Вифенд® (таблетки, 200 мг)

МНН: Вориконазол
Производитель: Пфайзер Мануфактуринг Дойчланд ГмбХ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Voriconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№014468
Информация о регистрации в РК: 21.11.2014 - 21.11.2019
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 48 872.59 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Вифенд®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Вориконазол

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 50 мг, 200 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – вориконазол, 50 мг және 200 мг,

қосымша заттар:

ядросы: лактоза моногидраты, желатинделген крахмал, повидон, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты,

қабығы: гипромеллоза, титанның қостотығы (E171), лактоза моногидраты, глицерол триацетаты.

Сипаттамасы

Бір жақ бетінде «Pfizer» және екінші жақ бетінде «VOR50» таңбасы басылып жазылған, дөңгелек, екі беті дөңес, үлбірлі қабықпен қапталған, ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар (50 мг доза үшін).

Бір жақ бетінде «Pfizer» және екінші жақ бетінде «VOR200» таңбасы басылып жазылған, үлбірлі қабықпен қапталған, капсула пішініндегі ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар (200 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Зеңге қарсы жүйелі пайдалануға арналған препараттар. Триазол туындылары. Вориконазол.

АТХ коды J02АС03

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Екпінді дозаларын ішу арқылы қолданған кезде плазмадағы вориконазол концентрациялары алғашқы 24 сағат ішінде тепе-тең шамаға жақындайды. Егер науқас екпінді дозаны қабылдамаса, вориконазолды тәулігіне 2 рет қайталап қолданғанда препараттың жинақталуы жүреді, ал көптеген емделушілерде плазмадағы тепе-тең концентрацияларына 6-шы күнге қарай жетеді. Вориконазол ішке қабылданғаннан кейін тез және іс жүзінде толық сіңеді. Плазмада ең жоғары қанығу деңгейіне (Сmах) оны қабылдағаннан кейін 1-2 сағаттан соң жетеді. Ішке қабылдаған кезде вориконазолдың биожетімділігі 96-ды құрайды. Вориконазолды майлы тағаммен бірге қайталап қабылдаған кезде Сmах және АUС, тиісінше, 34-ға және 24-ға төмендейді. Вориконазолдың сіңуі асқазан сөлінің рН-на байланысты болмайды.

Вориконазолдың таралу көлемі тепе-тең жағдайда 4,6 кг/л құрайды, бұл препараттың тіндерде белсенді таралуын көрсетеді. Вориконазол жұлын сұйықтығында анықталады.

Плазма ақуыздарымен байланысуы 58.

Вариконазол Р450 цитохромының бауыр изоферменттері - СҮР2С19, СҮР2С9 және СҮР3А4 әсер етуімен метаболизденеді.

Вориконазолдың фармакокинетикасының жекелей өзгергіштігі жоғары.

Зерттеулер вориконазол метаболизмінде CYP2C19 маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Бұл фермент генетикалық полиморфизмді көрсетеді. Мысалы, азия тұрғындарының 15-20% «баяу метаболизаторлар» болып табылуы мүмкін. Кавказ ұлты және негроидты нәсіл өкілдерінде «баяу метаболизаторлардың» үлесі 3-5% құрайды. Кавказдық және жапондық дені сау субъектілерде жүргізілген зерттеулер вориконазолдың «баяу метаболизаторлардағы» әсерінің (AUCt) гомозиготалы замандастары – «жылдам метаболизаторларға» қарағанда, орташа 4 есе жоғары болатынын көрсетті. Гетерозиготалы «жылдам метаболизаторлар» болып табылатын субъектілерде вориконазолдың әсері, гомозиготалы замандастары – «жылдам метаболизаторларға» қарағанда орташа 2 есе жоғары.

Вориконазолдың негізгі метаболиті N тотығы, оның үлесі плазмада айналатын метаболиттер арасында 72 құрайды. Бұл метаболиттің зеңге қарсы белсенділігі тым аз және вориконазол әсеріне үлесін қоспайды. Препараттың 2-дан аз дозасы өзгермеген күйде несеппен шығарылады. Вориконазолды ішу арқылы қайталап қолданғаннан кейін шамамен 83 несептен табылады. Жалпы дозасының үлкен бөлігі ( 94) ішу арқылы қолданғаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде шығарылады. Вориконазолдың терминальді жартылай шығарылу кезеңі дозаға байланысты және препаратты ішке 200 мг дозада қабылдаған кезде шамамен 6 сағатты құрайды. Фармакокинетикасының дозаға байланысты болмауынан, терминальді жартылай шығарылу кезеңі вориконазолдың жиналғанын немесе шығарылғанын алдын ала жорамалдауға мүмкіндік бермейді.

Емделушілердің ерекше топтарындағы фармакокинетикасы

Жынысы

Ерлер мен әйелдерде байқалған қауіпсіздік бей іні және плазмадағы вориконазолдың концентрациялары ұқсас болды. Сондықтан жынысқа байланысты дозаны өзгерту қажет емес.

Егде жастағы науқастар

Плазмадағы вориконазол концентрациялары мен жас арасындағы өзара байланыс байқалды. Алайда жас және егде науқастарда вориконазолдың қауіпсіздік бейіні бірдей болды, сондықтан да егде жастағы науқастарда дозасын өзгертудің еш қажеттілігі жоқ.

Балалар жасындағы емделушілер

Науқас жасөспірімдердің көпшілігінде вориконазол әсері дәрілер қабылдаудың сондай сызбаларын алатын ересектердегі вориконазол әсерімен салыстырмалы болды. Алайда, дене салмағы төмен ерте жастағы жасөспірімдер емделушілерде вориконазол әсерінің, ересектермен салыстырғанда, төмен екені байқалды. Сондықтан осы тұлғалар вориконазолды ересектер сияқты емес, балалар сияқты метаболиздеуі мүмкін. Қауымдық фармакокинетикалық талдау негізінде салмағы 50 кг-ден аз 12-14 жастағы жасөспірімдер препараттың балаларға арналған дозаларын қабылдауы тиіс.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Ішуге арналған бір реттік дозасымен (200 мг) жүргізілген зерттеуде бүйрек функциясы қалыпты және бүйрек функциясының бұзылуы жеңілден (креатинин клиренсі 41-60 мл/мин) ауыр дәрежеге дейінгі (креатинин клиренсі < 20 мл/мин) тұлғалар бүйрек жеткіліксіздігінің вориконазол фармакокинетикасына елеулі ықпал етпегенін көрсетті.

Вориконазолдың қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы бүйрек функциясының бұзылуы әртүрлі дәрежесіндегі емделушілдердегі сияқты болды.

Бауыр жеткіліксіздігі

Ішуге арналған бір реттік дозасынан (200 мг) кейін, жеңілден орташа дәрежеге дейінгі бауыр циррозына (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А және В кластары) шалдыққан тұлғаларда AUC, бүйрек функциясы қалыпты тұлғалармен салыстырғанда, 233% жоғары болды. Вориконазолдың ақуыздармен байланысына бауыр жеткіліксіздігі ықпалын тигізбеген.

Вориконазолды ұзақ уақыт қолданғанда AUCt күніне екі рет 100 мг вориконазолдың демеуші дозаларын қабылдаған бауыр циррозының ауыр дәрежесіндегі (Чайлд-Пью бойынша В класы) тұлғаларда және күніне екі рет 200 мг-ден вориконазолды қабылдаған бүйрек функциясы қалыпты тұлғаларда бірдей болды. Бауыр циррозының ауыр дәрежесіндегі (Чайлд-Пью бойынша С класы) науқастарға қатысты препараттың фармакокинетикасы бойынша деректер жоқ.

Фармакодинамикасы

Вифенд® – бұл триазол құрылымды антибиотиктер тобына жататын әсер ету ауқымы кең зеңдерге қарсы препарат.

Вифендтің® әсер ету механизмі зеңдік Р450 цитохромы арқылы 14-стерол деметилдену тежелісімен байланысты; бұл реакция эргостерол биосинтезінің шешуші сатысы болып табылады. Вифендтің® зеңге қарсы белсенділігі кең ауқымды және Candida spp. (флуконазолға төзімді C.krusei штамдарын және төзімді C.glabrata мен C.albicans штамдарын қоса) қатысты белсенді, барлық зерттелген Aspergillus spp. штамдарына, сондай-ақ бұрыннан бар зеңге қарсы дәрілерге сезімталдығы шектеулі Scedosporium немесе Fusarium қоса, соңғы уақытта өзекті болып кеткен патогенді зеңдерге қатысты фунгицидті әсері бар.

Клиникалық тиімділігі A.flavus, A.fumigatus, A.terreus, A.niger, A.nidulans, Candida spp., қоса, C.аlbicаns, C.dubliniensis, C.glabrata, C.inconspicua, C.krusei, C.parapsilosis, C.tropicalis және C.guilliermondii, Scedosporium spp. қоса, S.apiospermum, S.prolificans қоса, және Fusarium spp. қоса, Aspergillus spp. туғызған жұқпалар кезінде көрініс берді.

Препарат қолданылған басқа да зеңді жұқпалар (жиі – ішінара немесе толық жауаппен) өзінде Alternaria spp., Blastomyces dermatitidis, Blastoschizomyces capitatis, Cladosporium spp., Coccidioides immitis, Сonidiobolus coronatus, Cryptococcus neoformans, Exserohilum rostratum, Exophiala spinifera, Fonsecaea pedrosoi, Madurella mycetomatis, Paecilomyces lilacinus, Penicillium spp., P.marneffei, Phialophora richardsiae, Scopulariopsis brevicaulis қоса және T. Beigelii қоса, Trichosporon spp. туғызған жұқпалардың жекелеген жағдайларын қамтыды.

Вифендтің® клиникалық Acremonium spp., Alternaria spp., Bipolaris spp., Cladophialophora spp., Histoplasma capsulatum штамдарына қатысты белсенділігі көріністелді. Көптеген штамдардың өсуі Вифендтің® 0,05-тен 2 мкг/мл дейінгі концентрацияларында бәсеңдеген.

Вифендтің® Curvularia spp. және Sporothrix spp. қатысты белсенділігі анықталған, алайда оның клиникалық мәні белгісіз.

Қолданылуы

- инвазиялық аспергиллезді емдеуде

- нейтропениясыз емделушілердегі кандидемияны емдеуде

- Candida текті зеңдерден (соның ішінде C.krusei) туындаған, флуконазолға төзімді күрделі инвазиялық жұқпаларды емдеуде

- Scedoaporium және Fusarium текті зеңдерден туындаған ауыр зеңді жұқпаларды емдеуде.

Вифендті®, ең алдымен, үдемелі және өмірге қатер төндіретін жұқпаларға шалдыққан емделушілерде қолдану керек.

Қолдану тәсілі және дозалары

Қажет болса вориконазолмен емдеуге дейін және емдеу кезінде гипокалиемия, гипомагниемия, гипокальциемия сияқты электролитті бұзылуларды анықтап алу және түзету керек.

Қабықпен қапталған Вифенд® таблеткаларын ішке тамақтанудан ең кемінде 1 сағат бұрын немесе тамақтанудан кейін 1 сағаттан соң қабылдаған жөн.

қолданылуы

Емдеуді алғашқы күні-ақ тепе-тең жағдайға жақын сарысудағы концентрациясына жету үшін анықталған қанықтырушы дозадан, көктамыр ішіне немесе ішу арқылы қабылдаудан бастау керек.

Ішке қабылдау кезіндегі жоғары биожетімділігін ескере отырып, клиникалық көрсетілімдері бар болса, препаратты көктамыр ішіне енгізуден ішу арқылы қолдануға көшуге және керісінше болады.

Препаратты дозалау бойынша толық ақпарат кестеде келтірілген:

 

Көктамыр ішіне

Ішке

Дене салмағы 40 кг және одан көп емделушілер

Дене салмағы 40 кг-ден аз емделушілер*

Қанықтырушы доза – барлық көрсетілімдер (алғашқы 24 сағат)

әр 12 сағат сайын

6 мг/кг

әр 12 сағат сайын 400 мг

әр 12 сағат сайын 200 мг

Демеуші доза

(алғашқы 24 сағаттан соң)

әр 12 сағат сайын

4 мг/кг

әр 12 сағат сайын 200 мг

әр 12 сағат сайын 100 мг

* 15 жастағы және одан асқан емделушілерге қатысты

Дозаны түзету

Емдеу тиімділігі жеткіліксіз болған кезде демеуші доза әрбір 12 сағат сайын ішке 300 мг-ге дейін арттырылуы мүмкін. Дене салмағы 40 кг-ден аз емделушілерде доза әрбір 12 сағат сайын ішке 150 мг дейін арттырылуы мүмкін.

Егер емделушілер препаратты жоғары дозада көтере алмаса, онда оны әр 12 сағат сайын ішке 50 мг-ден 200 мг-ге дейін (немесе дене салмағы 40 кг-ден аз науқастарда әр 12 сағат сайын 100 мг) сатылап төмендетеді.

Егер вориконазолдың демеуші дозасын ішу арқылы әр 12 сағат сайын 200-ден 400 мг-ге дейін (дене салмағы 40 кг-ден аз науқастарда ішу арқылы әр 12 сағат сайын 100-ден 200 мг-ге дейін) арттырса, фенитоинды вориконазолмен қолдануға болады.

Эфавирензді, егер вориконазолдың демеуші дозасын әр 12 сағат сайын 400 мг дейін арттырып, және эфавиренз дозасы 50%, яғни тәулігіне бір рет 300 мг дейін азайтылса, вориконазолмен бірге қолдануға болады. Вориконазолмен емді тоқтатқаннан кейін эфавирензді бастапқы дозасында қабылдауды жаңғыртқан жөн.

2-ден 12 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдерде (12-ден 14 жасқа дейін дене салмағы <50 кг):

Ұсынылатын дозалау режимі мынадай:

 

көктамыр ішіне

ішу арқылы

Қанықтырушы доза (алғашқы 24 сағат)

әр 12 сағат сайын 9 мг/кг

Ұсынылмайды

Демеуші доза

(алғашқы емдеуден кейін 24 сағаттан соң)

тәулігіне екі рет 8 мг/кг

тәулігіне екі рет 9 мг/кг (ең жоғары дозасы 350 мг тәулігіне екі рет)

Ескерту. 2 - ден < 12 –ге дейінгі жастағы иммунитеті әлсіреген 112 бала мен 12 - ден < 17 – ге дейінгі жастағы иммунитеті әлсіреген 26 жасөспірімдегі популяциялық фармакокинетикалық талдау мәліметтері нәтижелері бойынша.

Емдеуді препаратты көктамырішілік енгізуден бастау ұсынылады; пероральді қабылдауды тек елеулі түрде клиникалық жақсарудан кейін ғана қарастыруға болады. Вориконазолдың 8 мг/кг дозада көктамыр ішіне енгізген кездегі әсер етуі 9 мг/кг дозада пероральді қабылдаған кездегіге қарағанда, шамамен екі есе жоғары екендігін айта кету керек.

Препараттың 2 - ден 12-ге дейінгі жастағы бауыр немесе бүйрек жеткіліксіздігі бар балаларда қолданылуы зерттелмеген.

Дозасын түзету

Емделушінің емге деген жауабы жеткіліксіз болған кезде дозасы 1 мг/кг қадаммен арттырылуы мүмкін (немесе 350 мг пероральді қабылдау үшін бастапқы ең жоғарғы дозасын пайдаланғанда 50 мг қадаммен). Емделушілерге ем жақпаған кезде дозасын 1 мг/кг қадаммен төмендету керек (немесе 350 мг пероральді қабылдау үшін бастапқы ең жоғарғы дозасын пайдаланғанда 50 мг қадаммен).

Емдеу ұзақтығы

Емдеу емделушілердің клиникалық жауабы мен микологиялық зерттеулер нәтижесін ескере отырып, барынша қысқа болуы тиіс.

Егер бала таблеткаларды жұта алатын болса, дозаны 50 мг еселенген, жақынырақ мг/кг дозаға дейін дөңгелектейді, және бүтін таблеткалар түрінде тағайындайды.

Жоғарырақ дозаларының фармакокинетикасы мен жағымдылығы балаларда зерттелмеген.

Егде жастағыларда қолданылуы

Егде жастағыларда дозасын түзету қажет емес.

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарда қолданылуы

Бүйрек функциясының бұзылуы ішке қабылдаған кезде Вифенд® фармакокинетикасына әсер етпейді. Осыған байланысты, ішке қабылдауға арналған Вифенд® дозасын бүйрек функциясының бұзылуы жеңіл, орташа немесе айқын науқастарда түзету қажет емес.

Вориконазол гемодиализде 121 мл/мин клиренсімен шығарылады. Ұзақтығы 4 сағаттық гемодиализ сеансы вориконазолдың елеулі бөлігінің шығарылуына алып келмейді, бұл дозасын түзетуді қажет етпейді.

Бауыр функциясы бұзылған науқастарда қолданылуы

Жеңіл немесе орташа ауырлықтағы бауыр циррозы бар науқастарда (Чайлд-Пью классификациясы бойынша А және В класы) Вифендтің® cтандартты екпінді дозасын тағайындау, ал демеуші дозасын 2 есе төмендету ұсынылады.

Созылмалы ауыр бауыр циррозы бар науқастарда (Чайлд-Пью классификациясы бойынша С класы) Вифенд®зерттелген жоқ.

Бауыр функциясы биохимиялық көрсеткіштерінің ауытқуы бар науқастарда (аланинаминотрансфераза (АЛТ), аспартатаминотрансфераза (АСТ), сілтілік фосфатаза (СФ) немесе жалпы билирубин қалыптың жоғарғы шегінен > 5 есе жоғары) Вифендтің® қауіпсіздігі бойынша мәліметтер шектеулі көлемде берілген.

Вифендті® қолдану бауыр функциясының биохимиялық көрсеткіштерінің жоғарылауымен және бауыр зақымдануының клиникалық белгілерімен мысалы, сарғаюмен қатар жүреді, және сондықтан бауыр функциясының бұзылуы ауыр науқастарға препараттың уыттылық белгілерін анықтау мақсатында мұқият бақылау жүргізген жөн.

2 жастан кіші балаларда қолданылуы

2 жастан кіші балаларда Вифендтің® қауіпсіздігі және тиімділігі анықталмаған.

Жағымсыз әсерлері

Өте жиі

- көрудің нашарлауы (көру арқылы қабылдаудың өзгеруін/күшеюін, бұлыңғыр көруді, түс арқылы қабылдаудың өзгеруін, фотофобияны қоса)

- қызба

- тері бөртпесі

- жүрек айну, құсу, диарея, іштің ауыруы

- бас ауыру

- шеткергі ісінулер

Жиі

- синусит

- миелосупрессия, тромбоцитопения, анемия (соның ішінде макроцитарлы, микроцитарлы, нормоцитарлы, мегалобластты, апластикалық), лейкопения, геморрагиялық бөртпе, панцитопения

- бас айналу, тремор, парестезиялар

- гипокалиемия

- гипогликемия

- елестеулер, сананың шатасуы, депрессия, мазасыздық, үрейлену, қорқыныш

- өкпенің ісінуі

- артериялық қысымның (АҚ) төмендеуі

- тромбофлебит, флебит

- тыныс алу жеткіліксіздігі, жедел респираторлық дистресс-синдром

- хейлит, гастроэнтерит

- қышыну, макулопапулезді бөртпе, терінің фотосезімталдық реакциялары, алопеция, эксфолиативті дерматит, беттің ісінуі, пурпура

- арқаның ауыруы

- қалтырау, астения, кеуде тұсының ауыруы, тұмау тәрізді синдром

Жиі емес

- лимфаденопатия, агранулоцитоз, эозинофилия, диссеминацияланған тамырішілік ұю синдромы, сүйек кеміктік қан түзілудің бәсеңдеуі

- аллергиялық реакциялар, анафилактоидтық реакциялар жоғары сезімталдық

- бүйрек үсті бездері қыртысының жеткіліксіздігі

- гиперхолестеринемия

- гипонатриемия

- атаксия, ми ісінуі, гипертония, вертиго, гипестезия, нистагм, естен тану

- дәм сезудің бұзылуы

- блефарит, көру жүйкесінің невриті, көру жүйкесі дискісінің ісінуі, склерит, диплопия

- жүрекшелік аритмиялар, брадикардия, тахикардия, қарыншалық аритмия,

қарыншаүстілік/қарыншалық тахикардия (қарыншалардың жыпылықтауын қоса), QТ аралығының ұзаруы, естен тану

- дуоденит, диспепсия, гингивит, глоссит, панкреатит, тамақтың ісінуі, тілдің ісіп кетуі, перитонит, диспепсия, іш қату, дисгевзия

- холецистит, холелитиаз, бауырдың ұлғаюы, гепатит, бауыр жеткіліксіздігі

- экзема, псориаз, аллергиялық дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы, есекжем, ангионевротикалық ісіну, дәріге жоғары сезімталдық

- артрит

- креатининнің көтерілуі, жедел бүйрек жеткіліксіздігі, гематурия

- мочевинаның қалдық азотының жоғарылауы, альбуминурия, нефрит

Сирек

- гипертиреоз, гипотиреоз

- Гийенн-Барре синдромы, экстрапирамидалық синдром, құрысулар

- ұйқысыздық, энцефалопатия

- шеткергі нейропатия

- торқабыққа қан құйылу, мөлдір қабықтың бұлыңғырлануы, көру жүйкесінің атрофиясы, көз алмасының қозғалуы

- естудің нашарлауы, құлақтың шыңылдауы

- толық атрио-вентрикулярлы блокада, Гис шоғыры тармағының блокадасы, түйінді аритмиялар, қарыншалық тахикардия, «пируэт» типті көп түрлі қарыншалық пароксизмальді тахикардия

- лимфангиит

- жалған жарғақшалы колит

- бауыр функциясы көрсеткіштерінің жоғарылауы (АСТ, АЛТ, сілтілік фосфатаза, гамма-ГТ, ЛДГ, билирубинді қоса), сарғаю, холестаз

- бүйректік тубулярлы некроз

- бауыр комасы

- уытты эпидермалық некролиз, көп түрлі эритема, дискоидты қызыл жегі, жалған порфирия

Белгісіз

- терінің жалпақ жасушалы обыры

- периостит

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе препараттың кез келген қосымша заттарына аса жоғары сезімталдық

- бұл дәрілік заттардың жоғары концентрациялары қан плазмасында QTc интервалының ұзаруына, сирек жағдайларда «пируэт» типті көп формалы қарыншалық пароксизмальді тахикардияның пайда болуына алып келуі мүмкін болғандықтан, CYP3A4 субстратымен, терфенадинмен, астемизолмен, цизапридпен, пимозидпен немесе хинидинмен бірге қолдану

- бұл дәрілік заттар қан плазмасында вориконазолдың концентрациясын айтарлықтай төмендетуі мүмкін болғандықтан, рифампицинмен, карбамазепинмен және фенобарбиталмен бірге қолдану

- сынақтағы дені саулардың қан плазмасында эфавиренз вориконазол концентрациясын елеулі түрде төмендететін болғандықтан, эфавиренздің жоғары дозаларымен ( тәулігіне 1 рет 400 мг және одан жоғары) бірге қолдану

- сынақтағы дені саулардың қан плазмасында ритонавир осы дозада вориконазол концентрациясын елеулі түрде төмендететін болғандықтан, ритонавирдің жоғары дозаларымен (тәулігіне екі рет 400 мг және одан жоғары) бірге қолдану

- CYP3A4 цитохромы субстраттары болып табылатын қастауыш алкалоидтарымен (эрготаминмен, дигидроэрготаминмен) бірге қолдану, өйткені бұл заттардың концентрациясының қан плазмасында жоғарылауы эрготизмге алып келуі мүмкін

- сиролимуспен бірге қолдану, өйткені вориконазол қан плазмасында сиролимус концентрациясын елеулі түрде арттыруы мүмкін

- шайқурай препараттарымен бірге қолдану

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Вориконазол фармакокинетикасына басқа препараттардың ықпалы Вориконазол Р450 цитохромы изоферменттері - СҮР2С19, СҮР2С9 және СҮР3А4 әсер етуімен метаболизденеді. Осы изоферменттердің тежегіштері немесе индукторлары, тиісінше, плазмадағы вориконазол концентрацияларының жоғарылауын немесе төмендеуін туғызуы мүмкін.

Вориконазолдың плазмадағы деңгейі келесі препараттармен бір мезгілде қолданғанда едәуір төмендейді:

Рифампицин (тәулігіне бір рет 600 мг) вориконазолдың Смах (плазмадағы ең жоғары концентрациясы) және АUС мәнін, тиісінше, 93 және 96 төмендетеді. Вориконазол мен рифампицинді бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімді.

Карбамазепин және ұзақ әсер ететін барбитураттар (мысалы, фенобарбитал), олардың өзара әрекеттесуі зерттелмесе де, плазмадағы вориконазол концентрацияларын едәуір төмендетуі ықтимал. Вориконазолды карбамазепинмен және ұзақ әсер ететін барбитураттармен бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімді.

Вориконазолдың стандартты дозаларын күніне 1 рет 400 мг немесе одан жоғары эфавиренз дозаларымен пайдалану қарсы көрсетілімді. Егер вориконазолдың демеуші дозасы күніне 2 рет 400 мг дейін арттырылса және эфавиренз дозасы күніне 1 рет 300 мг дейін азайтылса, вориконазолды эфавирензбен бірге қабылдауға болады. Вориконазолмен емделу тоқтатылса, эфавиренздің бастапқы дозасы қалпына келтірілуі тиіс.

Аздаған фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі немесе елеулі өзара әрекеттесу болмауы ескеріліп, келесі препараттардың: циметидин, ранитидин, макролидтер тобы антибиотиктерінің (эритромицин және азитромицин) дозаларын түзету талап етілмейді.

Вориконазолдың басқа препараттарға әсер етуі

Вориконазол Р450 цитохромының изоферменттері - СҮР2С19, СҮР2С9 және СҮР3А4 белсенділігін тежейді. Осыған орай, Вифенд® осы СҮР450 изоферменттерімен метаболизденетін заттардың плазмалық концентрацияларын арттыра алады.

Вориконазолмен өзара әрекеттесуі төменде аталған келесі препараттардың қандағы концентрацияларының артуына әкелуі мүмкін. Осыған орай, оларды бір мезгілде қолданғанда тұрақты бақылау және/немесе дозаларын түзету қажет.

Циклоспорин (СҮР3А4 субстраты): бүйрек трансплантациясы жасалған және тұрақты жағдайда болатын емделушілерде вориконазол циклоспориннің Сmах және АUС, мәндерін, кем дегенде, тиісінше, 13 және 70 арттырады. Вифенд® циклоспорин алатын науқастарға тағайындалғанда циклоспорин дозасын екі есе азайту және оның плазмадағы деңгейлерін бақылау ұсынылады. Циклоспорин концентрацияларын арттыру нефроуыттылықпен қатар жүреді. Вифенд® тоқтатылғаннан кейін циклоспорин деңгейлерін бақылап, қажет болса, оның дозасын арттыру керек.

Такролимус (СҮР3А4 субстраты): вориконазол такролимустың (0,1 мг/кг бір рет) Сmах пен АUС (соңғы сандық өлшемге дейінгі концентрация-уақыт қисығы астындағы ауданы) мәндерін, тиісінше, 117 және 221 арттырады. Вифенд® такролимус алатын науқастарға тағайындалғанда соңғысының дозасын үштен бірге дейін азайту және оның плазмадағы деңгейлерін бақылау ұсынылады. Такролимус деңгейінің жоғарылауы нефроуыттылықпен қатар жүреді. Вифенд® тоқтатылғаннан кейін такролимус концентрациясын бақылап, қажет болса, оның дозасын арттыру керек.

Метадон (СҮР3А4 субстраты): Вифендті® ішке қайта қабылдау (1 күн бойы әр 12 сағат сайын 400 мг, артынан 4 күн бойы әр 12 сағат сайын 200 мг) метадонның демеуші дозасын алатын тұлғаларда (тәулігіне бір рет 30-100 мг) фармакологиялық белсенді R-метадонның Сmах және АUС мәндерін, тиісінше, 31% (90% СА: 22%, 40%) және 47% (90% СА: 38%, 57%) арттырған.

Қысқа әсер ететін апиындар (CYP3A4 субстраттары): Вифенд® пен альфетанилді бір мезгілде қолдану бір рет енгізілген альфетанил AUC-ын 6 есе арттырды. Вифендпен® бір мезгілде тағайындалғанда альфетанил дозасын және құрылымы альфетанилге ұқсас және CYP3A4 арқылы метаболизденетін қысқа әсер ететін басқа апиындардың (мысалы, суфентанил) дозасын азайту мәселесін шешу қажет.

Фентанил (CYP3A4 субстраты): Вифендті® (1-ші күні әр 12 сағат сайын 400 мг, артынша 2-ші күні әр 12 сағат сайын 200 мг) көктамырішілік фентанилмен (5 µг/кг) бір мезгілде қолдану фентанилдің орташа AUC0-∞ мәнінің 1.4 есе артуына (1.12-1.60 есе шегінде) әкелген. Вифенд® пен фентанил бір мезгілде тағайындалғанда фентанилмен байланысты тыныс алу функциясының бәсеңдеуі және басқа да жағымсыз әсерлер тұрғысынан кеңейтілген әрі жиі бақылау ұсынылады, қажет болса, фентанил дозасы азайтылуы тиіс.

Оксикодон (CYP3A4 субстраты): Вифендтің® ішке қабылданатын бірнеше дозасын (1-ші күні әр 12 сағат сайын 400 мг, кейіннен 2-4 күндері әр 12 сағат сайын бес рет қабылданатын 200 мг) бір мезгілде тағайындауды 10 мг оксикодонды бір рет ішке қабылдауға ұластыру 3-ші күні оксикодонның орташа Cмакс мен AUC0–∞ мәндерінің, тиісінше, 1.7 есе (1.4- 2.2 есе шегінде) және 3.6 есе (2.7-5.6 есе шегінде) артуына әкелген. Оксикодонның орташа жартылай шығарылу кезеңі де 2 есе ұзарған (1.4-2.5 есе шегінде). Вифендпен® емделгенде апиындармен байланысты жағымсыз әсерлерге жол бермес үшін оксикодон дозасын азайту қажет болуы мүмкін. Оксикодонмен және CYP3A4 арқылы метаболизденетін ұзақ әсер ететін басқа апиындармен байланысты жағымсыз әсерлері тұрғысынан кеңейтілген және жиі бақылау ұсынылады.

Варфарин (СҮР2С9 субстраты): Вифендті® (тәулігіне 2 рет 300 мг) варфаринмен (бір рет 30 мг) бір мезгілде қолдану протромбин уақытының 93% дейін ұзаруымен қатар жүрген. Варфарин мен Вифендті® бір мезгілде тағайындағанда протромбин уақытын бақылау ұсынылады.

Басқа да ішуге арналған антикоагулянттар, мысалы, фенпрокумон, аценокумарол (СҮР2С9, СҮР3А4 субстраттары): Вифенд® плазмадағы кумариндер концентрациялары мен протромбин уақытының артуын туындатуы мүмкін. Егер кумарин препараттарын алатын науқастарға Вифенд® тағайындалса, қысқа аралықтардағы протромбин уақытын бақылау және антикоагулянттар дозаларын тиісті үлгіде таңдау қажет.

Сульфонилмочевина туындылары (СҮР2С9 субстраты): Вифенд® сульфонилмочевина туындыларының (мысалы, толбутамид, глипизид және глибенкламид) плазмадағы концентрацияларын арттыруы және гипогликемия тудыруы мүмкін. Оларды бір мезгілде қолданғанда қандағы глюкоза деңгейлерін мұқият бақылау қажет.

Зерттеулердің болмауына қарамастан, вориконазолдың плазмадағы эверолимус концентрацияларын едәуір арттыру ықтималдығы бар.

 

Вориконазол мен эверолимусты бірге қабылдауға болмайды, өйткені вориконазол эверолимус концентрациясын едәуір арттыруы мүмкін.

Статиндер (СҮР3А4 субстраттары): вориконазол ловастатин метаболизмін (адам бауырының микросомаларында) тежейді. Осыған орай, Вифенд® СҮР3А4 әсер етуімен метаболизденетін статиндердің плазмалық концентрацияларын арттыруы мүмкін. Оларды бір мезгілде қолданғанда статин дозасын түзетудің мақсатқа сай болуын бағалау ұсынылады. Статиндер деңгейінің жоғарылауы кейде рабдомиолиз дамуымен қатар жүрген.

Бензодиазепиндер (СҮР3А4 субстраттары): клиникалық зерттеулерде өзара әрекеттесуі зерттелмесе де, вориконазол мидазолам метаболизмін (адам бауырының микросомалары) тежейді. Осыған орай, Вифенд® СҮР3А4 әсер етуімен метаболизденетін бензодиазепиндердің (мидазолам, триазолам, алпразолам) плазмалық деңгейлерін арттыруы және ұзаққа созылатын тыныштандырғыш әсерін дамытуы мүмкін.

Осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда бензодиазепин дозасын түзетудің мақсатқа сай болуын талқыға салу ұсынылады.

Қабіршөп алкалоидтары (СҮР3А4 субстраттары): вориконазол плазмадағы қабіршөп алкалоидтарының (мысалы, винкристин және винбластин) мөлшерін арттыруы және нейроуыттылық тудыруы мүмкін. Қабіршөп алкалоидтарының дозасын түзетудің мақсатқа сай болуын талқыға салу ұсынылады.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): вориконазол ибупрофеннің (бір рет 400 мг) Cmax және AUC мәндерін, тиісінше, 20% және 100% арттырды. Вориконазол диклофенактың (бір рет 50 мг) Cmax және AUC мәндерін, тиісінше, 114% және 78% арттырған.

ҚҚСП-мен байланысты жағымсыз құбылыстарға және уыттануға жиі мониторинг жасау ұсынылады. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Вориконазолды мынадай препараттармен бір мезгілде қолданғанда елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі анықталмаған, сондықтан олардың дозаларын түзету қажет емес

Преднизолон (СҮР3А4 субстраты): Вифенд® преднизолонның (бір рет 60 мг) Сmах және АUС мәндерін, тиісінше, 11% және 34% арттырады. Дозаны түзету ұсынылмайды.

Дигоксин (Р-гликопротеин арқылы тасымалдау): Вифенд® дигоксиннің (тәулігіне бір рет 0,25 мг) Сmах және АUСt мәндеріне елеулі ықпалын тигізбейді.

Микофенол қышқылы (УДФ-глюкуронилтрансфераза субстраты): Вифенд® микофенол қышқылының (бір рет 1 г) Сmах және АUСt мәндеріне ықпалын тигізбейді.

Эфавиренз (нуклеозидті емес кері транскриптаза тежегіші [CYP450 индукторы; CYP3A4 тежегіші және субстраты]): Вифендтің® стандартты дозалары мен эфавиренздің стандартты дозалары бір мезгілде тағайындалмауы тиіс. Дені сау тұлғаларда эфавиренз (тәулігіне бір рет ішуге 400 мг) вориконазолдың тұрақтанған Cmax және AUCt мәндерін, орта есеппен, 61% және 77% төмендеткен. Вифенд® тұрақты жағдайда (1-ші күні әр 12 сағат сайын ішуге 400 мг, сосын 8 күн бойы әр 12 сағат сайын ішуге 200 мг) тура сол тұлғаларда эфавиренздің тұрақты Cmax және AUCt мәндерін, орта есеппен, тиісінше 38% және 44% төмендеткен.

Вифендті® 300 мг дозада тәулігіне екі рет эфавиренздің (тәулігіне бір рет 300 мг) төмен дозасымен үйлестіріп қабылдау Вифендтің® жеткілікті әсеріне әкелмеген.

Тәулігіне екі рет 400 мг Вифенд® тәулігіне бір рет ішуге арналған 300 мг эфавирензбен бір мезгілде тағайындалғаннан кейін, тәулігіне екі рет 200 мг Вифенд® монотерапиясымен салыстырғанда, дені сау тұлғалардағы вориконазол AUCτ 7 % төмендеген және Cmax 23 % жоғарылаған. Тәулігіне бір рет 600 мг эфавиренз монотерапиясымен салыстырғанда, эфавиренз AUCτ 17 % ұлғайып, Cmax баламалы болған. Бұл айырмашылықтар клиникалық мәнді болып саналмайды.

Вифенд® эфавирензбен бір мезгілде тағайындалғанда Вифендтің® демеуші дозасы тәулігіне екі рет 400 мг дейін арттырылуы тиіс, эфавиренз дозасы, мысалы, тәулігіне бір рет 300 мг дейін 50% азайтылуы тиіс. Вифендпен® емдеу тоқтатылғанда эфавиренздің бастапқы дозасына оралу қажет.

Фенитоин (СҮР2С9 субстраты және СҮР450 қуатты индукторы): Вифенд® пен фенитоинді, күтілетін пайдасы болжамды қатерінен басым болған жағдайларды қоспағанда, бір мезгілде қолданбау керек.

Фенитоин (тәулігіне бір рет 300 мг) вориконазол Сmах пен АUСt мәндерін, тиісінше, 49% және 69% төмендетеді. Вифенд® (тәулігіне екі рет 400 мг) фенитоиннің (тәулігіне бір рет 300 мг) Сmах және АUСt мәндерін, тиісінше, 67% және 81% арттырады. Фенитоинді Вифендпен® бір мезгілде қолданғанда плазмадағы фенитоин деңгейіне мұқият мониторинг ұсынылады. Фенитоинді Вифендпен®, егер соңғысының демеуші дозасы әр 12 сағат сайын ішуге арналған 200-ден 400 мг дейін арттырылған болса (дене салмағы 40 кг-ден аз емделушілерде әр12 сағат сайын ішуге арналған 100-ден 200 мг дейін), бірге қолдануға болады.

Рифабутин (СҮР450 индукторы): рифабутин (тәулігіне бір рет 300 мг) вориконазолдың (тәулігіне екі рет 200 мг) Сmах пен АUСt мәндерін, тиісінше, 69% және 78% төмендетеді. Рифабутин бір мезгілде тағайындалғанда тәулігіне 2 рет 350 мг дозадағы вориконазол Сmах және АUСt , тәулігіне 2 рет 200 мг дозадағы Вифендті® бөлек қолдану кезіндегі көрсеткіштерінен 96% және 68% құрайды. Вифенд® тәулігіне екі рет 400 мг дозада қолданылғанда Сmах пен АUСt, тәулігіне 2 рет 200 мг дозадағы Вифендпен® монотерапия кезіндегіден, тиісінше, 104% және 87% жоғары. Вифенд® тәулігіне 2 рет 400 мг дозада рифабутиннің Сmах және АUСt мәндерін, тиісінше, 195% және 331% арттырады. Егер емнен күтілетін пайдасы қатерінен басым болса, рифабутинді Вифендпен® бір мезгілде қолдануға болады. Бұл жағдайда Вифендтің® демеуші дозасын әр 12 сағат ішке қабылданатын 200-ден 350 мг дейін (дене салмағы 40 кг-ден аз науқастарда әр 12 сағат сайын ішке 100-ден 200 мг дейін) арттыру керек. Рифабутинмен және Вифендпен® бір мезгілде емделгенде толық қан талдауын жүйелі жасап, рифабутиннің қолайсыз әсерлерін (мысалы, увеит) бақылау ұсынылады.

Омепразол (СҮР2С19 тежегіші; СҮР2С19 және СҮР3А4 субстраты): омепразол (тәулігіне бір рет 40 мг) вориконазолдың Сmах және АUСt мәндерін, тиісінше, 15% және 41% арттырады. Вифенд® дозасын түзету ұсынылмайды. Вифенд® омепразолдың Сmах пен АUСt мәндерін, тиісінше, 116% және 280% арттырады. Вифендті® омепразол алатын науқастарға тағайындағанда соңғысының дозасын екі есе азайту ұсынылады. Вифенд® СҮР2С19 субстраттары болып табылатын протон сорғысының басқа блокаторларының метаболизмін де тежеуі мүмкін.

Вифенд® пен флуконазолдың өзара әрекеттесуі анықталмаған. Егер вориконазол флуконазолдан кейін біртіндеп пайдаланылса, Вифендпен® байланысты қолайсыз құбылыстарға мониторинг жасау ұсынылады.

Ішуге арналған контрацептивтер (CYP3A4 субстраттары): Вифенд® пен ішуге арналған контрацептивті (тәулігіне бір рет 1 мг норэтистерон мен 0.035 мг этинилэстрадиол) бір мезгілде тағайындау дені сау әйелдерде этинилэстрадиол (тиісінше, 36% және 61%) және норэтистерон (тиісінше, 15% және 53%) Cmax және AUC мәндерінің артуына әкелген. Вориконазол Cмакс және AUC, тиісінше, 14% және 46% жоғарылаған. 1 мг норэтистерон мен 0.035 мг этинилэстрадиолға қарағанда, ішуге арналған контрацептивтердің басқа да дозалары зерттелмеген. Вифендпен® өзара әрекеттесу кезінде норэтистерон мен этинилэстрадиол арасындағы қатынас ұқсас болып қала беретіндіктен, олардың контрацептивтік белсенділігі өзгермеуі мүмкін. Бір мезгілде тағайындағанда ішуге арналған контрацептивтермен байланысты жағымсыз құбылыстарын бақылау ұсынылады.

Индинавир (СҮР3А4 тежегіші және субстраты): индинавир (тәулігіне үш рет 800 мг) вориконазол Сmах пен АUСt мәндеріне елеулі ықпалын тигізбейді. Вифенд® индинавирдің (тәулігіне 3 рет 800 мг) Сmах, Сmin және АUСt мәндеріне елеулі әсер етпейді.

АИВ протеазасының басқа тежегіштері (СҮР3А4 субстраттары және тежегіштері): Вифенд® АИВ протеазасы тежегіштерінің (мысалы, саквинавир, ампренавир және нелфинавир) метаболизмін тежеуі мүмкін. АИВ протеазасы тежегіштері вориконазол метаболизмін бәсеңдетуі мүмкін. Вифендті® АИВ протеазасы тежегіштерімен бір мезгілде қолданған жағдайда болжамды уытты әсерлерін анықтау мақсатында бақылау керек.

Басқа да кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштері (КТНТ) (СҮР3А4 немесе СҮР450 субстраттары, тежегіштері): вориконазол метаболизмін делавирдин тежеуі мүмкін. Вориконазол метаболизмі невирапинмен индукциялана аладын. Вориконазол КТНТ метаболизмін де тежеуі мүмкін. Емделушілер Вифенд® пен КТНТ бір мезгілде тағайындалғанда препараттардың уыттылығы тұрғысынан мұқият бақылануы тиіс.

Айрықша нұсқаулар

Аса жоғары сезімталдық

Вифенд® басқа да азолды препараттарға аса жоғары сезімталдығы бар науқастарға абайлап тағайындалуы тиіс.

Жүрек-қантамырлық бұзылулар

Вифендті® қолдану электрокардиограммадағы QТ аралығының ұзаруымен байланысты болады, бұл Вифендпен® ем алып жүрген емделушілерде (осы асқынудың дамуына ықпал ететін кардиоуытты химиялық ем, кардиомиопатия, гипокалиемия және қатарлас ем сияқты көптеген қауіп факторлары бар ауыр науқасқа шалдыққан емделушілерде) сирек болатын қарыншалардың жыпылықтау-дірілдеу жағдайларымен қатар жүреді. Мынадай әлеуетті проаритмиялық жай-күйлері бар емделушілерге Вифенд® сақтықпен тағайындалуы тиіс:

- туа біткен немесе жүре пайда болған QT аралығының ұзаруы

- кардиомиопатия, әсіресе, жүрек жеткіліксіздігі болғанда

- синустық брадикардия

- клиникалық симптомдарымен бұрыннан бар аритмиялар

- QT аралығын ұзартуға қабілеттілігі анықталған дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану. Қажет болса, вориконазолмен емдеу басталғанша да, ем кезінде де гипокалиемия, гипомагниемия, гипокальциемия сияқты электролиттік бұзылуларды анықтау және түзету керек.

Гепатоуыттылығы

Вифендпен® емделгенде бауыр тарапынан болатын күрделі реакциялардың жиі емес (0,1-1%) жағдайлары (клиникалық көрініс беретін гепатит, соның ішінде өліммен аяқталатын холестаз және шұғыл сипатты бауыр жеткіліксіздігін қоса) байқалады. Бауыр тарапынан болатын қолайсыз құбылыстар, негізінен, күрделі негізгі аурулары бар (ең алдымен, қатерлі қан аурулары) науқастарда байқалады. Қандай да бір қауіп факторлары жоқ науқастарда, гепатит пен сарғаюды қоса, бауыр тарапынан өткінші реакциялар байқалады. Бауыр функциясының бұзылуы әдетте қайтымды және емдеуді тоқтатқаннан кейін басылады.

Бауыр функциясына мониторинг жасау

Вифендпен® емделу кезінде бауыр функциясын, әсіресе, бауыр сынамаларын және билирубинді ұдайы бақылау ұсынылады. Вифендпен® байланысты болуы мүмкін бауыр ауруларының клиникалық белгілері білінгенде емдеуді тоқтатудың мақсатқа сай болуын талқыға салу қажет.

Бүйрек тарапынан қолайсыз құбылыстар

Вифенд® алатын ауыр науқастарда жедел бүйрек жеткіліксіздігі дамыған жағдайлар байқалды.

Бүйрек функциясына мониторинг жасау

Бүйрек функциясының бұзылу белгілерін анықтау мақсатында науқастарды бақылау керек. Ол үшін зертханалық зерттеулер жүргізу, атап айтқанда, сарысулық креатинин деңгейін анықтау қажет.

Көру тарапынан жағымсыз құбылыстар

Көру жүйкесі дискісінің ұзаққа созылатын жағымсыз құбылыстары туралы постмаркетингтік хабарламалар бар. Бұл құбылыстар, бәрінен бұрын, ауыр көз аурулары бар және/немесе осы құбылыстарды туындатуы және/немесе олардың пайда болуына қатысуы мүмкін препараттар бір мезгілде тағайындалған емделушілерде пайда болған.

Ұйқы безі функциясын бақылау

Жедел панкреатит дамуы бойынша қауіп факторлары бар ересектер мен балалар (мысалы, таяуда алынған химиялық ем, гематопоэздік діңді жасушалар трансплантациясы (ГДЖТ)) Вифендпен® емделу аясында панкреатит дамуы тұрғысынан бақылану қажет.

Дерматологиялық қолайсыз құбылыстар

Емделушілерде Вифендпен® емделу аясында Стивенс-Джонсон синдромы сияқты эксфолиативті тері реакциялары сирек дамыған. Емделушіде эксфолиативті тері реакциясы дамығанда Вифендпен® емдеу тоқтатылуы тиіс. Ол өз алдына, Вифендпен® емдеу терінің фотосезімталдық реакцияларымен байланысты болған. Вифендпен® емделу аясында күн сәулесінің қарқынды немесе ұзақ әсеріне ұшырамауға кеңес беріледі. Фотоуыттану реакциялары пайда болғанда әртүрлі мамандардан кеңесіне жүгініп, емделушіні дерматологқа жолдаған жөн. Вифендті® тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.

Терінің фотосезімталдық реакциялары және қосымша қауіп факторлары бар емделушілерде ұзаққа созылған ем аясында терінің жалпақ жасушалы обыры немесе меланома дамуы байқалған.

Фотоуыттылық реакцияларынан болатын зақымданулардың пайда болуына қарамастан, Вифендпен® емдеу жалғастырылатын барлық жағдайларда терінің обыр алдындағы ауруларын ертерек анықтау және емдеу үшін ұдайы дерматологиялық тексеру жүргізген жөн.

Егер емделушіде обыр алдындағы аурулар немесе жалпақ жасушалы обырға және меланомаға тән тері зақымданулары дамыса, препаратты тоқтату мәселесін шешу қажет.

Қаңқа тарапынан қолайсыз құбылыстар

Вифендпен® ұзақ мерзімді емдеу кезінде трансплантаттары бар емделушілердегі периостит жөнінде хабарланған. Егер науқаста қаңқа ауруы білінсе және рентгенологиялық тексеру нәтижелері периоститпен ұқсас болса, вориконазол қабылдауды үзу қажет.

Ұзақ емдеу

Вифендпен® ұзақ емдеген кезде ауыр жағымсыз құбылыстардың дамығаны жөнінде хабарлар болған, сондықтан дәрігерлер препараттың ұзақ қолданылуын шектеу қажет екендігін ескеруі керек.

Басқа препараттармен бірге қабылдау

Эверолимус (CYP3A4 субстраты, Р-гликопротеин субстраты): Вориконазолды эверолимуспен бірге қабылдау ұсынылмайды, өйткені вориконазол күтілуіне сай эверолимус концентрацияларын едәуір арттырады. Қазіргі сәтте осы жағдайда дозалануы туралы нұсқау беру үшін деректер жеткіліксіз.

Флуконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 тежегіші): Вориконазол мен флуконазолды ішу арқылы бірге қолдану дені сау тұлғалардағы вориконазол Cmax және AUCt мәндерінің едәуір артуына әкелді. Вориконазол мен флуконазол дозаларын азайту және/немесе қолдану жиілігінің қайсысы осы әсердің жоғалуына әкелуі мүмкін екені анықталмаған. Егер вориконазол флуконазолдан кейін пайдаланылса, вориконазолмен байланысты қолайсыз құбылыстарға мониторинг жасау ұсынылады,

Эфавиренз (CYP450 индукторы; CYP3A4 тежегіші және субстраты): вориконазол эфавирензбен бірге қабылданғанда вориконазол дозасын әр 12 сағат сайын 400 мг дейін арттыру керек және эфавиренз дозасы әр 24 сағат сайын 300 мг дейін азайтылуы тиіс.

Фенитоин (CYP2C9 субстраты және CYP450 күшті индукторы): фенитоин вориконазолмен бірге қабылданғанда фенитоин деңгейлеріне мұқият мониторинг жасау ұсынылады. Егер пайдасы қатерінен артық болмаса, вориконазол мен фенитоинді бірге пайдаланбау керек.

Ритонавир (CYP450 күшті индукторы, CYP3A4 тежегіші және субстраты): Егер пайда-қауіп бағасы вориконазол пайдалануды ақтаса ғана, вориконазол мен төмен дозадағы ритонавирді (күніне екі рет 100 мг) бірге қабылдаудан аулақ болу керек.

Метадон (CYP3A4 субстраты): плазмадағы метадон концентрацияларының жоғарылауы, QT аралығының ұзаруын қоса, уыттылығымен байланысты. Бірге қолдану кезіндегі қолайсыз құбылыстарға және метадонмен байланысты уыттылығына жиі мониторинг жасау ұсынылады. Метадон дозасын азайту қажет болуы мүмкін.

Қысқа әсер ететін апиындар (CYP3A4 субстраты): Вориконазолмен бірге қабылдағанда алфентанил, фентанил және құрылымы жағынан алфентанилге ұқсас және CYP3A4 арқылы метаболизденетін қысқа әсер ететін басқа да апиындардың (мысалы, суфентанил) дозаларын азайтуды қарастыру керек, өйткені алфентанилдің жартылай шығарылу кезеңі алфентанилді вориконазолмен бірге қабылдағанда 4 есе ұзарған және вориконазолды фентанилмен бірге пайдалану фентанилдің орташа AUC0-∞ мәндерінің 1.4 есе артуына әкелген. Апиындармен байланысты қолайсыз құбылыстарға жиі мониторинг (тыныс алу жүйесін тексеру кезеңінің ұзаққа созылуын қоса) қажет болуы мүмкін.

Ұзақ әсер ететін апиындар (CYP3A4 субстраты): Вориконазолмен бірге қабылдағанда оксикодон мен CYP3A4 арқылы метаболизденетін ұзақ әсер ететін басқа да апиындардың (мысалы, гидрокодон) дозаларын азайтуды қарастыру керек. Апиындармен байланысты қолайсыз құбылыстарға жиі мониторинг жасау қажет болуы мүмкін.

Балаларда қолдану

Екі жасқа толмаған балалардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Вифенд® екі жастағы және одан үлкен балаларда көрсетілген. Балаларда да, ересектерде де бауыр функциясы бақылануы тиіс. 2-ден 12 жасқа дейінгі балаларда сіңу бұзылған және жасына қарай дене салмағы өте төмен болса, ішуге арналған вориконазол биожетімділігі шектеулі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Вифендті® көктамыр ішіне енгізу ұсынылады.

Жүктілік және лактация кезеңі

Вифендті® жүкті әйелдерде қолдану жөнінде талапқа сай ақпарат жоқ. Вифендті®, ана үшін күтілетін пайдасы ұрыққа төнетін болжамды қауіптен анық басым болған жағдайларды қоспағанда, жүкті әйелдерде қолдануға болмайды. Вифендтің® ана сүтімен шығарылуы зерттелмеген.

Вифендті®, күтілетін пайдасы қатерінен анық асып түсетін жағдайларды қоспағанда, бала емізетін әйелдерде қолдануға болмайды.

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер емделу кезінде контрацепцияның тиімді әдістерін тұрақты пайдалануы тиіс.

Вифенд® таблеткаларының құрамында лактоза бар, сондықтан ол сирек кездесетін туа біткен лактозаны көтере алмайтын бұзылушылықтары, лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы бар емделушілерге тағайындалмауы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Вифенд® көз алдының тұмандануын, көру арқылы қабылдаудың бұзылуын/күшеюін және/немесе фотофобияны қоса, көрудің өтпелі және қайтымды нашарлауын тудыруы мүмкін. Мұндай симптомдар болғанда емделушілер, мысалы, автокөлік басқару немесе күрделі техниканы пайдалану сияқты аса қауіпті әрекеттерді орындаудан аулақ болуы тиіс.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз реакциялардың күшеюі.

Емі: Вифендтің® у қайтарғысы белгісіз. Артық дозалану жағдайында симптоматикалық және демеуші ем көрсетілген. Асқазанды шаю шарасын жүргізуге болады.

Вориконазол 121 мл/мин клиренсімен гемодиализ кезінде шығарылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 7 таблеткадан.

2 қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салады.

Сақтау шарттары

30оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/Қаптаушы

Пфайзер Мануфактуринг Дойчланд ГмбХ

Генрих-Мак-Штрассе 35

Д-89257 Иллертиссен

Германия

Тіркеу куәлігінің иесі

Пфайзер Эйч Си Пи Корпорэйшн, АҚШ

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Пфайзер Эйч-Си-Пи Корпорэйшн» (АҚШ) компаниясының өкілдігі Алматы қ., Абылай хан д-лы, 141

тел. (727) 272-27-01, 250-09-16

факс (727) 272-04-06

Прикрепленные файлы

888285211477976619_ru.doc 140.5 кб
682134091477977764_kz.doc 202.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники