Донепезил-ДТ-Тева (5 мг)

МНН: Донепезил
Производитель: Teva Pharmaceutical Works Private Limited Company
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Donepezil
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№121899
Информация о регистрации в РК: 15.12.2015 - 15.12.2020

Инструкция

Саудалық атауы

Донепезил-ДТ-Тева

Халықаралық патенттелмеген атауы

Донепезил

Дәрілік түрі

Ауыз қуысында ұсақталынатын 5 мг, 10 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 5 мг, 10 мг донепезил гидрохлориді (сәйкесінше 4.56 мг және 9.12 мг донепезилге баламалы),

қосымша заттар: маннитол, гипромеллоза 2910, сусыз коллоидты кремний, кросповидон (А типті), құрамында 85 % лактоза моногидраты және 15 % жүгері крахмалы бар Starlac®, аспартам, магний стеараты, темірдің сары тотығы (Е172)( тек 10 мг доза үшін).

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, беткейі тегіс, шеттері қиғашталған, бір жағында «L 5» таңбасы бар, диаметрі 8.8 мм жуық ақ түсті таблеткалар (5 мг доза үшін).

Дөңгелек пішінді, беткейі тегіс, шеттері қиғашталған, бір жағында «L 10» таңбасы бар, диаметрі 8.8 мм жуық сары түсті таблеткалар (10 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Психоаналептиктер. Деменцияны емдеуге арналған препараттар. Холинэстераза тежегіштері. Донепезил.

АТХ коды N06DA02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Қан плазмасында ең жоғары концентрациясына ішке қабылдағаннан кейін шамамен 3 - 4 сағаттан соң жетеді. Тамақтану донепезилдің сіңуіне әсер етпейді. Плазмалық концентрация мен «концентрация-уақыт» (AUC) қисық асты ауданы дозаға пропорционалды ұлғаяды. Қан плазмасынан жартылай шығарылу кезеңі шамамен 70 сағатты құрайды, бір реттік дозада жүйелі қолданғанда тепе-тең концентрациясына ем басталғаннан кейін, әдетте 3 апта ішінде жетеді. Тепе-тең күйге жеткеннен кейін қан плазмасындағы донепезилдің концентрациясы күні бойы аз өзгереді. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы 95% жуық. Плазма ақуыздарымен оның белсенді метаболиті 6-О-дезметилдонепезилдің байланысуы туралы мәліметтер жоқ. Организмнің әртүрлі тіндерінде донепезилдің таралуы жеткілікті зерттелмеген. Донепезил және/немесе оның метаболиттері организмде 10 күннен астам сақталуы мүмкін деп жорамалданады.

Донепезил гидрохлориді Р450 цитохромының (CYP450) 2D6 мен 3A4 изоферменттері көмегімен метаболизденеді. Өзгермеген түрде де, метаболиттер түрінде де бөлінеді. Дозаның шамамен 57% несепте (17% өзгермеген донепезил) және 14,5% нәжісте анықталады. Радиоактивті 14С таңбаланған донепезил гидрохлоридінің 5 мг бір реттік дозасын қабылдаудан кейін плазма радиоактивтілігі донепезил гидрохлориді (30%), 6-О-десметилдонепезил (11 %, донепезил гидрохлоридімен ұқсас белсенділік көрсететін жалғыз метаболит), донепезил-цис-N-оксид (9%), 5-О-десметилдонепезил (7%) және 5-О-десметилдонепезилглюкуронид (3%) есебінен қалыптасады. Донепезил гидрохлоридіне және/немесе оның метаболиттерінің энтерогепатиттік рециркуляциясына қатысты мәліметтер жоқ.

Жыныстық, нәсілдік тиесілігі, темекі тарту плазмада донепезил гидрохлоридінің концентрациясына айтарлықтай әсер етпейді.

Донепезилдің фармакокинетикасы сыналатын дені сау егде адамдар мен Альцгеймер ауруы бар пациенттерде арнайы зерттелмеген. Пациенттер қан плазмасында препараттың орташа концентрациясы осындай жас дені сау еріктілердегімен сәйкес келеді.

Бауыр функциясы жеңіл және орташа бұзылған пациенттерде қан плазмасындағы донепезилдің тепе-тең концентрациясы ұлғайған. AUC орташа мәні 48%-ға және Cmax орташа мәні 39%-ға жоғарылаған.

Фармакодинамикасы

Донепезил-ДТ-Тева - ацетилхолинэстеразаның спецификалық және қайтымды тежегіші, ол мидағы холинэстеразаның басым типі болып табылады. Препарат негізінен орталық жүйке жүйесінен тыс болатын бутирилхолинэстеразаға қарағанда бұл ферментті 1000 еседен көп тежейді. 5 мг немесе 10 мг дозада препаратты бір рет қабылдағаннан кейін эритроциттер жарғақшасында өлшенген ацетилхолинэстераза белсенділігін басу дәрежесі тиісінше 63,6% және 77.3% құрады. Донепезилдің әсерімен эритроциттерде ацетилхолинэстеразаның тежелуі ADAS-cog шкаласының (Альцгеймер ауруындағы когнитивтік функцияларды бағалау шкаласы) өзгеруімен өзара байланысты. Алзепилдің қатар жүретін неврологиялық аурулардың ағымын өзгерту қабілеті зерттелмеген. Осылайша, препарат мұндай аурулардың үдеуіне әсер етеді деп есептеуге болмайды.

Қолданылуы

- жеңіл немесе орташа ауырлық дәрежесіндегі Альцгеймер ауруын симптоматикалық емдеуде

Қолдану тәсілі және дозалары

Препаратты қатаң түрде дәрігердің тағайындауымен қолданады!

Препаратты кешке ұйықтар алдында ішке қабылдау керек. Ересектер мен егде жастағы пациенттерге препаратты тәулігіне 1 рет 5 мг бастапқы дозада тағайындайды. Таблетканы тілдің астына салады және сумен ішпестен бұрын (сумен ішу міндетті емес) оның еруін күту керек.

Емнің ерте клиникалық әсерін бағалау және донепезилдің тепе-тең концентрациясына қол жеткізу үшін бастапқы 5 мг дозаны 1 ай бойы қабылдау керек. Бір айдан соң қажетіне қарай тәулігіне 10 мг дейін (1 қабылдауға) арттыруға болады. Ұсынылатын ең жоғарғы тәуліктік доза - 10 мг. Күніне 10 мг асатын дозамен клиникалық зерттеу жүргізілмеген.

Бауыр және бүйрек функциясы бұзылғанда дозаны түзету қажет емес.

Бауыр функциясы жеңіл немесе орташа бұзылғанда экспозицияны арттыру мүмкіндігіне байланысты дозаны жекелей көтере алушылықты ескере отырып арттыру керек.

Бауыр функциясы ауыр бұзылған пациенттерде препаратты қолдану туралы жеткілікті клиникалық деректер жоқ.

Жағымсыз әсерлері

Көптеген жағдайда бұл құбылыстар басылады және препарат енгізуді тоқтатуды қажет етпейді.

Өте жиі (≥ 1/10)

- жүрек айнуы, диарея

- бас ауыруы

Жиі (≥ 1/100 - <1/10)

- суық тию (фарингит, синусит)

- анорексия

- елестеулер, қозу, озбыр мінез-құлық, әдеттен тыс түс көру, шым-шытырық түс көру (бұлар дозаны төмендеткеннен кейін немесе препаратты қабылдауды тоқтатқан соң басылады)

- естен тану, бас айналу, ұйқысыздық, қажу

- құсу, асқазан бұзылыстары

- несеп тоқтамауы

- бөртпе, терінің қышынуы

- бұлшықет түйілулері

- әртүрлі жердегі ауырулар

- жазатайым жағдай (жарақаттанушылық)

Жиі емес (≥ 1/1000 - ≤ 1/100)

- қан сарысуындағы бұлшықет креатининфосфокиназа концентрациясының елеусіз ұлғаюы

- брадикардия

- құрысу ұстамалары

- асқазан-ішектен қан кету, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы

Сирек (≥ 1/10000 - ≤ 1/1000)

- синоатриальді және атриовентрикулярлы блокада

- экстрапирамидалық симптомдар

- бауыр функциясының бұзылуы, соның ішінде гепатит

- гемоглобин және гематокрит деңгейінің төмендеуі

Өте сирек (≤ 1/10) немесе белгісіз жиілікпен бақыланатын (қолда бар деректер бойынша бағалау мүмкін емес).

- қатерлі нейролептикалық синдром

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- донепезилге, пиперидин туындыларына және препараттың басқа компоненттеріне аса жоғары сезімталдық

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Донепезил-ДТ-Тева және/немесе оның метаболиттері теофиллин, варфарин, циметидин немесе дигоксин метаболизмін тежемейді.

Дигоксин немесе циметидинмен бір мезгілде қолданғанда донепезил гидрохлоридінің метаболизмі өзгермейді.

Кетоконазол және хинидин, CYP3A4 тежегіштері (итраконазол, эритромицин) және 2D6 (флюоксетин) донепезил метаболизмін бәсеңдетеді. Дені сау еріктілерде жүргізілген зерттеулерде кетоконазол донепезилдің орташа концентрацияларын шамамен 30%-ға арттырды.

Ферменттер индукторлары (рифампицин, фенитоин, карбамазепин және этанол) донепезил деңгейін төмендетуі мүмкін. Алайда мұндай тежегіш немесе индукциялайтын әсер дәрежесі белгісіз, сондықтан препараттардың мұндай біріктірілімдерін абайлап қолдану керек. Донепезил-ДТ-Тева антихолинергиялық белсенділікке ие препараттармен өзара әрекеттесуі мүмкін.

Донепезил-ДТ-Тева препаратының сондай-ақ сукцинилхолинмен, басқа да миорелаксанттармен немесе жүрек өткізгіштігіне әсер ететін холинергиялық рецепторлар және бета-блокаторлар антагонистерімен бір мезгілде қабылдағанда синергиялық әсері бар.

Донепезил-ДТ-Тева препаратын басқа холиномиметиктермен және гликопирролат сияқты төрттік антихолинергиялық препараттармен бір мезгілде қолданғанда артериялық қысымның және жүрек жиырылуы жиілігінің атипиялық өзгерістері жағдайлары сипатталған.

Айрықша нұсқаулар

Емді Альцгеймер типтегі деменциясы бар науқастарды емдеу тәжірибесі бар дәрігер-маман ғана тағайындап, жүргізе алады. Жалпылама қабылданатын критерийлерге (мысалы, DSM IV, ICD 10) сәйкес диагноз қойылуы тиіс. Дәрілік затты қабылдауды бақылауға қабілетті адам болғанда ғана ем жүргізілуі мүмкін. Ұдайы бағаланып отыруы тиіс емдік әсері болған кезде ем жүргізіледі. Емдік әсері болмаған кезде препаратты қабылдауды тоқтату қажет. Донепезил-ДТ-Тевамен емдеуге жекелей реакцияны болжау мүмкін емес. Препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін оның әсері біртіндеп және баяу жоғалады. Препаратты қабылдауды күрт тоқтатқан жағдайда тоқтату синдромы туралы деректер жоқ.

Альцгеймер типтегі деменцияның ауыр түрі, деменцияның басқа түрі немесе жадының бұзылуы (мысалы, когнитивтік функцияның жасқа байланысты төмендеуінде) бар пациенттерде Донепезил-ДТ-Теваның тиімділігі анықталған жоқ.

Холинэстераза тежегіші бола отырып, Донепезил-ДТ-Тева жалпы анестезия жүргізгенде бұлшықет релаксациясының сукцинилхолиндік типін күшейтуі мүмкін. Сондай-ақ, жүректің жиырылу жиілігіне ваготонустық әсер көрсетуі (брадикардия туғызуы) мүмкін. Мұндай әсердің болу мүмкіндігін синустық түйін әлсіздігінде немесе синоатриальді немесе атриовентрикулярлы блокада сияқты суправентрикулярлық өткізгіштіктің басқа да бұзылуларында ескеру керек.

Естен тану және құрысу жағдайлары туралы хабарланған. Мұндай пациенттерді тексерген кезде блокада немесе ұзаққа созылатын синустық тоқтаудың болу мүмкіндігін ескеру қажет.

Ойық жараның даму қаупі жоғары пациенттерге (мысалы, сыртартқысында ойық жара ауруы бар пациенттерге немесе қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды (ҚҚСП) қабылдайтын пациенттерге) сақтық шараларын ұстану керек.

Алайда донепезилдің клиникалық зерттеулері плацебомен салыстырғанда пептидтік ойық жараның немесе асқазан-ішектен қан кетудің даму жиілігінің артуын анықтаған жоқ.

Холиномиметиктер қуық сағасының обструкциясын туғызуы мүмкін, бірақ донепезил гидрохлоридін пайдаланумен жүргізілген клиникалық зерттеулерде мұндай мәліметтер жоқ.

Холиномиметиктер жайылған құрысулар туғызуы мүмкін деп болжануда, алайда құрысулар, сондай-ақ, Альцгеймер ауруының көрінісі болуы да мүмкін. Холиномиметиктер экстрапирамидальді бұзылыстарды ушықтыруы немесе төмендетуі мүмкін.

Препаратты сыртартқысында бронх демікпесі немесе өкпенің обструкциялық аурулары бар науқастарға тағайындағанда ерекше сақ болу керек.

Донепезил-ДТ-Теваны басқа ацетилхолинестераза тежегіштерімен, холинергиялық жүйенің агонистерімен немесе антагонистерімен бір мезгілде қабылдауға болмайды.

Бауыр функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерде препаратты қолдану туралы деректер жоқ. Шығу тегі белгісіз бауыр функциясы бұзылғанда Донепезил-ДТ-Тева препаратын қабылдауды тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.

Педиатрияда қолданылуы

Донепезил-ДТ-Теваны балаларда қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген, сондықтан пациенттердің осы санатына препаратты тағайындамайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Донепезилді жүктілік және лактация кезеңінде қолдану туралы жеткілікті деректер жоқ. Препарат ұрыққа төнетін ықтимал қаупіне байланысты жүкті әйелдерге тағайындалмайды. Препаратты лактация кезеңінде қолдану қажет болса, емшекпен қоректендіруді тоқтату туралы мәселені шешіп алған жөн.

Дәрілік заттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Альцгеймер типтегі деменция автокөлікті немесе басқа механизмдерді басқару қабілетінің бұзылуымен қатар жүруі мүмкін. Бұдан бөлек, Донепезил-ДТ-Тева, негізінен емнің басында немесе дозаны арттырғанда шаршау, бас айналуы және бұлшықеттің құрысуы сезімдерін туғызуы мүмкін.

Пациенттің көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетін дәрігер бағалауы тиіс.

Артық дозалануы

Симптомдары: холинергиялық криз (айқын жүрек айнуы, құсу, сілекей ағу, тер бөлінуі, брадикардия, артериялық гипотензия, тыныстың тарылуы, коллапс және құрысулар). Тыныс алу бұлшықеттері зақымдалған кезде өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін бұлшықет әлсіздігі күшеюі мүмкін.

Емі: жалпы демеуші ем тағайындау керек. У қайтарғы ретінде үштік антихолинергиялық препараттар, мысалы, атропин көктамыр ішіне 1-2 мг бастапқы дозада қолданылады, содан соң дозаны клиникалық әсеріне байланысты таңдайды. Донепезил гидрохлоридінің және/немесе оның метаболиттерінің диализ арқылы (гемодиализ, перитонеальді диализ немесе гемофильтрация) шығарылуы туралы деректер жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан БПА / Aл / ПВХ және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған. 3 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25 0С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Teva Pharmaceutical Works Private Limited Company », Дербецен, Венгрия.

Тіркеу куәлігінің иесі

«TEVA Pharmaceuticals Industries Limited», Кфар Саба, Израиль

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасы жөнінде шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«ратиофарм Қазақстан» ЖШС

050000 Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Әл-Фараби даңғылы 19,

Нұрлы Тау бизнес орталығы, 1Б корпус, 603 кеңсе

Телефон, факс (727) 311-09-15; 311-10-68

E-mail salimzhanova@teva.co.il

Сарапшы

Аудармашы

Никбаева К.М.

Прикрепленные файлы

763743171477976323_ru.doc 117.5 кб
484824591477977570_kz.doc 89.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники