Каптоспес+Н

МНН: Гидрохлоротиазид, Каптоприл
Производитель: СПЕЦИФАР С.А.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Каптоприл в комбинации с диуретиками
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№004105
Информация о регистрации в РК: 16.07.2018 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Каптоспес+Н

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 50.00 мг каптоприл,

25.00 мг гидрохлоротиазид,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, желатинделген жүгері крахмалы, сусыз лактоза, стеарин қышқылы, магний стеараты.

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, ақ түсті, сызығы бар таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Ренин-ангиотезин жүйесіне ықпалын тигізетін препараттар. Басқа препараттармен біріктірілген АКФ тежегіштері. Диуретиктермен біріктірілген АКФ тежегіштері. Диуретиктермен біріктірілген каптоприл.

АТХ коды С09ВА01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылдағаннан кейін каптоприл тез сіңеді. Сарысуда ең жоғары концентрацияға 1 сағат ішінде жетеді. Ең төмен сіңу мәні шамамен – 75%. Аспен бірге қабылдау сіңуін 30-40%-ға азайтады. Каптоприлдің шамамен 25-30%-ы плазма ақуыздарымен байланысады. Каптоприлдің жартылай шығарылу кезеңі 2 сағатты құрайды. Сіңген дозаның 95%-дан астамы 24 сағат ішінде бүйректер арқылы бөлініп шығады; каптоприлдің 40-50%-ы – өзгермеген күйінде, қалған бөлігі – белсенді емес дисульфидтік метаболиттер (каптоприл дисульфиді және цистинкаптоприл дисульфиді) түрінде.

Каптоприл жиналып қалған жағдайда бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі пайда болуы мүмкін. Жануарларға жүргізілген зерттеулер каптоприлдің гематоэнцефалдық бөгет арқылы едәуір дәрежеде өтпейтіндігін көрсетеді.

Ішке қабылданғаннан кейін гидрохлоротиазид тез сіңеді және 5-15 сағаттан соң қанда ең жоғары концентрацияға жетеді. Гидрохлоротиазид бүйректер арқылы өзгермеген күйінде (>95%) шығарылады.

Фармакодинамикасы

Каптоспес+Н біріктірілген препарат болып табылады. Әсер етуші заттардың белсенділігі арқылы гипотензивтік әсер береді.

Каптоприл ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) блокаторы болып табылады, альдостеронның бөлініп шығуын азайтады, қантамырлардың жалпы шеткергі кернеуін, артериялық қысымды (АҚ), алдын ала түсетін және одан кейінгі жүктемені төмендетеді. Артерияларды көктамырға қарағанда үлкен дәрежеде кеңейтеді. Коронарлы және бүйректік қан ағысын күшейтеді. Ұзақ уақыт қолданғанда миокардтың және төзімді типті артерия қабырғаларының гипертрофиясын азайтады; ишемияланған миокардтың қанмен жабдықталуын жақсартады; тромбоциттердің агрегациясын төмендетеді.

Гидрохлоротиазид – күші орташа тиазидтік диуретик, Генле ілмегінің кортикальді сегменті деңгейінде Na иондарының кері сіңуін төмендетеді, қышқыл-негіз теңгеріміне ықпалын тигізбейді, қантамыр қабырғасының реактивтілігін өзгерту, қантамырларды тарылтатын заттардың (эпинефриннің, норэпефиннің) прессорлы ықпалының төмендеуі және вегетативтік ганглийлерге депрессорлы ықпалының күшеюі (АҚК азаюы есебінен аз дәрежеде) есебінен АҚ-ны төмендетеді, каптоприлдің гипотензивтік әсерін потенциялайды.

Қолданылуы

  • артериялық гипертензияда

Қолдану тәсілі және дозалары

Дозалар аурудың клиникалық көрінісіне қарай әр адамға жекелей таңдап алынуы тиіс.

Монотерапиядан осы бекітілген біріктіруге ауысу клиникалық тұрғыдан негізделген жағдайда бастапқы дозасы ½ таблетка, тәулігіне 1 рет, таңертең. Әрі қарай қажет болғанда доза тәулігіне 2 таблеткаға дейін арттырылуы, немесе тиімді ең төменгі дозаға дейін төмендетілуі мүмкін. Таблетканы ас қабылдауға қарамай-ақ қабылдаған жөн. Күтілетін емдік әсер ем басталғаннан кейін 6-8 аптадан соң толық басталады. Егер дозаны өте тез өзгерту қажет етілмесе, дозаны түзетуді 6 апталық аралықпен жүргізген жөн.

Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінде, креатинин клиренсі минутына 30 мл-ден 80 мл-ге дейін болғанда бастапқы доза әдетте тәулігіне бір рет таңертең 25/12.5 мг құрайды.

Су-электролиттік алмасу бұзылған емделушілерде, егде жастағыларда, қант диабетімен ауыратын науқастарда бастапқы доза тәулігіне бір рет 25/12.5 мг құрайды.

Жағымсыз әсерлері жоқ болғанда ем жүргізу уақыты шектеусіз болуы мүмкін. Қолдану ұзақтығын ем жүргізуші дәрігер белгілейді.

Жағымсыз әсерлері

Каптоприл

Жиі

- ұйқының бұзылуы

- дәмнің бұзылуы, бас айналу

- тітіркендіргіш өнімсіз құрғақ жөтел

- ауыз ішінің құрғауы, жүректің айнуы, құсу, асқазанның шырышты қабығының тітіркенуі, абдоминальді ауыру, диарея, іш қату

- бөртпелі немесе бөртпесіз қышыну, тері бөртпесі, алопеция

Жиі емес

- тахикардия немесе тахиаритмия, стенокардия, жүректің лүпілдеуі

- гипотензия, Рейно синдромы, қан тебу, бозару

- ангионевротикалық ісіну

- кеуденің ауыруы, шаршау, дімкәстік

Сирек

- анорексия

- мүлгу, бас ауыру, парестезия

- стоматит/афтоздық ойық жаралар, ішектің ангионевротикалық ісінуі

- бүйрек қызметінің бұзылуы, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігін қоса есептегенде, полиурия, олигурия, несеп шығару жиілігінің артуы

Өте сирек

- нейтропения/агранулоцитоз, панцитопения, атап айтқанда бүйрек қызметі бұзылған емделушілерде; анемия, апластикалық және гемолитикалық анемияны қоса есептегенде; тромбоцитопения, эозинофилия, лимфаденопатия, аутоиммундық аурулар және/немесе антиядролық антиденелер титрінің жоғарылауы

- гиперкалиемия, гипогликемия

- мазасыздық, депрессия

- цереброваскулярлық бұзылулар, инсультті және естен тануды қоса есептегенде

- көрудің бұлдырауы

- жүректің тоқтап қалуы, кардиогендік шок

- бронхтың түйілуі, ринит, аллергиялық альвеолит/эозинофильді пневмония

- глоссит, пептикалық ойық жара, панкреатит

- бауыр қызметінің бұзылуы және холестаз, сары ауруды қоса есептегенде; бауыр ферменттері белсенділігінің және билирубиннің жоғарылауы, гепатит, фульминантты гепатоцеллюлярлы некрозға дейін

- есекжем, Стивенс-Джонсон синдромы, мультиформалы эритема, фотосенсибилизация, эритродермия, пемфигоидтық реакциялар, эксфолиативтік дерматит

- миалгия, артралгия

- нефротикалық синдром

- импотенция, гинекомастия

- қызба

- протеинурия, қан сарысуында калийдің жоғарылауы, натрий деңгейінің төмендеуі, қан сарысуында мочевина азотының, креатининнің және билирубиннің жоғарылауы, гемоглобиннің, гематокриттің, лейкоциттер, тромбоциттер мөлшерінің төмендеуі, антиядролық антиденелерге оң тест, ЭТЖ жоғарылауы

Гидрохлоротиазид

- сиалоаденит

- лейкопения, нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения, апластикалық анемия, гемолитикалық анемия, сүйек кемігі қызметінің тежелуі

- анорексия, гипергликемия, глюкозурия, электролиттік теңгерімнің бұзылуы, гипонатриемияны және гипокалиемияны қоса есептегенде, холестериннің және триглицеридтердің жоғарылауы

- мазасыздық, депрессия, ұйқының бұзылуы

- тәбеттің жоғалуы, парестезия, жеңіл бас айналу

- ксантопсия, көрудің транзиторлы бұлдырауы

- вертиго

- постуральді гипотензия, жүрек аритмиялары

- некроздайтын ангиит (васкулит, тері васкулиті)

- респираторлы дистресс-синдром, пневмонитті және өкпе ісінуін қоса есептегенде

- асқазанның шырышты қабығының тітіркенуі, диарея, іш қату, панкреатит

- сарғаю (бауырішілік холестатикалық сарғаю)

- фотосенсибилизация реакциялары, бөртпе, терінің жегіге ұқсас эритематозды реакциясы, терінің эритематозды жегісінің реактивациясы, есекжем, анафилактикалық реакциялар, уытты эпидермальді некролиз

- бұлшықеттің түйілуі

- бүйрек қызметінің бұзылуы, интерстициальді нефрит

- қызба, әлсіздік

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың белсенді немесе қосымша компоненттеріне, немесе басқа АӨФ тежегіштеріне, немесе басқа да сульфонамидтерге асқын сезімталдық

  • мұның алдында АӨФ тежегіштерімен емдеуге байланысты сыртартқыда ангионевротикалық ісінудің болуы

  • тұқым қуалаған/идиопатиялық ангионевротикалық ісіну

  • бүйрек артерияларының екі жақты тарылуы немесе жалғыз бүйрек артериясы тарылуы азотемияның өршуімен

  • қолқа арнасының тарылуы

  • артериялық гипотензия

  • бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдай

  • бүйрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі минутына 30 мл-ден аз)

  • бауыр қызметінің ауыр жеткіліксіздігі

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • 18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдер

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Каптоприл

Калий жинақтаушы диуретиктер (триамтерен, амилорид және спиронолактон) немесе калий қоспалары: қан плазмасында калий концентрациясының елеулі ұлғаюына әкеп соғуы мүмкін.

Диуретиктер (тиазидтер немесе ілмектік диуретиктер): гипотензивтік әсердің айқындылығын күшейтеді.

Гипертензияға қарсы басқа да препараттар: каптоприлді гипертензияға қарсы басқа да препараттармен (бета-адреноблокаторлармен, баяу кальций өзекшелерінің блокаторларымен және басқалармен) бірге қолданғанда сақ болған жөн, өйткені біріктіріп қолданған кезде гипотензивтік әсердің айқындылығы күшейеді. Нитроглицеринді және басқа нитраттарды, немесе басқа да вазодилататорларды абайлап пайдаланған жөн.

Альфа-адреноблокаторлар: альфа-адреноблокаторлармен бірге қолдану каптоприлдің гипертензияға қарсы әсерінің артуына әкеледі және ортостатикалық гипотензия қаупін арттырады.

Жедел миокард инфарктісін емдеу: миокард инфарктісі бар емделушілерде каптоприл ацетилсалицил қышқылымен (кардиологиялық дозаларда), тромболитиктермен, бета-адреноблокаторлармен және/немесе нитраттармен бірге қолданылуы мүмкін.

Үшциклдік антидепрессанттар/антипсихотикалық дәрілер: АӨФ тежегіштері кейбір үшциклдік антидепрессанттардың және антипсихотикалық дәрілердің гипотензивтік әсерін өзгертуі мүмкін. Постуральді гипотензия болуы ықтимал.

Аллопуринол, прокаинамид, цитостатиктер немесе иммунодепрессанттар: АӨФ тежегіштерімен біріктіріп қолдану, әсіресе ұсынылған дозадан артық дозаларда пайдаланғанда, лейкопения қаупінің артуына әкеп соғуы мүмкін.

Симпатомиметиктер, прессорлы аминдер (мысалы, норадреналин): АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін азайтады, емделушілер дәрігердің мұқият бақылауында болуы тиіс.

Диабетке қарсы препараттар: фармакологиялық зерттеулер АӨФ тежегіштері, каптоприлді қоса есептегенде, инсулиннің және диабетке қарсы қабылданатын, мысалы, сульфонилмочевина туындылары сияқты пероральді дәрілердің гипогликемиялық әсерін потенциялауы мүмкін. Өте сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерімен бірге қолданғанда диабетке қарсы дәрілердің дозасын азайту қажет болуы мүмкін.

Циметидин, бауырда каптоприлдің метаболизмін баяулата отырып, оның плазмадағы концентрациясын арттырады.

Гидрохлоротиазид

Амфотерицин Б, карбеноксолон, кортикостероидтар және кортикотропин (АКТГ): гидрохлортиазидпен біріктіргенде электролиттік теңгерімнің бұзылуын, әсіресе гипокалиемияны күшейтуі мүмкін.

Кальций тұздары: тиазидтік диуретиктердің қатысуымен қандағы кальций концентрациясы оның организмнен шығарылуының азаюы есебінен жоғарылауы мүмкін.

Жүрек гликозидтері: дигиталис препараттарының уыттылығы гидрохлоротиазид әсерінен болған гипокалиемия аясында жоғарылауы мүмкін.

Холестирамин және колестипол: гидрохлоротиазидтің сіңімділігін кідіртуі немесе төмендетуі мүмкін. Сульфонамидтік диуретиктерді осы препараттарды қабылдаудан, ең кемінде, бір сағат бұрын немесе оларды қабылдағаннан кейін 4-6 сағаттан соң қабылдаған жөн.

Тorsades de pointes тудыратын препараттар: гипокалиемияның пайда болу қаупіне байланысты гидрохлоротиазидті torsades de pointes типті аритмияны тудыратын дәрілік заттармен, мысалы, кейбір антиаритмиялық және антипсихотикалық дәрілермен және басқалармен бірге қолданғанда сақ болған жөн.

Карбамазепин: карбамазепинді және гидрохлоротиазидті бірге қолдану симптоматикалық гипонатриемияның пайда болу қаупімен байланысты. Оларды бірге қолданған кезде қандағы электролиттер мөлшерін бақылау қажет. Мүмкіндігінше, басқа топтағы диуретиктерді пайдалану қажет.

Пероральді антикоагулянттар. Антикоагулянттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін, өйткені гидрохлоротиазид олардың әсерін басуы мүмкін.

Подаграны емдеуге арналған препараттар. Подаграны емдеуге арналған препараттардың дозасын түзету қажет етілуі мүмкін, өйткені гидрохлоротиазид несеп қышқылының концентрациясын арттыруы мүмкін.

Диабетке қарсы препараттар (пероральді және инсулин). Гидрохлоротиазид қандағы глюкоза концентрациясын арттыруы мүмкін, сондықтан диабетке қарсы препараттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Диазоксид гидрохлоротиазидпен бірге қолданылғанда гипергликемиялық, гиперурикемиялық және гипертензияға қарсы әсерді арттырады. Қандағы глюкоза құрамын және несеп қышқылының концентрациясын бақылау қажет.

Метенамин несепте сілтілік реакцияның жоғарылауына байланысты гидрохлоротиазидтің әсерін төмендетуі мүмкін.

Каптоприл/гидрохлоротиазид біріктірілімі

Литий: АӨФ тежегіштерін литий тұздарымен бір мезгілде қолдану қан плазмасында литий концентрациясының артуына, литийдің бүйректік клиренсінің төмендеуіне және литий препараттарының уыттық әсерлерінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер: қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД) және АӨФ тежегіштері қан сарысуында калийдің артуына қатысты аддитивтік әсер білдіреді, сонда бүйрек қызметін төмендетуі мүмкін. Бұл әсерлер, негізінен, қайтымды. Сирек жағдайларда, әсіресе бүйрек қызметінің бұзылу қаупі бар емделушілерде: егде жастағы немесе сусыздану орын алған емделушілерде бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігі пайда болуы мүмкін. ҚҚСД ұзақ уақыт бойы қолдану АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін. ҚҚСД қолдану тиазидтік диуретиктердің диуретикалық, натрийуретикалық және гипертензияға қарсы әсерін азайтуы мүмкін.

Антидеполяризациялайтын миорелаксанттар, кіріспе наркозға арналған препараттар және хирургияда қолданылатын жалпы анестетиктер. Осы препараттардың әсері гидрохлоротиазидпен күшеюі мүмкін. Хирургиялық операцияны жасағанға дейін дозаны және су-тұз теңгерімін түзету қажет болуы мүмкін. Каптоспес+Н препаратымен емдеуді хирургиялық операциядан бір апта бұрын тоқтатқан жөн.

Алкоголь, барбитураттар және есірткілік дәрілер ортостатикалық гипотензияны күшейтуі мүмкін.

МАО тежегіштерімен біріктіру гипотензивтік әсердің айқындылығын күшейтеді.

Айрықша нұсқаулар

Каптоприл

Гипотензия: артериялық гипертензиясы асқынбаған емделушілерде сирек байқалады.

Симптоматикалық гипотензия айналымдағы қан көлемі және/немесе несеп жүргізетін қарқынды ем салдарынан натрий концентрациясы төмендеген артериялық гипертензиясы бар емделушілерде, тұз шектейтін емдәмінде, диареясы бар, құсатын немесе гемодиализдегі емделушілерде көбірек болуы мүмкін. Препаратты қабылдамас бұрын айналымдағы қан көлемі және/немесе қандағы натрий концентрациясы түзетілуі тиіс; Каптоспес+Н препаратының бастапқы дозасын төмендетіп қабылдау жағын қарастыру қажет.

Гипертензияға қарсы басқа препараттарды қолданған кездегідей, Каптоспес+Н қабылдаған кезде жүректің ишемиялық ауруы немесе ишемиялық цереброваскулярлы ауруы бар емделушілерде артериялық қысым шамадан тыс төмендеуі мүмкін, ол миокард инфарктісі немесе инсульт қаупін арттыруы мүмкін. Артериялық гипотензия пайда болған жағдайда емделуші шалқасынан жатқызылуы тиіс. Айналымдағы қан көлемін көктамыр ішіне тұзды ерітінділерді енгізу арқылы алмастыру қажет етілуі мүмкін.

Реноваскулярлы гипертензия: АӨФ тежегіштерін бүйрек артериялары екі жақты тарылған немесе жұмыс жасап тұрған жалғыз бүйрек артериясы тарылған емделушілерге қолданғанда ауыр артериялық гипотензияның және бүйрек қызметі жеткіліксіздігінің пайда болу қаупі жоғарылайды (қан сарысуында мочевина және креатинин концентрациялары артады).

Ангионевротикалық ісіну: АӨФ тежегіштерін, каптоприлді қоса есептегенде, қабылдаған емделушілерде беттің, аяқ-қолдың, еріннің, тілдің, дыбыс саңылауының және/немесе көмейдің ангионевротикалық ісінуінің пайда болу жағдайлары жөнінде мәлімделген. Ангионевротикалық ісіну Каптоспес+Н препаратымен емдеудің кез келген уақытында болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда препаратты қабылдау дереу тоқтатылуы, ісінудің клиникалық симптомдары толық жоғалғанша емделушінің жағдайы бақылануы тиіс, қажет болғанда тиісті ем тағайындалуы тиіс. Ісіну тек бетте және ерінде пайда болған жағдайларда бұлар емделусіз-ақ түзетіледі, алайда антигистаминдік препараттар тағайындалуы мүмкін.

Ангионевротикалық көмейдің ісінуі фатальді болуы мүмкін. Тілдің, дыбыс саңылауының немесе көмейдің ауаның организмге түсуін қиындататын ісінуінде тиісті ем қажет етіледі, оған тері астына адреналинді 1 : 1000 (0.3 - 0.5 мл) енгізу және/немесе тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету шаралары жатады.

Сыртартқысында бұдан бұрын АӨФ тежегіштерімен ем жүргізумен байланысты емес ангионевротикалық ісіну болған науқастарда АӨФ тежегіштерімен емдеу кезінде оның пайда болу қаупі жоғарылауы мүмкін.

АӨФ тежегіштерін қолдануға байланысты емделушілерде ішектің ангионевротикалық ісінуі жағдайлары жөнінде сирек мәлімдемелер бар. Емделушілерде іштің ауыруы (жүректің айнуымен немесе құсумен немесе онсыз) білінді; бірқатар жағдайларда бұған дейін бет ангиоэдемасы болған жоқ және C-1 эстераза белсенділігі қалыпты болды. Ангионевротикалық ісіну компьютерлік томография немесе құрсақ қуысын ультрадыбыстық тексеру арқылы, немесе хирургиялық араласым кезінде анықталды; ісіну симптомдары АӨФ тежегішін тоқтатқаннан кейін тоқтады. Ішектің ангионевротикалық ісінуі АӨФ тежегіштерін қабылдаған емделушілерде іштің ауыруының дифференциальді диагностикасына қамтылуы тиіс.

АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген афроамерикандық емделушілерде ангионевротикалық ісінудің пайда болу жиілігінің афроамерикандық еместермен салыстырғанда жоғары болғаны жөнінде мәлімдемелер бар.

Жөтел: АӨФ тежегіштерін тағайындаған кезде өнімсіз тұрақты жөтел пайда болады, ол емді тоқтатқаннан кейін жоғалады.

Бауыр қызметінің жеткіліксіздігі: АӨФ тежегіштері холестатикалық сарғаюды немесе фульминантты гепатоцеллюлярлы некрозға соқтыратын, кейде фатальді жағдаймен аяқталатын гепатитті өте сирек тудырады. Бұл асқынулардың механизмі белгісіз. Сарғаю пайда болатын немесе бауыр ферменттерінің деңгейі жоғарылайтын емделушілер Каптоспес+Н препаратын қабылдауды тоқтатқаны және тиісті ем қабылдағаны жөн.

Гиперкалиемия: кейбір емделушілерде АӨФ тежегіштерін, каптоприлді қоса есептегенде, қолданғанда қан сарысуында калий деңгейінің жоғарылағаны байқалды. Гиперкалиемияның пайда болу қаупі бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі, қант диабеті бар емделушілерде жоғарылайды, калий жинақтаушы диуретиктермен, құрамында калий бар қоспалармен немесе тұздың орнын алмастырғыштармен бірге қолданғанда; немесе сарысуда калийді арттыратын басқа да препараттарды (мысалы, гепаринді) қабылдап жүрген емделушілерде жоғары болады. Жоғарыда аталған дәрілерді қатарластыра қолданғанда қан сарысуындағы калий мөлшерін жүйелі бақылап отыру қажет.

Қолқа және митральді клапандардың тарылуы/обструктивті гипертрофиялық кардиомиопатия/кардиогенді шок: АӨФ тежегіштерін сол жақ қарынша клапандарының және сол жақ қарыншадан шығатын жолдың обструкциясы бар емделушілерге абайлап қолданған жөн, сондай-ақ кардиогендік шок және гемодинамикалық елеулі обструкция бар болған жағдайларда қолданбаған жөн.

Нейтропения/агранулоцитоз: АӨФ тежегіштерін, каптоприлді қоса есептегенде, қабылдап жүрген емделушілерде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия байқалады. Бүйрек қызметі қалыпты емделушілерде және басқа да асқындырушы факторлар жоқ болған кезде нейтропенияның пайда болуы сирек. Препаратты аутоиммундық аурулары бар, иммунодепрессанттар, аллопуринол немесе прокаинамид қабылдап жүрген немесе әсіресе бұған дейінгі бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінде осы факторлар жиынтығы бар болған емделушілерге аса сақтықпен қолданған жөн. Кейбір емделушілерде ауыр жұқпалар пайда болуы мүмкін, олар кейбір жағдайларда бактерияларға қарсы қарқынды емге жауап бермейді. Каптоприлді осындай науқастарға қолданғанда лейкоциттер деңгейін емді бастағанға дейін, содан кейін препаратты қабылдаудың алғашқы 3 айында әрбір 2 апта сайын және кейін мезгіл-мезгіл бақылап отыру керек.

Емделу кезінде барлық емделушілер пайда болған жұқпаның кез келген (мысалы, баспа, қызба сияқты) белгілерін хабарлап отыруы тиіс. Егер нейтропения анықталса (нейтрофилдер 1000/mm3-ден аз) немесе оған күдік бар болса, каптоприл және басқа да қатарластыра жүргізілетін ем тоқтатылуы тиіс. Емделушілерде каптоприлді қабылдауды тоқтатқан кезде көптеген жағдайларда нейтрофилдер мөлшері қалыпты деңгейіне оралады.

Протеинурия: Бүйрек қызметі бұзылған емделушілерде немесе АӨФ тежегіштерінің біршама жоғары дозаларын пайдаланғанда жиі пайда болады.

Каптоприл қабылдаған емделушілердің шамамен 0.7%-да несептегі жалпы ақуыз мөлшерінің 1 г-нан астам болғаны байқалған. Емделушілердің көбісінде бұған дейін бүйрек ауруы болған немесе олар каптоприлдің біршама жоғары дозаларын (күніне 150 мг-нан астам) пайдаланған, немесе екі фактор да орын алған. Емделушілердің шамамен 1/5 бөлігінде нефротикалық синдром пайда болған. Бүйрек қызметінің, мысалы, қандағы мочевина азоты және креатинин сияқты параметрлері протеинуриясы бар емделушілерде сирек өзгерді.

Бұған дейін бүйрек аурулары бар емделушілерде емдеуге дейін және емдеу барысында мезгіл-мезгіл несептегі ақуыз мөлшері анықталуы тиіс (алғашқы таңертеңгі бөлігі).

Десенситизация кезіндегі анафилактоидтық реакциялар: жәндіктердің уына қарсы десенсибилизацияға ұшыраған, басқа да АӨФ тежегіштерін қабылдаған емделушілерде өмір үшін қауіпті ұзаққа созылатын анафилактоидтық реакциялар жөнінде сирек мәлімдемелер бар. Бұған АӨФ тежегіштерін қабылдауды уақытша тоқтату арқылы жол берілмейді. АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген емделушілерде осындай гипосенсибилизациялайтын емшараларды жүргізген кезде сақ болу қажет.

Гемодиализдегі емделушілердегі анафилактоидтық реакциялар:

Өткізгіштігі жоғары жарғақшалы диализдегі және АӨФ тежегіштерімен қатарластыра ем қабылдаған емделушілерде анафилактоидтық реакциялардың болғаны жөнінде мәлімделді. Мұндай емделушілер үшін басқа типті диализдік жарғақшалы немесе гипертензияға қарсы басқа топтағы дәрілерді қолдану мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.

ТТЛП аферезі кезіндегі анафилактоидтық реакциялар: каптоприлді және полиакрил-нитрилді жарғақшалы диализді немесе декстран сульфатының жәрдемімен ТТЛП-аферезді бір мезгілде тағайындағанда өмір үшін қауіпті анафилактоидтық реакциялар (анафилактикалық шокты қоса есептегенде) пайда болуы мүмкін.

Диализ үшін басқа жарғақшаны пайдалану керек немесе каптоприлді басқа антигипертензивтік препараттармен (АӨФ тежегіштерімен емес) уақытша алмастырған жөн.

Хирургиялық араласым/анестезия: ауқымды хирургиялық араласымдарда немесе гипотензивтік әсері бар анестетиктерді қолданған жағдайда емделушілерде артериялық гипотензия болуы мүмкін. Гипотензия айналымдағы қан көлемінің орнын толтыру арқылы жойылуы мүмкін.

Хирургиялық араласым алдында (стоматологияны қоса есептегенде) хирургке/анестезиологқа емделуші АӨФ тежегіштерін қолданып жүргенін ескертуі қажет.

Қант диабеті бар емделушілер: қант диабетімен ауыратын, бұрын диабетке қарсы пероральді препараттарды немесе инсулинді, атап айтқанда каптоприлмен емделудің алғашқы айында қабылдаған науқастарда гликемия деңгейін мұқият бақылау қажет.

Гидрохлоротиазид

Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі: бүйрек аурулары бар емделушілерде тиазидтер азотемияның пайда болуын тездетуі мүмкін, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінде препараттың жиналып қалу әсері пайда болуы мүмкін. Егер бүйрек қызметінің нашарлауы өршісе және ақуыздық емес азот мөлшерінің жоғарылауымен сипатталса, несеп айдайтын дәрі тоқтатылуы мүмкін науқастардың емделу жағдайын мұқият қарастыру қажет. Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі (КК<80 мл/мин) жағдайында Каптоспес+Н препаратының бастапқы дозасы емделушінің КК сәйкес, ал содан кейін емделушінің емге реакциясына байланысты анықталуы тиіс. Мұндай емделушілерде қан сарысуындағы калий және креатинин деңгейін тексеру қажет.

Бауыр қызметінің жеткіліксіздігі: гидрохлоротиазидті бауыр ауруларында немесе бауыр ауруы өршіген науқастарда сақтықпен қолданған жөн, өйткені препарат бауырішілік холестазды тудыруы мүмкін, ал су-тұз теңгеріміндегі аздаған өзгерулер бауыр комасының пайда болуын ушықтыруы мүмкін. Гидрохлоротиазидті бауырдың ауыр сырқаттары бар емделушілерге қолдануға болмайды.

Метаболизмдік және эндокриндік бұзылулар: тиазидтермен емдеу глюкозаның жағымдылығын төмендетуі мүмкін. Диабетке қарсы дәрілердің, соның ішінде инсулиннің дозасын түзету қажет болуы мүмкін. Тиазидтермен емделу кезінде латентті қант диабеті білінуі мүмкін.

Холестерин мен триглицеридтердің жоғарылауы гидрохлоротиазидпен диуретикалық ем жүргізумен байланысты болуы мүмкін.

Гидрохлоротиазидпен емдеу гиперурикемияны және/немесе кейбір емделушілерде подаграны тудыруы мүмкін.

Электролиттік теңгерімнің бұзылуы: сарысудағы электролиттер деңгейін мезгіл-мезгіл бақылап отырған жөн. Tиазидтер, гидрохлоротиазидті қоса есептегенде, су-тұз теңгерімінің бұзылуын (гипокалиемия, гипонатриемия және гипохлоремиялық алкалоз) тудыруы мүмкін. Емделушілер, су-тұз теңгерімі бұзылуының клиникалық белгілерін (мысалы, ауыз ішінің құрғауы, шөлдеу, әлсіздік, летаргия, ұйқышылдық, мазасыздық, бұлшықет ауыруы немесе құрысулар, бұлшықет әлсіздігі, гипотензия, тахикардия, олигурия, асқазан-ішектің, мысалы, жүректің айнуы немесе құсу сияқты бұзылулары) анықтау мақсатында, бақылауда болуы тиіс.

Гипокалиемия тиазидтік диуретиктерді пайдаланғанда пайда болуы мүмкін, алайда каптоприлмен бірге қолдану гипокалиемия құбылысын азайтады. Гипокалиемия қаупі бауыр циррозы бар, диурезі күшейген емделушілерде, электролиттерді пероральді түрде талапқа сай қабылдамаған емделушілерде және кортикостероидтармен немесе АКТГ қатарластыра ем қабылдаған науқастарда айрықша жоғары.

Ісінуі бар емделушілерде жылдың жылы кезінде эуволемиялық гипонатриемия пайда болуы мүмкін. Хлордың тапшылығы, жалпы алғанда, орташа және әдетте емдеуді қажет етпейді.

Тиазидтер кальцийдің несеппен бірге шығарылуын азайта алады және қан сарысуында, кальций метаболизмінің белгілі бұзылуын тудырмай, кальций деңгейінің уақытша және аздап жоғарылауына себеп бола алады. Айқын гиперкальциемия жасырын гиперпаратиреоздың белгісі болуы мүмкін. Тиазидтерді қабылдау қалқанша маңы безінің қызметін зерттегенге дейін тоқтатылуы тиіс.

Тиазидтер магнийдің ренальді экскрециясын арттырады, ол гипомагниемияға әкеп соғуы мүмкін.

Антидопинг тест: гидрохлоротиазид антидопинг тестінде оң аналитикалық нәтижеге әкелуі мүмкін.

Тағы басқалар: жоғары сезімталдық реакциялары аллергиясы немесе бронх демікпесі, соның ішінде сыртартқысында, бар емделушілерде болуы мүмкін. Жүйелік жегіге ұқсас эритематоздың белсенділенуі мүмкін екендігі жөнінде мәлімдемелер бар.

Каптоприл/гидрохлоротиазид біріктірілімі

Жүктілік: АӨФ тежегіштерін жүктілікте қолдануға болмайды. АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген және жүкті болуды жоспарлап жүрген емделушілерге жүктілік кезеңінде пайдалану үшін қауіпсіздік профилі анықталған алтернативті антигипертензивті дәрілерді тағайындау қажет. Егер жүктілік анықталса, АӨФ тежегіштерімен емдеу дереу тоқтатылуы тиіс және, егер қажет болса, альтернативті ем басталуы тиіс.

Гипокалиемиия қаупі АӨФ тежегіштерін тиазидтік диуретиктермен біріктіру гипокалиемияның пайда болуын жоққа шығармайды. Қан сарысуындағы калий мөлшерін жүйелі бақылап отыру қажет.

Литиймен біріктіру: Каптоспес+Н препаратын, литийдің уыттылығының потенциялануына байланысты, литиймен бірге қолдануға болмайды.

Лактоза: препарат тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Лапп-лактаза тапшылығы немесе глюкоза/галактоза мальабсорбциясы бар емделушілерге қолданылмауы тиіс.

Каптоспес+Н препаратын бүйрек қызметінің бұзылуы орташа (сарысу креатинині 1,8 мг/100 мл-ден аз немесе КК 30-60 мл/мин) болғанда, коллагеноздарда және басқа да аутоиммундық ауруларда (жүйелік қызыл жегі, склеродермия, түйінді периартериит), егде жастағы (65 жастан асқан) емделушілерге аса сақтықпен тағайындаған жөн. Мұндай жағдайларда АҚ деңгейін және зертханалық көрсеткіштерді аса мұқият бақылау қажет етіледі.

Каптоспес+Н препаратымен емдеуді бастағанда, әсіресе жүрек қызметінің жеткіліксіздігі, артериялық гипертензияның ауыр түрі бар (соның ішінде шығу тегі бүйректік) және/немесе бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілерде АҚ-ның шамадан тыс төмендеуі байқалуы мүмкін.

Артериялық гипертензияны емдеуді «әдеттегі» каптоприлден бастаған жөн.

Каптоспес+Н препаратымен емделер алдында су-тұз теңгеріміне түзету жасау қажет (ерте тағайындалған диуретиктер дозасын азайту, немесе жекелеген жағдайларда, оларды толық тоқтату керек).

Емдеуді бастар алдында бүйрек қызметіне бақылау жүргізу қажет.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Емделу кезінде зейінді жұмылдыруды және психомоторлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерімен айналысуды тоқтата тұрған жөн.

Артық дозалануы

Симптомдары: диурездің жоғарылауы; электролиттік теңгерімнің бұзылуы; гипотензияның ауыр түрі; депрессия (кома жағдайын қоса есептегенде); құрысулар; парездер; жүрек ырғағының бұзылуы; брадикардия; бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі.

Емі: асқазанды шаю, 30 минут ішінде сіңіргіш агенттерді және натрий сульфатын қабылдау.

Гипотензияда емделушіні, аяғын сәл көтеріп, көлденең жатқызып, дереу натрий хлоридін енгізу керек. Ангиотезин ІІ-мен ем жүргізілуі мүмкін. Брадикардия немесе елеулі вагустық реакция атропин енгізу арқылы емделінеді. Кардиостимуляторды пайдалану қарастырылуы мүмкін. Су, электролиттік және қышқыл-негіздік теңгерімдеріне, қандағы глюкозаға ұдайы мониторинг жасау маңызды мәнге ие. Гипокалиемия жағдайында орын алмастыратын ем жүргізу қажет.

Каптоприл организмнен гемодиализ арқылы шығарылуы мүмкін. Гидрохлоротиазидті гемодиализбен жою дәрежесі анықталған жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

Пішінді ұяшықты 2 қаптама медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

SPECIFAR S.A.

1, 28-th Octovrio str,

123 51 Афины, Греция

Тіркеу куәлігінің иесі

ALET PHARMACEUTICALS S.A.,

31-33, Athinon Avenue,

104 47, Афины, Греция

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«КФК Медсервис Плюс» ЖШС

ҚР, Алматы қ-сы, Мәметова к-сі, 54

Тел.: +7 (727) 2334154

 

Прикрепленные файлы

374867021477976913_ru.doc 108.5 кб
948255821477978070_kz.doc 140 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники