдың әсеріне анағұрлым сезімтал болуы мүмкін және сәйкесінше, мұқият қадағалауды қажет етеді.

Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде Кориолды қолдану ұсынылмайды. Бауырдың орташа жеткіліксіздігі бар емделушілерде дозасын ретке келтіру керек.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер: систолалық артериялық қысымы 100 мм сын. бағ. асатын емделушілер үшін дозасын өзгерту қажет емес.

Жағымсыз әсерлері

Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде:

Өте жиі (≥ 1/10)

- емдеудің басында бас айналуы, бас ауыруы

- астения, қажығыштық

Жиі (≥ 1/100 - < 1/10)

- көрудің бұзылуы

- брадикардия, ортостатикалық гипотензия, ісінулер (соның ішінде жайылған, шеткергі, дене қалпына тәуелді, шаптардың ісінуі, сұйықтық іркілісі)

- жүрек айнуы, диарея, құсу

- дене салмағының артуы, гиперхолестеринемия, гипер- немесе гипогликемия, көмірсу алмасуының бұзылуы

Жиі емес (≥ 1/1000 - < 1/100) (≥ 1/10 000 - < 1/1000)

- естен танулар

- жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде клиникалық көріністің өршуі

(препараттың дозасын ұлғайту кезінде)

Сирек (≥ 1/10 000 - < 1/1000)

- бүйректің жедел жеткіліксіздігі немесе диффуздық васкулиті және/немесе бүйрек қызметінің бұзылуы бар емделушілерде бүйрек қызметінің бұзылуы

- тромбоцитопения

Өте сирек (< 1/10000)

- лейкопения

Артериялық гипертензиясы және жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарда:

Жиі (≥ 1/100 - < 1/10)

- емдеудің басында туындайтын бас айналуы, бас ауыруы, шаршау

- әсіресе емдеудің басында ортостатикалық гипотензия, брадикардия

- көз жасы бөлінуінің азаюы мен көздің тітіркенуі

- бронх түйілуі, бронх демікпесі, бейім науқастарда ентігу

- жүрек айнуы, іштің ауыруы, диарея

- аяқ-қолдардың ауыруы

Жиі емес (≥ 1/1000 - < 1/100)

- парестезиялар

- көңіл-күйдің жабырқауы, ұйқының бұзылуы

- естен танулар

- «арагідік» ақсаңдау мен Рейно синдромы клиникалық көрінісінің өршуі

- атриовентрикулярлық бөгеліс, стенокардия (кеуденің ауыруы), жүрек жеткіліксіздігі симптомдары және шеткергі ісінулер

- көрудің нашарлауы

- құсу, іштің қатуы

- тері реакциялары (аллергиялық экзантема, дерматит, есекжем, қышу, псориаздың туындауы немесе өршуі, жалпақ теміреткіге ұқсас реакциялар)

- импотенция

Сирек (≥ 1/10 000 - < 1/1000)

- мұрынның бітуі, сырылдап дем алу және тұмау тәрізді симптомдар

- көздің тітіркенуі

- ауыздың құрғауы

- несеп шығарудың бұзылуы

Өте сирек (< 1/10000)

- аланинаминотрансфераза (АЛТ), аспартатамино-

трансфераза (АСТ) және гамма-глютамилтрансфераза белсенділігінің жоғарылауы

- тромбоцитопения және лейкопения

- психоз

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • карведилолға немесе препараттың басқа компоненттеріне жоғары сезімталдық

  • бронх демікпесі немесе бронхоспастикалық компоненті бар өкпенің созылмалы обструктивті аурулары, өкпелік жүрек

  • тұрақсыз жүрек жеткіліксіздігі немесе көктамырішілік инотроптық емді қажет ететін қалпына келмейтін жүрек жеткіліксіздігі

  • кардиогендік шок

  • брадикардия (тыныштық күйде минутына <50 соғу), синустық түйін әлсіздігі синдромы (синоаурикулярлық бөгелісті қоса) немесе II немесе III дәрежелі атриовентрикулярлық (AV) бөгеліс, кардиостимуляторы бар емделушілерді қоспағанда

- ауыр артериялық гипотензия (систолалық АҚ <85 мм сын.бағ.),

ортостатикалық гипотензия

  • бауырдың ауыр жеткіліксіздігі

- метаболизмдік ацидоз

- феохромоцитома (-адренобөгегіштерді тағайындаумен тұрақтандырылған жағдайларды қоспағанда)

- ауыр артериялық гипотензия мен брадикардияның даму қауіпінің жоғарылығына байланысты, верапамил, дилтиазем немесе басқа аритмияға қарсы дәрілерді (атап айтқанда, I класты) бір мезгілде көктамыр ішіне қолдану

- Принцметал стенокардиясы

- балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылық, Лаппа лактазасы тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Науқастарға емдеу кезінде алкоголь пайдалану ұсынылмайды, өйткені ол карведилолдың әсерін күшейтуі мүмкін.

Кейбір аритмияға қарсы препараттар, есірткілер, гипотензивтік дәрілер, стенокардияны емдеуге арналған препараттар, басқа бета-бөгегіштер (мысалы, көз тамшылары түріндегі), катехоламиндер деңгейін төмендететін препараттар (мысалы, МАО тежегіштері, резерпин) және жүрек гликозидтері карведилолдың әсерін күшейтуі мүмкін. Осылайша, бұл препараттар мен Кориолдың® дозасы аса сақтықпен таңдалып алынуы тиіс.

Верапамил, дилтиазем, амиодарон немесе басқа да аритмияға қарсы препараттар Кориолмен® бірге AV- өткізгіштігінің бұзылу қаупін немесе жүрек жеткіліксіздігі (синергетикалық әсері) қаупін арттырады.

Дигоксинді бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы дигоксин концентрациясының артуына алып келуі мүмкін (15%-ға).

Бета-бөгегіштерді катехоламиндер деңгейін төмендететін препараттармен бір мезгілде қолданғанда (мысалы резерпин, гуанетидин, метилдопа, гуанфацин және  моноаминоксидаза тежегіштерін), артериялық гипотензияның және/немесе ауыр брадикардияның даму қаупіне байланысты, артериялық қысымға қатаң мониторинг жүргізу қажет.

Бауырдағы метаболизм индукторлары/ тежегіштері: карведилолдың фармакокинетикасы бауыр ферменттерінің (CYP2D6) белсенділігін көтермелейтін немесе бәсеңдететін препараттармен бір мезгілде қолданғанда өзгеруі мүмкін; мысалы, циметидин, кетоконазол, флуоксетин, галоперидол, верапамил, эритромицин қан сарысуындағы карведилол концентрациясын арттырады, рифампицин мен барбитураттар төмендетеді. Карведилол гипогликемиялық препараттардың әсерін күшейтуі және гипогликемия белгілерін бүркемелеуі мүмкін, осыған байланысты қандағы қант деңгейін ұдайы бақылап отыру ұсынылады.

Бета-бөгегіштік белсенділігі бар басқа да препараттар сияқты, Кориол® бір мезгілде қолданылатын жағымсыз әсерлер профилі ретінде гипертензияға қарсы (барбитураттар, фенотиазиндер, үшциклдық антидепрессанттар, вазодилататорлар, нитраттар және алкоголь) немесе гипотензивтік әсері бар басқа дәрілердің әсерін күшейтуі мүмкін.

Дигидропиридин жүрек жеткіліксіздігі және артериялық гипотензия қаупін арттырады.

Карведилол циклоспориннің плазмадағы концентрацияларын арттыруы мүмкін, сондықтан емдеудің басында циклоспорин концентрациясын мониторингілеу ұсынылады, Кориолдың® дозасын түзету қажет.

Клонидинді   бета-бөгегіштермен қатарлас қабылдау артериялық қысымның төмендеуін және жүректің жиырылу жиілігін күшейтуі мүмкін. Бета-бөгегішпен және клонидинмен қатарлас емдеуде, алдымен бета-бөгегішті (біртіндеп) қабылдауды тоқтату керек. Сосын, бірнеше күн бойы клонидинмен емдеуді де дозасын біртіндеп төмендету жолымен тоқтатуға болады.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды (ҚҚСП), эстрогендер мен кортикостероидтарды бір мезгілде қолдану су мен натрий кідірісі есебінен артериялық қан қысымының артуына алып келуі мүмкін.Симпатомиметиктер (α- және β-миметиктер) гипертонияның және айқын брадикардияның даму қаупін арттырады.

Эрготаминмен тамырларды тарылту әсері күшейеді.

Карведилол нейробұлшықет бөгегіштерінің әсерін күшейтеді.

Карведилол мен анестетиктердің синергиялық теріс инотропты және гипертензивті әсерлері болғандықтан, жансыздандыру кезінде ерекше сақ болу керек.

Фенобарбитал, рифампицин карведилол метаболизмін жеделдетеді және қан плазмасындағы концентрациясын төмендетеді.

Айрықша нұсқаулар

Іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде жүрек жеткіліксіздігінің нашарлауы немесе Кориолдың® дозасын арттырғанда сұйықтықтың кідіруі жүруі мүмкін. Мұндай симптомдар пайда болған жағдайда, диуретиктің дозасын арттыру және Кориолдың® дозасын клиникалық көрініс тұрақтылығына жеткенше төмендету немесе сирек жағдайларда Кориолмен® емдеуді уақытша тоқтата тұру керек. Мұндай көріністер карведилол дозасының сәтті титрлануларына кедергі жасамайды.

Кориолды® оймақгүл гликозидтерімен біріктіріп сақтықпен тағайындау керек, өйткені екі препарат та АV өткізгіштігін баяулатуы мүмкін.

Артериялық қысым деңгейі төмен, жүректің ишемиялық ауруы және диффуздық қантамыр аурулары және/немесе бүйрек жеткіліксіздігі бар созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде (систолалық артериялық қысымы <100 мм сын.бағ.), Кориолды® қолданғанда бүйрек қызметінің қайтымды нашарлауы байқалады.

Жедел миокард инфарктісін бастан өткерген сол жақ қарынша қызметінің бұзылуы бар емделушілерде Кориолмен® емдеуді бастар алдында, гемодинамикалық жағдайды тұрақтандыру қажет және емделушілер кемінде алдағы 48 сағат бойы АКФ тежегіштерін қабылдауы керек, ал АКФ тежегіштерінің дозалары кемінде алдағы 24 сағат бойы тұрақты болуы тиіс.

Өкпенің созылмалы обструктивті аурулары бар және ішу арқылы қабылданатын және ингаляциялық препараттарды қабылдамайтын бронхоспастикалық компоненті бар емделушілерге Кориолды® сақтықпен және тек оны қолданудың артықшылығы ықтимал қаупінен асатын болса ғана қолдану керек. Кориолды® мұндай емделушілерге тағайындау қажет болған жағдайда, олардың карведилолды қабылдаудың басындағы және дозасын жоғарылатқан кездегі жағдайларын мұқият бағалау керек және егер емдеу кезінде бронх обструкциясы белгілері байқалса, препараттың дозасын азайту қажет.

Қант диабеті бар емделушілерде Кориолды® қолданғанда сақ болу керек, өйткені жедел гипогликемия симптомдары бүркемеленуі немесе жеңілдеуі мүмкін. Қант диабеті аясындағы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарда карведилолды пайдалану қандағы глюкоза деңгейінің көрсеткішін нашарлатуы мүмкін.

Шеткергі қантамырлар аурулары бар емделушілерде Кориолды® сақтықпен қолдану керек, өйткені бета-бөгегіштер артериялық жеткіліксіздік симптомдарын жеделдетуі немесе өршітуі мүмкін.

Кориолды® шеткергі қанайналым бұзылуларынан зардап шегетін емделушілерге сақтықпен қолдану керек (мысалы, Рейно Синдромы), өйткені симптомдардың өршуін тудыруы мүмкін.

Кориол® тиреотоксикоз симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.

Хирургиялық операцияларды басынан өткерген емделушілерде сақ болу керек өйткені, карведилол мен ауыруды басатын препараттардың синергетикалық теріс инотропты әсерлері болуы мүмкін.

Кориол® брадикардияны тудыруы мүмкін. Егер емделушінің тамыр соғысы минутына 55 соғудан аз болып төмендесе, карведилолдың дозасын азайту керек.

Сыртартқысында жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары бар, сондай-ақ десенсибилизация курсынан өтіп жатқан емделушілерге Кориолды® қолданғанда сақ болу керек, өйткені бета-бөгегіштер аллергендерге сезімталдығы мен анафилактикалық реакциялардың ауырлық дәрежесін арттыруы мүмкін.

Сыртартқысында бета-бөгегіштерді қолданумен байланысты псориазы бар емделушілерге Кориолды® тек қауіп пен пайда арақатынасын мұқият талдағаннан кейін ғана қолдану керек.

Верапамил немесе дилтиазем сияқты кальций өзектерінің бөгегіштерін, сондай-ақ басқа аритмияға қарсы дәрілерді бір мезгілде қабылдап жүрген емделушілерде ЭКГ мен артериялық қан қысымын ұдайы мониторингілеу қажет.

Феохромоцитомамен науқастарға бета-бөгегішті қолдануды бастағанға дейін, альфа-бөгегішті тағайындау қажет. Карведилолдың бета- және альфа-адренобөгегіштік фармакологиялық қасиеттері бар болса да, оны мұндай науқастарға қолдану тәжірибесі жоқ, сондықтан феохромоцитомаға күдігі бар науқастарға Кориолды® сақтықпен тағайындау керек.

Принцметал стенокардиясы бар емделушілерде іріктелмеген бета-адренобөгегіштер кеуденің ауыруының пайда болуын тудыруы мүмкін. Оның альфа-адренобөгегіштік қасиеттері мұндай симптоматиканың алдын алуы мүмкін болса да, карведилолды мұндай емделушілерде қолданудың клиникалық тәжірибесі жоқ. Дегенмен, Принцметал стенокардиясына күдігі бар емделушілерде карведилолды қолданғанда сақ болу керек.

Жанаспалы линзаларды пайдаланатын тұлғаларға көз жасы сұйықтығы мөлшерінің азаю мүмкіндігі туралы ескерту керек.

Тоқтату синдромы

Карведилолмен емдеуді әсіресе жүректің ишемиялық ауруы бар емделушілерде күрт үзуге болмайды. Карведилолмен емдеуді тоқтату біртіндеп жүргізілуі тиіс (2 апта бойы).

Кейбір ингредиенттері туралы ерекше ақпарат

Кориолдың құрамына сахароза мен  лактоза кіреді. Бұл препаратты фруктозаны көтере алмайтын, лактаза тапшылығы, галактоземиясы бар, глюкоза-галактоза сіңірілуінің бұзылуы немесе сахараза-изомальтаза тапшылығы бар емделушілерге ұсынылмайды.

Дәрілік заттардың көлік құралдарын жүргізуге және қауіптілігі зор

механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Жекелеген реакцияларына байланысты, емдеудің басында және дозасын ұлғайтқанда, препарат бас айналуын, жалпы әлсіздікті тудыруы мүмкін, сондықтан автокөлік басқару және жоғары зейін шоғырандыру мен жылдам психомоторлық реакцияларды қажет ететін механизмдермен жұмыс жасау қабілеті бұзылуы мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: гипотензия, брадикардия, жүрек жеткіліксіздігі, кардиогенді шок және жүректің тоқтауы. Сондай-ақ тыныс алудың бұзылуы, бронх түйілуі, құсу, сананың шатасуы және жайылған құрысулар болуы мүмкін.

Емі: жалпы сипаттағы шаралардан басқа, қарқынды емдеу жағдайларында қажет болғанда өмірлік маңызды көрсеткіштерді мониторингілеу және түзету жүргізу қажет.

Айқын брадикардияда ​​ атропин тағайындауға болады.

Сол жақ қарынша қызметін демеп тұру үшін глюкагон немесе симпатомиметиктерді (добутамин, изопреналин) көктамыр ішіне енгізу ұсынылады. Оң инотроптық әсері бар препараттарды енгізу қажет болса, фосфодиэстераза тежегіштерін тағайындайды.

Егер клиникалық көрінісінде шеткергі тамырлардың кеңеюі уыттану профилінен басым түссе, қан айналым көрсеткіштерін үздіксіз мониторингілеу жағдайларында норэпинефринді немесе норадреналинді енгізу қажет. Емдеуге резистентті брадикардия кезінде кардиостимулятормен емдеуді қолдану қажет.

Бронх түйілуінде бета-симпатомиметиктерді (аэрозоль түрінде немесе көктамыр ішіне) немесе аминофиллинді көктамыр ішіне енгізеді.

Құрысуларда диазепамды немесе клоназепамды көктамыр ішіне баяу енгізеді.

Шок симптоматикасы бар ауыр дозалану кезінде карведилолдың жартылай шығарылу мерзімі мен препараттың деподан шығарылуының ұзаруы мүмкін болса да, демеуші емді науқастың жағдайы тұрақтанғанша біраз ұзақ уақыт бойы жоғарыда сипатталғандай жалғастыру қажет.

Шығарылу түрі мен қаптамасы

10 таблеткадан ОРА/Al/PVC үлбір мен алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

3 пішінді ұяшықты қаптамадан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салады.

Сақтау шарттары

30 ºС-ден аспайтын температурада.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл

Сақтау мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы Өндіруші

КРКА, д.д. Ново место, Словения

Шмарьешка 6, 8501 Ново место, Словения

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

КРКА, д.д., Ново Место, Словения

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

ҚР-дағы «KRKA, tovarna zdravil, d.d., Novo mesto» өкілдігі

ҚР, 050059, Алматы қ-сы, Әл-Фараби д-лы 19, 1б корпусы, 2 қабат

тел.: +7 (727) 311 08 09

факс: +7 (727) 311 08 12

www.krka.si

Прикрепленные файлы

515533451477977011_ru.doc 128 кб
749006731477978188_kz.doc 155.5 кб
8428_07_13_18_p.pdf 0.49 кб
8428_07_13_18_s.pdf 1.06 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники. «Центр экспертиз и испытаний в здравоохранении» МЗ РБ