Каптоприл Н ВИВА ФАРМ

МНН: Каптоприл
Производитель: ВИВА ФАРМ ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Каптоприл в комбинации с диуретиками
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№021637
Информация о регистрации в РК: 28.09.2020 - 28.09.2030
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 73.53 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Каптоприл Н ВИВА ФАРМ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 50 мг каптоприл

25 мг гидрохлортиазид

қосымша заттар: желатинделген крахмал, микрокристалды целлюлоза, лактоза моногидраты, стеарин қышқылы, магний стеараты.

Сипаттамасы

Ақ немесе ақ дерлік түсті, сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, бір жақ бетінде сызығы бар таблеткалар. Бетінің сәл мәрмәрлі болуына рұқсат етіледі.

Фармакотерапиялық тобы

Ренин-ангиотензин жүйесіне ықпал ететін препараттар. Басқа препараттармен біріктірілген АКФ тежегіштері. Диуретиктермен біріктірілген АКФ тежегіштері. Диуретиктермен біріктірілген каптоприл.

АТХ коды С09BA01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Каптоприл. Ішке қабылдағаннан кейін препараттың кем дегенде 75%-ы асқазан-ішек жолынан тез сіңеді. Қан плазмасында ең жоғары концентрацияға 1 сағаттан соң жетеді. Тамақпен бір мезгілде қабылдау препараттың сіңуін 30-40%-ға баяулатады. Қан ақуыздарымен байланысуы 25-30% құрайды. Жартылай шығарылу кезеңі 3 сағаттан кем және бүйрек функциясының жеткіліксіздігінде артады. Препараттың 95%-дан астамы бүйрек арқылы, 40-50%-ы өзгермеген күйінде, қалған бөлігі метаболиттер түрінде шығарылады.

Гидрохлортиазид. Пероральді түрде қабылдаудан кейін гидрохлортиазид біршама тез сіңеді. Препаратты ашқарынға қабылдағаннан кейін плазмадан жартылай шығарылуының орташа кезеңі шамамен 2,5 сағатты құрайды. Гидрохлортиазид организмнен бүйрек арқылы өзгермеген күйінде (>95%) тез бөлініп шығады.

Фармакодинамикасы

Каптоприл ангиотензин I-нің ангиотензин II-ге айналу ферментінің жоғары спецификалық бәсекелес тежегіші болып табылады, шеткергі қантамырлардың жалпы кедергісін (кейінгі жүктемені), алдыңғы жүктемені және өкпе қантамырларындағы кедергіні азайтады; жүректің минуттық көлемін және дене жүктемесіне толеранттылығын арттырады. Ұзақ уақыт қолданғанда сол жақ қарынша миокарды гипертрофиясының айқындылығын азайтады, жүрек функциясы жеткіліксіздігінің үдеуіне жол бермейді және сол жақ қарынша дилатациясының дамуын баяулатады.

Гидрохлортиазид диурезді орташа арттырады, қантамыр қабырғасында натрий иондарының мөлшерін және оның вазоконстриктивті ықпалдарға сезімталдығын төмендетеді.

Қолданылуы

- артериялық гипертензияда.

Қолдану тәсілі және дозалары

Каптоприл Н ВИВА ФАРМ препаратын тамақтанудан 1 сағат бұрын қабылдаған жөн, өйткені тағамның әсерінен препараттың сіңімділігі төмендейді.

Дозалар аурудың клиникалық көрінісіне сәйкес жекелей таңдап алынуы тиіс.

Бастапқы доза күніне бір рет 1/2 таблетка. Күтілетін емдік әсер емдеуді бастағаннан кейін 6-8 аптадан кейін басталады. Егер дозаларды тезірек өзгерту қажет болмаса, дозаны түзетуді 6 апталық аралықпен жүргізген жөн.

Қажет болған кезде доза ең жоғары шамаға – тәулігіне 2 таблеткаға дейін арттырылуы тиіс. Тиімді демеуші ең төмен дозамен ем жүргізу ұсынылады.

Жағымсыз әсерлері

Каптоприл

Жиі

  • ұйқының бұзылуы

  • дәмнің бұзылуы, бас айналу

  • құрғақ тітіркендіргіш өнімсіз жөтел

  • ауыз ішінің құрғауы, жүректің айнуы, құсу, асқазанның шырышты қабығының тітіркенуі, абдоминальді ауыру, диарея, іш қату

  • бөртпемен немесе онсыз қышыну, тері бөртпесі, алопеция

Жиі емес

  • тахикардия немесе тахиаритмия, стенокардия, жүректің қағуы

  • гипотензия, Рейно синдромы, қан кернеулер, бозару

  • ангионевротикалық ісіну

  • кеуденің ауыруы, шаршау, дімкәстік

Сирек

  • анорексия

  • қалғу, бас ауыру, парестезия

  • стоматит/афтоздық ойық жаралар, ішектің ангионевротикалық ісінуі

  • бүйрек функциясының жеткіліксіздігі қоса, бүйрек функциясының бұзылуы, полиурия, олигурия, несеп шығару жиілігінің ұлғаюы

Өте сирек

  • нейтропения/агранулоцитоз, панцитопения, атап айтқанда бүйрек дисфункциясы бар емделушілерде; апластикалық және гемолитикалық анемияны қоса, анемия; тромбоцитопения, эозинофилия, лимфаденопатия, аутоиммундық аурулар және/немесе ядроға қарсы антиденелер титрінің жоғарылауы

  • гиперкалиемия, гипогликемия

  • мазасыздық, депрессия

  • инсульт пен естен тануды қоса, цереброваскулярлы бұзылулар

  • көрудің бұлыңғырлануы

  • жүректің тоқтап қалуы, кардиогендік шок

  • бронхтың түйілуі, ринит, аллергиялық альвеолит/эозинофильді пневмония

  • глоссит, пептикалық ойық жара, панкреатит

  • бауыр функциясының бұзылуы және, сарғаюды қоса, холестаз; бауырлық ферменттер мен билирубин белсенділігінің жоғарылауы, фульминантты гепатоцеллюлярлы некрозға дейін болатын гепатит

  • есекжем, Стивенс-Джонсон синдромы, мультиформалы эритема, фотосенсибилизация, эритродермия, пемфигоидты реакциялар, эксфолиативті дерматит

  • миалгия, артралгия

  • нефроздық синдром

  • импотенция, гинекомастия

  • қызба

  • протеинурия, қан сарысуында калийдің жоғарылауы, натрий деңгейінің төмендеуі, қан сарысуында мочевина азотының, креатининнің және билирубиннің жоғарылауы, гемоглобиннің, гематокриттің, лейкоциттер, тромбоциттер санының төмендеуі, ядроға қарсы антиденеге оң тест, ЭШЖ жоғарылауы

Гидрохлоротиазид

  • сиалоаденит

  • лейкопения, нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения, апластикалық анемия, гемолитикалық анемия, сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі

  • анорексия, гипергликемия, глюкозурия, гипонатриемияны және гипокалиемияны қоса, электролиттік дисбаланс, холестерин мен триглицеридтердің жоғарылауы

  • мазасыздық, депрессия, ұйқының бұзылуы

  • тәбеттің болмауы, парестезия, жеңіл бас айналу

  • ксантопсия, көрудің транзиторлы бұлыңғырлануы

  • вертиго

  • постуральді гипотензия, жүрек аритмиялары

  • некроздайтын ангиит (васкулит, тері васкулиті)

  • пневмонитті және өкпенің ісінуін қоса, респираторлы дистресс-синдром

  • асқазанның шырышты қабығының тітіркенуі, диарея, іш қату, панкреатит

  • сарғаю (бауырішілік холестаздық сарғаю)

  • фотосенсибилизация реакциялары, бөртпе, терінің жегі тәріздес эритематозды реакциясы, жегінің терілік эритематоздық реактивациясы, есекжем, анафилактикалық реакциялар, уытты эпидермальді некролиз

  • бұлшықеттің түйілуі

  • бүйрек функциясының бұзылуы, интерстициальді нефрит

  • қызба, әлсіздік

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың белсенді немесе қосымша компоненттеріне, немесе АӨФ басқа тежегіштеріне, сондай-ақ гидрохлортиазидке немесе сульфонамид туындыларына жоғары сезімталдық

  • сыртартқыда бұрын АӨФ тежегіштерімен емделумен байланысты болған ангионевротикалық ісіну

  • тұқым қуалайтын/идиопатиялық ангионевротикалық ісіну

  • бүйрек функциясының айқын бұзылулары (қан плазмасындағы креатинин концентрациясы 1,8 мг/100 мл-ден жоғары немесе креатинин клиренсі минутына 30 мл-ден төмен), анурия

  • азотемияның үдеуімен бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе жалғыз бүйрек артериясының стенозы

  • бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдай

  • қолқа сағасының стенозы

  • тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы

  • жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі

  • кардиогендік шок

  • артериялық гипотензия

  • митральді стеноз

  • тахикардия

  • сол жақ қарыншаның шығатын жолының обструкциясымен гипертрофиялық обструктивтік кардиомиопатия

  • алғашқы гиперальдостеронизм

  • гиповолемиядағы гипокалиемия, гипонатриемия, гиперкальциемия

  • қант диабетінің ауыр өтуі

  • подагра

  • бауыр функциясының ауыр бұзылулары, бауырлық прекома және кома

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Каптоприл

Калий жинақтайтын диуретиктер (триамтерен, амилорид және спиронолактон) немесе калий қоспалары: қан плазмасында калий концентрациясының едәуір артуына әкелуі мүмкін.

Диуретиктер (тиазидтер немесе ілмектік диуретиктер): гипотензиялық әсердің айқындылығын күшейтеді.

Гипертензияға қарсы басқа да препараттар: каптоприлді гипертензияға қарсы басқа препараттармен (бета-адреноблокаторлар, баяу кальций өзектерінің блокаторлары және басқалар) бірге абайлап қолданған жөн, өйткені бірге қолданғанда гипотензиялық әсердің айқындылығы күшейеді. Нитроглицеринді және басқа нитраттарды, немесе басқа вазодилататорларды сақтықпен пайдаланған жөн.

Альфа-адреноблокаторлар: альфа-адреноблокаторлармен бірге қолдану каптоприлдің гипертензияға қарсы әсерінің жоғарылауына әкеледі және ортостатикалық гипотензия қаупін арттырады.

Жедел миокард инфарктісін емдеу: каптоприл миокард инфарктісі бар емделушілерде ацетилсалицил қышқылымен (кардиологиялық дозаларда), тромболитиктермен, бета-адреноблокаторлармен және/немесе нитраттармен бірге қолданылуы мүмкін.

Үшциклді антидепрессанттар/антипсихоздық дәрілер: АӨФ тежегіштері кейбір үшциклді антидепрессанттардың және антипсихоздық дәрілердің гипотензиялық әсерін өзгертуі мүмкін. Постуральді гипотензия болуы мүмкін.

Аллопуринол, прокаинамид, цитостатиктер немесе иммунодепрессанттар: АӨФ тежегіштерімен бірге қолдану, әсіресе ұсынылғаннан артық дозаларда пайдаланғанда лейкопения қаупінің жоғарылауына әкеп соғуы мүмкін.

Симпатомиметиктер, прессорлы аминдер (мысалы, норадреналин): АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін азайтады, емделушілер мұқият дәрігерлік бақылауда болуы тиіс.

Диабетке қарсы препараттар: фармакологиялық зерттеулер, каптоприлді қоса, АӨФ тежегіштерінің инсулиннің және сульфонилмочевина туындылары сияқты диабетке қарсы дәрілердің гипогликемиялық әсерін потенциялауы мүмкін екендігін көрсетті. Өте сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерімен бірге қолданғанда диабетке қарсы дәрілер дозасын азайту қажеттілігі туындауы мүмкін.

Циметидин, бауырда каптоприл метаболизмін баяулата отырып, оның плазмадағы концентрациясын арттырады.

Гидрохлоротиазид

Амфотерицин Б, карбеноксолон, кортикостероидтар және кортикотропин (адренокортикотроптық гормон): гидрохлортиазидпен үйлестіргенде электролиттік теңгерімнің бұзылуын, әсіресе гипокалиемияны күшейтуі мүмкін.

Кальций тұздары: тиазидтік диуретиктердің қатысуымен қандағы кальций концентрациясы оның организмнен шығарылуының азаюы есебінен жоғарылауы мүмкін.

Жүрек гликозидтері: дигиталис препараттарының уыттылығы гидрохлоротиазид әсерінен туындаған гипокалиемия аясында жоғарылауы мүмкін.

Холестирамин және колестипол: гидрохлоротиазидтің сіңуін кідіртуі немесе төмендетуі мүмкін. Сульфонамидтік диуретиктерді осы препараттарды қабылдаудан, ең кемінде, бір сағат бұрын немесе оларды қабылдағаннан кейін 4-6 сағаттан соң қабылдаған жөн.

torsades de pointes-ді туындататын препараттар: гипокалиемияның даму қаупіне байланысты, гидрохлоротиазидті аритмияға қарсы және психозға қарсы кейбір дәрілер және басқалар сияқты torsades de pointes типті аритмияны туындататын дәрілік заттармен бірге қолданғанда сақтық танытқан жөн.

Карбамазепин: карбамазепин мен гидрохлоротиазидті бірге қолдану симптоматикалық гипонатриемияның даму қаупімен байланысты. Оларды бірге қолданғанда қандағы электролиттер мөлшеріне мониторинг жасау қажет. Мүмкіндігінше, басқа топтың диуретиктерін пайдалану қажет.

Пероральді антикоагулянттар: антикоагулянттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін, өйткені гидрохлоротиазид олардың әсерін басуы мүмкін.

Подаграны емдеуге арналған препараттар: подаграны емдеуге арналған препараттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін, өйткені гидрохлоротиазид несеп қышқылының концентрациясын арттыруы мүмкін.

Диабетке қарсы препараттар (пероральді және инсулин): гидрохлоротиазид қандағы глюкоза концентрациясын арттыруы мүмкін, сондықтан диабетке қарсы препараттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Диазоксид гидрохлоротиазидпен бір мезгілде қолданғанда гипергликемиялық, гиперурикемиялық және гипертензияға қарсы әсерді арттырады. Қандағы глюкоза мөлшерін және несеп қышқылының концентрациясын бақылау қажет.

Метенамин, несепте сілтілік реакцияның жоғарылауына байланысты, гидрохлоротиазидтің әсерін төмендетуі мүмкін.

Каптоприл/гидрохлоротиазид біріктірілімі

Литий: АӨФ тежегіштерін литий тұздарымен бір мезгілде қолдану қанда литий концентрациясының артуына, литийдің бүйректік клиренсінің төмендеуіне және литий препараттарының уытты әсерлерінің артуына әкелуі мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер: қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД) және АӨФ тежегіштері қан сарысуында калийдің артуына қатысты аддитивтік әсер көрсетеді, ал бүйрек функциясын төмендетуі мүмкін. Бұл әсерлер, түптеп келгенде, қайтымды. Сирек жағдайларда, әсіресе бүйрек функциясының бұзылу қаупінің факторлары бар емделушілерде: егде жастағыларда немесе сусыздануға шалдыққан емделушілерде бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігі дамуы мүмкін. ҚҚСД ұзақ қолдану АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін. ҚҚСД қолдану тиазидтік диуретиктердің диуретикалық, натрийуретикалық және гипертензияға қарсы әсерін азайтуы мүмкін.

Пробенецид немесе сульфинпиразон: гидрохлортиазидтің гиперурикемиялық әсері бар болғандықтан, бұл препараттардың дозасын арттыру қажет болуы мүмкін.

Деполяризациялауға қарсы миорелаксанттар, кіріспе наркозға арналған препараттар және хирургияда қолданылатын жалпы анестетиктер. Осы препараттардың әсері гидрохлоротиазидпен күшеюі мүмкін. Хирургиялық операция жүргізгенге дейін дозаны және су-тұз теңгерімін түзету қажет болуы мүмкін.

Прессорлық аминдер (мысалы, норадреналин): хирургиялық операцияны бастаудан бір апта бұрын Каптоприл Н препаратымен емдеуді тоқтатқан жөн.

Алкоголь, барбитураттар және есірткілік дәрілер ортостатикалық гипотензияны күшейтуі мүмкін.

МАО тежегіштерімен біріктірілімі гипотензиялық әсердің айқындылығын күшейтеді.

Айрықша нұсқаулар

Каптоприл

Гипотензия: асқынбаған артериялық гипертензиясы бар емделушілерде сирек байқалады.

Симптоматикалық гипотензия айналымдағы қан көлемі және/немесе несепті айдайтын қарқынды ем салдарынан натрий концентрациясы төмендейтін артериялық гипертензиясы бар емделушілерде, тұзы шектелген емдәмдегі, диарея, құсу орын алған немесе гемодиализдегі жүрген емделушілерде көбірек мүмкін болады. Айналымдағы қан көлемі және/немесе қандағы натрий концентрациясы препаратты қолданбас бұрын түзетілуі тиіс; Каптоприл Н препаратының өте төмен бастапқы дозасын қабылдауды қарастыру қажет.

Гипертензияға қарсы басқа дәрілерді қолданған кездегідей, Каптоприл Н препаратын қабылдаған кезде жүректің ишемиялық ауруы немесе ишемиялық цереброваскулярлық ауруы бар емделушілерде артериялық қысым шамадан тыс төмендеуі мүмкін, бұл миокард инфарктісі немесе инсульт қаупінің жоғарылауына әкеп соғуы мүмкін. Артериялық гипотензия дамыған жағдайда емделуші шалқасынан жатуы тиіс. Көктамыр ішіне тұзды ерітінділерді енгізе отырып, айналымдағы қан көлемінің орнын баса тұру қажет болуы мүмкін.

Реноваскулярлық гипертензия: бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе функциясын атқарып тұрған жалғыз бүйрек артериясының стенеозы бар емделушілерге АӨФ тежегіштерін қолданғанда ауыр артериялық гипотензияның және бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупі жоғарылайды (қан сарысуында мочевина және креатинин концентрациясы артады).

Ангионевротикалық ісіну: каптоприлді қоса, АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген емделушілерде беттің, аяқ-қолдың, еріннің, тілдің, дауыс саңылауының және/немесе көмейдің ангионевротикалық ісінуінің даму жағдайлары жөнінде мәлімделді. Ангионевротикалық ісіну Каптоприл Н препаратымен емделудің кез келген уақытында жүруі мүмкін. Мұндай жағдайларда препаратты қабылдау дереу тоқтатылуы, ісінудің клиникалық симптомдары толық қайтқанша емделушінің жағдайын бақылау белгіленуі тиіс, қажет болғанда тиісті ем тағайындалуы керек. Ісіну тек бетте және ерінде пайда болған жағдайда бұл көбіне емдеусіз қайтады, алайда антигистаминдік препараттар тағайындалуы мүмкін.

Көмейдің ангионевротикалық ісінуі фатальді болуы мүмкін. Тіл, дауыс саңылауы немесе көмей ісінгенде ауаның организмге түсуі қиындағанда тиісті ем тағайындау қажет болуы мүмкін, бұған адреналинді 1: 1000 (0.3 - 0.5 мл) тері астына енгізу және/немесе тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету шаралары қамтылуы мүмкін.

Сыртартқысында бұдан бұрын АӨФ тежегіштерімен емделумен байланысты емес ангионевротикалық ісіну болған науқастарда АӨФ тежегішімен емдеу кезінде оның даму қаупі жоғарылауы мүмкін.

АӨФ тежегіштерін пайдаланумен байланысты емделушілерде ішектің ангионевротикалық ісінуі жағдайлары жөнінде сирек мәлімдемелер бар. Емделушілерде іштің ауыруы (жүректің айнуымен немесе құсумен немесе онсыз); бірқатар жағдайларда бұдан бұрын беттің ангиоэдемасы және C-1 эстеразаның белсенділігі қалыпты болды. Ангионевротикалық ісіну құрсақ қуысын компьютерлік томография немесе ультрадыбыстық зерттеу әдісімен, немесе хирургиялық араласым кезінде диагностикаланды; ісіну симптомдары АӨФ тежегішін тоқтатқаннан кейін қайтты. Ішектің ангионевротикалық ісінуіне АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген емделушілерде іштің ауыруын дифференциялық диагностикалау қамтылуы тиіс.

АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген афроамерикалық емделушілерде ангионевротикалық ісінудің даму жиілігінің афроамерикандық еместермен салыстырғанда жоғары екендігі жөнінде мәлімдемелер бар.

Жөтел: АӨФ тежегіштерін тағайындаған кезде өнімсіз тұрақты жөтел пайда болады, ол емдеуді тоқтатқаннан кейін қайтады.

Бауыр функциясының жеткіліксіздігі: АӨФ тежегіштері холестаздық сарғаюды немесе кейде өліммен аяқталатын фульминантты гепатоцеллюлярлы некрозға дейін болатын гепатитті өте сирек туындатады. Осы асқынулардың механизмі белгісіз. Сарғаю немесе бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы дамитын емделушілер Каптоприл Н препаратын қабылдауды тоқтатқаны және тиісті ем қабылдағаны жөн.

Гиперкалиемия: кейбір емделушілерде каптоприлді қоса, АӨФ тежегіштерін қолданған кезде қан сарысуында калий деңгейінің жоғарылауы байқалды. Гиперкалиемияның даму қаупі калий жинақтайтын диуретиктермен, құрамында калий бар қоспалармен немесе тұз алмастырғыштармен бірге қолданғанда бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, қант диабеті бар емделушілерде, немесе сарысуда калийді арттыратын басқа да препараттарды (мысалы, гепарин) қабылдап жүрген емделушілерде жоғары болады. Жоғарыда көрсетілген дәрілерді қатар пайдаланғанда қан сарысуындағы калий мөлшерін ұдайы бақылау қажет.

Аортальді және митральді клапандардың стенозы/обструктивті гипертрофиялық кардиомиопатия/кардиогендік шок: АӨФ тежегіштерін сол жақ қарынша клапандарының және сол жақ қарыншадан шығатын жолдың обструкциясы бар емделушілерде сақтықпен қолданған жөн, сондай-ақ кардиогендік шок және гемодинамикалық бұрыннан бар обструкция жғдайларында қолданбаған жөн.

Нейтропения/агранулоцитоз: нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия каптоприлді қоса, АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген емделушілерде байқалады. Бүйрек функциясы қалыпты емделушілерде және асқындырушы басқа факторлар жоқ болғанда нейтропения сирек дамиды. Препаратты аутоиммундық аурулары бар, иммунодепрессанттарды, аллопуринолды немесе прокаинамидті немесе осы факторлардың біріктірілімін қабылдап жүрген емделушілерде, әсіресе бұдан бұрын бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар болғанда аса сақтықпен пайдаланған жөн. Кейбір емделушілерде ауыр жұқпалар дамуы мүмкін, олар кейбір жағдайларда бактерияларға қарсы қарқынды емге жауап бермейді. Мұндай емделушілерде каптоприлді пайдаланғанда қандағы лейкоциттер деңгейін емді бастағанға дейін, содан кейін препаратты қабылдаудың алғашқы 3 айы бойына әрбір 2 апта сайын және әрі қарай мезгіл-мезгіл бақылау ұсынылады.

Емдеу кезінде барлық емделушілер жұқпаның (мысалы, баспа, қызба сияқты) кез келген белгілері жөнінде мәлімдеуі тиіс. Егер нейтропения (нейтрофилдер 1000/mm3-ден аз) анықталса немесе күдік пайда болса, каптоприл және басқа да қатар жүргізілетін ем тоқтатылуы тиіс. Көптеген жағдайларда емделушілердегі нейтрофилдер саны каптоприлді қабылдауды тоқтатқан кезде қалыпты деңгейіне оралады.

Протеинурия: бүйрек функциясы бұзылған емделушілерде немесе АӨФ тежегіштерінің біршама жоғары дозаларын пайдаланған кезде жиі дамиды.

Несептегі жалпы ақуыздың 1 г-ден көбірек болуы каптоприл қабылдап жүрген емдлелушілердің шамамен 0.7%-да байқалды. Көптеген емделушілерде бұдан бұрын бүйрек ауруы болды немесе олар каптоприлдің біршама жоғары (күніне 150 мг-ден көбірек) дозаларын пайдаланған, немесе екі фактор да болған. Шамамен 1/5 емделушілерде нефроздық синдром дамыған. Қандағы мочевина азоты және креатинин сияқты бүйрек функциясының параметрлері протеинуриясы бар емделушілерде сирек өзгерді.

Бұдан бұрын бүйрек ауруы болған емделушілерде несептегі ақуыз мөлшері (алғашқы таңертеңгі порциясындағы) емге дейін және, мезгіл-мезгіл, емдеу үдерісінде анықталуы тиіс.

Десенсибилизация кезіндегі анафилактоидтық реакциялар: АӨФ басқа тежегіштерін қабылдаған, жәндіктердің уына қарсы десенсибилизацияға ұшыраған емделушілерде өмір үшін қауіпті ұзақ анафилактоидтық реакциялар жөнінде сирек мәлімдемелер бар. Бұған АӨФ тежегішін қабылдауды уақытша тоқтату арқылы жол бермеуге болады. АӨФ қабылдап жүрген емделушілерде осындай гипосенсибилизациялаушы емшараларды жүргізген кезде сақ болу қажет.

Гемодиализде жүрген емделушілердегі анафилактоидтық реакциялар: өткізгіштігі жоғары жарғақшалармен диализде жүрген, және АӨФ тежегіштерімен қатар ем қабылдаған емделушілерде анафилактоидты реакциялар жөнінде мәлімделді. Мұндай емделушілер үшін басқа типті диализдік жарғақшаны немесе гипертензияға қарсы дәрілердің басқа топтарын қабылдау мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.

ТТЛП аферезі кезіндегі анафилактоидтық реакциялар: каптоприлді және полиакрил-нитрилді жарғақшасымен диализді немесе декстран сульфатының жәрдемімен ТТЛП-аферезді бір мезгілде тағайындағанда өмір үшін қауіпті анафилактоидтық реакциялар (анафилактикалық шокты қоса) дамуы мүмкін.

Диализ үшін басқа жарғақшаны пайдалану ұсынылады немесе каптоприлді гипертензияға қарсы басқа препараттармен (АӨФ тежегіштерімен емес) уақытша алмастырған жөн.

Хирургиялық араласым/анестезия: ауқымды хирургиялық операцияларда немесе гипотензиялық әсері бар анестетиктерді қолданған жағдайда емделушілерде артериялық гипотензия болуы мүмкін. Гипотензия айналымдағы қан көлемін толықтыру арқылы жойылуы мүмкін.

АӨФ тежегіштерін қолданғанын хирургиялық араласым (стоматологияны қоса) алдында хирургке/анестезиологқа ескерту қажет.

Қант диабеті бар емделушілер: қант диабеті бар, бұрын диабетке қарсы пероральді препараттарды немесе инсулинді, атап айтқанда каптоприлмен емдеудің алғашқы айында қабылдаған науқастарда гликемия деңгейін мұқият бақылау қажет.

Гидрохлоротиазид

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі: бүйрек ауруы бар емделушілерде тиазидтер азотемияның дамуын жылдамдатуы мүмкін, бүйрек функциясының жеткіліксіздігінде препараттың кумулятивтік әсерлері дамуы мүмкін. Егер бүйрек функциясының нашарлауы үдесе және ақуызды емес азот мөлшерінің жоғарылауымен сипатталса, науқастың емін несеп айдайтын дәріні тоқтату мүмкіндігімен мұқият қарастыру қажет. Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі (КК <80 мл/мин) жағдайында, Каптоприл Н препаратының бастапқы дозасы емделушінің КК сәйкес, емге емделушінің реакциясына байланысты белгіленуі тиіс. Мұндай емделушілерде қан сарысуындағы калий және креатинин деңгейін қадағалау қажет.

Бауыр функциясының жеткіліксіздігі: гидрохлоротиазидті бауыр ауруларында немесе бауыр ауруы үдеген науқастарда сақтықпен қолданған жөн, өйткені препарат бауырішілік холестазды туындатуы мүмкін, ал су-тұз теңгеріміндегі аздаған өзгерістер бауырлық команың дамуына түрткі болуы мүмкін. Гидрохлоротиазидті бауырдың ауыр сырқаттары бар емделушілерге қолдануға болмайды.

Метаболизмдік және эндокриндік бұзылулар: тиазидтермен емдеу глюкозаның жағымдылығын төмендетуі мүмкін. Диабетке қарсы дәрілердің, соның ішінде инсулиннің дозасын түзету қажет болуы мүмкін. Тиазидтермен емдеу кезінде жасырын қант диабеті көрініс беруі мүмкін.

Холестериннің және триглицеридтедің жоғарылауы гидрохлоротиазидпен диуретикалық емдеумен байланысты болуы мүмкін.

Гидрохлоротиазидпен емдеу кейбір емделушілерде гиперурикемияны және/немесе подаграны туындатуы мүмкін.

Электролиттік дисбаланс: сарысуда электролиттердің деңгейін мезгіл-мезгіл бақылаған жөн. Гидрохлоротиазидті қоса, тиазидтер су-тұз дисбалансын (гипокалиемия, гипонатриемия және гипохлоремиялық алкалоз) туындатуы мүмкін. Емделушілер су-тұз дисбалансының клиникалық белгілерін (мысалы, ауыз ішінің құрғауы, шөлдеу, әлсіздік, летаргия, ұйқышылдық, мазасыздық, бұлшықет ауырулары немесе құрысулар, бұлшықет әлсіздігі, гипотензия, тахикардия, олигурия, жүректің айнуы, құсу сияқты асқазан-ішек бұзылыстары) анықтау мақсатында бақылауда болуы тиіс.

Гипокалиемия тиазидтік диуретиктерді пайдаланғанда дамуы мүмкін, алайда каптоприлмен бірге қолдану гипокалиемия құбылысын азайтады. Гипокалиемия қаупі әсіресе бауыр циррозы бар, диурезі жеделдетілген емделушілерде, электролиттерді пероральді түрде талапқа сай емес қолданатын емделушілерде және кортикостероидтармен немесе АКТГ-мен қатар ем қабылдайтын науқастарда ерекше жоғары болады.

Жылдың жылы кездерінде ісінуілері бар емделушілерде эуволемиялық гипонатриемия пайда болуы мүмкін. Хлор тапшылығы, жалпы алғанда, орташа және әдетте емдеуді қажет етпейді.

Тиазидтер кальцийдің несеппен бірге шығарылуын азайтуы және, кальций метаболизмінің белгілі бұзылуларын туындатпай, қан сарысуындағы кальций деңгейінің уақытша және аз ғана жоғарылауына себеп болуы мүмкін. Айқын гиперкальциемия жасырын гиперпаратиреоздың белгісі болуы мүмкін. Тиазидтерді қабылдау қалқанша маңы бездерінің функциясын тексергенге дейін тоқтатылуы тиіс.

Тиазидтер магнийдің ренальді экскрециясын арттырады, ол гипомагниемияға әкеп соғуы мүмкін.

Антидопинг тестісі: гидрохлоротиазид антидопинг тестісінде оң аналитикалық нәтижеге әкелуі мүмкін.

Тағы басқалары: сезімталдық реакциялары аллергиясы немесе бронх демікпесі, соның ішінде сыртартқысында бар емделушілерде болуы мүмкін. Жегі тәріздес жүйелік эритематоздың белсенділенуі мүмкін екендігі жөнінде мәлімдемелер бар.

Каптоприл/гидрохлоротиазид біріктірілімі

Жүктілік: АӨФ тежегіштерін жүктілікте қолдануға болмайды. АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген және жүкті болуды жоспарлап жүрген емделушілерге жүктілік кезеңінде пайдалану үшін қауіпсіздік бейіні анықталған гипертензияға қарсы баламалы дәрілерді тағайындау қажет. Егер жүктілік анықталса, АӨФ тежегіштерімен емдеу дереу тоқтатылуы тиіс және, егер қажет болса, баламалы ем басталуы тиіс.

Гипокалиемия қаупі: АӨФ тежегіштерін тиазидтік диуретиктермен біріктірілімі гипокалиемияның дамуын жоққа шығармайды. Қан сарысуындағы калий мөлшерін ұдайы бақылау қажет.

Литиймен біріктірілімі: литийдің уыттылығы потенцияланатындықтан, Каптоприл Н препаратын литиймен бірге қолдану ұсынылмайды.

Лактоза: препарат тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Лапп-лактаза тапшылығы немесе глюкоза/галактоза мальабсорбциясы бар емделушілерде пайдаланылмауы тиіс.

Каптоприл Н препаратын бүйрек функциясының орташа бұзылуларында (сарысу креатинині 1,8 мг/100 мл-ден аз немесе КК 30-60 мл/мин), коллагенозаларда және басқа да аутоиммундық ауруларда (жүйелік қызыл жегі, склеродермия, түйінді периартериит), егде жастағы (65 жастан асқан) емделушілерде аса сақтықпен тағайындаған жөн. Мұндай жағдайларда АҚ деңгейін және зертханалық көрсеткіштерді аса мұқият бақылау қажет болады.

Каптоприл Н препаратымен емдеудің басында, әсіресе жүрек функциясының жеткіліксіздігі, артериялық гипертензияның ауыр түрі (соның ішінде шығу тегі бүйректік), және/немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар науқастарда АҚ шамадан тыс төмендеуі байқалуы мүмкін.

Артериялық гипертензияны емдеуді «әдеттегі» каптоприлден бастау керек.

Каптоприл Н препаратымен емдеуді бастар алдында су-тұз теңгеріміне түзету жүргізу қажет (бұрын тағайындалған диуретиктердің дозасын азайту керек немесе, жекелеген жағдайларда, оларды толық тоқтату керек).

Емдеуді бастар алдында бүйрек функциясына бақылау жүргізу қажет.

Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Емдеу кезінде зейінді жұмылдыруды және психомоторлы реакциялардың жылдамдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерімен айналысуды тоқтата тұрған жөн.

Артық дозалануы

Симптомдары: артериялық қысымның ауыр төмендеуі.

Емі: препарат артық дозаланғанда плазма алмастырғыштарды енгізу және гемодиализ тиімді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 15 таблеткадан салынған.

Пішінді 2 қаптамадан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Дәрігердің рецептісі арқылы

Өндіруші

«ВИВА ФАРМ» ЖШС

2-ші Остроумов к-сі, 33, Алматы қ., Қазақстан Республикасы

Тіркеу куәлігінің иесі

«ВИВА ФАРМ» ЖШС

2-ші Остроумов к-сі, 33, Алматы қ., Қазақстан Республикасы

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«ВИВА ФАРМ» ЖШС

2-ші Остроумов к-сі, 33, Алматы қ., ҚР

тел.: +7 (727) 390 48 77, 383 74 63,

факс: +7 (727) 383 74 56; 

e-mail: pv@vivapharm.kz

Прикрепленные файлы

342523821477976397_ru.doc 108 кб
621941801477977594_kz.doc 142 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники