Кальция глюконат-Дарница (стабилизированный)

МНН: Кальция глюконат
Производитель: Фармацевтическая фирма «Дарница» ЧАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Calcium gluconate
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№000827
Информация о регистрации в РК: 01.09.2020 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Кальций глюконаты-Дарница (тұрақтандырылған)

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған ерітінді 10 % 5 мл

Құрамы

1 мл ерітіндінің құрамында

белсенді заттар: 85 мг кальций глюконаты, 10 мг кальций левулинаты бар

қосымша заттар: кальций сахараты, 0,1 М хлорсутек қышқылы, инъекцияға арналған су.

1 мл препараттың құрамында 9,706 мг қосынды кальций (Ca2+) бар, кальций глюконатының теориялық құрамына шаққанда 100 мг/мл баламалы.

Сипаттамасы

Мөлдір түссіз сұйықтық

Фармакотерапиялық тобы

Минералды қоспалар. Кальций препараттары. Кальций глюконаты.

АТХ коды А12ААОЗ

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Парентеральді енгізгеннен кейін препарат барлық тіндер мен ағзаларға біркелкі таралады. Қан плазмасында кальций иондалған түрде болады. Плацентарлық бөгет арқылы өтеді, емшек сүтіне бөлінеді. Организмнен негізінен бүйрек арқылы шығарылады.

Фармакодинамикасы

Кальций глюконаты (тұрақтандырылған) – метаболизмдік үдерістерді реттейтін дәрі, организмдегі кальций тапшылығының орнын толтырады; гемостаздық, аллергияға қарсы әсер етеді, қылтамырлар өткізгіштігін төмендетеді.

Кальций иондары жүйке импульстерінің берілуіне, тегіс және көлденең жолақты бұшықеттердің жирылуына, миокардтың қызмет атқаруына, қан ұюына қатысады; олар сүйек тінінің қалыптасуы, басқа жүйелер және ағзалардың қызмет атқаруы үшін қажет. Кальций иондарының қандағы концентрациясы көптеген патологиялық үдерістер кезінде азаяды; айқын гипокальциемия тетанияның туындауына ықпал етеді. Гипокальциемияны жоюдан өзге, кальций қосылыстары қантамырлардың өткізгіштігін төмендетеді, аллергияға қарсы, қабынуға қарсы, гемостаздық әсер береді.

Қолданылуы

  • қалқанша маңы бездері функциясының жеткіліксіздігінде

  • организмнен кальцийдің көп мөлшерде шығарылуында (атап айтқанда, ұзақ уақыт сусыздану кезінде)

  • аллергиялық аурулар (сарысу құю ауруы, есекжем, ангионевроздық ісіну) мен дәрі-дәрмекпен емдеудің аллергиялық асқынулары кезінде қосымша зат ретінде

  • қантамырлар өткізгіштігін азайту үшін, шығу тегі әр түрлі патологиялық үдерістер кезінде (қабыну үдерісінің экссудатты сатысы, геморрагиялық васкулит, сәулесоқ ауруы)

  • паренхиматоздық гепатитте, бауырдың уытты зақымдануында

  • нефритте, эклампсияда

  • гиперкалиемияда; пароксизмальді миоплегияның гиперкалиемиялық түрінде

  • тері ауруларында (терінің қышынуы, экзема, псориаз)

  • қан тоқтататын дәрі ретінде

  • магний тұздарымен, қымыздық қышқылымен немесе оның еритін тұздарымен, фтор қышқылының еритін тұздарымен уланулар кезінде у қайтарғы ретінде

Қолдану тәсілі және дозалары

Көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне қолданады.

Ерітіндісі бар ампуланы енгізер алдында дене температурасына дейін қыздырады. Ерітіндіні баяу, 2-3 минут бойы енгізеді.

Ересектерге 5-10 мл Кальций глюконаты-Дарница (тұрақтандырылған) күн сайын немесе 1-2 тәулік сайын, аурудың ағымына және пациенттің жағдайына байланысты енгізеді.

Балаларға тек көктамыр ішіне, жас шамасына байланысты, 10 % кальций глюконаты ерітіндісін мынадай дозаларда: 6 айға дейінгілерге – 0,1-1 мл, 6-12 айлық балаларға – 1-1,5 мл, 1-3 жастағыларға – 1,5-2 мл, 4-6 жастағыларға – 2-2,5 мл, 7-18 жастағыларға – 3-5 мл енгізеді.

Ерітіндіні 1 мл аз мөлшерде енгізу үшін бір реттік дозасын 0,9 % натрий хлориді ерітіндісімен немесе 5 % глюкоза ерітіндісімен тиісті көлемге дейін (еккіш көлемі) жеткізеді.

Жағымсыз әсерлері

Жылдам енгізгенде:

- жүрек айнуы, құсу

- тершеңдік

- бастың ауырлау сезімі

- синкопе жағдайы

- жалпы әлсіздік

- артериялық гипотензия

- вазомоторлық коллапс, кейде өліммен аяқталады

Кейде:

- диарея

- брадикардия

- ауыз қуысында ыстықты сезіну, соның салдарынан – бүкіл дененің ысыну сезімі, олар өздігінен басылады

- кальций ерітіндісінің экстравазациясы салдарынан болатын жұмсақ тіндердің кальцификациясы

Өте сирек:

- аллергиялық және анафилактикалық реакциялар, анафилактикалық шокқа дейінгі.

Кальций тұздарының бұлшықетішілік инъекциялары жергілікті тітіркену туғызуы мүмкін.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препарат компоненттеріне аса жоғары сезімталдық

- тромбоздарға бейімділік

- гиперкальциемия

- ауыр гиперкальциурия

- айқын атеросклероз

- қан ұюының жоғарылауы

- бүйректің ауыр жеткіліксіздігі

- саркоидоз

- жүрек гликозидтерімен, цефтриаксонмен бір мезгілде қолдану

- нефроуролитиаз (кальцийлік)

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Этил спиртінің кальций глюконатымен өзара әрекеттесуі кезінде соңғысы шөгінді болып түседі.

Басқа кальций препараттарымен бірге тағайындау ұсынылмайды. Верапамилді қабылдағанға дейін және кейін кальций глюконатын көктамыр ішіне енгізу оның гипотензивті әсерін кемітеді, бірақ оның аритмияға қарсы әсеріне ықпал етпейді.

Тиазидтік диуретиктермен біріктірілімі гиперкальциемияның дамуына алып келуі мүмкін.

Хинидинмен бір мезгілде қолданғанда қарыншаішілік өткізгіштіктің баяулауы және хинидиннің уыттылығы артуы мүмкін.

Кардиоуытты әсерінің күшеюіне байланысты, жүрек гликозидтерімен емдеу кезінде кальций глюконатын парентеральді қолдану ұсынылмайды.

Кальций глюконаты аминогликозидтер қатарының антибиотиктерін қолданудан туындаған жүйке-бұлшықет берілісінің бәсеңдеуін болдырмайды.

Фенигидинмен бір мезгілде қолданылғанда кальций препараттары оның тиімділігін азайтады.

Этил спиртімен, карбонаттармен, салицилаттармен, сульфаттармен, тартраттармен фармацевтикалық тұрғыдан үйлесімсіз.

Айрықша нұсқаулар

Кальций тұздарын бүйрек функциясының бұзылулары, жүрек аурулары бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек.

Жүрек гликозидтерін және/немесе диуретиктерді қабылдап жүрген пациенттерге қолданғанда, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы емдегенде (әсіресе балаларда) қандағы кальций мен креатинин концентрациясын бақылауға алу керек. Олардың концентрациясы жоғарылаған жағдайда, препараттың дозасын азайту немесе уақытша тоқтата тұру керек.

Тәулігіне 300 мг асатын (тәулігіне 7,5 ммоль) орташа гиперкальциуриясы бар, бірақ бүйрек функциясы бұзылуының айқындығы аз, сыртартқысында несептас ауруы болған пациенттерге сақтықпен және кальцийдің несеппен экскрециялануын жүйелі түрде бақылай отырып тағайындайды. Қажет болса препараттың дозасын азайту немесе оны тоқтату керек. Несеп шығару жолдарында конкременттердің түзілуіне бейім науқастарға емдеу кезінде тұтынылатын сұйықтық көлемін арттыру ұсынылады.

Еккішті кальций глюконаты ерітіндісімен толтырар алдында, онда этил спирті қалдығының жоқ екендігіне көз жеткізу қажет, өйткені спиртпен өзара әрекеттесуінің салдарынан кальций глюконаты шөгінді болып түседі. Балалар

Некроздың даму мүмкіндігіне байланысты, 18 жасқа дейінгі балаларға препаратты бұлшықет ішіне енгізу ұсынылмайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Препаратты жүктілік немесе бала емізу кезінде анасы үшін пайдасы/ ұрық (бала) үшін қауіптің арақатынасын ескере отырып қолдануға болады.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препараттың автокөлікті басқару немесе басқа механизмдермен жұмыс жасау кезінде реакция жылдамдығына теріс әсер етуі туралы мәліметтер жоқ.

Артық дозалануы

Симптомдары: гиперкальциемия дамуы мүмкін. Гиперкальциемия симптомдарына анорексия, жүрек айнуы, құсу, іштің қатуы, іштің ауыруы, бұлшықет әлсіздігі, полидипсия, полиурия, психикалық бұзылыстар, нефрокальциноз, нефролитиаз; ауыр жағдайларда – жүрек аритмиялары және кома кіруі мүмкін.

Емі: болымсыз артық дозалануында (қан сарысуындағы кальций концентрациясы – 2,6-2,9 ммоль/л) енгізуді тоқтатады және құрамында кальций бар басқа дәрілік заттарды тоқтатады. Ауыр артық дозалануы кезінде (қан сарысуындағы кальций концентрациясы 2,9 ммоль/л асатын) кальцитонинді кг дене салмағына тәулігіне 5-10 ХБ дозада парентеральді (оны 500 мл 0,9 % натрий хлориді ерітіндісінде сұйылта отырып), көктамыр ішіне тамшылатып 6 сағат бойы енгізеді. Көктамыр ішіне тәулігіне 2-4 рет баяу, сорғалатып енгізуге болады. Тиазидтік емес диуретиктер қолданылады, сарысудағы калий және магний концентрациясына бақылау жүргізіледі, қажет болса – калий және магний препараттарын енгізеді; жүрек-қантамыр жүйесінің функциясына бақылау жүргізеді, аритмия профилактикасы үшін бета-адреноблокаторларды енгізеді. Қажет болған жағдайда гемодиализ жүргізіледі.

Шығарылу түрі және қаптамасы

5 мл-ден препараттан шыны ампулаларда.

Ампулаға өздігінен жапсырылатын жабыны бар қағаздан жасалған заттаңба жапсыруға немесе шыны бұйымдарға арналған терең баспа бояумен жағуға болады.

5 ампуладан ампулаларды ашуға арналған пышақпен бірге пішінді ұяшықты қаптамаға (кассетаға) салынады.

Түрлі-түсті сындыру сақинасымен немесе түрлі-түсті сындыру нүктесімен қаптағанда ампулаларды ашуға арналған пышақтар салынбайды.

Екі пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

10 ампуладан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен және ампулаларды ашуға арналған пышақпен бірге гофрланған астары бар картон қорапқа салынады.

Түрлі-түсті сындыру сақинасымен немесе түрлі-түсті сындыру нүктесімен қаптағанда ампулаларды ашуға арналған пышақтар салынбайды.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

“Фармацевтикалық фирма “Дарница” ЖАҚ

Украина, 02093, Киев қ., Борисполь к-сі, 13.

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

“Фармацевтикалық фирма “Дарница” ЖАҚ, Украина

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы -

телефон/факс: (+ 380 44) 207 73 27

e-mail: vigilance@darnitsa.kiev.ua

http://www.darnitsa.ua

 

6

 

Прикрепленные файлы

663364231477976296_ru.doc 59 кб
818392471477977543_kz.doc 84 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники