Депакин® Хроно (500 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Депакин Хроно
Халықаралық патенттелмеген атауы
Вальпрой қышқылы
Дәрілік түрі
Қабықпен қапталған, әсер етуі ұзартылған, бөлінетін 500 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: натрий вальпроаты 333 мг
вальпрой қышқылы 145 мг,
қосымша заттар: гипромеллоза 4000, этилцеллюлоза, натрий сахарині, кремнийдің коллоидты қостотығы,
қабықтың құрамы: гипромеллоза, макрогол 6000, тальк, титанның қостотығы (Е171), полиакрилаттың 30% дисперсиясы.
Сипаттамасы
Ақ түсті дерлік үлбірлі қабықпен қапталған, бөлетін сызығы бар ұзынша таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Эпилепсияға қарсы препараттар. Май қышқылдарының туындылары.
Вальпрой қышқылы.
АТХ коды N03AG01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Пероральді түрде қабылдаған кезде қандағы вальпроаттың биожетімділігі 100%-ға жуық. Препарат көбінесе жүйелік қан ағымына және жасушадан тыс сұйықтыққа таралады. Вальпроат жұлын-ми сұйықтығына және ми тіндеріне өтеді. Жартылай шығарылу кезеңі 15 - 17 сағат. Емдік әсер үшін қан сарысуында 40–100 мг/л арасында өзгеріп отыратын ең төмен 40–50 мг/л концентрациясы қажет. Егер бұдан жоғарырақ плазмалық концентрация қажет болса, пайдасын және, әсіресе дозаға байланысты, жағымсыз әсерлердің даму қаупін екшеу қажет. Осыған қарамастан, 150 мг/л-ден жоғары деңгейлерде сақталатын концентрацияларда, дозаны төмендету керек. Қан плазмасында тұрақты концентрацияға 3-4 күн ішінде жетеді. Қан ақуыздарымен байланысуы дозаға тәуелді және қаныққан. Вальпроат глюкурон-конъюгациямен және бета-тотығу арқылы метаболизмге ұшырайды, содан соң көбіне несеппен бірге шығарылады. Диализге ұшырауы мүмкін, алайда гемодиализ қандағы вальпроаттың бос фракциясына ғана қатысты тиімді (шамамен 10%). Вальпроат Р450 цитохромының метаболикалық жүйесіне қамтылған ферменттерді индукцияламайды. Эпилепсияға қарсы көптеген басқа дәрілермен салыстырғанда ол өзінің жеке, сондай-ақ эстроген-прогестагендер және пероральді антикоагулянттар сияқты басқа заттардың деградациясын жеделдетпейді.
Вальпроаттың гастрорезистентті дәрілік түрін босап шығуы ұзаққа созылатын дәрілік түрмен салыстырғанда, бірдей дозаларда сіңгенде кешігу кезеңінің жоғалуы, сіңуінің ұзаққа созылуы, биожетімділігінің ұқсас болуы, бос заттың жалпы ең жоғары концентрациясы мен плазмалық концентрациясының төменірек болуы тән (Сmах енгізгеннен кейін 4–14 сағаттан соң тұрақты платоға қатысты шамамен 25%-ға төмен); бұл «ең жоғарыны бәсеңдету» әсері 24 сағат бойы вальпрой қышқылы концентрациясының тұрақтырақ және біркелкілеу таралуын қамтамасыз етеді: белгілі бір дозаны күніне екі рет енгізгеннен кейін плазмалық концентрациялардың ауытқу амплитудасы жартылай төмендейді, доза мен плазмалық концентрациялар (жалпы және бос зат) арасындағы дозаға байланысты тәуелділік айқынырақ.
Фармакодинамикасы
Депакин Хроно көбіне орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Депакин Хрононың құрысуға қарсы әсері адамда эпилепсияның құрысу ұстамаларының әртүрлі типтеріне қатысты көрініс береді.
Депакин Хрононың құрысуға қарсы әсерінің екі типі бар: бірінші типі плазма және ми тіндеріндегі Депакин Хроно концентрацияларымен байланысты тікелей фармакологиялық әсері болып табылады, екінші әсер ету типі тікелей емес және ми тіндеріндегі вальпроат метаболиттерімен, немесе нейротрансмиттер өзгерістерімен немесе жарғақшаға тікелей әсер етуімен байланысты болуы мүмкін. Ең кеңірек танылған гипотеза Депакин Хрононы қолданғаннан кейін жоғарылайтын гамма-аминмай қышқылының (ГАМҚ) деңгейімен байланысты.
Депакин Хроно оның баяу-толқынды компонентін бір мезгілде ұлғайтумен бірге, ұйқының аралық фазасының ұзақтығын төмендетеді.
Қолданылуы
- жайылған ұстамаларда да (клоникалық, тоникалық, тоно-клоникалық, абсанс, миоклоникалық және атониялық ұстамалар; Леннокс-Гасто синдромы), сондай-ақ фокальді эпилепсияда да (екінші қайтара жайылған немесе онсыз фокальді ұстамаларда) ересектер мен балалардағы эпилепсияны емдеуде монотерапия ретінде немесе эпилепсияға қарсы басқа дәрілермен біріктіріп
- биполярлы бұзылыстарда ересектердегі маниакальді синдромды емдеуде және олардың қайталануының алдын алуда, Депакин Хрономен емдеуге келетін маниакальді эпизодтарда.
Қолдану тәсілі және дозалары
Депакин Хроно Депакиннің босап шығуы ұзаққа созылатын дәрілік түрі болып табылады, ол плазмада әсер етуші заттың ең жоғары шектегі концентрациясының төмендеуіне әкеледі және тәулік бойы біркелкірек концентрацияны қамтамасыз етеді.
Осы дәрілік препараттың дозасын ескерер болсақ, ол тек ересектерге және дене салмағы 17 кг-нан асатын балаларға арналған.
Аталған дәрілік түр 6 жастан кіші балаларға қолдануға жарамайды (жұтқан кезде тыныс алу жолдарына түсу қаупі бар).
11 жасқа толмаған балалар үшін пероральді дәрілік түрлердің ішінде шәрбат, пероральді ерітінді және босап шығуы ұзаққа созылатын түйіршіктер жарамды.
Дозалау
Бастапқы тәуліктік доза әдетте 10-15 мг/кг құрайды, содан кейін оны оңтайлы дозаға дейін арттырады (төменде «Емдеуді бастауды» қараңыз).
Орташа тәуліктік дозасы 20 - 30 мг/кг құрайды. Дегенмен, егер эпилепсия ұстамалары осындай дозада бақылауға келмесе, оларды арттыруға болады, мұндайда емделушілер мұқият бақылауда болуы тиіс.
Сәбилер мен балалар үшін әдеттегі доза тәулігіне дене салмағының әр кг шаққанда 30 мг құрайды. Ересектер үшін әдеттегі доза тәулігіне 20-30 мг/кг құрайды. Егде жастағы емделушілер үшін дозаны, эпилепсия ұстамаларының бақылануына қарай, белгілеген жөн.
Тәуліктік доза науқастың жасына және дене салмағына байланысты анықталады; дегенмен, вальпроатқа әр жеке адам арасындағы елеулі сезімталдыққа көңіл бөлген жөн.
Препараттың тәуліктік дозасы, қан сарысуындағы концентрациялары мен емдік әсері арасында нақты өзара байланыс анықталған жоқ: доза негізінен емделушінің емге жауабымен белгіленеді.
Вальпрой қышқылының плазмадағы деңгейін анықтау, егер эпилепсия ұстамалары бақылауға келмесе немесе жағымсыз әсерлеріне күдік бар болса, клиникалық бақылауға қосымша ретінде қолданылуы мүмкін. Тиімді емдік диапазон әдетте 40-100 мг/л (300-700 мкмоль/л) құрайды.
Қолдану тәсілі
Ішуге арналған.
Осы дәрілік препарат күн сайын 1 немесе 2 қабылдауға бөлінген дозалар түрінде, дұрысы тамақтану кезінде, қабылданады.
Жақсы бақыланатын эпилепсияда бір реттік тәуліктік доза түрінде қолданылуы мүмкін.
Таблетканы бүтіндей, бөлшектемей және шайнамай жұтқан жөн.
Емдеуді бастау
- Депакин тез босап шығатын дәрілік түрдің жәрдемімен тиісті бақылауға қол жеткізетін емделушілер Депакин® Хроноға көшкен кезде тәуліктік дозаны сақтауы керек.
- егер емделуші емделіп жүрсе және эпилепсияға қарсы басқа да препараттарды қабылдап жүрсе, Депакин Хрономен емдеуді оңтайлы дозаға жеткізу үшін шамамен 2 апта ішінде біртіндеп енгізген жөн, содан кейін, қажет болса, емнің тиімділігіне қарай, қатар жүргізілетін ем қысқартылады
- эпилепсияға қарсы басқа препараттарды қабылдап жүрмеген емделушілер үшін дозаны, шамамен бір апта ішінде оңтайлы дозаға жеткізу үшін, 2-3 күн сайын сатылап арттырған жөн
- қажет болғанда эпилепсияға қарсы басқа дәрілермен біріктірілген емді біртіндеп бастаған жөн («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).
Жағымсыз әсерлері
Өте жиі
- өткінші және/немесе дозаға байланысты жағымсыз әсерлер: болмашы постуральді тремор
- емнің басында жүректің айнуы
Жиі
- бас ауыру
- ұйқышылдық
- шаштың уақытша және/немесе дозаға байланысты түсуі
- салмақтың жоғарылау жағдайлары білінеді. Салмақтың жоғарылауы поликистозды аналық бездер синдромының даму қаупінің факторы болып табылатындықтан, емделушінің салмағы мұқият бақылануы тиіс («Айрықша нұсқауларды» қараңыз)
- емнің басында асқазанның ауыруы, диарея, олар әдетте емдеуді тоқтатқаннан кейін бірнеше күннен соң өтеді
- дозаға байланысты тромбоцитопения, ол жалпы алғанда жүйелі түрде және қандай да бір клиникалық зардаптарсыз байқалады. Симптомсыз тромбоцитопениясы бар емделушілер арасында, мүмкіндігінше, тромбоциттер санын және ауру барысын бақылай отырып, осы дәрілік препараттың дозасын жәй төмендету әдетте тромбоцитопенияның жоғалуына әкеледі)
- оқшауланған және бауырдың функциональді сынамаларында өзгермеген, ауырлығы орташа дәрежелі гипераммониемия, әсіресе біріктірілген ем жүргізгенде. Ол, әдеттегідей, емдеуді тоқтатуға себеп болып табылмайды. Дегенмен, сондай-ақ неврологиялық симптомдары бар гипераммониемия жағдайлары (олар коматозды жағдайға дейін өршуі мүмкін) жөнінде мәлімделді, осыған байланысты қосымша талдаулар жасау қажет болады («Айрықша нұсқауларды» қараңыз)
- сананың шатасуы немесе құрысулар: мелшиюдің бірнеше жағдайы*
- бауыр ауруы («Айрықша нұсқауларды» қараңыз)
- аменорея және жүйесіз етеккір оралымдары
Жиі емес
- экзентематозды бөртпелер сияқты тері реакциялары
- атаксия
- летаргия*
- ангионевротикалық ісіну
- антидиуретикалық гормонның талапқа сай емес секрециясы синдромы (АГТЕСС)
- Депакин Хрономен ұзақ емдегенде, сүйектің минералды тығыздығының төмендегені, остеопения, остеопороз және сынулар жөнінде мәлімдемелер бар. Депакин Хрононың сүйек метаболизміне әсер ету механизмі белгісіз.
Кейде
- қайтымсыз экстрапирамидалы бұзылыстар, олар сонда да паркинсонизмнің қайтымды синдромын қамтуы мүмкін
Сирек
- анемия, макроцитоз, лейкопения
- еркектің белсіздігі
- фибриногендер деңгейінің төмендеуі және қан кету уақытының артуы, әдетте клиникалық зардаптарсыз, әсіресе жоғары дозаларды қолданғанда.
Вальпроат тромбоциттер агрегациясының 2-ші фазасын тежейтін әсер береді.
- сүйек кемігінің аплазиясы немесе нағыз эритроцитарлы аплазия
- агранулоцитоз
- DRESS-синдром (эозинофилиямен және жүйелік біліністермен қатар жүретін дәрілік тері реакциясы) немесе дәрілердің жақпаушылық синдромы
Өте сирек
- симптомсыз және өршу біліністері бар когнитивті бұзылулар (олар толық деменцияға дейін өршуі мүмкін) және олар емдеуді тоқтатқаннан кейін бірнеше аптадан соң жоғалады
- панкреатит, ол емдеуді дер кезінде тоқтатуды қажет етеді. Кейбір жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін («Айрықша нұсқауларды» қараңыз)
- энурез және қысылған кезде несепті ұстай алмау
- гипонатриемия
- ауырлығы жеңіл дәрежелі шеткергі ісіну
Төтенше жағдайларда
- панцитопения
- естудің қайтымды немесе қайтымсыз жоғалуы
- уытты эпидермальді некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы және полиморфты эритема
- бүйректің зақымдануы
Жиілігі белгісіз
- тератогенді әсер ету қаупі («Жүктілік және лактацияны» қараңыз)
- құсу
- сперматогенезге әсер етуі (атап айтқанда сперматозоидтардың қозғалғыштығын төмендетуі) жөнінде болжамдар бар («Фертильділігін» қараңыз)
* кейде емдеуді тоқтатқан немесе дозаларды төмендеткен кезде регрессиямен эпилепсиялық ұстамалардың парадоксальді жоғарылауымен астасқан немесе оқшауланған өткінші комаға (энцефалопатияға) әкеп соғады. Мұндай жағдайлар көбіне біріктірілген ем кезінде (әсіресе фенобарбиталмен немесе топираматпен біріктіріп) немесе вальпроат дозасын күрт арттырғаннан кейін пайда болады.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- сыртартқысында вальпроатқа, дивальпроатқа, вальпромид немесе препараттың басқа қандай да бір компоненттеріне жоғары сезімталдық
- жедел және созылмалы гепатит
- емделушінің жеке немесе отбасылық сыртартқысында, соның ішінде дәрілік препараттардан туындаған ауыр гепатит жағдайлары
- бауыр порфириясы
- мефлохинмен біріктіріп қабылдау
- шайқураймен біріктіріп қабылдау
- 6 жасқа дейінгі балаларға
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Қолдануға болмайтын біріктірілімдер
Мефлохинмен біріктірілімінде
Эпилепсияға шалдыққан науқастарда вальпрой қышқылы метаболизмінің жоғарылауымен және мефлохиннің конвульсантты әсерімен байланысты эпилепсиялық ұстамалардың пайда болу қаупі бар.
Шайқураймен біріктірілімінде
Құрысуға қарсы дәрілердің плазмадағы концентрацияларының және тиімділігінің төмендеу қаупі бар.
Ұсынылмайтын біріктірілімдер
Ламотриджинмен біріктірілімінде
Ламотриджинді қабылдау аясында уыттылықтың, әсіресе ауыр тері реакцияларының (уытты эпидермальді некролиз) арту қаупі жоғарырақ.
Сонымен қатар, плазмадағы ламотриджин концентрациясы жоғарылауы (натрий вальпроаты есебінен бауыр метаболизмінің дәрежесі төмендеуі) мүмкін.
Бірге қолдану қажет болған жағдайларда мұқият клиникалық мониторинг жүргізген жөн.
Пенемдермен біріктірілімінде
Плазмада байқалмаған күйінде қалуы мүмкін вальпрой қышқылы концентрацияларының тез төмендеуі аясында эпилепсия ұстамаларының пайда болу қаупі бар.
Аса сақтықты қажет ететін біріктірілімдер
Азтреонаммен біріктірілімінде
Плазмада вальпрой қышқылы концентрацияларының төмендеуі нәтижесінде құрысу ұстамаларының пайда болу қаупі бар.
Ұсынылады: клиникалық бақылау, плазмадағы препарат концентрациясын анықтау және жұқпаға қарсы дәрілерді қолданып емдеу кезінде және оны тоқтатқаннан кейін дозаны түзету мүмкіндігі.
Карбамазепинмен біріктірілімінде
Плазмада артық дозалану белгілері бар карбамазепиннің белсенді метаболитінің концентрациясы жоғарылайды. Бұдан басқа, карбамазепиннің әсер етуімен вальпрой қышқылының бауырлық метаболизмінің артуына байланысты плазмада вальпрой қышқылы концентрациясы төмендейді.
Ұсынылады: клиникалық бақылау, препараттардың плазмадағы концентрацияларын анықтау және құрысуға қарсы екі дәріні түзету.
Фелбаматпен біріктірілімі
Сарысудағы вальпрой қышқылының концентрациясы жоғарылап, артық дозалану қаупімен бірге, вальпрой қышқылы клиренсі 22% - 50%-ға дейін төмендейді.
Ұсынылады: клиникалық бақылау, зертханалық параметрлерге мониторинг және, мүмкін, фелбаматпен емдеу барысында және оны тоқтатқаннан кейін вальпрой қышқылының дозасын түзету. Сонымен қатар, вальпрой қышқылы Фелбаматтың орташа клиренсінің 16%-ға дейін төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.
Фенобарбиталмен біріктірілімінде және примидонмен экстраполяциялау жолымен
Бауырлық метаболизмнің басылуы балаларда жиірек байқалатын болғандықтан, артық дозалану белгілерімен бірге, плазмадағы фенобарбитал концентрациялары жоғарылайды. Бұдан басқа, фенобарбиталмен бауырлық метаболизмнің күшеюіне байланысты, плазмадағы вальпрой қышқылының концентрациясы төмендейді.
Седацияның белгілері пайда болғанда фенобарбитал дозасының дереу төмендетумен бірге, біріктірілген емнің алғашқы 15 күні ішінде клиникалық мониторинг жүргізу; әсіресе екі антиконвульсанттың да плазмалық концентрацияларына мониторинг жүргізу керек.
Фенитоинмен біріктірілімінде (және фосфенитоинмен экстрополяциялау жолымен)
Плазмада фенитоин концентрациялары өзгереді. Сонымен қатар, соңғысының фенитоинмен бауырлық метаболизмінің күшеюімен байланысты, плазмада вальпрой қышқылы концентрациясының төмендеу қаупі бар.
Ұсынылады: клиникалық бақылау, плазмадағы концентрацияларын анықтау және, қажет болғанда, құрысуға қарсы екі дәрінің де дозасын түзету.
Рифампицинмен біріктірілімінде
Рифампицин есебінен вальпроаттың бауырлық метаболизмінің жоғарылауы нәтижесінде құрысу ұстамаларының пайда болу қаупі бар.
Ұсынылады: клиникалық бақылау, зертханалық параметрлерді бақылау және, қажет болғанда, рифампицинмен емдеу кезінде және оны тоқтатқаннан кейін құрысуға қарсы дәрілердің дозасын түзету.
Топираматпен біріктірілімінде
Әдетте вальпрой қышқылына байланысты деп есептелетін, топираматпен бір мезгілде қолданғанда, гипераммониемияның немесе энцефалопатияның даму қаупі бар.
Ұсынылады: емнің басында күшті клиникалық бақылау және осындай әсерді көрсететін симптомдар пайда болғанда зертханалық параметрлерді бақылау.
Зидовудинмен біріктірілімінде
Вальпрой қышқылы есебінен зидовудин метаболизмінің төмендеу аясында зидовудиннің жағымсыз әсерлерінің, әсіресе гематологиялық әсерлердің пайда болу жиілігінің жоғарылау қаупі бар.
Ұсынылады: жүйелі мониторинг және зертханалық көрсеткіштерді бақылау. Біріктіріп емдеудің алғашқы екі айы ішінде анемияны анықтау үшін гемограмма жасау.
Назар аударуды керек ететін біріктірілімдер
Нимодипинмен біріктірілімі (пероральді, және, экстраполяциялар бойынша, инъекциялар түрінде)
Плазмадағы концентрациясының жоғарылауымен байланысты нимодипиннің гипотензиялық әсерінің күшею (вальпрой қышқылының метаболизмінің азаю) қаупі бар.
Өзара әрекеттесудің басқа да түрлері
Пероральді контрацептивтермен біріктірілімінде
Вальпроаттың фермент-индукциялаушы әсері жоқ, ол әйелдерде эстроген-прогестеронды гормональді контрацепцияның тиімділігін төмендетпейді.
Айрықша нұсқаулар
Эпилепсияға қарсы дәрілерді енгізу, сирек жағдайларда, эпилепсия ұстамалары санының жоғарылауымен немесе емделушілерде эпилепсияның кейбір түрлерінде білінетін кездейсоқ флуктацияға байланысты емес эпилепсия ұстамаларының жаңа түрінің пайда болуымен қатар жүруі мүмкін. Вальпроатқа қатысты айтар болсақ, онда ол көбіне эпилепсияға қарсы қатар жүргізілетін емге немесе фармакокинетикалық өзара әрекеттесуіне («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз), уыттылығына (бауыр ауруы немесе энцефалопатия – «Айрықша нұсқаулар» және «жағымсыз әсерлерін» қараңыз) немесе артық дозалануына өзгеріс енгізеді.
Осы дәрілік зат вальпрой қышқылына метаболизденетін болғандықтан, вальпрой қышқылының артық дозалануына жол бермеу мақсатында, оны сол трансформациядан өтетін басқа дәрілік заттармен (мысалы: дивальпроат, вальпромид) біріктірмеген жөн.
Бауыр ауруы
Пайда болу жағдайлары
Сирек жағдайларда ауыр немесе кейде өліммен аяқталатын аурулар жөнінде мәлімделді.
Жоғары қауіп тобын ауыр дәрежелі эпилепсиясы, әсіресе мидың зақымдануымен, ақыл-ой дамуының кідіруімен және/немесе туа біткен метаболизмдік немесе дегенерациялық аурулармен байланысты эпилепсиясы бар сәбилер және 3 жасқа дейінгі балалар құрайды. 3 жастан асқандарда мұндай асқынулар едәуір азаяды және жастың ұлғаюымен біртіндеп төмендейді.
Көптеген жағдайларда бауыр функциясының бұзылуы емдеудің алғашқы 6 айы ішінде, әдетте 2 және 12 апта арасында, көбіне эпилепсияға қарсы біріктірілген емде байқалады.
Ескертуші белгілері
Ауруды ерте анықтау көбіне клиникалық зерттеу нәтижелеріне негізделеді. Атап айтқанда, ауру манифестациясының екі типіне, әсіресе сарғаю басым болатын жоғары қауіп тобындағы емделушілерге қатысты («Пайда болу жағдайларын» қараңыз) көңіл бөлінуі тиіс:
- біріншіден, әдетте кенеттен пайда болатын, астения, анорексия, жүдеу, ұйқышылдық, кейде қайталанатын құсумен және іштің ауыруымен қатар жүретін спецификалық емес жүйелік белгілер.
- екіншіден, емнің сәйкестігіне қарамастан, эпилепсия ұстамаларының қайталануы.
Емделушілерді, ал егер бұл балалар болса, олардың отбасын осындай клиникалық симптомдар пайда болғанда дәрігерге дереу қаралу керектігінен хабардар ету керек. Клиникалық зерттеулерден басқа, бауыр функциясына бірден сынама жасаған жөн.
Табылуы
Емнің алғашқы 6 айы ішінде бауыр функциясына жүргізілген сынаманы мерзім сайын бақылау қажет.
Классикалық тестілердің ішінде бауырда ақуыздың синтезін, әсіресе протромбин уақытын (ПУ) көрсететін тестілер жөндірек. Протромбин уақыты деңгейінің төмендігі аномальді түрде айғақталған жағдайда, әсіресе, егер зертханалық талдауларда тағы басқа аномальді ауытқулар (фибриноген деңгейінің және ұю факторларының елеулі төмендеуі және билирубин мен бауыр трансаминазасы деңгейлерінің жоғарылауы – «Айрықша нұсқауларды» қараңыз) байқалса, Депакин Хрономен емдеу тоқтатылуы тиіс (сақтық шарасы ретінде біріктіріп тағайындағанда салицилат туындыларымен емдеуді үзген жөн, өйткені олардың метаболизм жолдары бірдей).
Панкреатит
Сирек жағдайларда кейде өліммен аяқталатын панкреатит байқалды. Бұл жағдайлар науқастың жасына және емдеу ұзақтығына қарамай-ақ байқалды, мұндайда кіші жастағы балалар қауіп тобына жатады.
Жағымсыз аяқталатын панкреатит әдетте кіші жастағы балаларда немесе ауыр эпилепсиясы бар, миы зақымданған немесе эпилепсияға қарсы бірнеше дәрілермен ем қабылдаған емделушілерде байқалады.
Егер панкреатит бауыр функциясының жеткіліксіздігімен қатар пайда болса, өліммен аяқталу қаупі жоғарылайды.
Іште қатты ауыру немесе асқазан-ішек тарапынан жүректің айнуы, құсу және/немесе анорексия сияқты белгілер пайда болған жағдайда панкреатитті диагностикалау жағын қарастыру керек және, ұйқы безі ферменттерінің деңгейі жоғарылаған емделушілерде, емдеуді тоқтатқан және қажетті альтернативті шараларды қолданған жөн.
Бала көтере алатын жастағы әйелдер
Бұл дәрілік препарат бала көтере алатын жастағы әйелдерге, егер абсолютті қажеттілік жоқ болса, яғни емдеудің баламалы тәсілі тиімсіз болса немесе емделушілерге жағымдылығы нашар болса, тағайындалмауы тиіс. Бұған Депакин Хрононы алғаш тағайындамас бұрын немесе, Депакин Хрономен ем қабылдап жүрген бала көтере алатын жастағы әйел жүкті болуды жоспарлаған кезде баға берген жөн.
Бала көтере алатын жастағы әйелдер емделу кезінде контрацепцияның сенімді заттарын пайдалануы тиіс.
Суицид қаупі
Суицидальді ойлар немесе мінез-құлық бірнеше көрсетілімдері бойынша эпилепсияға қарсы дәрілермен емделген емделушілер арасында байқалды. Эпилепсияға қарсы дәрілерге жүргізілген рандомизирленген, плацебо бақыланатын зерттеулерден алынған деректерді метаталдау сондай-ақ суицидальді ойлар мен мінез-құлықтың пайда болу қаупінің аздап жоғарылағанын көрсетті. Осы қауіптің себептері белгісіз, және де жергілікті деректер вальпроатты қолданғанда болатын жоғары қауіпті жоққа шығаруға мүмкіндік бермейді.
Демек, емделушілер суицидальді ойлар мен мінез-құлықтың пайда болуына қатысты мұқият бақылауда болуы, және тиісті ем қарастырылуы тиіс. Емделушілер (немесе олардың қамқоршылары) суицидальді ойлар мен мінез-құлық пайда болған жағдайда дәрігерге қаралуы тиіс екендігінен хабардар болуы тиіс.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Бұл дәрілік препараттың бір таблеткасында 47 мг натрий бар. Бұл натрий мөлшері төмен емдәмді қатаң ұстанатын емделушілерге қатысты ескерілуі тиіс.
Осы дәрілік препаратты ламотриджинмен және пенемдермен бір мезгілде қолдануға болмайды («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).
Препаратты қолданған кездегі сақтық шаралары
Емдеуді бастар алдында бауыр функциясының сынамаларын тексерген («Қолдануға болмайтын жағдайларды» қараңыз), және мұны, әсіресе қауіпті топқа жататын емделушілерде алғашқы алты ай бойы мезгіл-мезгіл жүргізген жөн («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).
Эпилепсияға қарсы көптеген дәрілерді қолданғанда қандай да бір клиникалық белгілерсіз, әсіресе емнің бас кезіндегі сияқты, трансаминазалар деңгейлерінің оқшауланған және өткінші, орташа жоғарылайтынын ерекше атап өткен жөн.
Бұлай болған жағдайда зертханалық тексерулерді толығырақ жүргізуге кеңес беріледі (әсіресе протромбин уақытына). Қажет болғанда сондай -ақ дозаға қайта баға берген және, параметрлерінің өзгеруіне орай, зерттеуді қайтадан жүргізген жөн.
Үш жасқа толмаған балаларға вальпроатты, осы жас тобындағы емделушілер арасында емдік пайдасы бауыр ауруының және панкреатиттің даму қаупіне қатысы бойынша салыстырылғаннан кейін, монотерапия ретінде ғана қолдану керек («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).
Емдеуді бастар алдында, сондай-ақ хирургиялық араласым алдында және гематома немесе кездейсоқ қан кету пайда болған жағдайда (қанды толық талдау, тромбоциттер санын, қан кету уақытын және ұю параметрлерін анықтауды қоса) қанды талдау керек («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз).
Балаларға қатысты гепатоуыттылықтың даму қаупі жоғары («Айрықша нұсқауларды» қараңыз) және қан кету қаупі бар болғандықтан, салицилат туындыларымен бір мезгілде тағайындауға жол бермеген жөн.
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар емделушілерде вальпрой қышқылының қан айналымындағы концентрациясының жоғарылайтынын ескерген жөн, осыған байланысты дозаны тиісінше төмендету керек.
Бұл дәрілік препаратты мочевинаның түзілу циклінде ферменттер тапшылығымен емделушілерге тағайындау ұсынылмайды. Осындай емделушілердің арасында мелшиюмен бірге немесе коматозды жағдайдағы гипераммониемия дамыған бірнеше жағдайлар болды.
Ауру тарихында бауыр және асқазан-ішек жолы тарапынан түсініксіз бұзылулар (тәбеттің жоғалуы, құсу, цитолиздің жедел көріністері), летаргия көріністері немесе коматозды жағдайлар, ақыл кемдігі білінген, немесе жаңа туған нәрестелер немесе сәбилер арасында өліммен аяқталған отбасылық сыртартқысы бар балаларда, кез келген вальпроатпен емдеуді бастағанға дейін, метаболизмдік тестілер, әсіресе ашқарынға және ас қабылдағаннан кейін аммиак деңгейіне талдаулар жүргізген жөн.
Осы дәрілік заттың төтенше жағдайларда тек иммунологиялық бұзылуларды ғана тудыратындығының анықталғанына қарамастан, жүйелік қызыл жегіден зардап шегіп жүрген емделушілерге қатысты «пайда-қаупі» арақатынасы салыстырылуы тиіс.
Емдеуді бастар алдында емделушіні салмақтың арту қаупі жөнінде және осындай әсерді барынша азайту үшін қам жасау керек болатын, негізінен емдәмдік сипаттағы тиісті шаралар жөнінде хабардар ету керек.
Депакин Хрономен емдеудің барлық кезеңі ішінде алкоголь қабылдауға болмайды.
Жүктілік және лактация кезеңі
Фертильділігі
Вальпрой қышқылы сперматогенезге (әсіресе сперматозоидтардың қозғалғыштығын төмендету түрінде) әсер етуі мүмкін деген болжам бар. Мұндай бақылаудың нәтижелері белгісіз күйінде қалып отыр.
Жүктілік
Осы дәрілік препаратты жүкті әйелдерге және бала көтере алатын жастағы әйелдерге, егер онда абсолюттік қажеттілік жоқ болса (мысалға, егер емдеудің баламалы тәсілдері тиімсіз болса немесе емделушілерге жағымдылығы нашар болса), тағайындамаған жөн.
Бала көтера алатын жастағы әйелдер емделу кезінде контрацепцияның сенімді құралдарын пайдалануы тиіс.
Натрий вальпроатынан туындаған даму ақауларының қаупі осы дәрілік препаратты қабылдап жүрген әйелдер арасында, жалпы популяцияда байқалғандармен салыстырғанда, 3-4 есе жоғары және 3% құрайды. Ең жиі байқалған даму ақаулары жүйке түтігінің жабылу ақаулары (шамамен 2-ден 3%-ға дейін), бет аймағының патологиясы, беттің жарығы, краниостеноз, жүрек ақаулары, гипоспадия, бүйрек және несеп-жыныс жүйесінің даму ақаулары және аяқ-қолдардың дұрыс дамымауы болып табылады.
Тәулігіне 1000 мг-нан асатын дозалар және құрысуға қарсы дәрілермен біріктіріп қолдану дамудың осындай ақауларының пайда болу қаупінің елеулі факторлары болып табылады. Төменірек дозаларды қолдану мұндай қауіпті жоққа шығара алмайды.
Ағымдағы эпидемиологиялық деректер ана құрсағында натрий вальпроатының әсеріне ұшыраған балаларда ақыл-ой дамуының жалпы көрсеткіштерінің төмендеуін көрсетеді. Мұндай балаларда вербальді қабілетінің болмашы төмендеуі және/немесе логопедтерге жолдамалар немесе медициналық демеу көрсету санының жоғарылауы орын алады.
Дамудың инвазиялық мәселелерін (аутизм бұзылыстарының ауқымы) бақылаудың жоғары жиілігі ана құрсағында натрий вальпроатының әсеріне ұшыраған балалар арасында байқалады. Жүктіліктің аномальді нәтижесі вальпроатты не монотерапия ретінде қолданумен, не біріктірілген ем ретінде қолданумен байланысты.
Жоғарыда келтірілген мәлімдемелер негізінде Депакин Хрононы бала көтере алатын жастағы әйелдерге, егер абсолютті қажеттілік жоқ болса, яғни емдеудің баламалы тәсілі тиімсіз болса немесе емделушілерге жағымдылығы нашар болса, тағайындалмауы тиіс. Бұған Депакин Хрононы алғаш тағайындамас бұрын немесе, Депакин Хрономен ем қабылдап жүрген бала көтере алатын жастағы әйел жүкті болуды жоспарлаған кезде баға берген жөн.
Бала көтере алатын жастағы әйелдер емделу кезінде контрацепцияның сенімді құралдарын пайдалануы тиіс.
Жүктілікті жоспарлағанда
Егер жүкті болу жоспарланса, алдымен тиісті кеңес алған жөн.
Жүкті болу жоспарланған жағдайда емдеудің басқа да тәсілдері қарастырылатын барлық сатылардан өту керек.
Егер натрий вальпроатын қолданбасқа болмаса (басқа баламалары жоқ болса):
Тиімді ең төмен дозасын қолдану керек. Жүктілік кезінде натрий вальпроатының әсеріне ұшыраған әйелдер арасында қоспа түрінде фолий қышқылын қолданудың тиімділігін айғақтайтындай деректер қазіргі таңда жоқ. Дегенмен, басқа жағдайлардағы осындай әсерлерді ескеріп, мұндай қоспа бала көтеруден бір ай бұрын және екі ай өткен соң тәулігіне 5 мг дозада ұсынылуы мүмкін. Ақаулардың дамуына скрининг, емделушінің фолий қышқылын қабылдап жүрген-жүрмегеніне қарамай-ақ, тең дәрежеде жүргізіледі.
Жүктілік кезінде
Басқа нұсқалары абсолютті жоқ, бірақ натрий вальпроатымен емдеуді жалғастыру қажеттілігі бар болған жағдайларда (басқа баламалары жоқ), тиімді ең төмен дозаны, мүмкіндігінше, тәулігіне 1000 мг-нен асырмай қолдану керек. Жүйке жүйесі түтігінің ықтимал ақауларын немесе дамудың басқа да ақауларын анықтау үшін босанар алдында арнайы мониторинг жасау қажет болады.
Емделушінің фолий қышқылын қабылдап жүрген-жүрмегеніне қарамай-ақ, туа біткен ақаулардың пайда болуын бақылау тең дәрежеде жүргізіледі.
Босануға дейін
Босанғанға дейін анадан, тромбоциттер, фибриноген деңгейлерін және қан ұю уақытын (белсенділендірілген парциальді тромбопластин уақыты: БПТУ) анықтауды қоса, коагуляциялық тестілер алынуы тиіс.
Жаңа туған нәрестелерде
Осы дәрілік препарат К витаминінің тапшылығына қатысы бар жаңа туған нәрестелерде геморрагиялық синдромды тудыруы мүмкін.
Геморрагиялық синдром тромбоцитопениямен, гипофибриногенемиямен және/немесе коагуляцияның басқа факторларының төмендеуімен байланысты.
Ананың гемостазына әдеттегідей зерттеулер жаңа туған нәрестелердегі гемостаздың ауытқуларын жоққа шығаруға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде жаңа туған нәрестелерде, кем дегенде, тромбоциттер санын анықтаудан тұратын қан талдауларын, фибриногендер деңгейіне талдау жүргізген және белсенділендірілген парциальді тромбопластин уақытын анықтаған жөн.
Мұнымен қатар, босанғанға дейін анасы вальпроатпен емделген жаңа туған нәрестелер арасында туғаннан кейінгі алғашқы аптада гипогликемия жағдайлары байқалды. Гипотиреоидизм жағдайлары жүктілік кезінде анасы вальпроатты қабылдаған жаңа туған нәрестелерде байқалды.
Лактация кезеңі
Натрий вальпроатының организмнен емшек сүтімен шығарылуы төмен. Дегенмен, жаңа туған нәрестелердің арасында сөйлеу мүмкіндігінің нашарлауына қатысы бар мәліметтердегі қарастырылған мәселелерді ескеріп, емделушілердің бала емізуді тоқтата тұруына кеңес берген дұрыс.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Емделушіге, әсіресе біріктірілген антиконвульсивтік ем жүргізгенде немесе Депакин Хрононы ұйқышылдықты күшейтуге қабілетті препараттармен біріктірген жағдайда, ұйқышылдықтың пайда болу қаупі жөнінде ескерткен жөн.
Артық дозалануы
Симптомдары: бұлшықет гипотониясы бар кома, гипорефлексия, миоз, тыныс алу функциясының бұзылуы және метаболизмдік ацидоз. Мидың ісінуінен пайда болатын бассүйекішілік гипертензияның сирек жағдайлары сипатталған.
Емі: асқазанды шаю, тиімді диурезді демеу, жүрек-қантамырлар және тыныс алу жүйесінің жағдайларын бақылау. Өте ауыр жағдайларда, қажет болғанда, экстраренальді диализ жүргізуге болады.
Әдетте, мұндай уланудың болжамы жағымды. Соған қарамастан, өліммен аяқталатын бірнеше жағдайлар тіркелген.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Құрғатқышы бар полиэтилен тығынмен тығындалған полипропилен контейнерлерге 30 таблеткадан салынған.
1 контейнер медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Балк өнімді өндіруші
Санофи Винтроп Индустрия, Франция
Орналасқан мекенжайы: 1, Rue De La Vierge, Ambares еt Lagrave, 33565 Carbon Blanc Cedex, Франция
Тіркеу куәлігінің иесі
Санофи-Авентис Франс, Франция
Қаптаушы
“Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы” АҚ, Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
Тапсырыс беруші
«Санофи-авентис Қазақстан» ЖШС, 050016 Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Қонаев к-сі 21 “Б”
Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Санофи-авентис Қазақстан» ЖШС
Қазақстан Республикасы, 050016, Алматы қ-сы, Қонаев к-сі 21Б
телефон: +7 (727) 244-50-96
факс: +7 (727) 258-25-96
e-mail: quality.info@sanofi.com