Кандификс

МНН: Флуконазол
Производитель: Арафарма Груп С.А.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Fluconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019818
Информация о регистрации в РК: 19.11.2018 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Кандификс

Халықаралық патенттелмеген атауы

Флуконазол

Дәрілік түрі

150 мг капсулалар

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді зат - 150 мг флуконазол,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, жүгері крахмалы, магний стеараты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, натрий лаурилсульфаты,

қабықтың құрамы: титанның қостотығы (Е171), желатин.

Сипаттамасы

Ақ мөлдір емес қақпақшасы және ақ мөлдір емес корпусы бар, № 0 қатты желатинді капсулалар. Капсуланың ішіндегісі ақ түсті гомогенді ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Зеңге қарсы жүйелік қолдануға арналған препараттар.

Триазол туындылары. Флуконазол.

АТХ коды J02AC01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылдағаннан кейін Кандификс жақсы сіңеді, жалпы биожетімділігі – 90%. Аспен бір мезгілде қабылдау ішке қабылдаған кезде препараттың сіңуіне ықпалын тигізбейді. Плазмадағы концентрациясы ең жоғары шегіне Кандификсті ашқарынған қабылдағаннан кейін 0,5-1,5 сағаттан соң жетеді, ал жартылай шығарылу кезеңі 30 сағатқа жуықты құрайды. Плазмадағы концентрациясы дозаға пропорционал. Тепе-тең 90% концентрацияға емдеуді бастағаннан кейінгі 4-5-ші күні жетеді (препаратты тәулігіне бір рет көп реттен қабылдағанда).

Ақуыздармен байланысуы – төмен (11-12%). Кандификс организмнің барлық сұйық ортасына жақсы өтеді.

Препарат негізінен бүйректер арқылы шығарылады; енгізілген дозаның шамамен 80%-ы несепте өзгермеген күйінде табылады. Кандификс клиренсі креатинин клиренсіне пропорционал. Айналымда метаболиттер табылған жоқ.

Фармакодинамикасы

Кандификс, зеңге қарсы триазольді дәрі, зеңдердің жасушасында стеролдар синтезінің селективті тежегіші болып табылады.

Кандификс мыналардан болған инфекцияларда белсенділік танытады:

  • Candida spp., жайылған кандидозды қоса есептегенде

  • Cryptococcus neoformans, бассүйекішілік инфекцияларды қоса есептегенде

  • Microsporum spp.

  • Trychophyton spp.

  • Blastomyces dermatitides

  • Coccidioides immitis

  • Histoplasma capsulatum

Кандификстің Р – 450 цитохромға байланысты зеңді ферменттерге қатысты өзіне тән жоғары ерекшелігі бар.

Қолданылуы

- криптококкозда, криптококктік менингитті және басқа да жерлерге орныққан инфекцияларда (мысалы, өкпеде, теріде), соның ішінде иммундық жауабы қалыпты науқастарға және ЖИТС-ке шалдыққан науқастарға, ағзалары ауыстырып салынған реципиенттерге және иммун тапшылығының басқа да түрлері бар науқастарға; ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда криптококкоздің қайталануының профилактикасы мақсатында демеуші емде

- денеге жайылған кандидозда, кандидемияны қоса, диссеминацияланған кандидозда және инвазивті кандидозды инфекциялардың, мысалы, ішперде, эндокард, көз, тыныс және несеп жолдарының инфекциялары сияқты басқа да түрлерінде, соның ішінде қарқынды емдеу бөлімінде жатқан және цитоуытты немесе иммуносупрессиялық дәрілер қабылдап жатқан науқастарға, сондай-ақ кандидоздың пайда болуына бейім басқа да факторлары бар науқастарға

- шырышты қабықтардың кандидозында, ауыз қуысының және жұтқыншақтың, өңештің шырышты қабықтарын қоса, инвазивті емес бронх-өкпе инфекцияларында, кандидурияда, тері-шырышты қабық және ауыз қуысының созылмалы атрофиялық кандидозында (тіс протездерін киюге байланысты), соның ішінде иммундық функциясы қалыпты және бәсеңдеген науқастарда, ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда орофарингеальді кандидоздың қайталануының профилактикасында

- генитальді кандидозда, жедел немесе қайталанатын қынаптық кандидозда, қынаптық кандидоздың қайталану жиілігін азайту мақсатында (жылына 3 және одан да астам көріністерінде), кандидозды баланитте

- цитоуытты химиялық емдеу немесе сәулемен емдеу нәтижесінде осындай инфекцияларға бейім қатерлі ісігі бар науқастарда зеңдік инфекциялардың инфекциясында

- тері микоздарында, табан, дене, шап аймағы микоздарын қоса, кебек тәрізді теміреткіде, онихомикозда және терінің кандидозды профилактикасында

- иммунитеті қалыпты науқастардың терең эндемиялық микоздарында, кокцидиоидозда, паракокцидиоидозда, споротрихозда және гистоплазмозда.

Қолдану тәсілі және дозалары

Капсулалар ішуге. Капсуланы бүтіндей жұтады.

Емдеуді сеппе және басқа да зертханалық зерттеулер нәтижелері алынғанша бастай беруге болады. Алайда инфекцияларға қарсы емді, осы зерттеу нәтижелері белгілі болған кезде, тиісінше өзгерту қажет.

Кандификстің тәуліктік дозасы зеңдік инфекциялардың сипатына және ауырлығына байланысты.

Ересектерге қолданылуы

1. Криптококктік менингитте және басқа жерге орныққан криптококктік инфекцияларда алғашқы күні әдетте 400 мг тағайындайды, ал содан кейін тәулігіне бір рет 200-400 мг дозада емдеуді жалғастырады. Криптококктік инфекцияларды емдеудің ұзақтығы клиникалық және микологиялық әсерлерге байланысты; криптококктік менингитте емдеуді әдетте кемінде 6-8 апта жалғастырады.

ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда криптококктік менингиттің қайталануының профилактикасы үшін Кандификстің ұсынылатын дозасы тәулігіне 200 мг.

2. Кандидемияда, диссеминацияланған кандидозда және басқа да инвазивтік кандидозды инфекцияларда доза алғашқы күні әдетте 400 мг құрайды, содан кейін тәулігіне 200 мг-ден. Клиникалық әсерінің айқындылығына байланысты доза тәулігіне 400 мг-ге дейін арттырылуы мүмкін.

Емдеу ұзақтығы клиникалық және микологиялық әсеріне байланысты.

3. Орофарингеальді кандидозда алғашқы күні препаратты әдетте 200 мг тағайындайды, содан кейін тәулігіне бір рет 100 мг-ден жалғастырады. Қайталану мүмкіндігін төмендету үшін емдеуді 2 апта бойы жалғастырады.

Тіс протезін киіп жүруге байланысты атрофиялық оральді кандидозда препаратты әдетте 14 күн бойы тәулігіне бір рет 50 мг дозада протезді өңдеуге арналған жергілікті антисептикалық дәрілермен бірге тағайындайды.

Шырышты қабықтардың басқа да кандидозды инфекцияларында (генитальді кандидоздан басқасы, төменді қараңыз), мысалы, эзофагитте, инвазивті емес бронх-өкпе инфекцияларында, кандидурияларда, тері кандидозында, тиімді доза әдетте емдеу ұзақтығы 14-30 күн болғанда тәулігіне 50-100 мг құрайды.

ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда орофарингеальді кандидоздың профилактикасы үшін Кандификспен алғашқы емдеудің толық курсын аяқтағаннан кейін аптасына бір рет 150 мг тағайындалуы мүмкін.

4. Қынаптық кандидозда Кандификсті ішуге бір рет 150 мг дозада тағайындайды. Қынаптық кандидоздың профилактикасы үшін препаратты айына бір рет 150 мг дозада қолдануға болады. Емдеу ұзақтығын әр адамда жекелей анықтайды; ол 4 айдан 12 айға дейін өзгеріп отырады.

Кандидозды баланитте Кандификсті бір рет 150 мг дозада ішке тағайындайды.

5. Қатерлі ісіктері бар науқастарда зеңдік инфекциялардың профилактикасы үшін Кандификстің ұсынылатын дозасы зеңдік инфекциялардың пайда болу қаупінің дәрежесіне байланысты тәулігіне бір рет 50-400 мг құрайды. Денеге жайылған инфекциялар қаупі жоғары, мысалы, айқын немесе ұзақ уақыт сақталған нейтропениясы бар науқастар үшін ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 400 мг құрайды.

6. Табан, тегіс тері, шап аймағы микоздарын қоса тері микоздарында, ұсынылатын доза аптасына бір рет 150 мг немесе тәулігіне бір рет 50 мг құрайды. Емдеу ұзақтығы әдетте 2-4 аптаны құрайды, алайда табан микоздарында өте ұзақ ем (6 аптаға дейін) қажет болуы мүмкін.

Кебек тәрізді теміреткіде ұсынылатын доза 2 апта ішінде аптасына бір рет 300 мг құрайды; кейбір науқастарда аптасына 300 мг үшінші доза қажет етіледі, сонда кейбір науқастар үшін 300-400 мг бір рет қабылдау жеткілікті болады. Емдеудің баламалы үлгісі препаратты 2-4 апта бойы тәулігіне бір рет 50 мг қолдану болып табылады.

Онихомикозда ұсынылатын доза аптасына бір рет 150 мг құрайды. Емдеуді сау тырнақ пластинкасы толық пайда болғанша жалғастырған жөн. Қол саусақтарындағы және аяқ башпайларындағы тырнақтардың қайтадан өсуі үшін, тиісінше, 3-6 ай және 6-12 ай қажет. Алайда өсу жылдамдығы әртүрлі адамдарда, сондай-ақ жасына байланысты, ауқымды шекте өзгеріп отырады. Ойдағыдай емделгеннен кейін ұзақ уақыт сақталған созылмалы инфекциялар кейде тырнақ пішіндерінің өзгеруінен байқалады.

7. Терең эндемиялық микоздарда препаратты тәулігіне 200-400 мг дозада қолдану қажет етілуі мүмкін. Емдеу ұзақтығы әр адамда жекелей белгіленеді.

Егде жастағы адамдарға қолданылуы

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі жоқ болғанда препаратты әдеттегідей дозада тағайындайды.

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар науқастарға қолданылуы

Бір рет қабылдағанда дозаны өзгерту қажет емес. Бүйрек функциясы бұзылған науқастарда препаратты көп рет қолданғанда алдымен 50 мг-ден 400 мг-ге дейінгі екпінді дозаны енгізген жөн, содан кейін тәуліктік дозаны (көрсетілімдеріне байланысты) келесі кестеге сай белгілейді:

Креатинин клиренсі (мл/мин)

Ұсынылатын доза пайызы

>50

≤50 (диализсіз)

Жүйелі диализ

100%

50%

100% әрбір диализден кейін

Жағымсыз әсерлері

Жиі (≥1/100 - <1/10 дейін)

  • бас ауыру

  • іштің ауыруы, диарея, жүректің айнуы, құсу

  • сілтілік фосфатаза деңгейінің, аминотрансферазалардың (АЛТ және АСТ) сарысулық деңгейінің жоғарылауы

  • бөртпе

Жиі емес (≥1/1,000 - ≤1/100 дейін)

  • ұйқысыздық, ұйқышылдық

  • құрысулар, бас айналу, парестезия, дәмнің бұзылуы

  • вертиго

  • диспепсия, метеоризм, ауыз ішінің құрғауы

  • холестаз, сарғаю, билирубиннің жоғарылауы

  • қышыну, дәрілік бөртпе (тұрақты дәрі-дәрмектік бөртпені қоса), есекжем, қатты тершеңдік, дерматит

  • миалгия

  • шаршау, дімкәстік, әлсіздік, дене температурасының жоғарылауы

Сирек ( ≥1/10,000 - ≤1/1,000 дейін)

  • агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения

  • анафилаксия, ангионевроздық ісіну

  • гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, гипокалиемия

  • тремор

  • тахикардия, қарыншалардың жыпылықтауы/дірілдеуі, QT аралығының ұзаруы

  • диспепсия, метеоризм, ауыздың құрғауы

  • гепатоуыттылық, өліммен аяқталатын сирек жағдайларды қоса, бауыр функциясының жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлы некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлы зақымданулар

  • уытты эпидермальді некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, денеге жайылған жедел экзантематозды пустулез, эксфолиативті дерматит, беттің ісінуі, алопеция

ЖИТС-ке немесе обырға шалдыққан науқастарда Кандификспен және соған ұқсас препараттармен емдеген кезде қан көрсеткіштерінің, бүйрек және бауыр функциясының өзгерулері байқалды, алайда осы өзгерулердің клиникалық маңызы және олардың емдеумен байланысы анықталған жоқ.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- флуконазолға, препараттың басқа компоненттеріне немесе флуконазолға құрылымы бойынша ұқсас азольді заттарға жоғары сезімталдық

- Кандификсті тәулігіне 400 мг және одан астам дозада көп рет қолдану кезінде терфенадинді бір мезгілде қабылдау

- цизаприд, астемизол, пимозид, хинидин, амиодарон және эритромицин сияқты QT аралығын ұзартатын және CYP3A4 Р - 450 цитохромы арқылы метаболизденетін дәрілік препараттармен бір мезгілде қабылдау

- сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, лактоза жеткіліксіздігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы проблемалары бар науқастар

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар

Сақтықпен

Флуконазолды қолдану аясында бауыр функциясы көрсеткіштерінің бұзылуы; флуконазолды беткейлік зеңді инфекциясы және инвазивті/жүйелік зеңді инфекциялары бар науқастарға қолдану аясында бөртпелердің пайда болуы; терфенадинді және флуконазолды тәулігіне 400 мг аз дозада бір мезгілде қолдану; көптеген қауіп факторы бар науқастарда аритмияға қарсы потенциальді жағдайлар (жүректің органикалық ауруы, электролиттік теңгерімнің бұзылуы және осындай бұзылулардың пайда болуына мүмкіндік беретін қатарласа жүргізілген ем).

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Флуконазолды келесі препараттармен бірге қолдануға болмайды:

- Цизаприд Цизапридпен және флуконазолмен бір мезгілде емделген науқастарда кардиальді жағдайлар, оған қоса «torsade de pointes» ұстамалары белгіленді. Флуконазол қабылдайтын адамдарға цизаприд қолдануға болмайды.

- Терфенадин (флуконазолдың 400 мг артық дозасын қолданғанда; CYP 3A4 ферментінің субстраты)

Терфенадин мен азол туындыларын бірге қолданғанда QT аралығының ұзаруымен қатар жүрген ырғақтың ауыр бұзылулары белгіленгендіктен терфенадин мен флуконазолдың біріккен әсеріне сынақ жүргізілді. Флуконазолды 200 мг дозада қолданумен болған бір сынақта QT аралығының ұзаруы дәлелденбеді. Флуконазолды 400 және 800 мг дозада қолданумен жүргізілген басқа сынақта флуконазол 400 мг және одан жоғары дозада бір уақытта қолданылған терфенадиннің қан плазмасындағы концентрациясын сенімді ұлғайтқанын дәлелдеді. Терфенадинді флуконазолмен 400 мг және одан жоғағры дозада бірге қолдануға болмайды. Терфенадинді флуконазолмен 400 мг төмен дозада қолданғанда науқасты қатаң бақылау қажет.

- Астемизол (CYP 3A4 ферментінің субстраты) Астемизолды артық дозалау QT аралығының ұзаруымен, «torsade de pointes» ұстамаларын қоса ауыр жүрек аритмияларымен немесе жүрек тоқтауымен қатар жүреді. Астемизолды флуконазолмен бірге қолдану ауыр, кейде жүрекке қатысты өлімге аппаратын әсердің мүмкіндігінен қарсы көрсетілімде.

- Пимозид

in vitro немесе in vivo зерттеулер жүргізілмегеніне қарамастан флуконазол мен пимозидті бірге қабылдау пимозид метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Пимозидтің қан плазмасындағы концентрациясының жоғарылауы QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда torsade de pointes дамуына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен пимозидті бірге қабылдауға болмайды.

- Хинидин

in vitro немесе in vivo зерттеулер жүргізілмегеніне қарамастан флуконазол мен хинидинді бірге қабылдау хинидин метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Хинидинді қолдану QT аралығының ұзаруымен және torsade de pointes дамуының сирек жағдайларымен қатар жүреді. Флуконазол мен хинидинді бірге қабылдауға болмайды.

- Эритромицин

Флуконазол мен эритромицинді бірге қабылдау кардиоуыттылық қаупін (QT аралығының ұзаруы, torsades de pointes) және демек, кенеттен коронарлық өлім қаупін ұлғайтуы мүмкін. Флуконазол мен эритромицинді бірге қабылдауға болмайды.

Флуконазол метаболизміне ықпал ететін препараттар

-ГидрохлоротиазидДені сау еріктілерде гидрохлоротиазид флуконазолдың концентрациясын 40 % ұлғайтты. Флуконазол мен тиазид туындылары бірге қолданғанда бұл әрекеттесу туралы білу қажет, бірақ флуконазолдың дозасын немесе қабылдау режимін өзгерту қажеттілгі жоқ.

- Рифампицин (CYP450 ферментінің индукторы) Флуконазолды рифампицинмен ұзақ емделіп жатқан науқастарда қолданған кезде флуконазол сіңірілуінің қисық астындағы ауданы 25 % төмендеді, жартылай шығарылу кезеңі 20 % төмендеді. Бұл препараттарды бірге қолданғанда флуконазол дозасын ұлғайту қажет болуы мүмкін.

Флуконазолдың басқа препараттардың метаболизміне әсері

Флуконазол едәуір дәрежеде P450 цитохромының, CYP 2C9 және аз дәрежеде CYP 3A4 изофермент әсерін бөгейді. Флуконазол сондай-ақ CYP2C19 изоферментінің тежегіші болып табылады.

Осыған байланысты, оларды флуконазолмен бірге қолданғанда тізімделген өзара әрекеттесулерінің басқа CYP 2C9 немесе CYP 3A4 ферменттерімен метаболизденетін дәрілік заттардың (мысалы: қастауыш алкалоидтары, хинидин) қан плазмасындағы концентрациясының ұлғаюы байқалуы мүмкін. Сондықтан бұл препараттарды сақтықпен қолдану қажет және науқасты қадағалау керек.

Флуконазолдың ферменттер тежейтін әсері флуконазолдың жартылай ыдырауының ұзақ кезеңіне байланысты емдеу курсын тоқтатқаннан кейін 4-5 күн ішінде байқалуы мүмкін.

- Алфентанил (CYP 3A4 ферментінің субстраты) 400 мг флуконазол мен 20 мкг/кг алфентанилді вена ішіне бірге енгізгеннен кейін алфентанил сіңірілуінің қисық астындағы ауданы 50 % ұлғайды, ал клиренс CYP 3A4 ферментінің тежелуінен 55 % төмендеуі мүмкін. Бұл екі препаратты бірге қолданғанда препараттардың дозасын өзгерту қажет болуы мүмкін.

- Амитриптилин, нортриптилин

Флуконазол амитриптилин мен нортриптилин әсерін күшейтеді: 5-нортриптилин және/немесе S-амитриптилин біріктірілген емнің басында және бір аптадан соң өлшенуі мүмкін. Амитриптилин/нортриптилин дозалары қажет болғанда түзетілуі тиіс.

- Амфотерицин Б: Жануарларға жүргізілген in vitro және in vivo зерттеу деректері бойынша азолдар мен амфотерицин Б арасында антагонизм байқалады, бірақ мұның клиникалық мәні белгісіз.

- Пероральді антикоагулянттар, кумарин туындылары (CYP 2C9 ферментінің субстраты) Протромбиндің уақыт ұлғаюы (2 есе, CYP2C9 қатысуымен варфарин метаболизмінің тежелу салдарынан болуы ықтимал) мүмкін, сондықтан протромбиндік уақытты тұрақты бақылау қажет. Бақылауларда қан кетуден болатын мынадай асқынулар белгіленуі мүмкін: көгеру, мұрыннан қан кету, асқазан-ішектен қан кету, гематурия, мелена. Варфарин дозасын түзету керек болуы мүмкін.

- Бензодиазепиндер (әсер ету уақыты қысқа) (CYP 3A4 ферментінің субстраты), мысалы мидазолам,триазолам

7,5 мг мидазолам мен 400 мг флуконазолды бірге пероральді қолданғанда мидазолам сіңірілуінің қисық астындағы ауданының едәуір ұлғаюы және психомоторлық әсерлері байқалды. 100 мг флуконазол мен 0,25 мг триазоламды бірге қолдану триазоламның қисық астындағы ауданын және жартылай ыдырау кезеңін ұлғайтты. Флуконазолмен бірге қолданғанда триазоламның айқын және ұзақ әсері белгіленді. Егер флуконазол қабылдап жүрген науқасқа бензодиазепиндер қолдану қажет болса бензодиазепин дозасын төмендету туралы ойлау және науқасты қадағалау керек.

- Карбамазепин:

Флуконазол карбамазепин метаболизмін тежейді және соңғысының сарысудағы концентрациясын 30% арттырады. Карбамазепиннен уыттылық дамуы қаупі бар. Карбамазепин дозасын концентрацияны/ әсерді өлшеуге байланысты түзету талап етілуі мүмкін.

- Кальций өзекшелерінің блокаторлары (кальций антагонисі) (CYP 3A4 ферментінің субстраты)

Кейбір кальций антагонистері, дигидропиридин туындылары (нифедипин, израпидин, никардипин, верапамил, амлодипин және фелодипин) CYP 3A4 ферментімен метаболизденеді. Ғылыми әдебиетте шеткері ісінулер және итраконазолды фелодипинмен, израпидинмен немесе нифедипинмен бірге қолдану кезінде кальций антагонистерінің концентрациясының ұлғаюы туралы хабарланды. Бұл әрекеттесулер флуконазолды кальций антагонистерімен қолданғанда да байқалуы мүмкін.

- Целекоксиб (CYP 2C9 ферментінің субстраты)

Бір клиникалық сынақта, 200 мг целекоксиб пен 200 мг флуконазолды бірге қолдану кезінде ең жоғарғы концентрацияның 68% ұлғаюы және целекоксибтің қисық астындағы ауданының 134 % ұлғаюы белгіленді. Бұл әрекеттесу CYP 2C9 ферменті әсерінің бөгелуінен және осылайша, целекоксиб ыдырауының азаюынан белгіленді. Бұл препараттарды бірге қолданғанда целекоксиб дозасын 50 % төмендету қажет.

- Циклофосфамид: циклофосфамид пен флуконазолдың біріктірілген емі билирубин мен креатининнің қан сарысуындағы деңгейлерінің жоғарылауына әкеледі. Біріктірілім билирубин мен креатининнің қан сарысуындағы деңгейлерінің ұлғаюы пайда болғанға дейін қолданылуы мүмкін.

- Фентанил

Фентанил мен флуконазолдың ықтимал өзара әрекеттесуі бойынша бір фатальді жағдай тіркелген. Одан өзге, дені сау он екі еріктінің қатысуымен рандомизацияланған айқаспалы зерттеуде флуконазолдың фентанил элиминациясын едәуір баяулататыны көрсетілді. Фентанил концентрациясының жоғарылауы тыныс алудың бәсеңдетуін туындатуы мүмкін. Пациенттер тыныс алудың зор бәсеңдеу қаупіне байланысты мұқият қадағалануы тиіс. Фентанил дозасын түзету керек болуы мүмкін.

- ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері (CYP 2C9 немесе CYP 3A4 ферментінің субстраты) Флуконазолды CYP 3A4 ферментімен метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерімен (мыс.: симвастатин, аторвастатин) немесе CYP 2C9 ферментімен (флувастатин) бірге қолданғанда миопатия және рабдомиолиз қаупі ұлғаяды. Миопатия немесе қаңқа бұлшықетінің жедел некрозы (рабдомиолиз) белгілерін анықтау үшін науқастарды қадағалау және қан плазмасындағы креатинкиназа деңгейін тұрақты бақылау қажет. ГМГ-КоА-редуктаза тежегішімен емдеу курсын егер креатинкиназа деңгейі едәуір ұлғайса немесе миопатия немесе рабдомиолиз белгілері белгіленсе тоқтату керек.

- Такролимус және сиролимус (CYP 3A4 ферментінің субстраты) Такролимус пен флуконазолды бірге қолданғанда такролимустың қан плазмасындағы концентрациясның 5 есе ұлғаюы белгіленді. Нефроуыттылық та флуконазол мен такролимусты бірге қолданғанда байқалды. Пероральді тағайындалған такролимустың дозасы оның концентрациясына байланысты төмендетілуі тиіс. Флуконазол сиролимустың сарысулық концентрациясын оның метаболизмін CYP3A4 және P-гликопротеин арқылы тежей отырып ұлғайтуы болжамданады. Бұл біріктірілім сиролимус дозасын әсерге/ концентрацияны өлшеуге байланысты түзетумен қолданылуы мүмкін.

- Лозартан (CYP 2C9 ферментінің субстраты) Флуконазол лозартанның белсенді метаболитіне айналуын тежейді, ол ангиотензин II рецепторының антагонизміне үлкен дәрежеде жауап береді. Сондықтан осы препараттарды бірге қолданғанда науқасты қадағалау және артериялық қысымды тұрақты бақылау қажет.

- Метадон

Флуконазол метадонның сарысулық концентрациясын ұлғайтуы мүмкін. Метадон дозасын түзету керек болуы мүмкін.

- Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД)

Флурбипрофеннің флуконазолмен бір уақытта тағайындағандағы Cmax және AUC сәйкесінше 23% және 81% ұлғайды. Осылайша флуконазол рацемиялық ибупрофенмен (400 мг) бір уақытта тағайындалғанда фармакологиялық тұрғыдан белсенді изомердің Cmax және AUC [S-(+)-ибупрофен] сәйкесінше 15% және 82% ұлғайды.

Арнайы зерттеулер жүргізілмегенмен флуконазол CYP2C9 (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) қатысуымен метаболизденетін басқа ҚҚСД жүйелі әсерлерін ұлғайтуы мүмкін. ҚҚСД байланысты жағымсыз әсерлерді және уытты құбылыстарды мұқият мониторингілеу ұсынылады. ҚҚСД дозасын түзету талап етілуі мүмкін.

- Фенитоин (CYP 2C ферментінің субстраты) 200 мг флуконазол мен 250 мг фенитоинді бірге вена ішіне қайта енгізгенде фенитоин концентрация- уақыт қисық астындағы ауданы 75 %, ең жоғарғы концентрациясы 128 % жоғарылауы байқалды. Бұл препараттарды бірге қолдану қажет болғанда фенитоин деңгейін тұрақты бақылау керек және фенитоин дозасын фенитоинды артық дозалаудан аулақ болу үшін азайту керек.

- Преднизолон (CYP 3A4 ферментінің субстраты) Преднизолон қабылдайтын бір пациентте бүйрегін ауыстырғаннан кейін флуконазолмен үш айлық емдеу аяқталған кезде Аддисон ауруының кризисі белгіленді. Флуконазолды тоқтату CYP 3A4 ферменті белсенділігінің жоғарылауын туындатуы мүмкін. Флуконазолмен және преднизолонмен ұзақ мерзімді біріктірілген емдеу курсы жүргізілетін науқастарды флуконазолды тоқтатқан жағдайда бүйрекүсті безі қабығының жеткіліксіздік белгілерінің пайда болуын бақылау керек.

- Рифабутин (CYP 3A4 ферментінің субстраты)

Флуконазол мен рифабутинді бірге қолданғанда рифабутин концентрациясы 80 % ұлғаяды. Рифабутин мен флуконазолды бірге қабылдап жүрген науқастарда увеит байқалды, сондықтан бұл науқастарды қатаң бақылау қажет. Бірге қолданғанда рифабутиннің уыттылық симптомдарын ескеру керек.

- Саквинавир

СУРЗА4 ықпалы және Р-гликопротеиннің тежелуі арқылы Саквинавирдің бауырдағы метаболизмінің тежелуі салдарынан флуконазол саквинавирдің AUC шамамен 50%, саквинавир Cmax шамамен 55% жоғарылатады және оның клиренсін шамамен 50% төмендетеді. Саквинавир дозасын түзету керек болуы мүмкін.

- Теофиллин

Плацебо бақыланған біріккен әсерінің сынағында 14 күн бойы қолданылған тәулігіне 200 мг флуконазол теофиллин клиренсін 18 % төмендетті. Сондықтан, теофиллиннің үлкен дозаларын флуконазолмен бірге қолданғанда науқастарды мұқият бақылау қажет және теофиллинді артық дозалау немесе уыттылық белгілері пайда болғанда оның дозасын төмендету қажет.

- А витамині

Транс-ретиноидты қышқыл (А витаминінің қышқылдық формасы) және флуконазолмен бірге емделіп жатқан пациентте орын алған жағдай туралы бір есеп тіркелген. Пациентте мидың жалған ісігі түріндегі жағымсыз әсерлер дамыды, ол флуконазолды қабылдауды тоқтатқаннан кейін жоғалған. Препараттардың аталған біріктірілімін қолдануға болады, бірақ ОЖЖ байланысты жағымсыз әсерлердің туындау мүмкіндігін есте сақтау керек.

- Вориконазол (СУР2С9, СУР2С19 және СУРЗА4 тежегіші)

Вориконазол (1 күнде әрбір 12 сағатта 400 мг ішке, сосын 2,5 күн ішінде әрбір 12 сағатта 200 мг) мен флуконазолды (1 күнде 400 мг ішке, сосын 4 күн ішінде әрбір 24 сағатта 200 мг) дені сау 6 еркекте біріктіріп қабылдау вориконазолдың Cmax және AUC орташа есеппен сәйкесінше 57% (90% СА: 20%, 107%) және 79% (90% СА: 40%, 128%) жоғарылауына әкеледі. Дені сау 8 еркек кіргізілген келесі клиникалық зерттеуде вориконазол мен флуконазолды аз дозада/немесе аз жиілікпен қолдану аталған әсердің жойылуына немесе әлсіреуіне әкелмеді. Егер вориконазол флуконазолды қолданғаннан кейін қолданылса вориконазолға жағымсыз реакциялардың дамуына қатысты бақылау ұсынылады.

- Зидовудин Флуконазол пероральді қабылданған зидовудин клиренсінің шамамен 45% төмендеуі салдарынан зидовудиннің Cmax және AUC сәйкесінше 84% және 74% ұлғайтады. Зидовудиннің жартылай тіршілік кезеңі флуконазолмен біге тағайындағанда шамамен 128% ұлғаяды. Осылайша, мұндай біріктірілімді қабылдайтын пациенттер зидовудинге жағымсыз реакцияның дамуына қатысты қадағалануы тиіс. Зидовудин дозасын төмендету талап етілуі мүмкін.

- Азитромицин

Дені сау 18 еріктіге жүргізілген ашық рандомизацияланған үш жақты айқаспалы зерттеуде 800 мг дозада бір реттік қабылдау кезінде флуконазолдың фармакокинетикасына 1200 мг дозада ішке бір рет қабылдағанда азитромицин ықпалын бағалау, сондай-ақ флуконазолдың азитромицин фармакокинетикасына ықпалына бағалау жүргізілді. Елеулі фармакинетикалық өзара әрекеттесу флуконазол мен азитромицин арасында анықталмады.

Амиодарон: флуконазолды амиодаронмен бір уақытта қолдану амиодарон метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Амиодаронды қолдану QT аралығының ұзаруымен қатар жүрді. Флуконазолды амиодаронмен бір уақытта қолдануға болмайды.

Ивакафтор: муковисцидоз кезінде трансжарғақшалық өткізгіштіктің регуляторы генінің стимуляторы (CFTR) – ивакафтормен бір уақытта қабылдау ивакафтор әсерінің деңгейін 3 есе, гидроксиметил - ивакафтордың (M1) әсерін 1,9 есеге жоғарылатады. Ивакафтор дозасын тәулігіне бір рет 150 мг төмендету флуконазол және эритромицин сияқты CYP3A орташа тежегіштерін бір уақытта қабылдайтын пациенттерге ұсынылған.

- Пероральді контрацепциялық дәрілер Дені сау әйелдерді зерттегенде 50 мг флуконазол әсер етуші заттардың, пероральді біріктірілген, контрацепциялық дәрілердің деңгейіне ықпал етпеді. 200 мг флуконазол этинилэстрадиол мен левоноргестрелдің концентрация-уақыт қисық астындағы ауданын (AUC) сәйкесінше 40 және 24 % ұлғайтты. Осы зерттеулер негізінде флуконазолдың қайталама дозалары пероральді контрацепциялық дәрілердің әсеріне ықпал етпеді.

Фармакодинамикалық өзара әрекеттесу

QT аралығын ұзартатын препараттар: Жекелеген жағдайларда флуконазол QT аралығының ұзаруын туындатуы мүмкін екендігі белгіленді, осымен жүректің ауыр аритмиясын туындатты. Сондықтан флуконазолмен бірге QT аралығын ұзартатын препараттарды қабылдайтын науқастарға қатаң қадағалау қажет, өйткені аддитивті әсерді жоққа шығаруға болмайды.

Флуконазолдың сіңірілуіне тамақтану да, циметидин де, антацидтік дәрілер де және сүйек кемігін ауыстыру алдында пациенттің бүкіл денесін сәулелендіру де ықпал етпеді.

Жоғарыда аталған зерттеулерден қоспағанда басқа өзара әрекеттесу бойынша зерттеулер жүргізілмеді, бірақ емдеуші дәрігер ықтимал өзара әрекеттесу туралы ойлануы тиіс.

Айрықша нұсқаулар

Сирек жағдайларда Кандификсті қолдану бауырдың уытты өзгерулерімен, соның ішінде өліммен аяқталатын, негізінен қатарласқан аурулары бар науқастарда қатарласа жүрді. Кандификстің гепатоуытты әсері әдетте қайтымды болды, оның белгілері емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғалды. Кандификспен емдеу кезінде бауыр функциясының көрсеткіштері бұзылатын науқастарды, бауырдың зақымдану белгілерін анықтау мақсатында, бақылап отыру қажет. Кандификсті қолданумен байланысты болуы мүмкін бауырдың зақымдануының клиникалық белгілері немесе симптомдары пайда болған кезде, препаратты тоқтатқан жөн.

Кандификс сирек жағдайларда анафилаксиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.

Кандификспен емдеу кезінде науқастарда сирек жағдайларда эксфолиативті тері реакциялары, мысалы, Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз пайда болды. ЖИТС-ке шалдыққан науқастар көптеген препаратты қолданған кезде ауыр тері реакцияларының пайда болуына өте бейім болады. Емдеу кезінде науқаста Кандификсті қолданумен байланысты болатын беткейлік зеңдік бөртпе инфекциясы пайда болған кезде, препаратты тоқтатқан жөн. Инвазивтік/жүйелік зеңдік инфекциялары бар науқастарда бөртпе пайда болған жағдайда, оларды мұқият бақылаған және буллезді зақымдар немесе көп формалы эритема пайда болған кезде Кандификсті тоқтатқан жөн.

Кандификс ЭКГ-да QT аралығын ұзартуы мүмкін. Кандификсті қолданғанда QT аралығының артуы және қарыншалардың жыпылықтауы/дірілдеуі жүректің органикалық аурулары бар, электролиттер теңгерімі бұзылған және осындай бұзылулардың пайда болуына мүмкіндік беретін қатарласа жүргізілген ем сияқты көптеген қауіпті факторлары бар науқастарда өте сирек білінді. Сондықтан потенциалды проаритмиялық жағдайдағы мұндай пациенттерге Кандификсті қолданғанда сақ болу керек.

Бауыр, жүрек және бүйрек аурулары бар пациенттерге Кандификсті қолданар алдында дәрігерден кеңес алу керек.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Кандификс бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

Бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігі

Кетоконазол бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігін туындататыны белгілі және бұл флуконазолды қолданғанда да сирек болса да байқалуы мүмкін.

Кандификс капсулалары құрамында лактоза бар, сондықтан оларды галактозаның жақпаушылығы, лактоза жеткіліксіздігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы сияқты іштен туа болған сирек проблемалары бар науқастарға тағайындамаған жөн.

Жүктілік және лактация кезеңі

Флуконазолды әдеттегі дозаларда және қысқа курстарда қажеттілік болмаса жүктілік кезінде пайдаланбаған жөн. Флуконазолды жоғарғы дозаларда және/немесе ұзақ курстарда өмірге аса қауіпті инфекциялар болмаса жүктілік уақытында пайдаланбаған жөн.

Флуконазол қан сарысуына қарағанда емшек сүтіне аз концентрацияда өтеді. Емшекпен емізуді флуконазолдың стандартты 200 мг немесе одан төмен дозасын бір рет пайдаланғаннан кейін жалғастыруға болады (мысалы, қынаптық кандидоз). Емшек емізу көп рет пайдаланғаннан кейін немесе жоғары дозада қолданғаннан кейін ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Автомобильді басқарғанда немесе техниканы пайдаланғанда сақ болған жөн, өйткені бас айналу және құрысулар пайда болуы мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз әсерлердің күшеюі.

Емі: симптоматикалық: асқазанды шаю, қарқынды диурез. Гемодиализ 3 сағат ішінде плазмадағы концентрацияны шамамен 50%-ға төмендетеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 1 капсуладан.

1 пішінді қаптама медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшада.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

ARAFARMA GROUP S.A., Испания

Орналасқан мекенжайы:

С/Фрей Габриель де Сан Антонио 6-10

19180 Марчамало - Гвадалахара

Испания

Тіркеу куәлігінің иесі

ARAFARMA GROUP S.A., Испания

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың қауіпсіздігін тіркеуден кейінгі қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық пошта):

«EL company (ЕЛ компани ЖШС

Алматы қ-сы, Масаншы к-сі, 98а, 41 кеңсе

тел.(727)292-26-30 факс (727) 292-26-37

Прикрепленные файлы

449905651477976919_ru.doc 117.5 кб
560750141477978094_kz.doc 68.92 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники