Инсуман® Рапид ГТ

МНН: Инсулин человеческий короткого действия
Производитель: Санофи-Авентис Дойчланд ГмбХ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Insulin (human)
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№018747
Информация о регистрации в РК: 29.02.2012 - 28.02.2017

Инструкция

Саудалық атауы

Инсуман® Рапид ГТ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Адам инсулині

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған 100 ХБ/мл ерітінді

Құрамы

1 мл ерітіндінің құрамында

белсенді зат: 100 ХБ (3,571 мг) адам инсулині,

қосымша заттар: глицерин 85%, метакрезол, натрий дигидрофосфатының дигидраты, натрий гидроксиді, концентрацияланған хлорлысутек қышқылы, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Мөлдір түссіз немесе түссіз дерлік сұйықтық.

Фармакотерапиялық тобы

Қант диабетін емдеуге арналған дәрілер. Жылдам әсер ететін инсулиндер және оның аналогтары.

АТЖ коды А10АВ01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Инсуман® Рапид ГТ әсер етуінің жылдам басталуымен және қысқа кезеңге созылуымен сипатталады. Қантты төмендететін әсері тері астына енгізгеннен кейін 30 минут ішінде көрініс береді, әрі 1-4 сағат ішінде ең жоғарысына жетеді. Тиімді әсері 7-9 сағат бойы сақталады.

Инсулиннің сарысудан жартылай шығарылу кезеңі шамамен 4-6 минут құрайды. Ол ауыр бүйрек жеткіліксіздігінде ұзарады. Инсулин фармакокинетикасы оның метаболикалық әсерін көріністемейтінін атап өту керек.

Фармакодинамикасы

Инсуман® Рапид инсулиннің бейтарап ерітіндісі (қарапайым инсулин) болып табылады.

Инсуман® Рапид ГТ құрамында Escherichia coli пайдаланумен рекомбинантты ДНҚ технологиясы бойынша алынған, өзінің құрылымы жағынан адам инсулиніне сәйкес келетін инсулин бар.

Адам инсулині сияқты Инсуман® Рапид ГТ:

- қандағы глюкоза деңгейін төмендетеді және сонымен қатар катаболикалық әсерлерді төмендете отырып, анаболикалық әсерлерді күшейтеді

- глюкозаның жасушалар ішінде тасымалдануын және бұлшықеттер мен бауырда гликогеннің түзілуін жоғарылатады, пируваттың жойылуын жақсартады, гликогенолиз бен гликонеогенезді бәсеңдетеді

- бауырда және майлы тінде липогенезді арттырады және липолизді басады

- жасушалардың амин қышқылдарын тұтынуына ықпал етеді және ақуыздар синтезін белсенділендіреді

- калийдің жасушалар ішіне түсуін молайтады

Қолданылуы

- инсулинмен емдеу қажет болатын қант диабетінде.

Инсуман® Рапид ГТ гипергликемиялық команы және кетоацидозды емдеу үшін де, сонымен қатар операциялық араласуға дейін, араласу кезінде және одан кейін қант диабеті бар науқастарды тұрақтандыруға жету үшін де жарамды.

Қолдану тәсілі және дозалары

Глюкозаның қандағы қалаулы деңгейлері, қолдануға болатын инсулин препараттары және дозалау режимі (дозалар, уақыты бойынша бөлу) емделушінің өмір салтына және дене жүктемесінің деңгейіне, емдәміне сәйкес жекеше таңдалады.

Тәуліктік дозалары және енгізу уақыты

Инсулинді дозалау үшін бұлжымас ережелер жоқ. Инсулиннің орташа тәуліктік қажеттілігі емделушінің 1 кг дене салмағына 0,5 -1,0 ХБ құрайды. Базалық метаболикалық қажеттілік инсулиннің тәуліктік дозасының 40-60%-ын құрайды. Инсуман® Рапид ГТ тамақтануға дейін 15-20 минут бұрын тері астына енгізіледі.

Ауыр гипергликемияны немесе кетоацидозды емдеу кезінде инсулин енгізу, қандағы глюкоза деңгейінің жылдам төмендеуіне қатысты болуы мүмкін ауыр асқынулардан емделушіні қорғау шараларын қамтитын кешенді емдік режимнің құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндай емдеу қарқынды емдеу бөлімшесінде немесе соған ұқсас жағдайларда жатқан науқастарды мұқият қадағалауды (метаболикалық статусын, қышқылды-сілтілік және электролиттік теңгерімін, өмірлік маңызды ағзалардың функционалдық көрсеткіштерін және т.б. бағалау) талап етеді.

Дозаны қайталап реттеу

Метаболизмді бақылауды жақсарту, соңынан инсулин қажеттілігін төмендетуге әкеліп, инсулинге сезімталдықтың жоғарылауына апаруы мүмкін. Дозаны реттеу науқастың салмағы, өмір салты өзгергенде және гипогликемияға немесе гипергликемияға жоғары бейімділікке ықпал етуі мүмкін басқа жағдайларда қажет болуы мүмкін («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Емделушілердің ерекше топтары

Бауыр немесе бүйрек қызметінің бұзылуы кезінде және егде жаста инсулин қажеттілігі төмен болуы мүмкін («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Енгізу

Инсуман® Рапид ГТ тері астына енгізіледі. Препаратты көктамыр ішіне енгізуге болады.

Инсулиннің сіңуі және, соған сәйкес, қантты төмендететін әсері енгізу орнына қарай (мысалы, сан аймағымен салыстырғанда, іш қабырғасы) өзгеруі мүмкін. Инъекция орынын әр жолы бір аймақ шегінде ауыстырып отыру керек.

Көктамырішілік инсулиндік ем қарқынды емдеу бөлімшесі жағдайларында немесе тиісті мониторинг және жабдықтау кезінде жүргізілуге тиіс.

Жағымсыз әсерлері

Төменде келтірілген препаратты қолданумен байланысты және клиникалық зерттеулерде байқалған жағымсыз әсерлер олардың жиілігінің төмендеу тәртібімен тізбеленген: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100, < 1/10), жиі емес (≥ 1/1.000, < 1/100), сирек (≥ 1/10.000, < 1/1.000), өте сирек (< 1/10.000) және жиілігі белгісіз (қолда бар деректердің негізінде анықталмайды).

Өте жиі

- гипогликемия

Жиі

- ісінулер (метаболикалық бұзылулар нәтижесі)

- инъекция салған жердегі реакциялар

Жиі емес

- шок (иммундық генездегі)

- инъекция орнындағы есекжем

Сирек

- гипергликемия мен гипогликемияға бейімділікті жою үшін соңынан инсулин дозасын реттеу қажеттілігін туындататын инсулинге антиденелердің болуы

Жиілігі белгісіз

- инсулинге немесе қосымша заттарға болатын шұғыл типті аллергиялық реакциялар (гипотензия, ангионевротикалық ісіну, бронх түйілуі, жайылған тері реакциялары) өмірге қауіп төндіруі мүмкін

- инсулинге антиденелердің түзілуі

- ағзада натрийдің іркілуі

- пролиферацияланған ретинопатия, диабеттік ретинопатия, көрудің нашарлауы

- инсулиннің баяу сіңуіне әкелетін инъекцияны енгізген жердегі липодистрофия. Инъекциялаудың осы аймақ шегіндегі инъекция орнын үнемі ауыстыру осындай реакцияларды азайтуға немесе болдырмауға көмектеседі.

- бірнеше күннен немесе аптадан соң өтетін инъекция орнындағы қабыну, ісіну, ауыру, қышыну, гиперемия

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың қандай да біріне жоғары сезімталдық

- сыртқы немесе имплантацияланған инсулин сорғысында, силикон түтіктері бар жиырылатын сорғыларда пайдалану

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Бірқатар дәрілік заттар глюкозаның метаболизміне ықпалын тигізіп, ол адам инсулинінің дозасын реттеу қажеттілігін туындатуы мүмкін.

Инсулиннің гипогликемиялық әсерін күшейтетін және гипогликемияның дамуына бейімділікті жоғарылататын препараттарға ішу арқылы қабылдайтын диабетке қарсы дәрілер, ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері (АӨФ), дизопирамид, фибраттар, флуоксетин, моноаминоксидаза (МАО) тежегіштері, пентоксифиллин, пропоксифен, салицилаттар мен сульфаниламидтер жатады.

Инсулиннің гипогликемиялық әсерін әлсірететін препараттарға глюкокортикостероидты гормондар, даназол, диазоксид, диуретиктер, глюкагон, изониазид, эстрогендер мен прогестагендер (мысалы, ішу арқылы қолданылатын контрацептивтерде), фенотиазин туындылары, соматропин, симпатомиметиктер [мысалы, эпинефрин (адреналин), сальбутамол, тербуталин], қалқанша без гормондары, протеаза тежегіштері және жүйке қозуына қарсы атипті дәрілік препараттар (мысалы, оланзапин және клозапин) жатады.

Бета-бөгегіштер, клонидин, литий тұздары және алкоголь инсулиннің гипогликемиялық әсерін қалай күшейтсе, солай төмендете алады.

Пентамидин кейде гипергликемиямен ауысатын гипогликемияны туындатуы мүмкін.

Бұдан басқа, β-бөгегіштер, клонидин, гуанетидин және резерпин сияқты симпатолитикалық дәрілік препараттардың әсер етуімен адренергиялық реттеуге қарсы нышандары әлсіз көрініс беруі немесе мүлде болмауы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Инсуман® Рапид ГТ-ге асқын сезімталдығы бар емделушілерге, қазіргі сәтте емделу үшін олар жақсы көтере алатын инсулиннің басқа препараттары қолжетімсіз болса, оны енгізуді тек қатаң медициналық бақылау жағдайларында, қажет болса, аллергияға қарсы шаралармен қосып жалғастыру керек.

Жануар инсулиніне аллергиясы болған жағдайда науқасты Инсуман® Рапид ГТ-ге ауыстырар алдында тері ішіне сынама жүргізу ұсынылады, өйткені оларда айқаспалы иммундық реакциялар болуы мүмкін.

Инсулин, әсіресе, егер сол кезге дейін нашар болған метаболикалық бақылау инсулин емін күшейту нәтижесінде жақсарса, ағзадағы натрий іркілісін және ісінуді туындатуы мүмкін.

Бүйрек қызметі бұзылған кезде, инсулиннің төмендеген метаболизміне орай, инсулин қажеттілігі азаюы мүмкін. Егде жаста бүйрек қызметінің үдемелі төмендеуі инсулин қажеттілігінің екпінмен төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Бауырының ауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде, глюконеогенездің және инсулин метабо­лизмінің қысқаруына орай, инсулин қажеттілігі азаюы мүмкін.

Егер емдеу нәтижесінде глюкозаның қалаулы деңгейіне жетудің сәті түспесе, және гипо- немесе гипергликемия көріністеріне бейімділік байқалса, онда препараттың дозалануын өзгертпес бұрын, емделушінің препаратты дозалау және енгізу режимі, инъекция техникасы, енгізу орындары жөніндегі нұсқауларды қаншалықты дұрыс сақтайтынын және емдеу тиімділігіне ықпал ететін басқа факторлардың болуын тексеру қажет.

Инсуман® Рапид ГТ-ге көшу

Емделушінің инсулиннің басқа типіне немесе маркасына ауысуын дәрігердің қатаң қадағалауымен жүргізген жөн. Концентрациясын, сұрыпын (өндіруші), типін (әдеттегі, NPH, лентадағы, ұзақ әсер ететін және т.б.), шығу тегін (жануарлар текті, адам тектес, адам инсулинінің аналогы) және/немесе өндіру тәсілінің өзгеруіне орай, дозалануын да өзгерту қажеттілігі туындауы мүмкін.

Дозаны реттеу қажеттігі (мысалы, төмендету) препаратты ауыстырғаннан кейін бірден айқын болады, әлде керісінше бірнеше апта ішінде біртіндеп дамиды.

Жануарлар текті инсулиннен адам инсулиніне көшуден кейін емделушілердің келесі топтарында:

- емдеу кезінде бұрын қандағы глюкозаның едәуір төмен деңгейлеріне жеткендерге

- гипогликемияның дамуына бейімділігі барларға

- инсулин антиденелерінің болуына орай, бұрын инсулиннің едәуір жоғары дозалары қажет болғандарға дозалануын азайту талап етілуі мүмкін.

Ауысу кезінде және одан кейінгі алғашқы апталарда метабо­лизмге мұқият мониторинг жасау ұсынылады. Антиденелердің болуына орай, инсулиннің едәуір жоғары дозаларын қажет ететін емделушілерге инсулиннің бір препаратынан басқасына ауысқан кезде стационарлық немесе олармен ұқсас жағдайларда медициналық қадағалау талап етілуі мүмкін.

Гипогликемия

Егер инсулин дозасы инсулин қажеттілігімен салыстырғанда тым жоғары болса, инсулин емінің ең жиі кездесетін ұнамсыз әсері - гипогликемияның дамуы мүмкін. Жиілігі популяциямен және дозалық режиммен бірге өзгереді, сондықтан жиілігінің айрықша белгісін атап көрсету мүмкін емес.

Гипогликемияның ауыр, әсіресе қайталанған ұстамалары неврологиялық бұзылыстар туғызуы ықтимал. Гипогликемияның ұзаққа созылатын және ауыр ұстамалары науқас өміріне қатер төндіруі мүмкін.

Көптеген науқастарда нейрогликопенияның нышандары мен белгілеріне адренергиялық қарсы реттелу нышандары жол ашады. Қандағы глюкоза деңгейі қанша көп және жылдам төмендесе, қарсы реттеліс феномені және оның белгілері сонша айқын көрініс береді.

Гипогликемия ұстамаларының ерекше клиникалық мәні бар науқастарда, мысалы коронарлық артерияларының немесе ми артерияларының айқын стенозы бар науқастарда (гипогликемияның кардиальді немесе церебральді асқынуларының даму қаупі), сондай-ақ пролиферацияланған ретинопатиясы бар науқастарда, әсіресе егер фотокоагуляциямен емдеу оларға жүргізілмесе (гипогликемиядан кейін өтпелі амавроздың даму қаупі) қандағы глюкоза деңгейіне бақылауды күшейту ұсынылады, ерекше сақтық таныту керек. Гликемиялық бақылаудағы айқын өзгеріс көрудің уақытша нашарлауын (көз бұршағы домбығуының және оның сыну индексінің уақытша өзгеруінен болатын) туғызуы мүмкін. Жақсартылған гликемиялық бақылаудың ұзақ уақыт болуы диабеттік ретинопатияның үдеу қаупін төмендетеді. Алайда, гликемиялық бақылаудың күрт жақсаруымен күшейтілетін инсулин емі диабеттік ретинопатияның уақытша нашарлауымен ұштасуы мүмкін.

Науқастар гипогликемияның хабаршы-нышандары әлсіз көрініс беретін жағдайлармен таныс болуы тиіс. Жекелеген қауіп топтарында гипогликемияны хабаршы-белгілерінің өзгеруі, аз көрініс беруі немесе болмауы мүмкін.

Мұндай науқастарға жататындар:

- гликемиялық бақылауы едәуір жақсарған науқастар

- гипогликемиясы біртіндеп дамыған науқастар

- егде жастағы науқастар

- жануар инсулинінен адам инсулиніне ауысқаннан кейін

- автономдық невропатия болғанда

- қант диабетінің ұзақ уақыт болуында

- психиатриялық аурулары болғанда

- кейбір басқа дәрілік препараттармен бір мезгілде емдеу жүргізілгенде («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).

Мұндай жағдайларда науқас өзінде гипогликемия барын түсінгенге дейін-ақ гипогликемия ауыр түрге (естен тану мүмкіндігімен) айналуы мүмкін.

Гликоздалған гемоглобиннің қалыпты немесе төмен көрсеткіштері болған кезде, гипогликемияның қайталанған, танылмаған (әсіресе, түнгі) көріністерінің ықтималдығы шамаланады.

Гипогликемия қаупін төмендету үшін науқастардың дозалау режимін және емдәмді қатаң қадағалауы, инсулинді дұрыс енгізуі және гипогликемия нышандарынан хабардар болуы қажет. Гипогликемияға шалдығуды жоғарылататын факторлар аса мұқият мониторинг талап етеді және дозаны түзету қажеттілігін туындатуы мүмкін.

Оларға мыналар жатады:

- инъекция орнын өзгерту

- инсулинге сезімталдықтың жоғарылауы (мысалы, стресс факторларының жоғалуы нәтижесінде)

- әдеттенбеген, шамадан жоғары немесе едәуір ұзақ дене жүктемесі

- интеркуррентті ауру (мысалы, құсу, диарея)

- талапқа сай тамақтанбау

- ас ішуді өткізіп алу

- спиртті ішімдіктерді тұтыну

- кейбір қалпына келмейтін эндокриндік бұзылулар (мысалы, гипотиреоидизмде және гипофиздің алдыңғы бөлігінің немесе бүйрек үсті бездері қыртысының жеткіліксіздігінде)

- кейбір басқа дәрілік препараттармен бір мезгілде емдеу

Интеркуррентті аурулар

Интеркуррентті аурулар кезінде метаболизмді қарқынды қадағалау талап етіледі. Көптеген жағдайларда кетондарға несеп талдауын жасау көрсетілген, инсулин дозасын реттеу де жиі қажет болады. Инсулин қажеттілігі жиі артып отырады. 1 типті қант диабетімен науқастар, тіпті егер олар ауқатты аз мөлшерде тұтынуға ғана қабілетті немесе тамақ ішпеуі де мүмкін немесе оларда құсу және т.с.с. болса да, ең болмаса, аздаған мөлшерлерде көмірсуларды ұдайы тұтынуды жалғастырған жөн. Мұндай емделушілер инсулин инъекциясын ешқашан түгел өткізіп алмауы тиіс.

Инсулиндерді араластыру

Инсуман® Рапид ГТ-ны жануар тектес инсулиндермен және инсулин аналогтарымен араластыруға БОЛМАЙДЫ.

Инсуман® Рапид ГТ-ны, инсулиндік сорғыларда пайдалануға арналған инсулиндерді қоспағанда, Санофи-Авентис фирмасы шығарған адам инсулинінің барлық препараттарымен араластыруға болады.

Егер инъекцияға арналған бір еккішке екі түрлі инсулин жинау керек болса, ұзағырақ әсер ететін препаратпен құтының ластануын болдырмау үшін бірінші қысқалау әсер ететін инсулинді жинау ұсынылады. Араластырғаннан кейін бірден енгізген дұрыс. Концентрациялары әртүрлі инсулиндерді араластыруға (мысалы, 100 ХБ/мл және 40 ХБ/мл) болмайды.

Кез келген пайдаланылмаған препараттармен немесе қалдықтармен жергілікті талаптарға сай жұмыс істеген жөн.

Пайдалану жөніндегі нұсқаулық

Инсуман® Рапид ГТ (картридж) ОптиПен және Инсуман картридждеріне жарамды басқа қаламдар сияқты инсулиндік қаламдармен бірге пайдалануға арналған. Картриджді толтыруға, инъекциялық инені қондыруға және инсулин инъекциясын енгізуге қатысты қаламдарды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды қатаң қадағалау керек.

Егер инсулиндік қалам бүлінсе немесе дұрыс жұмыс істемесе (механикалық ақауына орай), оны лақтырып тастап, жаңа инсулиндік қалам қолдану керек. Егер қалам нашар жұмыс істесе (қаламды қолдану жөніндегі нұсқаулықты қараңыз), картриджден ерітіндіні инъекцияға арналған еккіштің көмегімен (100 ХБ/мл инсулинге жарамды) жинап алып, енгізуге болады.

Инсуман® Рапид ГТ қаламға орнатылғанша 1-2 сағат бойы бөлме температурасында ұсталу керек. Пайдаланар алдында картриджді қарап тексеру қажет. Оны тек ерітінді мөлдір, түссіз көрінген және көзге көрінетін қатты бөлшектері болмаған және су тәрізді консистенцияда болған жағдайда ғана пайдалануға болады.

Инъекция алдында картриджден ауа көпіршіктерін шығарған жөн. Бос картридждер қайта толтыруға жарамайды.

Инсуман® Рапид ГТ картридждері қандай да бір басқа инсулинмен араласуына жол берілмейтіндей етіп жасалған.

Инсуман® Рапид ГТ (құты)

1 мл суспензия құрамында 100 ХБ инсулин барын есте сақтау қажет, сондықтан инсулиннің осы концентрациясына есептелген инъекциялық еккіштерді ғана (100 ХБ/мл) пайдалану қажет. Еккіштің ішінде қандай да бір басқа препарат немесе оның қалдық мөлшерлері (мысалы, гепарин қалдықтары) болмауы тиіс.

Құтыдан инсулинді алғаш сорып алу алдында қорғағыш пластик қалпақшасын шешу қажет. Құтыны қатты сілкімеңіздер, өйткені бұл дозаны дәл өлшеуге кедергі келтіретін көбіктің түзілуін туындатуы мүмкін. Инсуман® Рапид ГТ-ны тек ерітінді түссіз, мөлдір болып, көзге көрінетін қатты бөлшектері болмаған және сулы ерітіндіге ұқсас консистенция иеленген жағдайда пайдалануға болады.

Барлық инсулин препараттары сияқты, Инсуман® Рапид ГТ-ны құрамында тиолдар мен сульфиттер сияқты қалпына келтіретін заттар бар ерітінділермен араластыруға болмайды. Әдеттегі бейтарап инсулиннің шамамен 4,5-6,6-ға тең рН кезінде шөгіндіге түсетінін есте ұстау қажет.

Инсулин ерітіндісіне спирттің және басқа зарарсыздандырғыш дәрілердің түсіп кетуіне жол беруге болмайды.

Жүктілік және лактация

Жүктілік кезеңінде адам инсулинінің әсер етуі жөнінде деректер жоқ. Инсулин плаценталық бөгет арқылы өтпейді. Жүкті әйелдерге препаратты тағайындағанда сақ болу керек.

Алдын ала болған немесе гестациялық қант диабеті бар науқастар жағдайында бүкіл жүктілік кезеңінде метаболизмнің жақсы деңгейін ұстап тұру маңызды. Инсулин қажеттілігі жүктіліктің бірінші триместрінде төмендеп, тұтас алғанда, екінші және үшінші триместрлер кезінде жоғарылайды. Босанудан соң бірден инсулин қажеттілігі жылдам құлдырайды (гипогликемияның жоғары қаупі артады). Бұл жағдайларда қандағы глюкоза деңгейіне мұқият мониторинг жүргізудің елеулі мәні бар.

Емшек еметін балаларға әсер етуі күтілмейді. Инсуман® Рапид ГТ-ны емшекпен қоректендіру кезеңінде қолдануға болады.

Алайда, бала емізетін әйелдерге инсулин дозасын және емдәмді реттеу қажет болуы мүмкін.

Дәрілік заттардың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Науқастың зейін шоғырландыру және реакция беру қабілеті гипогликемия немесе гипергликемия нәтижесінде, немесе, көрудің нашарлауы нәтижесінде төмендеуі мүмкін. Бұл жоғарыда аталған қабілеттер ерекше мән иеленетін жағдайларда (мысалы, автокөлікті немесе жұмыс механизмдерін басқару кезінде) қауіпті.

Көлік жүргізу кезінде гипогликемияның дамуын болдырмау үшін науқастарға сақтану шараларын қабылдау қажет екені жөнінде ескерту керек. Бұл гипогликемияның алғашқы хабаршы-белгілері әлсіз білінетін немесе болмайтын, әлде гипогликемия көріністері жиі болатындар үшін айрықша маңызды. Мұндай жағдайларда автокөлікті жүргізу және жұмыс механизмдерін басқарудың мақсатқа сай екені жөніндегі мәселені қарастыру керек.

Артық дозаланғанда

Белгілері: ауыр және кейде ұзаққа созылатын өмірге қауіпті гипогликемия

Емдеу: жеңіл гипогликемия көріністері, әдетте, көмірсуларды ішу арқылы қабылдау жолымен басылады. Препараттың дозалау сызбасы, тамақтану режимі немесе дене жүктемесі түзетілуі мүмкін. Комамен, құрысулармен немесе неврологиялық бұзылулармен өтетін едәуір ауыр жағдайларда глюкагонды бұлшықет ішіне немесе тері астына енгізуге немесе концентрацияланған глюкозаны көктамыр ішіне енгізуге болады. Анық клиникалық жазылудан кейін гипогликемияның қайталануы мүмкін екеніне орай, науқастарды ұзақ уақыт қадағалау және көмірсуларды ұзақ уақыт енгізу қажет болуы мүмкін.

 

Шығарылу түрі және қаптамасы

Картридж

3 мл ерітіндіден поршені (эластомерлі каучук) және тығынды (эластомерлі каучук) фланц қалпақшасы (алюминий) бар картриджде (І типті түссіз шыны). 5 картриджден пішінді ұяшықты қаптамаға салады. 1 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салады.

Құты

5 мл ерітіндіден тығыны (ашылуы бақыланатын алюминий фланцты тығындау құралы, эластомерлі каучук) және жұлып алынатын қалпақшасы бар құтыда (І типті түссіз шыны). 5 құтыдан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

Алғашқы қаптамасын ашуға дейін

2°-ден 8°С дейінгі температурада сақтау керек.

Мұздатып қатыруға болмайды! Тоңазытқыштың қабырғаларымен жанастырмау керек.

Алғашқы қаптамасын ашудан кейін

25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Картридждер мен құтыларды жарықтың әсерінен қорғау үшін сыртқы картон қаптамасында сақтау керек.

Қартриджі бар қаламды тоңазытқышта сақтауға болмайды.

Әр инъекциядан кейін жарықтан қорғау үшін қалам қалпақшасын қаламға қайта орнату керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

Алғашқы қаптамасын ашуға дейін

2 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Алғашқы қаптамасын ашудан кейін

Картридж

Еккіш-қаламға енгізілген картриджді алғаш пайдаланғаннан кейін өнімді 4 апта бойы пайдалануға болады.

Құтылар

Суспензияны құтыдан алғаш сорып алғаннан кейін өнімді 4 апта бойы пайдалануға болады. Заттаңбасында инсулинді алғаш пайдаланған күнді көрсету ұсынылады.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Санофи-Авентис Дойчланд ГмбХ, Германия

Орналасқан мекенжайы: Industriepark Hoechst, Brüningstrasse, 50, D-65926 Frankfurt am Main, Germany

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Санофи-авентис Қазақстан» ЖШС

Қазақстан Республикасы, 050016, Алматы қ., Қонаев көшесі 21Б

телефон: 8-727-244-50-96

факс: 8-727-258-26-96

e-mail: quality.info@sanofi.com

 

Прикрепленные файлы

125353181477977081_ru.doc 105.5 кб
361328191477978247_kz.doc 99.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники