Конарекс

МНН: Флуконазол
Производитель: PHARMATHEN S.A.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Fluconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020744
Информация о регистрации в РК: 14.08.2014 - 14.08.2019
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 519.15 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Конарекс

Халықаралық патенттелмеген атауы

Флуконазол

Дәрілік түрі

Капсулалар, 150 мг

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді зат - 150 мг флуконазол,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, желатинделген жүгері крахмалы, кремнийдің коллоидты қостотығы, магний стеараты, натрий лаурилсульфаты,

капсула қабығының құрамы: титанның қостотығы Е 171, хинолинді сары Е104, күн батар түстес сары Е 110, желатин.

Сипаттамасы

Ішінде ақтан ақ дерлік түске дейінгі өзіне тән әлсіз иісті ұнтақ бар, өлшемі 0 ашық - сары түсті капсулалар.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар.

Триазол туындылары. Флуконазол.

АТХ коды J02AC01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетика

Флуконазолдың көктамыр ішіне (к/і) енгізгендегі және ішке қабылдағандағы фармакокинетикасы ұқсас.

Ішке қабылдағаннан кейін Флуконазол жақсы сіңеді, жалпы биожетімділігі - 90%. Бір мезгілде ас ішу препараттың ішке қабылдағандағы сіңуіне әсер етпейді. Плазмадағы концентрациясы ең жоғарғысына Флуконазолды ақшарынға қабылдағаннан кейін 0,5-1,5 сағаттан соң жетеді. Плазмадағы концентрациясы дозасына пропорциональді.

Ішке қабылдағаннан кейін флуконазол жақсы сіңеді және плазадағы деңгейлері (және жүйелі биожетімділігі) көктамыр ішіне енгізгеннен кейін жеткен деңгейінің 90 %-ынан астамын құрайды. 

Тепе-теңдік концентрациясының 90% деңгейіне емдеу басталғаннан кейінгі 4-5 күнге қарай жетеді (препаратты тәулігіне бір реттен бірнеше рет қабылдағанда).

Орташа тәуліктік дозасынан 2 есе артық екпінді дозасын 1-ші күні қабылдау 2-ші күнге қарай (Css) 90% концентрациясына жетуге мүмкіндік береді. Болжамды таралу көлемі (Vd) организмдегі судың жалпы құрамына жуықтайды. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы төмен (11-12%).

Флуконазол организмнің барлық сұйықтықтарына жақсы өтеді. Флуконазолдың сілекей мен қақырықтағы деңгейлері оның қан плазмасындағы концентрацияларына ұқсас. Зеңдік менингитпен науқастарда флуконазолдың жұлын сұйықтығындағы деңгейлері оның қан плазмасындағы деңгейінің 80%-ға жуығын құрайды.

Мүйізгекті қабатта, эпидермисте және тер сұйықтығында сарысудағығыдан артық концентрацияларына жетеді Флуконазол мүйізгекті қабатта жинақталады. 50 мг дозада тәулігіне 1 рет қабылдағанда флуконазолдың концентрациясы 12 күннен кейін 73 мкг/г, ал емдеуді тоқтатқаннан кейін 7 күннен соң - тек 5.8 мкг/г құраған. 150 мг дозада аптасына 1 рет қабылдағанда флуконазолдың мүйізгекті қабаттағы концентрациясы 7-ші күні 23.4 мкг/г, ал екінші дозасын қабылдағаннан кейін 7 күннен соң – 7.1 мкг/г құраған.

Флуконазолдың тырнақтардағы концентрациясы аптасына 1 рет 150 мг дозада 4 ай қолданғаннан кейін зақымдалған тырнақтарда 1.8 мкг/г құраған; флуконазолмен емдеу аяқталғаннан кейін 6 айдан соң, бұрынғыша, тырнақтарда анықталған.

Препарат негізінен, бүйрекпен шығарылады; енгізілген дозасының шамамен 80%-ы несепте өзгеріссіз күйде анықталады. Конарекстің клиренсі креатинин клиренсіне пропорциональді. Айналымдағы метаболиттері анықталмаған.

Жартылай шығарылу кезеңі - ұзақ (30 сағат).

Қан плазмасынан ұзақ T1/2  флуконазолды қынап кандидозы кезінде бір рет және басқа көрсетілімдерде тәулігіне 1 рет немесе аптасына 1 рет қабылдауға мүмкіндік береді.

Ерекше клиникалық жағдайлардағы фармакокинетикасы

Балаларда  флуконазолдың төмендегідей фармакокинетикалық параметрлері анықталған:

Балалардың жасы

Доза (мг/кг)

Жартылай шығарылу кезеңі (сағат)

AUC (мкг. сағ/мл)

11 күн –

11 ай

Бір реттік доза- 3 мг/кг

23

110.1

9 ай –

13 жас

Бір реттік доза – ішке 2 мг/кг

25.0

94.7

9 ай –

13 жас

Бір реттік доза - ішке 8 мг/кг

19.5

362.5

5 жас-15 жас

Көп реттік доза - 2 мг/кг

17.4

67.4

5 жас-15 жас

Көп реттік доза- 4 мг/кг

15.2

139.1

5 жас-15 жас

Көп реттік доза - 8 мг/кг

17.6

196.7

Орташа жасы 7 жас

Көп реттік доза - ішке 3 мг/кг

15.5

41.6

Шала туылған сәбилерге (дамуы 28 аптаға жуық) флуконазолды к/і әр 3 күн сайын 6 мг/кг дозада, балалар қарқынды емдеу бөлімінде (ҚЕБ) болған кезде, ең көбі 5 дозасы енгізілгенге дейін енгізілген. Орташа T1/2 1-ші күні 74 сағатты құраған, 7-ші күні орташа алғанда 53 сағатқа дейін және 13-ші күні орташа алғанда 47 сағат қа дейін азайған (27-68 сағат шегінде).

AUC мәндері 1-ші күні 271 мкг×сағ/мл құраған, содан кейін 7-ші күні 490 мкг×сағ/мл дейін артқан және 13-ші күнге қарай орташа алғанда 360 мкг×сағ/мл дейін төмендеген.

Vd 1-ші күні 1183 мл/кг құраған, содан кейін 7-ші күні орташа алғанда 1184 мл/кг дейін және 13-ші күні - 1328 мл/кг дейін артқан.

Егде жастағы емделушілерде (65 жастағы және одан үлкен) 

Егде жастағы емделушілердегі фармакокинетикалық параметрлерінің мәндері жас емделушілерге қарағанда жоғары. Диуретиктермен бірге қабылдау AUC немесе Cmax болар-болмас өзгерткен. Бұдан өзге, креатинин клиренсінің (74 мл/мин), дәрінің несептегі өзгеріссіз күйдегі қалпына келтірілген пайызының (0-24 сағат, 22%) және флуконазолдың бүйректік клиренсінің мәндері (0.124 мл/мин/кг) егде жастағы науқастар үшін әдетте, жастардағы осындай мәндерге қарағанда төмен. Флуконазолды қабылдап жүрген егде жастағы емделушілердегі фармакокинетикалық параметрлерінің жоғарырақ мәндері, егде жастағыларға тән бүйрек функциясының төмендеуімен байланысты болуы ықтимал.

Фармакодинамикасы

Конарекстің Р - 450 цитохромына тәуелді зең ферменттеріне қатысты спецификалылығы жоғары.

Конарекс, зеңге қарсы триазольдік дәрі, зең жасушаларында стеролдардың синтезінің селективті тежегіші болып табылады.

Конарекс оппортунистік микоздарда, соның ішінде жайылған кандидозды қоса Candida spp-ден туындаған; бассүйекішілік жұқпаларды қоса Cryptococcus neoformans-тен; Microsporum spp. және Trychoptyton spp-ден туындаған жұқпалар кезінде белсенділік танытады. Сондай-ақ флуконазолдың бассүйекішілік жұқпаларды қоса, Blastomyces dermatitidis, Coccidioides immitis-тен туындаған және Histoplasma capsulatum-нен туындаған жұқпаларды қоса, эндемиялық микоздар кезіндегі белсенділігі анықталған.

Тәулігіне 50 мг Конарекспен 28 тәулікке дейін емдеу ерлерде тестостеронның плазмадағы концентрациясына немесе бала көтеретін жастағы әйелдерде стероидтардың концентрациясына әсер етпеген.

Қолданылуы

- криптококкозда, криптококтық менингит пен басқа жерлерде орналасқан жұқпаларды қоса (мысалы, өкпедегі, терідегі), соның ішінде иммундық жауабы қалыпты науқастарда және ЖИТС-пен науқастарда, ауыстырылып қондырылған органдар реципиенттерінде және иммунитет тапшылығының басқа түрлерімен науқастарда; ЖИТС-пен науқастарда криптококкоздың қайталануының алдын алу мақсатындағы демеуші емде

- кандидемияны, диссеминацияланған кандидозды қоса, жайылған кандидозда және ішперде, эндокард, көз, тыныс алу және несеп жолдарының жұқпалары сияқты инвазивтік кандидоздық жұқпаның басқа түрлерінде, соның ішінде қатерлі ісіктері бар, қарқынды емдеу бөлімшелеріндегі және цитоуытты немесе иммуносупрессивтік емдеудегі науқастарда, сондай-ақ кандидоздың дамуына бейім басқа факторлары бар науқастарда

- ауыз қуысының шырышты қабықтарын, жұтқыншақты, өңешті қоса шырышты қабықтардың кандидозында, инвазивтік емес бронх-өкпе жұқпаларында, кандидурияда, иммундық функциясы қалыпты және бәсеңдеген науқастардағы ауыз қуысының тері-шырышты және созылмалы атрофиялық кандидозында (тіс протездерін тағумен байланысты), ЖИТС-пен науқастарда орофарингеальді кандидоздың қайталануының алдын алуда

- гениталий кандидозында, жедел немесе қайталанатын қынап кандидозында, қынап кандидозының жиілігін азайту мақсатында алдын алуда (жылына 3 және одан көп көрініс), кандидоздық баланитте

- цитоуытты химиотерапияның немесе сәулемен емдеудің нәтижесінде ондай жұқпалардың дамуына бейім қатерлі жаңа түзілімдері бар науқастардағы зең жұқпаларының алдын алуды

- дерматомикозда, табанның, арқаның тегіс терісінің, аяқ-қолдардың микоздарын, кебектәрізді теміреткіні, онихомикоз және терінің кандидоздық жұқпаларын қоса

- иммунитеті қалыпты науқастардағы терең эндемиялық микоздарда, кокцидиоидомикозда, паракокцидиоидомикозда, споротрихоз және гистоплазмозда.

Қолдану тәсілі және дозалары

Капсулалар ішке қабылдауға арналған. Капсулаларды тұтастай жұтады.

Емдеуді егу және басқа зертханалық зерттеулер нәтижелері алынғанға дейін бастауға болады. Алайда, жұқпаға қарсы емдеуді аталған зерттеулердің нәтижелері белгілі болған кезде тиісінше жолмен өзгерту қажет.

Конарекстің тәуліктік дозасы зең жұқпасының сипаты мен ауырлығына тәуелді.

Жұқпалардың көп реттік дозалармен емдеуді қажет ететін түрлері үшін емдеу, зертханалық тестілердің клиникалық көрсеткіштері белсенді зеңдік жұқпаның қайтқанын көрсеткенше жалғасуы тиіс. Емдеудің талапқа сай жүргізілмеген кезеңі белсенді жұқпаның қайталануына алып келуі мүмкін. ЖИТС және криптококтық менингиті немесе қайталанатын орофарингеальді кандидозы бар науқастар аурудың қайталануын болдырмас үшін әдетте демеуші емді қажет етеді.

Флуконазолдың күнделікті дозасы зең жұқпасының сипатына және ауырлық дәрежесіне негізделуі тиіс.

Ересектерде қолданылуы

1. Криптококтық менингит және басқа жерлерде орналасқан криптококтық жұқпалар кезінде бірінші күні әдетте 400 мг тағайындайды, содан кейін емдеуді тәулігіне бір рет 200-400 мг дозада жалғастырады. Криптококтық жұқпаларды емдеу ұзақтығы клиникалық және микологиялық әсерінің бар-жоқтығына байланысты болады; криптококтық менингит кезінде емдеу әдетте кемінде 6-8 апта бойына жалғасады.

Конарекстің ЖИТС-пен науқастарда криптококтық менингиттің қайталануының алдын алу үшін ұсынылатын дозасы тәулігіне 200 мг.

2. Кандидемия, диссеминацияланған кандидоз және басқа инвазивтік емес кандидоздық жұқпалар кезінде дозасы әдетте бірінші күні 400 мг, сосын тәулігіне 200 мг құрайды. Клиникалық әсерінің айқындығына байланысты, дозасын тәулігіне 400 мг дейін арттыруға болады.

Емдеу ұзақтығы клиникалық және микологиялық әсеріне байланысты болады.

3. Орофарингеальді кандидоз кезінде бірінші күні препаратты әдетте 200 м-ден тағайындайды, содан кейін тәулігіне бір рет 100 мг-ден жалғастырады. Қайталану ықтималдығын төмендету үшін, емдеуді 2 апта бойы жалғастырады.

Тіс протездерін тағумен байланысты атрофиялық оральді кандидоз кезінде, препаратты әдетте 14 ай бойы 50 мг дозада тәулігіне бір рет протезді өңдеуге арналған жергілікті антисептикалық дәрілермен бірге тағайындайды.

Шырышты қабықтардың басқа кандидоздық жұқпаларында (гениталий кандидозын қоспағанда, төменнен қараңыз), мысалы, эзофагит, инвазивтік емес бронх-өкпе жұқпалары, кандидурия, тері кандидозы кезіндегі тиімді дозасы емдеу ұзақтығы 14-30 күн болған кезде әдетте тәулігіне 50-100 мг құрайды.

ЖИТС-пен науқастарда орофарингеальді кандидоздың қайталануының алдын алу үшін бастапқы емдеудің толық курсын аяқтағаннан кейін Конарексті аптасына бір рет 150 мг-ден тағайындауға болады.

4. Қынап кандидозы кезінде Конарексті 150 мг дозада бір рет ішке тағайындайды. Қынап кандидозының алдын алу үшін препаратты 150 мг дозада айына бір рет қолдануға болады. Емдеу ұзақтығы жекелей анықталады; ол 4 айдан 12 айға дейін ауытқып тұрады.

Кандидоздық баланит кезінде Конарексті 150 мг дозада ішке тағайындайды.

5. Қатерлі ісіктері бар науқастарда зең жұқпаларының алдын алу үшін Конарекстің ұсынылатын дозасы зең жұқпасы дамуының қауіп дәрежесіне байланысты тәулігіне бір рет 50-400 мг құрайды. Жайылған жұқпа қаупі жоғары, мысалы, айқын немесе ұзақ нейтропениясы бар науқастар үшін ұсынылатын дозасы тәулігіне бір рет 400 мг құрайды.

6. Тері микоздарында, табанның, тегіс терінің, шап аймағының микоздарын қоса, ұсынылатын дозасы аптасына бір рет 150 мг немесе тәулігіне бір рет 50 мг құрайды. Емдеу ұзақтығы әдетте 2-4 аптаны құрайды, алайда табан микоздары кезінде ұзағырақ (6 аптаға дейін) емдеу қажет болуы мүмкін.

Кебектәрізді теміреткі кезінде ұсынылатын дозасы 2 апта бойы аптасына бір рет 300 мг құрайды; кейбір науқастарға аптадағы үшінші 300 мг дозасы қажет болуы мүмкін, ал кейбір науқастар үшін бір рет 300-400 мг қабылдау жеткілікті болуы мүмкін. Емдеудің баламалы сызбасы препаратты 2-4 апта бойы тәулігіне бір рет 50 мг қолдану болып табылады.

Онихомикоз кезінде ұсынылатын дозасы аптасына бір рет 150 мг құрайды емдеуді сау тырнақ пластинасы пайда болғанша жалғастыру керек. Саусақтар мен аяқтардың тырнақтары қайта өсуі үшін әдетте, сәйкесінше 3-6 ай және 6-12 ай қажет болуы мүмкін. Алайда, өсу жылдамдығы әр адамда, сондай-ақ жас шамасына байланысты әр түрлі шекте ауытқып тұруы мүмкін. Ұзақ сақталған созылмалы жұқпаларды сәтті емдеп шыққаннан кейін кейде тырнақ пішінінің өзгергені байқалады.

7. Терең эндемиялық микоздар кезінде препаратты тәулігіне 200-400 мг дозада қолдану қажет болуы мүмкін. Емдеу ұзақтығы жекелей анықталады.

Егде жастағыларда қолданылуы

Бүйрек жеткіліксіздігінің белгілері жоқ кезде препаратты әдеттегі дозада тағайындайды.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда қолданылуы

Бір рет қабылдағанда дозасын өзгерту қажет емес. Бүйрек функциясының бұзылуы бар науқастарда препаратты көп рет қолданғанда бастапқыда 50 мг-ден 400 мг дейінгі екпінді дозасын енгізу керек, содан кейін тәуліктік дозасын (көрсетілімге байланысты) төмендегі кестеге сәйкес белгілейді:

Креатинин клиренсі (мл/мин)

Ұсынылатын дозасының пайызы

>50

≤50 (диализсіз)

Жүйелі диализ

100%

50%

Әр диализден кейін 100%

Егде жастағыларда қолданылуы

Бүйрек жеткіліксіздігінің белгілері жоқ болса, препаратты әдеттегі дозада тағайындайды.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда қолданылуы

Бір рет қабылдағанда дозасын өзгерту қажет емес. Балаларды қоса, бүйрек функциясының бұзылуы бар науқастарда көп рет қолданғанда бастапқыда 50 мг-ден 400 мг дейінгі тәуліктік екпінді дозасын енгізу керек, содан кейінгі тәуліктік дозасын (көрсетілімге байланысты) төмендегі кестеге сәйкес белгілейді:

Креатинин клиренсі (мл/мин)

Ұсынылатын дозасының пайызы

>50

≤50 (диализсіз)

Жүйелі диализ

100%

50%

Әр диализден кейін 100%

Жүйелі диализде жүрген науқастар әр диализден кейін ұсынылатын дозасының 100%-ын қабылдауы тиіс; диализ жоқ күндері, науқастар өзінің креатинин клиренсіне сәйкес азайтылған дозасын қабылдауы тиіс.

Жағымсыз әсерлері

Жиі (≥1/100-дан <1/10 дейін)

- бас ауыруы

- жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы, диарея

- сілтілік фосфатаза деңгейінің, сарысулық аминотрансферазалар деңгейінің (АЛТ және АСТ) жоғарылауы

- бөртпе

Жиі емес (≥1/1,000-дан ≤1/100 дейін)

- ұйқысыздық, ұйқышылдық

- құрысулар, бас айналуы, парестезия, дәм сезудің өзгеруі

- вертиго

- диспепсия, метеоризм, ауыздың құрғауы

- холестаз, сарғаю, билирубин деңгейінің жоғарылауы

- қышыну, есекжем, қатты терлеу,

- миалгия

- шаршау, дімкәстану, әлсіздік қызба

Сирек (≥1/10,000-дан ≤1/1,000 дейін)

- агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения

- анафилаксия, ангионевротикалық ісіну

- гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, гипокалиемия

- тремор

- тахикардия, қарыншалардың жыпылықтауы/дірілдеуі, QT аралығының ұзаруы

- диспепсия, метеоризм, ауыздың құрғауы

- гепатоуыттылық, бауыр жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлық некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлық зақымданулар

- уытты эпидермальді некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, жедел жайылған экзантематоздық пустулез, эксфолиативтік дерматит, беттің ісінуі, алопеция

ЖИТС-пен немесе обырмен науқастарда, Конарекспен және ұқсас препараттармен емдеу кезінде қан, бүйрек және бауыр функциясының өзгерістері байқалған, алайда ол өзгерістердің клиникалық маңызы мен олардың емдеумен байланыстылығы анықталмаған.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- флуконазолға, препараттың басқа компоненттеріне немесе флуконазолға құрылымы жағынан ұқсас азолдық заттарға жоғары сезімталдық

- Конарексті тәулігіне 400 мг және одан да көп дозада көп рет қолдану кезінде терфенадинді бір мезгілде қабылдау

- QT аралығын ұзартатын және CYP3A4 ферменті арқылы метаболизденетін, цизаприд, астемизол, эритромицин, пимозид және хинидин сияқты дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау

- Конарекс капсулаларының құрамында лактоза болғандықтан, сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылық мәселелері, лактоза жеткіліксіздігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар науқастар

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балаларда (препараттың құрамында балаларда қолдануға тыйым салынған бояғыштар: хинолинді сары Е104, күн батар түстес сары Е 110 болуына байланысты)

Сақтықпен

Флуконазолды қолдану аясында бауыр функциясы көрсеткіштерінің бұзылуы; беткейлік зең жұқпасы және инвазивтік/жүйелі зең жұқпалары бар науқастарда флуконазолды қолдану аясында бөртпенің пайда болуы; терфенадин мен флуконазолды тәулігіне 400 мг аз дозада бір мезгілде қолдану; көптеген қауіп факторлары бар науқастардағы (жүректің органикалық аурулары, электролиттік теңгерім бұзылулары және осындай бұзылулардың дамуына ықпал ететін қатарлас ем) аритмияға ізашар жағдайлар.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Басқа дәрілік препараттардың Конарекске әсері

Гидрохлоротиазид: гидрохлоротиазид пен Конарексті бір мезгілде қолдану Конарекстің плазмадағы концентрациясын 40%-ға арттырады. Бұл артудың әсері қатарлас диуретиктерді қабылдап жүрген емделушілерде Конарекстің дозасын өзгертуді қажет етпейді.

Рифампицин: Конарекс пен рифампицинді бір мезгілде қолдану Конарекстің AUC (концентрация-уақыт қисығы астындағы ауданы) 25%-ға төмендеуіне және жартылай шығарылу кезеңінің 20%-ға төмендеуіне алып келеді. Рифампицинмен қатарлас ем алып жүрген науқастарда, Конарекстің дозасын арттыру қажет.

Конарекстің басқа дәрілік препараттарға әсері

Конарекс P450 (CYP) 2C9 цитохромы изоферментінің күшті тежегіші және CYP3A4 ферментінің орташа тежегіші болып табылады. Төменде көрсетілген өзара әрекеттесулерден басқа, Конарекспен бір мезгілде қолданылғанда CYP2C9 және CYP3A4 ферменттерімен метаболизденетін басқа қосылыстардың плазмадағы концентрацияларының арту қаупі бар. Сондықтан, бұл біріктірілімдерін пайдаланғанда сақтық таныту керек, ал науқастарды мұқият бақылау қажет. Конарекстің фермент-тежегіштік әсері, жартылай шығарылу кезеңі ұзақ болғандықтан, Конарекспен емдеуден кейін 4-5 ай сақталады.

Альфентанил: Конарекспен бір мезгілде емдеу кезінде альфентанил клиренсі мен таралу көлемінің азаюы, сондай-ақ T½ (жартылай шығарылу кезеңінің) ұзарғаны байқалады. Болуы мүмкін әсер ету механизмі Конарекстің CYP3A4 ферментін тежеуі болып табылады. Альфентанилдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Амитриптилин, нортриптилин: Конарекс амитриптилин мен нортриптилиннің әсерін күшейтеді. 5-нортриптилин және/немесе S-амитриптилинді біріктірілген емнің басында және бір аптадан кейін өлшеуге болады. Егер қажет болса, амитриптилин/нортриптилиннің дозаслары түзетілуі тиіс.

Амфотерицин B: Конарекс пен амфотерицин B-ны иммунитеті қалыпты және әлсіреген, жұқпа жұқтырған тышқандарда бір мезгілде қолдану мынадай нәтижелер көрсеткен: C. Albicans-тен туындаған жүйелі жұқпалар кезінде аздаған қосымша зеңге қарсы әсер, Cryptococcus neoformans-тен туындаған бассүйекішілік жұқпа кезінде ешқандай өзара әрекеттесу жоқ, A. Fumigatus-тен туындаған жүйелі жұқпаға екі препараттың антагонизмі. Бұл зерттеуден алынған клиникалық маңызды нәтижелер белгісіз.

Антикоагулянты: Конарекс варфаринмен бір мезгілде қолданғанда протромбиндік уақытты арттырады (12%). Ммаркетингтен кейінгі зерттеуде, зеңге қарсы басқа азолдық препараттармен жағдайдағы сияқты, Конарексті варфаринмен бір мезгілде қабылдаған науқастарда протромбиндік уақыттың ұзаруымен байланысты қан кету көріністері (гематома, мұрыннан қан кету, асқазан-ішектен қан кету, гематурия және мелена) туралы хабарланған. Кумариндік қатардың антикоагулянттарын қабылдағандарда протромбиндік уақытты мұқият бақылау қажет. Варфариннің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Азитромицин: Конарекс пен азитромициннің арасында ешқандай елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталмаған.

Бензодиазепиндер (қысқа әсері бар): мидазоламмен бір мезгілде қолданылғанда, Конарекс мидазолам концентрациясының едәуір артуына және психомоторлық әсерлерге алып келеді. Мидазоламға бұл әсері көктамыр ішіне енгізгеннен кейінгіге қарағанда Конарексті ішу арқылы қабылдағаннан кейін айқынырақ болған. Егер Конарексті қабылдап жүрген науқастарға, бензодиазепиндермен қатарлас емдеу қажет болса, бензодиазепиндердің дозасын төмендету, ал науқастарды мұқият бақылау қажет.

Конарекс триазоламның метаболизмін тежеуіне байланысты, триазоламның AUC (бір реттік доза) шамамен 50%-ға, Cmax 20-32%-ға және t½ 25-50 %-ға арттырады. Триазоламның дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Карбамазепин: Конарекс карбамазепиннің метаболизмін тежейді және соңғысының сарысудағы концентрациясын 30%-ға арттырады. Карбамазепиндік уыттылықтың даму қаупі бар. Концентрациясын/әсерін өлшеулерге байланысты карбамазепиннің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Кальций өзекшелерінің блокаторлары: кейбір кальций өзекшелерінің антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. Конарекс кальций өзекшелері антагонистерінің жүйелі әсерін едәуір арттыруы мүмкін. Препараттардың жағымсыз әсеріне жиі мониторинг жүргізу ұсынылады.

Флуконазолдың кальций өзекшелері антагонистеріне жүйелі әсер ету мүмкіндігі бар. Жағымсыз құбылыстарға жиі мониторинг жүргізу ұсынылады.

Целекоксиб: Конарекспен (тәулігіне 200 мг) және целекоксибпен (200 мг) қатарлас емдеу кезінде целекоксибтің Cmax және AUC сәйкесінше 68% және 134%-ға артқан. Целекоксибтың Конарекспен біріккен жарты дозасы қажет болуы мүмкін.

Циклоспорин: Конарекс циклоспориннің концентрациясы мен AUC едәуір арттырады. Бұл біріктірілімді циклоспориннің дозасын оның концентрациясына байланысты төмендету арқылы пайдалануға болады.

Циклофосфамид: циклофосфамид пен Конарексті біріктіріп емдеу қан сарысуындағы билирубин мен креатинин деңгейлерінің артуына алып келеді. Біріктірілімін қан сарысуындағы билирубин және креатинин деңгейлерінің арту қаупі пайда болғанға дейін пайдалануға болады.

Фентанил: Конарекс фентанилдің элиминациясын айтарлықтай кідіртеді. Фентанил концентрациясының жоғарылауы тыныс алудың жеткіліксіздігіне алып келуі мүмкін.

Галофантрин: CYP3A4-ке тежегіштік әсеріне байланысты, Конарекс галофантриннің плазмадағы концентрациясын арттыруы мүмкін.

Гидроксиметилглутарил-кофермент A-редуктаза (ГМГ-КоA-редуктаза) тежегіштері: Конарексті аторвастатин және симвастатин сияқты CYP3A4 арқылы метаболизденетін немесе флувастатин сияқты CYP2C9 арқылы метаболизденетін ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерімен тағайындағанда, миопатия және қаңқа бұлшықеттерінің жедел некрозының (рабдомиолиз) даму қаупі артады. Егер қатарлас емдеу қажет болса, науқас миопатия және рабдомиолиз симптомдарының пайда болуына қадағалануы тиіс, сондай-ақ креатинкиназа деңгейіне бақылау жүргізілуі тиіс. Егер креатинкиназа деңгейінің айтарлықтай жоғарылауы байқалса немесе егер миопатия / рабдомиолиз дамуы диагностикаланса немесе күдік болса ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерін қабылдауды тоқтату керек.

Лозартан: Конарекс лосартанның, Лозартанмен емдеу кезінде орын алған оның ангиотензин II рецепторлары антагонизмінің көп бөлігіне жауап беретін белсенді метаболитіне (Е-31 74) метаболизденуін тежейді. Науқастар артериялық қысымын үнемі бақылап отыруы тиіс.

Метадон: Конарекс метадонның қан сарысуындағы концентрацияларын арттыруы мүмкін. Метадонның дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): флурбипрофеннің Cmax және AUC, флурбипрофенмен монотерапиямен салыстырғанда, Конарекспен бір мезгілде тағайындалғанда, сәйкесінше 23% және 81%-ға артады. Осы сияқты, фармакологиялық белсенді изомерінің [S-(+)-ибупрофен] Cmax және AUC, Конарекс ибупрофеннің рацемиялық қоспасымен (400 мг) бір мезгілде тағайындалғанда, соңғысының монотерапиясымен салыстырғанда сәйкесінше 15% және 82%-ға артқан.

Конарекс CYP2C9 арқылы метаболизденетін (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) басқа ҚҚСП жүйелік әсерін күшейтуі мүмкін. Жағымсыз әсері мен ҚҚСП-мен байланысты уыттылығына жиі мониторинг жүргізіп отыру ұсынылады. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Пероральді контрацептивтер: Конарекс 50 мг дозасының гормондар деңгейіне ешқандай маңызды әсері білінбеген, бұл кезде 200мг тәуліктік дозада да, этинилэстрадиол мен левоноргестрел AUC (концентрация-уақыт қисығы астындағы ауданы) сәйкесінше 40% және 24%-а артқан. Осылайша, Конарексті мұндай дозаларды көп рет қолдану ұрықтануға қарсы біріктірілген пероральді препараттардың тиімділігіне әсер ету-етпеуі екіталай.

Фенитоин: Конарекс фенитоиннің бауырлық метаболизмін тежейді. Бір мезгілде қабылдағанда, фенитоиндік уыттылықты болдырмас үшін, фенитоиннің қан сарысуындағы концентрациясының деңгейлері тексерілуі тиіс.

Преднизон: Конарекспен және преднизонмен ұақ уақыт бойы емделіп жүрген науқастарда Конарексті қабылдауды тоқтатқаннан кейін бүйрекүсті безі қыртыстары жеткіліксіздігінің дамуы бақылануы тиіс.

Рифабутин: Конарекспен бір мезгілде қолдану рифабутиннің қан сарысуындағы деңгейлерінің 80%-ға дейін артуына алып келеді. Конарекс пен рифабутин бір мезгілде тағайындалған науқастарда увеит дамыған жағдайлар туралы хабарланған. Рифабутин мен Конарексті бір мезгілде қабылдап жүрген науқастардың жағдайын мұқият бақылау қажет.

Саквинавир: Конарекс саквинавир AUC шамамен 50%-ға, Cmax шамамен 55%-ға арттырады және саквинавир клиренсін шамамен 50%-ға саквинавирдің бауырлық метаболизмін CYP3A4 арқылы тежеудің есебінен және Р-гликопротеинді тежеу арқылы арттырады. Саквинавирдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Сиролимус: Конарекс сиролимустың плазмалық концентрациясын, шамамен алғанда, сиролимус метаболизмін CYP3A4 арқылы тежеу және Р-гликопротеинді тежеу арқылы арттыруы мүмкін. Бұл біріктірілімін сиролимустың дозасын түзету кезінде, әсерінің/концентрациясының өлшемдеріне байланысты пайдалануға болады.

Сульфонилмочевина: Конарекс сульфонилмочевинаның пероральді препараттарын (мысалы, хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толбутамид) бір мезгілде қабылдағанда сарысудан жартылай шығарылу кезеңін ұзартады. Қандағы глюкозаны жиі бақылау және сульфонилмочевинаның дозасын тиісінше азайту ұсынылады.

Такролимус: Конарекс ішу арқылы қабылдағанда, CYP3A4 арқылы ішектегі такролимус метаболизмін тежеудің есебінен такролимустың сарысудағы концентрацияларын 5 есеге дейін арттыруы мүмкін. Такролимусты көктамыр ішіне енгізгенде ешқандай фармакокинетикалық өзгерістер анықталған жоқ. Такролимус деңгейінің артуы нефроуыттылығымен байланысты болған. Пероральді такролимустың дозасы препараттың концентрациясына байланысты төмендетілуі тиіс.

Теофиллин: Конарексті 14 күн ішінде 200 мг қабылдау теофиллин клиренсінің орташа жылдамдығының 18%-ға төмендеуіне алып келеді. Конарекс пен теофиллинді жоғары дозаларда қабылдап жүрген науқастарды немесе теофиллиннің уытты әсерінің қаупі жоғары науқастарды, теофиллиннің артық дозалану симптомдарын дер кезінде анықтау мақсатында мұқият қадағалау қажет; олар пайда болған жағдайда емдеуді сәйкесінше өзгерту керек.

Қабіршөп алкалоидтары: Конарекс қастауыш алкалоидының (мысалы, винкристин және винбластин) плазмадағы деңгейлерін арттыруы және CYP3A4-ке тежегіштік әсеріне байланысты, нейроуыттылығына алып келуі мүмкін.

А витамині: Бұл біріктірілімін пайдалануға болады, бірақ емделушілерді ОЖЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлерін анықтау мақсатында қадағалау керек.

Зидовудин: Конарекс ішу арқылы қабылдағанда зидовудин клиренсінің 45%-ға жуық төмендеуіне байланысты зидовудиннің Cmax және AUC сәйкесінше 84% және 74%-ға арттырады. Зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі Конарекспен біріктіріп емдеуден кейін шамамен 128%-ға ұзарады. Бұл біріктірілімін қабылдап жүрген науқастар зидовудинді қабылдаумен байланысты жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында қадағалауда болуы тиіс. Зидовудиннің дозасын азайту қажет болуы мүмкін.

Тофаситиниб: тофаситинибті дәрілермен бірге қабылдағанда, CYP3А4 орташа тежелуіне және CYP2С9 күшті тежелуіне (флуконазол) алып келетін әсері артады.

Вориконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 тежегіші): пероральді вориконазолды (1-ші күні әр 12 сағат сайын 400 мг, сосын 2,5 ай бойы әр 12 сағат сайын 200 мг) және пероральді Конарексті (1-ші күні 400 мг, сосын 4 күн бойы әр 24 сағат сайын 200 мг) бір мезгілде қолдану вориконазолдың концентрациясы мен AUC орташа алғанда сәйкесінше 57% (90% C1: 20%, 107%) және 79% (90% CI: 40%, 128%)-ға артуына алып келген. Вориконазол мен Конарексті кез-келген дозада бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.

Конарекстің пероральді түрлерінің өзара әрекеттесулерін зерттеулер оны тамақпен, циметидинмен, антацидтермен бір мезгілде, сондай-ақ сүйек емігін ауыстырып қондыру үшін денені тұтастай сәулелендіруден кейін қабылдағанда, бұл факторлардың Конарекстің сіңуіне клиникалық маңызды әсер етпейтінін көрсеткен.

Конарекстің басқа дәрілермен өзара әрекеттесуіне зерттеулер әлі жүргізілмеген, бірақ ондай өзара әрекеттесулер туындауы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Сирек жағдайларда Конарексті қолдану бауырдың уытты өзгерістерімен, соның ішінде, негізінен қатарлас аурулары бар науқастарда өліммен аяқталатын өзгерістермен қатар жүрген. Конарекстің гепатоуытты әсері әдетте қайтымды болған, оның белгілері емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғалған. Конарекспен емдеу кезінде бауыр функциясының көрсеткіштері бұзылған науқастарды бауырдың зақымдану белгілерін анықтау мақсатында қадағалап отыру қажет. Бауыр зақымдануының Конарексті қолданумен байланысты болуы мүмкін клиникалық белгілері немесе симптомдары пайда болса, препаратты тоқтату керек.

Конарекс сирек жағдайларда анафилактикалық реакцияларды туғызуы мүмкін.

Конарекспен емдеу кезінде науқастарда сирек жағдайларда Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз сияқты эксфолиативтік тері реакциялары дамыған. ЖИТС-пен науқастар көптеген препараттарды қолданғанда терінің ауыр реакцияларының дамуына бейімірек. Науқаста емдеу кезінде Конарексті қолданумен байланысты болуы мүмкін беткейлік зең жұқпасы, бөртпе пайда болса, препаратты тоқтату керек. Инвазивтік/жүйелік зең жұқпалары бар науқастарда бөртпе пайда болса, оларды мұқият қадағалау және буллездік зақымданулар немесе көп формалы эритема пайда болса, Конарексті тоқтату керек.

Конарекс ЭКГ-да QT аралығының ұзаруын тудыруы мүмкін. Конарексті қолданғанда QT аралығының ұзаруы мен қарыншалардың жыпылықтауы/дірілдеуі жүректің органикалық аурулары, электролиттік теңгерім бұзылулары және мұндай бұзылулардың дамуына ықпал ететін қатарлас ем сияқты көптеген қауіп факторлары бар науқастарда өте сирек білінген. Сондықтан проаритмиялық жағдайлары бар мұндай емделушілерге Конарексті сақтықпен қолдану керек.

150 мг Конарексті қынап кандидозы кезінде қолданғанда емделушілерге симптомдарының жақсаруы әдетте 24 сағаттан соң байқалатыны, бірақ олардың толығымен жойылуы үшін кейде бірнеше күн қажет болатыны ескертілуі тиіс. Симптомдары бірнеше күн бойы сақталса, дәрігерге қаралу керек.

Флуконазол күшті әсері бар CYP2C9 тежегіші және орташа әсері бар CYP3A4 тежегіші болып табылады. Емдік аясы тар, CYP2C9 және CYP3A4 арқылы метаболизденетін дәрілермен қатарлас емделіп жүрген флуконазолмен ем қабылдап жүрген науқастар тексерілуі тиіс.

Бауыр, жүрек аурулары бар емделушілерге Конарексті қолданар алдында дәрігермен кеңесу ұсынылады.

Конарекс бүйрек дисфункциясы бар науқастар сақтықпен қабылдауы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабіжасіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлік басқару немесе техника пайдалану кезінде сақ болу керек, өйткені бас айналуы немесе құрысулар туындауы мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: препараттың елестеулермен және параноидтық мінез-құлықпен қатар жүретін жағымсыз әсерлерінің күшеюі.

Емі – симптоматикалық (соның ішінде демеу шаралары және асқазанды шаю).

Конарекс негізінен несеппен шығарылады, сондықтан қарқынды диурез препараттың шығарылуын жеделдетуі мүмкін.

Ұзақтығы 3 сағаттық гемодиализ сеансы Конарекстің плазмадағы деңгейін шамамен 50%-ға төмендетеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Капсулалар, 150 мг.

1 капсуладан ПВХ үлбір мен алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

2 пішінді қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салады.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Сақтау мерзімі

4 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

PHARMATHEN S.A.

Dervenakion 6, Pallini 15351, Attikis, Греция

Тіркеу куәлігінің иесі

Welfar United LTD. Co.

Suite 2, 23-24 Great James Street, Лондон WC1N 3ES, Ұлыбритания

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«WELFAR-KAZAKHSTAN» ЖШС

050026, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 187

Телефон/Факс: +7 727 352 71 36

E-mail: info@welfar.kz

 

Прикрепленные файлы

672795221477976654_ru.doc 133.5 кб
003328971477977790_kz.doc 176.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники