Гептрал (порошок, 400 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Гептрал
Халықаралық патенттелмеген атауы
Адеметионин
Дәрілік түрі
Көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған 400 мг лиофилизацияланған ұнтақ еріткішімен жиынтықта
Құрамы
Бір құтының ішінде
белсенді зат - 760 мг адеметионин 1,4-бутандисульфонаты (400 мг катион адеметионинге баламалы)
қосымша заттар: инъекцияға арналған су, азот.
Еріткішімен бір ампуланың ішінде
белсенді заттар: 342.4 мг L-лизин,
11.5 мг натрий гидроксиді,
қосымша заттар - инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Лиофилизацияланған ұнтақ - бөгде бөлшектерден бос, ақтан сәл сарғыш түске дейінгі лиофилизацияланған масса.
Еріткіш - аминге тән иісі бар, бөгде бөлшектерден бос, түссізден сәл сарғыш түске дейінгі мөлдір сұйықтық.
Препараттың дайындалған ерітіндісі – ашық сарыдан сары түске дейінгі мөлдір ерітінді.
Фармакотерапиялық тобы
АІЖ ауруларын және зат алмасу бұзылуларын емдеуге арналған басқа да препараттар. Амин қышқылдары және олардың туындылары. Адеметионин.
АТХ коды А16А А02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңірілуі
Адамда көктамыр ішіне енгізгеннен кейін адеметиониннің фармакокинетикалық бейіні тіндерге таралу фазасының шапшаңдығымен және жартылай шығарылу кезеңі 1.5 сағатқа жуық клиренсімен биэкспотенциальді болып табылады. Бұлшықетішілік енгізген кездегі сіңуі – 96%, ең жоғары плазмалық концентрациясына қолданылғаннан кейін 45 минуттан соң жетеді. Адеметиониннің ішекте еритін (400 – 1000 мг) таблеткаларын ішке қабылдағаннан кейін жететін ең жоғары плазмалық концентрациялары дозаға тәуелді болып табылады және 3-5 сағаттан кейін 0.5 – 1 мг/л құрайды. Егер адеметионин ас қабылдаулар аралығында қолданылса, ішу арқылы қолданғаннан кейінгі биожетімділігі жоғарылайды. Плазмалық концентрациялары 24 сағат ішінде бастапқы мәндеріне төмендейді.
Таралуы
Адеметиониннің 100 мг және 500 мг дозасы үшін таралу көлемі, тиісінше, 0.41 және 0.44 л/кг құрайды. Қан сарысуы ақуыздарымен байланысуы мардымсыз және ≤ 5 % құрайды.
Метаболизмі
Адеметионин метаболизмінің үдерісі циклдік болып табылады және адеметионин циклі деп аталады. Осы циклдің алғашқы сатысында адеметионин-тәуелді метилаза адеметионинді S-аденозил-гомоцистеин өндіру үшін субстрат ретінде қолданады, ол осыдан кейін S-аденозил-гомоцистеин-гидралазаның көмегімен гомоцистеинге және аденозинге гидролизденеді. Гомоцистеин өз кезегінде 5-метилтетрагидрофолаттан метил тобын тасымалдау арқылы метионинге дейін кері трансформацияға ұшырайды. Ақырғы нәтижесінде метионин адеметионинге қайта айналып, циклді аяқтауы мүмкін.
Шығарылуы
Ішке радиоактивті (метил 14С) адеметионин қабылдау бойынша зерттеулерге қатысқан дені сау еріктілердің жалпы санының шамамен 60 %, бүйректік экскрециясы 48 сағаттан кейін 15.5±1.5%, нәжіспен экскрециялануы – 78 сағаттан соң 23.5±3.5%.
Фармакодинамикасы
Гептрал (белсенді заты - S-аденозил-L-метионин (адеметионин)) – табиғи амин қышқылы, ол организмнің барлық тіндері мен сұйық орталарында болады. Гептрал (адеметионин) трансметилденудің көптеген реакцияларында көбіне коэнзим және метил тобының доноры ретінде әсер етеді. Адеметиониннің метил тобын тасымалдау (трансметилдеу) жасушалардың фосфолипидтік жарғақшасын құрудың негізі болып табылады және жарғақшаның тұрақсыздығында рөл атқарады.
Гептрал (адеметионин) гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтуге қабілетті. Гептралдың (адеметиониннің) жоғары концентрациялары катехоламиндердің (допаминнің, адреналиннің, норадреналиннің), индоламиндердің (серотониннің, мелатониннің) және гистаминнің метаболизмдеріне ықпал етуінің арқасында ми тіндерінде өте маңызды болып табылатын трансметилдену үдерісіне ықпалын тигізеді.
Гептрал (адеметионин) сондай-ақ транссульфаттану реакцияларында
биохимиялық тиолды қосылыстардың (цистеиннің, тауриннің, глютатионның, А коэнзимнің және т.б.) ізашары болып табылады. Глютатион, күшті антиоксидант, бауырды уытсыздандыруда маңызды компонент болып табылады. Гептрал генезі алкогольдік те, сондай-ақ алкогольдік емес те бауыр зақымы бар емделушілерде глютатион деңгейін арттырады. Фолий қышқылы және В12 витамині Гептралдың (адеметиониннің) метаболизмінде және жиналуында эссенциальді ко-нутриенттер болып табылады.
Бауырішілік холестаз
Препарат бауыр ауруларында, жүктілік кезінде және басқа да созылмалы бауыр ауруларында бауырішілік холестазды емдегенде тиімді.
Бауырішілік холестаз бауырдың созылмалы ауруларының асқынуы және бауыр жасушаларының зақымдануына себеп болып табылады.
Бауырдың созылмалы ауруларында, мысалы, клиренс және өт қышқылдарының өндірілуін реттеу сияқты гепатоциттер функциясы бұзылады, ол бауырішілік холестаздың дамуына әкеледі.
Адеметионинді қолдану бауырішілік холестазбен жиі қатар жүретін бауырдың созылмалы аурулары: алғашқы билиарлы цирроз, алғашқы склероздаушы холангит, бауырдың дәрілік- индуцирленген зақымдануы, вирустық гепатиттер; парентеральді түрде тамақтанумен индуцирленген холестаз, генезі алкогольдік және алкогольдік емес бауырдың зақымдануы бар емделушілерде зерттелді.
Депрессия
Гептрал (адеметионин) депрессияны емдеу үшін парентеральді түрде және ішке қолданылды. Депрессияға қарсы әсері жағымсыз әсерлер, соның ішінде антихолинергиялық реакциялар, жоқ болған жағдайда емнің 5-7 күні білінген.
Жүкті әйелдердегі бауырішілік холестаз
Адеметионинмен (к/і, б/і, ішке таблетка түрінде) емдеу жүкті әйелдердегі бауырішілік холестазды емдеуде тиімді және тері қышынуының азаюы және биохимиялық параметрлердің жақсаруы түрінде білінеді.
Қолданылуы
- цирроз алдылық жағдайлар мен бауыр циррозы кезіндегі бауырішілік холестазда
- жүкті әйелдерде ІІІ триместрдегі бауырішілік холестазда
- депрессивті синдромда.
Қолдану тәсілі және дозалары
Емдеу препаратты парентеральді (көктамыр ішіне баяу немесе бұлшықет ішіне) енгізуден басталып, кейін препаратты таблетка түріндегі қолдануға ұласуы мүмкін немесе бірден таблетканы қолдану керек.
Лиофилизацияланған ұнтақты тікелей қолданар алдында арнайы еріткіште еріту керек. Пайдаланылмай қалған қалдығын тастау керек.
Гептралды сілтілі ерітінділермен немесе құрамында кальций ионы бар ерітінділермен араластыруға болмайды. Ұнтақты оның бастапқы ақ түстен сарғыш түске (құтының зақымдануы немесе қызуы салдарынан) дейін өзгеруінде қолдануға болмайды. Көктамырішілік енгізуді өте баяу жүргізеді.
Ересектерге
Бастапқы ем (парентеральді енгізу): Ұсынылған доза алғашқы 2 апта ішінде көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне тәулігіне 5-12 мг/кг құрайды. Әдеттегі бастапқы доза тәулігіне 400 мг құрайды. Тәуліктік доза 800 мг-ден аспауы керек. Бастапқы ем ұзақтығы депрессивті синдромды емдеуде – 15-20 күн, цирроз алдындағы жағдайдағы бауырішілік холестазды және бауыр циррозын, жүктілерде III триместрдегі бауырішілік холестазды емдеуде 14 күн.
Таблетка түріндегі Гептралмен (пероральді қабылдау) бастапқы емді жүргізгенде: Ұсынылған доза тәулігіне 10-25 мг/кг құрайды. Әдеттегі бастапқы доза тәулігіне 1-2 рет 400 мг құрайды. Тәуліктік доза 1600 мг-ден аспауы керек.
Демеуші ем: тәулігіне 2-3 таблетка, ішке қабылдауға (тәулігіне 800 – 1600 мг).
Емдеу ұзақтығы аурудың ауырлығы мен ағымына байланысты әрі дәрігермен әркімге жеке белгіленеді.
Егде жастағы емделушілер.
Емдеуді бауыр, бүйрек немесе жүрек функцияларының төмендеуін, қатарлас патологиялық жағдайлардың болуын және өзге дәрілік заттардың қолданылуын ескеріп, ұсынылған ең аз дозадан бастау ұсынылады.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде қолданылуы
Бүйрек жеткіліксіздігімен науқастарда зерттеулер жүргізілген жоқ. Сондықтан, адеметионинді осындай науқастарда сақтықпен қабылдау ұсынылады.
Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде қолданылуы
Дені сау еріктілер мен бауыр жеткіліксіздігімен науқастардағы фармакокинетикалық параметрлері бірдей.
Жағымсыз әсерлері
Клиникалық зерттеулердің жағымсыз әсерлері
Жиі (≥1/100, <1/10)
- жүрек айнуы, іш ауыруы, диарея
- бас ауыруы
- үрейлену, ұйқысыздық
- терінің қышынуы
Жиі емес (≥ 1/1000, <1/100)
- ауыздың құрғауы, диспепсия, метеоризм, асқазан-ішек ауыруы, асқазан-ішек қан кетулері, асқазан-ішектік бұзылулар, құсу
- астения, ісіну, қызба, қалтырау*, инъекция орнының реакциялары*, енгізу орнының некрозы*
- аса жоғары сезімталдық, анафилактоидты реакциялар немесе анафилактикалық реакциялар (мысалы, тері жабынының гиперемиясы, ентігу, бронх түйілуі, арқаның ауыруы, кеудедегі жайсыздық, артериялық қысымның өзгерістері (гипотония, гипертония) немесе тамыр соғысы жиілігінің өзгерісі (тахикардия, брадикардия))*
- несеп шығару жолдарының жұқпалары
- артралгиялар, бұлшықет құрысулары
- бас айналуы, парестезиялар
- ажитация, сананың шатасуы
- көмей ісінуі*
- жоғары тершеңдік, ангионевроздық ісіну*, тері-аллергиялық реакциялар (мысалы, бөртпе, терінің қышынуы, есекжем, эритема)*
- «қан кернеулері», гипотензия, флебит
Сирек (≥ 1/10000, <1/1000)
- іштің кебуі, эзофагит
- дімкәстану
* Клиникалық зерттеулерде X = 2115 болатын (клиникалық зерттеулерде бақыланған субъектілердің жалпы саны), кездесуді бағалаудың сенімді аралығының 95% жоғары шегі 3/X аспауы негізінде бақыланбаған постмаркетингтік қолданудың жағымсыз әсерлері («өздігінен болған» мәлімдеулер) жиі болмайтын әсерлер санына жатқызылды.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың қандай да бір компонентіне жоғары сезімталдық
- метиониннің метаболизміне ықпалын тигізетін генетикалық ақауы және/немесе гомоцистинуриясы және/немесе гипергомоцистеинемиясы бар (мысалы, бета-синтетаза цистатионы ферменті тапшылығы, В12 витамині метаболизмінде ақауы бар) емделушілер
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Адеметионин мен кломипраминді қолданған емделушіде серотонинді синдромның дамығаны жөнінде мәлімдемелер болды. Гептралды серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштермен, үшциклді антидепрессанттармен (мысалы, кломипрамин сияқты), құрамында триптофан бар препараттармен және өсімдік дәрілерімен бір мезгілде қолданғанда сақ болған жөн.
Айрықша нұсқаулар
Көктамыр ішіне енгізу өте баяу жүргізіледі.
В12 витаминінің және фолий қышқылының жеткіліксіздігі адеметионин концентрациясының азаюына алып келеді, сондықтан қауіп тобындағы (анемия, бауыр жеткіліксіздігі, жүктілік немесе басқа ауруларға немесе тамақтануда қатаң вегетериандықтар сияқты бір затқа артықшылық беруге байланысты витаминдер жетіспеушілігіне потенциалы) емделушілерге плазмалық деңгейлерін тексеру үшін күн сайын қан талдауларын жасау қажет. Егер жеткіліксіздік табылса, адеметионин қолданумен бір мезгілде В12 витаминімен және фолий қышқылымен емдеу ұсынылады.
Кейбір емделушілерде адеметионинмен емдеу кезінде бас айналу болуы мүмкін. Аталған қызмет түрлерінде жылдамдық реакциясына ықпал етуі мүмкін белгілер толық жоғалғанша көлік құралдарын басқаруға немесе басқа механизмдермен жұмыс істеуге болмайды.
Гептралды биполярлы психоздары бар емделушілерде қолдану ұсынылмайды. Адеметионинмен емдеген кезде депрессияның гипоманияға немесе манияға ауысуы жөнінде хабарламалар алынған.
Емделушілерге, егер Гептралмен емделу кезінде олардың ауру (депрессия) белгілері басылмаса немесе нашарласа, дәрігерді хабардар ету қажет екені жөнінде ескерткен жөн. Депрессияға шалдыққан емделушілер емдеу тиімділігін бақылау мақсатында адеметионмен емделген кезде мұқият бақылауды және тұрақты психиатриялық жәрдемді қажет етеді.
Адеметионин мен кломипрамин алған емделушідегі серотонин синдромы жөнінде бір әдеби хабарлама алынған. Дәрілермен өзара әрекеттесу мүмкіндігі жоққа шығарылмайтындықтан, Гептралды серотонинді кері қармайтын іріктелген тежегіштермен, үш циклды антидепрессанттармен (кломипрамин сияқты), құрамында триптофан бар препараттармен және өсімдік дәрілерімен бір мезгілде абайлап қолдану керек.
Гептралмен (адеметионинмен) ем алатын емделушілердегі транзиторлы немесе күшейе түсетін үрейлену жөнінде хабарламалар алынған. Көпшілік жағдайларда емдеуді тоқтату қажет болған жоқ. Кейбір жағдайларда үрейлену дозаны азайтудан немесе емдеуді тоқтатқаннан кейін басылды.
Адеметионин гомоцистеинді анықтауға арналған иммунологиялық тестілермен өзара әрекеттеседі, бұл Гептралмен (адеметионинмен) ем алатын емделушілерде қан плазмасындағы гомоцистеин деңгейінің жалған жоғарылауына алып келеді. Емделушілердің осы санатында қан плазмасындағы гомоцистеин деңгейін анықтаудың иммунологиялық емес әдістерін пайдалану ұсынылады.
Бауыр жеткіліксіздігі
Дозаны реттеу қажет емес. Гипераммониемиясы бар емделушілерде аммиак деңгейін бақылау керек.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Гептрал сақтықпен қолданылу керек.
Педиатрияда қолдану
Гептралды (адеметионин) 18 жасқа дейінгі балаларда қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.
Жүктілік және лактация кезеңі
Адеметиониннің жоғары дозаларын жүктіліктің ІІІ триместрінде қолдану қандай да бір жағымсыз реакциялар тудырмаған. Гептрал жүктіліктің І триместрінде өте қажет болған жағдайда ғана қолданылады.
Гептрал, егер оны қолданудың пайдасы сәбиге төнетін қаупінен артық болса ғана, лактация кезеңінде қолданылады.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Бас айналу пайда болуы мүмкін. Аталған қызмет түрлерінде реакция шапшаңдығына ықпал етуі мүмкін белгілер толық жоғалғанша көлік құралдарын басқаруға немесе басқа механизмдермен жұмыс істеуге болмайды.
Артық дозалануы
Симптомдары: жағымсыз әсерлердің күшеюі.
Емдеу: организмнің өмірлік маңызды функцияларын және науқастың клиникалық жай-күйін бақылау аясында жалпы демеуші емдеу.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Препарат пластмасса қақпақшалары бар алюминий қалпақшалармен қаусырылып, резеңке тығындармен тығындалған шыны құтыларға салынады. 5 мл еріткіш гидролитикалық шыныдан жасалған ампулаларға құйылады. Құты мен ампулаға өздігінен желімденетін заттаңба жапсырылады.
Препараты бар 5 құты және еріткіші бар 5 ампула поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға (аралық қаптама) салынған.
1 пішінді қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.
Сақтау шарттары
25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Дайындалған ерітіндіні 25оС-ден аспайтын температурада 3 сағат бойы сақтауға болады.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Фамар Легль, Франция
BP 103 Rue de I’Isle 28380 Saint-Remy sur Avre France
Тіркеу куәлігінің иесі
Абботт Лабораториз С.А., Швейцария (Neuhofstrasse 23, CH-6341 Baar Switzerland)
Қаптаушы және серияның шығарылуына жауапты
Аббви С.р.л., Италия
S.R. 148 Pontina Km 52 snc 04011 Campoverde di Aprilia (LT) Italy
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы
Қазақстан Республикасындағы Абботт Лабораториз С.А. өкілдігі
Алматы қ., Достық д-лы, 117/6, Хан Тәңірі 2 БО
тел.: +7 727 2447544
факс: +7 727 2447644
эл. пошта: pv.kazakhstan@abbott.com