КОРИЛОКС
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Корилокс
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Шәрбат, 100, 150 немесе 200 мл
Құрамы
10 мл шәрбаттың құрамында,
белсенді заттар: сальбутамол
(сальбутамол сульфаты түрінде) 2.00 мг,
бромгексин гидрохлориді 4.00 мг,
гвайфенезин 100.00 мг,
левоментол 1.00 мг,
қосымша заттар: сахароза, пропиленгликоль, глицерин, 70 % сорбит ерітіндісі, натрий бензоаты, лимон қышқылы, бояғыш Аннатто (E 160b), Ананас F-1141 хош иістендіргіші, Қара қарақат хош иістендіргіші F-1199, таңқурай хош иістендіргіші F-1236, тазартылған су.
Аннанто бояғышының құрамы (E 160b): пигмент (75 % Биксин), тазартылған су.
Сипаттамасы
Өзіне тән хош иісі бар мөлдір, қызғылт сары түсті шәрбат тәрізді сұйықтық.
Фармакотерапиялық тобы
Тыныс алу жолдарының обструктивті ауруларын емдеуге арналған препараттар. Тыныс алу жолдарының обструктивті ауруларын емдеуге арналған басқа препараттармен біріктірілген симпатомиметиктер.
АТХ коды R03СК
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сальбутамол. Ішке қабылдағанда сальбутамолдың сіңуі жоғары. Ас қабылдау сіңу жылдамдығын төмендетеді, бірақ биожетімділігіне ықпалын тигізбейді. Биожетімділігі 90% құрайды. 4 мг сальбутамолды ішке бір рет қабылдағаннан кейін қандағы ең жоғары концентрациясы (Cmax) - 18 нг/мл. Плазма ақуыздарымен байланысуы – 10%. Плацента арқылы өтеді. Бауырда және ішек қабырғасында жүйеалдылық метаболизмге ұшырайды, фенолсульфотрансфераза арқылы 4-0-сульфат эфиріне дейін белсенділігін жояды. Жартылай шығарылу кезеңі (T1/2) - 3.8-6 сағат. Бүйрек арқылы (69-90%), көбіне белсенді емес фенолсульфатты метаболит (60%) түрінде 72 сағат ішінде және өтпен бірге (4%) шығарылады.
Бромгексин гидрохлориді. Ішке қабылдағанда бромгексин 30 минут ішінде асқазан-ішек жолында іс жүзінде толық (99%) сіңеді. Биожетімділігі «бауырдан алғаш өту» әсері салдарынан 80% құрайды. Бромгексин плазмада ақуыздармен байланысады, гематоэнцефалдық бөгет және плацентарлық бөгет арқылы өтеді. Бауырда бромгексин деметилденуге және тотығуға ұшырайды, түзілген метаболиттердің бір бөлігі (амброксол) белсенділігін сақтайды. T1/2 тіндерден кері қарай баяу диффузиялану салдарынан 15 сағатты құрайды. Қабылдағаннан кейін шамамен 1 сағаттан соң Cmax жетеді. Бүйрек арқылы шығарылады. Көп рет қолданғанда бромгексин жиналып қалуы мүмкін.
Бүйректің созылмалы жеткіліксіздігінде бромгексин метаболиттерінің бөлініп шығуы бұзылады.
Гвайфенезин. АІЖ-ден сіңуі – тез (ішке қабылдағаннан кейін 25-30 минуттан соң). Жартылай шығарылу кезеңі – 1 сағат. Қышқыл мукополисахаридтері бар тіндерге өтеді. Бауырда метаболизденеді. Өкпе арқылы (қақырықпен бірге) және бүйрек арқылы белсенді емес метаболиттер түрінде шығарылады.
Ментол. Жүйелік сіңуінің төмен болуына байланысты фармакокинетикасы туралы деректер шектеулі. Несеппен және өтпен бірге глюкозид түрінде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Корилокс – бронхты кеңейтетін, муколитикалық және қақырық түсіретін әсері бар біріктірілген препарат. Сальбутамол, бромгексин гидрохлориді, гвайфенезин және ментолдың ұтымды біріктірілуінің арқасында тыныс алу жүйесі тарапынан функционалдық бұзылулардың айқындылығы тиімді түрде және тез азаяды.
Сальбутамол β2-адренорецепторлардың селективті агонисі болып табылады. Емдік дозаларда ол бронхтардың тегіс бұлшықеттерінің β2-адренорецепторларын, β1-адренорецепторларға елеусіз ықпалын тигізіп немесе тіпті ықпалын тигізбей-ақ, стимуляциялайды. Бронхтарды кеңейтетін әсер беріп, бронхтардың түйілуінің алдын алып немесе басып, өкпенің тіршілік сыйымдылығын арттырады, тыныс алу жолдарындағы кедергіні төмендетеді. Осылайша, сальбутамол тез бронхолитикалық әсер береді, ол 4-6 сағатқа созылады. Ұсынылатын емдік дозаларда жүрек-қантамыр жүйесіне теріс ықпалын тигізбейді, артериялық қысымды арттырмайды. Осы топтың дәрілік заттарымен салыстырғанда, аз дәрежеде, оң хроно- және инотроптық әсер көрсетеді. Коронарлы артериялардың кеңеюін туындатады.
Бірқатар метаболизмдік әсері бар: плазмада калий концентрациясын төмендетеді, гликогенолизге және инсулиннің бөлінуіне ықпалын тигізеді, гипергликемиялық (әсіресе бронх демікпесі бар пациенттерде) және липолитикалық әсер береді, ацидоздың даму қаупін арттырады.
Бромгексин гидрохлориді. Бромгексин вазициннің синтетикалық туындысы болып табылады (өсімдік текті биологиялық белсенді зат). Препарат муколитикалық (секретолитикалық) және қақырық түсіретін әсер береді. Қақырықтың тұтқырлығын төмендету және жыпылықтағыш эпителий кірпікшелерінің қозғалу белсенділігін арттыру қақырықтың бөлініп шығуының жақсаруына мүмкіндік береді. Бромгексин сондай-ақ эндогенді сурфактанттың түзілуін стимуляциялайды. Препараттың әсері емді бастағаннан кейін әдетте 1-2 күннен соң біліне бастайды.
Гвайфенезин – муколитикалық дәрі, бейтарап полисахаридтерді өндіретін бронхтардың шырышты қабықтарының секреторлы жасушаларын көтермелейді, қышқыл мукополисахаридтерді деполимеризациялайды, қақырықтың тұтқырлығын төмендетеді және көлемін арттырады, бронхтардың цилиарлы аппаратын белсенді етеді, қақырықтың шығарылуын жеңілдетеді және өнімсіз жөтелдің өнімді жөтелге ауысуына мүмкіндік береді. Бір реттік қабылдауда әсер ету ұзақтығы – 3,5- 4 сағат.
Ментол спазмолитикалық әсер береді, бронх бездерінің секрециясын жеңіл көтермелейді, антисептикалық қасиеттерге ие, тыныштандыратын әсер береді және тыныс алу жолдарының шырышты қабығының тітіркенуін азайтады.
Қолданылуы
-
Тұтқырлығы жоғары қиын бөлінетін қақырық түзілуімен қатар жүретін жедел және созылмалы бронхөкпе ауруларында (пневмония, трахеобронхит, обструктивті бронхит, өкпе эмфиземасы, муковисцидоз, өкпе туберкулезі, бронх демікпесі)
Қолдану тәсілі және дозалары
Ересектерге тәулігіне 3 рет 10 мл (2 шай қасық) шәрбаттан тағайындалады немесе дәрігердің тағайындауымен белгіленеді.
Емнің ұзақтығы әр адамға жекелей анықталады.
Жағымсыз әсерлері
Сальбутамол
Жиі
-
тахикардия
-
тремор, бас ауыру, бас айналу
Жиі емес
-
жүректің қағуы
-
жүйкенің ширығуы
-
жүректің айнуы, құсу
-
ауыз және жұтқыншақ шырышты қабығының тітіркенуі
-
дәм сезудің өзгеруі
-
бұлшықеттің түйілуі
Сирек
-
гипокалиемия, ол кортикостероидтармен, диуретиктермен және ксантиндермен күшеюі мүмкін
-
шеткергі вазодилятация
-
бұлшықет құрысулары
Өте сирек
- аса жоғары сезімталдық реакциялары (ангионевроздық ісіну, есекжем, бронхтың түйілуі)
- АҚ төмендеуі, коллапс, миокард ишемиясы, жүрек аритмиясы, жыпылықтағыш аритмияны, жүрекшелердің фибрилляциясын, суправентрикулярлы тахикардияны және экстрасистолияны қоса
- лактоацидоз
- ұйқышылдық, шаршау, кеуденің ауыруы
Бромгексин гидрохлориді
Сирек
-
жүректің айнуы, іштің ауыруы, құсу, іш өту
-
температураның жоғарылауы
-
аллергиялық реакциялар: тері бөртпесі, ангионевроздық ісіну, тұншығу, қышыну, есекжем
-
трансаминазалардың транзиторлық жоғарылауы
Өте сирек
-
анафилаксиялық реакциялар, соның ішінде анафилаксиялық шок. Өте сирек жағдайларда, бромгексин қабылдау уақытымен сәйкес келгенде, Стивенс-Джонсон синдромы және Лайелл синдромы сияқты ауыр тері реакциялары байқалды.
Гвайфенезин
Сирек
-
жайсыздықты сезіну, жүректің айнуы
-
бас айналу, бас ауыру, ұйқышылдық
-
аллергиялық реакциялар: тері бөртпесі, есекжем
Ментол
Сирек
-
аллергиялық реакциялар: тері бөртпесі, есекжем
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық
-
тахикардия, аритмиялар, миокардит, жүрек ақаулары
-
декомпенсацияланған қант диабеті
-
тиреотоксикоз
-
глаукома
-
бауыр немесе бүйрек жеткіліксіздігі
-
асқазан және он екі елі ішектің ойық жара ауруының өршу сатысы, асқазан-ішектен қан кету
-
жөтелге қарсы дәрілерді, селективті емес β-адреноблокаторларды және моноаминооксидаза (МАО) тежегіштерін бір мезгілде қолдану
-
тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, глюкоза мальабсорбциясы
-
жүктілік және лактация кезеңі
-
18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдерге
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Корилоксті құрамында кодеин бар препараттармен және жөтелге қарсы басқа да дәрілермен бір мезгілде тағайындамайды, өйткені бұл сұйылтылған қақырықтың бөлініп шығуын қиындатады.
Сальбутамол. МАО тежегіштері және үшциклді антидепрессанттар сальбутамолдың әсерін күшейтеді, АҚ күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Ингаляциялық түрде тағайындалатын антихолинергиялық дәрілік заттар көзішілік қысымды арттыруы мүмкін. Сальбутамол селективті емес бета-адреноблокаторлармен үйлеспейді. Диуретиктер және глкюкокортикостероидтар сальбутамолдың гипокалиемиялық әсерін күшейтеді.
Бромгексин гидрохлориді. Препараттың құрамына кіретін бромгексин микробтарға қарсы емнің алғашқы 4-5 күнінде антибиотиктердің (амоксициллин, эритромицин, цефалексин, окситетрациклин), сульфаниламидтік препараттардың өкпе тіндеріне және бронх секретіне өтуіне мүмкіндік береді. Бромгексинді бронхөкпе ауруларын емдеуге қолданылатын басқа препараттармен бір мезгілде тағайындауға болады. Бромгексинді жөтелге қарсы дәрілермен (соның ішінде кодеин бар) бір мезгілде тағайындамайды, өйткені олар Бромгексинмен сұйылтылған қақырықтың жөтелмен бөлініп шығуын қиындатуы мүмкін. Бромгексин сілтілік ерітінділермен үйлеспейді.
Корилоксті сілтілік сусынмен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.
Гвайфенезин. Құрамында гвайфенезин бар Корилокс шәрбаты препаратын моноаминоксидаза тежегіштері тобына жататын антидепрессанттармен бір мезгілде, сондай-ақ оларды тоқтатқаннан кейін 2 апта ішінде тағайындамаған жөн. Құрамында кодеин бар препараттарды бірге тағайындамаған жөн, өйткені ол сұйылтылған қақырықтың бөлініп шығуын қиындатады. Препарат бронхолитиктермен, микробтарға қарсы дәрілермен, жүрек гликозидтерімен бірге қолданылуы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
1 шай қасық (5 мл) шәрбатта 6 г сахароза бар. Дозалау режимі жөніндегі нұсқауларды сақтағанда пациент бір қабылдауға 6 г бастап (1 шай қасық) 12 г дейін (1 ас қасық) сахароза қабылдайды.
5 мл шәрбаттың құрамында 1,8 г сорбит бар, ол 0,17 нан бірлігіне сәйкес келеді.
Гвайфенезин несептің түсін қызғылт түске бояйды.
Корилокс шәрбаты препаратын сілтілік сусынмен бір мезгілде қабылдауға болмайды.
Корилокс шәрбатын жиі қолдану бронхтың түйілуінің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін, осыған байланысты препараттың кезекті дозаларын қабылдау арасында бірнеше сағат (6 сағат) үзіліс жасау қажет. Осы аралықтарды қысқарту айрықша жағдайларда ғана орын алуы мүмкін.
4-5 күн ішінде әсері болмаған жағдайда, дәрігерден кеңес алу қажет.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препаратты қабылдау кезеңінде, орталық жүйкесі тарапынан бас айналу, ұйқышылдық және т.б. жағымсыз әсерлер білінуі мүмкін болғандықтан, автокөлікті және үйлесімділік дәлдігін, реакциялар шапшаңдығын және зейінді жұмылдыруды қажет ететін басқа қызмет түрлерін басқаруды тоқтата тұрған дұрыс.
Артық дозалануы
Симптомдары: стенокардия, тахикардия (ЖЖЖ минутына 200 ретке дейін соғады), жүректің қағуы, аритмия, бас айналу, ауыздың құрғауы, шаршау, бас ауыру, гипергликемия (гипогликемияны ауыстыратын), АҚ төмендеуі немесе жоғарылауы, гипокалиемия, ұйқысыздық, дімкәстік, жүректің айнуы, жүйкенің ширығуы, құрысулар, тремор.
Емі: симптоматикалық – асқазанды шаю, тахиаритмияларда кардиоселективті бета-адреноблокаторларды енгізеді (бронх түйілуінің пайда болу қаупіне байланысты сақтықпен).
Шығарылу түрі және қаптамасы
Балалардан қорғайтын жүйесі бар қақпақпен жабылатын қоңыр шыны құтыға 100 мл, 150 мл және 200 мл шәрбаттан құйылған.
1 құты өлшеуіш стақанмен және медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Салқын, құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 150С-ден 250С-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Құтыны ашқаннан кейінгі қолдану мерзімі 15 тәуліктен аспау керек.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Oxford Laboratories Pvt. Ltd.,
В306, Кристал Плаза, Нью Линк Роуд,
Андхери (Вест), Мумбай,
Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
Oxford Laboratories Pvt. Ltd., Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
Оксфорд Лабораториз Пвт., Лтд өкілдігі
Алматы қ., Әуезов к-сі 3
Тел./факс + 7 727 266 95 50
E-mail: almatyoxford@hotmail.com