Кандифлан (Флуконазол)

МНН: Флуконазол
Производитель: Браун Лабораториес Лимитед
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Fluconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№025758
Информация о регистрации в РК: 20.04.2022 - 20.04.2027

Инструкция

Саудалық атауы

Кандифлан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Флуконазол

Дәрілік түрі, дозасы

Капсулалар, 150 мг

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі қолдануға арналған инфекцияға қарсы препараттар. Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар. Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар. Триазол туындылары. Флуконазол.

АТХ коды Ј02АС01

Қолданылуы

Кандифлан келесі зеңді инфекцияларға арналған.

Кандифлан ересектердегі келесі ауруларды емдеу үшін арналған:

- криптококкты менингит

- кокцидиоидомикоз

- инвазиялық кандидоз

- шырышты қабықтар кандидозы, оның ішінде орофарингеальді кандидоз, өңеш кандидозы, кандидурия және созылмалы тері-шырышты кандидоз

- ауыз қуысының гигиенасын сақтау немесе жергілікті емдеу жеткіліксіз болған кезде ауыз қуысының созылмалы атрофиялық кандидозы (тіс протездерін қолданумен байланысты)

- қынаптық кандидоз, жедел немесе қайталанатын (жергілікті ем қолданылмаған кезде)

- кандидоздық баланит (жергілікті ем қолданылмаған кезде)

- дерматомикоздар, оның ішінде табан дерматофитиясы, дене дерматофитиясы, шап дерматофитиясы, түрлі-түсті теміреткі және терінің кандидозды инфекциялары (жүйелі емдеу көрсетілгенде)

тырнақ дерматофитиясы (онихомикоз) (басқа препараттармен емдеу қолайсыз болған кезде)

Кандифлан ересектерде келесі аурулардың профилактикасы үшін көрсетілген:

- қайталану қаупі жоғары пациенттерде криптококкты менингиттің қайталануы

- қайталану қаупі жоғары АИТВ-жұқтырған пациенттерде орофарингеальді кандидоз және өңеш кандидозының қайталануы

- қынаптық кандидоздың қайталану жиілігін төмендету үшін (жылына 4 немесе одан да көп эпизодтар)

- ұзақ нейтропениясы бар пациенттерде кандидозды инфекциялардың профилактикасы (мысалы, гемобластозы бар, химиотерапиядан өтіп жатқан пациенттер немесе гемопоэздік дің жасушалары трансплантацияланған пациенттер)

Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа, тектес азолды қосылыстарға немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

- препаратты көп рет қолданған кезде дәріаралық өзара әрекеттесуді зерттеу нәтижелеріне сәйкес Кандифланды тәулігіне 400 мг немесе одан жоғары дозада көп рет қолдану кезінде терфенадинді бір мезгілде қабылдау

- QT аралығын ұзартатын және цизаприд, астемизол, пимозид және хинидин мен эритромицин сияқты P-450 CYP3A4 цитохромы арқылы метаболизденетін дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау

- тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдар

- жүктілік және лактация кезеңі

- балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер (капсула қабығында балаларда қолдануға тыйым салынған бояғыш бар)

Қолдану кезінде қажетті сақтық шаралары

Бастың түкті бөлігінің дерматофитиясы

Балалардағы бастың түкті бөлігінің дерматофитиясын емдеуде флуконазолды қолдану бойынша зерттеулер оның тиімділігі гризеофулвиннен аспайтындығын көрсетті: емдеудің жалпы жетістігі 20% - дан аз болды. Осылайша, Кандифлан бастың түкті бөлігінің дерматофитиясын емдеу үшін қолданылмауы керек.

Криптококкоз

Кандифланның басқа аумақтағы криптококкозды (мысалы, өкпе және тері криптококкозын) емдеудегі тиімділігі туралы дәлелді деректер жеткіліксіз, сондықтан препаратты дозалау жөнінде нұсқаулар беру мүмкін емес.

Терең эндемиялық микоздар

Эндемиялық микоздардың паракокцидиоидомикоз, тері - лимфа споротрихозы және гистоплазмоз сияқты басқа түрлерін емдеуге арналған Кандифланның тиімділігі туралы дәлелденген деректер шектеулі, соның салдарынан дозалауға қатысты қандай да бір ұсынымдар беру мүмкін емес.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Кандифлан бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

Бүйрекүсті безінің бұзылуы

Кетоконазол бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігін туындататыны белгілі, сирек жағдайларда бұл флуконазолды қолданғанда сирек болса да байқалуы мүмкін. Преднизонмен бір мезгілде емдеген кезде бүйрекүсті безі қыртысының жеткіліксіздігіне қатысты ақпаратты "Флуконазолдың басқа дәрілік препараттарға әсері" бөлімінен қараңыз.

Бауыр мен өт шығару жолдары функциясының бұзылуы

Кандифлан бауыр функциясы бұзылған пациенттерге сақтықпен тағайындалуы керек.

Сирек жағдайларда флуконазолды қолдану ауыр гепатоуыттылықпен, оның ішінде өліммен аяқталатын, негізінен ауыр қатар жүретін аурулары бар пациенттерде қатар орын алады. Флуконазолмен байланысты гепатоуыттылық жағдайларында жалпы тәуліктік дозамен, емдеу ұзақтығымен, пациенттердің жынысымен немесе жасымен қандай да бір айқын өзара байланыс байқалған жоқ. Флуконазолдың гепатоуыттылығы әдетте қайтымды сипатта болды және емдеу тоқтатылғаннан кейін өтті.

Флуконазолмен емдеу кезінде бауыр функциясының зертханалық көрсеткіштерінің ауытқулары бар пациенттер бауырдың анағұрлым ауыр зақымдануының алдын алу мақсатында тұрақты бақылауда болуы тиіс.

Емдеуші дәрігер пациенттерге бауыр үшін ауыр зардаптардың тән симптомдары (астения, анорексия, үнемі жүрек айнуы, құсу және сарғаю) туралы хабарлауы тиіс. Флуконазолды қабылдауды дереу тоқтату керек, ал пациент дәрігермен кеңесу керек.

Жүрек-қантамыр жүйесі

Кейбір азолдарды, оның ішінде флуконазолды қолданғанда электрокардиограммада QT аралығының ұзаруы жағдайлары орын алды. Флуконазол QT аралығын түзететін калий өзекшелері (Ikr) арқылы иондар ағынын тежеу арқылы ұзартады. Басқа дәрілік препараттармен (амиодарон сияқты) туындаған QT аралығының ұзаруы P-450 CYP3A4 цитохромының тежелуі арқылы күшейтілуі мүмкін. Тіркеуден кейінгі бақылау барысында Кандифлан қабылдаған пациенттерде QT аралығының ұзару және полиморфты қарыншалық тахикардияның (torsades de pointe) өте сирек жағдайлары тіркелді. Осы жағдайлардың ішінде көптеген қауіпті факторлары бар ауыр пациенттер туралы хабарламалар болды, мысалы, жүректің құрылымдық ауруы, электролиттердің бұзылуы және жағдайға әсер етуі мүмкін қатарлас препараттар. Гипокалиемиямен және ауыр жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын пациенттерде өмірге қауіп төндіретін қарыншалық аритмия және полиморфты қарыншалық тахикардия қаупі жоғары.

Кандифланды ықтимал аритмиялық жағдайы бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. QT аралығын ұлғайтатыны және P - 450 CYP3A4 цитохромының көмегімен метаболизденетіні белгілі басқа дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдануға болмайды.

Галофантрин

Галофантрин ұсынылған емдік дозада QTс аралығын ұлғайтады және CYP3A4 субстраты болып табылады. Сондықтан флуконазол мен галофантринді бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Тері реакциясы

Флуконазолмен емдеу кезінде сирек жағдайларда пациенттерде Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз сияқты эксфолиативті тері реакциялары дамиды. АИТВ-мен ауыратын пациенттер көптеген дәрілік препараттарға ауыр тері реакцияларының дамуына анағұрлым бейім болып келеді. Егер беткейлік зеңді инфекциядан емделіп жатқан пациентте флуконазолдың әсеріне жатқызуға болатын бөртпе пайда болса, берілген дәрілік препаратпен емдеуді тоқтату керек. Инвазиялық/жүйелі зеңді инфекциялары бар пациенттерде бөртпе пайда болған кезде буллезді зақымданулар немесе көп түрлі эритема дамыған жағдайда оларға мұқият бақылау жүргізу және флуконазолды тоқтату керек.

Аса жоғары сезімталдық

Анафилаксиялық реакцияның сирек жағдайлары тіркелді.

P-450 цитохромы

Флуконазол CYP2C9 изоферментінің және CYP3A4 изоферментінің орташа тежегіші, сондай-ақ CYP2C19 изоферментінің күшті тежегіші болып табылады. Кандифланды CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 изоферменттерімен метаболизденетін емдік ауқымы тар дәрілік препараттармен бір мезгілде қабылдайтын пациенттерге бақылау жүргізген жөн.

Терфенадин

Флуконазолды тәулігіне 400 мг-ден аз дозада және терфенадинді бір мезгілде қолдануды емдеуші дәрігердің мұқият қадағалауымен жүргізген жөн.

Кандидоз

Зерттеулер C. albicans-тен басқа Candida түрлерінен туындаған инфекциялардың үдемелі таралуын көрсетті. Көбінесе олар табиғатта тұрақты (мысалы, C. krusei және C. auris) немесе флуконазолға сезімталдықтың төмендеуін көрсетеді (C. glabrata). Мұндай инфекциялар емдеудің тиімсіздігіне байланысты зеңге қарсы баламалы емді қажет етуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлерге Candida әртүрлі түрлерінде флуконазолға төзімділіктің таралуын ескеру ұсынылады.

Қосымша заттар

Кандифлан капсулаларының құрамында лактоза бар. Тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға қолдануға болмайды.

Кандифланның әр капсуласының құрамында 1 ммольден аз натрий хлориді (23 мг) бар, яғни іс жүзінде натрий жоқ.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдануға болмайды

Цизаприд: жүрек тарапынан жағымсыз құбылыстар жағдайлары, оның ішінде бір мезгілде флуконазол мен цизаприд алған пациенттерде көп түрлі қарыншалық пароксизмалық тахикардия жағдайлары тіркелді. Тәулігіне бір рет 200 мг флуконазолды және күніне төрт рет 20 мг цизапридті бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы цизаприд деңгейінің айтарлықтай жоғарылауына және QT с аралығының ұзаруына әкеледі. Флуконазол мен цизапридті бір мезгілде қолдануға болмайды.

Терфенадин: QTc аралығының ұзаруы нәтижесінде пайда болатын жүректің ауыр аритмиясы анықталғаннан кейін, терфенадинмен бірге азолды зеңге қарсы препараттарды қабылдайтын пациенттерде осы препараттардың өзара әрекеттесуін зерттеу бойынша зерттеулер жүргізілді. Бір зерттеуде флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада қолданғанда QT с аралығының ұзаруы байқалмайды. Флуконазол тәулігіне 400 мг және одан да көп (800 мг) дозаларда қабылданған басқа зерттеу флуконазолды тәулігіне 400 мг және одан да көп дозаларда қабылдау оны қатар қолданғанда терфенадиннің плазмалық деңгейлерінің едәуір жоғарылауына әкелетінін көрсетті. Флуконазолды 400 мг және одан да көп дозада және терфенадинді бір мезгілде қолдануға болмайды. Флуконазолды тәулігіне 400 мг-ден аз дозада және терфенадинді бір мезгілде қолдануды дәрігердің мұқият қадағалауымен жүргізген жөн.

Астемизол: флуконазол мен астемизолды бір мезгілде қолдану астемизол клиренсінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Астемизолдың жоғары плазмалық концентрациясы QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда көптүрлі пароксизмалық тахикардияның туындауына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен астемизолды бір мезгілде қолдануға болмайды.

Пимозид: in vitro немесе in vivo зерттеулері жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол мен пимозидті бір мезгілде қолдану пимозид метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Пимозидтің жоғары плазмалық концентрациясы QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда көптүрлі пароксизмалық тахикардияның туындауына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен пимозидті бір мезгілде қолдануға болмайды.

Хинидин: in vitro немесе in vivo зерттеулері жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол мен хинидинді бір мезгілде қолдану хинидин метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Хинидинді қолдану кезінде QT аралығының ұзару жағдайлары және көптүрлі қарыншалық пароксизмалық тахикардияның сирек жағдайлары байқалды. Флуконазол мен хинидинді бір мезгілде қолдануға болмайды.

Эритромицин: флуконазол мен эритромицинді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылықтың (QT ұзартылған аралығы, қарыншалық пароксизмалық тахикардия) және соның салдарынан кенеттен жүректен болатын өлімнің әлеуетті қаупін арттырады. Флуконазол мен эритромицинді бір мезгілде қолдануға болмайды.

Келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану ұсынылмайды

Галофантрин: флуконазол CYP3A4 изоэнзиміне тежегіштік әсер ету салдарынан галофантриннің плазмалық концентрациясын арттыруы мүмкін. Флуконазол мен галофантринді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылықтың (QT ұзартылған аралығы, қарыншалық пароксизмалық тахикардия) және соның салдарынан кенеттен жүректен болатын өлімнің әлеуетті қаупін арттырады. Препараттардың осы біріктірілімінен аулақ болу керек.

Келесі препараттарды бір мезгілде қолдану сақтықты талап етеді

Амиодарон: флуконазол мен амиодаронды бір мезгілде қолдану QT аралығының ұзаруына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен амиодаронды бір мезгілде қолдану қажет болған кезде, әсіресе флуконазолды жоғары дозаларда (800 мг) қолданғанда сақ болу керек.

Келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану сақтықты және олардың дозасын түзетуді талап етеді

Басқа дәрілік препараттардың флуконазолға әсері

Рифампицин: флуконазол мен рифампицинді бір мезгілде қолдану флуконазолдың AUC мәндерінің 25% - ға төмендеуіне және жартылай шығарылу кезеңінің 20% - ға қысқаруына әкеледі. Рифампицин бірге қабылдайтын пациенттерге флуконазол дозасын арттыру керек.

Өзара әрекеттесуді зерттеу тамақпен, циметидинмен, антацидтермен немесе сүйек кемігін ауыстырып қондыру кезінде организмнің толық сәулеленуі кезінде флуконазолды қабылдау флуконазол сіңуінің клиникалық маңызды нашарлауына әкелмейтінін көрсетті.

Гидрохлортиазид: фармакокинетикалық өзара әрекеттесуді зерттеу барысында флуконазол алған дені сау еріктілерде гидрохлоротиазидтің көп реттік дозаларын бір мезгілде қабылдау плазмадағы флуконазол концентрациясының 40% - ға артуын туындатты. Бұл ретте диуретиктерді бір мезгілде қолдану кезінде флуконазолды қабылдау режимін өзгерту талап етілмейді.

Флуконазолдың басқа дәрілік препараттарға әсері

Флуконазол P–450 - CYP2C9 және CYP3A4 цитохромы изоферменттерінің орташа тежегіші болып табылады. Флуконазол сонымен қатар CYP2C19 изоферментінің күшті тежегіші болып табылады. Төменде көрсетілген анықталған / құжатталған өзара әрекеттесуден басқа, CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 ферменттерімен метаболизденетін және флуконазолмен бір мезгілде қолданылатын басқа құрамдастардың плазмалық концентрациясының арту қаупі де бар. Сондықтан бұл препараттарды мұқият үйлестіру керек, пациенттер дәрігердің мұқият бақылауында болуы керек. Флуконазолдың ферменттерге тежегіштік әсері оның жартылай шығарылуының ұзақ кезеңіне байланысты осы препаратпен емдеуді тоқтатқаннан кейін 4-5 күн бойы жалғасады.

Алфентанил: дені сау адамдарда флуконазолды (400 мг) және вена ішіне алфентанилді (20 мкг/кг) бір мезгілде қолдану барысында алфентанилдің AUC10 мәні 2 есе артады, мүмкін CYP3A4 изоферментінің тежелуіне байланысты. Алфентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Амитриптилин, нортриптилин: флуконазол амитриптилин мен нортриптилиннің әсерін күшейтеді. 5 - нортриптилин және (немесе) S - амитриптилин концентрациясын қатарлас жүретін емдеуді бастамас бұрын және одан кейін бір аптадан соң өлшеуге болады. Қажет болған жағдайда, амитриптилин немесе нортриптилин дозасын түзету керек.

Амфотерицин В: флуконазол мен амфотерицин В-ны бір мезгілде қолдану қалыпты инфекция жұқтырған тышқандарда және иммунитеті әлсіз инфекция жұқтырған тышқандарда келесі нәтижелерді көрсетеді: C. albicans туындатқан жүйелік инфекцияларға әлсіз аддитивті зеңге қарсы әсер, Cryptococcus neoformans туындатқан бассүйекішілік инфекция кезіндегі өзара әрекеттесудің болмауы, Aspergillus fumigatus туындатқан жүйелік инфекциядағы екі препараттың антагонизмі. Осы зерттеулер нәтижелерінің клиникалық маңыздылығы белгісіз.

Антикоагулянттар:тіркеуден кейінгі қолдану барысында, басқа азолды зеңге қарсы препараттар жағдайларындағыдай, флуконазолды варфаринмен бірге қабылдайтын пациенттерде протромбиндік уақыттың ұлғаюымен қатарлас жүретін қан кетулер (қанталаулар, мұрыннан қан кету, асқазан-ішектен қан кету, гематурия және мелена) тіркелді. Флуконазолмен және варфаринмен қатарлас жүретін емдеу кезінде протромбиндік уақыт CYP2C9 изоферменті арқылы варфарин метаболизмінің тежелуіне байланысты 2 есе артуы мүмкін. Флуконазолмен бірге кумаринді немесе индандионды антикоагулянтты қабылдайтын пациенттерде протромбиндік уақытты бақылау керек. Антикоагулянт дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Бензодиазепиндер (қысқа әсер ететін) (мысалы, мидазолам, триазолам): мидазоламды пероральді қабылдағаннан кейін флуконазол мидазолам концентрациясының айтарлықтай артуына және психомоторлы әсерлерге әкеледі. 200 мг Кандифлан мен 7,5 мг мидазоламды бір мезгілде пероральді қабылдау AUC мәнінің жоғарылауына және мидазоламның жартылай шығарылу кезеңінің 3,7 және 2,2 есе ұзаруына әкеледі. 200 мг флуконазолды 0,25 мг триазоламмен бірге күнделікті пероральді қабылдау AUC мәні мен мидазоламның жартылай шығарылу кезеңінің 4,4 және 2,3 есе артуына әкеледі. Флуконазол мен триазоламды бір мезгілде қолданғанда триазоламның күшеюі және әсерінің ұзартылуы байқалады. Флуконазолды қабылдайтын пациенттерді бензодиазепинмен қатар емдеу қажет болған жағдайда, бензодиазепин дозасын азайту және пациенттерді тиісті бақылау жүргізу керек.

Карбамазепин: флуконазол карбамазепин метаболизмін тежейді және қан сарысуындағы соңғысының концентрациясын 30% - ға арттырады. Карбамазепиндік уыттылықтың даму қаупі бар. Карбамазепин дозасын концентрация көрсеткіштеріне немесе әсеріне қарай түзету қажет болуы мүмкін.

Кальций өзекшелерінің блокаторлары: кейбір кальций өзекшелерінің антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. Флуконазол кальций өзекшелері антагонистерінің жүйелік әсерін едәуір арттыра алады. Жағымсыз әсерлерді жиі бақылау ұсынылады.

Целекоксиб: флуконазолмен (тәулігіне 200 мг) және целекоксибпен (200 мг) қатар емдеу кезінде, целекоксибтің C max және AUC тиісінше 68% және 134% - ға ұлғаяды. Кандифланмен бірге целекоксиб дозасының жартысы қажет болуы мүмкін.

Циклофосфамид: циклофосфамидпен және флуконазолмен біріктірілген ем қан сарысуындағы билирубин мен креатинин концентрациясының жоғарылауына әкеледі. Біріктірілімді билирубин мен сарысулық креатинин мөлшерінің жоғарылау қаупін ескере отырып қолдануға болады.

Фентанил: фентанил мен флуконазолдың өзара әрекеттесуінен туындауы мүмкін өліммен аяқталған бір жағдай тіркелді. Сонымен қатар, дені сау еріктілерді зерттеу флуконазолдың фентанилді жоюды едәуір кешеуілдететінін көрсетті. Фентанилдің жоғары концентрациясы тыныс алу жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Тыныс тарылуының ықтимал қаупі тұрғысынан пациенттерге мұқият бақылау жүргізу керек. Фентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Гидроксиметилглутарил - A-редуктаза коферментінің (ГМГ-КоА-редуктаза) тежегіштері: флуконазолды аторвастатин және симвастатин сияқты CYP3A4 арқылы немесе флувастатин сияқты CYP2C9 арқылы метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерімен бір мезгілде тағайындаған кезде миопатия мен қаңқа бұлшықеттерінің жедел некрозының (рабдомиолиз) даму қаупі артады. Қатарлас жүретін ем қажет болған жағдайда, пациент миопатия және рабдомиолиз симптомдарының пайда болу тұрғысынан дәрігерде байқалуы тиіс, сондай-ақ организмдегі креатинкиназа деңгейіне бақылау жүргізілуі тиіс. ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін қабылдауды, егер креатинкиназа деңгейінің елеулі жоғарылауы байқалса немесе миопатия немесе рабдомиолиз дамуы диагноз қойылса немесе күдік келтірілсе, тоқтату керек.

Ибрутиниб: флуконазол сияқты орташа CYP3A4 тежегіштері плазмадағы ибрутинибтің концентрациясын арттырады және уыттылық қаупін арттыруы мүмкін. Егер препараттарды біріктіріп қолдануды болдырмау мүмкін болмаса, тежегішті қолдану кезеңінде тәулігіне бір рет (2 капсула) 280 мг-ға дейін ибрутиниб дозасын азайту және мұқият клиникалық мониторингті қамтамасыз ету қажет.

Ивакафтор: муковисцидоз (CFTR) кезінде жарғақша арқылы өткізгіштік реттегіш генінің стимуляторы ивакафтормен бір мезгілде қолдану ивакафтордың әсер ету деңгейін 3 есе, ал гидроксиметил - ивакафтордың (M1) әсер ету деңгейін 1,9 есе арттырды. Флуконазол және эритромицин сияқты орташа CYP3A тежегіштерін бір мезгілде қабылдайтын пациенттерге ивакафтор дозасын тәулігіне бір рет 150 мг-ға дейін төмендету ұсынылады.

Олапариб: флуконазол сияқты CYP3A4 орташа тежегіштері қан плазмасындағы олапариб концентрациясын арттырады; бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Егер осы препараттардың үйлесімін болдырмау мүмкін болмаса, олапариб дозасын тәулігіне екі рет 200 мг-ға дейін шектеу керек.

Иммуносупрессанттар (циклоспорин, евролимус, сиролимус және такролимус)

Циклоспорин: флуконазол циклоспориннің AUC концентрациясы мен мәнін едәуір арттырады. Флуконазолды (тәулігіне 200 мг дозада) және циклоспоринді (тәулігіне 2,7 мг/кг дозада) бір мезгілде қолданғанда циклоспориннің AUC мәнінің 1,8 есе жоғарылауы байқалды. Препараттардың бұл біріктірілімін оның концентрациясына байланысты циклоспорин дозасын азайту арқылы қолдануға болады.

Эверолимус: in vitro немесе in vivo зерттеулері жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол CYP3A4 ферментінің тежелуіне байланысты қан сарысуындағы эверолимус концентрациясын арттыруы мүмкін.

Сиролимус: флуконазол сиролимустың плазмалық концентрациясын CYP3A4 және Р-гликопротеин арқылы сиролимус метаболизмін тежеу арқылы арттырады. Бұл біріктірілім әсері мен концентрация көрсеткіштеріне байланысты сиролимус дозасын түзету кезінде пайдаланылуы мүмкін.

Такролимус: флуконазол ішекте CYP3A4 ферментінің тежелуі салдарынан такролимус метаболизмінің тежелуі себебінен пероральді қолдану кезінде қан сарысуындағы такролимус концентрациясын 5 есеге дейін арттыруы мүмкін. Такролимусты вена ішіне қолданғанда елеулі фармакокинетикалық өзгерістер байқалған жоқ. Такролимус деңгейінің жоғарылауы нефроуыттылықтың дамуына әкелді. Пероральді қолданған кезде такролимус дозасын оның концентрациясына байланысты азайту керек.

Лозартан: флуконазол лозартанның белсенді метаболитіне (Е 3174) метаболизмін тежейді, ол лозартанмен емдеу кезінде пайда болатын ангиотензин II рецепторлары антагонизмінің көп бөлігіне жауап береді. Пациенттердегі артериялық қысымды үнемі бақылау керек.

Метадон: флуконазол қан сарысуындағы метадон концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Метадон дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): Флурбипрофеннің Cmax және AUC 23%-ға және 81%-ға ұлғаяды, флурбипрофеннің монотерапиясымен салыстырғанда Кандифланмен бір мезгілде тағайындау кезінде. Сол сияқты, егер Кандифлан ибупрофеннің рацемиялық қоспасымен (400 мг) бір уақытта тағайындалса, фармакологиялық белсенді изомердің Cmax және AUC (S - (+) - ибупрофен), соңғысының монотерапиясымен салыстырғанда 15% және 82% - ға артады.

Арнайы зерттеулер жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол CYP2C9 (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) арқылы метаболизденетін басқа ҚҚСП жүйелік әсерін ұлғайтуы мүмкін екені белгілі. ҚҚСП-мен байланысты жағымсыз әсері мен уыттылығына жиі мониторинг жүргізу ұсынылады. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Фенитоин: флуконазол фенитоиннің бауыр метаболизмін тежейді. 200 мг флуконазолды ішке және 250 мг фенитоинді вена ішіне бір мезгілде көп рет қолдану фенитоиннің AUC 24 мәндерінің 75% - ға және C min мәндерінің 128% - ға артуына алып келді. Бір мезгілде қолданған кезде фенитоиннің уыттылығы көріністерінің алдын алу үшін қан сарысуындағы фенитоин концентрациясының деңгейі тексерілуі тиіс.

Преднизон: преднизонмен ем алған бауыр трансплантациясынан кейін пациентте флуконазолмен үш айлық ем тоқтатылғаннан кейін бүйрекүсті безі қыртысының жедел жеткіліксіздігі дамыған жағдай тіркелген. Флуконазолды тоқтату CYP3A4 ферментінің белсенділігінің артуына алып келді, бұл өз кезегінде преднизон метаболизмінің күшеюіне алып келді деп болжанады. Флуконазолмен және преднизонмен ұзақ уақыт ем қабылдап жүрген пациенттерді флуконазолды тоқтатқаннан кейін бүйрекүсті безі қыртысы жеткіліксіздігінің дамуын бақылаған жөн.

Рифабутин: флуконазолмен бір мезгілде қолдану қан сарысуындағы рифабутиннің AUC шамасының 80% - ға дейін артуына әкеледі. Флуконазол және рифабутин бір мезгілде тағайындалған пациенттерде увеиттің даму жағдайлары туралы хабарланды. Бір мезгілде рифабутин мен флуконазол қабылдайтын рифабутин уыттылығы белгілері бар пациенттердің жағдайын мұқият бақылау қажет.

Саквинавир: флуконазол CYP3A4 ферментінің қатысуымен саквинавирдің бауыр метаболизмінің тежелуіне, сондай-ақ P-гликопротеиннің тежелуіне байланысты ферменттердің қатысуымен саквинавирдің AUC және Cmax мәндерін шамамен 50% және 55% арттырады. Саквинавирмен/ритонавирмен өзара әрекеттесу зерттелген жоқ және анағұрлым айқын болуы мүмкін. Саквинавирдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Сульфонилмочевина препараттары: флуконазол сульфонилмочевинаның пероральді препараттарын (мысалы, хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толбутамид) бір мезгілде қабылдағанда қан сарысуынан жартылай шығарылу кезеңін ұзартады. Қандағы глюкозаны жиі бақылау және сульфонилмочевина дозасын тиісінше азайту ұсынылады.

Теофиллин: өзара әрекеттесуді плацебо-бақыланатын зерттеуде флуконазолды 14 күн ішінде 200 мг қабылдау теофиллин клиренсінің орташа жылдамдығының 18% - ға төмендеуіне әкеледі. Жоғары дозаларда флуконазол мен теофиллин қабылдайтын пациенттерді немесе теофиллиннің артық дозалану симптомдарын уақтылы анықтау мақсатында теофиллиннің уытты әсер ету қаупі жоғары пациенттерді мұқият бақылау қажет; олар пайда болған кезде терапияны тиісті түрде өзгерту керек.

Тофацитиниб: тофацитиниб экспозициясы CYP3A4 орташа тежелуіне және CYP2C19 күшті тежелуіне (мысалы, флуконазол) әкелетін дәрілік препараттармен бір мезгілде тағайындағанда артады. Осылайша, осы препараттармен бірге тағайындау кезінде тофацитиниб дозасын күніне бір рет 5 мг-ға дейін азайту ұсынылады.

Толваптан: елеулі диурезді, сусыздану және жедел бүйрек жеткіліксіздігін қоса, жағымсыз реакциялардың қаупі айтарлықтай ұлғаюмен CYP3A4 субстраты - толваптан, CYP3A4 орташа тежегіші - флуконазолмен бірге енгізілгенде толваптанның әсері айтарлықтай артады (AUC бойынша 200%; C max бойынша 80%). Толваптан дозасын бір мезгілде қолданған жағдайда толваптанды қолдану жөніндегі нұсқаулықтағы нұсқауларға сәйкес азайту керек, ал пациентті толваптанмен байланысты кез келген жағымсыз реакциялар тұрғысынан жиі бақылау керек.

Қабіршөп алкалоиды: тиісті зерттеулер жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол қабіршөп алкалоидының плазмалық деңгейін жоғарылатуы мүмкін (мысалы, винкристин және винбластин) және CYP3A4 тежегіштік әсеріне байланысты нейроуыттылыққа әкелуі мүмкін.

А дәрумені: толық транс-ретиной қышқылымен (А дәруменінің қышқылдық түрі) және флуконазолмен біріктірілген емнен өткен пациентте бір клиникалық жағдайдың сипаттамасында флуконазолды қабылдауды тоқтатқаннан кейін жоғалып кеткен идиопатиялық бассүйекішілік гипертензия түрінде ОЖЖ тарапынан жағымсыз әсерлердің дамуы тіркелді. Бұл біріктірілімді қолдануға болады, бірақ пациенттерді ОЖЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлерді анықтау үшін бақылау керек.

Вориконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 тежегіші): пероральді вориконазолды (1-ші күні әрбір 12 сағат сайын 400 мг, содан кейін 2,5 күн бойы әрбір 12 сағат сайын 200 мг) және пероральді флуконазолды (1-ші күні 400 мг, содан кейін 4 күн бойы әрбір 24 сағат сайын 200 мг) бір мезгілде қолдану вориконазол концентрациясының және AUC орта есеппен тиісінше 57%-ға (90% СА: 20%, 107%) және 79%-ға (90% СА: 40%, 128%) ұлғаюына әкелді. Вориконазол мен флуконазолды кез келген дозада бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды. Вориконазолды флуконазолдан кейін тікелей қолданған жағдайда вориконазолды қолданумен байланысты жағымсыз құбылыстардың мониторингін жүзеге асыру ұсынылады.

Зидовудин: Флуконазол зидовудиннің C max және AUC-ны 84% және 74% - ға арттырады, бұл пероральді қабылдаған кезде зидовудин клиренсінің шамамен 45% төмендеуіне байланысты. Флуконазолмен біріктірілген ем кезінде зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі шамамен 128% - ға ұзартылады. Осы біріктірілімді қабылдайтын пациенттер зидовудинді қабылдаумен байланысты жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында бақылануы тиіс. Зидовудин дозасын азайту қажет болуы мүмкін.

Азитромицин: флуконазолдың 800 мг бір реттік пероральді дозасының фармакокинетикасына азитромициннің 1200 мг бір реттік пероральді дозасының әсерін, сондай-ақ флуконазолдың азитромицин фармакокинетикасына әсерін анықтау мақсатында 18 дені сау пациентке ашық, рандомизацияланған, үш жақты айқаспалы зерттеу жүргізілді. Флуконазол мен азитромицин арасында елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталған жоқ.

Пероральді контрацептивтер: флуконазолдың бірнеше дозаларымен бірге біріктірілген пероральді контрацептивті қабылдауға арналған екі фармакокинетикалық зерттеу жүргізілді. 50 мг флуконазол дозасының гормондар деңгейіне ешқандай елеулі әсері байқалған жоқ, ал 200 мг тәуліктік дозада этинилэстрадиол мен левоноргестрелдің AUC (концентрация - уақыт қисығының астындағы аудан) 40% және 24% - ға ұлғайтылды. Осылайша, жоғарыда көрсетілген дозаларда Кандифланның бірнеше рет қолданылуы біріктірілген пероральді контрацептивтік препараттардың тиімділігіне әсер етпейді.

Арнайы ескертулер

Жүктілік немесе лактация кезінде

Кандифланды стандартты дозаларда және қысқа мерзімді емді, егер айқын қажеттілік болмаса, жүктілік кезінде қолдануға болмайды.

Кандифланды өмірге қауіпті инфекцияларды емдеу жағдайларын қоспағанда, үлкен дозаларда және/немесе ұзаққа созылған емді жүктілік кезінде қолдануға болмайды.

Емшек сүтіндегі Кандифланның концентрациясы оның қан плазмасындағы концентрациясына ұқсас. Емшекпен емізуді флуконазолдың 150 мг дозасын бір рет қабылдағаннан кейін жалғастыруға болады.

Бірақ флуконазолдың үлкен дозасын бірнеше рет қолданғаннан немесе қабылдағаннан кейін емшекпен емізу ұсынылмайды.

Емшек сүтімен емізудің баланың дамуы мен денсаулығы үшін артықшылықтарын, сонымен қатар ананың Кандифлан қабылдауға клиникалық қажеттілігі және еметін нәрестеге немесе ананың негізгі ауруына Кандифланның әсер етуінің барлық жағымсыз әсерлерін ескеру керек.

Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Кандифланның көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсері бойынша зерттеулер жүргізілген жоқ. Кандифлан қабылдау кезінде пациенттерде бас айналуды немесе құрысу ұстамаларын сезінуі мүмкін, сондықтан осы симптомдардың кез келгені туындаған кезде автокөлік құралдарын басқарудан және механизмдермен жұмыс істеуден аулақ болу керек.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозаны таңдау зеңді инфекцияның түріне және ауырлығына байланысты жүзеге асырылады. Көп реттік дозаны қолдануды қажет ететін инфекциялардың түрлерін емдеуді клиникалық көрсеткіштер немесе зертханалық тесттер белсенді зеңді инфекцияның басылғанын көрсеткенше жалғастыру керек. Емдеудің жеткіліксіз курсы зеңді инфекцияның қайталануына әкелуі мүмкін.

Дозалау режимі

Әр түрлі инфекцияларды емдеуге арналған осы препараттың ұсынылған дозалары төменде көрсетілген.

Ересектер

Қолданылуы

Доза

Криптококкоз

Криптококкты менингитті емдеу

қанығу дозасы бірінші күні 400 мг құрайды, келесі доза тәулігіне бір рет 6 - дан 8 аптаға дейін 200-400 мг құрайды. Өмірге қауіп төндіретін инфекцияларды емдеу жағдайында тәуліктік дозаны 800 мг-ға дейін арттыруға болады.

Қайталану қаупі жоғары пациенттерде криптококкты менингиттің қайталануын болдырмауға арналған демеуші ем:

Емдеуші дәрігер белгілеген уақыт кезеңі ішінде тәулігіне бір рет 200 мг.

Кокцидиоидомикоз

200-400 мг тәулігіне бір рет 11-24 ай бойы немесе пациенттің жағдайына байланысты ұзағырақ. Кейбір, әсіресе ми қабықтары зақымданатын инфекциялар үшін, тәулігіне 800 мг доза қарастырылуы мүмкін.

Инвазиялық кандидоз

қанығу дозасы бірінші күні 800 мг, келесі доза тәулігіне бір рет 400 мг құрайды. Кандидемияны емдеу ұзақтығы бойынша жалпы ұсыным - пациенттің қанында кандидемияның болуына алғашқы теріс нәтиже алғаннан кейін және кандидемия белгілері мен симптомдары толығымен жойылғаннан кейін 2 апта.

Шырышты қабықтың кандидозын емдеу

Орофарингеальді кандидоз

қанығу дозасы бірінші күні 200-400 мг құрайды, келесі доза - 7-21 күн ішінде тәулігіне бір рет 100-200 мг (орофарингеальді кандидоздың ремиссиясына жеткенге дейін). Иммундық жүйенің ауыр бұзылуына шалдыққан пациенттерде емнің ұзақ кезеңдерін қолдануға болады.

Өңеш кандидозы

қанығу дозасы бірінші күні 200-400 мг құрайды, келесі доза - 14-30 күн ішінде тәулігіне бір рет 100-200 мг (өңеш кандидозының ремиссиясына жеткенге дейін). Иммундық жүйенің ауыр бұзылуына шалдыққан пациенттерде емнің ұзақ кезеңдерін қолдануға болады.

Кандидурия

7-21 күн ішінде 200-400 мг тәулігіне бір рет. Иммундық жүйенің ауыр бұзылуына шалдыққан пациенттерде емнің ұзақ кезеңдерін қолдануға болады.

Созылмалы атрофиялық кандидоз

14 күн бойы тәулігіне бір рет 50 мг.

Созылмалы тері-шырышты кандидоз

28 күнге дейін тәулігіне бір рет 50-100 мг. Инфекцияның ауырлығына немесе иммундық функцияның қатар жүретін бұзылуына және инфекцияға байланысты емнің ұзақ кезеңдерін қолдануға болады.

Қайталану қаупі жоғары АИТВ-жұқтырған пациенттерде шырышты қабық кандидозы қайталануының профилактикасы

Орофарингеальді кандидоз

Иммунитеті созылмалы түрде төмен пациенттерде емдеуші дәрігер белгілеген уақыт кезеңі ішінде тәулігіне бір рет 100-200 мг немесе аптасына 3 рет 200 мг.

Өңеш кандидозы

Иммунитеті созылмалы түрде төмен пациенттерде емдеуші дәрігер белгілеген уақыт кезеңі ішінде тәулігіне бір рет 100-200 мг немесе аптасына 3 рет 200 мг.

Генитальді кандидоз

Жедел қынаптық кандидоз

150 мг бір рет.

Жедел қынаптық кандидоз

150 мг бір рет.

Қынаптық кандидоздың қайталануын емдеу және профилактикасы (жылына 4 немесе одан да көп эпизод)

150 мг әр үш күн сайын - 3 дозаның жиынтығы (1 - ші, 4 - ші және 7-ші күні), содан кейін 6 ай бойы аптасына бір рет 150 мг демеуші доза.

Дерматомикоз

Табан дерматофитиясы, дене дерматофитиясы, шап дерматофитиясы, кандидоздар:

Аптасына бір рет 150 мг немесе күніне бір рет 2-4 апта 50 мг, бірақ табан дерматофитиясын емдеу үшін 6 аптаға дейін созылатын ем қажет болуы мүмкін.

Түрлі-түсті теміреткі

300-400 мг аптасына бір рет 1-3 апта немесе 50 мг күніне бір рет 2-4 апта.

Тырнақ дерматофитиясы (онихомикоз)

Аптасына бір рет 150 мг. Емдеуді инфекция жұқтырған тырнақ ауысқанға дейін жалғастыру керек (инфекция жұқтырмаған тырнақ өскенше). Қол мен аяқтағы тырнақтарды қалпына келтіру үшін әдетте сәйкесінше 3-тен 6 айға дейін және 6-дан 12 айға дейін уақыт кетеді. Дегенмен, өсу қарқыны әр түрлі адамдарда және жасына байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Кейбір жағдайларда ұзаққа созылған созылмалы инфекцияны емдеу сәтті аяқталғаннан кейін тырнақтар деформацияланған күйінде қалады.

Нейтропениясы ұзаққа созылған пациенттерде кандидозды инфекциялардың профилактикасы:

Тәулігіне бір рет 200-400 мг. Емдеуді нейтропенияның күтілетін пайда болуына дейін бірнеше күн бұрын бастаған және нейтрофилдер саны мм3-ге 1000 жасушадан асқаннан кейін 7 күн бойы жалғастырған жөн.

Пациенттердің ерекше топтары

Балалар

Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге қолдануға болмайды.

Егде жастағы пациенттер

Дозаны бүйрек функциясының жай-күйіне қарай түзету керек.

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде Кандифланды қолдану туралы деректер шектеулі, сондықтан мұндай пациенттерде бұл препаратты сақтықпен қолдану керек.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер

Кандифлан негізінен несеппен өзгермеген белсенді зат түрінде шығарылады. Бір рет қабылдаған кезде дозаны өзгерту талап етілмейді. Препаратты көп рет қолданған кезде бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге бастапқы дозаны 50 мг-ден 400 мг-ға дейін (көрсетілімге сәйкес ұсынылатын тәуліктік доза негізінде) енгізу керек, одан кейін бастапқы жүктемелік дозадан кейін қабылданатын тәуліктік дозаны (көрсетілімге байланысты) мынадай кестеге сәйкес белгілейді:

Креатинин клиренсі (мл/мин)

Ұсынылатын дозаның пайызы

>50

100%

50 (гемодиализсіз)

50%

Гемодиализ

Әрбір гемодиализден кейін 100%

Гемодиализдегі пациенттер әрбір гемодиализден кейін ұсынылатын дозаның 100%-ын алуы тиіс; диализ жүргізілмеген күндері пациенттер креатинин клиренсіне сәйкес азайтылған дозаны алуы тиіс.

Енгізу жолы және тәсілі

Кандифлан пероральді қабылданады. Капсулаларды тұтастай және тамақтануға қарамастан жұту керек.

Дәрігер жасына, дене салмағына және дозасына сәйкес ең қолайлы дәрілік түрін және дозаны тағайындауы керек. Капсула түріндегі препарат нәрестелер мен кішкене балаларда қолдануға арналмаған.

Артық дозалану жағдайында қабылдануы қажет шаралар

Кандифлан препаратымен артық дозалану жағдайлары тіркелген.

Симптомдары: елестеулер және параноидтық мінез-құлық.

Емі - симптоматикалық (соның ішінде демеуші шаралар және асқазанды шаю).

Кандифлан негізінен несеппен шығарылады, сондықтан мәжбүрлі диурез препараттың шығарылуын тездетуі мүмкін.

Ұзақтығы 3 сағат болатын гемодиализ сеансы плазмадағы Кандифлан деңгейін шамамен 50% - ға төмендетеді.

Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын жіберіп алған кезде қажетті шаралар

Өткізіп алған дозаның орнын толтыру үшін екі есе дозасын қабылдамаңыз. Егер Сіз дозаны қабылдауды ұмытып кетсеңіз, оны есіңізге түсе сала бірден қабылдаңыз. Егер келесі дозаны қабылдау уақыты келсе, жіберіп алған дозаны қабылдамаңыз.

Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медицина қызметкерінің кеңесіне жүгіну бойынша нұсқаулар

Сұрақ туындаған жағдайда дәрілік препаратты қабылдамас бұрын кеңес алу үшін дәрігерге қаралыңыз.

Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау  керек шаралар

Бас ауыруы, іштің ауыруы, диарея, жүрек айну, құсу, аланинаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, аспартатаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, қандағы сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы және бөртпе тіркелген жағымсыз реакциялардың анағұрлым жиі (≥1/100 >1/10 дейін) кездесетіні болып табылады.

Жиі

  • бас ауыруы

- іштің ауыруы, құсу, диарея, жүрек айнуы

  • аланинаминотрансфераза (АЛТ) деңгейінің жоғарылауы, аспартатаминотрансфераза (АСТ) деңгейінің жоғарылауы, қандағы сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы

  • бөртпе

Жиі емес

- анемия

- тәбеттің төмендеуі

  • ұйқышылдық, ұйқысыздық

  • құрысулар, парестезия, бас айналу, дәм сезудің өзгеруі

  • вертиго

  • іш қату, диспепсия, метеоризм, ауыздың құрғауы

  • холестаз, сарғаю, билирубин деңгейінің жоғарылауы

  • дәрілік бөртпе*, есекжем, қышыну, қатты терлеу

  • миалгия

  • қатты қажу, дімкәстану, астения, қызба

Сирек

  • агранулоцитоз, лейкопения, тромбоцитопения, нейтропения

  • анафилаксия

  • гиперхолестеринемия, гипертриглицеридемия, гипокалиемия

  • тремор

  • көптүрлі қарыншалық пароксизмалық тахикардия, QT аралығының ұзаруы

  • бауыр жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлық некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлық зақымданулар

  • уытты эпидермальді некролиз, Стивенс–Джонсон синдромы, жедел жайылған экзантематозды пустулез, эксфолиативтік дерматит, ангионевроздық ісіну, беттің ісінуі, алопеция (шаштың түсуі)

Белгісіз

- эозинофилиямен және жүйелік симптомдармен байқалатын дәрілік реакция(DRESS)

* Жергілікті дәрі-дәрмектік бөртпелерді қамтиды

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаған кезде медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса алғанда, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша тікелей ақпараттық дерекқорға жүгіну

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препараттың құрамы

Бір капсуланың құрамында:

белсенді зат –150 мг флуконазол,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза (РН-102), кросповидон (XL-10), лактоза моногидраты, магний стеараты, натрий крахмалы гликоляты (А түрі), натрий лаурилсульфаты, натрий кроскармеллозасы, жүгері крахмалы, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы

Капсула қабығының құрамы

Қақпағы: титанның қостотығы (Е171), бриллиантты көк (Е133), натрий лаурилсульфаты, тазартылған су, желатин

Корпус: титанның қостотығы (Е171), натрий лаурилсульфаты, тазартылған су, желатин

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

"1" өлшемді, көгілдір түсті қақпақшасы және ақ түсті корпусы бар қатты желатинді капсулалар.

Капсулалардың ішіндегісі - ақ ұнтақ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

1 капсуладан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.

1 немесе 7 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәлімет

Brawn Laboratories Limited

13, N.I.T., Industrial Area, Haryana, Фаридабад-121001, Үндістан

тел./факс: +91-129-4360113, +91-11-23275208

электронды пошта: regulatory2@brawnlabs.com

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

VISTA LABS DMCC

Unit No. 3O-01-3048, Plot No. DMCC-PH2-J&G Plexs, Дубай, Біріккен Араб Әмірліктері

тел.: + 971 56657797

электронды пошта: vistalabs@hotmail.com

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

"Метабол Қазақстан" ЖШС, Қарағанды қ., Ермеков к-сі 110/2

тел.:+7(212) 43-38-11, факс +7(212) 43-38-15

электронды пошта: metabolcompany@mail.ru

Прикрепленные файлы

ЛВ_рус._Кандифлан_(обн_.30_.11_.21)_.docx 0.09 кб
Кандифлан_ЛВ_(обн.30_.11_.21)(kk)_(1)_.docx 0.08 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники