Каптоприл (25 мг)

МНН: Каптоприл
Производитель: ПАО Киевмедпрепарат
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Captopril
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№003447
Информация о регистрации в РК: 17.09.2020 - 17.09.2030
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)

Инструкция

Саудалық атауы

Каптоприл

Халықаралық патенттелмеген атауы

Каптоприл

Дәрілік түрі

25 мг таблеткалар

Құрамы

белсенді зат: 1 таблетканың құрамында 100% затқа шаққанда

25 мг каптоприл бар;

қосымша заттар: картоп крахмалы; лактоза моногидраты; повидон; кальций стеараты; сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы.

Сипаттамасы

Жалпақ беткейлі, бір немесе екі сызығы, ойығы бар, ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Ренин-ангиотензин жүйесіне әсер ететін препараттар.

Ангиотензин конвертациялаушы фермент (АКФ) тежегіштері. Каптоприл.

АТХ коды C09A A01.

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қолданылғанда препарат асқазан-ішек жолынан тез және толық дерлік сіңеді. Тамақ болғанда биожетімділігі 30-40 % төмендейді. Қан плазмасында ең жоғары концентрациясына 30-90 минуттан соң жетеді. Ақуыздармен, көбінесе альбуминмен байланысуы 25-30 % құрайды. Гематоэнцефалдық бөгетті қоспағанда, гистогематикалық бөгеттер арқылы өтеді, плацента арқылы енеді. Бауырда метаболизденбейді. Жартылай шығарылу кезеңі 3 сағаттан аз құрайды және бүйрек жеткіліксіздігінде ұзарады. Көбінесе бүйрекпен метаболиттер түрінде де, өзгеріссіз күйде де (50% дейін) экскрецияланады. Cіңген препараттың 95 % бөлігі 24 сағат ішінде шығарылады. Артериялық қысымның мейлінше төмендеуі ішке қабылдаудан кейін 60-90 минуттан соң байқалады. Гипотензиялық әсер ұзақтығы дозаға тәуелді және бірнеше апта ішінде оңтайлы мәндеріне жетеді.

Фармакодинамикасы

Каптоприл – медициналық тәжірибеде қолданыс тапқан ангиотензин өзгеруші ферменттің (АӨФ) алғашқы синтетикалық тежегіші.

I ангиотензиннің II ангиотензинге айналуын бөгеп, каптоприл тамыр кеңейтетін әсер көрсетеді, соның арқасында жалпы шеткергі тамырлық кедергіні (кейінгі жүктеме), өкпе қылтамырларындағы «қысылу» қысымын (алдыңғы жүктеме) және өкпе тамырларындағы кедергіні азайтады. Ұзақ уақыт қолданғанда каптоприл сол жақ қарыншаның миокард гипертрофиясы айқындылығын азайтады, жүрек жеткіліксіздігінің үдеуін болдырмайды және сол жақ қарынша дилатациясының дамуын баяулатады. Бүйрек шумақтарының сыртқа шығаратын артериолалар тонусын төмендетіп, сол арқылы шумақішілік гемодинамиканы жақсартады және диабеттік нефропатияның дамуын кедергілейді.

Қолданылуы

  • артериялық гипертензияда;

  • созылмалы жүрек жеткіліксіздігінде;

  • ишемиялық жүрек ауруында (клиникалық жағдайы тұрақты емделушілерде бастан өткерген миокард инфарктісінен кейін сол жақ қарынша функциясының бұзылуы);

  • макропротеинуриямен көрініс беретін І типті қант диабеті аясындағы диабеттік нефропатияда.

Қолдану тәсілі және дозалары

Дозалау режимі емделушінің жай-күйіне («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз) және қан қысымына қарай жекеше белгіленеді. Ең жоғары ұсынылатын тәуліктік дозасы 150 мг құрайды. Каптоприл ас ішуге дейін, ас ішу кезінде немесе одан кейін ішке қабылданады.

Артериялық гипертензия: каптоприлдің ұсынылатын бастапқы дозасы тәулігіне 2 рет 12,5 құрайды, демеуші дозасы 25 мг құрайды. Емделудің 2-4 аптасынан соң, қол жеткізген артериялық қысымға қарай, дозаны титрлеуді тәулігіне 2 қабылдауға бөлінген 100-150 мг дейін жүргізуге болады. Каптоприлді бөлек немесе басқа гипертензияға қарсы препараттармен, әсіресе, тиазидті диуретиктермен қолдануға болады. Тиазидті диуретик сияқты гипертензияға қарсы препаратты қатарлас қолданған жағдайда дозалау режимі тәулігіне 1 рет болуы мүмкін.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің белсенділігі жоғары емделушілерге (гиповолемиясы, реноваскулярлы гипертензиясы, декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігі бар) емді бір реттік 6,25 мг немесе 12,5 мг дозадан бастаған дұрыс. Ондай емді мұқият медициналық бақылаумен бастап, кейіннен препаратты тәулігіне 2 рет қабылдау керек. Дозалануын 1 немесе 2 қабылданатын 50 мг немесе 100 мг дейін біртіндеп арттыруға болады.

Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі. Бастапқы доза – тәулігіне 2 немесе 3 рет 6,25 мг (1/4 таблетка) - 12,5 мг (1/2 таблетка). Демеуші дозаға дейін титрлеуді (тәулігіне 75-150 мг) емделушінің емге жауап ретіндегі реакциясының (жан-жақты тексерудің және препарат көтерімділігінің деректері) негізінде атқару керек. Дозаны емделушінің емге жауап ретіндегі реакциясын бағалау мақсатында кемінде 2 аптада 1 рет аралықпен біртіндеп арттыру керек. Ең жоғары тәуліктік дозасы 2-3 қабылдауға бөлінген 150 мг құрайды.

Ишемиялық жүрек ауруы. Препаратты миокард инфарктісінен кейінгі алғашқы 24 сағатта тағайындау келесі сызба бойынша жүргізіледі: бастапқы доза 6,25 мг құрайды, 2 сағаттан соң 12,5 мг және 12 сағаттан соң – тағы 25 мг каптоприл тағайындалады. Келесі күннен бастап 4 апта бойы каптоприл 2 қабылдауға бөлінген тәулігіне 100 мг дозада қабылдану керек. 4-апталық емнің соңында бастан өткерген миокард инфарктісінен кейінгі сатыдағы емдеу жөнінде шешім қабылдау үшін емделушінің жағдайын қайта бағалау керек.

Қажет болса, каптоприл дозасын емделушінің клиникалық реакциясына қарай реттеуге болады. Каптоприлді миокард инфарктісін емдеудің басқа түрлерімен, мысалы, тромболитикалық препараттармен, бета-блокаторлармен және ацетилсалицил қышқылымен біріктіріп қолдануға болады.

І типті қант диабеті бар емделушілердегі диабеттік нефропатия. Бастапқы доза тәулігіне 6,25 мг құрайды. Каптоприл тәулігіне 2 қабылдауға 75-100 мг дозада қолданылады. Қажет болса, басқа гипертензияға қарсы препараттармен біріктіріледі.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Каптоприл, негізінен, бүйрекпен шығарылатындықтан, бүйрек функциясы бұзылғанда препарат дозасын азайту керек немесе оны қабылдау арасындағы үзілісті ұзарту керек. Диуретиктермен қатарлас ем қажет болатын жағдайда тиазидті емес, ілмекті диуретиктерге (фуросемид) екпін беру керек.

Бүйрек функциясы бұзылған емделушілерге организмде каптоприл жинақталуын болдырмау үшін оны дозалаудың төменде берілген сызбасы ұсынылады.

 

Креатинин клиренсі (мл/мин/1,73 м2)

Күнделікті бастапқы дозасы (мг)

Күнделікті ең жоғары дозасы (мг)

>40

25-50

150

21-40

25

100

10-20

12,5

75

<10

6,25

37,5

Балалар. Каптоприл балаларды емдеуге қарсы көрсетілімді.

Егде жастағы емделушілер

Басқа да гипертензияға қарсы препараттармен емдеу кезіндегідей, каптоприлмен емді тәулігіне 2 рет 6,25 мг дозадан, ¼ таблеткадан бастау қажет, өйткені егде жастағы емделушілерде бүйрек функциясы да, басқа ағзалар мен жүйелердің функциялары да бұзылуы мүмкін. Дозаны артериялық қысымның препаратқа беретін реакциясына қарай титрлеп, осы орайда қысымды талапқа сай бақылауға болатын ең төмен дозаны тағайындау керек.

Жағымсыз әсерлері

Жиі

- ұйқының бұзылуы; бас айналу

- құрғақ, тітіркендіретін (өнімсіз) жөтел («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз) және ентігу

- дәм сезудің бұзылуы, жүрек айну, құсу, асқазанның тітіркенуі, іштің ауыруы, диарея, іш қату, ауыздың кеберсуі

- бөртпелі немесе онсыз қышыну, бөртпе

- алопеция

Кейде

- тахикардия немесе тахиаритмия, стенокардия, жүректің жиі соғуы

- гипотензия («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз), Рейно синдромы, қан кернеулер, беттің бозаруы

- Квинке ісінуі

- кеуденің ауыруы, қатты қажу, әлсіздік

Сирек

- анорексия

- ұйқышылдық, бас ауыру, парестезиялар

- стоматит/афтозды ойық жаралардың пайда болуы, ішектік Квинке ісінуі

- бүйрек функциясының бұзылуы, бүйрек жеткіліксіздігін, полиурияны, олигурияны, жиі несеп шығаруды қоса

Өте сирек

- нейтропения/агранулоцитоз («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз), панцитопения – атап айтқанда, бүйрек дисфункциясы бар емделушілерде («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз), анемия (апластикалық және гемолиздік түрін қоса), тромбоцитопения, лимфаденопатия, эозинофилия, аутоиммундық аурулар және/немесе антинуклеарлы антиденелерге оң титр; гиперкалиемия, гипогликемия («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз)

- сананың шатасуы, депрессия

- цереброваскулярлы көріністер, инсульт пен естен тануды қоса; көрудің тұмандануы

- жүректің тоқтап қалуы, кардиогенді шок

- бронх түйілуі, ринит, аллергиялық альвеолит/эозинофильді пневмония

- глоссит, пептидті ойық жара, панкреатит

- бауыр функциясының бұзылуы және холестаз (сарғаюды қоса), гепатит, соның ішінде некрозданған гепатит, бауыр ферменттері мен билирубин деңгейінің жоғарылауы

- есекжем, Стивенс-Джонсон синдромы, полиморфты эритема, фотосезімталдық, эритродермия, пемфигоидты реакциялар және эксфолиативті дерматит

- миалгия, артралгия

- нефроздық синдром

- импотенция, гинекомастия

- қызба

- протеинурия, эозинофилия, гиперкалиемия, гипонатриемия, қан сарысуында мочевина, креатинин және билирубин деңгейінің жоғарылауы, сондай-ақ гемоглобин, гематокрит, лейкоциттер, тромбоциттер деңгейінің төмендеуі, антинуклеарлы антиденелерге оң титр, эритроциттердің шөгу жылдамдығының жоғарылауы

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- каптоприлге, кез келген қосымша затқа немесе басқа да АӨФ тежегіштеріне жоғары сезімталдық

- Квинке ісінуі (соның ішінде сыртартқыдағы, АӨФ тежегіштерін қолданудан кейін, тұқым қуалайтын/идиопатиялық);

- бүйрек функциясының айқын бұзылулары;

- бүйрек артерияларының екі жақты стенозы, жалғыз бүйрек артериясының стенозы;

- порфирия;

- гиперкалиемия;

- лейкопения, тромбоцитопения;

- қолқа сағасының стенозы;

- галактозаны көтере алмаушылық, лактаза тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбациясы;

- бастапқы гиперальдостеронизм;

- бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдай;

- өткізгіштігі жоғары полиакрилонитрил-металлил-сульфонатты жарғақшалар пайдаланылатын диализ;

- жәндіктер уларына қарсы десенсибилизациялау емі (өмірге қауіпті анафилактоидтық реакциялар дамуы мүмкін);

- жүктілік және бала емізу кезеңі;

- қант диабеті немесе бүйрек бұзылулары (ШСЖ < 60 мл/мин/1.73 м2) бар емделушілерге Каптоприлді алискирен-құрамдас препараттармен бір мезгілде қолдану;

- 18 жасқа дейінгі балалар.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Калий жинақтаушы диуретиктер немесе калий қосылған тағам қоспалары. АӨФ тежегіштері диуретиктер қабылдаудан болатын калий жоғалуын төмендетеді. Калий жнақтаушы диуретиктер (мысалы, спиронолактон, триамтерен немесе амилорид), калий қосылған қоспалар немесе құрамында калий бар тұз алмастырғыштар гиперкалиемияға әкелуі мүмкін. Бұрыннан бар гипокалиемия себебінен бір мезгілде тағайындағанда оларды аса сақтықпен және қан сарысуындағы калий концентрациясына жиі мониторинг жасаумен қолдану керек.

Диуретиктер (тиазидті немесе ілмекті диуретиктер). Үлкен дозалардағы диуретиктермен алдыңғы емдеу АҚК төмендеуіне және елеулі гипотонияның даму қаупінің артуына әкелуі мүмкін («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз). Гипотониялық әсерін диуретик қабылдауды тоқтату, тұз және сұйықтық тұтынуды арттыру арқылы немесе каптоприлдің төмен дозасымен емдеуді бастап, азайтуға болады. Алайда, гидрохлоротиазидпен немесе фуросемидпен бір де бір клиникалық мәнді өзара әрекеттесуі анықталмаған.

Басқа да гипертензияға қарсы препараттар. Каптоприлді басқа да гипертензияға қарсы препараттармен (мысалы, бета-блокаторлармен және ұзақ әсер ететін кальций өзекшелерінің блокаторларымен) бір мезгілде қабылдау қауіпсіз болады, ал осындай препараттарды қатарлас қабылдау каптоприлдің гипотензиялық әсерін арттыра алады. Нитроглицеринмен, басқа да нитраттармен немесе басқа тамыр тарылтатын препараттармен емдеуді абайлап жүргізген жөн.

Жедел миокард инфарктісін емдеу. Миокард инфарктісін алған емделушілерге каптоприлді ацетилсалицил қышқылымен, тромболитиктермен, бета-блокаторлармен және/немесе нитраттармен бір мезгілде қабылдауға болады.

Литий. АӨФ тежегіштері мен литийді бір мезгілде қабылдау қан сарысуындағы литий деңгейінің уақытша артуына және литиймен уыттануға әкелуі мүмкін. АӨФ тежегіштері мен тиазидті диуретиктерді қатарлас қабылдау қан сарысуындағы литий деңгейлерін қосымша жоғарылатуы және литиймен уыттану қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан каптоприлді литиймен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды. Егер осындай біріктірілім емделушіге қажет болса, қан сарысуындағы литий деңгейіне мұқият мониторинг жасау керек.

Үш циклды антидепрессанттар/нейролептиктер. Белгілі бір үш циклды антидепрессанттар мен нейролептиктерді АӨФ тежегіштерімен қатарлас қабылдау артериялық қысымның қосымша төмендеуіне әкелуі мүмкін («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз). Постуральді гипотензия орын алуы мүмкін.

Аллопуринол, прокаинамид, цитостатикалық немесе иммуносупрессиялық препараттар. АӨФ тежегіштерімен оларды бір мезгілде қолдану, әсіресе, соңғылары ұсынылуынан асып кететін дозаларда қолданылғанда лейкопения қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП). ҚҚСП мен АӨФ тежегіштерінің қан сарысуындағы калий деңгейінің жоғарылауына қосымша ықпалын тигізіп, бұл бүйрек функциясының бұзылуын туындатуы мүмкін екені сипатталған. Бұл әсер, әдетте, қайтымды болып табылады. Жедел бүйрек жеткіліксіздігі, әсіресе, бүйрек функциясы бұзылған емделушілерде, мысалы, егде жастағы емделушілерде немесе сусызданған емделушілерде сирек орын алуы мүмкін. Ұзақ уақыт ҚҚСП енгізу АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін.

Симпатомиметиктер. АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін, сондықтан емделушідегі артериялық қысым көрсеткіштерін тиянақты қадағалау керек.

Диабетке қарсы препараттар. АӨФ тежегіштері, каптоприлді қоса, қант диабетіне шалдыққан емделушілердегі инсулиннің және басқа да ішуге арналған диабетке қарсы препараттардың (сульфонилмочевина) гликемияға қарсы әсерін күшейтуі мүмкін. Ондай әсер өте сирек кездеседі, бірақ ол пайда болса, АӨФ тежегіштерімен бір мезгілде емдеу кезінде диабетке қарсы препараттардың дозасын азайту қажеттілігі туындайды.

Айрықша нұсқаулар

Артериялық гипотензия. Диуретиктермен емдеу, ас тұзын шектеулі тұтыну салдарынан, сондай-ақ диарея, құсу немесе гемодиализ салдарынан қан көлемінің азаюы және/немесе натрий мөлшерінің төмендеуі байқалатын артериялық гипертензиясы бар емделушілерде артериялық гипотензия пайда болуы мүмкін. АӨФ тежегіштерін тағайындар алдында айналымдағы қан көлемін (АҚК) түзетіп, сондай-ақ препараттың ең төмен тиімді оңтайлы дозасын тағайындау мәселесін шешу керек.

Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілер де АӨФ тежегіштерін қолданғанда симптоматикалық гипотензия туындайтын қауіп тобында болады. Сондықтан осы емделушілерге каптоприлді ең төмен бастапқы дозадан бастап тағайындау ұсынылады. АӨФ тежегіштері мен диуретиктер дозасын арттыруды дәрігердің мұқият қадағалауымен жүргізген жөн.

Цереброваскулярлы және ишемиялық жүрек ауруына шалдыққан емделушілердегі артериялық қысымның шектен тыс төмендеуі миокард инфарктісі мен инсульттің пайда болу қаупін арттырады. Гипотония туындаған жағдайда емделушіні жатқызып (шалқасынан), ал қажет болса – 0,9 % натрий хлориді ерітіндісін енгізу есебінен АҚК ұлғайту қажет.

Реноваскулярлы гипертензия. Бүйрек артерияларының екі жақты стенозы, жалғыз бүйрек стенозы бар емделушілер АӨФ тежегіштерін қабылдағанда гипотония мен бүйрек жеткіліксіздігінің туындау қаупінің жоғарылауы болады. Аталған жағдайда қан сарысуындағы креатинин деңгейі көрсеткішінің болымсыз ауытқуларымен бүйрек функциясы тоқтап қалуы мүмкін, сондықтан ондай емделушілерді емдеуді каптоприлдің шағын дозаларынан және дәрігердің мұқият бақылауымен бастап, ал ем кезінде дозаны титрлеу және бүйрек функциясын тұрақты қадағалау ұсынылады.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Бүйрек функциясы бұзылған емделушілер (креатинин клиренсі ≤ 40 мл/мин) дозаны жекеше таңдауды талап етеді («Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін қараңыз). Каптоприл қабылдау кезінде ондай емделушілерде қан сарысуындағы калий мен креатинин деңгейін тұрақты бақылау керек.

Ангионевроздық ісіну. АӨФ тежегіштерімен емделу кезінде, атап айтқанда, емдеудің алғашқы апталары бойына бет, аяқ-қол, ерін, шырышты қабықтар, тіл, көмей және/немесе дауыс саңылауының ангионевроздық ісінуі сирек дамуы мүмкін. Алайда АӨФ тежегіштерімен ұзақ емделу салдарынан ангионевроздық ісіну шектен тыс сирек дамуы мүмкін. Ондай жағдайларда емдеуді дереу тоқтату керек. Тіл, дауыс саңылауы және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі өлімге ұшыратуы мүмкін, сондықтан ондай реакцияларды әріқарай ауруханаға жатқызумен және симптомдар толық басылғанша кемінде 12-24 сағат қадағалаумен шұғыл түрде басып тастау керек.

Жөтел. АӨФ тежегіштерімен емделу кезінде жөтелдің туындауы туралы хабарламалар болды. Жөтел емді тоқтатудан кейін басылатын үздіксіз, құрғақ, өнімсіз түрде сипатталды.

Бауыр жеткіліксіздігі. АӨФ тежегіштері сирек жағдайларда холестаздық сарғаюмен басталатын синдроммен астасады, кенеттен болатын некроздық гепатитке дейін үдейді және кейде өліммен аяқталуға алып келеді. Осы синдромның даму механизмі түсініксіз күйде қалады. Сондықтан егер АӨФ тежегіштерімен емделу кезінде сарғаю немесе бауыр ферменттерінің жоғарылауы туындаса, онда емдеуді дереу тоқтатып, емделушінің жай-күйін мұқият қадағалау керек.

Гиперкалиемия. Бүйрек жеткіліксіздігі, қант диабеті бар және калий жинақтаушы диуретиктерді, калий қосылған қоспаларды немесе құрамында калий бар тұз алмастырғыштарын немесе гиперкалиемияны туғызуы мүмкін басқа препараттарды (мысалы, гепарин) бір мезгілде қабылдайтын емделушілерде гиперкалиемияның пайда болу қаупі жоғары. Егер жоғарыда аталған препараттарды бір мезгілде қабылдау қажет болып саналса, қан сарысуындағы калий деңгейін ұдайы тексеру ұсынылады.

Қолқа немесе митральді клапан стенозы/гипертрофиялық кардиомиопатия. АӨФ тежегіштерін қолқа немесе митральді клапан стенозы немесе сол жақ қарыншаның шығару жолының обструкциясы бар емделушілерге абайлап қабылдау керек. Кардиогенді шок және елеулі гемодинамикалық бұзылулар дамығанда каптоприл қабылдамау қажет.

Литий. Литий мен каптоприл біріктірілімі ұсынылмайды («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Нейтропения/агранулоцитоз. АӨФ тежегіштерін қабылдайтын емделушілерде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемияның пайда болуы туралы хабарламалар болды. Бүйрек функциясы қалыпты және басқа ауырлық түсіретін факторлары жоқ емделушілерде нейтропения сирек дамиды. Каптоприл коллагеноздар (мысалы, жүйелі қызыл жегі, склеродермия) кезінде тамырлары зақымданған, антидепрессанттармен, аллопуринолмен немесе прокаинамидпен қатарлас емделген емделушілерге, әсіресе, егер бүйрек функциясының бұзылуы бұрыннан бар болса, осы факторлар біріккенде абайлап қолдану керек. Осындай емделушілердің кейбіреуінде кейде антибиотиктермен қарқынды емдеуге жауап бермейтін күрделі инфекция дамуы мүмкін. Егер ондай емделушілерге каптоприл қолданылса, қандағы лейкоциттер санын бақылап отыру және емнің басталуына дейін, емдеудің алғашқы 3 айында әр 2 апта сайын және одан кейін мезгіл-мезгіл толық қан формуласын тексеру ұсынылады. Емделушілерге инфекцияның кез келген белгілері (мысалы, тамақтың қабынуы, қызба туралы) жөнінде дәрігерге дереу хабарлап, кейіннен толық лейкоцитарлық формуламен қан талдауын жасау қажеттілігі туралы нұсқау беру керек. Егер нейтропения анықталса немесе күдік тудырса (нейтрофильдер 1000/мм3 аз), каптоприл және басқа қатарлас препаратты дереу тоқтату керек («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Емделушілердің көпшілігінде нейтрофильдер саны каптоприл қабылдауды тоқтатудан кейін қалып шегіне тез оралады.

Протеинурия. Протеинурия бүйрек функциясы бұзылған емделушілерде немесе АӨФ тежегіштерінің жоғары дозаларын қабылдағанда туындауы мүмкін. Каптоприл қабылдайтын шамамен 0,7 % емделушіде несептегі жалпы ақуыз күніне 1 г-ден көбірек байқалады. Осы емделушілердің көпшілігінде осының алдында бүйрек ауруы болған немесе каптоприлдің салыстырмалы жоғары дозаларын (тәулігіне 150 мг-ден көп) қабылдаған немесе осы екі фактор да орын алған. Нефроздық синдром протеинуриясы бар 1/5 емделушіде байқалады. Көпшілік жағдайларда протеинурия азаяды немесе каптоприл қабылдауға байланыссыз 6 ай ішінде басылады. Протеинуриясы бар емделушілерде қан сарысуындағы мочевина мен креатинин деңгейі сияқты бүйрек функциясының параметрлері сирек өзгереді.

Бүйрек аурына шалдыққан емделушілерге емдеуді бастар алдында және одан кейін мезгіл-мезгіл несептегі ақуызға талдау (таңғы несептің алғашқы бөлігіне тест-жолақты талдау) жасау керек.

Анафилактоидтық реакциялар АӨФ тежегіштерін бір мезгілде қабылдап жүрген емделушілерде жарғақ қанатты жәндіктер уларынан аллергенмен десенсибилизация жасау кезінде туындап, бұл сирек жағдайларда өмірге қатер төндіруі мүмкін. Ондай реакцияларға әр десенсибилизация алдында АӨФ тежегіштерімен емдеуді уақытша тоқтату арқылы жол бермеуге болады, бірақ реакциялар препаратпен кездейсоқ қайталап антигенді стимуляциялау кезінде қайта туындауы мүмкін. Сондықтан осындай десенсибилизация шараларынан өтетін емделушілерге АӨФ тежегіштерімен емді абайлап жүргізу ұсынылады.

Емделушілерде өткізгіштігі жоғары жарғақшалар қолданылатын диализ/декстрин сульфатымен тығыздығы төмен липопротеиндермен аферез кезінде анафилактоидтық реакциялардың туындағаны туралы хабарламалар болды. Ондай емделушілер үшін басқа типтегі диализ, жарғақшаны немесе басқа топтың препараттарын қолдану жөнінде шешім қабылдау керек.

Хирургиялық араласу/анестезия. Күрделі хирургиялық араласу жасалатын емделушілерде анестезия қолданылғанда артериялық гипотензия пайда болуы мүмкін. Артериялық қысым төмендеп кеткенде АҚК толықтыруға кеңес беріледі.

Қант диабеті. Ішуге арналған диабетке қарсы препараттар немесе инсулин қабылдайтын қант диабеті бар емделушілерде АӨФ тежегіштерін қатарлас қолданған алғашқы айдың ішінде қандағы гликемия деңгейін мұқият бақылап отыру керек.

Этникалық ерекшеліктері. Басқа да АӨФ тежегіштері сияқты, каптоприл қара нәсілді емделушілер үшін тиімділігі аз гипертензияға қарсы препарат болып табылады, бұл ренині төмен эссенциальді артериялық гипертензияның кең таралуынан болуы мүмкін.

Жүктілік немесе бала емізу кезеңінде қолдану.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

Жүктілік жоспарланған немесе жүктілік расталған жағдайда, емделушілерді жүктілік кезінде қолдану қауіпсіздігінің бекітілген бейіні бар баламалы емге дереу көшіру қажет.

Каптоприл бала емізу кезеңінде қарсы көрсетілімді.

Балалар.

Балаларға арналған каптоприлдің тиімділігі мен қауіпсіздігі жеткілікті зерттелмеген.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препарат ұйқышылдықты туғызуы мүмкін екендіктен, автокөлік басқару және басқа механизмдермен жұмыс істеу кезінде сақтық таныту керек.

Артық дозалануы

Симптомдары. Шок, мелшию, брадикардия, электролиттік теңгерімсіздік және бүйрек жеткіліксіздігінің болжамды дамуымен айқын артериялық гипотензия түрінде көрініс береді.

Емі. Каптоприлдің үлкен дозасының сіңуін болдырмау үшін каптоприл қабылдаудан кейін 30 минут ішінде, мүмкіндігінше, асқазанды тезірек шаю, сорбенттер мен натрий сульфатын беру керек. Артериялық гипотензия симптомдары туындаған жағдайда емделушіні жатқызып, плазма көлемін және тұз теңгерімін дереу түзету керек.

Ангиотензин II қолдануға болады. Брадикардияны немесе шектен тыс вагустық реакцияларды атропин енгізу жолымен емдеу керек. Кардиостимулятор қолдану нұсқасын қарастыру керек. Гемодиализ тиімді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

Пішінді 2 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Киевмедпрепарат» ЖАҚ, 01032, Украина, Киев қ., Саксаганский к-сі, 139

Тіркеу куәлігінің иесі

«Киевмедпрепарат» ЖАҚ, 01032, Украина, Киев қ., Саксаганский к-сі, 139

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасындағы «Артериум» корпорациясының өкілдігі

050060, Алматы қ., Әл-Фараби д-лы, 97 үй, 3 подъезд, «54» кеңсе

Тел./факс: 8(727)315-82-09; 8(727)315-82-10;

Е-mail: Almaty@arterium.ua

Прикрепленные файлы

968181811477976374_ru.doc 112 кб
036262411477977571_kz.doc 150 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники