Кардура® (таблетки 4мг)

МНН: Доксазозин
Производитель: Пфайзер Мануфактуринг Дойчланд ГмбХ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Doxazosin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№010829
Информация о регистрации в РК: 03.09.2018 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 169.06 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Кардура®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Доксазозин

Дәрілік түрі

2 мг және 4 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат2,43 мг және 4,85 мг доксазозин мезилаты, тиісінше 2 мг және 4 мг доксазозинге баламалы,

қосымша заттар: натрий крахмалы гликолаты, микрокристалды целлюлоза, лактоза моногидраты, магний стеараты, натрийлаурил сульфаты.

Сипаттамасы

Ақ түсті, сопақша пішінді, бір жағында «Pfizer» таңбасы бар, екінші жағында «СN 2» таңбасы және сызығы бар таблеткалар (2 мг доза үшін).

Ақ түсті, екі жақ беті дөңес, ромбтәріздес пішінді, бір жағында «Pfizer» таңбасы, екінші жағында «СN 4» таңбасы және сызығы бар таблеткалар (4 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Шеткері әсері бар антиадренергиялық препараттар. Альфа- адреноблокаторлар. Доксазозин.

АТХ коды C02CA04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Доксазозинді емдік дозада ішке қабылдағаннан кейін қан плазмасындағы оның шектік концентрациясы 2-3 сағаттан кейін байқалады. Доксазозиннің биожетімділігі шамамен 65 %-ды құрайды, бұл оның бауырдағы жүйе алдындағы метаболизмімен байланысты. Артериялық гипертензиясы бар пациенттердің қатысуымен жүргізілген зерттеу деректері бойынша ас ішу барысында доксазозинді қабылдаған кезде қан плазмасында дәрілік заттың орташа ең жоғары концентрациясының 18 %-ға және плазмада дәрілік зат концентрациясының уақытқа байланысты қисық астындағы аудан шамасының 12 %-ға төмендеуі байқалды. Бұл айырмашылықтардың ешбірі статистикалық немесе клиникалық тұрғыдан маңызды болған жоқ.

Метаболизмі және шығарылуы

Доксазозин негізінен хиназолинді ядроны O-деметилдеу немесе молекуланың бензодиоксандық функционалдық тобының гидроксилденуі арқылы бауырда белсенді метаболизмге ұшырайды. Доксазозиннің бірнеше белсенді метаболиттері белгілі, алайда олардың фармакокинетикасы зерттелмеген. Ішке 2 мг дозада және көктамыр ішіне 1 мг дозада радиоактивтік белгісімен доксазозинді бөлек қабылдаған пациенттердің қатысуымен жүргізілген зерттеуде радиоактивтік изотопы бар шамамен 63 % зат нәжіспен және 9 % несеппен шығарылған. Орта есеппен әсер етуші заттың тек 4,8 % өзгермеген күйде нәжіспен шығарылған, ал несепте тек оның іздік мөлшері анықталған. Емдік дозаны қолданған кезде қол жеткізілетін қан плазмасындағы доксазозин концентрацияларында оның қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы шамамен 98 % құрайды.

Доксазозиннің қан плазмасынан шығарылуы екі фазалық сипатқа ие, ал ақырғы жартылай шығарылу кезеңі шамамен 22 сағатты құрайды. Препаратты тәулігіне бір рет 2-16 мг дозада қабылдаған артериялық гипертензиясы бар пациенттерде қан плазмасындағы тепе-тең жағдайда доксазозин фармакокинетикасының зерттеулері фармакокинетикасының дозаға байланыстылығын және оның дозаға пропорционалды тәуелділігін көрсетті. Доксазозинді тәулігіне бір рет 2 мг дозада қабылдағаннан кейін орташа жинақталу коэффициенттері (бірінші дозаны қабылдағаннан кейін AUC шамасына тепе-тең жағдайда AUC шамасының арақатынасы) 1,2 және 1,7 құрады. Доксазозиннің ішек-бауырлық қайта айналымына көрсетілімдер бар, бұл туралы оның қан плазмасындағы концентрациясының жоғарылауы айғақтайды.

Артериялық қысымы бірқалыпты пациенттердің қатысуымен жүргізілген зерттеулерде доксазозиннің фармакокинетикалық және қауіпсіздік параметрлері препаратты таңертең және кешке қабылдаумен жасалған емдеу сызбасын қолданғанда ұқсас болды. Алайда плазмадағы дәрілік зат концентрациясының препаратты таңертең қабылдаумен жасалған емдеу сызбасын қолданған кездегі уақытқа байланысты қисық астындағы аудан шамасы кешке қабылдағанға қарағанда 11 % -ға төмен болды, ал қан плазмасында дәрілік заттың шектік концентрациясына препаратты кешке қабылдағаннан кейін оны таңертең қабылдағанға қарағанда айтарлық кешірек қол жеткізілді ( 3,5 сағатпен салыстырғанда  5,6 сағат).

Егде жастағы пациенттер

Дәрілік заттың қан плазмасынан жартылай шығарылу кезеңі мен доксазозинді пероральді қабылдағаннан кейінгі оның клиренсі сияқты фармакокинетикалық көрсеткіштер жастау (< 65 жас) және егде жастағы ( 65 жас) пациенттерде ұқсас болды.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Егде жастағы пациенттер мен бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде жүргізілген доксазозин зерттеулері бүйрек функциясы қалыпты жастау пациенттермен салыстырғанда оларда фармакокинетикалық көрсеткіштердің айтарлықтай өзгерістері анықталған жоқ. Бауыр циррозы (Чайлд – Пью шкаласы бойынша А класы) бар пациенттерде 2 мг дозада препаратты бір рет қабылдағанда доксазозиннің жүйелік әсер етуі 40 %-ға ұлғайғаны байқалды.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Доксазозиннің оның бауыр метаболизміне белгілі әсер ету қабілеті бар дәрілік заттармен (циметидин сияқты) өзара әрекеттесуі туралы деректер шектеулі. Метаболизмі толықтай бауырда жүзеге асырылатын кез келген басқа препарат сияқты бауыр функциясы бұзылған пациенттерде доксазозинді сақтықпен қолдану керек.

Ерекше топтағы пациенттер

Артериялық қысымы бірқалыпты және ҚБҚГ-мен бірге артериялық гипертензиясы бар пациенттердің қатысуымен жүргізілген зерттеулерде доксазозинді таңертең қабылдаумен және екі апта және тиісінше бір апта аралықпен дозаны титрлеумен қан плазмасында доксазозиннің ең төменгі концентрациялары ұқсас болды. Фармакокинетикасының дозаға байланыстылығы және оның дозаға пропорционалды тәуелділігі байқалды.

Фармакодинамикасы

Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы (ҚБҚГ)

ҚБҚГ егде жастағы ерлерде несептің ағыны бұзылуының кеңінен таралған себебі болып табылады. Ауыр дәрежедегі ҚБҚГ несеп іркілісіне және бүйректің зақымдалуына себеп болуы мүмкін. ҚБҚГ симптомдарының туындауы және несеп ағыны жылдамдығының төмендеуіне бұл ауруда статикалық және динамикалық компоненттер үлес қосады. Статикалық компонент ретінде оның стромасының тегіс бұлшықет жасушаларының пролиферациясымен ішінара байланысты қуықасты безі өлшемінің ұлғаюы болып табылады. Алайда ҚБҚГ симптомдарының ауырлық дәрежесі мен уретра обструкциясының дәрежесі простата өлшемімен өзара байланысты болмайды. ҚБҚГ динамикалық компоненті қуықасты безі мен қуық мойнының тегіс бұлшықеті тонусының жоғарылауы болып табылады. Тегіс бұлшықет тонусы стромада және қуықасты безінің капсуласында, сондай-ақ қуық мойнында көп мөлшерде болатын альфа1-адренорецепторлар арқылы реттеледі. Альфа1-адренорецепторлар блокадасы уретра кедергісін төмендетеді және оның обструкция дәрежесі мен ҚБҚГ симптомдар айқындылығын төмендетуі мүмкін. Адамның қуықасты безінде Кардура® фенилэфрин (альфа1-адренорецепторлар агонисі) арқылы тегіс бұлшықет жасушаларының жиырылуын in vitro жояды және жоғары аффинділікпен альфа1c-адренорецепторлармен байланысады. Рецепторлардың бұл қосалқы типі қуықасты безінің негізгі функционалдық типі болып табылады деп саналады. ҚБҚГ симптомдары айқындылығын төмендету және несеп ағыны жылдамдығын арттыру түріндегі Кардура® препаратының әсері емді бастағаннан кейін 1-2 апта ішінде білінеді. Қуықтағы (қуық мойнын қоспағанда) альфа1-адренорецепторлар тығыздығы көп емес, сондықтан Кардура® препараты қуықтың жиырылу функциясының бұзылуын туғызбауы тиіс.

Артериялық гипертензия

Кардура® препаратының әсері альфа1-адренорецепторлардың іріктеу блокадасына байланысты (постсинапстық). Дені сау пациенттердің қатысуымен жүргізілген зерттеулер доксазозин фенилэфриннің (альфа1-адренорецепторлар агонисі) прессорлық әсеріне және норэпинефриннің систолалық артериялық қысымға әсеріне қатысты бәсекелес антагонистік әсері барын көрсетті. Кардура® препаратының гипотензиялық әсері жүйелі қантамыр кедергісін төмендетумен байланысты. Гипертензияға қарсы әсері бастапқы қосылыс  - доксазозинмен байланысты. Доксазозиннің белгілі белсенді және белсенді емес метаболиттерінің қан плазмасындағы төмен концентрациялары (2-пиперазинил, 6'- және 7'-гидрокси және 6- және 7-O-дезметилдік қосылыстары) бастапқы заттың концентрациясымен салыстырғанда, тіпті, өте көп гипотензиялық әсерімен (6'-гидрокси) доксазозиннің гипертензияға қарсы әсеріне метаболиттің үлесі адамда аз екенін көрсетті. 6'- және 7'-гидрокси метаболиттер 5 мкМ концентрацияда in vitro антиоксиданттық қасиеттерге иеленген.

Кардура® жүйелік қантамыр кедергісін төмендетеді. Артериялық гипертензиясы бар пациенттерде препарат жүрек лықсытуын елеусіз төмендетеді. Артериялық қысымның ең көп төмендеуі препаратты қабылдағаннан кейін әдетте 2-6 сағат ішінде байқалады және түрегеп тұрған қалыпта жүректің жиырылу жиілігінің азғана ұлғаюымен қатар жүреді. Басқа да альфа1-адреноблокаторлар сияқты доксазозиннің артериялық қысымға және жүректің жиырылу жиілігіне әсері түрегеп тұрған қалыпта аса айқын.

Артериялық гипертензиясы бар пациенттерді зерттегенде еуропалық немесе қара нәсілді пациенттерде немесе 65 жастан жоғары немесе кіші пациенттерде артериялық қысымның төмендеу дәрежесінде айқын ерекшеліктер байқалған жоқ. Негізінен холестерин деңгейі қалыпты бұл пациенттерде доксазозин қан сарысуында жалпы холестерин деңгейін (2-3 %) және тығыздығы төмен липопротеиндер (ТТЛП) холестеринін елеусіз (4 %) төмендетті, сондай-ақ тығыздығы жоғары липопротеиндер (ТЖЛП) / жалпы холестерин арақатынасының шамасын елеусіз арттырды (4 %). Бұл бақылаулардың клиникалық мәні түсініксіз. Кардура® препаратын қабылдаған пациенттердің осы популяциясында дене салмағының орта есеппен 0,6 кг-ге артқаны байқалды, ал плацебо тобында дене салмағының орта есеппен 0,1 кг-ге төмендегені байқалды.

Қолданылуы

- қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы (ҚБҚГ)

Кардура® препараты несеп ағысының бұзылуын жою және обструктивтік симптомдар (несеп шығарудағы қиналулар, үзік-үзік несеп шығару, несептің тамшылатып бөлінуі, несеп ағыны қысымының төмендеуі, қуықтың толық босамауы) айқындылығын және ҚБҚГ кезінде тітіркендіргіш симптомдарды (никтурия, күндізгі уақытта кіші дәретке жиі бару, несеп шығаруға қатты қысылу және несеп шығарған кезде ашыту сезімі) төмендету үшін қолданылады. Кардура® препаратын артериялық гипертензиясы бар-жоғына қарамай ҚБҚГ бар барлық пациенттерде қолдануға болады. Артериялық гипертензиясы және ҚБҚГ бар пациенттерде екі жағдайды да Кардура® препаратының көмегімен тиімді емдеуге болады.

- артериялық гипертензия

Кардура® препараты артериялық қысымды төмендету мақсатында артериялық гипертензияны емдеу үшін қолданылады.

Кардура® препаратын монотерапияда немесе диуретиктермен, бета-блокаторлармен, кальций өзекшелері блокаторларымен немесе ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштерімен біріктіріп пайдалануға болады.

Қолдану тәсілі және дозалары

Препарат дозасын жекелей таңдау керек.

Артериялық гипертензиясы және (немесе) ҚБҚГ бар пациенттер үшін Кардура® препаратының бастапқы дозасы тәулігіне бір рет таңертең немесе кешке 1 мг құрайды. Бұл бастапқы доза Кардура® препаратының бірінші дозасын қабылдаумен байланысты ортостатикалық гипотензия мен естен танудың туындау қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Ортостатикалық реакциялар көбінесе препаратты қабылдағаннан кейін 2 және 6 сағат аралықтағы кезеңде туындайды. Осыған байланысты пациентте бірінші дозаны қабылдағаннан кейін және дозаны әрбір арттырған сайын көрсетілген уақыт кезеңі ішінде өлшеп отыру керек. Егер Кардура® препаратымен емдеу бірнеше күнге тоқтатылса, онда емді бастапқы дозадан бастап жаңғырту керек.

Кардура® препараты мен ФДЭ-5 тежегішін бір мезгілде қолдану артериялық қысымның қосымша төмендеуіне және клиникалық көріністерімен гипотензияның дамуына әкелуі мүмкін; осыған байланысты Кардура® препаратын қабылдайтын пациенттерде ФДЭ-5 тежегішімен емдеуді ең төменгі дозадан бастау керек.

- қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы

Ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 1-8 мг құрайды. Кардура® препаратының бастапқы дозасы тәулігіне бір рет таңертең немесе кешке 1 мг құрайды. Пациентте ҚБҚГ симптомдарының айқындылығы мен уродинамиканың бұзылу дәрежесіне байланысты препарат дозасын 2 мг-ге дейін және одан кейін тәулігіне бір рет 4 мг және 8 мг-ге дейін арттыруға болады, бұл ретте соңғы доза ҚБҚГ кезінде ең жоғары ұсынылатын доза болып табылады. Дозаны 1-2 апта аралықпен титрлеу ұсынылады. Мұндай пациенттерде артериялық қысымды ұдайы бақылап отыру керек.

- артериялық гипертензия

Ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 1-16 мг құрайды. Кардура® препаратының бастапқы дозасы тәулігіне бір рет 1 мг құрайды. Түрегеп тұрған қалыпта белгілі бір пациенттің артериялық қысымының өзгеру дәрежесіне байланысты (препаратты қабылдағаннан кейін 2-6 сағаттан кейін және 24 сағаттан соң орындалған өлшемдерге сәйкес) препарат дозасын әрі қарай 2 мг-ге дейін және әрі қарай, артериялық қысым қажетті деңгейге түскенге дейін қажет болғанда 4 мг, 8 мг немесе 16 мг дейін арттыруға болады. 4 мг-ден жоғары дозаны арттырғанда естен тану, ортостатикалық бас айналуды немесе вертигоны, сондай-ақ ортостатикалық гипотензияны қоса, ортостатикалық реакциялардың туындау ықтималдығы артады.

Егде жастағы пациенттер

а) Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы

Кардура® препаратының қауіпсіздігі мен тиімділік бейіні егде жастағы (≥ 65 жас) және барынша жас (< 65 жас) ҚБҚГ бар пациенттерде салыстырмалы болды.

б) Артериялық гипертензия

Клиникалық зерттеулерде жасына байланысты емдеуге жауап ерекшеліктері байқалған жоқ. Жалпы алғанда, егде жастағы пациенттерге препарат дозасын сақтықпен таңдау керек және осындай пациенттерде бауыр, бүйрек немесе жүрек функциясының бұзылуы, сондай-ақ қатар жүретін аурулардың немесе басқа дәрілік препараттарды қолдану жиілігі жоғары болуына байланысты емдеуді әдетте ең төменгі дозадан бастау қажет.

Пациент балалар

Балаларда гипертензияға қарсы препарат ретінде қолданған кезде Кардура® препаратының қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жағымсыз әсерлері

Кардура® препаратын қолданған кезде көрініс беру жиілігі бойынша төмендегідей жіктелген жағымсыз әсерлер тіркелген: жиі ( ≥ 1/100-ден < 1/10 дейін); жиі емес ( ≥ 1/1000-нан < 1/100 дейін); сирек ( ≥ 1/10 000-нан < 1/1000 дейін); өте сирек (< 1/10 000) және белгісіз (қолда бар деректер негізінде анықтау мүмкін емес).

Жиі

- бронхит, жөтел, ентігу, ринит

- несеп-жыныс жүйесінің инфекциялары

- іш тұсының ауыруы, асқазан бұзылыстары, ауыздың құрғауы, жүрек айнуы

- ұйқышылдық, бас айналу, бас ауыруы

- вертиго

- жүрек соғысының жиілеуі, тахикардия, гипотензия, постуральді гипотензия

- қышыну

- арқаның ауыруы, миалгия

- цистит, несепті ұстай алмау

- астения, кеуденің ауыруы, тұмау тәрізді симптомдар, шеткері ісіну

Жиі емес

- аллергиялық дәрілік реакциялар, тері бөртпесі

- подагра, тәбеттің артуы, анорексия

- жай-күйдің қозуы, депрессия, үрейлену сезімі, ұйқысыздық, күйгелектік

- ми қан айналымының жедел бұзылуы, гипестезия, естен тану, тремор

- құлақтың шыңылдауы

- стенокардия, миокард инфарктісі

- мұрыннан қан кету

- гастроэнтерит, құсу, іш қату, метеоризм, диарея

- бауырдың әдеттен тыс функционалдық сынамалары

- артралгия

- дизурия, жиі кіші дәретеке бару, гематурия

- импотенция

- беттің ауыруы, ісінуі

- салмақ қосу

Сирек

- бұлшықет түйілуі, бұлшықет әлсіздігі

- полиурия

Өте сирек

- лейкопения, тромбоцитопения

- брадикардия, жүрек аритмиясы постуральді бас айналу, парестезия, қан кернеулері

- нашар көру

- бронх түйілуі

- холестаз, гепатит, сарғаю

- есекжем

- алопеция, пурпура

- жоғары диурез, несеп шығарудың бұзылуы, ноктурия

- гинекомастия, приапизм

- шаршау, жалпы әлсіздік

Белгісіз

- интраоперациялық бос нұрлықабық синдромы

- ретроградтық эякуляция

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- хиназолиндерге (празозин, теразозин, доксазозин) немесе препараттың қосымша компоненттерінің кез келгеніне жоғары сезімталдық

- анамнезінде ортостатикалық гипотензияның болуы

- жоғарғы несеп шығару жолдарының бітелуімен қатар жүретін қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы және несеп шығару жолдарының инфекциялары, қуықта тас болу

- артериялық гипотензия

- үдемелі бүйрек жеткіліксіздігі болғанда, сондай-ақ ол болмаған жағдайда қуығы толып тұрған немесе ануриясы бар пациенттерді емдеу үшін монотерапия препараты ретінде қолдануға болмайды

- тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылық, лактаза жеткіліксіздігі және глюкоза-галактоза сіңуінің бұзылуы бар пациенттерге қолдануға болмайды

- жүктілік

- лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі

Доксазозин молекулаларының көп бөлігі (98 %) қан ақуыздарымен байланысқан. Адам плазмасымен жүргізілген іn vitro зерттеу деректері доксазозин мезилатының дигоксиннің, варфариннің, фенитоиннің немесе индометациннің қан ақуыздарымен байланысуына әсер етпейтінін көрсетті. Қан плазмасы ақуыздарымен жоғары дәрежеде байланысатын басқа дәрілік заттардың доксазозиннің қан ақуыздарымен байланысуына әсері туралы ақпарат жоқ. Кардура® препаратын қолданған кезде доксазозиннің тиазидтік диуретиктермен, бета-блокаторлармен және қабынуға қарсы стероидты емес дәрілермен жағымсыз өзара әрекеттесуінің қандай да бір белгілері байқалған жоқ. Дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеу деректері бойынша циметидинді (тәулігіне екі рет 400 мг дозада) төрт күндік қабылдау кезеңінің 1-ші күнінде 1 мг дозада доксазозинді бір рет қабылдау доксазозиннің AUC орташа шамасының 10 % (p = 0,006) артуына және Cmax орташа шамасы мен доксазозиннің жартылай шығарылу кезеңінің орташа ұзақтығының азғана, бірақ статистикалық елеусіз ұлғаюына әкелді. Доксазозиннің AUC шамасының клиникалық ұлғаюның маңыздылығы белгісіз.

Клиникалық зерттеулерде Кардура® препаратын бір мезгілде басқа препараттармен тағайындаған; дәрілермен өзара әрекеттесуін бағалау мақсатқа қойылған жоқ, бірақ ондай анықталмады. Кардура® препараты төмендегі дәрілік препараттармен немесе дәрілік препараттар кластарымен қолданылды:

1) анальгетиктер/қабынуға қарсы препараттар (мысалы, ацетаминофен, аспирин, кодеин және құрамында кодеин, ибупрофен, индометацин бар препараттар);

2) антибиотиктер (мысалы, эритромицин, триметоприм сульфометоксазолмен біріктірілімде, амоксициллин);

3) антигистаминдік препараттар (мысалы, хлорфенирамин);

4) жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын емдеу үшін қолданылатын препараттар (мысалы, атенолол, гидрохлоротиазид, пропранолол);

5) кортикостероидтар;

6) ас қорыту жолының ауруларын емдеу үшін қолданылатын препараттар (мысалы, антацидтер);

7) гипогликемиялық дәрілер және эндокриндік жүйе ауруларын емдеу үшін қолданылатын препараттар;

8) тыныштандыратын препараттар және транквилизаторлар (мысалы, диазепам);

9) суық тию мен тұмауды емдеу үшін қолданылатын дәрілер.

Кардура® препаратын 5-типті фосфодиэстераза (ФДЭ-5) тежегішімен бірге қолдану артериялық қысымның қосымша төмендеуіне және клиникалық көріністерімен гипотензияға әкелуі мүмкін.

Басқа препараттарға және зертханалық талдау нәтижелеріне әсері

Кардура® препараты оны 3 жылға дейінгі мерзімде қабылдаған пациенттерде қан плазмасында простатспецификалық антигеннің мөлшеріне әсер еткен жоқ. Альфа1-адренорецепторлар антагонисі доксазозин 5-альфа-редуктаза тежегіші финастерид сияқты жоғары дәрежеде қан ақуыздарымен байланысады және бауырда метаболизденеді. Қазіргі уақытта альфа1-адренорецепторлар антагонистері мен 5-альфа-редуктаза тежегіштерін бақыланатын клиникалық түрде бірге қолдану туралы деректер жоқ.

Айрықша нұсқаулар

Естен тану және «бірінші доза» әсері

Доксазозин әсіресе пациент түрегеп тұрғанда басқа да альфа-адреноблокаторлар сияқты артериялық қысымды қатты төмендетуі мүмкін, бұл естен танумен немесе ортостатикалық гипотензияның басқа да симптомдарымен, мысалы, бас айналуымен қатар жүруі мүмкін. Айқын ортостатикалық гипотензия көбінесе препараттың бірінші дозасын қабылдағаннан кейін байқалады, алайда дозасын арттырғанда немесе бірнеше күнге созылған үзілістен кейін емді жаңғыртқанда да туындауы мүмкін. Артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі және естен танудың дамуы ықтималдығын азайту мақсатында емді 1 мг дозадан бастау қажет. Кардура® 2 мг, 4 мг және 8 мг дозада бастапқы емге арналмаған. Кейіннен ұсынылатын дозаға жеткенге дейін пациенттің емге реакциясын бағалай отырып, препарат дозасын екі апта сайын біртіндеп арттырып отыру керек. Басқа гипертензияға қарсы препараттарды сақтықпен қосу керек.

Доксазозин қабылдайтын пациенттерге естен тану нәтижесінде күндіз де, түнде де жарақат алу мүмкіндігі бар жағдайларды болдырмау туралы ескертіп қою керек.

Пациент естен танған жағдайда оны жатқызу керек және қажет болғанда демеуші ем жүргізу керек.

Приапизм

Альфа1-адренорецепторлар антагонистерін, соның ішінде доксазозинді қолданған кезде приапизмнің (жыныстық қатынастан немесе мастурбациядан кейін жоғалмайтын бірнеше сағатқа созылатын ауырсынатын эрекция) сирек жағдайлары (бірнеше мың пациенттерге бір жағдайдан кем болуы мүмкін) байқалған. Уақытында емдемеген жағдайда приапизм қайтымсыз эректильді дисфункцияға (импотенция) әкелуі мүмкін, сондықтан пациенттерге осы жай-күйдің күрделілігі туралы айтып қою керек.

Қуықасты безінің обыры

Қуықасты безінің обыры үшін ҚБҚГ тән симптомдар сипаттас және бұл екі ауру жиі бірге кездеседі. Осыған байланысты Кардура® препаратымен емді бастағанға дейін қуықасты безінің обырын жоққа шығару керек.

Катарактаны хирургиялық емдеу

Катарактаға қатысты хирургиялық операциялар кезінде араласу барысында немесе оның алдында альфа1-адреноблокаторлармен ем қабылдаған кейбір пациенттерде интраоперациялық нұрлықабық атониясы синдромы (ОНАС) байқалған. Бұл синдром кіші қарашық синдромының бір түрі болып табылады және операцияға дейін стандартты мидриатиктерді қолдануға қарамастан, факоэмульсификациялық қиықтарға нұрлы қабықтың ықтималды иілуі, операция кезінде ирригациялық ерітіндімен суландырғанда нұрлықабықтың босаңсуымен және дөңестенумен және араласу кезінде үдемелі миозбен сипатталады. Операция жасайтын хирург хирургиялық араласу техникасын ықтималды өзгертуге, мысалы, нұрлықабық үшін ілгектерді, қарашықты кеңейтуге арналған сақиналарда немесе тұтқыр-созылғыш заттарды пайдалануға дайын болуы тиіс. Катарактаға қатысты хирургиялық араласулар алдында альфа1-адреноблокаторларды қабылдауды тоқтату ОНАС даму ықтималдығын төмендетпеуі мүмкін.

Ортостатикалық гипотензия

Кардура® препаратын қолданған кезде естен тану барынша ауыр ортостатикалық реакция болып табылғанмен, әсіресе, емнің басында немесе препарат дозасын арттырғанда емдеу аясында бас айналу, өзін нашар сезіну немесе вертиго сияқты артериялық қысымның төмендеуімен байланысты басқа да симптомдар байқалуы мүмкін.

а) Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы

Ортостатикалық гипотензия қауіпті болатын кәсіби қызметпен айналысатын пациенттерге препаратты аса сақтықпен тағайындау керек. Себебі альфа1-адренорецепторлар антагонистері ортостатикалық реакциялар туғызуы мүмкін, пациент түрегеп тұрғаннан кейін екі минуттан соң артериялық қысымын өлшеу маңызды болып табылады және пациенттерге жатқан немесе отырған қалыптан түрегеп тұрған қалыпқа ауысқан кезде сақ болу қажеттігін ескертіп қою керек.

Гипотензия туындағанда пациентті шалқасынан жатқызу керек және егер бұл қажетті нәтиже бермесе, айналымдағы қан көлемін арттыру мақсатында көктамыр ішіне инфузиялық ем немесе вазопрессорлық препараттар тағайындау керек. Уақытша гипотензия көрінісі Кардура® препаратын қолдануға қарсы көрсетілім болып табылмайды.

б) Артериялық гипертензия

Аталған симптомдар артериялық гипертензиясы бар пациенттерге жүргізілген клиникалық зерттеулерде жиі байқалды.

Бауыр функциясының бұзылуы

Кардура® препаратын бауыр функциясының бұзылу белгілері бар пациенттерге немесе бауырда дәрілік заттардың метаболизміне белгілі әсер ету қабілеті бар препараттармен ем қабылдайтын пациенттерге сақтықпен тағайындау керек.

Лейкопения немесе нейтропения

Бақыланатын клиникалық зерттеулерде Кардура® препаратын қабылдаған артериялық гипертензиясы бар пациенттерден алынған гематологиялық деректер талдауы препарат қабылдаған сыналушыларда лейкоциттердің орташа саны мен нейтрофилдердің орташа саны плацебо қабылдаған сыналушыларға қарағанда тиісінше 2,4 % және 1,0 %-ға төмен болғанын көрсетті; бұл құбылыс басқа да альфа-адреноблокаторларға тән. ҚБҚГ бар пациенттерде лейкоциттер санының клиникалық елеулі төмендеу жиілігі Кардура® препаратын қолданған кезде 0,4 % және плацебо қолданғанда 0 % құрады, бұл ретте екі топ арасында статистикалық маңызды ерекшеліктер байқалған жоқ.

Ұрпақ өрбіту функциясы

Доксазозиннің ерлердің ұрпақ өрбіту қабілетіне әсері туралы хабарламалар жоқ.

Лактоза

Бұл дәрілік заттың құрамында лактоза бар. Сондықтан препаратты тұқым қуалайтын галактоза көтере алмаушылық, лактаза жеткіліксіздігі және глюкоза-галактоза сіңірілуінің бұзылуы бар пациенттерге қолдануға болмайды.

Жүктілік

Кардура® препаратын жүкті әйелдерге қолдану жөнінде деректердің жоқтығын ескере отырып, бұл дәрілік затты жүктілік кезеңінде пайдалану қауіпсіздігі анықталмаған. Препаратты дәрігердің пікірінше анасы үшін пайдасы сәби немесе шарана үшін әлеуетті қаупінен артқан жағдайда ғана қолдануға болады.

Лактация кезеңі

Препараттың әйелдердің емшек сүтіне өту қабілеті анықталмаған. Көптеген дәрілік заттар емшек сүтімен бөлініп шығатындықтан, Кардура® препаратын бала емізетін әйелдерге сақтықпен тағайындау керек.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Пациенттер әсіресе емдеудің басында естен тану және ортостатикалық реакциялардың туындау мүмкіндігі және препараттың бірінші дозасын қабылдағаннан кейін 24 сағат ішінде, оның дозасын арттырған соң және үзілістен кейін емдеуді жаңғыртқан кезде көлік құралдарын жүргізуді немесе қауіпті жұмыс жасауды тоқтата тұру қажеттілігі туралы білуі тиіс. Пациенттерге, сондай-ақ, доксазозинді қолдануды бастаған кезде естен тану туындау нәтижесінде жарақат алу мүмкін болатын жағдайлардан аулақ болу қажеттілігі туралы ескертіп қою керек. Пациенттерге, сонымен қатар, артериялық қысымның төмендеуінен туындаған симптомдар туындағанда отыру немесе жату қажеттігін де ұсыну керек, бірақ бұл симптомдар тамырлар тонусының реттелуі бұзылуына үнемі байланысты бола бермейді, сондай-ақ аталған қалыптан түрегеп тұру қалпына ауысқанда сақ болу керек. Егер бас айналуы, өзін нашар сезіну немесе жүрек соғысының жиілеуі күшейіп кетсе, препарат дозасын төмендету мүмкіндігін қарастыру мақсатында пациент бұл туралы дәрігерге хабарлауы тиіс. Пациенттерге, сондай-ақ, Кардура® препаратын немесе альфа1-адренорецепторлардың кез келген басқа да селективті антагонистерін қолданған кезде бас айналуы немесе ұйқышылдық туындауы мүмкіндігін және бұл жағдайда автокөлік жүргізгенде немесе механизмдермен жұмыс істегенде сақ болу қажеттігін хабарлап қою керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: АҚ айқын төмендеуі.

Емі: пациентті аяғын көтеріңкіреп шалқасынан жатқызу керек. Жекелеген жағдайларда басқа да демеуші емдік шараларды қолдану қажет.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

3 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

30°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Пфайзер Мануфактуринг Дойчланд ГмбХ,

Бетриебштатте Фрайбург,

Мусвалдалле 1, 79090 Фрайбург, Германия

Қаптаушы

Р-Фарм Германия ГмбХ,

Хейнрих-Мак-Штрассе, 35, 89257 Иллертиссен, Германия

Тіркеу куәлігінің иесі

Пфайзер Эйч Си Пи Корпорэйшн, Нью-Йорк, АҚШ

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан осы өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Пфайзер Эйч Си Пи Корпорэйшн» (АҚШ) компаниясының өкілдігі,

Алматы қ., Фурманов к-сі, 100/4

тел.: (727) 250-09-16

факс: (727) 250-42-09

электронды поштасы: PfizerKazakhstan@pfizer.com

Дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы:

«Пфайзер Эйч Си Пи Корпорэйшн» (АҚШ) компаниясының өкілдігі,

Алматы қ., Фурманов к-сі, 100/4

тел.: (727) 250-09-16

факс: (727) 250-42-09

электронды поштасы: PfizerKazakhstan@pfizer.com

Прикрепленные файлы

878723201477976808_ru.doc 116 кб
250952231477977965_kz.doc 156 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники