Гальвусмет® (50 мг/1000 мг)

МНН: Вилдаглиптин, Метформин
Производитель: Novartis Singapore Pharmaceutical Manufacturing Pte. Ltd.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Метформин в комбинации с вилдаглиптином
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№021444
Информация о регистрации в РК: 13.09.2021 - 13.09.2031

Инструкция

Саудалық атауы

Гальвусмет®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 50 мг/500 мг, 50 мг/850 мг және 50 мг/1000 мгтаблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар - 50 мг вилдаглиптин, 500 мг, 850 мг немесе 1000 мг метформин гидрохлориді,

қосымша заттар: гидроксипропилцеллюлоза, магний стеараты,

қабығы: гипромеллоза, титанның қостотығы (Е171), полиэтиленгликоль 4000 (макрогол), тальк, темірдің (III) сары тотығы (Е172), темірдің (III) қызыл тотығы (Е172) (тек 50 мг/500 мг доза үшін).

Сипаттамасы

Бір жағында «NVR» және екінші жағында «LLO» таңбаланған, ашық-сары түсті, шеттері қиғашталған, сопақша пішінді таблеткалар (50/500 доза үшін).

Бір жағында «NVR» және екінші жағында «SEH» таңбаланған, сары түсті, шеттері қиғашталған, сопақша пішінді таблеткалар (50/850 доза үшін).

Бір жағында «NVR» және екінші жағында «FLO» таңбаланған, қоңыр-сары түсті, ойығы бар, сопақша пішінді таблеткалар (50/1000 доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Қант диабетін емдеуге арналған дәрілер. Ішу арқылы қабылданатын қант төмендететін препараттар. Бигуанидтер мен сульфонамидтер біріктірілімі. Метформин және Вилдаглиптин.

АТХ коды А10ВD08

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ас ішудің әсері

Гальвусмет® препаратын ішке қабылдау кезінде ас ішу вилдаглиптиннің сіңу жылдамдығы мен дәрежесіне әсер етпейді. Гальвусмет® препаратының құрамына кіретін метформин гидрохлоридінің Cmax және AUC мәндері осы препаратты тамақпен бірге қабылдағанда, тиісінше, 26% және 7% төмендейді. Препаратты тамақпен бірге қабылдағанда метформин гидрохлоридінің Tmax көрсеткішінің артуы (2,0-ден 4,0 сағатқа дейін) осы тұста да метформиннің сіңу жылдамдығының азаятынын айғақтайды.

Метформин гидрохлоридін бөлек препарат түрінде тамақпен бір мезгілде қабылдағанда осыған ұқсас, бірақ одан да айқын Cmax және AUC өзгерістері байқалады. Гальвусмет® препараты құрамындағы вилдаглиптин мен метформин гидрохлоридінің фармакокинетикасына ас ішудің әсері жекелеген препараттар түріндегі вилдаглиптин мен метформин гидрохлоридінің фармакокинетикасына әсер етуіне ұқсас болды.

Сіңуі

Вилдаглиптин

Ашқарында ішке қабылдағаннан кейін вилдаглиптин тез сіңеді, оның плазмадағы концентрациясы жоғары шек деңгейіне 1,75 сағаттан соң жетеді. Препаратты тамақпен бір мезгілде қабылдағанда оның сіңу жылдамдығы сәл төмендейді, оның плазмадағы жоғары шекті концентрациясының 19% төмендеуі, ал жоғары шекті концентрациясына жету уақытының 2,5 сағатқа дейін ұзаруы осыны айғақтайды. Сонымен бірге ас ішу препараттың сіңу дәрежесіне және оның жалпы экспозициясына (AUC) ықпал етпейді.

Метформин гидрохлориді

500 мг метформин гидрохлоридін ашқарында ішке қабылдағанда оның абсолютті биожетімділігі 50-60% жуық құрайды. 500 мг-ден 1500 мг дейінгі және 850 мг-ден 2550 мг дейінгі дозада таблеткаланған метформин гидрохлориді препаратын бір рет ішу арқылы қабылдауға негізделген зерттеулерде метформин гидрохлоридінің фармакокинетикалық параметрлерінің енгізілген дозаға пропорционал емес екені анықталды, бұл оның шығарылу жылдамдығының өзгеруінен емес, дозаның артуымен препарат сіңуінің нашарлауынан болуы ықтимал. Ас ішу метформин гидрохлоридінің сіңу дәрежесін және, аз дәрежеде, сіңу жылдамдығын төмендетеді, бұл 850 мг таблеткаланған метформин гидрохлоридін тамақпен бір мезгілде бір рет қабылдағанда, препараттың сол дозасын ашқарынға қабылдаумен салыстырғанда, плазмадағы препараттың орташа жоғары шекті концентрациясының (Cmax) шамамен 40% төмендеуі, «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданының (AUC) 25% ұлғаюы мен плазмадағы жоғары шекті концентрациясына жету уақытының (Tmax) 35 минут ұзаруы осыны айғақтайды. Осы байқалулардың клиникалық мәні белгісіз.

Таралуы

Вилдаглиптин

Вилдаглиптиннің плазма ақуыздарымен байланысу дәрежесі төмен (9,3%), препарат плазма мен қанның қызыл жасушалары арасында біркелкі таралады. Көктамыр ішіне енгізгеннен кейін тепе-тең жағдайда вилдаглиптиннің орташа таралу көлемі (Vss) 71 л құрайды, бұл тамырдан тыс кеңістікте таралуын айғақтайды.

Метформин гидрохлориді

850 мг метформин гидрохлоридін бір рет ішке қабылдағаннан кейін болжамды таралу көлемі (V/F), орта есеппен, 654 ± 358 л құрайды. Метформин гидрохлориді, плазма ақуыздарымен байланысу дәрежесі 90%-дан асатын сульфонилмочевина препараттарына қарағанда, плазма ақуыздарымен мүлде байланыспайды. Метформин гидрохлориді эритроциттерде жиналады, оның эритроциттердегі концентрациясы уақыт өте арта түседі. Әдеттегі дозалау режимін қолданғанда плазмадағы метформин гидрохлориді тепе-тең концентрациясына 24-48 сағатта жетіп, әдетте 1 мкг/мл-ден аз құрайды. Бақыланатын клиникалық сынақтар барысында метформин гидрохлоридінің ең жоғары дозаларымен емдегенде де оның плазмадағы ең жоғары концентрациясы 5 мкг/мл-ден аспаған.

Биоөзгерісі/метаболизмі

Вилдаглиптин

Бауырдағы метаболизмі адамда вилдаглиптин шығарылуының негізгі жолы болып табылады, осылайша, енгізілген дозаның 69%-ы шығарылады. Негізгі метаболит түрінде шығарылатын енгізілген дозаның 57%-ы циандық топ гидролизі нәтижесінде түзілген фармакологиялық белсенді емес қосылыс — LAY151 болып табылады, енгізілген вилдаглиптин дозасының 4%-ы амидтік топ гидролизі нәтижесінде түзілген метаболит түрінде шығарылады. Вилдаглиптин P450 цитохромы жүйесі ферменттерінің қатысуымен сандық бағалауға болатындай мөлшерлерде метаболизденбейді. Іn vitro тәжірибелерінде вилдаглиптиннің P450 цитохромы жүйесінің ферменттерін тежемейтіні және индукцияламайтыны көріністелген.

Метформин гидрохлориді

Метформин несеппен өзгермеген түрінде шығарылады. Метаболиттер адамдарда сәйкестендірілмеген.

Шығарылуы

Вилдаглиптин

[14C] таңбасы бар вилдаглиптин ішке қабылданғаннан кейін дозаның шамамен 85% несеппен, 15% нәжіспен шығарылады. Ішке қабылданған дозаның 23%-ы бүйрекпен өзгеріссіз күйінде шығарылады. Дені сау тұлғаларға көктамыр ішіне енгізгенде вилдаглиптиннің жалпы және бүйректік клиренсі, тиісінше, 41 л/сағ. және 13 л/сағ. құрайды. Препараттың орташа жартылай шығарылу кезеңі көктамыр ішіне енгізілгеннен кейін 2 сағатқа жуық құрайды. Ішке қабылдағаннан кейін жартылай шығарылу кезеңі 3 сағатқа жуық құрайды және дозаға тәуелді емес.

Метформин гидрохлориді

Метформин гидрохлоридінің дені сау тұлғаларға бір рет көктамырішілік енгізілуіне негізделген зерттеулерде препараттың өзгеріссіз күйде несеппен экскрециялануы, бауырда метаболизмдік өзгерістерге ұшырамауы (адамда метформин метаболиттері табылмаған) және өтпен шығарылмауы көрініс берді. Метформин гидрохлоридінің бүйректік клиренсі креатинин клиренсінен шамамен 3,5 есе асып кетеді, бұл препараттың көбіне бүйрек өзекшелерінде секрецияланумен шығатынын айғақтайды. Ішке қабылдағаннан кейін сіңген препараттың 90% жуығы алғашқы 24 сағат ішінде бүйрекпен шығарылады, плазмадағы препараттың жартылай шығарылу кезеңі шамамен 6,2 сағат құрайды. Қандағы метформин гидрохлоридінің жартылай шығарылу кезеңі 17,6 сағатқа жуық құрайды, бұл препараттың эритроциттерде жиналуы мүмкін екенін көрсетеді.

Дозаға байланысы

Вилдаглиптин тез сіңеді, оның абсолютті биожетімділігі ішу арқылы қабылдағанда 85% құрайды. Дозалардың емдік аралығында плазмадағы вилдаглиптиннің жоғары шекті концентрациясы және «плазмалық концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданы (AUC) енгізілген дозаға шамамен пропорционал.

Пациенттердің жекелеген санаттарындағы фармакокинетикасы

Жыныстың ықпалы

Вилдаглиптин

Жастары әркелкі және дене салмағы индексі әртүрлі (ДСИ) ер және әйел жынысты пациенттер арасында вилдаглиптиннің фармакокинетикалық көрсеткіштеріндегі айырмашылықтар анықталмаған. Вилдаглиптиннің дипептидилпептидаза-4 (ДПП-4) белсенділігін бәсеңдету қабілеті де жыныс ерекшелігіне байланысты болмаған.

Метформин гидрохлориді

Араларында дені сау тұлғалар мен 2 типті қант диабеті бар пациенттер болған жынысы әртүрлі сыналушылар арасында метформин гидрохлоридінің фармакокинетикалық параметрлерінде елеулі айырмашылықтар болмаған (зерттеуге 19 ер мен 16 әйел қатысты). Бұдан басқа, метформин гидрохлоридін қолдану бойынша бақыланатын клиникалық зерттеулерде 2 типті қант диабеті кезінде препараттың қант төмендету әсерінің айқындылығы жынысы әртүрлі пациенттерде салыстырмалы болды.

Семіздік

Вилдаглиптин

Вилдаглиптиннің фармакокинетикалық параметрлерінің ДСИ-не тәуелділігі анықталмаған. Вилдаглиптиннің ДПП-4 белсенділігін бәсеңдету қабілеті де пациенттің ДСИ-не тәуелденбеген.

Бауыр жеткіліксіздігі

Вилдаглиптин

Бауыр функциясы бұзылуының вилдаглиптин фармакокинетикасына әсер етуі Child-Pugh жіктемесіне сәйкес бауыр функциясының жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі бұзылуы бар пациенттерде (Child-Pugh шкаласы бойынша ауырлығы жеңіл дәрежедегі 6 балдан ауыр дәрежедегі 12 балға дейін) және бауыр функциясы қалыпты адамдарда зерттелді. Бұл арада вилдаглиптин (100 мг) бір рет қабылданғаннан кейін жеңіл және орташа дәрежедегі бауыр функциясы бұзылуы бар пациенттерде препараттың жүйелі экспозициясының төмендеуі (тиісінше, 20% және 8%) байқалды, осы тұста бауыр функциясының бұзылуы ауыр дәрежедегі пациенттерде бұл көрсеткіш 22% өсіп кетті. Вилдаглиптиннің жүйелі экспозициясының ең жоғары өзгерісі (жоғарылауы әлде төмендеуі) бастапқы деңгейінің 30% жуығын құрады, бұл клиникалық мәні бар деп қарастырылмайды. Бауыр функциясы бұзылуының ауырлығы мен вилдаглиптиннің жүйелі экспозициясының өзгеру шамасының арасында тәуелділік анықталмаған.

Бауыр функциясы бұзылуы бар пациенттерге, соның ішінде емдеуді бастар алдында АЛТ немесе АСТ белсенділігі жоғарғы қалып шегінен 2,5 еседен көп асып кеткен жағдайларда вилдаглиптин тағайындауға болмайды.

Метформин гидрохлориді

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде метформин гидрохлориді фармакокинетикасына зерттеулер жүргізілмеген.

Бүйрек функциясы бұзылуы

Вилдаглиптин

Бүйрек функциясы бұзылуы жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі пациенттерде вилдаглиптиннің AUC мәні, дені сау адамдармен салыстырғанда, тиісінше, орташа 1,4; 1,7 және 2 есе артты. Жеңіл, орташа және ауыр бүйрек функциясы бұзылуы бар пациенттерде, тиісінше, дені сау еріктілермен салыстырғанда, LAY151 метаболитінің AUC мәні 1,6; 3,2 және 7,3 есе артты, ВQS867 метаболиті үшін мәні, орташа алғанда, шамамен 1,5; 3 және 71,4; 2,7 және 7,3 есе артқан. Бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы пациенттерден түскен шектеулі деректер вилдаглиптин экспозициясының бүйрек жеткіліксіздігі ауыр пациенттердегі экспозициямен ұқсас екенін көрсетеді. Бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы пациенттерде LAY151 концентрациясы бүйрек жеткіліксіздігі ауыр пациенттердегіден шамамен 2-3 есе жоғары болды.

Вилдаглиптинді гемодиализ арқылы шығару шектеулі сипатта болады (доза қабылданған сәттен 4 сағат өткенде жасалған гемодиализдің 3-4 сағаты ішінде 3%).

Метформин гидрохлориді

Бүйрек функциясы төмендеген (креатинин клиренсінің көрсеткішіне сай) пациенттерде плазмадағы және қандағы метформин гидрохлоридінің жартылай шығарылу кезеңінің ұзаруы, сондай-ақ препараттың бүйректік клиренсінің креатинин клиренсінің кему дәрежесіне пропорционал төмендеуі байқалады.

Егде жастағы пациенттердегі фармакокинетикасы

Вилдаглиптин

Іc жүзінде дені сау егде жастағы тұлғаларда (70 жастан асқан), олардан жас дені сау тұлғалармен салыстырғанда (18-ден 40 жасқа дейін), вилдаглиптиннің жалпы экспозициясының (күніне 1 рет 100 мг препарат қабылдағанда) 32% және плазмадағы жоғары шекті концентрациясының 18% ұлғаюы байқалды. Бұл өзгерістердің клиникалық мәні жоқ деп жорамалданады. Осы жас топтарындағы пациенттер қатысқан зерттеулерде вилдаглиптиннің ДПП-4 белсенділігін бәсеңдету қабілеті пациенттің жасына байланысты болмаған.

Метформин гидрохлориді

Бақыланған фармакокинетикалық зерттеулерде алынған шектеулі деректерге сай, егде жастағы дені сау тұлғаларда метформин гидрохлоридінің жалпы клиренсі төмен, дені сау жас тұлғалардағы көрсеткіштермен салыстырғанда, жартылай шығарылу кезеңі ұзарған және Cmax жоғарылаған. Бұдан метформин гидрохлоридінің фармакокинетикалық параметрлерінің жас ұлғаюымен байқалатын өзгерісі, бірінші кезекте, бүйрек функциясының нашарлауымен байланысты екені белгілі болады.

80 жастан асқан пациенттерге Гальвусмет® препаратын тағайындар алдында креатинин клиренсін анықтау арқылы бүйрек функциясының сақталғанына көз жеткізу қажет.

Балалардағы фармакокинетикасы

Балалардағы препарат фармакокинетикасы туралы деректер жоқ.

Этникалық топтар

Вилдаглиптин

Түрлі этникалық топтардың өкілдері арасындағы вилдаглиптин фармакокинетикасының өзгешеліктері туралы деректер жоқ.

Метформин гидрохлориді

Әртүрлі нәсілдер өкілдерінде метформин гидрохлоридінің фармакокинетикасына зерттеулер жүргізілмеген. 2 типті қант диабеті кезінде метформин гидрохлоридін қолдану бойынша бақыланатын клиникалық зерттеулерде қант төмендету әсерінің айқындылығы ақ нәсілді пациенттер өкілдерінде (n=249), қара нәсілділерде (n=51) және латынамерикандықтарда (n=24) салыстырмалы болды.

Фармакодинамикасы

Гальвусмет® препараты 2 типті диабеті бар пациенттерде гипогликемиялық бақылауды жақсартуға арналған әcер ету механизмдері әртүрлі қант төмендететін екі дәрінің: дипептидилпептидаза-4 (ДПП-4) тежегіштері класынан вилдаглиптиннің және бигуанидтер класынан метформин гидрохлоридінің біріктірілімі түрінде болады.

Вилдаглиптин ұйқы безінің аралшықты жасушаларымен инсулин синтезін көтермелеушілер класының өкілі және гликемиялық бақылауды жақсартуға арналған дипептидилпептидаза-4 (ДПП-4) күшті селективті тежегіші болып табылады.

ДПП-4 бәсеңдеуі нәтижесінде ашқарындағы және ас ішуден кейінгі ГТП-1 (глюкагон тәрізді пептид-1) және ГИП (глюкозаға тәуелді инсулиндік тропты полипептид) эндогендік инкретинді гормондарының деңгейлері арта түседі.

Метформин гидрохлориді бауырдағы глюкоза өнімін төмендетеді, глюкозаның ішекте сіңуін бәсеңдетеді және глюкозаның шеткергі қармалуы мен жұмсалуын арттыру арқылы инсулинге сезімталдықты жақсартады. Метформин гидрохлориді гликогенсинтетазаға әсер ету және кейбір глюкозаның жарғақшалық тасымалдағыштарының (GLUT-1 және GLUT-4) тасымалдау қабілетін арттыру арқылы гликогеннің жасушаішілік синтезін көтермелейді.

Гальвусмет® препараты

Препараттың жекелеген компоненттерінің тиімділігі мен қауіпсіздігі бұрын анықталған, осы орайда препараттың аталған жекелеген компоненттерін біріктіріп қолдану клиникалық зерттеулерде тиімділік пен қауіпсіздік тұрғысынан зерттелген. Осы зерттеулер метформин гидрохлоридімен емделу талапқа сай бақылауға жету мүмкіндігін бермеген 2 типті қант диабеті бар пациенттерде вилдаглиптиннің қосымша артықшылығын анықтады.

Вилдаглиптин

Вилдаглиптин қабылдау ДПП-4 белсенділігінің тез және толық бәсеңдеуіне әкеледі. 2 типті қант диабеті бар пациенттерде вилдаглиптин 24 сағат бойы ДПП-4 ферментінің белсенділігін бәсеңдетеді. Осы инкретин гормондарының эндогенді деңгейлерін арттыру арқылы вилдаглиптин ұйқы безі бета-жасушаларының глюкозаға сезімталдығын арттырады, бұл инсулиннің глюкозаға тәуелді секрециясын күшейтеді. Вилдаглиптин тәулігіне 50 мг немесе 100 мг дозасында 2 типті қант диабеті бар пациенттерде бета-жасушалар функциясының көрсеткіштерін едәуір арттырады. Осы әсер айқындылығы бета-жасушалар функциясы бұзылуының бастапқы деңгейіне тәуелденеді, вилдаглиптин қант диабетінен зардап шекпейтін (глюкоза деңгейі қалыпты) тұлғаларда инсулин секрециясын күшейтпейді және глюкоза деңгейін төмендетпейді.

Эндогенді ГТП-1 деңгейін ұлғайта отырып, вилдаглиптин альфа-жасушалардың глюкозаға сезімталдығын арттырады, бұл глюкозаға тәуелді механизм арқылы глюкагон секрециясының бақылануын жақсартады. Өз кезегінде, ас ішуге жауап ретінде глюкагонның шамадан тыс секрециясының бәсеңдеуі инсулинге төзімділіктің төмендеуіне ықпал етеді.

Гипергликемия кезінде инсулин/глюкагон арақатынасының артуы инкретиндер деңгейінің жоғарылауына және бауырда глюкозаның ашқарында өндірілуінің және постпрандиальді өнімінің кемуіне әкеледі, соның арқасында гликемияны төмендетуге қол жетеді.

ГТП-1 деңгейін арттыратын белгілі әсерлердің бірі – асқазан босатылуының кідіруі вилдаглиптинмен емделу кезінде байқалмаған. Бұдан басқа, вилдаглиптин қолданылғанда инкретиндер арқылы ұйқы безінің аралшықты жасушалары функциясының жақсаруымен байланыссыз постпрандиальді липемия деңгейінің азаюы байқалды.

Метформин гидрохлориді

Плазмадағы базальді, әрі постпрандиальді глюкоза деңгейін төмендете отырып, метформин гидрохлориді 2 типті қант диабеті бар пациенттерде глюкозаға төзімділікті жақсартады. Сульфонилмочевина препараттарына қарағанда, метформин гидрохлориді 2 типті қант диабеті бар пациенттерде де, дені сау тұлғаларда да (айрықша жағдайларды қоспағанда) гипогликемия туғызбайды және инсулин деңгейін арттырмайды. Метформин гидрохлоридімен емделу кезінде инсулин секрециясы өзгеріссіз қалады, ал плазмада инсулиннің негіздік және көтермеленген деңгейлері төмендеп кетуі де мүмкін.

Метформин гидрохлориді өзінің қант төмендету тиімділігіне байланыссыз липидтер алмасуына қолайлы әсер көрсетеді. Метформин гидрохлориді емдік дозаларында жалпы холестериннің, ТТЛП холестеринінің және триглицеридтердің деңгейін төмендетеді.

Қолданылуы

- метформинмен немесе вилдаглиптинмен монотерапия тиімділігі жеткіліксіздігінде 2 типті қант диабетіндегі гликемияның бақылануын жақсарту мақсатында емдәммен емдеуге және дене жаттығуларына толықтыру ретінде

- бұрын метформинмен және сульфонилмочевина туындыларымен ем қабылдаған талапқа сай гликемия бақылауына қол жетпеген пациенттерде 2 типті қант диабетінде гликемияның бақылануын жақсарту мақсатында сульфонилмочевинамен біріктіріп (үштік ем) емдәммен емдеуге және дене жаттығуларына толықтыру ретінде

- бұрын инсулинмен және метформинмен тұрақты дозада қабылдаған ем гликемияның талапқа сай бақылануына әкелмеген пациенттерде 2 типті қант диабетінде гликемияның бақылануын жақсарту мақсатында инсулинмен біріктіріп емдәммен емдеуге және дене жаттығуларына толықтыру ретінде

Қолдану тәсілі және дозалары

Препаратты 2 типті қант диабетінде гипергликемияға қарсы дәрі ретінде пайдаланғанда оның дозасы, тиімділігі мен жағымдылығын ескерумен, әркімге жеке таңдалады. Гальвусмет® препараты тағайындалғанда вилдаглиптинді ең жоғары тәуліктік дозасынан асыруға болмайды (100 мг).

Гальвусмет® препаратының бастапқы ұсынылатын дозасы пациенттің ахуалына және/немесе вилдаглиптиннің және/немесе метформин гидрохлоридінің пациенттің қазіргі уақытта қабылдап жүрген тиісті дозасына негізделуі тиіс. Метформин гидрохлоридінің асқазан-ішек жолы тарапынан болатын жағымсыз әсерлерін болдырмау үшін Гальвусмет® препаратын ас ішу кезінде қабылдау керек.

Егер Гальвусмет® препаратының дозасын өткізіп алған жағдайда, оны пациент бұл жөнінде еске түсірген бойда қабылдау қажет. Қосарлы доза дәл сол күні қабылданбауы тиіс.

- Метформинмен монотерапия кезінде жай-күйі тиісті түрде бақыланбайтын пациенттер үшін Гальвусмет® препаратының бастапқы дозасы 50 мг вилдаглиптинді күніне екі рет (100 мг тәуліктік доза) қолдануды және пациенттің бұрын қабылдаған метформин дозасын қамтамасыз етуі тиіс.

- Біріктірілген емнен вилдаглиптинмен және метформинмен жеке препараттар түріне өтетін пациенттер үшін Гальвусмет® пациенттердің осы кезде қабылдап жүрген вилдаглиптин немесе метформин дозасына негізделе отырып қабылдануы тиіс.

- Метформин және сульфонилмочевинаның қосарлы біріктірілімі кезінде жай-күйі тиісті түрде бақыланбайтын пациенттер үшін Гальвусмет® препаратының дозасы 50 мг вилдаглиптинді күніне екі рет (100 мг тәуліктік доза) қолдануды және пациенттің бұрын қабылдаған метформин дозасын қамтамасыз етуі тиіс. Егер Гальвусмет® препараты сульфонилмочевинамен біріктірілімде қабылданса, гипогликемия даму қаупін төмендету үшін сульфонилмочевинаның төмендеу дозасын тағайындау мүмкіндігін қарастыру керек.

- Инсулинмен қосарлы біріктірілімде және метформиннің ең жоғары жағымды дозасы кезінде жай-күйі тиісті түрде бақыланбайтын пациенттер үшін Гальвусмет® препаратының дозасы 50 мг вилдаглиптинді күніне екі рет (100 мг тәуліктік доза) қолдануды және пациенттің бұрын қабылдаған метформин дозасын қамтамасыз етуі тиіс.

Вилдаглиптин және метформиннің тиазолидиндионмен үш компонентті біріктірілген ем құрамындағы қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Креатинин клиренсі 60 - 90 мл/мин бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін Гальвусмет® препаратының дозасы түзетілуі талап етілуі мүмкін (бұл қан сарысуындағы креатинин деңгейіне байланысты Кокрофт-Голт формуласы бойынша есептелген болуы мүмкін). Гальвусмет® препаратын креатинин клиренсі <60 мл/минут пациенттер үшін қолдануға болмайды.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Гальвусмет® препаратын бауыр жеткіліксіздігінің клиникалық немесе зертханалық көріністері бар пациенттерге, соның ішінде емдеуді бастар алдында АЛТ немесе АСТ белсенділігі жоғарғы қалып шегінен 3 еседен көп асып кететін жағдайларда тағайындау ұсынылмайды («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз ).

Егде жастағы пациенттер (≥ 65 жас)

Метформин бүйрекпен экскрецияланады, ал егде жаста оның функциясының төмендеу үрдісі бар болғандықтан, осы жас санатындағы пациенттерді Гальвусмет® препаратымен емдеу кезінде бүйректің функционалдық жай-күйін ұдайы бақылау қажет. Егде ≥ 65 жастағы пациенттер үшін Гальвусмет® препаратын дозалау бүйрек функциясына қарай отырып

түзетілуі тиіс («Айрықша нұсқаулар» және «Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімдерін қараңыз).

Педиатриялық пациенттер

Гальвусмет® препаратын балаларда қолданудың қауіпсіздігі және тиімділігі анықталмаған. Сондықтан 18 жасқа толмаған пациенттерге Гальвусмет® препаратын тағайындау ұсынылмайды.

Жағымсыз әсерлері

Әрі қарай ұсынылатын деректер бос және бекітілген біріктірілімдер түріндегі вилдаглиптин мен метформин қолдануға қатысты.

Вилдаглиптинмен емделген уақытта бақылау тобындағыдай жиілікте байқалған ангионевроздық ісінудің сирек жағдайлары жөнінде хабарламалар бар. Бұл жағымсыз құбылыстың жиілігі вилдаглиптинді ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ тежегішімен) тежегішімен бір мезгілде қабылдаған пациенттер арасында жоғары болды. Көп жағдайларда бұл жағымсыз құбылыс жеңіл болды және вилдаглиптин қабылдауды жалғастыру кезінде жойылды.

Вилдаглиптинмен емделу кезінде бауыр функциясы бұзылған (соның ішінде гепатиттің дамуы) сирек жағдайлар жөнінде хабарламалар бар. Осы асқынулар, әдетте, ауырлығы бойынша жеңіл және қалдық құбылыстарсыз болды, бауырдың функционалдық сынамалары препаратты тоқтатқаннан кейін қалып шегіне оралды. Әдетте, трансаминазалар белсенділігінің жоғарылауы симптомсыз болған, үдемеген және холестазбен немесе сарғаюмен қатар жүрмеген.

Гипогликемия клиникалық зерттеулерде аракідік: метформинмен үйлестіріп күніне 1 рет 50 мг дозада вилдаглиптин алған 0,9% пациентте, метформинмен үйлестіріп күніне 2 рет 50 мг дозада вилдаглиптин алған 0,5% пациентте, плацебо мен метформин алған 0,4% пациентте байқалды. Вилдаглиптинмен байланысты ауыр гипогликемиялық реакциялар тіркелмеген.

Вилдаглиптин метформинмен біріктіріп қолданғанда дене салмағына қатысты бейтарап болады.

Метформинмен емдеудің бастапқы кезеңінде ас қорыту жүйесі жағынан жағымсыз реакциялардың, соның ішінде диарея мен жүрек айнудың өте жиі болғаны белгілі.

Вилдаглиптинді монотерапия түрінде, болмаса метформинге қосымша препарат ретінде қолданғандағы жағымсыз реакциялар:

Жиі (≥ 1/100, <1/10)

- гипогликемия

- тремор, бас айналуы, бас ауыруы,

- жүрек айнуы

Жиі емес (≥ 1/1000, <1/100)

- қажығыштық

Вилдаглиптинді инсулинмен (метформинмен немесе онсыз) біріктірілімде қолданғандағы жағымсыз реакциялар:

Жиі (≥ 1/100, <1/10)

- қандағы глюкоза деңгейінің төмендеуі

- бас ауыруы, қалтырау

- жүрек айнуы, гастроэзофагеальді рефлюксті ауру

Жиі емес (≥ 1/1000, <1/100)

- диарея, метеоризм

Вилдаглиптинді метформинмен және сульфонилмочевинамен біріктірілімде қолданғандағы жағымсыз реакциялар:

Жиі (≥ 1/100, <1/10)

- гипогликемия

- бас айналуы, тремор

- гипергидроз

- астения

Вилдаглиптин

Жиі (≥ 1/100, <1/10)

- бас айналуы

Жиі емес (≥ 1/1000, <1/100)

- гипогликемия

- бас ауыруы

- іш қатуы

- шеткергі ісінулер

- артралгия

Өте сирек (<1/10000)

- жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары

- назофарингит

Вилдаглиптиннің монотерапиясымен салыстырғанда вилдаглиптин және метформинді бірге қолданғанда жағымсыз реакциялардың ешқайсысы үшін туындау жиілігінің клиникалық елеулі артуы байқалмады. Монотерапия түрінде қолданғанда вилдаглиптин дене салмағына қатысты бейтарап болады.

Метформин гидрохлориді

Өте жиі (≥ 1/10)

-жүрек айнуы, құсу, диарея, іштің ауыруы, тәбет жойылуы

Жиі (≥ 1/100, <1/10)

- темір дәмінің татуы

Өте сирек (<1/10000)

- В12 витамині сіңуінің төмендеуі*, лактоацидоз

- бауыр функционалдық сынамасы көрсеткіштерінің қалып шегінен ауытқуы, гепатит**

- эритема, қышыну, есекжем сияқты тері реакциялары

*Метформинмен ұзақ уақыт емдеу кезінде В12 витамині сіңуінің бұзылуы және оның сарысудағы деңгейі төмендегені өте сирек анықталды, әдетте бұл ауытқудың клиникалық мәні болмайды. Пациенттерде мегалобластты анемия симптомдары туындағанда оның метформиннен туындау мүмкіндігін қарастырған жөн.

** Метформинді тоқтатқаннан кейін орнына келген бауырдың функционалдық сынамаларының қалып шегінен ауытқуы немесе гепатит жөнінде жекелеген хабарламалар бар.

АІЖ тарапынан жағымсыз әсерлер ем басындағы кезеңде жиірек анықталады және көп жағдайларда өздігінен жойылады.

Постмаркетингтік бақылаулар үдерісінде төмендегі жағымсыз әсерлер туралы хабарланды:

Жиілігі белгісіз

- панкреатит

- гепатит (ем тоқтағаннан кейін қайтымды), бауыр функционалдық сынамасы көрсеткіштерінің қалып шегінен ауытқуы (ем тоқтағаннан кейін қайтымды)

- есекжем, терінің буллезді және эксфолиативті зақымдануы

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • вилдаглиптинге немесе метформин гидрохлоридіне немесе препараттың кез келген басқа компоненттеріне жоғары сезімталдық

  • диабеттік кетоацидоз немесе диабеттік прекома

  • бүйрек жеткіліксіздігі немесе бүйрек функциясы бұзылуы (креатинин клиренсі < 60 мл/мин)

  • бүйрек функциясының бұзылуы дамуының қаупімен қоса жүретін төмендегі жедел жай-күйлер: дегидратация, ауыр жұқпа, шок, йодталған контрасттылық дәріні көктамыр ішіне енгізу

  • тіндер гипоксиясын туындатуға ықпалды төмендегідей жедел немесе созылмалы аурулар: жүрек немесе тыныс алу жеткіліксіздігі, жуырда өткерген миокард инфарктісі, шок

  • жедел алкогольдік уыттану, алкоголизм

  • бауыр функциясының бұзылуы

  • бала емізу кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Вилдаглиптин (100 мг күніне 1 рет) және метформин гидрохлоридін (1000 мг күніне 1 рет) бір мезгілде қолданған уақытта клиникалық елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалмаған. Гальвусмет® препараты компоненттерінің әрқайсысының басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесулері мұқият зерттелген.

Вилдаглиптин

Вилдаглиптиннің дәрілермен өзара әрекеттесулері дамуының потенциалы төмен. Вилдаглиптин P (CYP) 450 цитохром жүйесі ферментінің субстраты болмағандықтан, сондай-ақ CYP 450 ферменттерін тежемейтіндіктен және индукцияламайтындықтан вилдаглиптиннің бұл ферменттік жүйенің субстраттары, тежегіштері немесе индукторлары болып табылатын басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесулерінің ықтималдығы аз.

Вилдаглиптин CYP 1A2, CYP 2C8, CYP 2C9, CYP 2C19, CYP 2D6, CYP 2E1 және CYP 3A4/5 қатысуымен метаболизденетін препараттардың метаболизмдік клиренсіне ықпал етпейді. Вилдаглиптиннің 2 типті қант диабетінде жиі тағайындалатын дәрілік заттармен, сондай-ақ емдік ауқымы тар препараттармен өзара әрекеттесуі бойынша зерттеулер орындалды. Осы зерттеулер нәтижесінде вилдаглиптиннің ішуге арналған басқа қант төмендететін препараттармен (глибенкламид, пиоглитазон, метформин гидрохлориді), амлодипинмен, дигоксинмен, рамиприлмен, симвастатинмен, валсартанмен және варфаринмен клиникалық мәнді өзара әрекеттесуі болмаған.

Басқа да диабетке қарсы дәрілік заттар жағдайындағы сияқты вилдаглиптиннің гипогликемиялық әсері тиазидтер, кортикостероидтар, тиреоидты дәрілер және симпатомиметиктер сияқты заттармен әлсіретілуі мүмкін.

Метформин гидрохлориді

Метформиннің фармакокинетикалық өзара әрекеттесулеріне қатысты белгілі болған жайттар:

Фуросемид: — Фуросемид метформиннің Cmax мен AUC мәнін арттырады, осы тұста метформиннің бүйректік клиренсі өзгеріссіз қалады. Метформин фуросемидтің Cmax және AUC мәнін соңғысының бүйректік клиренсіне әсер етпей-ақ төмендетеді.

Нифедипин — Нифедипин метформиннің сіңуін жеделдетеді, Cmax пен AUC мәнін арттырады, сондай-ақ оның несеппен экскрециясын күшейтеді. Метформин нифедипин фармакокинетикасына елеулі ықпалын тигізбейді.

Глибурид — Глибурид метформиннің фармакокинетикалық және фармакодинамикалық параметрлеріне әсер етпейді. Метформин мен глибурид бір мезгілде қолданылғанда глибурид Cmax пен AUC төмендеуі байқалды, дегенмен осы әсердің айқындылығы ауқымды шектерде құбылды. Алынған деректердің клиникалық мәні түсініксіз.

Катионды препараттар — Бүйрек өзекшелеріндегі секреция арқылы шығарылатын катионды препараттар (амилорид, дигоксин, морфин, прокаинамид, хинидин, хинин, ранитидин, триамтерен, триметоприм және ванкомицин сияқты), бүйрек өзекшелерінің жалпы тасымалдау жүйелері үшін бәсекелесуі себепті, теориялық тұрғыда метформин фармакокинетикасына ықпал ете алады. Циметидин плазма/қандағы метформин концентрациясы мен AUC мәнін, тиісінше, 60% және 40% арттырады. Метформин циметидин фармакокинетикасына әсер етпейді. Осындай дәрілік өзара әрекеттесулер мүмкіндігі теория жүзінде қалатынына қарамастан (циметидинді қоспағанда), метформин жоғарыда аталған препараттармен бірге тағайындалғанда пациенттің ахуалын мұқият қадағалап, екі препараттың да дозаларын бақылауға алу ұсынылады.

Басқа да препараттар — Кейбір дәрілік заттар гипергликемияны және соның салдарынан қант диабетінің декомпенсациясын туындатуы мүмкін. Тиазидтер мен басқа да диуретиктер, кортикостероидтар, фенотиазиндер, тиреоидты гормондар препараттары, эстрогендер, ішуге арналған контрацептивтер, фенитоин, никотин қышқылы, симпатомиметиктер, кальций өзектерінің блокаторлары және изониазид осындай әсер иеленеді. Метформин алатын пациенттерге осы препараттарды тағайындағанда немесе оларды тоқтатқанда қан глюкозасының деңгейін жиі бақылап, метформин дозасын дер мезгілінде түзету қажет.

Ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері қандағы глюкоза деңгейін азайтуы мүмкін. Глюкоза деңгейіне бақылаудың тиісті мониторингі және қажет болған жағдайда антигипергликемиялық препараттарды басқа дәрілік заттармен бір мезгілде қолданғанда немесе оларды тоқтатқанда доза түзету ұсынылады.

Метформин (Гальвусмет® препаратының құрамына кіретін белсенді субстанциялардың бірі) алатын пациенттерде жедел алкогольді уыттану кезінде (әсіресе, ұзақ ашығу кезеңі, жүдеп кету немесе бауыр жеткіліксіздігі аясында) лактоацидоз даму қаупінің жоғарылауы болады. Гальвусмет® препаратымен емделу кезінде алкоголь мен құрамында алкоголь бар препараттар қабылдамау керек («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

Айрықша нұсқаулар

Гальвусмет® препараты инсулинмен емдеу талап етілетін жағдайларда инсулинді алмастырмайды. Гальвусмет® препаратын 1 типті қант диабеті және диабеттік кетоацидозы бар пациенттерге тағайындауға болмайды.

Лактоацидоз

Лактоацидоз - метформин жиналуы салдарынан дамитын өте сирек, бірақ күрделі метаболизмдік асқыну. Қолда бар хабарламаларға сай, метформинмен емдеу кезінде лактоацидоз көбіне айқын бүйрек жеткіліксіздігімен қатар жүрген қант диабеті бар пациенттерде туындады. Лактоацидоздың пайда болу жиілігі пациенттерде нашар бақыланатын қант диабеті, кетоз, ұзақ уақыт ашығу, алкогольді артық мөлшерде тұтыну, бауыр жеткіліксіздігі, сондай-ақ гипоксиямен қатар жүретін кез келген жай-күйлер сияқты басқа да қатарлас қауіп факторларын анықтау арқылы төмендетілуі тиіс («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімдерін де қараңыз).

Лактоацидоз диагностикасы

Лактоацидоз ацидоздық тыныс алу, іштің ауыруы және команың дамуына ұласатын гипотермияның болуымен сипатталады. Зертханалық тексеруде қанда pH төмендеуі, лактат деңгейінің 5 ммоль/л-ден аса жоғарылауы, аниондық айырма мен лактат/пируват арақатынасының артуы анықталады. Метаболизмдік ацидозға күдік туындағанда препарат тоқтатылып, ал пациент шұғыл ауруханаға жатқызылуы тиіс («Артық дозалану» бөлімін қараңыз).

Бауыр функциясының бұзылуы

Вилдаглиптинді бауыр функциясы бұзылған пациенттерге, соның ішінде емдеуді бастар алдында АЛТ немесе АСТ деңгейлері жоғарғы қалып шегінен 3 еседен аса артатын жағдайларда тағайындау ұсынылмайды.

Бауыр ферменттерінің белсенділігін бақылау

Вилдаглиптинмен емделу кезінде бауыр функциясы бұзылуының (соның ішінде гепатит дамуының) сирек жағдайлары хабарланды. Бұл асқыну, әдетте, симптомсыз және қалдық құбылыстарсыз өтті, бауырдың функционалдық сынамалары препаратты тоқтатқаннан кейін қалып шегіне оралды. Гальвусмет® препаратымен емдеу басталғанша пациент бауырының функционалдық жағдайын бағалау керек.

Гальвусмет® препаратымен емделген алғашқы жыл бойы әр 3 ай сайын және кейіннен мезгіл-мезгіл бауырдың функционалдық сынамаларын бақылап отыру керек. Трансаминазалар белсенділігінің жоғарылауы анықталғанда, пациентке алынған нәтижені растау үшін қайта зерттеу жасалуы тиіс, кейіннен бауырдың функционалдық сынамаларын олар қалыпқа түскенше жиі бақылау қажет. Егер жоғарғы қалып шегінен 3 есе немесе одан да көп асып кететін АЛТ немесе АСТ белсенділігінің жоғарылауы жаңғырған жағдайда Гальвусмет® препаратымен емдеуді тоқтату ұсынылады. Сарғаю немесе бауыр функциясының басқа да бұзылу белгілері білінгенде пациент Гальвусмет® препаратын қабылдауды тоқтатып, дереу дәрігерге қаралуы тиіс. Егер Гальвусмет® препараты бауыр тарапынан жағымсыз әсерлердің дамуы себепті тоқтатылған жағдайда, бауырдың функционалдық сынамалары қалыпқа түскен соң осы препаратпен емдеуді жаңғыртуға болмайды.

Жүрек жеткіліксіздігі

NYHA бойынша І-III класты СЖЖ бар пациенттерде вилдаглиптин қолдануды клиникалық зерттеу вилдаглиптинмен емдеудің сол жақ қарынша функциясына немесе плацебомен салыстырғанда бұрыннан бар СЖЖ үдеуіне әсер етпейтінін көрсеткен. Вилдаглиптин қабылдаған NYHA бойынша III класты СЖЖ бар пациенттердегі клиникалық тәжірибе бұрынғыша шектеулі және нәтижелері белгісіз күйде қалды.

NYHA бойынша IV класты СЖЖ бар пациенттерде клиникалық сынақтарда вилдаглиптин қолдану тәжірибесі жоқ, сондықтан оны мұндай пациенттерде қолдану ұсынылмайды.

Тері тарапынан бұзылулар

Постмаркетингтік тәжірибеде терінің буллездік және эксфолиативтік зақымдану жағдайлары туралы хабарланған, күлдіреуік немесе ойық жаралану сияқты бұзылулары бар пациенттерге тері жай-күйін ұдайы мониторингтеу ұсынылады

Панкреатит

Постмаркетингтік тәжірибеде панкреатит жағдайлары туралы хабарланғандықтан, пациенттерді жедел панкреатитке тән симптомдар: іштің үнемі қатты ауыруы туралы хабардар ету керек. Вилдаглиптин қабылдауды тоқтатқаннан кейін панкреатит симптомдарының жойылғаны бақыланған. Панкреатитке күдік болғанда, вилдаглиптинді тоқтату керек.

Бүйректің функционалдық жағдайын бақылау

Метформин гидрохлоридінің, ең алдымен, бүйрекпен экскрециялануы белгілі, сондықтан бүйрек жеткіліксіздігінің ауырлық дәрежесінің артуымен организмде лактоацидоздың даму қаупі сияқты, метформин гидрохлоридінің жиналу қаупі де жоғарылайды. Бүйрек функциясы жас ұлғаюымен нашарлай беретіндіктен, Гальвусмет® препаратын егде жастағы тұлғаларға тағайындағанда сақ болу, талапқа сай қант төмендету тиімділігін қамтамасыз ететін ең аз дозаларын қолдану және бүйректің функционалдық жағдайын ұдайы бақылау қажет. Пациент бүйрек функциясының бұзылуына алып келетін қосымша факторлар әсеріне ұшырайтын жағдайларда, мысалы, гипотензиялық дәрілермен, диуретиктермен немесе ҚҚСД-мен емделудің бастапқы кезеңінде ерекше сақтану шараларын қадағалау керек. Гальвусмет® препаратымен емдеуді бастар алдында пациентте бүйрек функциясының сақталғанына көз жеткізіп, кейіннен бүйректің функционалдық сынамаларын, егер қалып шегінде болса, оларды жылына 1 реттен кем емес, егер креатинин клиренсі қалыптың төменгі шегінде болса және егде пациенттерде жылына 2-4 реттен сиретпей бақылау қажет. Бүйрек функциясының бұзылуы күдік тудыратын пациенттерді жиірек тексеру қажет.

Бүйрек функциясының бұзылуы симптомдары туындағанда Гальвусмет® препараты тоқтатылуы тиіс.

Бүйрек функциясына немесе метформин гидрохлоридінің фармакокинетикасына ықпал ететін дәрілік заттармен бір мезгілде қолдану

Гальвусмет® препаратын бүйрек өзекшелеріндегі секреция арқылы шығарылатын катионды препараттар сияқты бүйрек функциясына әлеуетті әсер ететін, гемодинамиканың елеулі өзгерістерін туғызатын немесе метформин гидрохлоридінің фармакокинетикасына ықпал ететін дәрілік заттармен бір мезгілде тағайындағанда алдын ала сақтану шараларын қадағалау керек («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Құрамында йод бар контрастылы заттарды тамыр ішіне енгізу

Пациентке құрамында йод бар контрастылы заттарды тамыр ішіне енгізу көзделетін радиологиялық зерттеулер орындау қажет болғанда Гальвусмет® препараты уақытша тоқтатылуы тиіс, өйткені бұл препараттар бүйрек функциясының жедел бұзылуына және лактоацидоздың даму қаупінің артуына әкелуі мүмкін. Пациенттер осындай зерттеудің тура алдында немесе күні бұрын Гальвусмет® препаратын қабылдауды тоқтатып, қолдануды 48 сағат өткен соң барып, егер де емшарадан кейін қайта айқындалған бүйректің функционалдық сынамалары қалып шегінде болған жағдайда ғана жаңғыртуы тиіс.

Гипоксиямен қатар жүретін жай-күйлер

Жүрек-қантамырлық коллапс (шок), жедел іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, жедел миокард инфарктісі және гипоксемиямен қатар жүретін басқа жай-күйлер лактоацидоз дамуына әкеліп, сондай-ақ преренальді азотемия туғызуы мүмкін. Гальвусмет® препаратымен емдеу кезінде осындай жағдайлар туындаса, препарат дереу тоқтатылуы тиіс.

Хирургиялық араласулар

Препаратты жалпы анестезиямен жүргізілетін хирургиялық операциялар алдында 48 сағат бұрын және оларды жүргізген соң 48 сағат бойына тағайындауға болмайды.

Алкоголь тұтыну

Алкогольдің метформин гидрохлоридінің лактат метаболизміне әсерін күшейтетіні белгілі. Пациенттерге өздері Гальвусмет® препаратымен емделу кезінде алкогольді артық мөлшерде тұтынуға тиіс еместігі ескертілуі тиіс.

В12 витаминінің деңгейіне әсері

Гальвусмет® препараты компоненттерінің бірі – метформинмен емделу кезінде шамамен 7% пациентте қан сарысуында В12 витамині деңгейінің симптомсыз төмендеуі байқалды.

Бұл ауытқу анемиямен аса сирек қатар жүріп, метформин гидрохлоридін тоқтатқаннан кейін және/немесе B12 витаминін тағайындаған соң жылдам жоғалды. Гальвусмет® препаратын алатын пациенттерде қанның зертханалық көрсеткіштерін жылына 1 реттен кем емес бақылау ұсынылады, қалып шегінен айқын ауытқулардың кез келгені табылған жағдайда тиісті тексеру мен емдеу тағайындалуы тиіс. Белгілі бір санаттағы пациенттер (мысалы, рационда B12 витаминінің немесе кальцийдің мөлшері жеткіліксіз болатын, сондай-ақ осы заттардың сіңуі бұзылатын) B12 витамині деңгейінің төмендеуіне бейім. Мұндай пациенттерде сарысудағы В12 витамині деңгейінің ұдайы бақылануы (2-3 жылда ең кемі 1 рет) өзін ақтады.

Бақыланатын 2 типті қант диабеті бар пациенттердегі клиникалық жағдайдың өзгеруі

Гальвусмет® препаратының көмегімен бұрын жақсы бақыланған 2 типті қант диабеті бар пациенттерде зертханалық көрсеткіштердің қалыптан ауытқулары дамығанда (әсіресе, егер симптомдар әлсіз көрініс берсе немесе диагноз қойылмаған болса) кетоацидоз және/немесе лактоацидоз тұрғысынан пациентті мүмкіндігінше тезірек тексеру қажет. Ацидоздың осы түрлерінің кез келгені табылған жағдайда Гальвусмет® препараты дереу тоқтатылып, ал пациентке тиісті ем тағайындалуы тиіс.

Гипогликемия

Тек Гальвусмет® препаратын алатын пациенттерде, әдетте, гипогликемия туындамайды, дегенмен бұл егер қарқынды дене жүктемелерінде энергетикалық шығындар тамақпен толықтырылмаған жағдайда, алкоголь тұтыну кезінде жеткіліксіз калориялы қоректенуде мүмкін болады. Гипогликемияның дамуына егде жастағы тұлғалар, әлсіреген немесе нашар тамақтанатын пациенттер, бүйрек үсті бездері қыртысының жеткіліксіздігі, гипопитуитаризмі бар немесе алкогольді уыттанған пациенттер бейім келеді. Егде жастағы тұлғаларда және бета-адреноблокаторлар алатын пациенттерде гипогликемияны тану қиын болуы мүмкін.

Сульфонилмочевина препараттары (СМП) гипогликемия туындатады. Вилдаглиптинді СМП біріктірілімінде қабылдайтын пациенттер, гипогликеми даму қаупіне ұшырауы мүмкін. Гипогликемия даму қаупін азайту үшін СМП төменірек дозаларын тағайындау мүмкіндігін қарастыру керек.

Қант диабетінің декомпенсациясы

Қызба, жарақаттар, инфекциялар, хирургиялық араласулар сияқты стресс күйіндегі әсерлер гликемиясы дәрі-дәрмекпен тұрақты бақыланатын пациенттерде қант диабетінің уақытша декомпенсациясын туғызуы мүмкін. Осындай жағдайларда Гальвусмет® препаратын уақытша тоқтату және инсулин тағайындау қажет болуы мүмкін. Жедел декомпенсация симптомдары басылған соң Гальвусмет® препаратымен емдеуді жаңғыртуға болады.

Жүктілік және бала емізу кезеңі

Ұрықтың құрсақ ішінде дамуына зерттеулер (тератология) егеуқұйрықтар мен үй қояндарында вилдаглиптинді метформин гидрохлоридімен 1:10 арақатынасында біріктіріп қолданумен жүргізілді және екі түрде де тератогенділік айғақтарының жоқ екенін көрсетті. Препаратты жүкті әйелдерде қолдануға қатысты тәжірибе жеткіліксіз, сондықтан жүктілік кезінде Гальвусмет® препаратын қолдануға болмайды.

Емшекпен қоректендіру кезінде Гальвусмет® препаратының құрамына кіретін белсенді субстанцияларды біріктіріп қолдану бойынша зерттеу жүргізілмеген. Метформин адамда емшек сүтімен шығарылады. Вилдаглиптиннің және/немесе метформин гидрохлоридінің адамда емшек сүтімен шығарылуы белгісіз болғандықтан, бала емізетін әйелдер Гальвусмет® препаратын қабылдамауы тиіс.

Фертильділік

Ұрпақ өрбіту уыттылығының зерттеулері егеуқұйрықтарда адамдағы дозасынан 200 есе асып кететін дозаларда жүргізілген және вилдаглиптин себеп болатын фертильділіктің немесе ерте эмбриондық дамудың бұзылу айғақтарын анықтамаған. Гальвусмет® препаратының адам фертильділігіне ықпал етуіне зерттеулер жүргізілмеген.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлік немесе механизмдерді басқару қабілетіне әсері жөнінде зерттеулер жүргізілмеген. Бас айналуы сияқты жағымсыз реакция туындауы мүмкін пациенттерге автокөлік немесе басқа да потенциалды механизмдерді басқарудан бас тарту керек.

Артық дозалануы

Вилдаглиптин

200 мг дейінгі дозалар жақсы көтерімді болған. Препарат 400 мг дозада қолданылғанда бұлшықеттердің ауыру жағдайлары және жеңіл әрі өтпелі парестезиялар, қызбалар, ісінулер және липаза белсенділігінің транзиторлы артуының (жоғарғы қалып шегінен 2 есе асып кететін деңгейге дейін) бірлі-жарым жағдайлары байқалды. Препарат 600 мг дозада қолданылғанда қол ұштары мен табанның ісінуі, креатинфосфокиназа (КФК) белсенділігінің жоғарғы қалып шегінен аса жоғарылауы, сондай-ақ аспартатаминотрансфераза (АСТ) белсенділігінің және С-реактивті ақуыз бен миоглобин деңгейлерінің артуы, парестезия байқалды. Препаратты тоқтатудан кейін барлық симптомдар басылып, ал зертханалық көрсеткіштері қалпына оралды.

Вилдаглиптин диализ кезінде шығарылмайды, алайда оның гидролиз (LAY151) нәтижесінде түзілген негізгі метаболитін организмнен гемодиализ арқылы шығаруға болады.

Метформин гидрохлориді

Метформин гидрохлоридінің, соның ішінде препаратты 50 г-ден жоғары дозаларда қабылдаған кезде артық дозалану жағдайлары жөнінде хабарламалар бар. Осы тұста гипогликемия байқалды, алайда оның метформин гидрохлоридімен себептік өзара байланысы анықталмаған. Метформин гидрохлориді артық дозаланған шамамен 32% жағдай лактоацидозбен қатар жүрген. Тұрақты гемодинамика жағдайларында метформин гидрохлориді диализ арқылы шығарылады, бұл орайда оның клиренсі 170 мл/минутқа жетеді. Сондықтан метформин гидрохлоридінің артық дозалануынан күдіктенгенде қан ағымын препараттан тазарту үшін гемодиализ пайдалануға болады.

Артық дозалану жағдайында білінген симптомдарына сәйкес демеуші ем тағайындалуы тиіс.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Полиамид /алюминий /поливинилхлоридті үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салынған.

3 (50/1000 доза үшін) немесе 6 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдануы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

300С-ден аспайтын температурада сақтау керек. Ылғал әсерінен қорғау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

24 ай

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші ұйымның атауы мен елі

Новартис Сингапур Фармасьютикал Маньюфактуринг Пте Лтд, Сингапур

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

Новартис Фарма АГ, Швейцария

Қаптаушы ұйымның атауы мен елі

Новартис Фарма Продакшнс ГмбХ, Германия

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын және Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттардың қауіпсіздігіне қатысты тіркеуден кейінгі бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы

Қазақстандағы Новартис Фарма Сервисэз АГ филиалы

050051 Алматы қ., Луганский к-сі, 96

тел.: (727) 258-24-47 

факс: (727) 244-26-51

e-mail: drugsafety.cis@novartis.com

 

 

Прикрепленные файлы

248475451477976481_ru.doc 171 кб
467546941477977644_kz.doc 169.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники