Зитига
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Зитига
Халықаралық патенттелмеген атауы
Абиратерон
Дәрілік түрі
250 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 250 мг абиратерон ацетаты,
қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, натрий кроскармеллозасы, повидон (K29/K32), натрий лаурилсульфаты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты.
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «АА250» өрнегі бар
ақтан ақ дерлік түске дейінгі таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Ісікке қарсы гормональді препараттар. Гормондар антагонистері және олардың аналогтары. Басқа да гормондардың антагонистері. Абиратерон.
АТХ коды L02BX03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Абиратерон ацетаты мен абиратерон фармакокинетикасы дені сау еріктілерде, кешеуілді сатыдағы қуық асты безінің метастазды обырымен науқастарда және бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі бар онкологиялық емес пациенттерде зерттелген. Абиратерон ацетаты in vivo андрогендер биосинтезінің тежегіші болып табылатын абиратеронға тез айналады.
Сіңуі
Абиратерон ацетатын аш қарынға ішу арқылы қабылдағанда қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына жету уақыты 2 сағат құрайды.
Абиратерон ацетатын ас ішумен қабылдау осы препаратты аш қарынға қабылдаумен салыстырғанда, тағамдағы май мөлшеріне қарай, абиратеронның «концентрация-уақыт» (AUC) қисығы астындағы ауданының 10 есе ұлғаюына және ең жоғары концентрациясының (Cmax) 17 есе артуына алып келеді. Тамақ құрамының қалыпты алуан түрлілігін ескеріп, Зитига препаратын ас ішумен қабылдағанда әртүрлі жүйелік әсер ету қабілеті болады. Сондықтан, Зитига препаратын тамақтану кезінде қабылдауға болмайды.
Таралуы
Адамның қан плазмасы ақуыздарымен таңбаланған 14C-абиратерон байланысуы 99.8% құрайды. Болжамды таралу көлемі - 5.630 л, бұл абиратеронның шеткергі тіндерде кеңінен таралуын айғақтайды.
Метаболизмі
Капсулалардағы 14C-абиратерон ацетатын ішу арқылы қабылдаудан кейін абиратерон ацетаты ең алдымен бауырда сульфаттану, гидроксилдену және тотығуды қоса, кейіннен метаболизденетін абиратеронға дейін гидролизденеді. Айналымдағы 14C-абиратерон ацетатының көп бөлігі (шамамен 92%) абиратерон метаболиттері түрінде табылады. Анықталатын 15 метаболиттен 2 негізгі метаболиттің - абиратерон сульфатының және абиратерон сульфаты N-оксидінің әрқайсысы 43% жалпы радиобелсенділік береді.
Шығарылуы
Дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеулер деректері бойынша, плазмадағы абиратеронның орташа жартылай шығарылу кезеңі шамамен 15 сағат құрайды. Таңбаланған 14C-абиратерон ацетатын 1000 мг дозада ішу арқылы қабылдаудан кейін радиобелсенді дозаның 88% жуығы ішек арқылы және 5% бүйрекпен шығарылды. Нәжісте анықталған негізгі заттары өзгермеген абиратерон ацетаты мен абиратерон (қабылданған дозаның, тиісінше, 55% және 22% жуығы) болып табылады.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Абиратерон ацетатының фармакокинетикасы бауыр жеткіліксіздігі жеңіл және орташа дәрежедегі (Чайлд-Пью, тиісінше, А және В класы) пациенттерде және дені сау еріктілерде зерттелген. Абиратеронның 1000 мг дозада бір рет ішу арқылы қабылдаудан кейінгі жүйелі әсері бауыр жеткіліксіздігі жеңіл дәрежедегі пациенттерде 11% және бауыр жеткіліксіздігі орташа дәрежедегі пациенттерде 260% жоғарылаған. Абиратеронның орташа жартылай шығарылу кезеңі бауыр жеткіліксіздігі жеңіл дәрежедегі пациенттерде 18 сағатқа дейін және бауыр жеткіліксіздігі орташа дәрежедегі пациенттерде 19 сағатқа дейін ұзарады. Бұрын анықталған жеңіл дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде дозаны түзету қажет емес. Пайдасы ықтимал қаупінен анық артық болуы тиісті бауыр функциясының бұзылуы орташа пациенттерде Зитига препаратын пайдалану мұқият бағалану керек. Зитига препараты бауыр функциясының бұзылуы ауыр пациенттерде пайдаланылмауы тиіс. Препаратпен емделу үдерісінде гепатоуыттылық дамыған пациенттерге препаратты уақытша тоқтату және дозаны түзету қажет болуы мүмкін.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер
Тұрақты гемодиализде жүрген бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы пациенттерде және бүйрек функциясы бұзылмаған пациенттерде абиратерон ацетатының фармакокинетикасы салыстырылды. Гемодиализде жүрген бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы пациенттерде ішуге арналған бір реттік 1000 мг дозасынан соң абиратерон жүйелі әсерінің артуы білінбеген. Препаратты бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесіндегі пациенттерде пайдалану дозаны азайтуды талап етпейді. Алайда, Зитига препаратын бүйрек функциясы ауыр дәрежеде бұзылған қуық асты безінің обырымен науқас пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені Зитига препаратын ондай пациенттерде қолдану туралы клиникалық деректер жоқ.
Фармакодинамикасы
Әсер ету механизмі
Абиратерон ацетаты in vivo жағдайларында андрогендер биосинтезінің тежегіші - абиратеронға айналады. Абиратерон 17α-гидроксилаза / C17,20-лиаза (CYP17) ферментін іріктеп тежейді. Осы фермент экспрессияланады және аталық бездердегі, бүйрек үсті бездеріндегі және қуық асты безінің ісік жасушаларындағы андрогендер биосинтезі үшін қажет. CYP17 прегненолон мен прогестеронның 17α-гидроксилдену және C17, 20 байланысын үзу арқылы тестостерон ізашарларына: тиісінше, дегидроэпиандростерон мен андростендионға айналуын катализдейді. CYP17 белсенділігінің тежелісі де бүйрек үсті бездеріндегі минералокортикоидтар синтезінің күшеюімен қатар жүреді.
Қуық асты безінің андрогенге сезімтал обыры андрогендер деңгейін төмендететін емге реакция береді. Андрогенге қарсы ем, мысалы, ЛГРГ (лютеиндеуші гормон рилизинг гормоны) агонистерін қолдану немесе орхиэктомия аталық бездердегі андрогендер синтезін әлсіретеді, бірақ бүйрек үсті бездеріндегі және ісіктегі андрогендер синтезіне әсер етпейді. Зитига препаратын ЛГРГ агонистерімен (немесе орхиэктомиямен) біріктіріп пайдалану қан сарысуындағы тестостерон деңгейін анықталу шегінен төмен деңгейге дейін азайтады.
Фармакодинамикалық әсерлері
Зитига препараты қан сарысуындағы тестостерон мен басқа андрогендер концентрациясын ЛГРГ агонистерін пайдалану кезінде немесе орхиэктомиядан кейін қол жеткізілуінен төмен деңгейлерге дейін төмендетеді. Бұл андрогендер биосинтезі үшін қажетті CYP17 ферментінің іріктеліп тежелу нәтижесі болып табылады. Простата спецификалық антиген (PSA) қуық асты безінің обырына шалдыққан пациенттерде биомаркер қызметін атқарады.
Клиникалық тиімділігі және қауіпсіздігі
Тиімділігі қуық асты безінің кастрацияға төзімді метастазды обырына шалдыққан пациенттердің қатысуымен 3 фазаның рандомизацияланған плацебо-бақыланатын көп орталықтық екі клиникалық зерттеуі (301 және 302 зерттеулері) барысында анықталған. 302 зерттеуінде бұрын доцетаксел алмаған пациенттер қамтылған; ал 301 зерттеуінде бұрын доцетаксел алып жүрген пациенттер қамтылған. Пациенттер ЛГРГ аналогын бұрын қолданған немесе оларға бұрын орхиэктомия жасалған. Белсенді емделу тобында Зитига препараты тәулігіне 1000 мг дозада тәулігіне 2 рет 5 мг дозаланған преднизонның немесе преднизолонның төмен дозасымен біріктіріліп тағайындалды. Бақылау тобының пациенттері плацебо мен тәулігіне 2 рет 5 мг дозаланған преднизонның немесе преднизолонның төмен дозасын алған.
PSA сарысулық концентрациясының өзгерістері үнемі өздігінен клиникалық тиімділігін айқындай алмайды. Сондықтан, пациенттерге екі зерттеуде де тиісті зерттеу үшін көрсетілген емдеуді тоқтату критерийлеріне жеткенше тағайындалған емді жалғастыру ұсынылады.
Екі зерттеуде де спиронолактон қолдануға рұқсат етілмейді, өйткені спиронолактон андроген рецепторларымен байланысады және PSA деңгейлерін арттыра алады.
Қолданылуы
Зитига препараты преднизонмен немесе преднизолонмен біріктірілімде көрсетілімді:
- симптомдары болмайтын немесе андрогенге қарсы сәтсіз емнен кейін жеңіл симптоматикасы бар, клиникалық тұрғыдан әзірге химиялық ем тағайындалмаған пациенттерде қуық асты безінің кастрацияға төзімді (гормонға төзімді) метастазды обырын емдеу үшін
- доцетаксел негізінде химиялық ем қолдану кезінде немесе қолданудан кейін үдейтін қуық асты безінің кастрацияға төзімді (гормонға төзімді) метастазды обыры бар пациенттерді емдеу үшін
Қолдану тәсілі және дозалары
Қолдану тәсілі
Зитига препаратын тамақтану кезінде қабылдауға болмайды. Зитига препаратын ас ішумен бір мезгілде қабылдау абиратерон ацетатының сіңуін едәуір арттырады. Зитига препаратын тамақтанудан кейін екі сағаттан немесе одан да ұзақ уақыттан соң қабылдау керек, ал таблеткалар қабылдаудан кейін кемінде бір сағат ішінде ас ішуге болмайды. Таблетканы сумен ішіп бүтіндей жұтқан жөн.
Дозалары
Ұсынылатын дозасы бір реттік тәуліктік доза түрінде 1000 мг (250 мг төрт таблетка) құрайды.
Зитига препаратын төмен дозаларда преднизонмен немесе преднизолонмен қабылдау керек. Преднизон немесе преднизолонның ұсынылатын дозасы тәулігіне 10 мг құрайды.
Хирургиялық кастрация жасалмаған пациенттерді емдеу кезінде лютеиндеуші гормон рилизинг гормоны (ЛГРГ) аналогының көмегімен дәрілік кастрация жалғастырылуы тиіс.
Зитига препаратымен емделу басталғанша, емдеудің алғашқы үш айы бойына әр 2 апта сайын, ал артынан ай сайын сарысулық трансаминазалар белсенділігін өлшеп отыру керек. Артериялық қысымды, қандағы калий концентрациясын және организмдегі сұйықтықтың іркілу дәрежесін ай сайын бағалау керек. Алайда іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің елеулі қаупі бар пациенттерде емдеудің алғашқы үш айы бойына әр 2 апта сайын, ал артынан ай сайын мониторинг жасаған жөн.
Гипокалиемиясы бұрыннан бар пациенттерде немесе гипокалиемия Зитига препаратымен емделу кезінде дамыған пациенттерде ≥ 4.0 мМ калий деңгейін сақтау қажет.
Гипертензия, гипокалиемия, ісіну мен басқа минералокортикоидты емес уыттану көріністерін қоса, ≥ 3 дәрежелі уыттылық деңгейі дамитын пациенттерде емдеуді тоқтата тұру және тиісті дәрі-дәрмектік ем тағайындау керек. Зитига препаратымен емдеуді уыттану симптомдары бастапқы деңгейде немесе 1 дәрежеде болатын сәтке дейін жаңғыртуға болмайды.
Зитига препаратын, преднизон немесе преднизолонның тәуліктік дозасын қабылдауды өткізіп алған жағдайда, емдеу келесі күні әдеттегі тәуліктік дозадан бастап жалғастырылуы тиіс.
Гепатоуыттылық
Егер препаратпен емделу барысында пациенттерде гепатоуыттану белгілері (аланинаминотрансфераза (АЛТ) немесе аспартатаминотрансфераза (АСТ) белсенділігінің жоғарғы қалып шегінен 5 есе асып кететін жоғарылауы) дамыса, емді бауыр функциясы көрсеткіштерінің толық қалыпқа түсуіне дейін дереу тоқтату керек.
Бауыр функциясының көрсеткіштері қалыпқа түскен пациенттерде қайта емдеуді күніне бір рет азайтылған 500 мг дозасынан (250 мг екі таблетка) бастауға болады. Бұл жағдайда сарысулық трансаминазалар белсенділігін бақылау үш ай бойы кемінде әр екі апта сайын, ал артынан ай сайын жүргізілуі тиіс. Егер гепатоуыттану белгілері 500 мг дозада қабылдау кезінде туындаса, Зитига препаратымен емдеуді тоқтату керек.
Егер пациенттерде емнің кез келген кезеңінде гепатоуыттылықтың ауыр түрі (аланинаминотрансфераза немесе аспартатаминотрансфераза белсенділігі жоғарғы қалып шегінен 20 есе асып кетеді) дамыса, Зитига препаратын тоқтатып, осы пациентті емдеуді қайталап жүргізбеген жөн.
Бауыр функциясының бұзылуы
Жеңіл дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А класы) бұрын анықталған пациенттерде дозаны түзету қажет емес. Бауыр функциясының орташа бұзылуының (Чайлд-Пью жіктемесіне сай В класы) абиратерон ацетатының 1000 мг тең бір реттік дозаларын ішу арқылы қабылдаудан кейін абиратерон жүйелі әсерін шамамен төрт есе арттыруы көрсетілген. Абиратерон ацетатының көп реттік дозаларының оларды бауыр функциясының бұзылуы орташа немесе ауыр (Чайлд-Пью жіктемесіне сай В немесе С класы) пациенттерге тағайындау кезіндегі клиникалық қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректер жоқ. Қандай да бір дозасын түзету болжанбайды. Зитига препаратының пайдасы ықтимал қаупінен анық басым болуы тиісті бауыр функциясының бұзылуы орташа пациенттерде пайдаланылуын мұқият бағалау керек. Зитига препараты бауыр функциясының бұзылуы ауыр пациенттерде пайдаланылмауы тиіс.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек функциясы бұзылған науқастар үшін дозасын түзету қажет емес. Зитига препаратын қуық асты безінің обыры және бүйрек функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерге тағайындағанда сақ болу керек.
Балалар
Осы дәрілік зат балаларда пайдаланылмайды, аталған жас санатында қуық асты безінің обыры болмайды.
Жағымсыз әсерлері
Зитига препаратымен емделу кезінде келесі жағымсыз әсерлер: шеткергі ісінулер, гипокалиемия, артериялық гипертензия және несеп шығару жолдарының инфекциялары ең көп жиі байқалды.
Басқа да маңызды жағымсыз реакцияларға жүрек тарапынан болатын бұзылулар, гепатоуыттану, сынулар және аллергиялық альвеолит жатады.
Айрықша нұсқаулар
Лютеиндеуші гормон рилизинг факторының (ЛГРФ) аналогы қолданылған немесе бұрын орхиэктомия жасалған қуық асты безінің метастазды обырына шалдыққан пациенттерді зерттеулерде Зитига препараты күніне 1000 мг дозада преднизонның немесе преднизолонның төмен дозасымен (күніне 10 мг) біріктіріліп қолданылды.
Клиникалық зерттеулер және постмаркетингтік қолдану кезінде байқалған жағымсыз реакциялар келесі кездесу жиілігінің жіктемесін пайдаланып, ағза жүйелерінің әрқайсысына қатысты жүйеленген: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100, <1/10), жиі емес (≥1/1000, <1/100), сирек (≥1/10000, <1/1000) және өте сирек (<1/10000), бірлі-жарым жағдайларды қоса.
Өте жиі (≥1/10)
- несеп шығару жолдарының инфекциялары
- гипокалиемия
- артериялық гипертензия
- диарея
- шеткергі ісінулер
Жиі (≥1/100, <1/10)
- сепсис
- гипертриглицеридемия, аланинаминотрансфераза және аспартатаминотрансфераза белсенділігінің жоғарылауы, гематурия
- жүрек жеткіліксіздігі, соның ішінде іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, сол жақ қарынша жеткіліксіздігі, сол жақ қарынша лықсыту фракциясының азаюы; стенокардия, аритмия, жүрекшелер фибрилляциясы, тахикардия
- диспепсия
- бөртпе
- сынулар (патологиялық сынуды қоспағанда, барлық сынуларды қоса)
Жиі емес (≥1/1000, <1/100)
- бүйрек үсті бездері функциясының жеткіліксіздігі
- миопатия, рабдомиолиз
Сирек ( ≥1/10000, <1/1000)
- аллергиялық альвеолит
- фульминантты гепатит, жедел бауыр жеткіліксіздігі
Жиілігі белгісіз
- миокард инфарктісі
Абиратерон ацетатын қабылдаған пациенттерде мынадай 3 дәрежедегі жағымсыз реакциялар білінді: әрқайсысы бөлек 3% гипокалиемия; несеп шығару жолдарының инфекциялары, аланинаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, гипертензия, аспартатаминотрансфераза деңгейінің төмендеуі, 2% сынулар; шеткергі ісінулер, жүрек жеткіліксіздігі, 1% жүрекшелер фибрилляциясы. Гипертриглицеридемия және 3 дәрежедегі стенокардия пациенттердің <1%-да байқалды. Шеткергі ісінулер, гипокалиемия, несеп шығару жолдарының инфекциялары, жүрек жеткіліксіздігі және сынулар 4 дәрежеде болып, пациенттердің <1%-да байқалды.
Жекелеген жағымсыз реакциялар сипаттамасы
Жүрек-қантамыр реакциялары
3 фазаның екі клиникалық зерттеуінен бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, соңғы 6 ай бойы миокард инфарктісімен немесе артериялық тромбоз асқынуларымен қатар жүрген клиникалық мәнді жүрек ауруы, ауыр немесе тұрақсыз стенокардиясы немесе NYHA жіктемесі бойынша III немесе IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (301 зерттеуі) немесе II-IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (302 зерттеуі) немесе <50% жүрек лықсыту фракциясы бар пациенттер шығарылған. Зерттеуге қосылған барлық пациенттер (белсенді зат қабылдағандар да, плацебо қабылдағандар да) көбінесе диабетпен, миокард инфарктісімен, ми қан айналымының бұзылуымен және жүректің кенеттен тоқтауымен астасқан ЛГРФ аналогтарын пайдаланумен бірге андроген депривациялық ем қабылдаған. 3 фаза зерттеуінде абиратерон ацетатын қабылдаған пациенттерде, плацебо қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, жүрек-қантамырлық жағымсыз реакциялар жиілігі: гипертензия 10,5% қарама-қарсы 14,5%, жүрекшелер фибрилляциясы 3,4% қарама-қарсы 3,4%, тахикардия 1,7% қарама-қарсы 2,8%, стенокардия 0,9% қарама-қарсы 1,9%, жүрек жеткіліксіздігі 0,6% қарама-қарсы 1,9% және аритмия 0,4% қарама-қарсы 1,1% құрады.
Гепатоуыттану
Абиратерон ацетатымен ем қабылдаған пациенттерде АЛТ, аспартат-трансаминаза (АСТ) және билирубин деңгейінің жоғарылауымен гепатоуыттану жағдайлары хабарланған. Клиникалық зерттеулердің бәрінде абиратерон ацетатын алған пациенттердің 4% шамасында, әдетте, емнің басталуынан кейінгі алғашқы 3 ай ішінде бауыр функциясы көрсеткіштерінің жоғарылауы (АЛТ немесе АСТ >5 х ЖҚШ жоғарылауы немесе билирубиннің >1.5 х ЖҚШ жоғарылауы) білінді. 301 клиникалық зерттеуінде АЛТ немесе АСТ деңгейі бастапқыда жоғары болған пациенттерде, емнің басында бауыр функциясының мәндері қалыпты болғандармен салыстырғанда, бауыр функциясы көрсеткіштерінің жоғарылауына бейімділік болды.
Айрықша нұсқаулар
Клиникалық сынақтарда гепатоуыттылық қаупі бастапқы гепатиті немесе бауыр функциясының елеулі бұзылулары бар пациенттерді шығарып тастау арқылы жоққа тән азайды. 301 зерттеуінен АЛТ және АСТ бастапқы мәндері бауыр метастаздары болмағанда ≥2.5 х ЖШҚ және метастаздар болғанда >5 х ЖШҚ болатын пациенттер шығарылды. 302 зерттеуінен бауыр метастаздары бар пациенттер және бастапқы АЛТ және АСТ ≥2,5 х ЖШҚ болатын пациенттер шығарылды. Клиникалық сынақтар өткізу кезінде бауыр функциясы көрсеткіштерінің ауытқулары дамыған пациенттерге емді тоқтатуға кеңес берілді және пациентте бауыр функциясының бастапқы мәндерге дейін қалыпқа түсуінен кейін ғана қайта емдеуге рұқсат етілді («Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін қараңыз). АЛТ немесе АСТ >20 х ЖШҚ көрсеткіштері бар пациенттерді қайта емдеуге рұқсат етілмеген. Ондай пациенттерде қайта емдеу қауіпсіздігі белгісіз. Гепатоуыттану механизмі белгісіз.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- белсенді затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
- әйелдердегі жүктілік немесе ұрпақ өрбіту жасы («Айрықша нұсқауларын» қараңыз)
- бауыр функциясының ауыр бұзылуы (Чайлд-Пью жіктемесіне сай С класы)
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Абиратерон ацетатына ас ішудің ықпалы
Зитига препаратын ас ішумен бір мезгілде қабылдау абиратерон ацетатының сіңуін едәуір арттырады. Тамақпен қабылданған Зитига препаратының тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған. Зитига препаратын тамақтану кезінде қабылдауға болмайды.
Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі
Абиратерон әсеріне басқа дәрілік заттардың ықпал ету қабілеті
CYP3A4 күшті индукторы рифампицинмен 6 күн бойы күніне 600 мг алдын ала ем алып, соңынан абиратерон ацетатының 1 000 мг бір реттік дозасын қабылдаған дені сау пациенттердегі фармакокинетикалық өзара әрекеттесуінің клиникалық зерттеуінде абиратерон AUC∞ орташа плазмалық мәні 55% төмендеген. Абиратеронмен емделу кезінде CYP3A4 күшті индукторларын (мысалы, фенитоин, карбамазепин, рифампицин, рифабутин, рифапентин, фенобарбитал, шайқурай [Hypericum perforatum]) қолданбау керек, оларды емдік баламасы болмаған жағдайда ғана қолдануға болады.
Дені сау еріктілердегі фармакокинетикалық өзара әрекеттесуінің жекелеген клиникалық зерттеуінде CYP3A4 күшті тежегіші – кетоконазолмен бірге қолданғанда абиратерон фармакокинетикасына клиникалық мәнді ықпал етуі болмаған.
Басқа дәрілік заттар белсенділігіне ықпал ету қабілеті
Абиратерон дәрілік заттар метаболизміне қатысатын CYP2D6 және CYP2C8 бауыр ферменттерінің тежегіші болып табылады.
Бір мезгілде абиратерон ацетаты (преднизонды қоса) мен декстрометорфан (CYP2D6 субстратын) қолданғанда декстрометорфан AUC 2.9 есе, белсенді метаболит AUC 33% ұлғайған.
Зитига препаратын CYP2D6 арқылы белсенділенетін немесе метаболизденетін дәрілік заттармен, атап айтқанда, емдік индексі тар дәрілік заттармен бір мезгілде қабылдау кезінде сақ болу керек. CYP2D6 арқылы метаболизденетін емдік индексі тар дәрілік препараттар дозасын азайту нұсқасын қарастыру қажет. CYP2D6 арқылы метаболизденетін дәрілік заттар мысалдарында метопролол, пропранолол, дезипрамин, венлафаксин, галоперидол, рисперидон, пропафенон, флекаинид, кодеин, оксикодон және трамадол қамтылады (соңғы үш препаратқа олардың ауыруды басуы белсенді метаболиттерін түзу үшін CYP2D6 қажет болады).
Дені сау тұлғаларда CYP2C8 ферментінің қатысуымен жүргізілген дәрілік өзара әрекеттесу зерттеуінде пиоглитазон мен абиратерон ацетатын бір реттік 1000 мг дозада қолдану пиоглитазон AUC 46% жоғарылауына және пиоглитазон M-III және M-IV әрбір белсенді метаболиті AUC мәнінің 10% төмендеуіне әкелді.
Алынған зерттеулер экспозициясының клиникалық мәнді ұлғаюының күтілмейтінін көрсетсе де, Зитига препаратын көбінесе CYP2C8 арқылы шығарылатын препараттармен бірге қолданғанда емдік индексі тар CYP2C8 субстраттарымен байланысты уыттану белгілерінің бар-жоғын қадағалау қажет.
In vitro, негізгі метаболиттер - абиратерон сульфаты және абиратерон сульфатының N-оксиді бауырлық қармау OATP1B1 тасымалдағышын тежейді, соның салдарынан, OATP1B1 арқылы шығарылатын дәрілік заттар концентрациясының ұлғаюына әкелуі мүмкін. Тасымалдауға негізделген өзара әрекеттесуін растайтын клиникалық деректер жоқ.
Айрықша нұсқаулар
Минералокортикоидтардың артық мөлшері салдарынан болатын артериялық гипертензия, гипокалиемия, сұйықтық іркілісі және жүрек жеткіліксіздігі
Зитига препараты гипертензия, гипокалиемия және сұйықтық іркілісін туындатуы мүмкін, бұл симптомдар CYP17 тежелісі нәтижесінде минералокортикоидтар деңгейінің өсу салдарынан болады. Бір мезгілде кортикостероидтар қабылдау адренокортикотропты гормонның (АКТГ) көтермелеуші әсерін азайтады, бұл осы қолайсыз құбылыстар жиілігі мен ауырлығының азаюына алып келеді.
Ауыр немесе тұрақсыз стенокардияға шалдыққан, миокард инфарктісін немесе қарыншалық аритмияны бастан өткерген, сондай-ақ бүйрек жеткіліксіздігі ауыр пациенттерде, артериялық қысым көтерілгенде, гипокалиемия дамығанда (мысалы, жүрек гликозидтерін қабылдайтын пациенттер) немесе сұйықтық іркілісінде жағдайы нашарлап кетуі мүмкін (мысалы, жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде) науқастарды емдегенде сақ болу керек.
Зитига препаратын сыртартқысында жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Зитига препаратымен жүргізілген 3 фаза зерттеулерінен бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, соңғы 6 ай ішінде миокард инфарктісімен немесе артериялық тромбоз асқынуларымен қатар жүрген клиникалық мәнді жүрек ауруы, ауыр немесе тұрақсыз стенокардиясы немесе NYHA жіктемесі бойынша III немесе IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (301 зерттеуі) немесе II - IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (302 зерттеуі) немесе <50% жүрек лықсыту фракциясы бар пациенттер шығарылды. 302 зерттеуінен жүрекшелер фибрилляциясы немесе дәрі-дәрмектік емді талап ететін басқа жүрек аритмиясы бар пациенттер шығарылды. Сол жақ қарыншаның <50% жүрек лықсыту фракциясы немесе NYHA жіктемесі бойынша III немесе IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (301 зерттеуінде) немесе NYHA жіктемесі бойынша II-IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (302 зерттеуінде) бар пациенттер үшін қауіпсіздігі анықталмаған.
Іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің елеулі қаупі бар (мысалы, сыртартқысында жүрек жеткіліксіздігі, бақыланбайтын гипертензиясы немесе ишемиялық жүрек ауруы бар) пациенттерді емдеуге дейін жүрек функциясын бағалау (мысалы, эхокардиография) қажет. Зитига препаратымен емделуге дейін жүрек жеткіліксіздігіне ем жүргізіліп, жүрек функциясы оңтайландырылуы тиіс.
Гипертензия, гипокалиемия және сұйықтық іркілісі әріқарай бақылаумен түзетілуі тиіс. Емделу кезінде артериялық қысымға, қан сарысуындағы калий деңгейіне, сұйықтық іркілісіне (дене салмағын қосу, шеткергі ісінулер) және іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің басқа белгілері мен симптомдарына үш ай бойы әр екі апта сайын, артынан ай сайын мониторинг өткізу керек, ал қалып шегінен ауытқулар түзетілуі тиіс. Клиникалық көрсетілімдерге сәйкес жүрек функциясын бағалап, тиісті ем тағайындау, ал егер жүрек функциясының клиникалық елеулі нашарлауы болса, Зитига препаратымен емдеуді тоқтатуды қарастыру қажет.
Гепатоуыттылық және бауыр функциясының бұзылулары
Бақыланатын клиникалық зерттеу жүргізілгенде емді тоқтатуға немесе дозаны түзетуге әкелген бауыр ферменттері деңгейінің елеулі жоғарылауы білінді. Емдеуді бастар алдында қан сарысуындағы трансаминазалар деңгейін бағалау керек, бұл талдау емнің бастапқы үш айында әр екі апта сайын және әріқарай ай сайын орындалу керек. Егер гепатоуыттануды көрсететін клиникалық симптомдар немесе белгілер білінсе, дереу қан сарысуындағы трансаминазалар деңгейін анықтау керек. Егер АЛТ немесе АСТ деңгейінің жоғарғы қалып шегіне қатысты 5 есе жоғарылауы болса, емді тоқтатып, бауыр функциясын бақылау керек. Қайта емдеу курсын осы пациент үшін бауырдың функционалдық тест нәтижелерінің бастапқы деңгейге оралуынан кейін ғана азайтылған дозаны пайдаланып өткізуге болады.
Егер пациентте емдеудің кез келген кезеңінде ауыр гепатоуыттану (АЛТ немесе АСТ жоғарғы қалып шегінен 20 есе асып кетеді) дамыған жағдайда емдеуді тоқтатып, осы пациентке қайталап ем жүргізбеген жөн.
Зитига препаратын белсенді немесе симптоматикалық вирустық гепатиті бар пациенттерде пайдалану деректері жоқ.
Абиратерон ацетатының көп реттік дозаларының бауыр функциясының бұзылуы орташа немесе ауыр пациенттерге (Чайлд-Пью жіктемесіне сай В немесе С класы) тағайындалу кезіндегі клиникалық қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректер жоқ. Зитига препаратын пайдасы ықтимал қауіптен анық басым болатын бауыр функциясының бұзылуы орташа пациенттерде пайдалану мұқият бағалануы тиіс. Зитига препараты бауыр функциясының бұзылуы ауыр пациенттерде пайдаланылмауы тиіс.
Препаратты постмаркетингтік қолдану кезінде кейбіреуі өліммен аяқталған жедел бауыр жеткіліксіздігі мен фульминантты гепатиттің сирек жағдайлары білінді («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз).
Глюкокортикостероидтарды тоқтату және стресс жағдайларын қайтару
Преднизонды немесе преднизолонды тоқтату кезінде сақтық танытып, бүйрек үсті бездері қыртысы функциясының жеткіліксіздік белгілерін бақылап отыру керек. Егер глюкокортикостероидтарды тоқтатудан кейін Зитига препаратын қолдану жалғасса, шамадан тыс минералокортикоидтар симптомдарының пайда болуын бақылау керек. Преднизон немесе преднизолон алатын пациенттерде стресс жағдайлары дамығанда стресс оқиғасының алдында, кезінде және одан кейін глюкокортикостероидтар дозасын арттыру қажет болуы мүмкін.
Сүйек асқынуларының даму қаупі
Сүйек тығыздығының төмендеуі кешеуілді сатыдағы қуық асты безінің метастазды обыры (қуық асты безінің кастрацияға төзімді обыры) бар ерлерде орын алуы мүмкін. Бұл әсері Зитига препаратын глюкокортикоидтармен біріктіріп пайдаланғанда күшеюі мүмкін.
Сыртартқыдағы кетоконазол пайдаланылуы
Бұрын қуық асты безінің обырын емдеу аясында кетоконазол алған пациенттерде төменірек клиникалық жауап күтілу керек.
Гипергликемия
Глюкокортикоидтарды пайдалану гипергликемияны күшейтуі мүмкін – соған сәйкес, қант диабеті бар пациенттерде қандағы глюкоза деңгейін жиі өлшеп отыру керек.
Химиялық еммен бірге пайдалану
Зитига препаратын цитоуытты химиялық еммен біріктіріп қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.
Қосымша заттарды көтере алмаушылық
Аталған дәрілік зат құрамында лактоза бар. Галактозаны көтере алмаушылықпен, лактаза жеткіліксіздігімен немесе глюкоза және галактозаның мальабсорбция синдромымен байланысты сирек тұқым қуалайтын бұзылулары бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы тиіс. Сондай-ақ бұл дәрілік зат құрамында төрт таблеткадан тұратын дозасына 1 ммольден көп (немесе 27.2 мг) натрий бар. Ол натрий мөлшері төмен диета ұстанатын пациенттерде ескерілу керек.
Әлеуетті қауіптер
Қуық асты безінің кастрацияға төзімді метастазды обыры бар ерлерде (Зитига препаратымен емделуден өткендерді қоса) анемия және сексуалдық дисфункция дамуы мүмкін.
Жүкті әйелдер немесе жүкті болуға қабілетті әйелдер препаратпен қолғапсыз жұмыс істемеуі тиіс.
Қаңқа-бұлшықет жүйесіне әсерлері
Зитига препаратын алған пациенттерде миопатия жағдайлары тіркелген. Кейбір пациенттерде бүйрек жеткіліксіздігімен болатын рабдомиолиз байқалған. Аталған әсерлер көптеген жағдайларда емделудің бірінші айында дамыған және Зитига препаратын қолдануды тоқтатудан кейін басылған. Қолданылуы миопатия/рабдомиолизбен байланысты болуы мүмкін препараттарды бір мезгілде алатын пациенттерде сақтық шарасын қадағалауға кеңес беріледі.
Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі Зитига препаратымен емделу кезінде емдік әсерінің төмендеу қаупі себепті CYP3A4 күшті индукторларын қолданбау керек, оларды емдік баламасы болмаған жағдайда ғана пайдалануға болады.
Бала көтеру жасындағы әйелдер
Зитига препараты әйелдерде қолдануға арналмаған.
Ерлер мен әйелдердегі контрацепция
Абиратерон немесе оның метаболиттерінің шәуһетте болуы белгісіз. Егер жүкті әйелмен жыныстық қатынас жоспарланса, мүшеқап пайдалану қажет. Егер бала көтеру жасындағы әйелмен жыныстық қатынас жоспарланса, контрацепцияның басқа тиімді әдістерімен қатар мүшеқап пайдалану қажет.
Жүктілік
Зитига препаратын әйелдерде пайдалануға болмайды. Абиратерон ацетаты жүкті әйелдерге немесе жүкті болуы мүмкін әйелдерге қарсы көрсетілімді.
Лактация
Зитига препаратын әйелдерде пайдалануға болмайды.
Ұрықтану қабілеттілігі
Абиратерон ацетатының ұрпақ өрбіту жүйесі үшін уытты әсеріне зерттеу жүргізілмеген, препараттың ұрықтану қабілетіне ықпал ету деректері жоқ.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Зитига препараты көлік құралдарын жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне қолайсыз әсерін тигізбейді.
Артық дозалануы
Зитига препаратымен артық дозалану жағдайлары болмаған. Арнайы у қайтарғысы жоқ. Артық дозаланған жағдайда қабылдауды тоқтату, сондай-ақ аритмия, гипокалиемия және сұйықтық іркілісінің белгілері мен симптомдарына мониторинг жасауды қоса, жалпы демеу шараларын қабылдау керек. Бауыр функциясын да бақылап отыру керек.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Балалардың ашып алуынан қорғайтын жүйесі бар полипропилен қақпақпен тығындалған тығыздығы жоғары полиэтилен құтыда 120 таблеткадан.
Бір құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
30°C-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Препараттың жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Патеон Инк., Канада
2100 Синтекс Корт, Миссиссауга, Онтарио L5N 7K9
Қаптаушы
Янссен-Силаг С.п.А., Италия
Тіркеу куәлігінің иесі
«Джонсон & Джонсон» ЖШҚ, Ресей.
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы:
Қазақстан Республикасындағы «Джонсон & Джонсон» ЖШҚ филиалы
050040, Алматы қ., Тимирязев к-сі, 42, № 23 «А» павильоны
Тел.: +7 (727) 356 88 11
е-mail: DrugSafetyKZ@its.jnj.com