Зиаген® (300 мг)



Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Зиаген®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Абакавир
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 300 мг
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 351,0 мг абакавир сульфаты (ол 300 мг абакавирге баламалы),
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий крахмалы гликоляты (А типі), магний стеараты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы,
қабықтың құрамы: опадрай сары YS-1-12789-A (гидроксиметилпропилцеллюлоза, титанның қостотығы (Е 171), триацетин, темірдің (III) сары тотығы (Е 172), полисорбат 80).
Сипаттамасы
Сары түсті қабықпен қапталған, капсула пішінді, екі жақ беті дөңес, таблетканың екі жақ бетінде ойып жазылған «GX 623» белгісі және сызығы бар таблеткалар
немесе
сары түсті қабықпен қапталған, капсула пішінді, екі жақ беті дөңес, бір жақ бетінде ойып жазылған «GX 623» белгісі бар және басқа жақ беті тегіс таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Вирусқа қарсы тікелей әсер ететін препараттар. Нуклеозидтер – кері транскриптаза тежегіштері. Абакавир.
АТХ коды J05AF06
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі
Препаратты ішке қабылдағаннан кейін асқазан ішек-жолынан абакавир тез және толық сіңеді. Ересектерде абсолютті биожетімділігі 83% құрайды. Ең жоғары концентрацияға жетудің орташа уақыты (t мах) шамамен 1,5 сағатты құрайды.
Зиаген® препаратын 300 мг дозада тәулігіне 2 рет қолданған кезде ең жоғары концентрациясы (Cmax) 3 мкг/мл жуықты, ал қабылдау арасындағы 12 сағаттық аралықта орташа AUC 6,02 мкг сағ/мл құрайды. 600 мг Зиаген® препаратын (2 таблетка) қолданған кезде ең жоғары концентрация (Cmax) 4,26 мкг/мл жуықты құрайды, ал AUC∞ шамамен 11,95 мкг сағ./мл тең.
Ас қабылдау абакавирдің сіңуін баяулатады және ең жоғары концентрациясын Сmax төмендетеді, бірақ плазмада AUC жалпы концентрацияға ықпалын тигізбейді, сондықтан Зиаген® препаратын ас қабылдауға қарамай-ақ қабылдай беруге болады.
Ұсақталған таблеткаларды жартылай сұйық тамақтың немесе сұйықтықтың аздаған мөлшерімен қабылдағанда препараттың фармацевтикалық сипатына, сәйкесінше оның көрсететін клиникалық тиімділігіне қандай да бір әсері күтілмейді. Бұл қорытынды пациент таблетканы 100% көлемде ұсақтайды және барлық алынған көлемді дереу қабылдайды деп болжанған, белсенді ингредиенттің физикалық-химиялық және фармакокинетикалық көрсеткіштеріне және абакавирдің судағы ерігіштік бейініне негізделген.
Таралуы
Абакавир жұлын сұйықтығына жақсы енеді; жұлын сұйықтығы мен қан плазмасында AUC-тың арақатынасы 30-44% құрайды. Абакавирді 300 мг дозада күніне екі рет қабылдауда жұлын сұйықтығындағы абакавирдің орташа концентрациясына 1,5 сағаттан кейін жетеді және 0,14 мкг/мл құрайды. Дозаны күніне екі рет 600 мг дейін ұлғайтқанда абакавирдің жұлын сұйықтығындағы орташа концентрациясы уақыт өтуіне қарай, препаратты қабылдағаннан кейін 0,5 -1 сағат ішінде 0,13 мкг/мл және 3-4 сағаттан соң 0,74 мкг/мл дейін ұлғаяды.
Ең жоғары шектегі концентрацияға кем дегенде 4 сағаттан соң жетеді, бірақ абаковирдің байқалатын мәні ІC50-ден (50% тежегіш концентрация) 9 есе жоғары болады, ол 0,08 мкг\мл немесе 0.26 мкМ (микромоль) құрайды.
Плазма ақуыздарымен байланысуы мардымсыз (шамамен 49%). Бұл басқа дәрілік заттармен плазма ақуызы байланысуында орын басу арқылы өзара әрекеттесуінің ықтималдығы аздығын көрсетеді.
Метаболизмі
Абакавир негізінен бауырда метаболизденеді. Өзгермеген қосылыстар түрінде несеппен бірге дозаның 2%-дан азы бөлініп шығады. Адам организміндегі абакавир метаболизмі көбіне алкогольдегидрогеназаның әсерімен және глюкуронидтік конюганттардың 5’-карбон қышқылы және 5’-глюкуронидтің түзілуімен байланысты. Осы метаболиттердің мөлшері қабылданған дозаның 66%-на жуығын құрайды. Метаболиттер несеппен бірге шығарылады.
Шығарылуы
Абакавирдің жартылай шығарылу кезеңі 1,5 сағатты құрайды. Препаратты ішке тәулігіне 2 рет 300 мг дозада көп рет қабылдағаннан кейін препараттың елеулі жиналып қалуы байқалмайды. Зиаген® препаратының шығарылуы бауыр метаболизмі арқылы жүзеге асады да, метаболиттердің несеппен бірге шығарылуына ұласады. Қабылданған дозаның 83%-ға жуығы метаболиттер түрінде және өзгермеген препарат түрінде шығарылады, қалған бөлігі нәжіспен бірге шығарылады.
Бауыр функциясының бұзылуы
Зиаген® көбіне бауырда метаболизденеді. Бауыр функциясының аздап бұзылуы бар пациенттерде (Чайлд-Пью шкаласы бойынша 5-6 балл) абакавир AUC-ы орташа алғанда 1,89 есе, ал жартылай шығарылу кезеңі 1,58 есе артады. Орташа және ауыр дәрежелі бауыр бұзылуы бар пациенттерде абакавирдің фармакокинетикасы туралы деректер жоқ, осыған байланысты мұндай пациенттер санатына абакавир тағайындау қарсы көрсетілімде.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Терминальді сатыдағы бүйрек жеткіліксіздігі бар және бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде фармакокинетикалық көрсеткіштері бірдей болады, осыған байланысты бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде доза төмендету қажет етілмейді.
Балалар
Балалардағы Зиаген® препаратының фармакокинетикалық параметрлері осындай ересектердікімен ұқсас, алайда балаларда плазмалық концентрация көрсеткіштері көбірек өзгеріп отырады. Препаратты дозалаудың екі еселік режимімен бір рет қабылдаудың салыстырмалы талдауы AUC шамасына әсерін көрсетпеді.
6 жасқа дейінгі балаларға Зиаген® препаратын ішке қабылдауға арналған ерітінді түрінде тағайындау ұсынылады.
Егде жастағы пациенттер
65 жастан асқан пациенттерде абакавирдің фармакокинетикасы зерттелген жоқ.
65 жастан асқан егде пациенттерді емдеген кезде оларда бауыр, бүйрек және жүрек функциясының төмендеуі орын алатындығын, оларда қатар жүретін көптеген аурулары болатындығын және антиретровирустық дәрілермен қатар, басқа да көптеген препараттарды қабылдайтындығын ескерген жөн.
Фармакодинамикасы
Зиаген® препараты кері транскриптаза тежегіштерінің нуклеозидтік класына жатады. Ол АИТВ-1 және АИТВ-2, зидовудинге, ламивудинге, зальцитабинге, диданозинге немесе невирапинге резистентті АИТВ-1 изолятын қоса, таңдап алынған күшті тежегіш болып табылады. Зиаген® карбовир 5-трифосфатының (ТР) белсенді компонентіне дейін жасушаішілік метаболизмге ұшырайды.
Зиаген® препаратының әсер ету механизмі АИТВ кері транскриптаза энзимін тежеуіне байланысты, ол РНҚ тізбегінің үзілуіне және вирус репликациясының тоқтауына әкеп соғады.
Зиаген® невирапинмен және зидовудинмен біріктірілімде синергизмге иеленген.
Зиаген® препаратының вирусқа қарсы белсенділігі жасушалар өсіріндісінде кері транскриптазаның нуклеазидтік тежегіштерімен (диданозин, эмтрицитабин, ламивудин, ставудин, тенофовир, зальцитабин) және протеаза тежегіштерімен (ампренавир) бірге қолданған жағдайда бәсеңдемейді.
Резистенттілігі
Резистенттіліктің дамуы, кері транскриптазаның белгілі бір кодондық аумағындағы (M184V, K65R, L74V және Y115F кодондар) генотиптік өзгерістерге байланысты. Абакавирге вирустық тұрақтылық «жабайы» вирусқа қатысты EC50 клиникалық елеулі ұлғаюы үшін көптеген мутациясын талап ете отырып, in vitro салыстырмалы түрде баяу дамиды.
Абакавир қатысуында зидовудин қосудың L74V және K65R таңдау жиілігін азайтатыны анықталды.
Жүргізілген зерттеулердің мета-талдауында алдын ала ем алған және басқа нуклеозидты тежегіштерге төзімді, бақыланбайтын вирус репликациясы бар пациенттердегі штаммдардың абакавирге сезімталдықтың клиникалық елеулі төмендеуі көрсетілді. Абакавирге төзімді изоляттарда сондай-ақ
ламивудинге, зальцитабинге және/немесе диданозинге сезімталдық төмендеуі мүмкін, бұл арада зидовудинге және ставудинге сезімталдығы сақталады.
Зиаген® препаратымен, ламивудинмен және зидовудинмен бастапқы емнің тиімсіздігі негізінен тек M184V мутациясына байланысты. K65R бар M184V болуы абакавир, тенофовир, диданозин және ламивудин арасындағы айқаспалы резистенттілігіне әкеледі, ал L74V бар M184V абакавир, диданозин және ламивудин арасындағы айқаспалы резистенттілігіне әкеледі. Y115F бар M184V болуы абакавир және ламивудинмен айқаспалы резистенттілігіне әкеледі. Абакавирді тиісінше пайдалану резистенттіліктің қолда бар ұсынылатын алгоритмдері көмегімен реттелуі мүмкін.
Зиаген® препараты мен протеаза тежегіштерінің немесе кері транскриптазаның ненуклеозидты тежегіштерінің арасында айқаспалы резистенттілік дамуының ықтималдығы аз.
Зиаген® препараты гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді және жұлын-ми сұйықтығында АИТВ-1 РНҚ деңгейін төмендетеді. Зиаген® препаратын ретровирусқа қарсы басқа да препараттармен біріктіргенде АИТВ инфекциясына байланысты туындайтын неврологиялық асқынуларды болдырмауда белгілі бір мәнге ие болады, сондай-ақ резистенттіліктің дамуын да баяулата алады.
Қолданылуы
- ересектердегі, жасөспірімдер және балалардағы адам иммун тапшылығы вирусын (АИТВ-инфекциясын) емдеу үшін біріктірілген антиретровирусты емнің құрамында.
Абакавирмен ем бастағанға дейін АИТВ-инфекцияланған пациенттерде, HLA-*B5701 аллельдері болуына олардың нәсіліне байланыссыз скрининг орындау керек. HLA-B*5701 тасымалдаушысы болып табылатын пациенттерге абакавир қолдануға болмайды.
Қолдану тәсілі және дозалары
Зиаген® препаратын АИТВ-инфекциясын емдеу тәжірибесі бар маман тағайындауы тиіс.
Зиаген® препаратын тамақтануға байланыссыз қабылдай беруге болады. Таблетканы тұтастай жұту керек, бірақ таблетканы тұтастай жұта алмайтын пациенттер үшін оны ұсақтаған, жартылай сұйық тамақтың немесе сұйықтықтың аздаған мөлшерімен араластырып, бірден қабылдау керек, немесе препаратты ішуге арналған ерітінді түрінде қабылдау керек.
Емдеу курсын дәрігер анықтайды.
Ересектер және дене салмағы 25 кг астам балалар және жасөспірімдер
Ұсынылатын дозасы тәулігіне 600 мг құрайды. 300 мг (1 таблетка) тәулігіне 2 рет немесе 600 мг (2 таблетка) тәулігіне 1 рет тағайындауға болады.
Балалар (дене салмағы 25 кг аз):
6 жасқа толмаған және дене салмағы 14 кг аз балаларға препараттың таблетка түрін тағайындау ұсынылмайды. Осы санаттағы пациенттер Зиаген® препаратын ішуге арналған ерітінді түрінде қабылдаулары керек
Дене салмағы 20 кг –дан 25 кг дейін болатын балалар: ұсынылатын дозасы тәулігіне 450 мг құрайды.Тағайындауға болады: 150 мг (½ таблетка) таңертең және 300 мг (1 таблетка) кешке немесе 450 мг (1½ таблетка) күніне бір рет.
Дене салмағы 14 кг –дан 20 кг дейін болатын балалар: ұсынылатын дозасы тәулігіне 300 мг құрайды.Тағайындауға болады: 150 мг-ден (½ таблетка) күніне екі рет немесе 300 мг (1 таблетка) күніне бір рет.
Үш айға толмаған балалар: препарат қабылдау ұсынылмайды, өйткені үш айға толмаған балаларда препаратты қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі және жеткіліксіз.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Дозаны арнайы таңдау қажет етілмейді.
Бүйрек жеткіліксіздігінің терминальді сатысындағы пациенттерге Зиаген® ұсынылмайды.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Бауыр функциясының елеусіз бұзылуы бар пациенттер үшін дозалау бойынша ешқандай ұсыныстар талап етілмейді. Бауыр функциясының орташа бұзылуы бар пациенттерге қатысты деректер жоқ, сондықтан егер ол аса қажет болмаса, абакавир пайдалану ұсынылмайды. Егер абакавир бауыр функциясының елеусіз және орташа бұзылуы бар пациенттерге пайдаланылса, мұқият бақылау керек, және мүмкін болғанша, плазмадағы абакавир деңгейін бақылау ұсынылады. Абакавир бауыр функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерге қарсы көрсетілімде.
Препаратты күніне екі рет қабылдаудан күніне бір рет қабылдауға өтетін пациенттер ұсынылатын тәулігіне бір рет дозасын (жоғарыда сипатталғандай) соңғы рет қабылдаудан кейін шамамен 12 сағаттан соң қабылдауы тиіс, ал содан соң күніне бір рет ұсынылатын дозасын (жоғарыда сипатталғандай) шамамен әр 24 сағат сайын қабылдауды жалғастырады. Препаратты күніне екі рет қабылдауға қайтадан өткенде пациенттер соңғы күніне бір рет қабылдаудан кейін шамамен 24 сағаттан соң күніне екі рет ұсынылатын дозасын қабылдауы тиіс.
Өткізіп алған доза
Пациент препарат қабылдауды өткізіп алған жағдайда Зиаген® препаратын есіне түскен бойда дереу қабылдау керек. Келесі дозаны әдеттегі уақытымен қабылдау керек. Пациентке екі еселенген дозаны қабылдауға болмайды.
Егер Зиаген® препаратын қабылдауды жағымсыз құбылыстардың немесе жай-күйінің нашарлауы салдарынан тоқтатса, пациент аса жоғары сезімталдықтың болжамды симптомдарын бақылау үшін емді жаңғыртар алдында дәрігерге қаралуы керек.
Жағымсыз әсерлері
Сипатталған жағымсыз реакциялардың көбі үшін олардың Зиаген® препаратын қабылдаумен, АИТВ–инфекциясын емдеуде пайдаланылатын әртүрлі дәрілік заттар қабылдаумен немесе ауру механизмімен байланыстылығы түсініксіз.
Келесі келтірілген симптомдардың көпшілігі (жүрек айнуы, құсу, диарея, қызба, сылбырлық/әлсіздік, бөртпе) әдетте абакавирге аса жоғары сезімталдығы бар пациенттерде болады. Осылайша, осы белгілердің кез келгені бар пациенттер аса жоғары сезімталдықтың реакциялары болуына мұқият зерттелуі тиіс. Егер абакавирді қабылдау осы симптомдардың қайсы бірінің дамуы себебінен тоқтатылса, емдеуді қайта жаңғырту тікелей емдеуші дәрігердің қатаң бақылауымен жүргізілуі тиіс.
Келесі келтірілген жағымсыз реакциялардың көпшілігі емдеуді шектемеген. Кездесу жиілігі келесі түрде анықталады: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100 және <1/10), жиі емес (≥1/1 000 және <1/100), сирек (≥1/10 000 және <1/1 000), өте сирек (<1/10 000, жеке-дара жағдайларды қоса), белгісіз (жиілігін бағалау мүмкін емес).
Жиі
- анорексия
- бас ауыруы
- жүрек айнуы, құсу, диарея
- қызба, қажығыштық, әлсіздік
- гиперлактатемия
- бөртпе (жүйелік симптомдарсыз)
Сирек
- май қыртыстарының қайта таралуы/ұлғаюы1, жалпы семіздік, дорсоцервикальді семіздік (Буффало өркеші), шеткері май қыртыстарының мөлшері азаюы (оның ішінде беттің тері асты майы)
- панкреатит (Зиаген® препаратын қабылдаумен байланысы анық емес)
Өте сирек
- сүт қышқылды ацидоз
- мультиформалы эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, эпидермальді уытты некролиз
Жеке- дара жағымсыз реакциялар сипаттамасы
Абакавирге аса жоғары сезімталдық реакциялары
Аса жоғары сезімталдықтың симптомдары төменде берілген. Олар клиникалық зерттеулер және маркетингтен кейінгі бақылаулар негізінде анықталды. Аса жоғары сезімталдық реакциялары бар ең кемі 10% пациенттерде пайда болған симптомдар қою шрифтімен ерекше белгіленген. Аса жоғары сезімталдық реакцияларының бір көрінісі ретінде көптеген жағдайларда қызба немесе бөртпе (макуло-папулезді немесе есекжем) болып табылады, алайда аса жоғары сезімталдық реакциялары осы симптомдар болмаған жағдайда да бақылануы мүмкін.
- бөртпе (әдетте макула-папулезді немесе уртикарлы)
- ойық жараланған стоматит, іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу, диарея
- ентігу, жөтел, тамақтың ауыруы, тыныс алудың жеткіліксіздігі, респираторлы дистресс синдромы
- қызба, сылбырлық/ қажығыштық, дімкәстік, ісінулер, лимфоаденопатия, гипотензия, конъюнктивит, анафилаксия
- бас ауыруы, парестезия
- лимфопения
__________________________________________
Басқа антиретровирусты препараттарды бірге қабылдауды қоса, мультифакторлы этиологияға ие
- функциялық бауыр сынамалары көрсеткіштерінің жоғарылауы, гепатит, бауыр жеткіліксіздігі
- креатинин деңгейінің жоғарылауы, бүйрек жеткіліксіздігі
- миалгиялар, миолиз, артралгия, креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы
Бөртпе (тиісінше 67% қарсы 81%) және асқазан-ішек жолдары тарапынан білінулер (тиісінше 54% қарсы 70%) ересектерге қарағанда балаларда жиі білінеді.
Аса жоғары сезімталдық реакцияларына байланысты симптомдар емді жалғастырғанда нашарлайды, ол өмір үшін қауіпті және өліммен аяқталуына әкелуі мүмкін.
Аса жоғары сезімталдықтың (бөртпе, қызба, дімкәстік/шаршағыштық, гастроинтестинальді немесе респираторлы симптомдар) симптомдарының қандай да бірі даму аясында абакавирді қабылдауды тоқтатқаннан кейін қайта жаңғыртқан кезде аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуының бірнеше жағдайы байқалған. Қайталанған аса жоғары сезімталдық реакциялары алғашқыға қарағанда едәуір ауырлау болуы мүмкін, ол, тіпті өмірге қауіп төндіретін гипотензияға және өлімге әкелуі ықтимал.
Жылдам үдейтін аса жоғары сезімталдық реакциялары, оның ішінде өмірге қауіпті реакциялар, аса жоғары сезімталдықтың маңызды симптомдарының (тері бөртпесі, қызба, асқазан-ішек жолдарына байланысты симптомдар, тыныс алу ағзалары, немесе сылбырлық және дімкәстік сияқты конституциялық симптомдар) тек біреуі ғана бар пациенттерде Зиаген® препаратын қабылдауды жаңғыртқаннан кейін Зиаген® препаратын тоқтатқанға дейін болған.
Иммундық реактивация синдромы
Біріктірілген антиретровирустық ем қабылдау аясында ауыр иммун тапшылығы бар АИТВ-жұқпасын жұқтырған пациенттерде асимптоматикалық немесе қалдық оппортунистік инфекцияларға қабыну реакцияларының даму ықтималдығы бар. Сондай-ақ иммундық реактивация анықталғанда туындайтын аутоиммундық бұзылулар (Гравес ауруы) дамыған жағдайлар бақыланды; алайда бұзылу пайда болу басында әртүрлі пациенттерде айырмашылығы болуы мүмкін және ем басталғаннан кейін көп айлардан кейін білінуі мүмкін.
Остеонекроз
Остеонекроз жағдайлары туралы, әсіресе қауіптің жалпы мойындалған факторлары, АИТВ үдемелі аурулары немесе біріктірілген антиретровирусты емінің ұзақ әсері бар пациенттерде хабарланған. Бұндай жағдайлар болуының жиілігі белгісіз.
Зертханалық көрсеткіштердің өзгерістері
Бақыланатын клиникалық зерттеулерде Зиаген® препаратымен емге байланысты зертханалық көрсеткіштердің қалыптан ауытқуы сирек кездесті, бұл арада Зиаген®қабылдайтын пациенттер мен бақылау тобы арасында ауру жиілігінің айырмашылығы бақыланбаған.
Препараттың болжамды жағымсыз реакциялары туралы деректер беру дәрілік заттың пайда/қаупінің арақатынасының үздіксіз мониторингін жүргізуге мүмкіндік беретін өте маңызды сәт болып табылады. Медицина қызметкерлеріне жанасулардан болған кез келген болжамды жағымсыз реакциялар туралы медициналық қолдануы бойынша нұсқаулық соңында көрсетілген байланыс деректері және ақпарат жинаудың ұлттық жүйесі арқылы ақпаратты беріп отыру керек.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- абакавирге немесе препараттың кез келген басқа компонентіне белгілі
аса жоғары сезімталдық
- бауыр функциясының орташа немесе ауыр бұзылулары
- 6 жасқа дейінгі балалар (ішке қабылдауға арналған ерітінді ұсынылады)
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Іn vitro зерттеулері нәтижелері мен абакавир метаболизмі негізінде Зиаген® препараты қатысуымен дәрілік өзара әрекеттесуінің төмен болу ықтималдығы байқалады.
Зиаген® P450 цитохромының (мысалы, СYP3A4, CYP2C9 немесе CYP2D6 сияқты) ферменттерімен елеусіз метаболизденеді және осы ферменттік жүйені тежейтін немесе индукциялайтын әсер бермейді. Зиаген® препаратының протеазаның антиретровирустық тежегіштерімен және Р450 цитохромы жүйесінің ферменттері арқылы метаболизденетін басқа препараттармен өзара әрекеттесу мүмкіндігі төмен.
Абакавир, зидовудин және ламивудин арасында клиникалық тұрғыдан маңызды өзара әрекеттесу байқалған жоқ.
Зиаген® невирапинмен және зидовудинмен біріктірілімде синергиялық әсер береді. Диданозинмен, зальцитабинмен, ламивудинмен және ставудинмен біріктірілімде аддитивті әсерге ие.
Зиаген® препаратына резистентті штаммдарда ламивудинге, зальцитабинге және/немесе диданозидинге сензімталдығы төмендеуі мүмкін, алайда зидовудинге және ставудинге сезімталдығы сақталады.
Бірге қолданған кезде этил спирті Зиаген® препаратының метаболизмін өзгертеді, соның нәтижесінде Зиаген® препаратының AUC-ы шамамен 41%-ға артады. Зиаген® препаратының қауіпсіздік бейінін есепке ала отырып, бұл өзгерістерді клиникалық тұрғыдан маңызды емес деп есептеуге болады. Зиаген® этил спиртінің метаболизміне әсерін тигізбейді.
600 мг дозада Зиаген® препаратын және метадонды біріктіріп тағайындау абакавирдің ең жоғарғы концентрациясын (Смах) 35%-ға төмендетеді және оған жету уақытын (tmax) 1 сағатқа ұзартады, мұндайда AUC шамасы өзгерген жоқ. Бұл өзгерістер Зидовудин фармакокинетикасына әсер етпейді, бірақ метадонның жүйелік клиренсінің 22% дейін ұлғаюына алып келуі мүмкін. Бұл өзгерістер клиникалық тұрғыдан маңызды емес, алайда кейде метадонның дозасын әрі қарай арттыру қажет етілуі мүмкін.
Ретиноидтар, мысалы изотретиноин, алкогольдегидрогиназаның әсерінен белсенділігі жойылады. Зиаген® препаратымен өзара әрекеттесуі мүмкін, алайда бұған зерттеулер жүргізілген жоқ.
Абакавир және рибавириннің фосфорлану жолы бір болғандықтан, бұл препараттар арасында жасушаішілік өзара әрекеттесу мүмкіндігіне теориялық түрде жол беріледі, бұл рибавириннің жасушаішілік фосфорланған метаболиттерінің төмендеуіне және соның болжамды салдары ретінде пегилирленген интерферонды рибавиринмен қабылдаған С гепатитінің инфекциямен үйлесімі бар пациенттерде С гепатитіне төзімді вирусологиялық жауабының төмендеген ықтималдығына әкелуі мүмкін. Әдебиеттерде абакавир мен рибавиринді бірге қолдануға қатысты қарама-қайшы клиникалық деректер берілген. Кейбір деректер құрамында абакавир бар антиретровирустық ем қабылдайтын АИТВ инфекциясы/С гепатиті үйлесімі бар пациенттердің пегилирленген интерферон / рибавирин еміне оң клиникалық жауаптың төмендеу қаупіне ұшырауы мүмкіндігін айғақтайды. Екі препаратты үйлесімде қолданғанда сақ болу керек.
Айрықша нұсқаулар
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Абакавир қызбамен және/немесе полиағзалық зақымданулардың басқа симптомдарымен сипатталатын аса жоғары сезімталдық реакциялары (АЖСР) даму қаупіне байланысты. Аса жоғары сезімталдықтың кейбір реакциялары өмірге қауіпті болды және қолданылған сақтық шараларына қарамастан өліммен аяқталуына әкелген.
Зерттеулер HLA-B*5701 аллель тасымалдаушылығының абакавирге аса жоғары сезімталдық реакцияларының қаупі елеулі ұлғаюына байланыстылығын көрсеткен. Алайда АЖСР бұл аллельдің тасымалдаушысы емес пациенттерде аз жиілікпен дамуы мүмкін.
Сондықтан абакавирмен ем бастағанға дейін келесі қағидаттарды қатаң ұстану керек:
- пациенттерде HLA B*5701 аллельдің болуына скрининг жүргізілуі және ем басталғанға дейін құжатталуы тиіс
- HLA B*5701 аллельдің тасымалдаушылығында пациенттерге Зиаген® препаратын қолдануға болмайды, сондай-ақ құрамында абакавир бар препараттарға (Тризивир®, Кивекса®, ТриумекТМ) АЖСР күдік бар пациенттерде
- Зиаген® препаратын қолдану дереу тоқтатылуы тиіс, тіпті HLA-B*5701 аллелі жоқ болғанда да, аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуына күдік болса
- аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуында Зиаген® препаратын және кез келген басқа құрамында абакавир бар препараттарын (КИВЕКСА®, ТРИЗИВИР®, ТРИУМЕК®) ешқашан қайталап тағайындауға болмайды
- абакавир қабылдауды жаңғыртқанда оны тоқтатқаннан кейін өмірге қауіп төндіретін артериялық гипотонияны қоса, ауыр симптомдармен қатар жүреді, АЖСР бірнеше сағат ішінде қайта жаңғырады және өліммен аяқталуына әкелуі мүмкін
- Зиаген® препаратымен емделуді өз бетінше жаңғыртудан аулақ болу үшін аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуынан кейін пациент қалған таблетканы дәрігерге қайтаруы керек.
Абакавирге АЖСР клиникалық сипаттамасы
Абакавирге аса жоғары сезімталдық реакциялары клиникалық сынақтар кезінде және тіркеуден кейінгі бақылау уақытында жақсы сипатталған. Бұл реакциялар емнің кез келген сатысында пайда болуы мүмкін болса да, симптомдары әдетте абакавир қабылдауды бастағанның алғашқы 6 аптасы ішінде (басталғанға дейін медиана уақыты 11 күн) пайда болады.
Абакавирге аса жоғары сезімталдық реакциялары туындайтын барлық дерлік пациенттерде дене температурасы жоғарылауы және/немесе бөртпе пайда болуы бақыланды. Абакавирге аса жоғары сезімталдық реакцияларының бөлігі ретінде бақыланған басқа да белгілері және симптомдары, оның ішінде респираторлық және асқазан-ішек симптомдары «Жекелеген жағымсыз реакциялар» бөлімінде егжей-тежейлі сипатталған. Бұндай респираторлық аурулар (пневмония, бронхит, фарингит) немесе гастроэнтерит сияқты симптомдардың
аса жоғары сезімталдық реакцияларын диагностикалаудың дұрыс болмауына әкелуі мүмкіндігін атап өту маңызды.
Аса жоғары сезімталдық реакцияларынан кейін абакавирді қабылдауды жаңғырту бірнеше сағат ішінде симптомдардың жылдам қайта оралуына әкеледі. АЖСР жаңғырту әдетте, бастапқыға қарағанда ауырырақ білінеді және оның ішінде өмір үшін қауіпті гипотензияны және өлімге әкелуі болуы мүмкін. Егер Зиаген қабылдауды жаңғырту туралы шешім қабылданса, бұл медициналық жәрдемге жеңіл қол жеткізе алатын болған жағдайда ғана жасалуы тиіс.
Митохондриялық дисфункция
Нуклеозидты және нуклеотидты аналогтары in vitro және in vivo зақымдану дәрежесі әртүрлі митохондриялық бұзылулар туындатуға ықпалдылығын көрсетті. Жатырішілік және/немесе постнатальді нуклеозидты аналогтардың әсеріне ұшыраған, АИТВ-теріс нәрестелерде митохондриялық дисфункция туралы хабарламалар болды. Негізгі хабарланған жағымсыз реакциялар гематологиялық бұзылыстар (анемия, нейтропения), зат алмасуының бұзылуы (гиперлактатемия, гиперлипаземия) болды. Бұл реакциялар көбіне өтпелі сипатта болады. Кешеуілдеп басталған аздаған неврологиялық бұзылыстар (гипертония, конвульсиялар, қалыпты емес мінез-құлық) туралы хабарланды. Неврологиялық бұзылыстар өтпелі болып табыла ма немесе тұрақты сипатта ма, қазіргі уақытта белгісіз. Нуклеозидты және нуклеотид аналогтарының жатырішілік әсеріне ұшыраған, тіпті АИТВ-теріс барлық нәрестелер тиісті симптомдар немесе белгілер туындаған жағдайда соңынан клиникалық және зертханалық бақылануы тиіс және болжамды митохондриялық дисфункцияға толық зерттелуі тиіс.
Бұл нәтижелер АИТВ вертикальді берілуін болдырмауға арналған жүкті әйелдерде антиретровирусты емді пайдаланудың ағымдағы ұлттық ұсыныстарына әсер етпейді.
Салмақ және метаболизмдік бұзылулар
Антиретровирусты ем уақытында дене салмағының ұлғаюы және қанда липидтер және глюкоза деңгейі жоғарылағаны анықталды. Бұндай өзгерістер ауруды немесе өмір салтын бақылау төмендеуіне байланысты болуы мүмкін.
Липидтер деңгейінде жүргізілетін емнің әсерінің айғағы бар, бұл арада дене салмағына қатысты елеулі айғақтар жоқ.
Қандағы липидтер мен глюкоза деңгейін мұқият бақылау керек. Қажет болуына қарай тиісінше ем жүргізеді.
Панкреатит
Панкреатит дамығаны туралы хабарламалар болды, алайда оның ламивудин және абакавир қабылдаумен байланысы анықталмаған.
Үштік нуклеозидты терапия
Жоғары вирусологиялық жүктемесі бар (100 000 көшірме/ мл астам) пациенттерде абакавир, ламивудин және зидовудиннің үштік біріктірілімін таңдауға жоғары зейін қойылуы тиіс.
Вирусологиялық сәтсіздіктің жағдайларының жиілігі және ерте сатыда жылдам төзімділік дамуы абакавирді тенофовир дизопроксил фумаратпен біріктірілімде бір рет қабылдау режимінде сипатталған.
Бауыр аурулары
Бауыр функциясының елеулі бұзылуы бар пациенттерде Зиаген® препаратының тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған. Созылмалы белсенді гепатитті қоса, бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде біріктірілген антиретровирустық ем кезінде бауыр сынамаларының өзгерістері жиі бақыланды. Бұндай пациенттер стандартты клиникалық практикаға сәйкес мониторингті қажет етеді. Бауыр функциясының нашарлауында жүргізілетін емнің уақытша тоқтатыла тұруы немесе тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.
Қатарлас В немесе С вирустық гепатиті бар пациенттер
Қатарлас В немесе С вирустық гепатиті бар, біріктірілген антиретровирустық ем алушы пациенттерде өмірге аса қауіпті бауыр тарапынан ауыр жағымсыз реакциялар дамуының жоғары қаупі белгіленеді. Бір мезгілде В немесе С гепатитіне вирусқа қарсы ем тағайындалғанда бұл препараттардың медициналық қолдануы бойынша нұсқаулығын оқу керек.
Абакавир мен рибавиринді үйлестіріп қолданғанда сақ болу керек.
Бүйрек аурулары
Зиаген® терминальді бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолдану үшін ұсынылмайды.
Иммундық реактивация синдромы (ИРС)
Күрделі иммун тапшылығы бар АИТВ жұқпасын жұқтырған пациенттерде антиретровирустық ем басында (АРТ) асимптомдық немесе қалдық шартты-патогенді инфекцияларға қабыну реакциялары қатарлас жүретін аурулардың клиникалық симптомдарының нашарлауын туындатуы мүмкін. Әдетте АРТ басталғаннан кейінгі бастапқы бірнеше апта немесе ай бойына цитомегаловирусты ринит, жайылған және/немесе ошақтық микобактериялық инфекциялар және пневмоцистті пневмония бақыланған. Кез келген қабыну симптомдары өз уақытында анықталуы тиіс, және қажет болуына қарай тиісті қабынуға қарсы ем жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ Зиаген® препаратын қабылдағанда аутоиммундық бұзылулар (полимиозит, Джуллиан-Барр синдромы, диффуздық уытты зоб) да кездесті, дегенмен ауру ұстамаларының уақыты жеткілікті түрде ауытқиды және Зиаген® препаратымен емді бастағаннан кейін көп айдан соң да басталуы мүмкін.
Остеонекроз
Этиологиясы көп факторлы болып саналса да (кортикостероидтар пайдалануды, алкоголь қабылдауды, иммунитеттің ауыр бәсеңдеуін, дене салмағының жоғары индексін қоса) остеонекроз жағдайлары туралы, әсіресе АИТВ ауруының кешеуілдеген сатысы бар және/немесе ұзақ уақыттық біріктірілген антиретровирустық емдегі пациенттерде хабарланды. Пациенттер егер олар буындардың жарылғандай ауыруы мен ауыруын, буын қимылының шектелуін және қозғалыс қиналысын сезінсе дәрігерге көріну керек.
Оппортунистік инфекциялар
Зиаген® препаратын немесе басқа антиретровирустық препараттарды қолданатын пациенттерде оппортунистік инфекциялар және АИТВ инфекциясының басқа да асқынулары дамуы мүмкін, сондықтан пациенттер АИТВ инфекциясын емдеу тәжірибесі бар дәрігерлердің ұдайы бақылауында болуы тиіс.
Инфекцияның жұғуы
Осы заманғы антиретровирустық ем, Зиаген® препаратын қоса алғанда, АИТВ-ң басқа адамдарға жыныстық қатынас немесе қан құю арқылы жұғуына кедергі бола алмайтынынан хабардар болулары тиіс. Тиісті қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін есте сақтаған жөн.
Миокард инфарктісі
Іс-тәжірибелік зерттеулер миокард инфарктісі мен абакавир пайдалану арасындағы байланысты көрсетті. Негізінен антиретровирустық ем қабылдап жүрген пациенттер зерттелді. Клиникалық зерттеулердің деректері миокард инфарктісі жағдайларының шектеулі санын көрсетті және аздаған қауіп жоғарылығын да жоққа шығармайды. Іс-тәжірибелік топтардан және рандомизацияланған зерттеулерден алынған жалпы қолда бар деректер кейбір бірізділіктерді көрсетеді, сондықтан абакавирмен емнің және миокард инфарктісі дамуының қаупі арасындағы себеп-салдарлы байланысты растай да алмайды, жоқ деуге де негіз жоқ. Қазіргі уақытқа дейін болжамды қауіп артуын түсіндіретін бірыңғай анықталған биологиялық механизмі жоқ. Зиаген® тағайындалғанда қауіптің барлық өзгеретін факторын ең аз етуге ұмтылу үшін шаралар қабылдау керек (мысалы, шылым шегу, гипертония және гиперлипидемия).
Фертильділігі
Жануарларға жүргізілген зерттеулер абакавирдің ұрпақ өрбіту функциясына әсер етпейтіндігін көрсетті.
Жүктілік
Абакавирді жүкті әйелдерде қолданудың бақыланатын клиникалық зерттеулері болмаған. Зиаген® препаратын ана үшін күтілетін пайдасы шаранаға келетін қауіптен басым болған жағдайда ғана пайдалануға болады.
Жүктілердің антиретровирустық Регистрінде жүктілік уақытында және босанудан кейін абакавир қабылдаған 2000 әйел зерттелді. Алынған деректер шарананың жатырішілік ақауының дамуы туындауы үшін жоғары қауіп болмайтынын көрсетеді.
Аналары антиретровирустық емде болған жаңа туған нәрестелерде сүт қышқылы деңгейінің елеусіз өтпелі жоғарылауы айқындалған, бұл митохондриялық дисфункциямен байланысты болуы мүмкін. Бұл фактінің клиникалық мәні белгісіз. Дамудың кідіруі, құрысулар және басқа неврологиялық ауытқулардың сирек жағдайлары анықталған, алайда бұл жағдайлар мен жатырішілік даму кезінде антиретровирустық препараттарды қабылдау арасында байланыс анықталмаған. Бұл деректер инфекцияның вертикальді берілуін болдырмас үшін жүкті әйелдерде антиретровирустық препараттарды қолдануға берілетін қолданыстағы ұсынымдарға әсер етпейді.
Лактация
АИТВ емшек сүтіне өтетін болғандықтан, вирустың берілуін болдырмас үшін әйелдерге ешқандай жағдайда бала емізуге болмайды. Абакавирді тәулігіне 300 мг дозада қабылдағанда емшек сүтіндегі абакавир концентрациясының плазмадағыға арақатынасы 0.9 құраған. Көптеген нәрестелерде плазмадағы абакавир деңгейі (сезімталдық шегі - 16 нг/мл) анықталмаған. Карбовир трифосфатының (абакавирдің белсенді метаболиті) жасушаішілік мөлшері анықталмағандықтан сарысудаға абакавир концентрациясының клиникалық мәні белгісіз.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Жағымсыз әсерлердің пайда болуын ескеріп, автокөлікті басқарғанда немесе қозғалыстағы механизмдермен жұмыс жасағанда сақ болған жөн.
Артық дозалануы
Симптомдары: 1200 мг дозаны және 1800 мг күндізгі дозаны бір реттік қолданғанда күтілмеген жағымсыз реакциялар жөнінде мәлімдемелер болған жоқ. Зиаген® препаратының жоғарырақ дозасының әсері белгісіз.
Емі: улану белгілерін бақылау мақсатында пациенттің жағдайын бақылап отыру және қажет болған жағдайда демеуші ем жүргізу керек. Абакавирдің гемодиализдің немесе перитонеальді диализдің көмегімен шығарылатыны-шығарылмайтыны белгісіз.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Қабықпен қапталған таблеткалар, 300 мг.
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
немесе
10 таблеткадан балалардың ашып алуынан қорғалған поливинилхлоридті үлбірден, баспалы лакталған алюминий фольгадан және картоннан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
6 пішінді қаптамадан медициналық қолдануы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
300С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
ГлаксоСмитКляйн Фармасьютикалз С.А., Польша
(ul. Grunwaldzka 189, 60-322 Poznan, Poland)
Қаптаушы
ГлаксоСмитКляйн Фармасьютикалз С.А., Польша
(ul. Grunwaldzka 189, 60-322 Poznan, Poland)
Тіркеу куәлігінің иесі
ViiV Healthcare UK Limited Ұлыбритания
(980 Great West Road, Brentford, Middlesex TW8 9GS, UK)
Зиаген «ViiV Healthcare» компаниясы тобының тіркелген саудалық белгісі болып табылады
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын, және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы
ГлаксоСмитКляйн Экспорт Лтд Қазақстандағы өкілдігі
050059, Алматы қ., Фурманов к-сі, 273
Телефон нөмірі: +7 727 258 28 92,
Факс нөмірі: + 7 727 258 28 90
Электронды поштасы: kaz.med@gsk.com
Сондай-ақ медициналық қолданылуы жөніндегі бекітілген нұсқаулықты www.dari.kz сайтынан қараңыз