Гликлазид МВ (60 мг) (Gliclazide)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Гликлазид МВ
Халықаралық патенттелмеген атауы
Гликлазид
Дәрілік түрі
Модификацияланып босап шығатын таблеткалар, 30 мг және 60 мг
Құрамы
Бір таблетка құрамында:
белсенді зат - 30.0 мг немесе 60.0 мг гликлазид,
қосымша заттар: сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, гидрок-сипропилметилцеллюлоза, натрий стеарилі фумараты, тальк, лактоза моногидраты.
Сипаттамасы
Ақ немесе ақ дерлік түсті, беткейі жалпақ цилиндрлі дөңгелек пішінді және ойығы бар таблеткалар (30 мг доза үшін).
Ақ немесе ақ дерлік түсті, беткейі жалпақ цилиндрлі дөңгелек пішінді, ойығы және сызығы бар таблеткалар (60 мг доза үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Қант диабетін емдеуге арналған дәрілер. Қантты төмендету үшін пероральді қабылдауға арналған препараттар. Сульфонилмочевина туындылары. Гликлазид.
АТХ коды А10ВВ09
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ішке қабылдағаннан кейін гликлазид асқазан-ішек жолынан толық сіңеді. Тамақ ішу сіңу дәрежесіне ықпалын тигізбейді. Қабылдағаннан кейін алғашқы 6 сағат ішінде плазмадағы гликлазид концентрациясы үдеп өседі және платоға жетеді, ол 6 сағаттан 12 сағатқа дейін сақталады. Жекелей ауытқушылығы біршама төмен. 120 мг-ге дейінгі қабылданған доза мен плазмадағы препарат концентрациясының қисығы арасындағы өзара байланыс уақытқа желілі түрде байланысты болып табылады. Плазма ақуыздарымен препараттың шамамен 95%-ы байланысады.
Гликлазид көбіне бауырда метаболизденеді және негізінен несеппен бірге шығарылады. Шығарылуы негізінен бүйрек арқылы метаболиттер түрінде жүзеге асырылады, 1%-дан азы өзгермеген күйінде несеппен бірге шығарылады. Плазмада белсенді метаболиттері жоқ.
Гликлазидтің жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) орта есеппен 16 сағатты (12-ден бастап 20 сағатқа дейінді) құрайды.
Егде жастағы адамдарда фармакокинетикалық параметрлерінде елеулі өзгерістер бақалмайды.
Тәуліктік бір реттік 60 мг доза плазмада гликлазидтің тиімді концентрациясын 24 сағаттан астам бойы қамтамасыз етеді.
Фармакодинамикасы
Гликлазид МВ - ІІ буынды сульфонилмочевина туындыларының тобына жататын пероральді гипогликемиялық препарат, ол осыған ұқсас препараттардан эндоциклдік байланысқан N-бар гетероциклді сақинасының болуымен ерекшеленеді.
Гликлазид МВ препараты қандағы глюкоза деңгейін төмендетіп, Лангерганс аралшықтарының β-жасушаларымен инсулин секрециясын стимуляциялайды. 2 жыл емдеуден кейін науқастардың көбісінде постпрандиальді инсулин деңгейінің және С-пептидтер секрециясының жоғарылауы сақталады.
Қант диабетінің 2 типінде препарат глюкозаның түсуіне жауап ретінде инсулин секрециясының жоғары шегін ерте қалпына келтіреді және инсулин секрециясының екінші фазасын күшейтеді. Инсулин секрециясының едәуір жоғарылауы тамақ ішумен және глюкозаны енгізумен жүзеге асырылатын стимуляцияға жауап ретінде байқалады.
Гликлазид МВ препараты микроциркуляцияға ықпалын тигізеді. Ұсақ қантамырлар тромбозының қаупін азайтып, қант диабетінде асқынуларды дамытуға қамтылуы мүмкін екі механизмге: тромбоциттер агрегациясының және адгезиясының ішінара тежелуіне және тромбоциттердің белсенділену факторлары (бета-тромбоглобулиннің, В2 тромбоксанның) концентрацияларының төмендеуіне, сондай-ақ қантамырлық эндотелийдің фибринолитикалық белсенділігінің қалпына келуіне және плазминогеннің тіндік белсендіргішінің жоғарылауына ықпалын тигізеді.
Қолданылуы
-
2 типті қант диабетінде ересектерде диетаны, дене жүктемесін сақтау және салмақты азайту қандағы гюкозаның қалыпты деңгейін демеу үшін жеткіліксіз болған кезде
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішке қабылдауға арналған. Препарат ересектерді емдеуге ғана арналған.
Гликлазид МВ препаратының тәуліктік дозасы 30 мг-ден 120 мг-ге дейін ауытқуы мүмкін. Таблетканы(ларды) күніне 1 рет таңертеңгі тамақтану кезінде, шайнамай, тұтастай жұтып қабылдау ұсынылады.
Препаратты қабылдауды өткізіп алған жағдайда келесі күні дозаны арттыруға болмайды.
Басқа гипогликемиялық дәрілік заттарға қатысты сияқты, осы препараттың дозасын әрбір жағдайда пациенттің метаболизмдік реакциясына байланысты, жекелей таңдау қажет.
Ұсынылатын бастапқы дозасы – күніне 30 мг.
Қандағы глюкоза деңгейі тиімді бақыланған жағдайда бұл дозаны демеуші ем ретінде пайдалануға болады.
Егер глюкоза деңгейі адекватты түрде бақыланбаса, дозаны күніне 60 мг, 90 мг немесе 120 мг-ге дейін сатылы арттыруға болады. Препарат дозасын біртіндеп арттыру арасындағы аралық, екі апта емдегеннен кейін қандағы глюкоза деңгейі төмендемеген жағдайларды қоспағанда, кем дегенде 1 айды құрауы тиіс. Мұндай жағдайларда емдеуді бастағаннан кейін екі аптадан соң дозаны арттыруға болады.
Ұсынылатын ең жоғары тәуліктік доза 120 мг құрайды.
Басқа гипогликемиялық препараттан Гликлазид МВ препаратына ауысу
Ауысқан кезде мұның алдындағы препараттың дозасын және жартылай шығарылу кезеңін ескерген жөн. Ауыспалы кезең әдетте қажет болмайды. Гликлазид МВ препаратын қабылдауды 30 мг дозадан бастап, кейін метаболизмдік реакциясына байланысты түзеткен жөн.
Жартылай шығарылу кезеңі ұзаққа созылатын сульфонилмочевина тобының басқа препараттарынан ауысқан кезде, екі препараттың да аддитивті әсеріне жол бермеу үшін, ұзақтығы бірнеше күнге созылатын дәрі-дәрмексіз кезең қажет етілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда Гликлазид МВ таблеткасына ауысуды ұсынылатын бастапқы 30 мг дозадан бастап, кейіннен метаболизмдік реакциясына байланысты, дозаны кезең-кезеңмен арттырған жөн.
Диабетке қарсы басқа препараттармен біріктіріп қолдану
Гликлазид МВ препараты бигуанидиндермен, альфа-глюкозидаза тежегіштерімен немесе инсулинмен біріктіріп қолданылуы мүмкін. Қандағы глюкоза деңгейі Гликлазид МВ препаратын қабылдаумен жеткіліксіз бақыланатын пациенттерге дәрігердің бақылауымен бір мезгілде инсулинмен емдеу тағайындалуы мүмкін.
Егде жастағы (65 жастан асқан) адамдар
Егде жастағы адамдарға препараттың ұсынылатын дозасы 65 жасқа дейінгі ересектерге қатысты осындайларға ұқсас.
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі
Бүйрек функциясының айқындылығы жеңіл және орташа дәрежедегі жеткіліксіздігінде препараттың ұсынылатын дозасы бүйрек функциясы қалыпты болатын адамдардағы осындайларға ұқсас болады.
Гипогликемияның даму қаупі жоғарылаған пациенттер
Жеткіліксіз тамақтанғанда немесе дұрыс тамақтанбағанда; ауыр немесе әлсіз компенсацияланған эндокриндік бұзылыстарда (гипопитуитаризм, гипотиреоз, адренокортикотроптық гормонның жеткіліксіздігінде); мұның алдында ұзаққа созылған және/немесе жоғары дозалы кортикостероидтық емдеуді тоқтатқаннан кейін; ауыр қантамырлық ауруларда (жүректің коронарлық ауруының ауыр түрінде, ұйқы артериясы өткізгіштігінің ауыр бұзылуларында, диффуздық қантамырлық бұзылыстарда) препаратты ең аз тәуліктік 30 мг дозадан бастап қабылдау ұсынылады.
Жағымсыз әсерлері
- гипогликемия (тамақты жүйесіз ішкен жағдайларда және әсіресе оны өткізіп алған жағдайларда): бас ауыру, қатты ашығу сезімі, жүректің айнуы, құсу, тез қажу, ұйқының бұзылуы, қозу, озбырлық, зейін қоюдың нашарлауы, жағдайға баға беру қабілетінің нашарлауы және реакциялардың бәсеңдеуі, депрессия, сананың бұлыңғырлануы, көрудің және сөйлеудің бұзылыстары, афазия, діріл, парездер, сезімталдықтың нашарлауы, бас айналу, дәрменсіздікті сезіну, өзін бақылаудан айырылу, сандырақтайтын күйге түсу, құрысулар, беткейлік тыныс алу, брадикардия, ұйқышылдық және есінен айырылу, соңғысы комамен аяқталуы немесе өліммен аяқталуға әкеп соғуы мүмкін. Жабысқақ тер, үрейлену, тахикардия, артериялық қысымның жоғарылауы, жүрек тұсының ауыруы және аритмия ретінде адренергиялық симптомдар қосылуы мүмкін.
Әдетте бұл симптомдар көмірсуларды (қантты) қабылдаудан кейін жоғалады. Ол кезде жасанды дәмдеуіштердің мұндай әсері болмайды.
Гипогликемияның ауыр және ұзаққа созылған ұстамаларында, тіпті, егер оны қант қабылдаумен уақытша жою мүмкін болса да, шұғыл медициналық жәрдем көрсету немесе, қажет болса, науқасты ауруханаға жатқызу қажет.
- асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: жүректің айнуы, диарея, асқазанда ауырлық сезімі, іш қатулар, іштің ауыруы, құсу. Бұл симптомдар Гликлазид МВ препаратын таңертеңгі тамақтану кезінде қабылдауға тағайындағанда сирек кездеседі.
- аллергиялық реакциялар: қышыну, есекжем, эритема, макуло-папулездік бөртпе, ангионевроздық ісіну, буллездік реакциялар (Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз сияқты)
- қан және лимфалық жүйе тарапынан бұзылулар: анемия, лейкопения, тромбоцитопения, гранулоцитопения, панцитопения (препаратты тоқтатқаннан кейін қайтымды)
- бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар: «бауыр» ферменттері (аспартат аминотрансфераза, аланин аминотрансфераза, сілтілік фосфатаза) белсенділігінің жоғарылауы, гепатит (жекелеген жағдайлар), гипонатриемия. Холестаздық сарғаю пайда болған кезде емдеуді тоқтатқан жөн.
- көру мүшелері тарапынан бұзылулар: көрудің өткінші бұзылулары, әсіресе емнің бас кезінде, қандағы глюкоза деңгейінің өзгеруіне байланысты.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- гликлазидке немесе прпараттың қосымша заттарының біріне, сондай-ақ сульфонилмочевина тобының басқа препараттарына немесе сульфонамидтерге белгілі жоғары сезімталдық
- 1 типті қант диабеті
- диабеттік кетоацидоз, кома алдындағы жағдай және диабеттік кома
- бүйректің немесе бауырдың ауыр жеткіліксіздігі
- миконазолмен емдеу
- жүктілік және лактация кезеңдері
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
Глюкоза-6-фосфатадегидрогеназа (G6PD) тапшы болатын пациенттерге сульфонилмочевина препараттарын тағайындау гемолиздік анемияға әкеп соғуы мүмкін. Гликлазид МВ сульфонилмочевина препараттарының класына жататын болғандықтан, оны G6PD тапшылығы бар пациенттерге таайындағанда сақтық танытқан және басқа кластың препараттарымен баламалы емдеу мүмкіндіктерін қарастырған жөн.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Гликлазид МВ әсерін күшейтетін препараттар (гипогликемияның даму қаупінің жоғарылауы)
Қолдануға болмайтын біріктірілімдер:
Миконазол (оны жүйелік енгізген кезде немесе ауыз қуысының шырышты қабатына гель түрінде жаққанда): Гликлазид МВ препаратының гипогликемиялық әсерін күшейтеді (гипогликемия гипогликемиялық комаға дейін дамуы мүмкін).
Қолдануға ұсынылмайды:
Фенилбутазон сульфонилмочевина туындыларының гипогликемиялық әсерін күшейтеді (оларды плазма ақуыздарымен байланысынан ығыстырып шығарады және/немесе олардың организмнен шығарылуын баяулатады).
Қабынуға қарсы басқа препаратты пайдаланған дұрысырақ.
Алкоголь гипогликемияны күшейтіп, компенсаторлық реакцияларды тежейді, гипогликемиялық команың дамуына жағдай жасауы мүмкін.
Алкогольді пайдаланудан және құрамына спирт кіретін дәрілік препараттарды қабылдаудан бас тарту қажет.
Сақтық танытуды қажет ететін біріктірілімдер:
Келесі препараттарды бір мезгілде қолдану Гликлазид МВ препаратының гипогликемиялық әсерін үдетуі және кейбір жағдайларда гипогликемияның басталуына әкеп соғуы мүмкін:
диабетке қарсы басқа дәрілер (инсулиндер, акарбоза, бигуанидтер), бета-блокаторлар, флуконазол, ангиотензинөзгертуші фермент тежегіштері (каптоприл, эналаприл), Н2 рецепторының антагонистері, моноаминоксидазаның (MAOI) қайтымды емес тежегіштері, сульфонамидтер және қабынуға қарсы стероидты емес препараттар.
Гликлазид МВ препаратының әсерін бәсеңдететін препараттар
Қолдануға ұсынылмайды:
Даназолмен бір мезгілде қабылдау қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылау қаупі бар болғандықтан ұсынылмайды. Егер даназолды қолданудан бас тарту мүмкін болмаса, онда науқасқа қандағы және несептегі глюкоза концентрациясын бақылаудың маңыздылығын түсіндіріңіз. Кейде даназолмен емдеу кезінде және одан кейін Гликлазид МВ препаратының дозасын түзету қажет етіледі.
Сақтық танытуды қажет ететін біріктірілімдер:
Хлорпромазин жоғары дозаларда (күніне 100 мг-ден көбірек) қандағы глюкоза деңгейін арттырып, инсулин секрециясын төмендетеді.
Глюкокортикостероидтар (жүйелік және жергілікті қолдану: буын ішіне, теріге және ректальді енгізу) және тетракозактрин қандағы глюкоза деңгейін арттырып, көмірсуларға толеранттылықтың глюкокортикостероидтармен төмендеуі салдарынан, кетоацидоз дамуы мүмкін.
β2-адреностимуляторлар - ритодрин, сальбутамол, тербуталин (жүйелік қолдану) глюкоза деңгейінің артуын туындатады.
Қандағы глюкоза деңгейін өздігінен бақылауға ерекше көңіл бөліңіз. Қажет болғанда инсулинмен емдеуге ауысқан жөн.
Жоғарыда берілген біріктірілімдерді пайдалану қажет болғанда қандағы глюкоза деңгейін бақылауға көңіл бөлу қажет. Біріктірілген ем кезеңінде де, сонымен қатар қосымша препарат қабылдауды тотатқаннан кейін де Гликлазид МВ дозасын қосымша түзету қажеттілігі туындауы мүмкін.
Гликлазид МВ препаратын антикоагулянттық препараттармен (варфарин және басқа) бірге қабылдау ұқсас препараттардың антикоагулянттық әсерінің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін. Антикоагулянттың дозаларын түзету қажет етілуі мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Сульфонилмочевина туындыларын, соның ішінде гликлазиді қабылдаған кезде, гипогликемия, ал кейбір жағдайларда ауруханаға жатқызуды және глюкоза ерітіндісін бірнеше күн бойы вена ішіне енгізуді қажет ететін ауыр және ұзаққа созылатын түрі дамуы мүмкін.
Гипогликемияның дамуына жол бермеу үшін дозаларды жекелей мұқият таңдау қажет, сондай-ақ пациентке ұсынылатын ем туралы толық мағлұмат берілуі тиіс.
Гипогликемиялық препараттардың әсеріне егде жастағы пациенттер, теңдестірілген тамақпен тамақтанбайтын адамдар, жалпы жағдайы әлсізденген, сондай-ақ бүйрекүсті бездерінің немесе гипофизарлық жеткіліксіздіктерінен зардап шегіп жүрген және қалқанша без тарапынан бұзылулары бар науқастар аса сезімтал болады.
Кейде егде жастағы адамдарда және бета-адреноблокаторлармен ем қабылдап жүрген науқастарда гипогликемияның дамуын айыра білу күрделі болады.
Гликлазид МВ препаратын егде жастағы науқастарға тағайындағанда қандағы глюкоза деңгейіне мұқият бақылау жүргізу қажет. Препаратты тағайындау біртіндеп жүргізілуі тиіс және емдеудің алғашқы күндері ішінде ашқарында және тамақтан кейін қандағы глюкоза деңгейін бақылау қажет.
Препарат тамақты жүйелі түрде, және таңертеңгі тамақтануын қоса, ішіп жүрген пациенттерге тағайындалуы мүмкін.
Гипогликемияның даму қаупі жүйесіз тамақтанғанда немесе көмірсулары жұтаң тамақпен тамақтанғанда ұлғаяды. Гипогликемия төмен калориялы диетада, ұзаққа созылған немесе қарқынды дене жаттығуларынан кейін, алкогольді пайдаланудан кейін немесе бірнеше гипогликемиялық препараттарды бір мезгілде қабылдағанда жиі дамиды.
Бүйрек немесе бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі гликлазидтің организмде таралуына ықпалын тигізуі мүмкін. Бауыр функциясының жеткіліксіздігі де глюконеогенез қарқындылығының төмендеуіне жағдай жасауы мүмкін. Көрсетілген әсерлер гипогликемиялық жағдайлардың даму қаупін арттырады. Осындай науқастарда дамитын гипогликемия жағдайлары барынша ұзақ болуы мүмкін, мұндай жағдайларда дереу тиісті ем жүргізу қажет.
Қандағы глюкоза деңгейін жеткіліксіз бақылау
Гипогликемиялық дәрілермен ем қабылдап жүрген науқастарда қандағы глюкоза деңгейін бақылаудың тиімділігі келесі жағдайларда төмендеуі мүмкін: дене температурасының жоғарылауы, жарақаттар, инфекциялық аурулар немесе хирургиялық араласымдар. Осы жағдайларда Гликлазид МВ препаратымен емдеуді тоқтату қажеттілігі туындауы және инсулинмен емдеу тағайындалуы мүмкін.
Кейбір науқастарда қандай да болсын пероральді гипогликемиялық препараттардың, соның ішінде Гликлазид МВ препаратының тиімділігінің ұзақ емдеу кезеңінен кейін төмендеуге беталысы бар. Осы әсер қант диабетінің өршуімен немесе препаратқа реакцияның төмендеуімен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл феномен екінші реттік дәрілік резистенттілік ретінде белгілі, дәрілік препарат алғаш тағайындалғанда күтілетіндей әсер бермеген жағдайда, оны бастапқыдан айыра білу қажет. Науқаста дәрілік емнің екінші реттік жеткіліксіздігін диагностикалаудан бұрын, дозаны таңдаудың адекваттылығына және тамақтану режимін сақтауына баға беру қажет.
Зертханалық тестілер
Қандағы глюкоза және гликирленген гемоглобин деңгейін ұдайы анықтау қажет.
Пациент үшін ақпарат
Пациентті және оның отбасы мүшелерін гипогликемияның даму қаупі, оның симптомдары және оның дамуына мүмкіндік беретін жағдайлар жөнінде хабардар ету қажет. Пациентке ұсынылған емнің потенциалды қаупі және артықшылықтары жөнінде, емдеудің басқа түрлері жөнінде хабардар ету қажет. Сондай-ақ бастапқы және екінші реттік дәрілік резистенттіліктің не екендігін де түсіндіру керек.
Пациентке диетаны сақтаудың маңыздылығын және дәйектілігін, жүйелі дене жаттығуларының және қандағы глюкоза деңгейін бақылаудың қажеттілігін түсіндіру қажет.
Сондай-ақ пациент келесі мына ақпаратты мәлімдеуі қажет, егер: алда хирургиялық операция тұрса, жарақат алған болса, температурасы көтерілсе, инфекциялық аурулары бар болса, нәрестелі болғысы келсе.
Көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері
Науқастар гипогликемия симптомдары жөнінде хабардар болуы және автомобильді басқару немесе физикалық және психикалық реакциялардың жоғары жылдамдығын қажет ететін жұмыстарды жасау кезінде сақтық танытуы тиіс.
Артық дозалануы
Симптомдары: ауырлығы орташадан ауыр дәрежеге дейінгі гипогликемия.
Емі: сананың жоғалуынсыз немесе неврологиялық бұзылыстардың белгілерінсіз, ауырлығы орташа гипогликемия симптомдарын көмірсуларды қабылдау, дозаны түзету және/немесе тамақтануды өзгерту арқылы жояды. Қатаң медициналық бақылауды, дәрігер пациенттің жағдайы тұрақталғанына және қауіпсіз екендігіне көз жеткізгенге дейін, жалғастыру қажет.
Комамен, құрысулармен немесе басқа да неврологиялық бұзылыстармен қатар жүретін гипогликемияның ауыр көріністері шұғыл жәрдемді және дереу ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Гипогликемиялық кома басталғанда немесе оған күдіктенгенде дереу глюкагонды және 50 мл концентрацияланған глюкоза ерітіндісін (20-30% вена ішіне) енгізген жөн, ал содан кейін 10% глюкоза ерітіндісімен инфузияны қандағы глюкозаның 1 г/л-ден көбірек деңгейін сақталуын қамтамасыз ететін жылдамдықпен жалғастыру керек. Пациент дәрігердің қатаң бақылауында болуы тиіс.
Гемодиализ тиімді емес.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.
Пішінді ұяшықты 3 немесе 6 қаптама медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Лекфарм» ЖШБҚ, Беларусь Республикасы, 223141, Логойск қ., Минская к-сі, 2а үй
Тел./факс: (01774)-53801, e-mail: office@lekpharm.by
Тіркеу куәлігінің иесі
«Лекфарм» ЖШБҚ, Беларусь Республикасы, 223141, Логойск қ., Минская к-сі, 2а үй,
тел/факс: +375 1774 53 801, е-mail: оffice@lekpharm.by
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасы жөніндегі шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
Қазақстан Республикасындағы «Лекфарм» ЖШБҚ өкілдігі,
050065, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Алмалы ауданы, Қазыбек би көш-сі, 68/70 үй, Наурызбай батыр көшесінің қиылысы, тел. 8(727)-2676670, факс 8(727)-2721178
Қазақстан Республикасы аумағында тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
Қазақстан Республикасындағы «Лекфарм» ЖШБҚ өкілдігі,
050065, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Алмалы ауданы, Қазыбек би көш-сі, 68/70 үй, Наурызбай батыр көшесінің қиылысы, тел. 8(727)-2676670, факс 8(727)-2721178, электронды пошта: amangul-62@mail.ru