Кандесартан-бене (16 мг)

МНН: Кандесартан
Производитель: Республиканское производственное унитарное предприятие "АКАДЕМФАРМ"
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Candesartan
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№023676
Информация о регистрации в РК: 30.05.2018 - 30.05.2023
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 113.15 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Кандесартан-бене

Халықаралық патенттелмеген атауы

Кандесартан

Дәрілік түрі

8 мг және 16 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында:

белсенді зат: кандесартан цилексетилі – 8 мг немесе 16 мг;

қосымша заттар: лактоза моногидраты, жүгері крахмалы, гидроксипропилцеллюлоза, натрий кроскармеллозасы, макрогол 8000, магний стеараты.

Сипаттамасы

8 мг доза: бір жақ беті жалпақ және басқа жақ беті дөңес, жалпақ жағында сызығы және кертігі бар, ақ түсті дөңгелек таблеткалар.

16 мг доза: екі жақ беті дөңес, ақ түсті дөңгелек таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Ренин-ангиотензин жүйесіне әсер ететін препараттар. Ангиотензин II антагонистері. Кандесартан.

АТХ коды C09CA06

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Кандесартан цилексетилі ізашар дәрі болып табылады. Ішке қабылдағаннан кейін ол белсенді зат – кандесартанға айналады. Кандесартан цилексетилі ерітіндісін ішке қабылдаған кезде кандесартанның абсолюттік биожетімділігі 40%-ға жуықты құрайды. Пероральді ерітіндісіне қарағанда, препараттың таблетка түрінің салыстырмалы биожетімділігі шамамен 34% құрайды. Сондықтан препараттың таблетка түрінің есепті абсолюттік биожетімділігі 14% құрайды. Қан сарысуында орташа ең жоғары концентрациясына (Сmax) таблетканы ішке қабылдағаннан кейін 3-4 сағаттан соң жетеді. Препарат дозасын емдік ауқым шегінде арттырғанда кандесартанның концентрациясы дозаға байланысты жоғарылайды. Кандесартанның фармакокинетикалық параметрлері пациенттің жынысына байланысты емес. Тамақ ішу «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданға (AUC) маңызды ықпалын тигізбейді, яғни тамақпен бір мезгілде қабылдау препараттың биожетімділігіне елеулі ықпалын тигізбейді.

Таралуы

Кандесартан қан плазмасы ақуыздарымен белсенді түрде (99%-дан көбірек) байланысады. Кандесартанның таралу көлемі 0,1 л/кг құрайды.

Метаболизмі

Кандесартан организмнен өзгермеген күйінде негізінен бүйрек арқылы және өтпен бірге шығарылады және аздаған дәрежеде ғана бауырда (CYP2C9) метаболизденеді. Кандесартан CYP2C9 және CYP3A4 изоферменттеріне ықпалын тигізбейді.

Шығарылуы

Кандесартанның жартылай шығарылу кезеңі шамамен 9 сағатты құрайды. Ұзақ қолданған жағдайда организмде жиналып қалуы байқалмайды.

Кандесартан үшін қан плазмасындағы жалпы клиренс 0,37 мл/мин/кг жуықты құрайды, мұндайда бүйректік клиренс – 0,19 мл/мин/кг жуық.

Кандесартанның бүйректік экскрециясы шумақтық сүзілу және белсенді өзекшелік секреция арқылы жүзеге асырылады. 14C изотопымен таңбаланған кандесартан цилексетилін ішке қабылдаған кезде, қабылданған дозаның 26%-ға жуығы несеппен бірге кандесартан түрінде және 7%-ы белсенді емес метаболит түрінде шығарылады, мұндайда қабылданған дозаның 56%-ы нәжістерден кандесартан түрінде және 10%-ы белсенді емес метаболит түрінде табылады.

Пациенттердің жекелеген топтарындағы фармакокинетикасы

Егде жастағы пациенттер

Жас пациенттермен салыстырғанда, 65 жастан асқан пациенттерде кандесартанның Cmax және AUC мәндері, сәйкесінше, 50%-ға және 80%-ға артады. Алайда препаратты қолданған кездегі гипотензиялық әсері және жағымсыз әсерлерінің туындау жиілігі пациенттердің жасына байланысты емес.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Бүйректің жеңіл және орташа бұзылулары бар пациенттерде көп реттік тағайындаудан кейін кандесартанның Cmax және AUC мәндері, сәйкесінше, 50%-ға және 70%-ға артты, ал препараттың жартылай шығарылу кезеңі бүйрек функциясы қалыпты науқастармен салыстырғанда өзгермейді. Бүйрек функциясының бұзылуы ауыр болатын пациенттерде кандесартанның Cmax және AUC мәндері, сәйкесінше, 50%-ға және 110%-ға артты, ал препараттың ақырғы жартылай шығарылу кезеңі 2 есеге артты. Гемодиализде жүрген пациенттердегі фармакокинетикасы бүйрек функциясы ауыр бұзылған пациенттердегі осындайға ұқсас болды.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Бауыр функциясының жеңіл және орташа бұзылулары бар пациенттерде кандесартанның AUC мәнінің 20-80%-ға жоғарылағаны білінді. Бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде дәрілік затты клиникалық қолдану тәжірибесі жоқ.

18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Бірдей дозаларды қабылдаған кезде 6 жастан асқан балаларда және ересектерде кандесартанның экспозициясы ұқсас болды.

Фармакодинамикасы

Ангиотензин II – ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) негізгі гормоны, ол артериялық гипертензия, жүрек функциясы жеткіліксіздігінің және басқа да жүрек-қантамырлар ауруларының патогенезінде маңызды рөл атқарады. Ангиотензин IІ-нің негізгі физиологиялық әсерлері вазоконстрикция, альдостерон өндірілудің стимуляциясы, су-электролиттік гомеостаздың реттелуі және жасушалық өсудің стимуляциясы болып табылады. Барлық осы әсерлер ангиотензин II-нің 1 типті ангиотензин рецепторларының (АТ1 рецепторлары) өзара әрекеттесуі арқылы болады.

Кандесартан ангиотензин II рецепторларының селективті блокаторы (АРБ II) болып табылады. Кандесартан ангиотензин I-нің ангиотензин II-ге айналуын жүзеге асыратын және брадикининді бұзатын ангиотензинөзгертетін ферментті (АӨФ) тежемейді; АӨФ-ке ықпалын тигізбейді және брадикининнің немесе Р субстанцияның жиналып қалуына әкелмейді. Кандесартанды АӨФ тежегіштерімен салыстырғанда, жөтелдің дамуы кандесартан цилексетилін қабылдаған пациенттерде сирек кездесті. Кандесартан басқа гормондардың рецепторларымен байланыспайды және жүрек-қантамыр жүйесінің функциясын реттеуге қатысатын ион өзекшелерін бөгемейді. Ангиотензин II AT1 рецепторларын бөгеу нәтижесінде ренин, ангиотензин I, ангиотензин II деңгейлерінің дозаға байланысты жоғарылауы және қан плазмасындағы альдостерон концентрациясының төмендеуі орын алады.

Артериялық гипертензияда кандесартан артериялық қысымның (АҚ) дозаға байланысты ұзаққа төмендеуін туындатады. Препараттың гипертензияға қарсы әсері жүректің жиырылу жиілігін өзгертпей-ақ, қантамырлардың жалпы шеткері кедергісінің төмендеуімен жүзеге асады. Препараттың алғашқы дозасын қабылдағаннан кейін айқын артериялық гипотензия жағдайлары, сондай-ақ емдеуді тоқтатқаннан кейін тоқтату синдромы («рикошет» синдромы) байқалған жоқ.

Кандесартан цилексетилінің алғашқы дозасын қабылдағаннан кейін гипотензиялық әсерінің басталуы әдетте 2 сағат ішінде дамиды. Препаратпен белгіленген дозада емдеуді жалғастыру аясында АҚ ең жоғары төмендеуіне әдетте 4 апта ішінде қол жеткізіледі және емдеу кезеңі бойы сақталады. Тәулігіне 1 рет тағайындалатын Кандесартан цилексетилі препараттың кезекті дозасын қабылдау арасындағы аралықтарда АҚ аздап ауытқуымен 24 сағат ішінде АҚ-ның тиімді және бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етеді. Кандесартан цилексетилін гидрохлоротиазидпен бірге қолдану гипотензиялық әсердің күшеюіне әкеледі. Кандесартан цилексетилін және амлодипинді немесе фелодипинді бірге қолдану гипертензияға қарсы әсердің жоғарылауына әкеледі.

Кандесартан цилексетилі бүйректік қан ағынын арттырады және/немесе шумақтық сүзілу жылдамдығына әсерін тигізбейді, ал бүйректік қантамырлық кернеу және сүзілу фракциясы ретінде төмендейді. Кандесартан цилексетилін 8-16 мг дозада 12 апта бойы қабылдау артериялық гипертензиясы және 2 типті қант диабеті бар пациенттерде глюкоза деңгейіне және липидтік бейініне жағымсыз ықпалын тигізбейді.

Жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар және сол жақ қарыншаның систолалық функциясы төмендеген (сол жақ қарыншадан лықсу фракциясы ≤40%) пациенттерде кандесартанды қабылдау жалпы шеткері қантамырлық кернеудің және өкпедегі капиллярлық қысымның төмендеуіне, ренин белсенділігінің және қан плазмасындағы ангиотензин II концентрациясының жоғарылауына, сондай-ақ альдостерон деңгейінің төмендеуіне мүмкіндік береді.

Қолданылуы

Ересектерде артериялық гипертензияны емдеу үшін.

6-дан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде гипертензияны емдеу үшін.

Жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар және сол жақ қарыншаның систолалық функциясы бұзылған (сол жақ қарыншадан лықсу фракциясының төмендеуі ≤40%) ересек пациенттерді емдеуде, АӨФ тежегіштері жақпағанда, ангиотензин-өзгертетін фермент (АӨФ) тежегішіне қосымша ем ретінде

Қолдану тәсілі және дозалары

Таблетканы шайнамай және қайнаған салқын судың жеткілікті мөлшерімен ішіп, тамақ ішуге қарамай, тәулігіне бір рет ішке қабылдаған жөн.

Артериялық гипертензия

Кандесартан-бене дәрілік препаратының ұсынылатын бастапқы және демеуші дозасы тәулігіне бір рет 8 мг құрайды. Доза тәулігіне бір рет 16 мг дейін арттырылуы мүмкін. Препаратты тәулігіне 16 мг дозада 4 апта қабылдағаннан кейін АҚ жеткілікті төмендетуге қол жеткізе алмаған пациенттерде дозаны тәулігіне бір рет 32 мг дейін арттыру ұсынылады. Егер Кандесартан-бене препаратымен емдеу АҚ-ның оңтайлы деңгейге дейін төмендеуіне әкеле алмаған жағдайда, емдеу сызбасын өзгерту ұсынылады.

Емдеу АҚ деңгейіне сәйкес түзетілуі тиіс. Ең жоғары гипертензияға қарсы әсерге емдеуді бастағаннан бастап 4 апта ішінде қол жеткізіледі. Гипотензиялық әсерін күшейту үшін препаратты басқа гипертензияға қарсы дәрілермен, мысалы, гидрохлоротиазидпен біріктіруге болады.

Егде жастағы пациенттер

Егде жастағы пациенттерде препараттың бастапқы дозасын түзету қажеттілігі жоқ.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Гемодиализде жүрген пациенттерді қоса, бүйрек функциясы жеңіл немесе орташа дәрежеде бұзылған пациенттерде бастапқы тәуліктік доза 4 мг құрайды.

Бүйрек функцияның бұзылуы өте ауыр немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігі терминальді сатыдағы (креатинин клиренсі <15 мл/мин) пациенттерде препаратты қолдану тәжірибесі шектеулі.

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар (шумақтың сүзілу жылдамдығы (ШСЖ) <60 мл/мин/1,73 м2) пациенттерде Кандесартан-бене дәрілік препаратын алискиренмен бір мезгілде қолдануға болмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Бауыр функциясының ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі бұзылулары бар пациенттерде препараттың бастапқы тәуліктік дозасы 4 мг құрайды. Препарат дозасын жауап реакциясына қарай түзеткен жөн. Бауыр функциясының бұзылуы ауыр және/немесе холестазы бар пациенттерде препаратты қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі.

Гиповолемиясы бар пациенттер

Сұйықтықтың қантамырішілік көлемі тапшы пациенттерде Кандесартан-бене препаратының ұсынылатын бастапқы дозасы тәулігіне бір рет 4 мг құрайды.

Қара нәсілді пациенттер

Кандесартанның гипретензияға қарсы әсері қара нәсілді өкілдерінде, басқа нәсілді пациенттерге қарағанда, азырақ білінеді. Демек, қара нәсілді пациенттерде қанның артериялық қысымын бақылау үшін, шығу тегі басқа этникалық пациенттерге қарағанда, Кандесартан-бене препаратының дозасын арттыру және қатар қолданылатын препараттарды қабылдау қажеттілігі жиі туындауы мүмкін.

6-дан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Кандесартан-бене дәрілік препаратының ұсынылатын бастапқы дозасы тәулігіне бір рет 4 мг құрайды. Дене салмағы <50 кг пациенттерде емдеу тиімсіз болған кезде доза тәулігіне 1 рет 8 мг-ге дейін артуы мүмкін. Дене салмағы ≥50 кг пациенттерде емдеу тиімсіз болғанда доза тәулігіне бір рет 8 мг дейін, қажет болғанда тәулігіне 1 рет 16 мг дейін арттырылуы мүмкін.

Педиатриялық пациенттерде дәрілік препараттың өте жоғары дозаларын қолдану зерттелген жоқ.

Ең жоғары гипертензияға қарсы әсерге емдеу басталғаннан бастап 4 апта ішінде қол жетеді.

Сұйықтықтың қантамырішілік көлемі тапшы болуы мүмкін балалар мен жасөспірімдерде (мысалы, әсіресе бүйрек функциясы бұзылған паиенттерде диуретиктерді қабылдаған кезде) Кандесартан-бене препаратымен емдеуді дәрігерлік мұқият бақылаумен бастаған жөн, сондай-ақ жалпы ұсынылған бастапқы дозаға қарағанда, өте төмен бастапқы дозада тағайындау жөніндегі мәселені қарастыру керек.

Кандесартанды ШСЖ <30 мл/мин/1,73 м2 балалар мен жасөспірімдерде қолдану зерттелген жоқ.

Кандесартанның гипертензияға қарсы әсері қара нәсілді балалар мен жасөспірімдерде, басқа нәсіл өкілдеріне қарағанда, азырақ білінеді.

Препаратты қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі 6 жасқа дейінгі балаларда анықталған жоқ.

Жүрек функциясының жеткіліксіздігі

Кандесартан-бене препаратының ұсынылатын бастапқы дозасы тәулігіне бір рет 4 мг құрайды. Тәулігіне бір рет 32 мг мақсаттық дозаға немесе жағымды ең жоғары дозаға жеткізу үшін біртіндеп арттыруды кем дегенде 2 апта аралықпен дозаны екі еселеу жолымен жүзеге асырады. Жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттердің жағдайына баға беру бүйрек функциясына баға беруді және қан сарысуында калий мен крестинин деңгейін бақылауды қамтуы тиіс. Кандесартан-бене АӨФ тежегіштерін, бета-адреноблокаторларды, диуретиктерді және жүрек гликозидтерін қоса, жүрек функциясының жеткіліксіздігін емдеуге арналған басқа препараттармен бірге тағайындалуы тиіс. АӨФ тежегіштерінің, калий жинақтайтын диуретиктердің (мысалы, спиронолактонның) және кандесартанның біріктірілімі ұсынылмайды және зор пайдасына және қаупіне мұқият баға бергеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.

Пациенттердің ерекше топтары

Егде жастағы пациенттерде және гиповолемиясы, бүйрек функциясының бұзылуы немесе бауыр функциясының ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі бұзылуы бар пациенттерде препараттың бастапқы дозасын түзету қажет емес.

Балалар мен жасөспірімдерге қолданылуы

Жүрек функциясының жеткіліксіздігін емдегенде баладарда және жасөспірімдерде (18 жасқа дейін) кандесартанды қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ.

Жағымсыз әсерлері

Жағымсыз әсерлерінің туындау жиілігі: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100, бірақ <1/10), жиі емес (≥1/1000, бірақ <1/100), сирек (≥1/10000, бірақ <1/1000), өте сирек (<1/10000).

Ықтимал жағымсыз әсерлер клиникалық зерттеу және постмаркетингтік қолдану тәжірибесі негізінде берілген.

Артериялық гипертензияны емдеу

Ересек пациенттер

Инфекциялық және паразиттік аурулар: жиі – респираторлық инфекциялар.

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар: өте сирек – лейкопения, нейтропения және агранулоцитоз.

Зат алмасу және тамақтану тарапынан бұзылулар: өте сирек – гиперкалиемия, гипонатриемия.

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: жиі – бас айналу/вертиго, бас ауыру.

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысының ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар: өте сирек – жөтел.

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: өте сирек – жүректің айнуы.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар: өте сирек – бауыр ферменттері белсенділігінің жоғарылауы, бауыр функциясының бұзылуы немесе гепатит.

Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылулар: өте сирек – ангионевроздық ісіну, бөртпе, есекжем, терінің қышынуы.

Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тіні тарапынан бұзылулар: өте сирек – арқаның ауыруы, артралгия, миалгия.

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар: өте сирек – бейім пациенттерде бүйрек функциясының жеткіліксіздігі қоса, бүйрек функциясының бұзылуы.

Зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижелеріне ықпалы: жалпы алғанда, кандесартанды қолданған кезде стандартты зертханалық көрсеткіштердің клиникалық тұрғыдан маңызды өзгерулері білінген жоқ. Басқа да РААЖ тежегіштерін қолданған кездегі сияқты, гемоглобин деңгейінің аздап төмендегені байқалды. Кандесартан-бене препаратын қолданған кезде әдетте зертханалық көрсеткіштерді ұдайы бақылау қажет емес. Алайда бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде қан сарысуындағы калий және креатинин деңгейін мезгіл-мезгіл бақылау ұсынылады.

6-дан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Балалар мен жасөспірімдерде жағымсыз әсерлердің жиілігі ағзалар жүйесінің барлық дерлік класында жиі/жиі емес ауқымында болады. Жағымсыз әсерлердің табиғаты және ауырлығы ересек пациенттердегі осындайларға ұқсас, алайда олардың жиілігі педиатриялық пациенттерде жоғары:

- бас ауыру, бас айналу және жоғары тыныс алу жолдарының инфекциялары балалар мен жасөспірімдерде өте жиі және ересек пациенттерде жиі кездеседі;

- жөтел – педиатриялық пациенттерде өте жиі және ересектерде өте сирек;

- бөртпе – балалар мен жасөспірімдерде жиі және ересек пациенттерде өте сирек;

- гиперкалиемия, гипонатриемия және бауыр функциясының бұзылуы – балалар мен жасөспірімдерде жиі емес, ересектерде өте сирек;

- синустық аритмия, назофарингит, пирексия жиі кездеседі, ал ауыз-жұтқыншақтың ауыруы – педиатриялық пациенттерде өте жиі, бірақ осы жағымсыз әсерлердің біреуі де ересек пациенттерде мәлімделген жоқ. Осымен бірге бұл аурулар уақытша сипатқа ие және балалар мен жасөспірімдерде кең таралған.

Педиатриялық пациенттердегі кандесартан цилексетилі қауіпсіздігінің жалпы бейінінің ересектердегі қауіпсіздік бейінінен елеулі айырмашылықтары жоқ.

Жүрек функциясының жеткіліксіздігін емдеу

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар: өте сирек – лейкопения, нейтропения және агранулоцитоз.

Зат алмасу және тамақтану тарапынан бұзылулар: жиі – гиперкалиемия; өте сирек – гипонатриемия.

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: өте сирек – бас айналу, бас ауыру.

Қантамырлар тарапынан бұзылулар: жиі – гипотензия.

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысының ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар: өте сирек – жөтел.

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: өте сирек – жүректің айнуы.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар: өте сирек – бауыр ферменттері белсенділігінің жоғарылауы, бауыр функциясының бұзылуы немесе гепатит.

Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылулар: өте сирек – ангионевроздық ісіну, бөртпе, есекжем, терінің қышынуы.

Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тіні тарапынан бұзылулар: өте сирек – арқаның ауыруы, артралгия, миалгия.

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар: өте сирек – бейім пациенттерде бүйрек функциясының жеткіліксіздігі қоса, бүйрек функциясының бұзылуы.

Зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижелеріне ықпалы: гиперкалиемия және бүйрек функциясының бұзылуы кандесартан қабылдап жүрген, бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттерде жиі байқалады. Мұндай пациенттерде қан сарысуындағы креатинин және калий концентрациясын бақылау ұсынылады.

Нұсқаулықта көрсетілген кез келген жағымсыз әсерлер өршігенде немесе нұсқаулықта көрсетілмеген басқа да жағымсыз әсерлер пайда болғанда, мұны емдеуші дәрігерге мәлімдеу қажет.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- кандесартан цилексетиліне немесе препараттың басқа да компоненттеріне жоғары сезімталдық;

- бауыр функциясының ауыр бұзылулары және/немесе холестаз;

- жүктілік, емшек емізу;

- қант диабеті немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар (ШСЖ <60 мл/мин/1,73 м2) пациенттерде, Кандесартан-бене препаратын қоса, АРБ ІІ немесе АӨФ тежегіштерін алискиренмен бір мезгілде қолдану;

- 6 жасқа дейінгі балалар (6 жасқа дейінгі балаларда қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ);

- тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Кандесартанның гидрохлортиазид, варфарин, дигоксин, пероральді контрацептивтер (этинилэстрадиол/ левоноргестрел), глибенкламид, нифедипин және эналаприл сияқты дәрілік заттармен клиникалық тұрғыдан маңызды дәрілік өзара әрекеттесулері байқалған жоқ.

Калий жинақтайтын диуретиктер, калий препараттары, құрамында калий бар тұз алмастырғыштар, және калий деңгейін арттыруға қабілетті басқа да препараттар

Калий жинақтайтын диуретиктермен, калий препараттарымен, құрамында калий бар тұз алмастырғыштармен, және қан сарысуында калий деңгейін арттыруы мүмкін басқа да дәрілермен (мысалы, гепарин) бірге қолдану гиперкалиемияның дамуына әкелуі мүмкін. Қан сарысуында калий деңгейіне ықпал етуге қабілетті дәрілік заттарды Кандесартан-бене препаратымен бірге қолдану қажет болғанда қан сарысуындағы калий деңгейін бақылау ұсынылады.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің қосарлы блокадасы

Қолда бар деректер негізінде, АӨФ тежегіштерін, АРБ II (кандесартан) немесе алискирен қолданылатын РААЖ қосарлы блокадасы кез келген пациентке, әсіресе диабеттік нефропатиясы бар пациенттерге ұсынылуы мүмкін емес.

Қант диабеті немесе бүйрек функциясының орташа/ауыр жеткіліксіздігі бар (ШСЖ <60 мл/мин/1,73 м2) пациенттерде алискиренді АӨФ тежегіштерімен немесе АРБ II (кандесартан) бір мезгілде қолдануға болмайды.

Жекелеген жағдайларда АӨФ тежегіштерін және АРБ II (кандесартан) бірге қолдану абсолютті түрде көрсетілсе, маманның қадағалауы және бүйрек функциясына, су-электролиттік теңгерімге, артериялық қысымға міндетті түрде мониторинг жүргізу қажет.

Литий

Литий препараттарын АӨФ тежегіштерімен бір мезгілде тағайындағанда қан сарысуында литий концентрациясының қайтымды жоғарылағаны және уытты әсерлердің пайда болғаны жөнінде мәлімделді. Литий препараттарын кандесартанмен бірге тағайындау тәжірибесі жоқ болғандықтан, оларды бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды. Егер осы препараттарды бір мезгілде қабылдау қажет болса, қан сарысуындағы литий концентрациясына мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД), соның ішінде циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) селективті тежегіштері, ацетилсалицил қышқылы (тәулігіне 3 г-ден көбірек) және басқа да селективті емес ҚҚСД

АРБ II және ҚҚСД бірге қолданғанда гипертензияға қарсы әсерінің бәсеңдегені білінуі мүмкін.

АӨФ тежегіштерін қолданған кездегідей, АРБ II және ҚҚСД бірге қолдану, әсіресе бүйрек функциясы төмендеген пациенттерде, бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігін, қан сарысуындағы калий концентрациясының жоғарылауын қоса, бүйрек функциясының бұзылу қаупін арттыруы мүмкін. Осы препараттарды бірге қолданғанда, әсіресе егде жастағы пациенттерде сақтық танытқан жөн. Пациенттерде сұйықтықтың жоғалуынының орнын толтыру және біріктірілген емді бастаған кезде және осындай ем аясында мезгіл-мезгіл бүйрек функциясын мұқият бақылау қажет.

Педиатриялық пациенттер

Дәрілермен өзара әрекеттесуін зерттеуге қатысты зерттеулер тек ересек пациенттердің қатысуымен ғана жүргізілді.

Емдеуші дәрігер пациент қабылдап жүрген барлық дәрілер туралы хабардар болуы тиіс. Кандесартан-бене препаратымен емделу кезінде қандай да болсын дәрілік затты қабылдар алдында емдеуші дәрігерден кеңес алу қажет.

Айрықша нұсқаулар

Бүйрек функциясының бұзылуы

РААЖ басатын басқа дәрілерді қолданған кездегі сияқты, Кандесартан-бене препаратымен емдеу аясында осыған бейім пациенттерде бүйрек функциясы бұзылуы мүмкін.

Кандесартан-бене препаратын артериялық гипертензиядан және бүйрек функциясының бұзылуынан зардап шегіп жүрген пациенттерде қан сарысуындағы калий және креатинин концентрациясына мезгіл-мезгіл бақылау жүргізу ұсынылады. Бүйрек функциясының өте ауыр бұзылулары бар немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігі терминальді сатыдағы (креатинин клиренсі <15 мл/мин) пациенттерде препаратты қолдану тәжірибесі шектеулі. Пациенттердің осы санатында Кандесартан-бене препаратының дозасын АҚ үнемі бақылау аясында сақтықпен арттыру керек.

Жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде, әсіресе 75 жастағы және одан үлкен пациенттерде, сондай-ақ бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде бүйрек функциясын мезгіл-мезгіл бақылап отыру қажет. Препарат дозасын арттырған кезде қан сарысуындағы калий және креатинин концентрациясын да бақылау ұсынылады. Жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігінен зардап шегіп жүрген пациенттердің қатысуымен жүргізілген клиникалық зерттеулерде қан сарысуындағы креатинин концентрациясы >265 мкмоль/л (> 3 мг/дл) болған адамдар қатыстырылған жоқ.

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар (ШСЖ <60 мл/мин/1,73 м2) пациенттерде Кандесартан-бене дәрілік затын алискиренмен бір мезгілде қолдануға болмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімдерін қараңыз).

Бүйрек функциясы бұзылған балаларды қоса, педиатриялық пациенттерде қолданылуы

ШСЖ <30 мл/мин/1,73 м2 балалар мен жасөспірімдерде кандесартанды қолдану зерттелген жоқ («Қолдану тәсілі және дозлары» бөлімін қараңыз).

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің қосарлы блокадасы

РААЖ қосарлы блокадасы, монотерапиямен салыстырғанда, гипотонияның, гиперкалиемияның және бүйрек функциясы бұзылуларының (бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігін қоса) даму қаупінің жоғарылауымен астасады. АӨФ тежегіштерін, АРБ II (кандесартан) немесе алискиренді қолданылатын РААЖ қосарлы блокадасы кез келген пациентке, әсресе диабеттік нефропатиясы бар пациентке ұсынылуы мүмкін емес.

Жекелеген жағдайларда АӨФ тежегіштерін және АРБ II (кандесартан) бірге қолдану абсолютті түрде көрсетілсе, маманның қадағалауы және бүйрек функциясына, су-электролиттік теңгерімге, артериялық қысымға міндетті түрде мониторинг жүргізу қажет. Бұл жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттерде АӨФ тежегішіне қосымша ем ретінде кандесартанды немесе валсартанды тағайындауға қатысты. РААЖ қосарлы блокадасын маманның қадағалауы және бүйрек функциясына, су-электролиттік теңгерімге, артериялық қысымға міндетті түрде мониторинг жүргізу арқылы жүргізу, басқа да адекватты ем жүргізуге қарамастан, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігінің персистерленуі байқалатын, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттерде альдостерон антагонистері (спиронолактон) жақпағанда болуы мүмкін.

Гемодиализ

Гемодиализ жүргізген кезде қан плазмасы көлемінің және РААЖ белсенділенуінің төмендеуі нәтижесінде ангиотензин антагонистерінің АҚ-ға ықпал ету қабілеті едәуір артуы мүмкін. Сондықтан гемодиализде жүрген пациенттерде препарат дозасын АҚ ұдайы қадағалау аясында абайлап арттыру керек.

Бүйрек артериясының стенозы

РААЖ-ге, соның ішінде АРБ II әсер ететін дәрілік заттар бүйрек артериясының екі жақты стенозы немесе жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде қан сарысуындағы мочевина және креатинин концентрациясының жоғарылауын туындатуы мүмкін.

Бүйрек трансплантациясы

Бүйрегі жақын арада ауыстырып салынған пациенттерде препаратты қолдану тәжірибесі жоқ.

Артериялық гипотензия

Жүрек функциясының жеткіліксіздігінен зардап шегіп жүрген пациенттерде препаратпен емдеу аясында артериялық гипотензия дамуы мүмкін. Сондай-ақ АГ бар және қантамырішілік сұйықтық көлемі тапшы пациенттерде, мысалы, диуретиктердің жоғары дозаларын қабылдап жүрген пациенттерде артериялық гипотензия дамуы мүмкін. Мұндай пациенттерде емнің бас кезінде сақтық танытқан және, қажет болса, гиповолемияға түзету жүргізген жөн.

Анестезия және хирургиялық араласым

Жалпы анестезия жүргізу кезінде және хирургиялық араласымдарда АРБ II қабылдап жүрген пациенттерде ренин-ангиотензин жүйесінің блокадасы салдарынан артериялық гипотензия дамуы мүмкін. Өте сирек жағдайларда сұйықтықты және/немесе қантамырларды тарылтатын дәрілерді вена ішіне енгізуді қажет ететін ауыр артериялық гипотензия жағдайлары білінуі мүмкін.

Аортальді және митральді клапан стенозы (обструктивті гипертрофиялық кардиомиопатия)

Басқа вазодилататорларды қолданған жағдайдағы сияқты, аортальді немесе митральді клапанның гемодинамикалық тұрғыдан маңызды стенозы немесе обструктивті гипертрофиялық кардиомиопатиясы бар пациенттерде аса сақтық танытқан жөн.

Алғашқы гиперальдостеронизм

Алғашқы гиперальдостеронизмен пациенттер әдетте РААЖ ықпалын тигізетін гипертензияға қарсы препараттармен емдеуге резистентті. Сондықтан мұндай пациенттерге кандесартанды тағайындау ұсынылмайды.

Гиперкалиемия

Кандесартан-бене препаратын және калий жинақтайтын диуретиктерді, калий препараттарын, құрамында калий бар тұз алмастырғыштарды және қан сарысуындағы калий деңгейін арттыруға қабілетті басқа заттарды (мысалы, гепаринді) бір мезгілде қолдану гиперкалиемияның дамуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайларда қан сарысуындағы калий деңгейін бақылау қажет.

Жүрек функциясының жеткіліксіздігінен зардап шегіп жүрген пациенттерде Кандесартан-бене препаратымен емдеу аясында гиперкалиемия дамуы мүмкін. Қан сарысуындағы калий деңгейіне мезгіл-мезгіл бақылау жасау ұсынылады. АӨФ тежегіштерінің, калий жинақтайтын диуретиктердің (мысалы, спиронолактон) және кандесартанның біріктірілімі ұсынылмайды және потенциалды пайдасы мен ықтимал қаупіне мұқият баға берілгеннен кейін ғана тағайындалуы мүмкін.

Жалпы нұсқаулар

Қантамырлар тонусы және бүйрек функциясы көбіне РААЖ белсенділігіне тәуелді пациенттерде (мысалы, жүрек функциясының ауыр іркілген жеткіліксіздігі немесе, бүйрек артерияларының стенозын қоса, қатар жүретін бүйрек аурулары бар пациенттер) осы жүйеге әсер ететін басқа препараттарды қолданып емдеу жедел артериялық гипотензиямен, азотемиямен, олигуриямен және сирек – бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігімен қатар жүрді. Аталған әсерлердің даму ықтималдылығын АРБ ІІ пайдаланған кезде де жоққа шығаруға болмайды. Кез келген басқа гипертензияға қарсы дәрілерді қолданған кездегі сияқты жүректің ишемиялық ауруы немесе генезі атеросклероздан болатын цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерде АҚ күрт төмендеуі миокард инфарктісіне немесе инсультке әкелуі мүмкін.

Қосымша заттары жөнінде арнайы ақпарат

Кандесартан-бене препаратының құрамында лактоза бар, сондықтан оны лактаза тапшылығы, галактоземиясы немесе глюкоза-галактоза сіңуінің бұзылу синдромы бар пациенттерге тағайындау ұсынылмайды.

Жүктілік және лактация кезеңінде қолданылуы

АРБ II қолдану жүктіліктің алғашқы триместрінде ұсынылмайды және жүктіліктің екінші және үшінші триместрлерінде қолдануға болмайды.

Эпидемиологиялық деректер жүктіліктің алғашқы триместрінде АӨФ тежегіштерін қолданған кезде тератогендік әсер ету қаупінің жоғарылығын көрсетті. Осындай қауіп АРБ II (соның ішінде Кандесартан-бене препаратын) қабылдаған кезде де болуы мүмкін.

АРБ II (соның ішінде Кандесартан-бене препаратымен) емдеуді жүктілік кезінде бастауға болмайды. Кандесартанды басқа альтернативті емге алмастыру мүмкін емес жағдайларды қоспағанда, жүкті болғысы келіп жүрген пациенттер, жүкті әйелдер үшін қауіпсіздік бейіні жақсы зерттелген дәрілік заттармен гипертензияға қарсы емге ауыстырылуы тиіс.

Жүктілік басталған кезде АРБ II (соның ішінде Кандесартан-бене препаратын) қабылдау дереу тоқтатылуы керек. Қажет болған жағдайда басқа гипертензияға қарсы ем тағайындалуы тиіс.

Жүктіліктің екінші және үшінші триместрлерінде АРБ II қабылдау фетоуыттылықты (бүйрек функциясының нашарлауы, қағанақ суының аздығы, бас сүйектің сүйектенуінің кідіруі) және неонатальді уыттылықты (бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, артериялық гипотензия, гиперкалиемия) туындатады.

Егер әйел жүктіліктің екінші триместрінде АРБ II қабылдаса, шарананың бүйрек функциясына және бас сүйегіне УДЗ жүргізу қажет. Аналары АРБ II қабылдаған жаңа туған нәрестелер ықтимал артериялық гипотензияға байланысты, мұқият дәрігерлік бақылауда болуы тиіс.

Кандесартанның емшек сүтіне өтетін-өтпейтіндігі қазіргі таңда белгісіз, сондықтан емшек емізу кезінде Кандесартан-бене препаратымен емдеу ұсынылмайды. Пациентті емшек емізгенде, әсіресе нәресте жаңа туған немесе шала туылған болса, қауіпсіздік бейіні жақсы зерттелген дәрілік заттармен альтернативті емге ауыстырған жөн.

Қосымша заттары жөнінде ақпарат

Құрамында қосымша зат ретінде лактоза моногидраты бар болғандықтан, қант диабеті бар пациенттерге абайлап тағайындау керек. Көлік құралын немесе потенцилды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктер

Автокөлікті басқару және механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне Кандесартан-бене препаратының ықпалына баға беруге қатысты зерттеулер жүргізілген жоқ. Көлік құралдарын басқарғанда немесе механизмдермен жұмыс жасағанда бас айналудың немесе әлсіздіктің туындауы мүмкін екендігін ескерген жөн.

Емделу кезеңінде пациенттер автокөлікті басқарғанда және зейін қоюды және психомоторлы реакциялардың жыдамдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерімен айналысқанда сақтық танытуы қажет.

Артық дозалануы

Симптомдары: артық дозаланған кезде симптоматикалық гипотензия және бас айналу болуы мүмкін. Артық дозалану жөніндегі жекелеген мәлімдемелерде пациенттердің сауығуы асқынусыз жүрген.

Емі: симптоматикалық гипотензия туындаған кезде симптоматикалық ем жүргізу және өмірлік маңызды ағзалардың негізгі көрсеткіштерін бақылау қажет. Пациентті аяқтарын көтеріңкіреп, шалқасынан жатқызған жөн. Егер бұл жеткіліксіз болса, айналымдағы плазма көлемін, мысалы, натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісімен инфузия жасау арқылы арттыру керек. Егер жоғарыда аталған шаралар тиімсіз болса, симпатомиметикалық дәрілік заттарды тағайындауға болады. Кандесартан организмнен гемодиализдің жәрдемімен шығарылмайды.

Дәрілік препаратты дәрігердің жазып бергенінен көбірек қабылдаған жағдайда пациент дер кезінде медициналық жәрдем алу үшін мамандарға дереу қаралғаны жөн.

Шығарылу түрі және қаптамасы

8 мг таблеткалар.

Пішінді ұяшықты қаптамада 30 таблеткадан. Пішінді ұяшықты бір қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

16 мг таблеткалар.

Пішінді ұяшықты қаптамада 25 таблеткадан. 25 таблеткалық пішінді ұяшықты бір қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттапы

Ылғалдан және жарықтан қорғалған жерде, 25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Жарамдылық мерзімі

2 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы.

Өндіруші/Қаптаушы

«АКАДЕМФАРМ» мемлекеттік кәсіпорны,

Беларусь Республикасы, Минск қ., 220141,

Академик В.Ф. Купревич к-сі, үй 5, корп. 3,

тел./факс: +375 17 268 63 64

Тіркеу куәлігін ұстаушы

«Sabipharm» ЖШС, Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасы жөніндегі шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс жасау деректері:

«Sabipharm» ЖШС, Алматы қ., әл Фараби даңғ., 19, кеңсе 202, тел.: 8 (727)3110591, A.Karkitbaeva@v-trade.kz.

15

Прикрепленные файлы

ИМП_Кандесартан_рус.doc 0.11 кб
Кандесартан_табл.каз_.doc 0.16 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту