Грипго™
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
ГРИПГОТМ
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 96 % парацетамол түйіршіктері (500 мг парацетамолға баламалы), 30 мг сусыз кофеин, 10 мг фенилэфрин гидрохлориді, 2 мг хлорфенирамин малеаты
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты.
Сипаттамасы
Екі беті дөңес, капсула пішінді ақ түсті таблеткалар. Мәрмәрлігіне жол беріледі.
Фармакотерапиялық тобы
Басқа да анальгетиктер және антипиретиктер. Анилидтер. Психолептиктерді қоспағанда басқа да препараттармен біріктірілген парацетамол.
АТХ коды N02B E51
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Парацетамол асқазан-ішек жолынан тез және толық сіңеді. Ішке қабылдағаннан кейін қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына 2 сағаттан соң жетеді. Парацетамолдың 25%-ға жуығы қан плазмасы ақуыздарымен байланысады. Парацетамол бауырда метаболизденеді және глюкуронидті және сульфатты коньюгаттар түрінде негізінен несеппен шығарылады. Өзгермеген түрде 5%-дан азы шығарылады. Жартылай шығарылу кезеңі 1– 4 сағатты құрайды.
Кофеин ОЖЖ, эмбриональді тіндерді және емшек сүтін қоса алғанда, организм тіндеріне және барлық мүшелерге тез сіңіріледі және таралады. Ол тез метаболизденеді және негізінен несеппен (70%) шығарылады.
Фенилэфрин ішу арқылы қабылдағаннан кейін тез сіңеді, қан плазмасындағы концентрациясының шыңына 1-2 сағаттан соң жетеді, сіңу деңгейі – 70%, жартылай шығарылу кезеңі – 2 – 3 сағат, көбінесе несеппен шығарылады.
Хлорфенирамин малеаты асқазан-ішек жолынан тез сіңеді және организмнің барлық тіндеріне таралады. Плазма протеиндерімен шамамен 25%-ы байланысады.
Фармакодинамикасы
ГрипгоТМ – бұл біріктірілген дәрілік препарат, әсері оның құрамына кіретін компоненттерге байланысты.
Парацетамол – ыстықты түстіретін және ауыруды басатын қасиеті бар анальгетик-антипиретик, сондай-ақ оның гипоталамустың термореттеу орталығына парацетамолдың ықпал етуіне және оның простагландиндер синтезін тежеу мүмкіндігіне байланысты қабынуға қарсы елеусіз әсері бар.
Кофеин – ол мидың тыныс алу және тамырларды қозғалту орталығын тікелей көтермелейтін метилксантиндер тобының алкалоиды, емделушінің физикалық және эмоциональдық жай-күйін жақсартады, осының арқасында жұқпалы аурулар кезінде астенияның көрініс беруі азаяды. Парацетамолдың ауыруды басатын әсерін арттырады.
Фенилэфрин гидрохлориді – ол тыныс жолдарының жоғары бөліктеріндегі және синустардағы ісінулерді және гиперемияны азайтады, мұрын тыныс алуының жақсаруына әсер ететін адреномиметикалық дәрі. Негізінен альфа-адренорецепторларды көтермелейді, шеткергі тамырлардың тарылуы және олардың өткізгіштігі азаюының арқасында болады, шырышты секреттің түзілуі азаяды.
Хлорфенирамин малеаты – ол жұқпалы аурудың аллергиялық компоненттерін азайтатын антигистаминдік дәрі. Гистаминдік Н1-рецепторларды бәсекелесе бөгейді және гистамин тиімділігінің дамуына кедергі болады, тұмауды, мұрынның қышуын және көздің ашуын жояды.
Қолданылуы
- қызба, бас және бұлшықет ауыруы, тұмау, мұрынның бітелуі, түшкіру, жас ағу түріндегі аллергиялық компонентпен қатар жүретін тұмау симптомдарын және басқа да жедел респираторлы вирустық ауруларды емдеуде
Қолдану тәсілі және дозалары
Ересектер мен 12 жастан асқан балаларға тәулігіне 3–4 рет 1 таблеткадан тағайындайды. Ең жоғары тәуліктік дозасы – 4 таблетка. Емдеу курсының ұзақтығы –3–5 тәуліктен көп емес. Көрсетілген дозаларын арттыру ұсынылмайды.
Жағымсыз әсерлері
- тері бөртпесі, қышыну, есекжем, ангионевротикалық ісіну
- бас айналуы, ұйқыға кетудің бұзылуы, қатты қозғыштық
- артериялық қысымның жоғарылауы, тахикардия
- жүрек айнуы, құсу, эпигастральді ауыру, ауыздың құрғауы
- несептің іркілуі
- аккомодация парезі, көзішілік қысымның жоғарылауы, мидриаз
- анемия, тромбоцитопения, агранулоцитоз, гемолитикалық анемия, апластикалық анемия, метгемоглобинемия, панцитопения
- гепатоуытты әсері
- нефроуыттылық (папиллярлық некроз)
- бронх обструкциясы.
- ұзақ уақыт, әсіресе, жоғары дозаларда қоданғанда, метгемоглобинемия, анемия, нефроуытты және гепатоуытты әсері дамуы мүмкін.
Сақтықпен - коронарлық артериялардың айқын атеросклерозы, артериялық гипертензия, тиреотоксикоз, феохромоцитома, қант диабеті, бронх демікпесі, өкпенің созылмалы обструкциялық ауруы, глюкоза - 6- фосфатдегидрогеназа тапшылығы, қан аурулары, туа біткен гипербилирубинемиялар (Жильбер, Дубин-Джонсон және Ротор синдромдары), бауыр және/немесе бүйрек жеткіліксіздігі, жабық бұрышты глаукома, қуық асты безінің гиперплазиясы.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың компоненттеріне жоғары сезімталдық
- үшциклдық антидепрессанттарды, МАО тежегіштерін, бета-адреноблокаторларды бір мезгілде қабылдау
- құрамында парацетамол бар препараттарды бір мезгілде қабылдау
- артериялық гипертензия
- гипертиреоз
- қуық асты безінің гипертрофиясы
- созылмалы маскүнемдік
- бүйрек және бауыр аурулары
- жүктілік және лактация кезеңі
- 12 жасқа дейінгі балаларға
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Грипгоны құрамында парацетамол бар басқа препараттармен, сондай-ақ басқа да қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен бірге тағайындауға болмайды.
Барбитураттармен, дифенинмен, карбамазепинмен, рифампицинмен, зидовудинмен және бауыр микросомальді ферменттерінің басқа да индукторларымен бір мезгілде қолданғанда гепатоуыттылық әсерінің дамуы жоғарылайды. Барбитураттар парацетамолдың ыстық түсіргіш әсерін төмендетеді.
Препаратты парацетамолдың гепатоуытты әсері күшеюі мүмкін болғандықтан, үш циклді антидепрессанттармен, МАО тежегіштерімен және оларды тоқтатқаннан кейінгі 14 күн ішінде бір мезгілде қолдануға болмайды. Резерпин аясында артериялық қысымның артуы мүмкін. Қастауыш алкалоидтары аритмогенділікті күшейтеді.
Метоклопрамидтер, домперидон немесе холестираминмен бір мезгілде қабылдағанда парацетамолдың сіңуі төмендейді.
Флуконазол, кетоконазол, мексилетин және тербинафин оның әсері мен уыттылығын күшейте отырып, плазмада кофеиннің концентрациясын орташа арттыруы мүмкін.
Препарат тікелей емес антикоагулянттардың әсерін күшейтеді.
Айрықша нұсқаулар
Брадикардияға бейім емделушілерге, жүрек жеткіліксіздігі кезінде, жүректің ишемиялық ауруында, атеросклерозда, артериялық гипертензияда, қуықасты безі гипертрофиясында, егде жастағы адамдарға сақтықпен қолдану керек.
Қан жүйесі патологиясы бар емделушілердің қан тексерулеріне бақылау жүргізу керек. Грипго препаратымен емделіп жүрген кезде мүлдем алкогольді сусындарды ішуге болмайды.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Грипгоны қабылдаған кезде реакция жылдамдығының төмендеуі мүмкін болғандықтан көлік құралдарын басқарған және қауіптілігі зор механизмдермен жұмыс істеген кезде сақтық танытқан жөн.
Артық дозалануы
Симптомдары: жүрек айнуы, құсу, ауыз, мұрын және тамақтың кеберсуі, асқазан немесе бауыр аймағының ауыруы, тершеңдік, тыныс алудың бұзылуы, сананың шатасуы, брадикардия, артериялық гипертензия, тахикардия, аритмия, беттің қызаруы. Ауыр жағдайларда бауыр жеткіліксіздігі және кома дамиды.
Емі: асқазанды шаю және сорбенттерді тағайындау, қажет болған жағдайда симптоматикалық ем жүргізіледі. Парацетамолдың у қайтарғысы ацетилцистеин, метионин болып табылады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°C-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Босатылу шарттары
Рецептісіз
Шығарылу түрі және қаптамасы
4 таблеткадан баспалы, лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықсыз қаптамада немесе мөлдір ПВХ/ПВД үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.
1 пішінді ұяшықсыз немесе пішінді ұяшықты қаптамадан қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге қағаз конвертке салынады.
50 конверттен картон қорапқа салады.
10 таблеткадан баспалы, лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықсыз қаптамада немесе мөлдір ПВХ/ПВД үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.
1 пішінді ұяшықсыз немесе пішінді ұяшықты қаптамадан қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге жеке картон қаптамаға салады.
10 жеке картон қаптамадан картоннан жасалған қорапқа салынған.
10 пішінді ұяшықсыз немесе пішінді ұяшықты қаптамадан қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.
Өндіруші
Кусум Хелткер Пвт. Лтд.,
СП 289 (А), Риико Индл. Ареа Чопанки, Бхивади (Радж.), Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
Кусум Хелткер Пвт. Лтд., Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
Қазақстан Республикасындағы «Кусум Хелткер Пвт. Лтд.» Үндістан серіктестігінің өкілдігі,
заңды мекенжайы: Алматы қ., Достық д-лы, 117/6, «Хан Тәңірі» БО. орналасқан мекенжайы: Алматы қ., Достық д-лы, 117/6, «Хан Тәңірі» БО.
Телефон: 295-26-50, 295-26-51 (54), Факс: 295-26-55
Е-mail: Office-kusumhealthcare@intelsoft.kz