Диротон® (5 мг) (Lisinopril)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Диротон®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Лизиноприл
Дәрілік түрі
2,5 мг, 5 мг, 10 мг және 20 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат – 2,5 мг, 5 мг, 10 мг және 20 мг лизиноприл (2,72 мг, 5,44 мг, 10,89 мг, 21,77 мг лизиноприл дигидраты түрінде)
қосымша заттар: магний стеараты, тальк, маннитол, жүгері крахмалы, кальций гидрофосфат дигидраты.
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, жалпақ беткейлі, бір жағында «2,5» деген өрнегі, ойығы және екінші жағында сызығы бар ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар (2,5 мг доза үшін).
Дөңгелек пішінді, жалпақ беткейлі, бір жағында «5» деген өрнегі, ойығы және екінші жағында сызығы бар ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар
(5 мг доза үшін).
Төртбұрыш пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «10» деген өрнегі және екінші жағында сызығы бар ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар
(10 мг доза үшін).
Бесбұрыш пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «20» деген өрнегі және екінші жағында сызығы бар ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар
(20 мг доза үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Ангиотензин конвертациялаушы фермент (АКФ) тежегіштері. Лизиноприл
АТХ коды С 09A A03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі
Ас ішу лизиноприлдің сіңуіне әсер етпейді. Лизиноприлді ішу арқылы қабылдаған кезде сарысудағы концентрациясы жоғары шегіне шамамен 7 сағаттан соң жетеді. Лизиноприл сіңуінің орташа жылдамдығы 5-80 мг дозасын қабылдағанда шамамен 25 % құрайды. Емделушілер арасындағы көрсеткіштер ауытқушылығы 6-дан 60 % дейін құрауы мүмкін. Лизиноприлдің абсолютті биожетімділігі NYHA класты II-IV жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде шамамен 16 % дейін азаяды.
Таралуы
АӨФ-мен байланысудан басқа, лизиноприл қан сарысуының өзге ақуыздарымен байланыспайды. Лизиноприл аздаған дәрежеде гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді.
Шығарылуы
Лизиноприл метаболизмге ұшырамайды және тек қана бүйрекпен өзгермеген күйде шығарылады. Дозаны арттырғаннан кейін тиімді жартылай шығарылу кезеңі 12,6 сағат құрайды. Лизиноприл клиренсі шамамен 50 мл/мин құрайды. Бос белсенді заттың едәуір мөлшері шығарылғаннан кейін АӨФ-мен байланысты фракциясының баяуырақ шығарылуы болады.
Бауыр қызметінің бұзылуы
Бауыр циррозынан зардап шегетін емделушілерде лизиноприл сіңуі бауыр қызметінің бұзылуына қарай шамамен 30 % баяулайды (несеппен бөлінген кезде анықталғандай). Екінші жағынан, оның шығарылуы азайып, лизиноприл тиімділігінің 50 % артуына апарады.
Бүйрек қызметінің бұзылуы
Бүйрек қызметінің бұзылуы бүйрек арқылы шығарылатын лизиноприл шығарылуын азайтады. Гломерулярлы сүзіліс деңгейі 30 мл/минуттан аз құраған жағдайда ғана осы азаюы клиникалық мәнге ие болады. Егер креатинин клиренсі 30-80 мл/мин құраса, қисық астындағы орташа ауданы тек 13 % ұлғаяды. Егер креатинин клиренсі 5-тен 30 мл/минутқа дейін құраса, бұған қарамастан, қисық астындағы орташа ауданы қалып шегімен салыстырғанда 4,5 есе ұлғаяды. Лизиноприлді диализ арқылы шығаруға болады.
Жүрек жеткіліксіздігі
Жүрек жеткіліксіздігі болғанда лизиноприлдің әсер етуі дені сау емделушілермен салыстырмалы ұлғаяды (AUC шамамен 25 % ұлғаяды). Екінші жағынан, лизиноприлдің абсолютті биожетімділігі жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде шамамен 16 % дейін төмендейді.
Егде жастағы емделушілер
Егде жастағы емделушілерде лизиноприл деңгейі, әдетте, бүйрек қызметінің бұзылу себебінен жоғары; AUC, жастау емделушілерге қарағанда, шамамен 60 % жоғары.
Фармакодинамикасы
Диротон® ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштерінің тобына жатады, плазмада ангиотензин ІІ және альдостерон деңгейін төмендетіп, брадикинин вазодилататоры концентрациясын бір мезгілде арттырады. Тамырлардың шеткергі кедергісінің және артериялық қысымның төмендеуін туындатады, жүректің минуттық көлемі жүректің жиырылу жиілігі өзгермегенде артуы мүмкін. Лизиноприл бүйректегі қан айналымын жақсартуға қабілетті.
Гипергликемияға шалдыққан емделушілерде зақымданған гломерулярлы эндотелий қызметінің қалпына келуіне ықпал етеді.
Лизиноприлдің гипотензиялық әсері, әдетте, қабылдағаннан кейін бір сағат ішінде көрініс беріп, жоғары шегіне 6 сағаттан соң жетеді. Әсер ету ұзақтығы дозаға байланысты және 24 сағат құрайды. Гипотензиялық әсері препаратты ұзақ уақыт қолданғанда азаяды. Препаратты күрт тоқтатқанда артериялық қысымның қатты түсіп кетуі (тоқтату синдромы) байқалмайды.
Негізгі әсерінің ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесімен жүзеге асатынына қарамастан, тиімділігі плазмадағы ренин мөлшері төмен гипертензиядан зардап шегетін емделушілерде расталған.
Қан қысымын тікелей төмендетуінен тыс, Диротон® бүйректің гломерулярлы аппаратының гистология және гемодинамика өзгерістері есебінен альбуминурияны азайтады. Қант диабетіне шалдыққан науқастарда қандағы қант деңгейінің ауытқулары да, гипогликемияның жиілеуі де байқалмаған.
Қолданылуы
- гипертензияда (монотерапия ретінде немесе гипертензияға қарсы басқа препараттармен біріктіріп)
- симптоматикалық артериялық гипертензияда, соның ішінде гипертензиямен және бастапқы нефропатиямен асқынған 2 типті қант диабетінде
- жүрек жеткіліксіздігінде (біріктірілген ем құрамында)
- сол жақ қарынша қызметінің бұзылуы мен жүрек жеткіліксіздігі дамуының алдын алу үшін, сондай-ақ тіршілік қабілетін арттыру мақсатында гемодинамикасы тұрақты болатын жедел миокард инфарктісінде алғашқы 24 сағатта (біріктірілген ем құрамында)
Қолдану тәсілі және дозалары
Көрсетілімдеріне қарамастан, ас ішуге байланыссыз тәулігіне бір рет, күннің белгілі бір уақытында қабылдау керек, өйткені тамақ сіңуге әсер етпейді.
Эссенциальді гипертензия
Басқа гипотензиялық дәрілер қабылдап жүрмеген емделушілерге ұсынылатын бастапқы доза - тәулігіне 10 мг. Әдеттегі демеуші дозасы 20 мг/тәулік құрайды; дозаны қысымға қарай тәулігіне 40 мг дейін арттыруға болады. Егер емдік әсері жеткіліксіз болса, емді гипертензияға қарсы басқа препаратпен толықтыру керек.
Дозаны арттырған кезде гипотензиялық әсері толық көрініс беруі үшін 2-4 апта қажет екенін ескерген жөн.
Диуретиктік дәрілер қабылдап жүрген науқастар жағдайында Диротонмен® емделуді бастардан 2-3 күн бұрын диуретиктік препараттар қабылдауды тоқтату керек. Бұл мүмкін болмаған жағдайларда Диротонның® бастапқы дозасы тәулігіне 5 мг-ден аспауы тиіс, бұл орайда алғашқы доза қабылданғаннан кейін науқастарды дәрігерлік бақылаумен қамтамасыз ету ұсынылады, өйткені симптоматикалық гипотония дамуы мүмкін (ең жоғары әсері препаратты қабылдағаннан кейін 6 сағаттан соң көрініс береді).
Реноваскулярлы гипертензия және ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесі белсенділігінің жоғарылауына байланысты басқа да жағдайлар.
Ұсынылатын бастапқы дозасы артериялық қысымды, бүйрек қызметін, сарысудағы калий деңгейін қатаң бақылаумен 2,5-5 мг/тәулік құрайды. Демеуші дозасы қатаң бақылануы үзілмейтін артериялық қысымның байқалатын реакциясына сәйкес титрленуі тиіс.
Бүйрек жеткіліксіздігінде қолдану ерекшеліктері
Лизиноприл шығарылуы бүйрек арқылы жүзеге асатындықтан, бастапқы дозасы креатинин клиренсі көрсеткіштеріне байланысты, демеуші дозасы клиникалық реакцияға байланысты және бүйрек қызметі көрсеткіштерін, қандағы калий мен натрий концентрациясын жүйелі өлшеумен таңдалады.
Креатинин клиренсі (мл/мин) |
Бастапқы дозасы (мг/ тәулік) |
30-70 10-30 < 10 (гемодиализде жүрген науқастарды қоса)* |
5-10 2,5-5 2,5# |
* гемодиализ жүргізген уақытта лизиноприл қабылдауды тоқтатуға болады.
# Дәрілік препарат дозасы мен қабылдау жиілігі артериялық қысымды төмендету параметрлері бойынша белгіленеді.
Лизиноприлдің ең жоғары дозасы 40 мг/тәулік құрайды.
Жүрек жеткіліксіздігі
Диротонды® диуретиктермен және/немесе дигиталиспен бір мезгілде қолдануға болады. Бұл орайда, мүмкіндігінше, алдын ала диуретик дозасын азайту керек. Бастапқы дозасы 2,5 мг құрайды; оны әдеттегі 5-20 мг/тәулік демеуші дозасына дейін біртіндеп арттыруға болады.
Ұсынылатын дозаны арттыру коэффициенті 2 аптадан кейін 10 мг-ден көп болмау керек. Диротонның® ең жоғарғы тәуліктік дозасы тәулігіне 35 мг құрайды.
Емдеу курсын бастар алдында және емделу кезінде артериялық қысымды, бүйрек қызметін, сарысудағы калий мен натрий деңгейін жүйелі бақылау қажет, өйткені, бүйрек қызметінің бұзылуымен қатар жүретін гипотензия дамуы мүмкін.
Диабеттік нефропатия
Гипертензиямен және бастапқы сатыдағы нефропатиямен асқынған 2 типті қант диабетінде тәуліктік доза тәулігіне бір рет 10 мг Диротон® құрайды. Қажет болса, дозаны диастолалық артериялық қысымды сын. бағ. 90 мм төмен түсіру үшін тәулігіне 20 мг дейін арттыруға болады.
Жедел миокард инфарктісі
Диротонды® инфаркт алудан кейінгі алғашқы 24 сағатта қолданған жағдайда препараттың бастапқы дозасы 5 мг құрайды, 24 сағаттан соң қайтадан 5 мг, 48 сағаттан соң 10 мг тағайындалады, әріқарай демеуші доза 10 мг құрайды. Емдеу курсының ұзақтығы – 6 апта. Қажет болған жағдайда емдеуді осындай жағдайлардағы әдеттегі сызба бойынша жүргізеді, мысалы, тромболитиктер, ацетилсалицил қышқылы және b-блокаторлар тағайындалады.
Төмен систолалық қысым кезінде (£ 120 мм сын. бағ.) емдеуді төмен дозадан (2,5 мг/тәулік) бастайды. Систолалық қысым £ 100 мм сын. бағ. болатын гипотензия дамыған жағдайда демеуші дозаны күніне 5 мг дейін азайтады, қажет жағдайда уақытша тәулігіне 2,5 мг тағайындауға болады.
Тұрақтанған гипотензияда (бір сағаттан астам уақыт ішінде систолалық қысым < 90 мм сын. бағ.) препарат қабылдауды тоқтата тұру керек.
Егде жастағы емделушілерде қолдану
Клиникалық зерттеулерде жас шамасына қарай лизиноприлмен емдеу тиімділігінде немесе қауіпсіздігінде айырмашылықтар анықталмаған. Өйткені, егде жаста бүйрек қызметінің төмендеуі жиі байқалады, бүйрек жеткіліксіздігінде қабылдайтын дозасын белгілеу керек.
Бүйрек трансплантаты бар емделушілерде қолдану
Лизиноприлді емделушілерде тікелей бүйрегін ауыстырып салғаннан кейін қолдану тәжірибесі жоқ, мұндай емделушілерге Диротонмен® емдеу ұсынылмаған.
Жағымсыз әсерлері
Жағымсыз әсерлері, әдетте, жеңіл және өткінші сипатта болады, әрі сирек жағдайларда ғана емдеуді тоқтатуды талап етеді.
Жиі (≥1/100-ден < 1/10-ға дейін)
- бас айналу, бас ауыру, ортостатикалық гипотония, әлсіздік
- құрғақ жөтел
- жүрек айну, құсу, диарея
- тері бөртпесі
- кеуденің ауыруы
- бүйрек қызметінің бұзылуы
Жиі емес (≥1/1000-нан < 1/100-ге дейін)
- парестезия, вертиго, дәм сезу бұзылысы, көңіл-күйдің өзгеруі, ұйқының бұзылуы, ми қан айналымының бұзылуы
- қажу, астения
- тахикардия, миокард инфарктісі
- диспепсия, іш аумағындағы ауыру
- бет, аяқ-қол, ерін, тіл, таңдай мен көмейдің ісінуімен жоғары сезімталдық реакциялары, эритема, қышыну
- мұрынның шырышты қабығының қабынуы
- Рейно ауруы
- импотенция
- гиперкалиемия, азотемия, креатинин деңгейінің көтерілуі, қандағы мочевина деңгейінің және бауыр трансаминазалары белсенділігінің жоғарылауы
Сирек (≥1/10000-нан < 1/1000-ға дейін)
- сананың шатасуы
- ауыздың кеберсуі
- есекжем, алопеция, псориаз
- гинекомастия
- гематокриттің жоғарылауы, гемоглобин деңгейінің төмендеуі, сарысулық билирубин деңгейінің артуы, гипонатриемия
- уремия, бүйрек жеткіліксіздігі
Өте сирек(< 1/10000)
- аутоиммундық ауру
- гипогликемия
- бронх түйілуі, синусит, аллергиялық альвеолит, эозинофильді пневмония
- панкреатит, гепатоцеллюлярлы немесе холестатикалық сарғаю, гепатит, бауыр жеткіліксіздігі
- интестинальді ангионевротикалық ісіну
- қатты терлеу, сулы бөртпе, уытты эпидермалық некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, полиморфты эритема, терінің жалған лимфомасы
- олигурия /анурия
- сүйек кемігі қызметінің бәсеңдеуі, анемия, тромбоцитопения, лейкопения, нейтропения, агранулоцитоз, гемолитикалық анемия, лимфаденопатия
Жиілігі белгісіз
- естен тану
- депрессия
Тері реакциялары ысынумен, бұлшықеттердің ауыруымен, артралгиямен, васкулитпен, эозинофилиямен, лейкоцитозбен және/немесе антинуклеарлы антиденелерге оң реакциямен қатар жүруі мүмкін. Ауыр тері реакциясы дамығанда лизиноприлмен емдеуді үзіп, дереу емдеуші дәрігерге қаралу керек.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың қандай да бір компонентіне жоғары сезімталдық
- сыртартқыдағы қандай да бір АӨФ тежегішінен болған аллергиялық ісіну
- тұқым қуалайтын немесе идиопатиялық ангиодема
- алғашқы гиперальдостеронизм
- гемодинамика тұрғысынан елеулі сипаттағы қолқа сағасының немесе митральді клапанның стенозы
- гипертрофиялық кардиомиопатия
- жүктілік, лактация кезеңі
- кардиогенді шок
- жедел миокард инфарктісінен кейінгі гемодинамикалық тұрақсыз жағдай
- жедел миокард инфарктісі және бүйрек қызметінің төмендеуі бар науқастар (креатинин клиренсі >177 мкмол/л және/немесе > 500/24 сағат)
- бүйрек артериясының екі жақты стенозы немесе жалғыз бүйректің бүйрек артериясының стенозы
- бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдай
- үдемелі азотемия, гиперкалиемия
- 18 жасқа дейінгі балаларға
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Диротонды® мынадай препараттармен бір мезгілде қолдану жоғары зейін қоюды талап етеді:
калий жинақтаушы диуретиктермен (спиронолактон, триамтерен, амилорид), калиймен және құрамында калий бар тұз алмастырғыштармен. Мұндай жағдайларда, ең алдымен, бүйрек қызметі бұзылғанда гипергликемия дамуы мүмкін, сондықтан тек ықтимал зардаптарын бағалаудан кейін және сарысудағы калий деңгейін де, бүйрек қызметін де жүйелі бақылау кезінде осы препараттарды бір мезгілде қолдануға болады.
Сақтықпен бірге тағайындауға болады: диуретиктермен. Лизиноприлмен несеп айдағыш дәрілерді бір мезгілде қабылдау, әдетте, гипотензиялық әсер көрсетеді. Несеп айдағыш дәрілер қабылдайтын емделушілерді емдеуге Диротон® қосылған кезде ерекше сақтық таныту керек, өйткені жасушааралық сұйықтық көлемінің азаюы және/немесе организмнен натрий хлоридінің шамадан тыс шығарылуы салдарынан артериялық қысым едәуір түсіп кетуі мүмкін. Лизиноприл дозалануын белгілеу басталғанша, сондай-ақ АӨФ тежегіштерінің төмен дозаларымен емдеудің басында несеп айдағыш дәрілер қабылдауды тоқтатып және сұйықтық көлемін немесе тұз тұтынуды көбейтіп симптоматикалық гипотензияның даму қатерін төмендетуге болады.
Гипертензияға қарсы басқа да дәрілер
Гипертензияға қарсы басқа да қатарлас препараттар қабылдау Диротонның® гипертензияға қарсы әсерін күшейтуі мүмкін.
Нитроглицерин мен басқа нитраттарды немесе өзге де тамыр кеңейткіш дәрілерді бір мезгілде қабылдау артериялық қысымды қосымша төмендетуі мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (дозасы 3 г/тәулік ацетилсалицил қышқылын қоса)
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП) АӨФ тежегіштерінің гипотензиялық әсерін төмендетуі мүмкін. Сонымен бірге, ҚҚСП және АӨФ тежегіштері туғызған сарысудағы калий деңгейінің жоғарылауы хабарланады, бұл бүйрек қызметінің бұзылуын туғызуы мүмкін. Осы әсер, әдетте, қайтымды, ал ол бәрінен бұрын бүйрек қызметінің алдыңғы бұзылуы бар емделушілерде көрініс беруі мүмкін.
Ацетилсалицил қышқылы, тромболитикалық препараттар, бета-блокаторлар, нитраттар
Лизиноприлді ацетилсалицил қышқылымен (кардиологиялық дозаларда), тромболитикалық препараттармен, бета-блокаторлармен және/немесе нитраттармен бір мезгілде, қадағалай отырып, қолдануға болады.
Литий препараттары
АӨФ тежегіштері литийдің шығарылуын төмендетіп, бұл уыттылығының артуымен қатар жүруі мүмкін. Осы деректі назарға алып, Диротонды литий препараттарымен бір мезгілде қабылдау ұсынылмаған, дегенмен егер осы препараттарды бір мезгілде қабылдау қажет болса, сарысудағы литий деңгейін ұдайы бақылап отыру керек.
Диабетке қарсы дәрілер
Диабетке қарсы дәрілерді АӨФ тежегіштерімен бір мезгілде қабылдау инсулин мен сульфонилмочевинаның гипогликемиялық әсерін күшейтуі мүмкін, бұл симптоматикалық гипогликемияның даму қатерін арттырады. Дегенмен де, глюкозаға төзімділік артқанда инсулин мен сульфонилмочевинаның қажетті дозасын азайтуға болады. Осы өзара әрекеттесу, әдетте, бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде біріктірілген емнің алғашқы аптасында көрініс береді.
Симпатомиметиктер
Симпатомиметиктер АӨФ тежегіштерінің гипотензиялық әсерін төмендетуі мүмкін. Осы себептен, қалаулы емдік әсерге жеткенін анықтау үшін емделушінің артериялық қысымын аса мұқият бақылау қажет.
Үш циклды антидепрессанттар / нейролептиктік дәрілер / жансыздандыратын дәрілер
Үш циклды антидепрессанттар, нейролептиктік дәрілер немесе жансыздандыратын дәрілерді бір мезгілде қабылдау Диротонның® гипотензиялық әсерін күшейтуі мүмкін.
Алтын
Алтын (мысалы, натрий ауротиомалат) инъекциясының салдарынан болатын нитритоидты реакциялар (вазодилатация симптомдары, ауыр түрде білінуі мүмкін гиперемия, жүрек айну, бас айналу және гипотензияны қоса) лизиноприлді бір мезгілде қабылдайтын емделушілерде жиірек байқалады.
Айрықша нұсқаулар
Симптоматикалық гипотензиямен қатар жүретін артериялық қысымның төмендеуі гиповолемияға шалдыққан және/немесе несеп айдағыш дәрілермен емделу, ас тұзын тұтынуды шектеу және сұйықтық жоғалтудың басқа түрлері (қатты терлеу, ұзаққа созылатын құсу, диарея, диализ) нәтижесінде, сондай-ақ жүрек жеткіліксіздігі жағдайында пайда болатын жасушааралық сұйықтық көлемі азайып кеткен емделушілерде болуы мүмкін. Гипотензия туындағанда емделушіні жатқызған жөн, міндетті түрдегі шаралар ретінде көктамыр ішіне сұйықтық құю (физиологиялық ерітінді құю) ұсынылған. Өткінші гипотензия, әдетте, әріқарай емделу үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды, сонда да уақытша тоқтату немесе дозаны азайту қажеттілігі туындауы мүмкін.
Мүмкіндігінше, лизиноприлмен емдеу басталғанша гиповолемияны және/немесе жасушааралық сұйықтық көлемінің азаюын жойып, бастапқы дозаның артериялық қысымға әсер етуін мұқият бақылап отыру керек. Ми қан айналымының бұзылуы немесе жүректің ишемиялық ауруы жағдайында артериялық қысымның бастапқыда күрт түсіп кетуі инсульт немесе миокард инфарктісіне себеп болуы мүмкін.
Жедел миокард инфарктісі дамыған жағдайда, егер тамыр кеңейткіш препараттармен емдеу емделушінің гемодинамикалық статусын нашарлатуы мүмкін болса (мысалы, егер систолалық артериялық қысым 100 мм сын. бағ. немесе одан төмен болса) немесе кардиогенді шок жағдайында лизиноприл қолдануға тыйым салынған. Егер систолалық артериялық қысым 120 мм сын. бағ. немесе одан төмен болса, төмен дозаларын (2,5 мг/тәулік) инфарктіден кейін алғашқы 3 тәулік ішінде қолдану керек. Гипотензияда демеуші дозаларын 5 мг дейін немесе уақытша 2,5 мг дейін азайту керек. Тұрақтанған гипотензияда (1 сағаттан астам уақыт ішінде систолалық артериялық қысым 90 мм сын. бағ. төмен) осы препаратпен емдеуді тоқтата тұру керек.
Қолқа стенозы / гипертрофиялық кардиомиопатия: барлық тамыр кеңейткіш дәрілер сияқты, АӨФ тежегіштерін осының алдында ағып шығатын жолдардың тарылуы болуына орай, сақтықпен қолдану керек.
Бүйрек қызметінің бұзылуы: Бүйрек артериясының стенозы жағдайында (атап айтқанда, екіжақты стеноз немесе жалғыз бүйрек артериясының стенозы жағдайында), гиповолемия және/немесе жасушааралық сұйықтық көлемінің азаюы немесе жеткіліксіз қан айналымы кезіндегідей, лизиноприл қабылдау кезінде дамыған гипотензия бүйрек қызметінің бұзылуын туғызуы немесе өршітуі мүмкін, бұл жедел бүйрек жеткіліксіздігінің дамуына әкелуі мүмкін – соңғы бұзылыс, әдетте, емді үзгеннен кейін қайтымды. АМҚ және креатинин деңгейінің мардымсыз немесе қысқа мерзімді жоғарылауы бүйректің тамыр ауруларымен байланыссыз жағдайда, атап айтқанда, несеп айдағыш дәрілерді бір мезгілде қабылдау кезінде болуы мүмкін. Бүйрек қызметінің ауыр бұзылулары бар емделушілерде (креатинин клиренсі <30 мл/минут) ерекше сақтық танытып, бүйрек қызметін тұрақты бақылауға алу қажет.
Егер емделушінің бүйрек қызметі сарысудағы креатинин деңгейі 177 мкмоль/л жоғары және/немесе альбуминурия 500 мг/24 сағат жоғары екені байқалатын қауіп аймағында болса, жедел миокард инфарктісі дамыған жағдайда емдеуді бастауға болмайды. Емделу кезінде бүйрек қызметінің бұзылуы дамыған жағдайда (сарысудағы креатинин деңгейі 265 мкмоль/л жоғары немесе бастапқы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары) емделуші дәрігер емдеуді үзу мүмкіндігін қарастыруы тиіс.
Жоғары сезімталдық, ангионевротикалық ісіну: лизиноприл қамтылатын АӨФ тежегіштерімен емнен өтетін емделушілерде сирек жағдайларда бет, аяқ-қол, тіл, ерін, жұтқыншақ және/немесе көмейдің ангионевротикалық ісінуі хабарланады. Ісіну ем барысында 0,1-1,0 % емделушіде дамуы мүмкін. Бұл жағдайда шұғыл емді үзу қажет, емделуші симптомдар толық басылғанша медициналық бақылауда болуы тиіс.
Тіпті бет пен еріннен ісіну толық тез жоғалып кеткенде де, симптомдарды жеңілдету үшін гистаминге қарсы дәрілер пайдалануға болады.
Көмейді зақымдайтын ангионевротикалық ісіну өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін. Тіл, дауыс саңылауы немесе дем алатын тамақтың зақымдануы тыныс жолдарының обструкциясын туғызуы мүмкін, сондықтан дереу тиісінше емдеуді бастау керек: 0,1 % эпинифриннің тері астына 0,3-0,5 мл (0,3-0,5 мг эпинифрин) немесе көктамыр ішіне баяу 0,1 мл ерітіндісі, глюкокортикоидтар, гистаминге қарсы дәрілер қолдану.
Операциялық араласу / анестезия: Қуыстарға жасалатын операция кезінде немесе гипотензияның дамуына түрткі болатын препараттар қолданылатын жалпы жансыздандыруда лизиноприл рениннің компенсаторлық бөлінісі аясында ангиотензин ІІ түзілуін бөгейді. Осы механизм әсері нәтижесінде дамитын гипотензияны сұйықтық көлемін толықтыру арқылы жоюға болады.
Гемодиализ: Ағын қарқыны жоғары (мысалы, AN 69) полиакрилонитрилді жарғақшалар пайдаланылатын диализден өтетін және АӨФ тежегішін бір мезгілде қабылдайтын емделушілерде анафилактоидтық реакциялар хабарланған. Осы үйлестірілімнен аулақ болып, сондай-ақ диализдік жарғақшаның басқа түрін немесе гипертензияға қарсы дәрілердің басқа класын пайдалануға көңіл бөлу керек.
ТТЛ аферезі: Декстран сульфаты қолданылатын ТТЛ (тығыздығы төмен липопротеиндер) аферезі кезінде АӨФ тежегіштерімен емнен өтетін емделушілерде өмірге қатер төндіретін (терең гипотензия, тыныс алу бұзылысы, құсу, аллергиялық тері реакциялары сияқты) анафилактоидтық реакциялар. Осы себепті, ТТЛ аферезі кезінде гипертензияны немесе жүрек жеткіліксіздігін емдеу үшін қабылданатын АӨФ тежегіштерін уақытша басқа препараттармен алмастыру керек.
Жәндіктер уы туғызған десенсибилизация АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген кейбір емделушілердегі анафилактоидтық реакцияларға жатады. Осындай өмірге қатер үйіретін реакцияларды АӨФ тежегіштерін қолданудан біраз уақыт бұрын бас тарту арқылы болдырмауға болады.
Нейтропения / агранулоцитоз
Нейтропения / агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия гипертензиядан зардап шегетін емделушілерді АӨФ тежегіштерімен емдеу барысында дамуы мүмкін. Аталған патологиялар сирек жағдайларда бүйрек қызметі қалыпты емделушілерде және басқа асқынулар болмаған кезде байқалды. Нейтропения және агранулоцитоз АӨФ тежегіштерімен емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғалды.
Диротонды® бүйрек қызметі бұзылған емделушілерде, атап айтқанда, екі бүйректің де тамыр жүйесін және дәнекер тіндерді зақымдайтын ауруларда (мысалы, жүйелі қызыл жегі немесе склеродермия), сондай-ақ қатарлас иммуносупрессиялық ем кезінде (мысалы, кортикостероидтармен, цитоуытты дәрілермен, антиметаболиттермен) ерекше сақтықпен пайдалану керек. Мұндай емделушілерде АӨФ тежегіштері кейбір жағдайларда антибиотиктермен қарқынды емдеуге жауап бермейтін айрықша жедел жұқпалардың дамуымен қатар жүруі мүмкін.
Мұндай емделушілерде Диротонмен® емделу кезінде қандағы лейкоциттер деңгейін ұдайы тексеру керек, сондай-ақ емделушіге кез келген жұқпалардың пайда болуы жөнінде хабарлау қажеттілігін ескерткен дұрыс.
Этникалық ерекшеліктер (нәсілдер)
Ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері қара нәсілді емделушілерде ангионевротикалық ісінудің дамуына ақ нәсілділердегіден жиірек себеп болады.
Бауыр жеткіліксіздігі
Өте сирек жағдайларда АӨФ тежегіштері холестатикалық сарғаюдың немесе гепатиттің дамуын жеделдетуі мүмкін, бұл некроздың жылдам дамуына және кейде өлімге әкелуі мүмкін. Осы үдерістің бастапқы себебі белгісіз. Егер Диротон® қабылдайтын емделушілерде сарғаю немесе бауыр ферменттері белсенділігінің айқын жоғарылауы дамыса, лизиноприл қолдануды үзіп, баламалы препараттармен емдеуді жалғастырған жөн.
Егде жаста препараттың бірдей дозалары оның қандағы концентрациясының ұлғаюымен қатар жүруі мүмкін, осы себепті, дозаны емделушінің бүйрек қызметі жай-күйін ескерумен, ерекше сақтықпен белгілеу керек. Бұған қарамастан, жас және егде емделушілер арасында лизиноприлдің гипотензиялық тиімділігінде айтарлықтай айырмашылықтар анықталмаған.
Жөтел
АӨФ тежегіштерімен емделу кезеңінде жөтелдің пайда болуы хабарланады. Жөтел, әдетте, құрғақ, қақырықсыз, әрі емдеуді тоқтатқаннан кейін тоқталды.
Қант диабеті
Инсулинмен немесе ішуге арналған гипогликемиялық препараттармен алдыңғы емге қосымша АӨФ тежегіштерімен емделген алғашқы айда глюкоза деңгейін аса мұқият бақылау қажет.
Дәрілік заттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Лизиноприл автокөлік басқару және аса қауіпті әрекеттерді орындау қабілетіне әсерін көрсетуі мүмкін (атап айтқанда, емдеудің басында). Осыған орай, дозасы мен дозалау режимі әркімге жеке белгіленуі тиіс және автокөлік басқару және аса қауіпті әрекеттерді орындау қабілетіне кері ықпалын тигізбеуі тиіс.
Артық дозалануы
Симптомдары: гипотензия, айналымдық шок, электролиттік теңгерімнің бұзылуы, бүйрек жеткіліксіздігі, асқын желдетілу, тахикардия, жүректің жиі соғуы, брадикардия, бас айналу, мазасыздану және жөтелу.
Емі: симптоматикалық ем, асқазанды шаю, лизиноприл қабылдағаннан кейін 30 минут ішінде адсорбенттер мен калий сульфатын қабылдау, қарқынды емдеу бөлімінде тіршілік көрсеткіштерін бақылау және оларды түзету қажет, сарысудағы электролиттер деңгейін және креатинин концентрациясын үздіксіз бақылау.
Гипотензия дамығанда емделушіні шалқасынан жатқызып, аяғын сәл көтеру керек.
Артық дозалану кезінде ұсынылатын емі – көктамыр ішіне стандартты тұз ерітіндісін енгізу және сұйықтық көлемін толықтыру. Егер осы шаралар нәтижесінде қалаулы нәтижеге жету жүзеге аспаса, көктамыр ішіне катехоламин енгізу қажет. Сонымен бірге, ангиотензин II-мен емдеуге көңіл бөлу қажет.
Брадикардияны атропин қабылдау арқылы азайтуға болады. Емдеуге төзімді брадикардия дамығанда кардиостимулятор орнату мүмкіндігін қарастыру керек.
Лизиноприлді жалпы қан ағымынан гемодиализ арқылы шығаруға болады. Диализ кезінде ағын тығыздығы жоғары полиакрилнитрилді жарғақшалар қолданудан аулақ болу керек.
Шығарылу түрі және қаптамасы
14 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады.
1, 2 немесе 4 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.
Сақтау шарттары
15 0С-ден 30 0С-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші ұйымның атауы және елі
«Гедеон Рихтер» ААҚ,
1103 Будапешт, Дёмрёи к-сі, 19-21, Венгрия
Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі
«Гедеон Рихтер» ААҚ, Венгрия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
ҚР-дағы «Гедеон Рихтер» ААҚ өкілдігі
E-mail: info@richter.kz
Телефон: 8-(727) - 258-26-22, 8-(727) 258-26-23