Дуовир

МНН: Зидовудин, Ламивудин
Производитель: Ципла Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Zidovudine and lamivudine
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№022293
Информация о регистрации в РК: 26.07.2016 - 26.07.2021

Инструкция

Саудалық атауы

Дуовир

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 150 мг ламивудин,

300 мг зидовудин,

қосымша заттар:

ішкі түйіршіктенуі: микрокристалды целлюлоза, коллоидты кремний қостотығы, натрий крахмалы гликоляты, магний стеараты,

үлбірлі қабық құрамы: гипромеллоза Е-15, титанның қостотығы Е 171, тальк, пропиленгликоль, 2-пропанол**, тазартылған су**.

**- Соңғы өнімде болмайды, өндіріс үдерісінде буланады

Сипаттамасы

Сопақша пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «DVR» таңбасы бар және екінші жағы тегіс ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

 

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі әсер ететін вирусқа қарсы препараттар. Кері транскриптаза тежегіштері, біріктірілімдер. Ламивудин және зидовудин.

АТХ коды J05АR01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ламивудин. Ламивудин асқазан-ішек жолынан (АІЖ) жақсы сіңеді. Ішке қабылдаудан кейін ламивудин биожетімділігі, әдетте, 80-85% құрайды. Сарысудағы ламивудиннің ең жоғары концентрациясына жету уақыты (T max) 1 сағатқа жуық құрайды. Ламивудиннің емдік дозаларындағы (12 сағат аралықпен 2 қабылдауға 4 мг/кг/тәулік) ең жоғары концентрациясы (Cmax) 1-1.9 мкг/мл құрайды.

Ас ішумен бірге ламивудин қабылдау Tmax ұзартады және 47% дейін Cmax төмендетеді, алайда, жалпы сіңірілу дәрежесіне («концентрация-уақыт» қисығы астындағы AUC ауданы негізінде есептелген) ықпал етпейді, сондықтан ламивудин тамақпен қабылданғанда дозаны түзету қажет емес.

Емдік диапазонда ламивудин дозасының желілік фармакокинетикасы болады және болымсыз дәрежеде плазма ақуыздарымен байланысады (35%).

Ламивудин орталық жүйке жүйесіне (ОЖЖ) және жұлын-ми сұйықтығына (ЖМС) өтеді. Ішке қабылдаудан кейін 2-4 сағаттан соң ликвордағы ламивудин концентрациясының оның сарысудағы концентрациясына арақатынасы шамамен 1: 8 құрайды.

Ламивудин белсенді өзекшелік секреция жолымен көбінесе бүйрекпен (70%-дан аса), сондай-ақ бауырдағы метаболизм арқылы өтпен (10%-дан аз) шығарылады.

Ламивудиннің белсенді түрі – жасушаішілік ламивудин трифосфатының плазмадан шығатын T1/2 5-7 сағатымен салыстырғанда, жасушалардан едәуір ұзақ жартылай шығарылу кезеңі (T1/2)16-19 сағат болады. Тепе-тең жағдайда тәулігіне 1 рет 300 мг дозада қабылданған ламивудиннің фармакокинетикалық параметрлерінің жасушаішілік трифосфатқа тән AUC24 және Сmax көрсеткіштері бойынша тәулігіне 2 рет 150 мг дозада қабылдау кезіндегісіне баламалы екені туралы деректер бар.

Балалардағы фармакокинетикасы

Балалардағы ламивудин фармакокинетикасы ересектердегісіне ұқсас, абсолютті биожетімділігі 12 жасқа толмаған балаларда төмен (55-65%). Жасы кіші балалардағы жүйелі клиренсі жоғары және 12 жасқа қарай біртіндеп төмендейді. Осы айырмашылықты ескеріп, 3 айдан үлкен және салмағы 30 кг-ден аз балаларға ұсынылатын доза күніне 2 рет 4 мг/кг тең. осы дозада AUC0-12 – 3800-5300 нг∙сағ./мл. Балалардың басқа жас топтарымен салыстырғанда, 6 жасқа толмаған балалардағы экспозициясы 30% төмен.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттердегі фармакокинетикасы

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде плазмадағы ламивудин концентрациясы жоғары, өйткені, организмнен шығарылуы баяулаған. Креатинин клиренсі 50 мл/мин аз науқастарға ламивудин дозасын азайту қажет.

Бауыр жеткіліксіздігі орташа және ауыр пациенттердегі фармакокинетикасы

Бауыр жеткіліксіздігі орташа және ауыр пациенттерде ламивудин қолдану жөніндегі деректер бауыр функциясы бұзылуының ламивудин фармакокинетикасына елеулі ықпал етпейтінін айғақтайды.

Зидовудин. Зидовудин ішектен жақсы сіңеді. Биожетімділігі 60-70 % құрайды. Әр 4 сағат сайын 200 мг дозадағы таблеткаларда зидовудин қабылдаудан кейінгі орташа тепе-тең ең жоғарғы (Css max және Css min), тиісінше, 4,5 мкМ (немесе 1,2 мкг/мл) және 0,4 мкМ (немесе 0,1 мкг/ мл) құрайды.

Зидовудин жасушалық тимидинкиназа көмегімен вируспен зақымдалған және зақымдалмаған жасушаларда монофосфатты (МФ) туындыларға дейін фосфорланады.

Ересектерде ішу арқылы қабылдаудан кейінгі 2-4 сағаттан соң жұлын-ми сұйықтығындағы және қан плазмасындағы зидовудин концентрациясының арақатынасы 0,5 құрайды, ал балаларда 0,5-4 сағат өткенде бұл көрсеткіш 0,52-0,85 тең. Зидовудин плацента арқылы өтеді және амниотикалық сұйықтықта және ұрықтың қанында анықталады. Зидовудин шәуһет пен емшек сүтінен де табылған. Демек, бір рет 200 мг зидовудин қабылдаудан кейін сүттегі препараттың орташа концентрациясы қан плазмасындағы концентрациясына сәйкес келеді. Препараттың қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы, тиісінше, 34-38 % құрайды, орын басу механизмі бойынша басқа препараттармен бәсекелі байланысуы болжанбайды.

5'-глюкуронид зидовудиннің негізгі метаболиті болып табылады, плазма мен несептен анықталады және бүйрек арқылы шығарылатын препарат дозасынан шамамен 50-80 % құрайды.

Орташа жартылай шығарылу кезеңі, орташа жалпы клиренсі және таралу көлемі, тиісінше, 1,1 сағат, 27,1 мл/мин/кг және 1,6 л/кг құрайды.

Зидовудиннің бүйректік клиренсі креатинин клиренсінен көп асып кетеді, бұл оның басым түрде өзекшелік секреция көмегімен шығарылатынын көрсетеді.

Балалардағы фармакокинетикасы

Өмір жасы 5-6 айлықтан асқан балалардағы фармакокинетикалық көрсеткіштері ересектердегі осындаймен ұқсас.

Зидовудин ішектен жақсы сіңеді, биожетімділігі 65 % орташа мәнімен 60-74 % құрайды.

Негізгі метаболит 5'-глюкуронид болып табылады. Зидовудиннің бүйректік клиренсі басым түрде креатинин клиренсінен асып кетеді, бұл оның өзекшелік секреция арқылы елеулі шығарылуын көрсетеді. Өмір жасы 14 күнге толмаған жаңа туған нәрестелерде зидовудин глюкурондануының төмендеуі байқалып, оның биожетімділігінің артуына, клиренстің төмендеуіне және жартылай шығарылуының ұзаруына ұласады. Өмір жасы 14 күннен асқан балалардағы зидовудин фармакокинетикасы ересектердегі осындаймен ұқсас.

Егде жастағылар

65 жастан асқан пациенттердегі фармакокинетикасына қатысты зерттеулер жүргізілмеген.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр пациенттерде қан плазмасындағы зидовудиннің ең жоғары концентрациясы, оның бүйрек функциясы бұзылмаған пациенттердегі концентрациясымен салыстырғанда, 50 % жоғары. Препараттың жүйелі экспозициясы (концентрация-уақыт арақатынасының қисығы астындағы аудан ретінде анықталады) 100 % жоғары, препараттың жартылай шығарылу кезеңі елеулі өзгермейді. Бүйрек жеткіліксіздігінде глюкуронидтің негізгі метаболитінің елеулі жинақталуы байқалады, бірақ бұл орайда уытты әсер ету белгілері анықталмайды. Гемодиализ және перитонеальді диализ зидовудин элиминациясына ықпал етпейді, сонымен бірге глюкуронид шығарылуы күшейеді.

Бауыр функциясының бұзылуы

Бауыр жеткіліксіздігінде оның глюкурондануының төмендеуі салдарынан зидовудиннің жинақталуын байқауға болады, бұл препарат дозасын түзетуді талап етуі мүмкін, бірақ шектеулі деректерге байланысты пациенттердің осы санатына арналған нақты нұсқаулар жоқ.

Жүкті әйелдер

Жүктіліктің соңғы триместріндегі әйелдерде зидовудин фармакокинетикасына қатысты деректер жоқ. Жүктілік үдегенде зидовудиннің жинақталу әсері байқалмаған. Зидовудин фармакокинетикасы жүкті емес әйелдердің деректеріне сәйкес болды. Зидовудиннің плацента арқылы өтуінің баяу механизміне байланысты, оның ұрық плазмасындағы концентрациясы ана плазмасындағы концентрациясына сәйкес болды.

Фармакодинамикасы

Дуовир – құрамына АИТВ-1 және АИТВ-2 қуатты іріктелген тежегіштері болып табылатын ламивудин мен зидовудин кіретін біріктірілген вирусқа қарсы препарат. Клиникалық зерттеулер деректеріне сай, ламивудинді зидовудинмен біріктіріп қолдану қандағы АИТВ-1 вирустық жүктемесін азайтып, CD4-лимфоциттер мөлшерін көбейтеді. Зидовудинмен біріктірілген ламивудиннің АИТВ инфекциясының үдеуі мен өліммен аяқталу қаупін елеулі төмендететіні анықталған. Ламивудин алған науқастардан бөлінген АИТВ штаммдарында ламивудинге сезімталдықтың in vitro төмендеуі білінген.

Бұрын антиретровирустық ем алмаған пациенттерде ламивудинмен және зидовудинмен біріктіріп емдеу зидовудинге төзімді АИТВ штаммдарының пайда болуын кідіртеді.

Ламивудин. Ламивудин басқа да кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштерімен немесе басқа топтардың препараттармен (протеаза тежегіштері, кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштері) қосып, біріктірілген антиретровирустық ем компоненті ретінде кең таралымға ие болған. Ламивудин жасушаішілік киназалармен 5М'-трифосфатқа (ТФ) дейін бірізді метаболизденеді. Ламивудин-ТФ АИТВ кері транскриптазасына тән субстрат және осы ферменттің бәсекелі тежегіші болып табылады. Препараттың вирусқа қарсы белсенділігі оның монофосфатты түрінің вирустық ДНҚ тізбегіне қосылуымен жүзеге асады, соның нәтижесінде тізбектің үзілуі жүреді. Ламивудин трифосфатының адам жасушаларының ДНҚ-полимеразаларына едәуір аз тектестігі бар.

Ламивудинге АИТВ-1 төзімділігін дамытатын себептердің бірі – АИТВ кері транскриптазасының белсенді бөлігімен тығыз байланысты вирустық геномның M184V локусында өзгерістердің пайда болуы. M184V мутациялары бар АИТВ-1 штаммдары in vitro да, ламивудинді қамтитын біріктірілген антиретровирустық ем алатын науқастар организмінде де білінуі мүмкін. Осындай вирус штаммдары ламивудинге төмен сезімталдықпен және in vitro репликациясына қабілетінің әлсіздігімен сипатталады. In vitro зидовудинге төзімді АИТВ штаммдары ламивудинге төзімділік бір мезгілде дамыған жағдайда оған сезімтал болып кетуі мүмкін. Бұл құбылыстың клиникалық мәні анықталмаған.

M184V локусындағы мутациялар кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштерінің топтарындағы препараттарға ғана АИТВ айқаспалы төзімділігінің туындауына алып келеді. Зидовудин мен ставудин ламивудинге төзімді АИТВ-1 штаммдарына қатысты өз белсенділігін сақтайды.

Зидовудин. Зидовудин вирустық ДНҚ синтезін бұзумен және вирустар репликациясын төмендетумен вирустық ДНҚ-полимеразаға (кері транскриптазаға) әсер етеді. АИТВ кері транскриптазасы, сүт қоректілер жасушаларының полимеразасына қарағанда, зидовудиннің тежегіш әсеріне 20-30 есе көбірек сезімтал. Зидовудин АИТВ инфекциясын жұқтырған пациенттердің өмірін ұзартады, шартты патогенді микроорганизмдер тудырған инфекциялық аурулардың жиілігі мен ауырлығын төмендетеді.

Ішке қабылдаудан кейін организмде зидовудин монофосфатының зидовудин ди- және трифосфатына (ТФ) дейін фосфорлануы, тиісінше, жасушалық тимидинкиназамен және спецификалық емес киназалармен катализденеді.

Зидовудин трифосфаты (ТФ) вирустық кері транскриптаза үшін тежегіш және субстрат ретінде әсер етеді. Вирустық ДНҚ түзілуі оның тізбегіне зидовудин-ТФ енгізілуімен бөгеледі, бұл тізбектің үзілуіне алып келеді. АИТВ кері транскриптазасы үшін зидовудин-ТФ бәсекесі, адамның жасушалық ДНҚ α-полимеразасы үшін бәсекеге қарағанда, шамамен 100 есе күштірек. Дуовир вирусқа қарсы басқа препараттарға (ламивудин, диданозин, интерферон-альфа, абакавир) қатысты антагонизмге ие болады.

Қатынастан кейінгі АИТВ профилактикасы

АИТВ инфекциясы берілуінің профилактикасы бойынша халықаралық нұсқаулар АИТВ инфекциясын жұқтырған қанның кездейсоқ әсеріне ұшырағанда, мысалы, ине шаншығанда әсер етуден кейін 1-2 сағат ішінде зидовудинмен және ламивудинмен біріктірілген емді бастауға кеңес береді. Жұқтыру қаупі аса жоғары жағдайда емдеу режиміне протеаза тежегіштерін қосу керек. Антиретровирустық профилактиканы төрт апта бойы жалғастыру ұсынылады. Аталған нұсқауларды қолдау үшін бақыланатын клиникалық зерттеулер шектеулі. Антиретровирустық препараттармен тиісінше емделуге қарамастан сероконверсия орын алуы мүмкін.

Қолданылуы

- АИТВ инфекциясын емдеуде

Қолдану тәсілі және дозалары

Емдеуді АИТВ инфекциясына ем жүргізу тәжірибесі бар дәрігер атқаруы тиіс.

Дуовирді ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.

Таблетка шайнамастан бүтіндей жұтуға ұсынылады. Пациент бүтін таблетканы жұта алмайтын жағдайда оны ұсақтауға және аздаған сұйықтық мөлшерінде немесе жартылай сұйық тағамда ерітуге болады. Қоспаны дайындаған соң бірден тұтыну керек.

Ересектер және салмағы 30 кг-ден көп балалар

Тәулігіне екі рет бір таблеткадан.

Салмағы 21 кг-ден 30 кг дейінгі балалар

Таңертең ½ таблеткадан және кешкілік бүтін таблеткадан.

Асқазан-ішектік көтере алмаушылық туындағанда, төзімділікті жақсарту мақсатында тәулігіне үш рет жарты таблеткадан баламалы дозалау режимін тағайындауға болады.

Салмағы 14 кг-ден 21 кг дейінгі балалар

Тәулігіне екі рет ½ таблеткадан.

Салмағы 14 кг-ден аз балалар

Дуовир салмағы 14 кг-ден аз балаларға көрсетілген.

Егде жастағы пациенттер

Арнайы зерттеулер жүргізілмеген, бірақ осы когортада препаратты тағайындағанда бүйрек функциясының төмендеуіне және гематологиялық параметрлердің өзгеруіне байланысты сақ болу қажет.

Бүйрек жеткіліксіздігінде қолдану

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қан плазмасындағы ламивудин мен зидовудин концентрациялары оларда элиминация баяулауының салдарынан жоғарылаған. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге (креатинин клиренсі 50 мл/мин аз) бірқатар жағдайларда ламивудин мен зидовудин дозасын жекеше таңдау қажет, оларға ламивудин және зидовудин препараттарын әр бөлек тағайындау ұсынылады.

Бауыр функциясының бұзылуында қолдану

Бауыр жеткіліксіздігінде оның глюкурон қышқылымен байланысуының баяулауы нәтижесінде зидовудиннің жинақталуы білінуі мүмкін. Бауыр жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесіндегі пациенттерде зидовудин дозасын әркімге жеке таңдау мүмкіндігі болу үшін жекелеген ламивудин және зидовудин препараттарын қолдану ұсынылады.

Гематологиялық жағымсыз әсерлері бар пациенттерде қолдану

Айқын анемияда (гемоглобин деңгейі 9 г/дл аз немесе 5,59 ммоль/л) немесе нейтропенияда (нейтрофильдер саны 1,0×109/л аз) зидовудин дозасын түзету қажет болуы мүмкін. Осы жағымсыз әсерлердің даму ықтималдығы ем басталғанша сүйек кемігінің қоры азайған пациенттерде, әсіресе, АИТВ инфекциясы асқынып кеткен пациенттерде жоғары. Дуовир қолданылғанда ламивудин мен зидовудин дозаларын әркімге жеке таңдау мүмкін болмағандықтан, осы препараттарды әр бөлек қолдану ұсынылады.

Жағымсыз әсерлері

Көрініс беру жиілігіне сәйкес, жағымсыз реакциялар өте жиі (>1/10), жиі (>1/100, <1/10), жиі емес (>1/1000, <1/100), сирек (≥1/10, 000 және <1/1000), өте сирек (<1/10, 000) болып белгіленеді.

Ламивудинге реакциялар

Жиі

- бас ауыру

- гиперлактатемия

- жүрек айну, құсу, іш аумағындағы ауыру, диарея

- бөртпе, алопеция

- артралгия, бұлшықеттік бұзылулар

- әлсіздік, қажу, қызба

- ұйқысыздық

- жөтел, мұрын симптомдары

Жиі емес

- анемия, нейтропения, тромбоцитопения

- бауыр ферменттері (АСТ, АЛТ) белсенділігінің транзиторлы жоғарылауы

Сирек

- сүт қышқылды ацидоз

- шелмай қабатының қайта таралуы/жиналуы (вирусқа қарсы препараттармен біріктірілген емді қоса, мультифакторлы шығу тегі бар)

- сарысулық амилаза белсенділігінің жоғарылауы, панкреатит (препарат қабылдаумен байланысы анықталмаған)

- рабдомиолиз

- Квинке ісінуі

Өте сирек

- эритроцитарлы аплазия

- шеткергі нейропатия (парестезия). Жүргізілген еммен байланысы анықталмаған.

Зидовудинге реакциялар

Өте жиі

- жүрек айну

- бас ауыру

Жиі

- анемия (гемотрансфузия қажет болуы мүмкін), нейропения және лейкопения; бұл жағдайлар зидовудиннің жоғары дозалары (1200-1500 мг/тәулік) қолданылғанда және АИТВ инфекциясының ауыр дәрежесіндегі пациенттерде (әсіресе, емдеу басталғанша сүйек кемігінің қоры азайған пациенттерде), көбінесе CD4 жасушалар саны 100/мм3 төмен азайғанда дамиды; бұл жағдайларда препарат дозасын азайту немесе оны тоқтату қажет болуы мүмкін. Емнің басында сарысудағы нейтрофильдер санының, гемоглобин және B12 витаминінің азаюы байқалған пациенттерде нейропенияның даму жиілігі арта түседі.

- гиперлактатемия

- бас айналу

- құсу, іш аумағындағы ауыру, диарея

- бауыр ферменттері белсенділігінің және билирубиннің жоғарылауы

- миалгия

- дімкәстану

Жиі емес

- тромбоцитопения, панцитопения (сүйек кемігі гипоплазиясымен)

- диспноэ

- метеоризм

- бөртпе, қышыну

- миопатия

- қызба, жайылған ауырулар, астения

- ентігу

Сирек

- эритроцитарлы аплазия

- анорексия

- сүт қышқылды ацидоз

- шелмайдың қайта таралуы/жиналуы (вирусқа қарсы препараттармен біріктірілген емді қоса, мультифакторлы шығу тегі бар)

- мазасыздық, депрессия

- ұйқысыздық, парестезиялар, ұйқышылдық, ойлау жылдамдығының төмендеуі, құрысулар

- кардиомиопатия

- жөтел

- ауыз қуысы шырышты қабығының пигментациясы, дәм сезудің бұрмалануы

- панкреатит

- стеатозбен айқын гепатомегалия

- тырнақтар және тері жабындарының пигментациясы

- есекжем

- қатты тершеңдік

- жиі несеп шығару

- гинекомастия

- қалтырау, кеуде қуысының ауыруы, тұмау тәрізді симптомдар

Өте сирек

- апластикалық анемия

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • зидовудинге, ламивудинге және препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық

  • ауыр нейтропения (нейтрофильдер саны 0,75 х 109/л аз)

  • анемия (гемоглобин деңгейі 7,5 г/дл немесе 4,65 ммоль/л аз)

  • шеткергі нейропатия

  • бүйрек функциясының бұзылуы (креатинин клиренсі <50 мл/мин)

  • жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Дуовир препаратының құрамында ламивудин мен зидовудин бар, ол оның компоненттерінің әрқайсысына тән кез келген өзара әрекеттесуге түсуі мүмкін. Ламивудинмен метаболизмдік өзара әрекеттесу ықтималдығы зор емес, өйткені енгізілген препараттың аздаған бөлігі ғана метаболизмге ұшырайды және плазма ақуыздарымен байланысады, ал препарат толық дерлік бүйрекпен өзгеріссіз күйде шығарылады.

Төменде көрсетілген өзара әрекеттесулер осымен шектелмейді, тағайындалу кезінде сақ болу керек болатын өнімдер тобы түрінде болады.

Ламивудин қатысатын өзара әрекеттесулер. Ламивудинмен метаболизмдік өзара әрекеттесу ықтималдығы зор емес, өйткені енгізілген препараттың аздаған бөлігі ғана метаболизмге ұшырайды және плазма ақуыздарымен байланысады, ал препарат толық дерлік бүйрекпен шығарылады, бұл метаболизм жолдары ұқсас препараттар қатарлас тағайындалғанда ескерілу керек.

Бір мезгілде ламивудин мен триметоприм (ко-тримоксазол препараты компоненттерінің бірі) қабылдау осы препараттар емдік дозаларда қабылданғанда плазмадағы ламивудин концентрациясының 40% жоғарылауына алып келеді. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерге ламивудин дозасын жекеше таңдау қажет емес. Ламивудин триметоприм фармакокинетикасына ықпал етпейді. Пневмоцисттік пневмония мен токсоплазмозды емдеу кезінде ко-тримазол мен ламивудиннің жоғары дозаларын бірге тағайындау әсері зерттелмеген.

Ранитидин, циметидин ламивудин фармакокинетикасына ықпал етпейді.

Ламивудин зальцитабиннің жасушаішілік фосфорлануын бәсеңдетуі мүмкін, осыған орай, Комбивирмен және зальцитобинмен бірге емдеу ұсынылмайды.

Зидовудин қатысатын өзара әрекеттесулер. Зидовудин плазма ақуыздарымен аздаған дәрежеде байланысады, бірақ көбінесе бауыр метаболизмі арқылы белсенді емес глюкуронидке дейін элиминацияланады. Көбінесе глюкурондану жолымен бауыр метаболизмі арқылы метаболизденетін препараттар зидовудин метаболизмін әлеуетті бәсеңдетуі мүмкін.

Атоваквон: зидовудин атоваквон фармакокинетикасын бұзбайды. Алайда, фармакокинетика деректері зидовудиннің өзінің метаболитіне метаболиздену жылдамдығын атоваквонның төмендететінін көрсетеді (зидовудин мақсатты концентрацияларына жеткенде AUC 33% жоғарылаған, глюкуронидтің жоғары шекті плазмалық концентрациясы 19% төмендеген). Зидовудин тәулігіне 500 немесе 600 мг дозада қолданылғанда жедел пневмоцисттік пневмонияны емдеу үшін атоваквонмен бір мезгілдегі үш апталық емнің зидовудиннің жоғары плазмалық концентрацияларымен байланысты қолайсыз реакциялар жиілігінің артуына алып келуі мүмкін. Атоваквонмен ұзақ уақыт емдеу аясында аса сақ болу керек.

Кларитромицин: кларитромицин таблеткалары зидовудиннің сіңуін төмендетеді. Бұған кемінде екі сағат аралықпен зидовудин мен кларитромицинді әр бөлек қабылдау арқылы жол бермеуге болады.

Ламивудин: ламивудинмен бірге тағайындалғанда зидовудинге тән орташа Сmax жоғарылауы (28%) байқалады, алайда, осы орайда жалпы экспозициясына (AUC) нұқсан келмейді. Зидовудин ламивудин фармакокинетикасына ықпалын тигізбейді.

Фенитоин: қандағы фенитоин концентрациясын төмендетеді, бұл оны Комбивирмен бір мезгілде тағайындағанда қандағы фенитоин деңгейін қадағалау талап етіледі.

Пробеницид: шектеулі деректерде зидовудиннің глюкурондану үдерісінің төмендеуі және орташа жартылай шығарылу кезеңі мен AUC жоғарылауы жорамалданады. Глюкуронид пен зидовудиннің өзінің бүйректік экскрециясы пробеницидтің қатысуымен төмендейді.

Рифампицин: рифампицинмен біріктірілімі зидовудинге тән AUC 48%±34% төмендеуіне әкеледі, алайда, осы өзгерістің клиникалық мәні белгісіз.

Ставудин: зидовудин ставудиннің жасушаішілік фосфорлануын бәсеңдетуі мүмкін, осыған орай, препараттарды бірге қолдану ұсынылмайды.

Басқалары: аспирин, кодеин, метадон, морфин, индометацин, кетопрофен, напроксен, оксазепам, лоразепам, циметидин, клофибрат, дапсон, изопринозин сияқты дәрілік заттар глюкурондануды бәсекелі тежеу немесе бауырдағы микросомалық метаболизмді тікелей бәсеңдету арқылы зидовудин метаболизмін бұзуы мүмкін. Осы препараттарды Комбивирмен біріктіріп, әсіресе, ұзақ уақыт емдеуде қолдану мүмкіндігіне сақтықпен келу керек. Комбивирді, әсіресе, шұғыл емдеу кезінде, нефроуытты және миелоуытты препараттармен (мысалы, пентамидин, дапсон, пириметамин, ко-тримоксазол, амфотерицин, флюцитозин, ганцикловир, интерферон, винкристин, винбластин, доксорубицинмен) біріктіру Дуовирге жағымсыз реакциялардың даму қаупін әлеуетті арттырады. Бүйрек функциясын және қан көрсеткіштерін қадағалау және, егер қажет болса, препараттар дозасын азайту керек.

Оппортунистік инфекцияларды ко-тримоксазол, пентамидин, пириметамин және ацикловир препараттарымен емдеу жағымсыз реакциялар жиілігінің елеулі жоғарылау қаупімен қатар жүреді.

Айрықша нұсқаулар

Дуовир қолданылғанда науқастарда ауыр, өмірге қауіпті реакциялар туындауы мүмкін. Олардың арасында Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермис некрозы және терідегі бөртулермен және жалпы біліністерімен аса жоғары сезімталдық көріністері, сондай-ақ ішкі ағзалар тарапынан болатын бұзылулар бар. Пациенттерде терідегі айқын реакциялар және аса жоғары сезімталдықтың белгілері немесе симптомдары, терідегі айқын бөртулер, сулы бөртпелер, ауыз қуысы шырышты қабығының зақымданулары, конъюктивит, беттің ісінуі, бұлшықеттердің және буындардың ауыруы, жалпы дімкәстану және/немесе бауыр функциясының айқын бұзылулары туындағанда препаратты қолдануды дереу тоқтату қажет.

Бұрын панкреатит, сондай-ақ сүйек кемігі функциясының бұзылуы (гранулоциттер деңгейі 1 мм³ 1000 жасушадан аспайды немесе гемоглобин деңгейі 9,5 г/дл-ден аспайды) диагностикаланған науқастарға сақтықпен қолдану керек.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері.

Көлік құралын немесе аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсері туралы зерттеулер жоқ.

Артық дозалануы

Симптомдары – жағымсыз құбылыстардың күшеюі мүмкін.

Емі - симптоматикалық. Арнайы у қайтарғысы жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алғашқы ашылуы бақыланатын және пластмасса бұрандалы қақпағы бар тығыздығы жоғары полиэтилен құтыға (НDРЕ) ішінде 1 г силикагель бар пакетпен бірге 60 таблеткадан салады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 құтыдан картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

30ºС-ден аспайтын температурада.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Cipla Ltd.» (Ципла Лтд.), Үндістан

S – 103 to S – 105,

S – 107 to S – 112,

L – 147 to L – 147 – 1,

Verna Industrial Estate,

Verna Salcette, Goa, Indiа

Тіркеу куәлігінің иесі

«Cipla Ltd.» (Ципла Лтд.), Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Ципла-ЛТД» ҚР өкілдігі, Алматы қ., Жангелдин к-сі, 31, 416 кеңсе

Тел./факс: (727) 278 59 20, 278 59 21, 278 59 67

e-mail: reg@avitsena.kz

 

Прикрепленные файлы

081198791477976201_ru.doc 98.5 кб
017902731477977452_kz.doc 38.69 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники