Граноцит® 34

МНН: Ленограстим
Производитель: Санофи Винтроп Индустрия
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Lenograstim
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№011030
Информация о регистрации в РК: 07.09.2017 - 07.09.2022
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 32 785.28 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Граноцит® 34

Халықаралық патенттелмеген атауы

Ленограстим

Дәрілік түрі

Көктамыр ішіне және тері астына енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған 33,6 млн ХБ лиофилизат еріткішімен жиынтықта

Құрамы

Бір құтының ішінде

белсенді зат - ленограстим 33,6 млн ХБ (263 мкг),

қосымша заттар: D-маннитол, полисорбат-20, L-аргинин, L-фенилала­нин, L-метионин, хлорсутек қышқылы,

еріткіш – 1 мл инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Лиофилизацияланған ақ ұнтақ немесе масса.

Еріткіш – Мөлдір, түссіз көзге көрінетін бөлшектерсіз және иіссіз сұйықтық.

Фармакотерапиялық тобы

Иммуномодуляторлар. Иммуностимуляторлар. Колониястимуляциялаушы факторлар. Ленограстим.

АТХ коды L03AA10

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Граноцит 34-тің фармакокинетикасы доза мен уақытқа тәуелді.

Қайталап енгізгенде (көктамыр ішіне және тері астына) сарысудағы ең жоғарғы концентрациясы (тікелей көктамыр ішіне инфузиялау немесе тері астына инъекциялағаннан кейін) енгізілген дозасына пропорционал. Граноцит 34-ті дәл сол екі енгізу жолымен қайталап тағайындағанда, жинақталу белгілері болмаған.

Ұсынылатын дозаларда Граноцит 34-тің абсолюттік биожетімділігі 30% құрайды. Нақты таралу көлемі (Vd) шамамен дене салмағына 1 л/кг құрайды, тері астына енгізгеннен кейінгі организмде орташа болу уақыты 7 сағатқа жуықтайды.

Граноцит 34-тің сарысудан болжамды жартылай шығарылу (тері астына енгізу) кезеңі қанығу сатысында (қайталап енгізу) 3 - 4 сағатты құрайды, ал қайтадан көктамырішілік инфузиялау жағдайында ол қысқалау (1-1,5 с).

Плазмалық клиренсі rHu G-CSF тері астына қайталап енгізгеннен кейін 3 есеге артады (50-ден 150 мл/минутқа дейін). 1%-дан аз ленограстим несеппен өзгермеген күйде шығарылады, ол пептидтерге дейін метаболизденеді деп саналады. Ұсынылған дозасын бірнеше рет тері астына енгізгеннен кейін, ленограстимнің сарысудағы концентрациясының ең жоғарғы шегі дене салмағына 100 пг/мл/кг-ға жуықтайды. Граноцит 34-тің сарысудағы дозасы мен концентрациясының және нейтрофильдік жауап пен ленограстимнің сарысудағы жалпы мөлшері арасында оң арақатынас байқалады.

Фармакодинамикасы

Граноцит® 34 (rHu G-CSF) цитокиндер – биологиялық белсенді протеиндер тобына жатады, олар жасушалардың дифференциациялануы мен өсуін реттеп отырады.

rHu G-CSF нейтрофилдердің ізашар жасушаларын көтермелегіш фактор болып табылады, ол көкбауырдың колониятүзуші бірліктерінің (CFU-S) өсіп шыққан жасушалар санынан және шеткергі қандағы гранулоцит-макрофагтардың (CFU-GM) колониятүзуші бірліктерінің жасушалар санынан көрінеді.

Граноцит® 34 қолданғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде шеткергі қандағы нейтрофилдер санының едәуір артуын туғызады.

Нейтрофилдер санының арту сипаты күніне 1-ден 10 мкг/кг-ға дейінгі ауқымында дозасына тәуелді. Ұсынылған дозаларын қайталап қолдану нейтрофилдер тарапынан жауап реакциясының күшеюіне түрткі болады. Граноцит® 34-ке жауап ретінде туындаған нейтрофилдер қалыпты хемотаксикалық және фагоцитарлық қызмет атқарады.

Басқа гемопоэтикалық өсу факторлары сияқты, G-CSF адамның in vitro эндотелиальді жасушаларына көтермелегіш әсер береді.

Граноцит 34-ті сүйек кемігі трансплантацияланған немесе цитоуытты химиялық ем алған науқастарда пайдалану нейтропения кезеңінің және онымен байланысты асқынулардың қысқаруына алып келеді.

Граноцит 34-ті не монотерапия ретінде, немесе химиялық емнен кейін қолдану шеткергі қанның гемопоэтикалық ізашар жасушаларын жұмылдырады. Шеткергі қанның бұл аутологиялық ізашар жасушаларын (ШҚІЖ) жоғарғы дозалы цитоуытты химиялық емнен кейін сүйек кемігін трансплантациялаудың орнына және соған қосымша ретінде де жинақтауға және инфундирлеуге болады.

Граноцит 34-ті мобилизациялау барысында алынған, сосын инфундирленген ШҚІЖ-ның гемопоэзді қалпына келтіруге және трансплантаттың бітісу уақытын қысқартуға қабілеттілігін көрсетті және осының нәтижесінде егер, аутологиялық сүйек кемігін трансплантациялаумен салыстырсақ, науқасты тромбоциттер трансфузиясына тәуелділіктен босатуға қажетті күндер саны қысқарады.

861 науқасты қамтып (n = 411 жасы ≥ 55 жаста) жүргізілген 3 қосарлы жасырын плацебо бақыланатын клиникалық зерттеулердің жиынтық талдау деректері цитогенетикасы жақсы , яғни t (8; 21), t (15; 17) және inv (16) жедел миелоидты лейкемиясы бар науқастардан басқа, жедел миелоидты лейкемияға de novo байланысты стандартты химиотерапия еміндегі 55 жастан асқан науқастарға ленограстимді тағайындаудың қаупі және пайдасының арақатынасы жағымдылығын көрсетті.

55 жастан асқан науқастардың қосалқы тобында Граноцит 34-ті тағайындаудың оң әсері нейтрофилдер санының қалпына келуінің жеделдеуінен, жұқпалану кезеңінсіз науқастар пайызының артуынан, жұқпалану кезеңі мен ауруханада жату кезеңінің қысқаруынан, сондай-ақ көктамырішілік антибиотикпен емдеу ұзақтығынан көрінді. Алайда бұл жағымды нәтижелер ауыр немесе өмірге қауіп төндіретін жұқпалар пайызының төмендеуімен де, олармен байланысты өлімге әкелетін жұқпалардың төмендеуімен де қатар жүрмеді.

Жедел миелоидты лейкозы бар 446 емделушілердегі de novo қосарлы жасырын плацебо бақыланатын зерттеулер деректері цитогенетикасы жақсы 99 емделушіден тұратын қосалқы топтағы оқиғасыз тірі қалу мүмкіндігі плацебо қабылдайтындарға қарағанда, ленограстим қабылдайтын қосалқы топта елеулі төмен болғанын көрсетті, және цитогенетикасы онша жақсы емес аталған қосалқы топпен салыстырғанда ленограстим қабылдайтын қосалқы топта жалпы тірі қалудың төмендеу тенденциясы байқалды.

Қолданылуы

Ересектер, жасөспірімдер және 2 жастан үлкен балалар үшін:

- соңынан сүйек кемігі трансплантацияланатын миелосупрессивті ем қабылдаушы және ұзақ және ауыр нейтропенияның жоғарғы қауіп тобына жатқызылған емделушілерде (миелоидты емес қатерлі ісігімен) нейтропения ұзақтығын қысқартуда

- фебрильді нейтропения жағдайлары санының елеулі болуына байланыстырылатын режимде стандартты цитоуытты ем қабылдаушы емделушілерде ауыр нейтропенияның және соған байланысты асқынулардың ұзақтығын қысқартуда

- емделушілерде және дені сау донорларда шеткергі қанның ізашар жасушаларын (ШҚІЖ) жұмылдыруда

Қолдану тәсілі мен дозалары

Емдеу тек мамандандырылған онкологиялық және/немесе гематологиялық орталықпен бірлесіп жүргізілуі тиіс.

Граноцит® 34-ті теріастылық инъекция немесе көктамырішілік инфузия түрінде енгізуге болады. Препаратты қалай қолдану ерекшеліктері немесе дайындау бойынша нұсқаулық төменде берілген.

Граноцит 34-тің ұсынылатын дозасы тәулігіне дене беткейінің әр 1 м2 150 мкг (19,2 млн. ХБ) құрайды, бұл салмағының әр килограмына тәулігіне 5 мкг (0,64 млн. ХБ) баламалы:

- сүйек кемігін трансплантациялаудан немесе шеткергі қанның діңдік жасушаларын трансплантациялаудан кейін

- стандартты цитоуытты химиотерапия аяқталғаннан кейін

- химиотерапиядан кейінгі шеткергі қанның ізашар жасушаларын мобилизациялау уақытында

Граноцит® 34 млн ХБ/мл дене беткейінің көлемі 1,8 м2 аспайтын емделушілерге тағайындалады.

Шеткергі қанның ізашар жасушаларын мобилизациялау үшін моноем ретінде Граноцит 34-ті тағайындағанда ұсынылатын дозасы дене салмағының әр килограмына тәулігіне 10 мкг (1,28 млн. ХБ) құрайды.

Ересектер

Сүйек кемігін немесе шеткергі қанның ізашар жасушаларын трансплантациялаудан кейін Граноцит® 34 тәулігіне дене беткейінің әр 1 м2 ауданына 150 мкг (19,2 млн. ХБ) ұсынылатын дозасына сәйкес, күн сайын физиологиялық ерітіндіде сұйылтылып, 30 минут бойына көктамырішілік инфузиямен, болмаса теріастына енгізіледі. Сүйек кемігін трансплантациялау сәтінен кейінгі бірінші доза 24 сағат ішінде енгізілмеуі тиіс.

Деңгейі емді тоқтатуға мүмкіндік беретін нейтрофилдер саны тұрақты болғанша ең жоғары төмендетудің болжамды күніне дейін емдеуді жалғастыру керек. Ем қажет болғанда 28 күнге дейін жалғасуы мүмкін.

Сүйек кемігін трансплантациялаудан кейінгі 14-ші күнге қарай емделушілердің 50%-ында нейтрофилдер саны қалпына келуі байқалады деп болжанады.

Стандартты цитоуытты химиялық емдеу аяқталғаннан кейін

Граноцит® 34 күн сайын дене беткейінің әр 1 м2 ауданына тәулігіне 150 мкг (19,2 млн. ХБ) ұсынылатын дозасында теріастылық инъекция түрінде енгізілуі тиіс. Бірінші доза цитоуытты химиялық емдеу аяқталған сәттен кейін 24 сағат өткеннен кейін ғана енгізілуі тиіс («Айрықша нұсқаулар» және «Дәрілермен өзара әрекеттесулерін» қараңыз).

Граноцит®34 препаратын күн сайын енгізуді нейтрофилдер саны емдеуді тоқтатуға мүмкіндік беретіндей тұрақты болғанша, деңгейдің ең жоғары төмендеуіне дейін жалғастыру керек. Ем қажет болғанда 28 күнге дейін жалғасуы мүмкін.

Нейтрофилдер санының өтпелі жоғарылауы емнің алғашқы екі күнінде болуы мүмкін. Алайда, Граноцит 34 енгізуді жалғастыру керек, өйткені бұл ең жоғары төмендеуге ертерек қол жеткізуге және тезірек сауығуға ықпал етеді.

Шеткергі қанның ізашар жасушаларын жұмылдыру кезінде

Химиялық емнен кейін Граноцит® 34 күн сайын, тәулігіне дене беткейінің әр 1 м2 ауданына ұсынылатын 150 мкг (19,2 млн. ХБ) дозада теріастылық инъекция түрінде, тағайындалған химиялық емге сәйкес, химиялық ем аяқталғаннан кейін бірінші күннен бастап бес күн бойы қолданылуы тиіс.

Граноцит 34-пен емдеу түпкілікті лейкаферезге дейін жалғастырылуы тиіс.

Лейкаферез ең төмен деңгейлі лейкоциттер санын ұлғайтқаннан кейін немесе расталған әдістердің көмегімен CD34+ жасушаларының мөлшерін анықтаудан кейін жүргізіледі. Бұрын химиялық емнің қарқынды курсын өтпеген емделушілерге көбіне (CD34+ жасушаларының әр килограммға (≥ 2,0х106) ең төмен қажетті мөлшеріне қол жеткізу үшін бір лейкаферез жүргізу жеткілікті.

Граноцит 34-ті шеткергі қанның ізашар жасушаларын мобилизациялау үшін монотерапияда тағайындағанда препарат күн сайын тәулігіне әр килограмм дене салмағына ұсынылатын 10 мкг (1.28 млн. ХБ) дозада 4-6 күн бойы теріастылық инъекция түрінде енгізіледі. Лейкаферез 5-ші және 7-күн арасында жүргізіледі.

Бұрын химиялық емнің қарқынды курсын өтпеген емделушілерге көбіне (≥ 2,0 x 106 CD34+ жасушаларының әр килограммға) ең төмен қажетті мөлшеріне қол жеткізу үшін бір лейкаферез жүргізу жеткілікті.

Дені сау донорларға 5-6 күн бойына күн сайын тері астына 10 мкг/кг тағайындалады. Бір лейкаферез жүргізуден кейін 83% жағдайда және екеуінде 97% жағдайда ≥ 3,0 × 106 CD34+ жасушаға қол жеткізу үшін бұл жеткілікті.

Егде емделушілер

Граноцит 34-пен клиникалық зерттеулерге 70 жасқа жеткен емделушілердің азғантай бөлігі тартылды. Бұндай емделушілерді қатыстырумен арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ, сондықтан дозалауға қатысты арнайы ұсынымдар беруге болмайды.

Балалар

Екі жастан асқан балалар және жасөспірімдер үшін соңынан сүйек кемігі трансплантацияланатын миелосупрессивті ем қабылдаушы науқастарда нейтропения ұзақтығын қысқарту үшін, немесе цитоуытты химиялық терапиядан кейінгі науқастарда ересектерге арналғанға ұқсас доза тағайындалады.

Ересектердегі шеткергі қанның ізашар жасушаларын мобилизациялау үшін пайдаланылатын дозалар туралы қол жетімді деректер шектеулі болып табылады.

2 жастан кіші балаларды емдеу үшін Граноцит 34-тің қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Дене беткейі 1,8 м2 дейінгі көлемде болатын емделушілер үшін Граноцит® 34 млн ХБ/мл тағайындалуы мүмкін.

Үйлесімсіздік

Бұл дәрілік препаратты, төменде көрсетілгенді қоспағанда, басқа дәрілік препараттармен араластыруға болмайды.

Қалдықтарын жоюға арналған арнайы шаралар

Кез-келген пайдаланылмаған препаратты/ерітінді немесе қалдық материалды жергілікті ережелерге сәйкес жою керек.

Дайындау жөніндегі нұсқаулықтар

Граноцит 34-тің құтылары тек бір рет пайдалануға арналған.

Тері астына немесе көктамыр ішіне енгізбес бұрын, Граноцит® 34-ті қалпына келтіру қажет.

Қалпына келтірілген Граноцит 34 ерітіндісін дайындау

Қондырылған инесі бар градуирленген еккішті пайдалана отырып, асептикалық жағдайда Граноцит 34-ке арналған еріткіштің бір ампуласының ішіндегісін толығымен шығарып алыңыз. Еккіштің ішіндегісінің барлығын сәйкесінше Граноцит 34 құтысына енгізіңіз. Толық ерігенге дейін жеңіл сілку керек. Қатты сілкуге болмайды. Парентеральді енгізуге арналған қалпына келтірілген ерітінді мөлдір және құрамында бөлшектер жоқ болады. Қалпына келтірілген ерітіндіні дайындағаннан кейін бірден пайдаланған дұрыс. Қалпына келтірілген/сұйылтылған дәрілік препаратты сақтау шарттарын «Сақтау шарттары» бөлімінен қараңыз.

Тері астына енгізу үшін дайындау

Граноцит 34-тің қалпына келтірілген ерітіндісін жоғарыда сипаттағандай дайындаңыз. Ине мен еккішті құтыға жалғанған күйде сақтай отырып, құтыдан қалпына келтірілген ерітіндінің талап етілген көлемін шығарып алыңыз. Қалпына келтіруге пайдаланылған инені ауыстырып, және еккішке тері астына инъекция жасауға жарамды инені қондырыңыз. Бірден тері астылық инъекция түрінде енгізіңіз.

Көктамыр ішіне енгізуге арналған инфузиялық ерітінді дайындау

Көктамыр ішіне енгізуге арналған Граноцит® 34-ті қалпына келтіргеннен кейін сұйылту талап етіледі. Граноцит® 34-тің қалпына келтірілген ерітіндісін жоғарыда сипатталғандай дайындаңыз. Ине мен еккішті құтыға жалғанған күйде сақтай отырып, құтыдан қалпына келтірілген ерітіндінің қажетті көлемін шығарып алыңыз.

Граноцит 34-тің қалпына келтірілген ерітіндісін, қажетті көлемін инъекциялау жолымен, 0,9% натрий хлориді ерітіндісінде, немесе 5% декстроза ерітіндісінде қажетті концентрациясына дейін сұйылту керек. Көктамыр ішіне енгізу керек.

Граноцит® 34 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісінде (поливинилхлоридті қалта немесе шыны құтылар) немесе 5% декстроза ерітіндісінде (шыны құтылар) еріткеннен кейін инъекцияға қолдануға арналған жинақтармен үйлесімді.

Жағымсыз әсерлері

Балалар, жасөспірімдер және ересектер үшін қауіпсіздік бейіні салыстырарлық.

Сүйек кемігін немесе шеткергі қандағы діңдік жасушаларды трансплантациялау

Қосарлы жасырын плацебо-бақыланатын зерттеулер Граноцит®34 енгізілген емделушілерде қан жоғалтуға байланысты жағымсыз әсерлер жиілігі артпаған плацебо тобындағы емделушілермен салыстырғанда тромбоциттердің орташа саны төмен болғанын көрсетті; екі топта да трансплантациялау мен тромбоциттерді соңғы құюдың арасындағы күндерінің орташа саны бірдей болды («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Сүйек кемігін немесе шеткергі қандағы діңдік жасушаларды трансплантациялау және химиотерапиядан туындайтын нейтропения

Клиникалық зерттеулер тіркелген жағымсыз құбылыстардың жиілігі (15%) Граноцит® 34 енгізілген емделушілерде де, және сондай-ақ плацебо тобындағы емделушілерде де бірдей болатынын көрсетті.

Бұл жағымсыз құбылыстар емнің осындай түрі үшін және химиялық терапиядан кейінгі онкологиялық емделушілер үшін үйреншікті болып табылды.

Кең таралған жағымсыз құбылыстар ауыз қуысының жұқпасы/қабыну үдерісі, сепсис және жұқпалар, қызба, диарея, іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу, бөртпе, алопеция және бас ауыруы болды.

Дені сау донорлардағы шеткергі қан діңдік жасушаларын мобилизациялау

Ең көп таралған жағымсыз құбылыстар өтпелі болды және жеңілден орташа дәрежеге дейін болды: ауыру, сүйектердің ауыруын қоса, арқаның ауыруы, астения, қызба, бас ауыруы және жүрек айнуы, АЛТ/АСТ, сілтілік фосфатаза және лактатдегидрогеназа (ЛДГ) деңгейі жоғарылауы.

Аферезбен байланысты болатын тромбоцитопения және лейкоцитоз тиісінше 42% және 24% жағдайларда анықталды.

Спленомегалияның әдеттегі, бірақ көбіне симптомдарсыз жағдайлары және сондай-ақ оның үзілуінің өте сирек жағдайы да тіркелген.

Өкпеге сирек әсері ентігу, гипоксия, қан түкіру, сондай-ақ жедел респираторлық дистресс-синдромының өте сирек жағдайлары («Айрықша нұсқауларын» қараңыз) ретінде тіркелген.

Анафилаксияны қоса, аллергиялық реакциялар ленограстимді тері астына бірінші енгізуден кейін өте сирек кездесті.

Постмаркетингтік кезеңдегі өмірге қауіп төндіретін дәрілік жағымсыз реакциялар

Г-КСФ тағайындағаннан кейінгі постмаркетингтік кезеңде, негізінен химиялық ем қабылдаушы онкологиялық емделушілерде, ем баяулаған жағдайда өмірге қауіпті болуы мүмкін қылтамырлардың жоғары өткізгіштігі синдромының жиі емес (≥ 1/1000 –ден < 1/100 дейін) жағдайлары туралы хабарланған («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Клиникалық зерттеулер кезінде және постмаркетингтік кезеңдегі бақылау уақытында тіркелген жағымсыз құбылыстардың туындау жиілігі

Өте жиі (≥ 10%)

- ЛДГ деңгейі жоғарылауы

- лейкоцитоз, тромбоцитопения

- бас ауыруы, астения

- арқаның және сүйектердің ауыруы

- АСТ/АЛТ деңгейі жоғарылауы, (АСТ және/немесе АЛТ деңгейлерінің өтпелі жоғарылауы анықталды. Көп жағдайларда ленограстимді қолдануды тоқтатқаннан кейін, бауыр функциясының бұзылуы қалпына келеді)

- сілтілік фосфотаза деңгейінің жоғарылауы

Жиі (≥ 1/100-ден < 1/10 дейін)

- көкбауыр көлемінің ұлғаюы

- абдоминальді ауыру

- ауыру (пайда болу қаупі лейкоциттер деңгейі артуы байқалған жағдайларда жоғарылайды, әсіресе олардың деңгейі ≥ 50 × 109/л болғанда)

- енгізу орнындағы реакция

Жиі емес ((≥ 1/1000-ден < 1/100 дейін)

- қылтамырлардың жоғары өткізгіштігі синдромы (өмірге қауіпті болуы мүмкін қылтамырлардың жоғары өткізгіштігі синдромының постмаркетингтік жағдайлары туралы хабарланған («Айрықша нұсқауларын» қараңыз))

Сирек (≥ 1/10 000 –ден ≤ 1/1 000 дейін)

- өкпе ісінуі (респираторлық бұзылулардың кейбір тіркелген жағдайлары респираторлық жеткіліксіздікке немесе фатальді болуы мүмкін жедел респираторлық дистресс-синдромына алып келген)

- интерстициальді пневмония

- өкпе инфильтраттары

- өкпе фиброзы

Өте сирек (≤ 1/10 000)

- көкбауырдың жыртылуы (дені сау донорларда және Г-КСФ енгізуден кейін емделушілерде тіркелген («Айрықша нұсқауларын» қараңыз))

- тері васкулиті

- Свит синдромы, түйінді эритема және гангренозды пиодермия негізінен қатерлі гематологиялық ісіктері бар емделушілерде анықталған, бұл нейтрофильді дерматозға байланысты, бірақ сондай-ақ қатерсіз нейтропениясы бар емделушілерде де анықталды

- Лайелл синдромы (уытты эпидермальді некролиз)

- аллергиялық реакция, анафилактикалық шок

Күдік болған жағымсыз реакциялар туралы хабарламалар

Медициналық препарат тіркелгеннен кейінгі күдік болған жағымсыз құбылыстар туралы хабарлау маңызды. Бұл медициналық препараттың қауіп/пайда арақатынасының үздіксіз мониторингін қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау қызметкерлері ұлттық есеп беру жүйесі арқылы кез келген күдік болған жағымсыз реакциялар туралы хабарлауды сұрайды.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- ленограстимге немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық

- бұл дәрілік зат миелоуыттылықты төмендеткенімен, бірақ жалпы цитоуытты дәрілік заттардың уыттылығын төмендетпейтіндіктен, белгіленген дозалары мен дозалау режимінен артық цитоуытты химиялық емнің дозасын интенсификациялау үшін,

- цитоуытты химиялық еммен бір мезгілде қолдану

- жедел миелоидты лейкемиядан de novo ерекшеленетін миелоидты қатерлі аурулар

- 55 жастан кіші жедел миелоидты лейкемиясы de novo бар және/немесе жедел миелоидты лейкемиясы de novo бар және цитогенетикасы жақсы, яғни t (8;21), t (15;17) және inv (16) науқастар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Тез бөлінетін миелоидты жасушалардың цитоуытты химиялық емге сезімталдығы жоғары болғандықтан, химиялық ем алдындағы 24 сағаттық кезеңде, сондай-ақ химиялық ем аяқталғаннан кейінгі 24 сағаттық кезеңде Граноцит® 34-ті қолдану ұсынылмайды.

Басқа гемопоэтикалық өсу факторларымен және цитокиндермен болуы мүмкін өзара әрекеттесулеріне әлі клиникалық зерттеу жүргізілу керек.

Айрықша нұсқаулар

Қатерлі жасушалардың өсуі

Гранулоцитарлық колониястимуляциялаушы фактор (Г-КСФ) миелоидты in vitro жасушалардың өсуіне алып келуі мүмкін. Дәл осындай әсер кейбір in vitro миелоидтық емес жасушалар жағдайында байқалуы мүмкін. Миелодиспластикалық синдромы немесе салдарлы жедел миелоидты лейкозы немесе созылмалы миелоидты лейкозы бар емделушілердегі Граноцит 34 қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Сондықтан оны аталған көрсетілімдер бойынша тағайындауға болмайды. Жедел миелоидты лейкоздан созылмалы миелоидты лейкозға бластты трансформациялану диагнозын дифференциациялауда ерекше назар аудару керек.

Миелодиспластикалық синдромның жедел миелоидты лейкозға өтуіне Граноцит®34-тің әсер ететіні клиникалық зерттеулерде анықталмаған.

Сондықтан Граноцит®34-ті кез келген қатер алды миелоидты жай-күйдегі емделушіге ерекше сақтықпен тағайындау керек. Өйткені кейбір спецификалық емес сипаттағы ісіктер тек Г-КСФ рецепторларынан ғана бөлінетіндіктен, бір мезгілде rHuГ-КСФ емдеудегі емделушілерде ісік өсуінің кенеттен жаңғыруын бақылау керек.

Жедел лимфобласты лейкозы бар балаларда (ЖЛЛ)

Г-КСФ байланысты салдарлы миелоидты лейкоздың немесе миелодиспластикалық синдромның жоғары қаупі ЖЛЛ бар балаларда анықталған. Осыған ұқсас қауіп ауқымды ісігі немесе лимфомасы бар 12 804 ересек емделушілердегі 25 рандомизделген бақыланатын зерттеулерде жүйелі шолуда анықталды; алайда бұл қауіптің кейінгі нәтижелеріне теріс әсері болмаған.

Сондықтан Граноцит®34 балаларға, әсіресе ұзақ мерзімдік жағымды болжамы бар, тек ұзақ мерзімдік қаупімен салыстырғандағы қысқа мерзімдік пайдасының теңгерімін мұқият бағалаудан кейін тағайындауға болады.

Лейкоцитоз

Клиникалық зерттеулер барысында сүйек кемігі трансплантациясынан кейін тәулігіне 5 мг/кг (тәулігіне 0,64 млн. ХБ/кг) енгізілген 174 емделушіде 50х109/л астам лейкоциттер мөлшері анықталмаған. Лейкоциттер санының 70х109/л немесе одан астам болуы цитоуытты химиотерапия қабылдаған және тәулігіне 5 мг/кг (тәулігіне 0,64 млн ХБ/кг) дозада Граноцит®34 енгізілген емделушілердің 5% азында анықталған. Лейкоцитоздың берілген дәрежесінде тікелей салыстырылатын ешбір жағымсыз құбылыстар анықталмаған.

Ауыр лейкоцитозға байланысты потенциалды қауіпке орай, дегенмен Граноцит 34-пен емдеу кезінде лейкоциттер санына ұдайы есеп жүргізіп отыру керек.

Егер деңгейдің барынша төмендеуінің болжамды күнінен кейін лейкоциттер саны 50 × 109/л астам болса, Граноцит 34-ті қолдану дереу тоқтатылуы тиіс.

Егер лейкоциттер саны 70х109/л-ден асқан болса, шеткергі қан ізашар-жасушаларын мобилизациялауда Граноцит®34 емі тоқтатылуы тиіс.

Өкпе тарапынан жағымсыз құбылыстар

Г-КСФ енгізгеннен кейін, өкпе тарапынан сирек жағымсыз құбылыстар (>0,01% және < 0,1%) соның ішінде, интерстициальді пневмония анықталған.

Жуырда білінген өкпе инфильтрациясы немесе пневмониясы болған емделушілерде бұл әсердің қаупі артуы мүмкін.

Өкпе инфильтраттары мен өкпе функциясы бұзылуының рентгенологиялық белгілерімен қатар, жөтел, қызба, ентігу сияқты өкпе симптомдарының немесе белгілерінің пайда болуы жедел респираторлық дистресс синдромының (ЖРДС) бірінші белгісі болуы мүмкін.

Граноцит 34-ті қолдану дереу тоқтату керек және қажетті емдеуді бастау керек.

Сүйек кемігін немесе шеткергі діңдік жасушаларды трансплантациялау

Тромбоциттердің қалыпқа келген мөлшеріне ерекше назар аударылуы тиіс, өйткені қосарлы жасырын плацебо бақыланатын зерттеулер плацебо қабылдағандармен салыстырғанда Граноцит®34 қабылдаған емделушілерде тромбоциттердің орташа саны аз екенін көрсетті.

Граноцит 34-тің жедел және созылмалы «трансплантат иесіне қарсы» реакциясының жиілігі мен ауырлығына әсері дәл анықталмаған.

Стандартты цитоуытты химиялық емдеу кезінде қолданылуы

Граноцит 34-ті химиялық емдеу алдында 24 сағат ішінде және химиялық емдеу аяқталғаннан кейін 24 сағат мерзімде қолданбау ұсынылады («Дәрілермен өзара әрекеттесулерін» қараңыз).

Жинақталатын немесе миелоуыттылығының тромбоциттік линиясы басым (нитросурея, митомицин) ісікке қарсы препараттармен біріктірілімінде Граноцит 34 тағайындау қауіпсіздігі анықталмаған. Граноцит 34 тағайындау бұл дәрілердің, әсіресе тромбоциттерге қатысты уыттылығын арттыруы мүмкін.

Химиялық ем дозасын арттырумен байланысты қауіп

Граноцит 34-тің қауіпсіздігі мен тиімділігін интенсификацияланған химиялық емге қатысты анықтау керек.

Оны химиялық ем циклдары арасындағы шамадан тыс шектелген аралықтарды қысқарту үшін және/немесе химиялық ем дозаларын арттыру үшін тағайындауға болмайды. Миелоидты емес уыттылық химиялық емді Граноцит 34-пен интенсификациялауды зерттеудің II фазасында шектеуші фактор болып шықты.

Шеткергі қанның ізашар жасушаларын мобилизациялаудағы сақтық шаралары

Мобилизация әдісін таңдау

Науқастардың бір ғана тобында жүргізілген клиникалық зерттеулер шеткергі қандағы ізашар-жасушалардың мобилизациялау деңгейі Граноцит® 34-ті химиялық емдеуден кейін қолданғанда онсыз енгізілгеннен гөрі жоғары болғанын көрсетті (зерттеу сол зертханада жүргізілді). Алайда, мобилизациялаудың екі әдісінің біреуін таңдағанда әрбір емделуші үшін жалпы емдік мақсаттарды ескеру керек.

Цитоуытты заттардың және/немесе радиотерапияның ерте әсері

Бұрын қарқынды миелосупрессивті химиотерапиялық және/немесе радиотерапия қабылдаған емделушілер үшін шеткергі қандағы ізашар-жасушалардың ең төмен қол жетімді деңгейіне (≥ 2 × 106 CD34+ жасуша килограмға) жету, осылайша жеткілікті гематологиялық қалпына келуге жету күрделі болуы мүмкін.

Шеткергі қандағы ізашар-жасушалардың трансплантациясы емнің ерте сатысына жоспарлануы тиіс, және химиотерапия үшін жоғары доза тағайындар алдында шеткергі қандағы ізашар-жасушалардың мобилизацияланған мөлшеріне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Егер нәтижесі төмен болса, шеткергі қан ізашар жасушаларын трансплантациялау бағдарламасы басқа еммен алмастырылуы тиіс.

Ізашар жасушалардың ең төмен мөлшерін анықтау

СD34+ жасушалардың ағындық цитометриялық талдау нәтижелері зертханаларға байланысты ауытқитындықтан шеткергі қан ізашар жасушаларының ең аз мөлшерін анықтаудың сандық тәсіліне баса назар аударылуы тиіс. СD34+ жасушалардың ең аз мөлшері дәл анықталмаған. Әдебиеттерде жарияланған нәтижелерге сәйкес керекті гематологиялық қалпына келуге жету үшін ұсынылатын ең төменгі мөлшері әр килограммға ≥ 2 × 106 CD34+ жасушаны құрайды. Әр килограммға 2 × 106 CD34+ жасушадан артық пайдалану нәтижесі тромбоциттер мөлшерінің қалпына келуін қоса, тез қалпына келумен байланысты, сонымен бірге ең төмен көрсеткіштердің баяуырақ қалпына келуімен байланысты.

Дені сау донорларда

Дені сау адамдарға тікелей артықшылық бермейтін емшара болып табылатын шеткергі қан ізашар-жасушаларын мобилизациялау сүйек кемігінің донорлығы бойынша ұлттық ережелерге сәйкес, осы ережелер қолданылатын жерде, тиісті дәл шегін анықтау арқылы орындалуы тиіс.

Граноцит 34-тің 60 жастан асқан жастағы донорлар үшін тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған, сондықтан бұл емшара берілген жағдайда ұсынылмайды. Ұлттық ережелерге сәйкес және арнайы зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты кәмелеттік жасқа толмаған балалар донор бола алмайды.

Шеткергі қандағы ізашар-жасушаларды мобилизациялау сүйек кемігі донорлығы үшін қажетті клиникалық және зертханалық критерийлерге, негізінен, стандартты гематологиялық критерийлерге жауап беретін донорларға ғана қатысты бола алады.

Елеулі лейкоцитоз (лейкоциттер ≥ 50 x 109/л) зерттелген жағдайлардың 24% анықталған.

Аферезбен байланысты тромбоцитопения (тромбоциттер саны100 × 109/л аз), тексерілген жағдайлардың 42%-ында анықталған, және кейде бұл жағдайлардың ішінде тромбоциттер деңгейінің 50 × 109/л аз болуы кездесті, оның алдында барлық жағдайларда қалпына келген, клиникалық тиісті жағымсыз әсерлерсіз лейкаферез жүрген. Осы себепті, лейкоферез антикоагулянттық ем қабылдаған немесе гемостаз бұзылулары бар донорларға жүргізілмеуі тиіс. Егер бір реттен артық лейкаферез жүргізу қажет болса, аферезге дейін тромбоциттер саны 100 × 109/л аз болған донорларға ерекше назар аудару керек; әдетте, егер тромбоциттер саны 75 × 109/л болса, аферез жүргізбеген дұрыс.

Донорларды таңдауда көктамырларға енгізу орнының түріне назар аудару керек, және егер мүмкін болса орталық катетеризацияны болдырмау керек.

Дені сау донорларда Г-КСФ енгізуден кейін өтпелі цитогенетикалық өзгерістер анықталған. Бұл өзгерістердің болжамды салдарлары белгісіз. Қазіргі уақытта донорларда қауіпсіздік критерийлеріне ұзақ уақыттық бақылау жүргізілуде. Дегенмен қатерлі миелоидты жасушалардың клондары белсенділігі қаупін жоққа шығаруға болмайды. Қауіпсіздігіне ұзақ уақыттық мониторингті қамтамасыз ету үшін аферез орталығының жүйелі жазу жүргізуі және 10 жылдан кем емес уақыт бойына діңдік жасушалар донорларын бақылау ұсынылады.

Дені сау донорлардағы өкпеге байланысты жағымсыз әсерлер (қан түкіру, өкпе қан кетулері, өкпе инфильтраттары, ентігу және гипоксия) постмаркетингтік кезеңде анықталған.

Өкпемен байланысты жағымсыз әсерлердің болжамды немесе анықталған жағдайларында Граноцит 34-пен емді тоқтату және қажетті ем бастау керек.

Граноцит 34-пен мобилизациялаудан кейін алынған діңдік жасушалардың аллогенді реципиенттері

Діңдік жасушаларды аллогенді ауыстырып салу «трансплантат иесіне қарсы» созылмалы реакциясының жоғары қаупіне байланысты болуы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімдік зерттеулер нәтижесінде алынған деректер трансплантаттың ажырау жағдайы сиректігін көрсетті.

Басқа да айрықша көрсетілімдер

Бауыр және бүйрек функциясының ауыр бұзылуы бар емделушілерде Граноцит 34 қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Сүйек кемігінің ізашар жасушаларының елеулі төмендеуі бар емделушілерде нейтрофилдер реакциясы кейде төмендейді және Граноцит 34 қауіпсіздігі анықталмаған (мысалы, алдындағы қарқынды радиотерапия/химиотерапиядан кейін),.

Жиі, бірақ әдетте спленомегалияның симптомсыз жағдайлары және көкбауыр жыртылуының өте сирек жағдайлары дені сау донорларда және Г-КСФ тағайындалғаннан кейін емделушілерде анықталған. Сондықтан көкбауыр өлшемін мұқият мониторингтеу қажет (мысалы, медициналық тексеру немесе ультрадыбыстық зерттеулер көмегімен). Іштің үстіңгі сол жақ бөлігі ауырғанда немесе иықтың үстіңгі бөлігі ауырса, көкбауыр жыртылды деп анықталады. Қылтамырлардың жоғары өткізгіштік синдромы Г-КСФ тағайындалғаннан кейін байқалды және гипотензиямен, гипоальбуминемиямен, ісінумен және гемоконцентрациямен сипатталды.

Қылтамырлардың жоғары өткізгіштік симптомдары туындаған жағдайда ленограстим тағайындауды тоқтату керек және қарқынды бақылауды талап етуі мүмкін тиісті симптоматикалық емді бастау керек. («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз).

Граноцит® 34-тің құрамында фенилаланин бар, ол фенилкетонуриясы бар емделушілер үшін зиянды болуы мүмкін.

Жүктілік

Ленограстимді жүкті әйелдерде қолдану жөнінде нақты мәліметтер жоқ.

Клиникаға дейінгі зерттеулерде репродуктивті уыттылығы анықталған. Адам үшін болуы мүмкін қаупі белгісіз.

Егер аса қажет болмаса, Граноцит® 34-ті жүктілік кезінде қабылдамаған жөн.

Лактация

Ленограстимнің адамның емшек сүтіне өтетін-өтпейтіні белгісіз. Ленограстимнің сүтпен бөлінуі бойынша клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізілмеген. Граноцитпен 34 емдеу уақытында емшекпен емізуді тоқтату керек.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Автокөлік және жұмыс механизмдерін басқаруға қажетті қабілетке тигізетін әсерлеріне зерттеулер жүргізілген жоқ.

Артық дозалануы

Граноцит 34-тің артық дозалануынан болатын әсерлер анықталмаған.

Әдетте, Граноцит 34-пен емдеуді тоқтату алғашқы 1-2 күнде айналымдағы нейтрофилдер санының 50%-ға төмендеуіне, әрі қарай 1-7 күннен кейін олардың қалыпты деңгейіне қайтып келуіне алып келеді. 50х109/л жуық лейкоциттер саны Граноцит 34-тің ең жоғары тәулігіне 40 мкг/кг-ге (5,12 млн. ХБ/кг/тәулігіне) тең дозаларын алған үш науқастың біреуінде емнің 5-күні байқалған. Препаратты тәулігіне 40 мкг/кг дейінгі дозада қолдану, сүйектер мен бұлшықеттердегі ауыруларды қоспағанда, уытты жағымсыз әсерлерінің пайда болуымен қатар жүрген жоқ.

 

Шығарылу түрі және қаптамасы

Лиофилизатты резеңке тығындармен тығындалып, қорғағыш пластик қақпақшалары бар, алюминий қалпақшалармен қаусырылған, мөлдір және түссіз шыныдан жасалған құтыларға (I типті, көлемі 5 мл) құяды.

1 мл еріткіштен мөлдір және түссіз шыныдан жасалған (I типті, көлемі 2 мл) ампулаларға құяды.

Лиофилизаты бар 5 құтыдан және еріткіші бар 5 ампуладан пластик тұғырларға орналастырады.

1 тұғырдан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

2С-ден 25С-ге дейінгі температурада сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды! Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дайындалған ерітіндіні 2-ден 8С-ге дейінгі температурада, 24 сағат аралығында сақтау керек.

Граноцит 34-тің тұрақтылығы құтыға қысқа мерзімде 30С-ге дейінгі температура әсер еткенде бұзылмайды (14 күннен артық емес).

Граноцит 34-ті 0,32 ХБ/мл-ден аз (2,5 мкг/мл) концентрациясына дейін сұйылтқаннан кейін және сұйылтылған ерітіндісін 5С-ден 25С-ге дейінгі температурада 24 сағат бойы сақтағанда, оның белсенділігінің төмендегені байқалған жоқ.

 

Сақтау мерзімі

2,5 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/Қаптаушы

Санофи Винтроп Индустрия, Франция

Орналасқан мекенжайы: 180 rue Jean Jaures, 94702 Maisons Alfort Cedex, France

Тіркеу куәлігінің иесі

Шугаи Санофи Авентис, Франция

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Санофи-авентис Қазақстан» ЖШС

Қазақстан Республикасы, 050013, Алматы, Фурманов к-сі 187 Б

телефоны: +7 (727) 244-50-96

факс: +7 (727) 258-25-96

e-mail: quality.info@sanofi.com

 

Прикрепленные файлы

637622391477976952_ru.doc 167 кб
381403291477978110_kz.doc 151 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники