Ко-Амлесса (8 мг/5 мг/2,5 мг)

МНН: Амлодипин, Индапамид, Периндоприл
Производитель: КРКА-ПОЛЬСКА Сп.з.о.о.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ингибиторы АПФ в комбинации с другими препаратами
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№121865
Информация о регистрации в РК: 10.12.2015 - 10.12.2020

Инструкция

Саудалық атауы

Ко-Амлесса

Халықаралық патенттелмеген атауы 

Жоқ

 

Дәрілік түрі

2 мг/5 мг/0,625 мг, 4 мг/5 мг/1,25 мг, 4 мг/10 мг/1,25 мг, 8 мг/5 мг/2,5 мг және

8 мг/10 мг/2,5 мг таблеткалар

 

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар:

2 мг/5 мг/0,625 мг таблеткалар:

2 мг периндоприл эрбумині

6,935 мг амлодипин бесилаты

(5 мг амлодипинге баламалы),

0,625 мг индапамид

4 мг/5 мг/1,25 мг таблеткалар:

4 мг периндоприл эрбумині

6,935 мг амлодипин бесилаты

(5 мг амлодипинге баламалы),

1,250 мг индапамид

4 мг/10 мг/1,25 мг таблеткалар:

4 мг периндоприл эрбумині,

13,870 мг амлодипин бесилаты

(10 мг амлодипинге баламалы),

1,250 мг индапамид

8 мг/5 мг/2,5 мг

таблеткалар:

8 мг периндоприл эрбумині,

6,935 мг амлодипин бесилаты,

(5 мг амлодипинге баламалы)

2,5 мг индапамид

8 мг/10 мг/2,5 мг

таблеткалар:

8 мг периндоприл эрбумині,

13,870 мг амлодипин бесилаты,

(10 мг амлодипинге баламалы)

2,5 мг индапамид

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза 200 тип, микрокристалды целлюлоза 112 тип, желатинденген крахмал 1500 тип, натрий крахмалы гликоляты, кальций хлориді гексагидраты, натрий гидрокарбонаты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты

 

Сипаттамасы

Сопақша пішінді, екі беті дөңес, бір жағында сызығы бар, ұзындығы 9 мм ақтан ақ дерлік түске дейінгі таблеткалар (2 мг/5 мг/0,625 мг доза үшін).

Дөңгелек пішінді, екі беті сәл дөңес, ойығы бар, диаметрі 7 мм ақтан

ақ дерлік түске дейінгі таблеткалар (4 мг/5 мг/1,25 мг доза үшін).

Сопақша пішінді, екі беті дөңес, бір жағында сызығы бар, ұзындығы 12 мм ақтан ақ дерлік түске дейінгі таблеткалар (4 мг/10 мг/1,25 мг доза үшін).

Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, ойығы бар, диаметрі 9 мм

ақтан ақ дерлік түске дейінгі таблеткалар (8 мг/5 мг/2,5 мг доза үшін).

Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, бір жағында сызығы бар, диаметрі 9 мм ақтан ақ дерлік түске дейінгі таблеткалар (8 мг/10 мг/2,5 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Ренин-ангиотензин жүйесіне әсер ететін препараттар. Ангиотензин-конвертациялаушы фермент (АКФ) тежегіштері. Басқа препараттармен біріктірілген АКФ тежегіштері.

АТХ коды C09BX01

 

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Периндоприл

Ішке қабылданғанда периндоприл тез сіңеді, ең жоғары концентрациясына (Сmax) 1 сағат ішінде жетеді. Плазмадағы жартылай ыдырау кезеңі 1 сағат құрайды.

Периндоприл ізашар дәрі болып табылады. Периндоприлдің қабылданған дозасынан 27 % периндоприлаттың белсенді метаболиті түрінде қан ағымына түседі. Организмде, белсенді периндоприлаттан басқа, тағы белсенді емес бес метаболит түзіледі. Плазмада периндоприлат Cmax мәніне препаратты қабылдаудан кейін 3-4 сағаттан соң жетеді.

Ас ішу периндоприлдің периндоприлатқа айналуын, ал, демек - оның биожетімділігін төмендетеді. Сондықтан периндоприл эрбуминін тәулігіне бір рет таңертеңгілік таңғы ас алдында ішу арқылы қабылдау ұсынылады. Периндоприл дозасы мен оның плазмадағы экспозициясы дозаға байланысты болады.

Байланыспаған периндоприлаттың таралу көлемі шамамен 0,2 л/кг. Периндоприлаттың плазма ақуыздарымен байланысуы 20 %. Байланысуы, негізінен, ангиотензин-конвертациялаушы ферментпен (АКФ) жүреді, бірақ препарат концентрациясына байланысты болады.

Периндоприлат несеппен бөлініп шығады, оның бос фракциясының түпкілікті жартылай шығарылу кезеңі 17 сағатқа жуық, бұл тепе-тең жағдайға 4 күнде жетуге мүмкіндік береді.

Периндоприлат шығарылуы егде жастағы емделушілерде, сондай-ақ жүрек немесе бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде баяулайды.

Сондықтан, әдеттегі медициналық бақылауда креатинин және калий деңгейіне жиі мониторинг жасау қамтылуы тиіс.

Диализ кезінде периндоприлат клиренсі 70 мл/мин құрайды.

Периндоприл кинетикасы бауыр циррозы бар емделушілерде өзгереді: бастапқы молекуласының бауырдағы клиренсі екі есе баяулайды. Алайда түзілген периндоприлат мөлшері төмендемейді және дозаны түзетуді талап етпейді.

Индапамид

Индапамид асқазан-ішек жолынан тез және толық сіңеді.

Адамдарда қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына ішу арқылы қабылдаудан кейін шамамен бір сағаттан соң жетеді. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы 79% құрайды.

Жартылай шығарылу кезеңі (T1/2) 14-24 сағат (орта есеппен, 18 сағат). Қайта қабылдау жинақталуына әкелмейді.

Индапамид, ең алдымен, несеппен (70% доза) және нәжіспен (22%) белсенді емес метаболиттер түрінде шығарылады.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде индапамидтің фармакокинетикалық параметрлері өзгермейді.

Амлодипин

Емдік дозаларында ішке қабылдағанда амлодипин жақсы сіңеді, Cmax мәніне қабылдаудан кейін 6-12 сағаттан соң жетеді. Абсолютті биожетімділігі 64-80%. Таралу көлемі шамамен 21 л/кг тең. Ас ішу амлодипин биожетімділігіне ықпал етпейді. Айналымдағы амлодипиннің 97,5% шамасы плазма ақуыздарымен байланысқан.

Плазмадан T1/2 35-50 сағат құрайды, бұл препараттың тәулігіне бір рет тағайындалуына сәйкес келеді. Амлодипин белсенді емес метаболиттер түзілгенше едәуір дәрежеде бауырда метаболизденеді, қабылданған дозадан 60% несеппен, 10% өзгермеген амлодипин түрінде шығарылады.

Плазмада амлодипиннің Сmax мәніне жету уақыты егде жастағылар мен жас емделушілерде бірдей.

Егде жастағы емделушілерде амлодипин клиренсі төмендейді, AUC және T1/2 ұзаруымен қатар жүреді.

Дозаны арттыру абайлап жүргізілуі тиіс болса да, егде жастағыларда ұсынылатын дозалау режимі дәл сондай.

Бауыр функциясы бұзылған емделушілерде амлодипиннің жартылай шығарылу кезеңі баяулайды.

Фармакодинамикасы

Ко-Амлесса АКФ тежегіші – периндоприл эрбумині, хлоросульфонамидті диуретик – индапамид және кальций иондарының антагонисі – амлодипин біріктірілімі түрінде болады.

Препараттың фармакологиялық әсері осы компоненттердің жекелей алынған әрқайсысының қасиеттерімен, сондай-ақ олар біріккенде үш компоненттің аддитивті синергиялық әсерімен жүзеге асады.

Әсер ету механизмі және фармакодинамикалық әсерлері

Периндоприл – ангиотензин I-ді тамыр тарылтатын зат – ангиотензин II-ге (АКФ) айналдыратын фермент тежегіші. Бұдан басқа, энзим бүйрек үсті бездері қыртысы альдостеронының өндірілуін және тамыр тарылтатын зат - брадикининнің белсенді емес гептапептидтерге деградациялануын көтермелейді.

Нәтижесінде болатыны:

- альдостерон өндірілуінің төмендеуі

- плазма ренині белсенділігінің жоғарылауы, өйткені альдостерон теріс кері байланысты күшейтпейді

- ұзақ уақыт емдегенде бүйрекке және бұлшықеттердің тамырлы қуысына басым әсерімен тамырлардың жалпы шеткергі кедергісінің төмендеуі; бұл орайда су және тұз немесе рефлекторлы тахикардия кідірісі болмайды.

Периндоприлдің гипертензияға қарсы әсері ренин концентрациясы төмен немесе қалыпты емделушілерде де көрініс береді.

Периндоприл әсері периндоприлат метаболитінің белсенділігімен жүзеге асады. Басқа метаболиттері белсенді емес.

Периндоприл жүрекке түсетін жүктемені төмендетеді:

  • көктамырларға тамыр кеңейткіш әсер көрсетіп, мүмкін, простагландиндер метаболизмін өзгерту жолымен бастапқы жүктемені төмендетеді

  • тамырлардың жалпы шеткергі кедергісін төмендету арқылы кейінгі жүктемені төмендетеді.

Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде периндоприлдің мына әсерлері дәлелденген:

  • сол жақ және оң жақ қарыншаның толу қысымын төмендетеді

  • жалпы шеткергі тамырлық қарсыласуды төмендетеді

  • жүрек лықсуын арттырады және жүрек индексін жақсартады

  • бұлшықеттердегі жүрек қан ағымын көбейтеді.

Дене жүктемесімен сынама нәтижелері де едәуір жақсарады.

Индапамид индол сақинасы бар сульфонамид туындысы болып табылады, фармакологиялық тұрғыда диуретиктердің тиазидті тобына жатады. Индапамид кортикальді аралық сегментте натрийдің қайта сіңірілуін тежейді. Ол натрий мен хлоридтердің несеппен шығарылуын және аз дәрежеде калий мен магний бөлінісін арттырып, сол арқылы несептің шығуын көбейтеді және гипертензияға қарсы әсер көрсетеді.

Амлодипин - кальций антагонисі, кальций иондарының жарғақша арқылы миокард пен тамырлардың тегіс бұлшықет жасушаларына түсуін бөгейді. Амлодипиннің гипотензиялық әсер ету механизмі тамырлардың тегіс бұлшықеттерін тікелей босаңсыту әсерімен жүзеге асады. Стенокардияда амлодипиннің нақты әсер ету механизмі түпкілікті айқындалмаған, бірақ амлодипин ишемияны мына екі жолмен азайтады:

  • Шеткергі артериолаларды кеңейтеді, әрі осылайша жалпы шеткергі тамырлық кедергіні (жүрекке түсетін кейінгі жүктемені) төмендетеді.

    Жүректің босауына байланысты, жүрекке түсетін жүктеме азаяды, бұл энергия тұтыну мен оттегі қажетсінуінің төмендеуіне әкеледі.

  • Бас коронарлы артериялар мен коронарлы артериолаларды кеңейтеді. Олардың дилатациясы вазоспазмдық стенокардиясы (Принцметалл стенокардиясы немесе нұсқалық стенокардия) бар емделушілерде миокардқа оттегінің түсуін арттырады.

    Артериялық гипертензиясы бар емделушілерде бір реттік тәуліктік дозада амлодипин қабылдау «жатқан» қалпында да, «тік тұрған» күйде де 24 сағат ішінде артериялық қысымның клиникалық мәнді төмендеуін қамтамасыз етеді.

    Стенокардиясы бар емделушілерде тәулігіне бір рет амлодипин қолдану дене жүктемесінің орындалу уақытын ұзартады, стенокардия ұстамасының дамуын және ST сегментінің депрессиясын (1 мм) болдырмайды.

    Амлодипин стенокардия ұстамасының жиілігін және қысқа әсер ететін нитроглицерин таблеткаларының қабылданған санын азайтады.

    Амлодипин қан плазмасы липидтеріне және зат алмасуға қолайсыз ықпалын тигізбейді және оны бронх демікпесі, қант диабеті және подаграсы бар емделушілерде қолдануға болады.

    Клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігі

    Периндоприл гипертензияның барлық: жеңіл, орташа және ауыр дәрежелерінде белсенді.

    Емделушілерде «жатқан» қалыпта да, «тік тұрған» күйде де систолалық және диастолалық артериялық қысымның төмендеуі байқалады.

    Бір реттік дозасынан кейінгі гипертензияға қарсы ең жоғары белсенділігі 4-тен 6 сағатқа дейін құрайды және 24 сағат бойы сақталады.

    АКФ қалдықтық бөгелісінің жоғары дәрежесі (шамамен 80%) 24 сағат өткенде болады. Реакция берген емделушілерде қалыпты артериялық қысымға бір айдан соң жетеді және тахифилаксиясыз сақталады.

    Гипертензия кезінде емдеуді тоқтатудың кері әсері болмайды.

    Периндоприлдің тамыр тарылтатын қасиеттері бар, негізгі артериялық діңдердің созылғыштығын қалыпқа келтіреді, артериялар кедергісінің гистоморфометриялық өзгерістерін түзетеді және сол жақ қарынша гипертрофиясының төмендеуіне алып келеді.

    Қажет болса, тиазидті диуретиктерді қосу аддитивті синергиялық әсер береді.

    АКФ тежегішінің тиазидті диуретикпен біріктірілімі бір ғана диуретик қабылдаумен байланысты гипокалиемияның даму қаупін төмендетеді.

    Индапамид монотерапияда 24 сағатқа дейін созылатын гипертензияға қарсы әсер көрсетеді. Бұл әсері диуретикалық қасиеттері тым аз дозаларында көрініс береді.

    Индапамидтің гипертензияға қарсы әсері артериялар созылғыштығын жақсартумен және артериолалар төзімділігін азайтумен және жалпы шеткергі тамырлық кедергіні төмендетумен байланысты.

    Индапамид сол жақ қарынша гипертрофиясын азайтады.

    Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктер ұсынылған дозасынан асып кеткенде емдік әсер платосына жетеді, осы тұста жағымсыз әсерлер жиілігінің артуы жалғасады. Егер емдеу тиімділігі жеткіліксіз болса, дозаны арттыру ұсынылмайды.

    Сонымен бірге, индапамидтің:

    • липидтердің (триглицеридтер, тығыздығы төмен липопротеиндер холестерині және тығыздығы жоғары липопротеиндер холестерині)

    • тіпті артериялық гипертензиясы мен қант диабетімен науқастарда көмірсулардың метаболизміне ықпал етпейтіні анықталған

    Амлодипин

    Терапиялық емдеудің жаңа түрлері пайдаланылған (амлодипин немесе емнің бірінші желісінің препараттары ретіндегі АКФ тежегіші) жүрек ұстамаларынан (Antihypertensive and Lipid-Lowering Treatment to Prevent Heart Attack Trial, ALLHAT) сақтанудың гипотензиялық және гиполипидемиялық емдеу түрлерін зерттеуде, жеңіл және орташа гипертензия кезіндегі тиазидті диуретикпен салыстырғанда, амлодипинмен ем және тиазидті диуретиктермен емдеудің арасында елеулі айырмашылықтар анықталмаған.

    Периндоприл мен индапамид біріктірілімі, жасына қарамастан, емделушілерде «жатқан» және «тік тұрған» қалыпта да диастолалық және систолалық артериялық қысымға дозаға тәуелді гипертензияға қарсы әсер көрсетеді. Препараттың әсері 24 сағат бойы сақталады. Тұрақты емдік әсері емнің басталуынан 1 айдан аз уақыт өткен соң дамиды және тахикардиямен қатар жүрмейді. Емдеуді тоқтату «тоқтату» синдромының дамуымен қатар жүрмейді. Периндоприл мен индапамидті бір мезгілде тағайындаудың синергиялық текте гипертензияға қарсы әсер көрсететіні дәлелденген, бұл препарат құрамдастарының жекелеген әсерлер нәтижесі болып табылады.

Қолданылуы

- эссенциальді гипертензияда

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке қабылдауға арналған.

Ко-Aмлeссаның ең жоғары ұсынылатын дозасы күніне 8 мг/10 мг/2,5 мг құрайды.

Бір реттік доза түріндегі күніне бір таблетканы таңертең ас ішер алдында қабылдаған дұрыс. Қажет болса, 4 мг/10 мг/1,25 мг және 8 мг/10 мг/2,5 мг дозаланған Ко-Aмлeсса таблеткаларын тең дозаларға бөлуге болады. Емделушінің 4 мг/10 мг/1,25 мг немесе 8 мг/10 мг/2,5 мг дозаланған таблетканы, оны жоғарыға бағытталған сызығымен тегіс беткейге қойып және екі саусақпен таблетканың екі жағынан басып, бөлуіне болады.

Бүйрек функциясы бұзылған емделушілер және егде жастағы емделушілер

Периндоприлат шығарылуы егде жастағы емделушілерде, сондай-ақ бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде баяулайды. Сондықтан, әдеттегі медициналық бақылауда креатинин мен калий деңгейіне жиі мониторинг жасау қамтылуы тиіс.

Бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түріне шалдыққан емделушілерде (КК 30 мл/мин төмен), Ко-Aмлeсса препаратымен емдеу қарсы көрсетілімді.

8 мг/5 мг/2,5 мг және 8 мг/10 мг/2,5 мг дозалар ауырлығы ауыр және орташа бүйрек жеткіліксіздігінде (КК 60 мл/мин төмен) қарсы көрсетілімді.

Ко-Aмлeсса препаратын КК  60 мл/мин емделушілерге тағайындауға болады. Бұл емделушілерге жекелеген компоненттер дозаларын жекеше титрлеу ұсынылады.

Плазмадағы амлодипин концентрациясының өзгерістері бүйректің зақымдану дәрежесімен өзара байланысты емес.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер

Бауыр жеткіліксіздігінің ауыр түріне шалдыққан емделушілерде Ко-Aмлeсса препаратымен емдеу қарсы көрсетілімді.

Бауыр жеткіліксіздігінің ауырлығы орташа емделушілер үшін дозалау режимі анықталмаған. Сондықтан, ондай емделушілерге Ко-Aмлeссаны сақтықпен тағайындау керек.

Педиатрияда қолдану

Қазіргі уақытқа дейін Ко-Aмлeссаны балалар мен жасөспірімдерде қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жағымсыз әсерлері

Периндоприл қолдану ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін тежейді және индапамидтен болатын калий жоғалтудың азаюына ықпал етеді.

2 мг периндоприл/0,625 мг индапамид қабылдаған 2 % емделушіде, 4 мг периндоприл/1,25 мг индапамид қабылдаған 4 % емделушіде және 8 мг периндоприл/2,5 мг индапамид қабылдаған 6 % емделушіде гипокалиемия (калий деңгейі <3,4 ммоль/л) білінген.

Амлодипинмен емделу кезінде ең жиі жағымсыз реакциялар ұйқышылдық, бас айналу, бас ауыру, жүрек қағу, қызару, іштің ауыруы, жүрек айну, сирақ-аяқ ұшы буынының ісінуі, ісіну және шаршау болып табылады.

Периндоприл/Индапамид

Жиі (1/100- ден <1/10 дейін)

  • бас айналу, бас ауыру, парестезия, вертиго

  • көрудің нашарлауы (соның ішінде диплопия)

  • құлақтың шуылдауы

  • гипотензия (және гипотензиямен байланысты әсерлер)

  • ентігу, жөтел

  • іштің ауыруы, жүрек айну, эпигастрийдегі ауыру, жүрек айну, диспепсия, ауыздың кеберсуі, дисгевзия, диарея, іш қату

  • анорексия

  • қышыну, бөртпе, макулопапулезді бөрту

  • бұлшықеттердің құрысуы

  • астения

Жиі емес (1/1,000-нан <1/100 дейін)

  • аллергиялық реакция: есекжем

  • көңіл-күйдің өзгеруі

  • ұйқының бұзылуы

  • бронх түйілу,

  • бет, аяқ-қол, ерін, шырышты қабықтар, тіл, дауыс саңылауы және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі

  • тершеңдік

  • бұрыннан бар жедел диссеминацияланған қызыл жегінің болжамды өршуі

- бүйрек функциясының бұзылуы

  • импотенция

Сирек (1/10,000-нан <1/1,000 дейін)

  • сарысуда билирубин мөлшерінің және бауыр ферменттерінің жоғарылауы

Өте сирек (<1/10,000)

  • лейкопения/нейтропения, агранулоцитоз немесе панцитопения, тромбоцитопения, апластикалық анемия, гемолиздік анемия

  • сананың шатасуы

  • жоғары қауіп тобындағы емделушілерде шектен тыс гипотензиядан болуы мүмкін стенокардия

  • жоғары қауіп тобындағы емделушілерде шектен тыс гипотензиядан болуы мүмкін миокард инфарктісі

  • аритмия (брадикардияны, қарыншалық тахикардияны және жүрекшелер фибрилля­циясын қоса)

  • васкулит

  • ринит

  • эозинофильді пневмония

  • панкреатит

  • гепатит, цитолиздік немесе холестаздық гепатит

  • эритема

  • Стивенс-Джонсон синдромы (қатерлі экссудаттық эритема)

  • уытты эпидермалық некролиз

  • жедел бүйрек жеткіліксіздігі

Белгісіз (қолда бар деректер бойынша бағалау мүмкін емес)

  • дірілдеу-жыпылықтау (өліммен аяқталуы мүмкін)

  • бауыр жеткіліксіздігі жағдайында бауыр энцефалопатиясының басталу мүмкіндігі

  • жарыққа сезімталдық

  • гипокалиемия

  • ортостатикалық гипотензия мен сусыздануды тудыратын гиповолемиясы бар гипонатриемия

  • васкулит

  • қандағы мочевина мен плазмадағы креатининнің жоғары деңгейі,

гиперкалиемия

Амлодипин

Жиі (≥1/100- ден <1/10 дейін)

  • ұйқышылдық, бас айналу, бас ауыру

  • іштің ауыруы, жүрек айну

  • сирақ-аяқ ұшы буынының ісінуі

  • ісіну, шеткергі ісіну

  • шаршау

Жиі емес (≥1/1,000-нан <1/100 дейін)

  • салмақтың қосылуы немесе төмендеуі

  • ұйқысыздық, көңіл-күйдің өзгеруі

  • тремор, гипестезия, парестезия

  • көрудің нашарлауы (соның ішінде диплопия)

  • құлақтың шуылдауы

  • жүректің жиі соғуы

  • синкопе

  • гипотензия (және гипотензиямен байланысты әсерлер)

  • ентігу, ринит

  • құсу, диспепсия, ішек перистальтикасындағы өзгерістер, ауыздың кеберсуі

  • алопеция, пурпура, терінің түссізденуі, тершеңдік, қышыну, бөртпе

  • артралгия, миалгия, бұлшықеттердің құрысуы, арқаның ауыруы,

  • несеп шығарудың бұзылуы, түнгі полиурия, несеп шығарудың жиілеуі

  • импотенция, гинекомастия

  • кеуденің ауыруы, астения, ауыру, дімкәстану

  • салмақтың азаюы немесе артуы

Сирек (≥1/10,000-нан <1/1,000 дейін)

  • сананың шатасуы

Өте сирек (<1/10,000)

- лейкопения/нейтропения, тромбоцитопения

  • Квинке ісінуі, аллергиялық реакция: есекжем

  • гипергликемия

  • гипертония

  • шеткергі нейропатия

  • жоғары қауіп тобының емделушілерінде шектен тыс гипотензиядан туындауы мүмкін миокард инфарктісі

  • аритмия (брадикардияны, қарыншалық тахикардия мен жүрекшелер фибрилляциясын қоса)

  • жөтел

  • гипертрофиялық гингивит

  • панкреатит, гастрит

  • гепатит, холестаздық сарғаю

  • эритема (әр алуан түрлері)

  • Квинке ісінуі

- бет, аяқ-қол, ерін, шырышты қабықтар, тіл, дауыс саңылауы және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі

  • эритема

  • есекжем

  • эксфолиативті дерматит

  • Стивенс-Джонсон синдромы (қатерлі экссудаттық эритема)

  • жарыққа сезімталдық

  • бауыр ферменттерінің: АCТ, АCT деңгейлерінің жоғарылауы (негізінен, холестазға сәйкес келеді)

Кальций өзектерінің блокаторлары қабылданғанда экстрапирамидалық синдромның бірлі-жарым жағдайлары хабарланған.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

Периндоприлмен байланысты:

  • периндоприлге (немесе кез келген басқа АКФ тежегішіне) жоғары сезімталдық

  • сыртартқыдағы АКФ тежегіштерімен алдыңғы емдеуге байланысты ангионевроздық ісіну

  • тұқым қуалайтын немесе идиопатиялық ангионевроздық ісіну

  • жүктілік

Индапамидпен байланысты:

  • индапамидке (немесе кез келген басқа сульфонамид туындыларына) жоғары сезімталдық

  • ауыр және орташа дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі (КК<60 мл мин)

  • бауырдың ауыр жеткіліксіздігі

  • бауыр энцефалопатиясы

  • гипокалиемия

  • «пируэт» сияқты қарыншалық аритмиялар тудыруы мүмкін аритмияға қарсы препараттарды бір мезгілде қолдану

  • лактация

Амлодипинмен байланысты:

  • амлодипинге (немесе кез келген басқа дигидропиридин туындыларына) жоғары сезімталдық

  • ауыр артериялық гипотензия

  • шок, кардиогенді шокты қоса

- сол жақ қарынша шығу жолының обструкциясы (мысалы, ауыр қолқа стенозы)

- жедел миокард инфарктісінен кейінгі гемодинамикалық тұрақсыз жүрек жеткіліксіздігі

Жеткілікті емдік қолдану тәжірибесінің болмауына орай, Ко-Амлесса таблеткаларын:

- диализде жүрген

- емделмейтін декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігі бар (негізгі ем болмағанда) емделушілерде

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге қолдануға болмайды.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ұсынылмайтын біріктірілімдер

Литий мен АКФ тежегіштерін біріктіріп қабылдағанда сарысудағы литий концентрациясының қайтымды жоғарылау жағдайлары және уыттану жағдайлары болды. Тиазидті диуретиктерді бір мезгілде қолдану литий деңгейлерін қосымша арттырып, литийдің АКФ тежегіштерімен уыттылық әсерін күшейтуі мүмкін. Периндоприл және индапамидтің литиймен біріктірілімін қолдану ұсынылмайды, бірақ, осы біріктірілімді қолдану қажет болса, қан сарысуындағы литий деңгейлеріне мұқият мониторинг жасау керек.

Сарысудағы калий мөлшері, әдетте, қалып шегінде қалса да, периндоприл қабылдайтын кейбір емделушілерде гиперкалиемия болуы мүмкін. Калий жинақтаушы диуретиктер (мысалы, спиронолактон, триамтерен немесе амилорид), калий қоспалары және құрамында калий бар тұз алмастырғыштар қан сарысуындағы калий деңгейінің елеулі жоғарылауына әкелуі мүмкін. Сондықтан периндоприлді осы дәрілік препараттармен біріктіріп қабылдау ұсынылмайды. Егер айқын гипокалиемия себебі бойынша осы препараттарды қатарлас қолдану көрсетілсе, оларды қабылдау кезінде ерекше сақ болып, қан сарысуындағы калий мөлшеріне жиі мониторинг жасау керек.

Эстрамустин ангионевроздық ісіну (ангиоісіну) сияқты жағымсыз әсерлер қаупін арттырады.

Ерекше сақтануды талап ететін біріктірілімдер

Баклофен гипотензиялық әсер айқындылығын күшейтеді. Артериялық қысымға және бүйрек функциясына мониторинг жасап, сондай-ақ гипертензияға қарсы препараттың дозасын дағдыға енгізу қажет.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП), жоғары дозалардағы аспиринді қоса, оларды АКФ тежегіштерімен бір мезгілде қабылдағанда гипотензиялық әсерді төмендетеді. ҚҚСП мен АКФ тежегіштерін қатарлас қабылдау, әсіресе, бүйрек функциясының бұзылуы бұрыннан бар емделушілерде, болжамды бүйрек жеткіліксіздігін, қан сарысуындағы калий мөлшерінің жоғарылауын қоса, бүйрек функциясының нашарлау қаупін арттыруы мүмкін. Осы препараттарды біріктіріп қабылдағанда, әсіресе, егде жастағы емделушілерде, сақтықпен тағайындау керек. Емделушілер организмінің талапқа сай гидратациялануын қадағалау керек. Біріктірілген емнің басында, сондай-ақ ем кезінде мезгіл-мезгіл бүйрек функциясына мониторинг жасаған жөн.

Диабетке қарсы препараттар (инсулин, гипогликемиялық сульфонамидтер) алатын емделушілерде АКФ тежегіштерін бір мезгілде қолдану олардың гипогликемиялық әсерінің күшеюіне әкелуі мүмкін. Гипогликемия сирек басталады (глюкоза көтерімділігінің жақсаруы кейіннен инсулинге қажеттіліктің төмендеуіне ұласуы ықтимал).

Гипокалиемияның даму қаупіне байланысты, индапамидті аритмияға қарсы IA класс препараттары (хинидин, гидрохинидин, дизопирамид); аритмияға қарсы III класс препараттары (амиодарон, дофетилид, ибутилид, бретилий, соталол); кейбір нейролептиктер (хлорпромазин, циамемазин, левомепромазин, тиоридазин, трифлуоперазин), бензамидтер (амисульприд, сульпирид, сультоприд, тиаприд), бутирофенондар (дроперидол, галоперидол), басқа да нейролептиктер (пимозид); бепридил, цисаприд, дифеманил, эритромицин IV, галофантрин, мизоластин, моксифлоксацин, пентамидин, спарфлоксацин, винкамин IV, метадон, астемизол, терфенадин сияқты басқа да заттар сияқты дірілдеу-жыпылықтауды туындататын дәрілермен біріктіріп сақтықпен қолдану керек. Калий деңгейі төмендеуінің профилактикасын және дозаларды түзету, қажет болса - QT аралығына мониторинг жасау керек.

Калий деңгейін төмендететін препараттар (амфотерицин В (к/і), жүйелі глюкокортикоидтар және минералокортикоидтар (жүйелі қолдану), тетракозактидтер, көтермелеуші іш жүргізгіш дәрілер) калий деңгейінің төмендеу қаупін арттырады (аддитивті әсер), осыған орай, калий деңгейіне мұқият мониторинг жасау және дозаларды түзету қажет; жүрек гликозидтерімен емделген жағдайларда ерекше зейін бөлу талап етіледі. Көтермелеуші іш жүргізгіш дәрілерді пайдалануға тыйым салынған.

Жүрек гликозидтері: калийдің төмен деңгейі жүрек глюкозидтерінің уытты әсер етуіне жағдай жасайды, осыған орай, калий деңгейіне мониторинг және ЭКГ жасау және/немесе, қажет болса, емдеуді қайта қарау қажет.

Метформин: болжамды функционалдық бүйрек жеткіліксіздігі туындатқан метморфинмен байланысты лактоацидоз диуретиктермен, атап айтқанда, ілмекті диуретиктермен байланысқан. Плазмадағы креатининнің ерлерде 15 мг/л (135 микромоль/л) және әйелдерде 12 мг/л (110 микромоль/л) жоғары деңгейінде метморфин қолдануға болмайды.

Йодталған контрастылы препарат: сусыздануды диуретиктер туғызған жағдайларда, әсіресе, йодталған контрастылы препараттың жоғары дозаларын пайдалану кезінде жедел бүйрек жеткіліксіздігінің жоғарылау қаупі бар. Йодталған құрамды енгізер алдында сұйықтық көлемін қалыпқа келтіру қажет.

Кальций тұздары кальцийдің несеппен шығарылуының төмендеуіне байланысты, кальций деңгейін арттырады.

Циклоспорин егер тіпті су немесе тұздың төмендеуі жоқ болса да, айналымдағы циклоспорин деңгейінің төмендеуінсіз креатинин деңгейінің жоғарылау қаупін арттырады.

Амлодипинді күшті немесе орташа CYP3A4 тежегішімен (протеаза тежегіштері, азолды фунгицидтер, макролидтер, эритромицин немесе кларитромицин, верапамил немесе дилтиазем сияқты) бір мезгілде қолдану амлодипин әсерін едәуір арттыруы мүмкін. Осы ЖК өзгерістерінің клиникалық ауысуы егде жастағы адамдарда аса айқын болуы мүмкін. Осыған орай, клиникалық мониторинг және дозаны таңдау қажет болуы мүмкін.

CYP3A4 индукторларын (мысалы, рифампицин, шілтерленген шайқурай) бір мезгілде қолдану амлодипиннің плазмалық концентрациясын төмендетуі мүмкін. Амлодипин CYP3A4 индукторларымен сақтықпен қолданылу керек.

Грейпфрут шырыны кейбір емделушілерде амлодипиннің биожетімділігі мен гипотензиялық әсерін арттыруы мүмкін.

Дантролен (инфузия): қатерлі гипертермияға сезімтал емделушілерде және қатерлі гипертермияны емдегенде гиперкалиемияның даму қаупін ескеріп, амлодипин сияқты кальций өзектерінің блокаторларын бір мезгілде қолданбау керек.

Бір мезгілде 10 мг дозадағы амлодипинді 80 мг дозадағы симвастатинмен бірнеше рет қолдану, симвастатин монотерапиясымен салыстырғанда, симвастатин әсерінің 77% артуына әкелді. Күніне 20 мг дейін амлодипин қабылдаған емделушілерде симвастатин дозасын шектеу ұсынылады.

Сақтануды талап ететін біріктірілімдер

Имипрамин тәрізді (үш циклды) антидепрессанттар, нейролептиктер гипотензиялық әсердің күшеюін, ортостатикалық гипотензияның даму қаупінің артуын (аддитивті әсер) туындатады.

Кортикостероидтар, тетракозактид гипотензиялық әсерді төмендетеді (кортикостероидтар туғызған су және электролит кідірісі).

Ко-Амлесса препаратын басқа да гипотензиялық препараттармен бір мезгілде қолданғанда артериялық қысымның аса айқын төмендеуі болады.

Аллопуринол, цитостатикалық немесе иммуносупрессиялық препараттар, жүйелік глюкокортикостероидтар немесе прокаинамид АКФ тежегіштерімен бір мезгілде қолданылғанда лейкопенияның дамуына ықпал етуі мүмкін.

АКФ тежегіштері жалпы анестезияға арналған кейбір дәрілердің гипертензияға қарсы әсерін күшейтеді.

Назарға алу керек біріктірілімдер

Диуретиктер қабылдайтын емделушілерде, әсіресе, айналымдағы қан көлемінің төмендеуі және/немесе тұз тапшылығы бар емделушілерде АКФ тежегішімен емдеу басталған соң артериялық қысымның шектен тыс төмендеуін байқауға болады. Емдеуді бастар алдында диуретикті тоқтату, айналымдағы қан көлемін арттыру немесе тұз қабылдау, сондай-ақ периндоприлдің бастапқы төмен дозаларын тағайындау және оларды біртіндеп арттыру гипотензияның даму қаупін төмендетеді.

Симпатомиметиктер АКФ тежегіштерінің гипотензиялық әсерін төмендетуі мүмкін. Құрамында алтын бар препараттармен (натрий ауротиомалаты) инъекциялық емнен және, периндоприлді қоса, АКФ тежегіштерімен қатарлас емдеуден өтетін емделушілердегі нитритоидты реакциялар (беттің қызаруын, жүрек айну, құсу және гипотензияны қамтитын симптомдар) туралы сирек хабарламалар келіп түскен.

Айрықша нұсқаулар

АКФ тежегіштерін қабылдаған емделушілерде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия білінді. Бауыр функциясы қалыпты және басқа да асқындырушы факторлар болмайтын емделушілерде нейтропения сирек басталады. Периндоприл қабылдағанда коллагенозды-тамыр ауруларына шалдыққан емделушілерге, иммунодепрессанттық емнен, аллопуринолмен немесе прокаинамидпен емдеуден өтетін немесе осы асқындырушы факторлардың барлығы бар емделушілерге, әсіресе, бұрыннан бар бүйрек функциясының бұзылуларында аса сақ болу керек. Осы емделушілердің кейбіреулерінде күрделі инфекциялар дамыған. Жекелеген жағдайларда антибиотиктермен қарқынды емдеу сәтсіз болып шықты. Осындай емделушілерге периндоприл тағайындалғанда лейкоциттерді есептеуге мезгіл-мезгіл мониторинг жасау ұсынылады және емделушілерге инфекцияның кез келген белгілері (мысалы, тамақтың ауыруы, ысыну) жөнінде хабарлау қажеттілігі туралы нұсқау беріледі.

Периндоприлді қоса, АКФ тежегіштерімен емнен өтетін емделушілерде бет, аяқ-қол, ерін, шырышты қабықтар, тіл, дауыс саңылауы және/немесе көмейдің ангионевроздық ісіну туралы сирек хабарламалар бар. Ондай жағдайларда Ко-Амлесса қабылдауды дереу тоқтатып, симптомдар толық жоғалып кеткенше қажетті мониторинг жасау керек. Әдетте, ісіну тек бет пен ерінді жайлаған жағдайларда ол қандай да бір емдеусіз басылды, антигистаминді препараттар симптомдарды жеңілдетуге көмектесті. Көмей ісінуімен қатар жүретін ангионевроздық ісіну өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін. Тыныс алу жолдарының обструкциясынан болуы ықтимал тіл, дауыс саңылауы немесе көмейдің ісінуінде шұғыл алғашқы көмек көрсету керек, онда адреналин тағайындауды және/немесе тыныс алу жолдарының еркіндігіне қолдау көрсетуді қамтуға болады. Емделуші симптомдар толық және түпкілікті жоғалып кеткенше жіті медициналық қадағалауда болуы тиіс. АКФ тежегіштерін қабылдаумен байланыссыз ангионевроздық ісінуді бастан өткерген емделушілерде АКФ тежегішін қабылдау кезінде ангионевроздық ісінудің басталу қаупі бар. АКФ тежегіштерін қабылдайтын емделушілердегі ішектік ангиоісіну жөнінде сирек хабарламалар келіп түскен. Бұл емделушілерде іштің ауыруы (жүрек айнумен және құсумен немесе оларсыз) басталған; кейбір жағдайларда мұның алдында беттің ангиоісінуі болмаған және эстераза С-1 деңгейлері қалып шегінде болған. Ангиоісіну диагнозы компьютерлік томография, ультрадыбыс қамтылған шаралар көмегімен немесе хирургиялық операция кезінде қойылды, симптомдар АКФ тежегішін қабылдауды тоқтатудан кейін басылды. Ішектік ангиоісіну АКФ тежегіштерін қабылдайтын іштің ауыруы бар емделушілердегі дифференциялық диагнозда қамтылуы тиіс.

Сирек жағдайларда, декстрансульфаттық сіңірілу көмегімен ТТЛП аферезі емшарасынан өтетін емделушілерде АКФ тежегіштерін тағайындағанда өмірге қатерлі анафилактоидтық реакциялардың даму жағдайлары болды. Әр жолы аферез жасау алдында АКФ тежегішін уақытша тоқтату арқылы осы реакцияларды болдырмаудың сәті түсті.

Жарғақ қанаттылар (ара, жабайы ара) уымен десенсибилизация жасау кезінде АКФ тежегіштерін қолданған емделушілерде өмірге қатерлі анафилактоидтық реакциялар туындаған жекелеген жағдайлар аталды. АКФ тежегіштерін десенсибилизация курсынан өткізілетін аллергиясы бар емделушілерде абайлап қолдану керек, ал улармен иммунотерапиядан өтетін емделушілерде қолдануға болмайды. АКФ тежегіштері де, десенсибилизация курсы да қажет болатын емделушілерде бұл реакцияларға десенсибилизация емінің басталуынан кемінде 24 сағат бұрын АКФ тежегішін уақытша тоқтату арқылы жол бермеуге болады.

АКФ тежегіштерін алатын емделушілерде декстран сульфатымен ТТЛП аферезін жасау кезінде сирек жағдайларда өмірге қауіпті анафилактоидтық реакциялар туындады. Әр жолы аферез жасау алдында АКФ тежегішін уақытша тоқтату арқылы осы реакцияларды болдырмаудың сәті түсті.

АКФ тежегіштерін алатын емделушілерде жоғары ағынды жарғақшалар (мысалы, AN69) пайдаланумен гемодиализ жасалғанда анафилактоидтық реакциялар болды. Гемодиализ жасау қажет болса, жарғақшалардың басқа типін пайдалану немесе емделушіні басқа кластың гипертензияға қарсы препаратын қабылдауға көшіру керек.

Периндоприл мен калий жинақтаушы диуретиктер, калий тұзын біріктіру, әдетте, ұсынылмайды.

Бауыр функциясы бұзылғанда тиазидті диуретиктер және тиазидтілерге жататын диуретиктер бауыр энцефалопатиясына әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда диуретиктер қабылдауды шұғыл тоқтату қажет.

Тиазидті диуретиктер мен тиазидтілерге жататын диуретиктер қолданылғанда жарыққа сезімталдық реакциялары туындаған жағдайлар аталды. Фотосезімталдық реакциялары пайда болғанда емдеуді тоқтату ұсынылады. Диуретикті қайта қабылдау қажет болса, күн сәулесіне немесе жасанды ультракүлгін сәуле әсеріне ұшырайтын аймақтарды қорғауға кеңес беріледі.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түріне (КК<30 мл/мин) шалдыққан емделушілерде Ко-Aмлeсса препаратымен емдеу қарсы көрсетілімді. Ауырлық сипаты ауыр және орташа (КК<60 мл/мин) бүйрек жеткіліксіздігінде 8 мг/5 мг/2,5 мг және 8 мг/10 мг/2,5 мг дозалары қарсы көрсетілімді.

Бүйректің көріністі зақымдануынсыз, бірақ қан талдауы бүйректің функционалдық жеткіліксіздігін көрсететін гипертензиясы бар кейбір емделушілерде емдеуді тоқтатып, мүмкін, төмен дозада немесе тек бір компонентпен жаңғырту қажет.

Ондай емделушілер үшін әдеттегі кейінгі медициналық бақылауда екі апта емделуден соң, ал артынан емдік тұрақтылық кезеңінде әр екі ай сайын калий мен креатининге жиі мониторинг жасау қамтылуы тиіс.

Бүйрек жеткіліксіздігі жағдайлары, негізінен, ауыр жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан немесе, бүйрек артериясының стенозын қоса, базалық бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде байқалды.

Препарат бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе жалғыз жұмыс істейтін бүйрек жағдайларында ұсынылмайды.

Емдеудің басында диуретик қабылдау нәтижесіндегі су және натрий жоғалтудан болатын гиповолемия гломерулярлы фильтрацияның төмендеуіне алып келеді, бұл қандағы мочевина және креатинин деңгейлерінің жоғарылата алады. Осы уақытша функционалдық бүйрек жеткіліксіздігі бүйрек жұмысы қалыпты емделушілерде қолайсыз зардаптарға соқтырмайды, бірақ бұрыннан бар бүйрек жеткіліксіздігін нашарлатуы мүмкін.

Ондай емделушілер үшін әдеттегі кейінгі медициналық бақылауда екі апта емделуден соң, ал артынан емдік тұрақтылық кезеңінде әр екі ай сайын калий мен креатининге жиі мониторинг жасау қамтылуы тиіс.

Артериялық гипотензия мен су және электролит тапшылығы

Бұрыннан бар натрий тапшылығы болғанда күрт гипотензия қаупі төнеді (атап айтқанда, бастапқы артериялық қысымы төмен емделушілерде, бүйрек артериясының стенозы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі немесе ісінумен және асцитпен болатын цирроз жағдайларында). Сондықтан ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін бөгеу, әсіресе, бірінші қабылдағанда және емделудің алғашқы екі аптасының ішінде артериялық қысымның күрт төмендеуіне және/немесе плазмада креатинин деңгейлерінің артуына әкелуі мүмкін, бұл функционалдық бүйрек жеткіліксіздігін айғақтайды. Кейде, сирек болса да, аталған жағдай жедел басталуы және кез келген уақытта туындауы мүмкін.

Сондықтан диарея немесе құсу нәтижесінде пайда болуы мүмкін су және электролиттік сарқылудың клиникалық белгілерінің білінуін жүйелі бақылап отыру қажет. Мұндай емделушілерде плазмадағы электролиттерге жүйелі мониторинг жасау қажет.

Айқын гипотензияда көктамыр ішіне физиологиялық ерітінді енгізу қажет болуы мүмкін. Өткінші гипотензия емдеуді жалғастыруға қарсы көрсетілім болып табылмайды. Қанағаттанарлық қан көлемі және артериялық қысым қалыпқа келген соң емдеуді қайтадан азайтылған дозада немесе компоненттердің біреуімен бастауға болады.

Реноваскулярлы гипертензия

Реноваскулярлы гипертензияны емдеу әдісі реваскуляризация болып табылады. Дегенмен де, АКФ тежегіштерін қолдану операциялық араласу күтілетін емделушілерде де, хирургиялық араласу жасау мүмкін емес жағдайда да оң әсер көрсетеді.

Бұрыннан бар немесе жорамалданатын бүйрек артериясының стенозы бар емделушілерге Ко-Амлесса қолданылғанда емдеуді препараттың төмен дозаларынан, кейбір емделушілерде жедел бүйрек жеткіліксіздігінің дамуы мүмкін екеніне орай, бүйрек функциясы мен калий мөлшерін жүйелі бақылай отырып, стационар жағдайларында бастау керек. Бұл жағдай емдеуді тоқтатқанда қайтымды болды.

8 мг/5 мг/2,5 мг және 8 мг/10 мг/2,5 мг дозаларымен емдеу бұрыннан бар немесе жорамалданатын бүйрек артериясының стенозы бар емделушілерге сай келмейді, өйткені емдеуді стационар жағдайларында, 8 мг/5 мг/ 2,5 мг немесе 8 мг/10 мг/2,5 мг қарағанда, төменірек дозадан бастау қажет.

Атеросклероз бұрыннан бар емделушілер

Артериялық гипотензияның даму қаупі барлық емделушілерде бар, алайда ишемиялық жүрек ауруы немесе ми қан айналымының жеткіліксіздігі бар емделушілер өздеріне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Бұл жағдайда емдеуді төмен дозадан бастау керек.

Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілер

Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерді емдеу сақтануды талап етеді.

Коронарлық жеткіліксіздігі бар гипертензиялық емделушілерде бета-блокаторлармен емдеуді тоқтату керек емес: АКФ тежегішін бета-блокаторларға қосу керек.

III және IV функционалдық класты ауыр жүрек жеткіліксіздігі (NYHA жіктемесі бойынша) бар емделушілерде амлодипин алғандардың өкпе ісінуіне шалдығу деңгейі плацебо тобынан едәуір жоғары болған. Іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде, амлодипинді қоса, кальций өзектерінің блокаторларын абайлап қолдану керек, өйткені олар жүрек-қантамыр ауруларының даму және келешекте өлімге ұшырау қаупін арттыруы мүмкін.

Қолқа және митральді клапан стенозы /гипертрофиялық кардиомиопатия:

Сол жақ қарынша шығу жолының обструкциясы бар емделушілерде АКФ тежегіштерін сақтықпен тағайындау керек.

Қант диабеті бар емделушілер:

Инсулинге тәуелді қант диабеті (өздігінен болатын калий деңгейінің жоғарылау үрдісі) бар емделушілерде дәрігердің қадағалауымен емдеуді бастапқы азайтылған дозадан бастау керек.

Бұрын ішуге арналған диабетке қарсы препараттармен немесе инсулинмен ем алған қант диабеті бар емделушілерде, атап айтқанда, АКФ тежегішімен емделудің алғашқы айында гликемия деңгейлерін мұқият бақылау керек.

Жөтел

АКФ тежегішімен емделу аясында құрғақ жөтел болуы мүмкін. Жөтел осы топтың препараттарын қабылдау аясында ұзақ уақыт сақталады және оларды тоқтатудан кейін басылады. Емделушіде құрғақ жөтел білінгенде бұл симптомның АКФ тежегішін қабылдаумен байланысты болуы мүмкін екенін есте ұстау керек. Егер дәрігер АКФ тежегішімен ем емделушіге қажет деп санаса, препарат қабылдауды жалғастыруға болады (бұл жөтелдің дифференциялық диагностикасында маңызды!).

Хирургиялық араласу/анестезия:

АКФ тежегіштері анестезия жасау кезінде, әсіресе, енгізілген анестетиктің гипотензиялық қасиеті зор болатын жағдайларда артериялық гипотензияны туындатуы мүмкін. Сондықтан хирургиялық араласудан бір күн бұрын ұзақ әсер ететін АКФ тежегіштерін, соның ішінде периндоприл қабылдауды тоқтату ұсынылады.

Бауыр жеткіліксіздігі

Сирек жағдайларда АКФ тежегіштері холестаздық сарғаю басталатын синдромның дамуымен байланыстырылады және бауырдың жедел ағымды және (кейде) өлімге әкелетін некрозына дейін үдейді. Осы синдром механизмі түсініксіз. Сарғаю немесе бауыр ферменттерінің айқын жоғарылауы дамитын АКФ тежегіштерін алатын емделушілер АКФ тежегіштерін қабылдауды тоқтатып, кейіннен тиісті медициналық қадағалауда болу керек.

Бауыр функциясының бұзылуында тиазидті диуретиктер және тиазидтілерге жататын диуретиктер бауыр энцефалопатиясына әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда диуретиктер қабылдауды дереу тоқтату қажет.

Бауыр функциясы бұзылған емделушілерде амлодипиннің жартылай шығарылу кезеңі ұзарады және AUC мәндері едәуір жоғары болады. Емделушілердің осы санатында дозалануына қатысты нұсқаулар әзірленбеген, сондықтан емдеудің ең басында да, препарат дозасын арттыру кезінде де сақ болып, препарат қабылдауды рұқсатты диапазонның ең төмен дозаларынан бастау қажет. Ауыр дәрежелі бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерге дозаны баяу титрлеу және мұқият қадағалау қажет болады.

Су және электролит теңгерімі

Натрий деңгейін емдеуді бастар алдында, артынан жүйелі уақыт аралықтары өткенде тексеру қажет. Диуретиктермен кез келген емдеу күрделі зардаптарға әкеп соқтыратын натрий деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Натрий деңгейінің төмендеуі емдеудің басында симптомсыз өтуі мүмкін, сондықтан жүйелі бақылап отырудың маңызы зор. Егде жастағыларда және циррозбен емделушілерде өте жиі мониоринг жасау қажет.

Гиперкалиемия

АӨФ тежегіштерімен, соның ішінде периндоприлмен емнен өткен кейбір емделушілерде қан сарысуында калий мөлшері жоғарылаған жағдайлар болды. Гиперкалиемияны дамытатын қауіп факторларына бүйрек жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының нашарлауы, жас шамасы (> 70 жас), қант диабеті, организмнің сусыздануы сияқты кездейсоқ құбылыстар, жүректің жедел декомпенсациясы, метаболизмдік ацидоз, калий жинақтаушы диуретиктерді (спиронолактон, эплеренон, триамтерен немесе амилорид), калий қоспаларын немесе құрамында калий бар тұз алмастырғыштарын бір мезгілде қабылдау, сондай-ақ сарысуда калий деңгейінің жоғарылауын туғызатын басқа дәрілік препараттарды (мысалы, гепарин) қабылдау жатады. Калий қоспаларын, калий жинақтаушы диуретиктерді және құрамында калий бар тұз алмастырғыштарын қабылдау, әсіресе, бүйрек функциясы бұзылған емделушілерде сарысуда калий деңгейінің едәуір жоғарылауына әкелуі мүмкін. Гиперкалиемия күрделі, кейде өлімге ұшырататын аритмияны туындатуы мүмкін. Егер периндоприл мен жоғарыда аталған препараттарды қатарлас тағайындау қажет болып саналса, олар сақтықпен және қан сарысуындағы калий мөлшеріне жүйелі мониторинг жасаумен қабылдануы тиіс.

Гипокалиемия

Гипокалиемияға ұласуы мүмкін калий мөлшерінің төмендеуі тиазид және соның негізіндегі басқа диуретиктер қабылдаудан болатын негізгі қауіп болып табылады. Кейбір жоғары қауіп топтары, мысалы, егде жастағы адамдар, жеткіліксіз тамақтанатын және/немесе бір мезгілде бірнеше препарат қабылдайтын адамдар, циррозға шалдыққан емделушілер, ісінулері мен асциттері бар емделушілер, коронарлық тамыр және жүрек аурулары бар емделушілер гипокалиемияның (< 3,4 ммоль/л) туындау қаупінен сақтандырылуы тиіс. Бұл жағдайда, гипокалиемия жүректің дигиталисті препараттармен уыттануын және аритмияның пайда болу қаупін арттырады.

QT аралығы ұзарған емделушілер, оның конгенитальді немесе ятрогенді тегіне қарамастан, қауіпке ұшырайды. Гипокалиемия, сондай-ақ брадикардия күшті аритмияның, атап айтқанда, өлім қаупі зор жүрекшелер дірілдеуі-жыпылықтауының туындауына бейімдеуші фактор болып табылады.

Барлық жағдайларда калий деңгейіне мониторинг өте жиі жасалу қажет. Плазмадағы калий деңгейін бірінші өлшеуді емнің басталуынан кейінгі алғашқы аптада жүргізген жөн. Плазмадағы калий деңгейі төмен болғанда дозаны түзету қажет.

Кальций деңгейлері

Тиазидті диуретиктер және тиазидтермен байланысты диуретиктер кальцийдің несеппен шығарылуын азайтып, плазмадағы кальций деңгейінің өткінші жоғарылауына себеп бола алады. Кальций деңгейінің айқын жоғарылауы анықталмаған гиперпаратиреоидизмге себеп болуы мүмкін, соған байланысты қалқанша маңы безі функциясын тексеруге дейін емдеуді тоқтату қажет.

Несеп қышқылы

Гиперурикемиясы бар емделушілерде подагра ұстамалары күшеюі мүмкін.

Литий

Литий, әдетте, қатарлас қолдануға ұсынылмайды.

Спортсмендер

Спортсмендерге препарат құрамында допинг-бақылау жасалғанда оң реакция беруі мүмкін индапамид бар екенін ескерту қажет.

Этникалық ерекшеліктер

Басқа да АКФ тежегіштері сияқты, периндоприлдің гипотензиялық тиімділігі қара нәсілді емделушілерде басқа нәсіл емделушілеріндегіден төмен болуы мүмкін. Себеп гипертензияның қара нәсілді емделушілерде рениннің төмен мөлшері аясында өте жиі туындауынан болуы мүмкін.

Егде жастағы емделушілер

Емдеуді калий мөлшері мен бүйрек функциясын алдын ала зерттеуден соң бастау керек. Бастапқы доза, әсіресе, артериялық қысым күрт төмендеп кетпес үшін су-электролит теңгерімі бұзылған жағдайларда артериялық қысымның төмендеу дәрежесін ескерумен таңдалады және дозаны абайлап арттыру керек.

Жүктілік және лактация кезеңі

АКФ тежегіштерін жүктілік кезінде қабылдауды бастауға болмайды. Егер АКФ тежегіштерімен емдеуді жалғастыру абсолютті қажеттілік болып саналса, жүктілікті жоспарлайтын емделуші әйел жүктілік кезінде қауіпсіздік бейіні анықталған баламалы гипотензиялық емге ауысуы тиіс. Егер жүктілік дерегі расталса, АКФ тежегіштерімен емдеуді тоқтатып, қажет болса, баламалы ем түріне көшіру керек.

Педиатрияда қолдану

Ко-Амлесса препаратының балалар мен жасөспірімдердегі тиімділігі мен көтерімділігі анықталмаған.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері.

Ко-Амлесса препаратының автокөлікті жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуіне зерттеулер жүргізілмеген. Автокөлікті жүргізгенде және механизмдерді басқарғанда бас айналу немесе шаршаудың басталу мүмкіндігін ескеру қажет.

Артық дозалануы

Периндоприл/индапамид

Симптомдары: гипотензия және кейде жүрек айнуымен, құсумен, құрысулармен, бас айналумен, ұйқышылдықпен, сананың шатасуымен, анурияға дейін үдеуі мүмкін (гиповолемия нәтижесінде) олигуриямен қатар жүретін рефлекторлы тахикардия. Организмдегі су және тұз деңгейінің бұзылуы туындауы мүмкін (натрийдің төмен деңгейлері, калийдің төмен деңгейлері).

Емі: бастапқы шараларда асқазанды шаю және/немесе белсендірілген көмір қабылдау көмегімен қабылданған препаратты (препараттарды) тез шығару, артынан су және электролит теңгерімі қалыпты деңгейге жеткізілетін мамандандырылған мекемеде су және электролит теңгерімін қалыпқа келтіруді қамтиды.

Айқын гипотензия дамығанда емделушіні «жату» қалпына көшіру қажет, басы аласа болуы тиіс. Қажет болса, көктамырішілік изотониялық ерітіндіні енгізуге немесе кез келген басқа тәсілді пайдалануға болады.

Периндоприлатты, периндоприлдің белсенді түрін, организмнен диализ арқылы шығаруға болады.

Амлодипин

Симптомдары: амлодипинмен едәуір артық дозалану шеткергі тамырлардың шектен тыс кеңейіп кетуіне және, ықтималды түрде, рефлекторлы тахикардияға әкелуі мүмкін. Артериялық гипотензияның, соның ішінде шок және өліммен аяқталу дамитын айқын және тұрақты жағдайлары сипатталған.

Емі: Амлодипинмен артық дозаланудан болатын клиникалық мәнді артериялық гипотензияда жүрек және өкпе жұмысының көрсеткіштеріне, аяқ-қолдың жоғары көтерілген қалпына жасалатын мониторингті, айналымдағы сұйықтық көлемін және диурезді бақылауды қоса, жүрек-қантамыр жүйесінің функциясына қолдау көрсетуге бағытталған белсенді шаралар өткізу талап етіледі.

АҚ мен тамырлар тонусын қалыпқа келтіру үшін, егер қарсы көрсетілімдері жоқ болса, тамыр тарылтатын препараттарды қолдануға болады. Кальций өзектері блокадасының зардаптарын жою үшін кальций глюконатын көктамыр ішіне енгізу пайдаланылады.

Кейбір жағдайларда асқазанды шаю тиімді болуы мүмкін. Дені сау еріктілерге 10 мг дозада амлодипин қабылдаудан кейін бірден немесе 2 сағат ішінде белсендірілген көмір тағайындау препараттың едәуір кідіріспен сіңуіне әкелген.

Амлодипин едәуір дәрежеде қан сарысуы ақуыздарымен байланысатындықтан, гемодиализ тиімділігі аз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Ламинацияланған полиамидті/алюминий/поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 3, 6 немесе 9 пішінді ұяшықты қаптамадан картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

КРКА-ПОЛЬСКА Сп. з о.о., Польша

Рувнолегла к-сі 5, 02-235 Варшава, Польша

Тіркеу куәлігінің иесі

КРКА, д.д. Ново место, Словения

Шмарьешка 6, 8501 Ново место, Словения

 

Қазақстан Республикасы аумағында өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«КРКА Қазақстан» ЖШС, ҚР, 050059, Алматы қ., әл-Фараби д-лы 19,

1 б корпус, 2-ші қабат, 207 кеңсе

тел.: +7 (727) 311 08 09

факс: +7 (727) 311 08 12

info.kz@krka.biz

 

 

Прикрепленные файлы

902342421477976315_ru.doc 226.5 кб
686112171477977561_kz.doc 285 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники