Виздок (40 мг/мл, 0.5 мл)

МНН: Доцетаксел
Производитель: НВ Ремедиз Пвт. Лимитед для НВ Холдинг, Гонконг
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Docetaxel
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020332
Информация о регистрации в РК: 31.12.2013 - 31.12.2018

Инструкция

Саудалық атауы

ВИЗДОК

Халықаралық патенттелмеген атауы

Доцетаксел

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған 40 мг/мл концентрат

еріткішпен жиынтықта

Құрамы

1 құтының ішінде

белсенді зат - 20 мг/0.5 мл, 80 мг/2 мл, 120 мг/3 мл

сусыз доцетакселге баламалы доцетаксел тригидраты бар;

қосымша зат - полисорбат 80

Еріткіш - этанол ерітіндісі 13%

Сипаттамасы

Ашық-сарыдан қоңыр түске дейінгі тұтқыр ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы дәрілер. Өсімдік текті алкалоидтар. Доцетаксел.

АТХ коды L01CD02

 

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Доцетаксел кинетикасы дозаға байланысты емес, тиісінше, 4 минут, 36 минут және 11,1 сағатқа тең α, β және γ фазаларындағы жартылай шығарылу кезеңдері бар үш компартаментті фармакокинетикалық үлгіге сәйкес келеді. Соңғы фазасы, ішінара, доцетакселдің шеткергі компартаменттен баяу шығарылуына қатысты жүзеге асады.

Бір сағаттық инфузиямен 100 мг/м2 дозаны енгізгеннен кейін 4,6 сағ.мкг/мл тең қисық астындағы ауданына (AUC) сәйкес келетін плазмадағы 3,7 мкг/мл тең орташа ең жоғары концентрациясына жетті. Жалпы клиренсінің орташа көрсеткіштері және қанығу сатысындағы таралу көлемі, тиісінше, 21 л/сағ./м2 және 113 л құрайды. Жалпы клиренс орташа көрсеткішіндегі жекеше аралық ауытқу 50% жуық құрады. 95%-дан астам доцетаксел плазма ақуыздарымен байланысқа түседі.

Р450 цитохромы арқылы терт-бутил-эфир тобының тотығуынан кейін доцетаксел 7 күн ішінде несеппен және нәжіспен шығарылды, тиісінше, олардан 6% және 75% енгізілген радиобелсенділік (14С-доцетаксел) табылды. Нәжістерден табылған 80% жуық радиобелсенділігі бір негізгі белсенді емес метаболит және 3 қосалқы белсенді емес метаболит, сондай-ақ өзгермеген дәрілік заттың өте аз мөлшері түрінде алғашқы 48 сағатта бөлініп шықты.

Доцетаксел фармакокинетикасы емделушінің жасы мен жынысына тәуелді болмайды. Ауырлығы жеңіл немесе орташа дәрежедегі бауыр қызметінің бұзылуын (сілтілік фосфатазаның жоғарғы қалып шегінен ≥ 2,5 деңгейі тұсында жоғарғы қалып шегінен ≥ 1,5 АЛТ, АСТ) көрсететін клиникалық зертханалық талдаулардың көрсеткіштері бар науқастардың шағын санында жалпы клиренс орташа 27% төмендеген. Доцетаксел клиренсі ауырлығы жеңіл немесе орташа дәрежедегі сұйықтық іркілісінде өзгермеген, сұйықтық іркілуінің ауыр түріне шалдыққан науқастар туралы деректер жоқ.

Біріктіріліп тағайындалғанда доцетаксел доксорубицин клиренсіне және доксорубицинолдың плазмалық деңгейіне (доксорубицин метаболиті) ықпал етпейді. Доцетаксел, доксорубицин және циклофосфамид фармакокинетикалық параметрлері олар бір мезгілде тағайындалған кезде өзгермеген.

Капецитабиннің доцетаксел фармакокинетикасына (Сmах және АUС) әсері болмайды және доцетакселдің капецитабиннің маңызды метаболиті 5`-ДФУР 5`-DFUR) фармакокинетикасына әсері болмайды.

Доцетаксел клиренсі цисплатинмен біріктірілген емде қолданғанда монотерапия кезінде байқалған клиренсіне ұқсас. Доцетаксел инфузиясынан кейін дереу енгізілген цисплатиннің фармакокинетикалық бейіні цисплатинмен монотерапиясы тұсында байқалған бейініне ұқсас.

Ауқымды ісіктері бар науқастарға доцетаксел, цисплатин және 5-фторурацилді біріктіріп тағайындау осы дәрілік препараттардың бірде-бірінің фармакокинетикасына ықпал етпейді.

Дексаметазонмен стандартты премедикациямен бірге тағайындалған доцетаксел фармакокинетикасына преднизонның ықпал етуі болмаған.

Фармакодинамикасы

Таксоидтар тобына жататын өсімдік текті ісікке қарсы цитостатиктік препарат. Препараттың белсенді заты – доцетаксел - тубулинді ұсақ түтікшелерде жинақтап, олардың ыдырауын тежейді, бұл митоз фазасының және ісік жасушаларындағы фазалар арасындағы үдерістердің бұзылуына әкеледі. Доцетаксел жасушаларда ұзақ сақталады, онда жоғары концентрацияларға жетеді. Доцетаксел көп есе төзімді генмен кодталатын P-гликопротеинді шамадан тыс мөлшерде өндіретін кейбір (бірақ бәріне емес) жасушаларға қатысты белсенді. Іn vivo доцетаксел тышқанның ісіктері мен адамның қайта енгізілетін ісік жасушаларына қатысты кең ауқымды белсенділікке ие.

Қолданылуы

Cүт безі обыры

- лимфа түйіндерінің зақымдануымен және зақымдануынсыз операция жасалатын сүт безі обырымен науқастарды доксорубицинмен және циклофосфамидпен біріктіріп адъювантты емдеуге арналған.

Лимфа түйіндерінің зақымдануынсыз операция жасалатын сүт безі обырымен науқастарда сүт безінің ерте обырын бастапқы емдеудің халықаралық критерийлеріне сай химиялық ем ала алатын науқастарға ғана адъювантты ем жүргізген жөн.

- бұрын осы жай-күйіне орай цитоуытты ем алмаған сүт безінің жергілікті жайылған немесе метастаздық обырмен науқастарды доксорубицинмен біріктіріп емдеуге арналған.

Монотерапия ретінде тиімсіз цитоуытты емнен кейін жергілікті жайылған немесе метастаздық обырмен науқастарды емдеуге арналған. Алдыңғы химиялық емде антрациклин немесе алкилирлеуші препарат қамтылуы тиіс.

- тиімсіз цитоуытты емнен кейін жергілікті жайылған немесе метастаздық обырмен науқастарды капецитабинмен біріктіріп емдеуге арналған. Алдыңғы химиялық емде антрациклин қамтылуы тиіс.

Ұсақ жасушалы емес өкпе обыры

- алдыңғы тиімсіз химиялық емнен кейін жергілікті жайылған немесе ұсақ жасушалы емес метастаздық обырмен науқастарды емдеуге арналған

- бұрын осы жай-күйіне орай химиялық ем жүргізілмеген жергілікті жайылған немесе ұсақ жасушалы емес метастаздық обырға шалдыққан резектабельді емес науқастарды цисплатинмен біріктіріп емдеуге арналған

Қуық асты безінің обыры

- гормональді емге рефрактерлі қуық асты безінің метастаздық обырымен науқастарды преднизонмен немесе преднизолонмен біріктіріп емдеуге арналған.

Асқазан аденокарциномасы

- метастаздарға орай алдын ала химиялық ем алмаған асқазанның метастаздық аденокарциномасымен, соның ішінде гастро-эзофагеальді бөлік аденокарциномасымен науқастарды цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктіріп емдеуге арналған.

Бас пен мойын обыры

- бас пен мойынның жергілікті жайылған cквамозды-жасушалы карциномасымен науқастарды индукциялық цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктіріп емдеуге арналған.

Қолдану тәсілі және дозалары

Жоғары сезімталдық реакциясының алдын алу үшін, сондай-ақ сұйықтық іркілуін азайту мақсатында (қуық асты безінің обырымен науқастарды қоспағанда) барлық науқастарға Виздок енгізуге дейін, мысалы, доцатексел енгізуге дейін 1 күн бұрыннан бастап 3 күн бойы ішке қабылданатын дексаметазонмен 16 мг/тәулік дозада (тәулігіне 2 рет 8 мг) премедикация жүргізіледі.

Преднизонмен немесе преднизолонмен қатарлас ем алған қуық асты безінің обырымен науқастарда Виздок енгізу басталғанша 12, 3 және 1 сағат бұрын дексаметазонмен 8 мг дозада премедикация жүргізіледі.

Гемотологиялық асқынулардың даму қаупін азайту үшін гранулоцитарлы колониестимуляциялау факторын (Г-КСФ) алдын алу мақсатында енгізу ұсынылады.

Виздок әр 3 апта сайын бір сағаттық к/і инфузия түрінде енгізіледі.

Сүт безінің обыры

Сүт безі обырының операция жасалатын түрімен науқастарды адъювантты емдеуде ұсынылатын Виздок дозасы әр 3 апта сайын доксорубицин (50 мг/м2) және циклофосфамид (500 мг/м2) енгізуден кейін 1 сағаттан соң 75 мг/м2 құрайды. Барлығы 6 цикл.

Монотерапия кезінде Виздок әр 3 аптада 100 мг/м2 дозада енгізіледі. Доксорубицинмен (50 мг/м2) немесе капецитабинмен біріктіргенде (2 апта бойы артынан апталық үзіліспен тәулігіне 2 рет ішке қабылданатын 1250 мг/м2) доцатексел әр 3 аптада 75 мг/м2 дозада енгізіледі.

Трастузумабпен біріктірілгенде ұсынылатын Виздок дозасы әр 3 аптада 100 мг/м2 құрайды. Трастузумаб дозалары мен енгізу тәсілдері трастузумаб қолдану жөніндегі нұсқаулықпен белгіленеді.

Ұсақ жасушалы емес өкпе обырында Виздок монотерапияда 75 мг/м2 және платина препараттарымен біріктіріліп әр 3 аптада 75 мг/м2 дозада енгізіледі. Платина препараттарымен біріктіру тиімсіз болғанда Виздок монотерапия түрінде қолданылады.

Аналық бездердің метастаздық обырында Виздок монотерапияда әр 3 аптада 100 мг/м2 дозада енгізіледі.

Бас пен мойынның жергілікті жайылған жалпақ жасушалы обырында Виздок 75 мг/м2 дозада енгізіледі. Доцатексел инфузиясынан кейін сол күні 1 сағат бойы 75 мг/м2 дозада цисплатин инфузиясы жасалып, кейіннен 5 күн бойы 24 сағаттық инфузия түрінде 750 мг/м2/тәулік дозада 5-фторурацил инфузиясына ұласады. Бұл режим 3 аптада 1 рет тағайындалады және 4 циклға дейін қайталанады. Химиялық ем курсын өткізгеннен кейін сәулемен емдеу тағайындалады.

Бас пен мойын тіндерінің метастаздық жалпақ жасушалы обырында Виздок әр 3 аптада 100 мг/м2 дозада енгізіледі.

Қуық асты безінің метастаздық гормонға төзімді обырында Виздок 3 аптада 1 рет 75 мг/м2 дозада енгізіледі. Преднизон немесе преднизолон курстық емдеудің бүкіл кезеңінде ұзақ уақыт тәулігіне 2 рет 5 мг ішке қабылдауға тағайындалады.

Кардиальді бөлікті қоса, асқазанның метастаздық обырында Виздок 3 аптада 1 рет 75 мг/м2 дозада енгізіледі. Виздок инфузиясынан кейін сол күні 1-3 сағат бойы 75 мг/м2 дозада цисплатин инфузиясы жасалып, кейіннен цисплатин инфузиясы аяқталған сәттен бастап 5 күн бойы 24 сағаттық инфузия түрінде 750 мг/м2/тәулік дозада 5-фторурацил инфузиясына ұласады.

Дозаны түзету

Виздок нейтрофильдер саны ≥1500/мкл болғанда енгізіледі. Виздокпен емдеу кезінде бір аптадан аса байқалған нейтрофильдер саны <500/мкл азайып кеткенде немесе фебрильді нейтропения дамығанда немесе айқын тері реакциялары немесе айқын шеткергі невропатия дамығанда келесі енгізулер үшін осы препарат дозасын 100-ден 75 мг/м2 дейін және/немесе 75-тен 60 мг/м2 дейін азайту керек. Егер осындай асқынулар 60 мг/м2 дозада Виздок қолдану кезінде де пайда болса, емдеуді тоқтату керек.

Адъювантты ем алатын сүт безі обырының операция жасалатын түріне шалдыққан емделушілер фебрильді нейтропения дамығанда кейінгі циклдардың бәрінде Г-КСФ алуы тиіс. Фебрильді нейтропения сақталғанда Виздок дозасын 60 мг/м2 дейін азайтып, Г-КСФ қабылдауды жалғастыру қажет. Егер Г-КСФ пайдаланылмаса, Виздок дозасы 75 мг/м2-ден 60 мг/м2 дейін азайтылуы тиіс. 3 немесе 4 дәрежелі стоматиті бар емделушілерде дозаны 60 мг/м2 дейін азайту қажет.

Доцатексел/капецитабинмен емдеудің келесі циклы жүргізілетін уақытқа дейін сақталатын 2-ші дәрежелі уыттылық алғаш білінгенде келесі емдеу циклын уыттылық 0-1 дәрежеге дейін төмендегенше кейінге қалдыруға болады, бұл орайда келесі емдеу циклы кезінде Виздоктың 100% бастапқы дозасы енгізіледі.

2-ші дәрежелі уыттылық қайта дамыған немесе 3-ші дәрежелі уыттылық алғаш дамыған емделушілерде емдеу циклының кез келген уақытында уыттылық 0-1 дәрежеге дейін төмендегенше емдеуді кейінге қалдырады, артынан Виздок қолдану 55 мг/м2 дозада жаңғыртылады.

Уыттылықтың кез-келген кейінгі көріністерінде немесе 4-ші дәрежелі уыттылықтың кез-келген түрлері пайда болғанда Виздок енгізу тоқтатылуы тиіс.

Капецитабин дозасын түзету ол Виздокпен үйлестірілгенде капецитабин қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сай жүргізіледі.

Ұсақ жасушалы емес өкпе обырының біріктірілген емінде бастапқыда цисплатинмен немесе карбоплатинмен біріктірілген 75 мг/м2 дозада Виздок алатын, алдыңғы емдеу циклында тромбоциттер саны < 25 000/мкл (цисплатинмен) дейін және < 75 000/мкл дейін (карбоплатинмен) азайған емделушілерде немесе фебрильді нейтропения дамыған емделушілерде немесе гематологиялық емес уыттанудың күрделі көріністері бар емделушілерде келесі циклда доцатексел дозасы 65 мг/м2 дейін азайтылуы тиіс. Цисплатин дозасын түзеткенде цисплатин қолдану жөніндегі нұсқаулықты қадағалау қажет.

Виздок цисплатинмен және 5-фторурацилмен (5-ФУ) біріктірілгенде фебрильді нейтропения дамыған немесе Г-КСФ қолдануға қарамастан жұқпа қосылған жағдайда доцатексел дозасын 60 мг/м2 дейін азайту керек. Асқынған нейтропения көріністері кейіннен дамығанда Виздок дозасын 60 мг/м2-ден 45 мг/м2 дейін азайту ұсынылған. 4-ші дәрежелі тромбоцитопения дамығанда Виздок дозасын 75 мг/м2-ден 60 мг/м2 дейін азайту ұсынылады. Қандағы нейтрофильдердің > 1500/мкл және қандағы тромбоциттердің > 100 000/мкл саны тұсында Виздок пайдаланылатын кейінгі циклдар болуы мүмкін. Уыттылық сақталғанда емдеуді тоқтату керек.

Цисплатин дозасы түзетілгенде цисплатин қолдану жөніндегі нұсқаулықты қадағалау қажет.

Ерекше қауымдар

Бауыр қызметі бұзылған емделушілер үшін ЖҚШ-нен 1.5 еседен көп асып кететін АЛТ немесе АСТ деңгейлерінде немесе ЖҚШ-нен 2.5 еседен көп асып кететін СФ деңгейінде ұсынылатын доза 75 мг/м2 құрайды. Билирубин деңгейі жоғарылаған және/немесе СФ деңгейінің (ЖҚШ > 6) артуына ұласатын АЛТ немесе АСТ белсенділігі жоғары (ЖҚШ (> 3.5) науқастарда Виздок қолдану ұсынылмайды.

Қазіргі уақытта бауыр қызметі бұзылған науқастарда басқа дәрілік препараттармен біріктірілген доцатексел қолдануға қатысты деректер жоқ.

Егде жастағылар

Фармакокинетикалық деректер талдауын есепке алғанда, егде жастағы емделушілерде доцатексел қолдануға қатысты қандай да бір арнайы деректер жоқ. Капецитабинмен біріктірілгенде 60 жастан асқан емделушілерде капецитабиннің старттық дозасын (капецитабин қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес) азайту ұсынылады.

Ерітінді дайындау және енгізу ережелері

20 мг/0.5 мл инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған концентрат: құтыдағы нақты құрамы 24.4 мг/0.61 мл, бұл алдын ала араластырылған ерітінді әзірлегенде көпіршуіне, құты қабырғаларына адгезиялануына және «өлі» кеңістік болуына орай сұйықтықтың жоғалған орнын толтыруға мүмкіндік береді. Осылайша, құтыдағы препараттың артық мөлшері оның ішіндегісін қоса берілген еріткішпен сұйылтқан соң алдын ала жинап алған аралас ерітіндіні әзірлегенде ең аз көлемі құрамында 10 мг/мл доцетаксел бар 2 мл мөлшер құрауына кепілдік береді, бұл 20 мг-ге (құты заттаңбасында көрсетілген доза) сәйкес.

80 мг/2 мл инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған концентрат: құтыдағы нақты құрамы 94.4 мг/2.36 мл, бұл алдын ала араластырылған ерітінді әзірлегенде көпіршуіне, құты қабырғаларына адгезиялануына және «өлі» кеңістік болуына орай сұйықтықтың жоғалған орнын толтыруға мүмкіндік береді. Осылайша, құтыдағы препараттың артық мөлшері оның ішіндегісін қоса берілген еріткішпен сұйылтқан соң алдын ала жинап алған аралас ерітіндінің ең аз көлемі құрамында 10 мг/мл доцетаксел бар 8 мл мөлшер құрайтынын кепілдейді, бұл 80 мг-ге (доза құты заттаңбасында көрсетілген) сәйкес.

Парентеральді қолдану үшін инфузиялық ерітінді дайындауға арналған концентратты қоса берілген еріткіште алдын ала сұйылту керек.

Алдын ала араластырылған Виздок ерітіндісін (10 мг/мл доцетаксел) дайындау

Сұйылтар алдында препарат пен еріткіш бар құтыларды бөлме температурасында 5 минуттай ұстау қажет.

Еріткіш бар құтының ішіндегісін түгел (құты сәл бұрыштап ұсталады) инемен еккішке жинап алады және Виздок бар құтыға енгізіледі.

Алынған қоспа бар құтыны 45 секундтай аударып-төңкеріп (сілкімеу керек!), бөлме температурасында 5 минутқа қалдырады, содан кейін ерітіндінің гомогенділігін және мөлдірлігін тексереді (5 минут өткен соң да көпіршік болуы қалыпты саналады).

Алдын ала араластырылған ерітіндіні ол әзірленгеннен кейін дереу инфузияға арналған ерітінді дайындау үшін пайдалану ұсынылады. Алдын ала араластырылған Виздок ерітіндісін тоңазытқышта (+ 2°-ден 8°С-ге дейінгі температурада) немесе бөлме температурасында 8 сағат бойы сақтауға болады.

Инфузияға арналған ерітінді дайындау

Алдын ала араластырылған ерітіндінің қажетті көлемі талап етілетін дозаға сәйкес құрамында 250 мл 5% декстроза ерітіндісі немесе 0.9% натрий хлориді ерітіндісі бар инфузияға арналған қапшыққа немесе құтыға енгізіледі. Егер қажетті Виздок дозасы 200 мг-ден асып кетсе, Виздок концентрациясы 0.74 мг/мл-ден жоғары болмайтындай инфузияға арналған сұйықтықтың үлкен көлемін пайдалану керек.

Инфузияға арналған қапшықтың немесе құтының ішіндегісін араластыру қажет. Бір сағаттық к/і инфузия үшін алынған ерітіндіні бөлме температурасында және әдеттегі жарықтану жағдайларында 4 сағат ішінде пайдалану керек.

Алдын ала араластырылған Виздок ерітіндісі мен инфузияға арналған ерітіндіні енгізер алдында қарап тексеру қажет; шөгіндісі болса, ерітіндіні жойып жіберген жөн.

Виздок - ісікке қарсы қолданылатын дәрі, сондықтан басқа уыттылығы зор заттармен болған жағдайлардағы сияқты, онымен жұмыс істегенде және Виздок ерітінділерін әзірлегенде сақтық шарасын қадағалау керек. Қолғаптар пайдалануға кеңес беріледі.

Виздок концентраты, алдын ала дайындалған қоспасы немесе инфузиялық ерітіндісі теріге тигенде дереу теріні сабынмен және сумен мұқият тазарту керек. Виздок концентраты, алдын ала дайындалған қоспасы немесе инфузиялық ерітіндісі шырышты қабықтарға түсіп кеткенде дереу оларды сумен мұқият жуып-шайған жөн.

Жағымсыз әсерлері

Виздок, ол химиялық емнің басқа дәрілерімен біріктіріліп тағайындалғанда, жағымсыз реакциялар ауырлығын арттыруы мүмкін. Төменде монотерапия кезінде, сондай-ақ Виздок доксорубицинмен, цисплатинмен, трастузумабпен, капецитабинмен, преднизонмен немесе преднизолонмен (емдеумен байланысты маңызды қолайсыз реакциялар берілген), доксорубицинмен және циклофосфамидпен (емдеумен байланысты маңызды қолайсыз реакциялар), 5-фторурацилмен (емдеумен байланысты маңызды қолайсыз реакциялар) біріктірілгенде байқалған барлық жағымсыз әсерлер сипатталған.

Виздок 100 мг/м2 дозада монотерапия ретінде

Өте жиі

- нейтропения (қайтымды және жинақталусыз, жасушалардың ең аз саны, орта есеппен, 7-ші күні байқалады, яғни < 500 жасуша/м3 ауыр нейтропенияның орташа ұзақтығы 7 күн құрады), анемия, алопеция, жүрек айну, құсу, стоматит, іш өту және астения.

- парестезиямен, дизестезиямен және ауырулармен, соның ішінде ашытулармен сипатталатын ауырлығы жеңіл немесе орташа дәрежелі жүйке сезімталдығының бұзылу белгілері. Нейромоторика бұзылулары, ең алдымен, әлсіздік сипатында айқындалады. Симптомдар 3 ай ішінде өздігінен басылады. Симптомдар қайтымдылығы туралы деректер монотерапия ретінде 100 мг/м2 Виздокпен емделуден кейін нейроуыттануға шалдыққан 35,3% науқасқа қатысты. Ауыр шеткергі нейроуыттылық дамығанда дозаны азайту қажет болады.

- жоғары сезімталдық реакциялары: гиперемия, қышытатын немесе онсыз бөртпе, кеуденің қысылуын сезіну, арқаның ауыруы, ентігу, жоғары температура немесе қалтырау, негізінен, доцетаксел инфузиясы басталғаннан кейін бірнеше минуттан соң дамиды, әдетте, ауырлығы жеңіл немесе орташа дәрежеде болады. Ауыр реакциялар гипотензиямен және/немесе бронх түйілуімен немесе жайылған бөртумен (эритема) өтеді.

- әдетте, жеңіл немесе орташа айқын болып саналатын қайтымды тері реакциялары. Реакциялар, ең алдымен, аяқ пен қолдағы (соның ішінде алақан-табан эритродизестезиясы синдромының ауыр түрі), сондай-ақ білектердегі, бет пен кеудедегі көбіне қышынумен қатар жүретін бөртумен, соның ішінде жергілікті бөртулермен сипатталады. Әдетте, бөртпелер доцетаксел инфузиясынан кейін 1 аптадан соң білінеді.

- инфузия енгізген жердегі реакциялар, әдетте, жеңіл түрде болады және гиперпигментация, қабыну, терінің қызаруы немесе құрғауы, флебит немесе қанталаулар және көктамыр ісінуі ретінде көріністеледі.

- шеткергі ісінулер түрінде және сирегірек плевралық жалқық, перикардиальді жалқық, асцит және денеге салмақ қосу түрінде сұйықтықтың іркілуі. Шеткергі ісінулер, әдетте, аяқтарда басталады, дене салмағының 3 және одан көп кг артуымен жайылған түрге енуі мүмкін. Сұйықтық іркілісінің жиілігі және ауырлық дәрежесі жинақталған сипатта болады. Орташа жинақтаушы дозасы емдеу тоқтатылған сәтте 1000 мг/м2 асып кетті, сұйықтық іркілісінің орташа қайтымдылық уақыты 16,4 апта (0-ден 42 аптаға дейін) құрады. Ауырлығы орташа және ауыр дәрежедегі сұйықтық іркілісі (орташа жинақтаушы доза: 818,9 мг/м2), премедикациясыз науқастармен салыстырғанда (орташа жинақтаушы доза: 489,7 мг/м2), премедикация жасалған науқастарда кешірек басталды; дегенмен, кейбір науқастарда ол емдеудің ертерек курстарында болды.

- жұқпалар (соның ішінде сепсис пен пневмония, өліммен аяқталуы 1,7 %)

- нейтропения, соның ішінде фебрильді, анемия

- жоғары сезімталдық

- анорексия

- шеткергі сенсорлы және шеткергі моторлы невропатия, дисгевзия

- ентігу

- стоматит, диарея, жүрек айну, құсу

- алопеция, тері реакциялары, тырнақтардың бұзылуы

- миалгия

- сұйықтық іркілісі, астения, ауыру

Жиі

- нейтропениямен байланысты жұқпалар

- тромбоцитопения

- аритмия

- гипотензия, гипертензия, геморрагия

- іш қату, іштің ауыруы, асқазан-ішектен қан кету (соның ішінде ауыр түрі)

- артралгия

- инфузия енгізген жердегі реакциялар, кеуденің жүректік емес ауырулары

- қандағы жоғары билирубин, қандағы сілтілік фосфатаза деңгейінің артуы, АСТ және АЛТ ұлғаюы

Кейде

- жүрек жеткіліксіздігі

- эзофагит

Сирек

- Виздокпен емдеуді үзуге немесе тоқтатуға мәжбүрлеген сирек жағдайларда кейіннен десквамацияға ұласатын бөртпелер

- гипопигментациямен немесе гиперпигментациямен әрі кейде ауырулармен және онихолизиспен қатар жүретін тырнақтардың ауыр өзгерістері.

- тромбоцитопениямен қатар жүретін қан кету көріністері

Өте сирек

- қайтымсыз алопеция

73% тері реакциялары 21 күн ішінде басылады

Виздок 75 мг/м2 дозада монотерапия ретінде

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения, анемия, тромбоцитопения

- анорексия

- шеткергі сенсорлы невропатия

- жүрек айну, стоматит, құсу, диарея

- алопеция, тері реакциялары

- астения, сұйықтық іркілісі, ауыру

Жиі

- фебрильді нейтропения

- жоғары сезімталдық (ауыр емес)

- шеткергі моторлы невропатия

- аритмия (ауыр емес)

- гипотензия

- іш қату

- тырнақтардың бұзылуы (ауыр: 0,8%)

- миалгия

- қандағы билирубин жоғарылауы

Доксорубицинмен біріктірілген 75 мг/м2 Виздок

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения, соның ішінде фебрильді, анемия, тромбоцитопения

- шеткергі сенсорлы невропатия

- жүрек айну, стоматит, диарея, құсу, іш қату

- алопеция

- астения, сұйықтық іркілісі, ауыру, тырнақтардың бұзылуы,

тері реакциялары

Жиі

- жоғары сезімталдық

- анорексия

- шеткергі моторлық невропатия

- жүрек жеткіліксіздігі, аритмия (ауыр емес)

- миалгия

- инфузия енгізген жердегі реакциялар

- қандағы билирубин, сілтілік фосфатаза жоғарылауы

Кейде

- гипотензия

- АСТ және АЛТ ұлғаюы

Цисплатинмен біріктірілген 75 мг/м2 Виздок

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения, анемия, тромбоцитопения

- жоғары сезімталдық

- анорексия

- шеткергі сенсорлы және шеткергі моторлық невропатия

- жүрек айну, құсу, диарея, стоматит

- алопеция, тырнақтардың бұзылуы, тері реакциялары

- миалгия

- астения, сұйықтық іркілісі, қызба

Жиі

- фебрильді нейтропения

- аритмия

- гипотензия

- іш қату

- енгізген жердегі реакциялар, ауыру

- қандағы билирубин жоғарылауы, АЛТ ұлғаюы

Кейде

- жүрек жеткіліксіздігі

- қандағы АСТ және сілтілік фосфатаза жоғарылауы

Трастузумабпен біріктірілген 100 мг/м2 Виздок

Өте жиі

- нейтропения, фебрильді нейтропения (соның ішінде антибиотиктер аясындағы қызбамен өтетін нейтропения) немесе нейтропениялық сепсис

- анорексия

- ұйқысыздық

- парестезия, бас ауыру, дисгевзия, гиперестезия

- жас ағудың күшеюі; конъюнктивит

- лимфа ісінуі

- эпистаксис, фаринголарингеальді ауыру, назофарингит, ентігу, жөтел, ринорея

- жүрек айну, диарея, құсу, іш қату, стоматит, диспепсия, іштің ауыруы

- алопеция, эритема, бөртпе, тырнақтардың бұзылуы

- миалгия, артралгия, аяқ-қолдың ауыруы, сүйектердің ауыруы, арқаның ауыруы

- астения, шеткергі ісіну, пирексия, шаршау, шырышты қабықтардың қабынуы, ауыру, тұмауға ұқсас ахуал, кеуде қуысының ауыруы, қалтырау

- денеге салмақ қосу

Жиі

- жүрек жеткіліксіздігі

- летаргия

Капецитабинмен біріктірілген 75 мг/м2 Виздок

Өте жиі

- нейтропения, анемия

- анорексия, тәбеттің төмендеуі

- дисгевзия, парестезия

- жас ағудың күшеюі

- фаринголарингеальді ауыру

- стоматит, диарея, жүрек айну, құсу, іш қату, іштің ауыруы, диспепсия

- алақан-табан эритродизестезиясы синдромы, алопеция,

тырнақтардың бұзылуы

- миалгия, артралгия

- астения, пирексия, шаршау немесе әлсіздік, шеткергі ісінулер

Жиі

- ауыз қуысының кандидозы

- тромбоцитопения

- дегидратация

- бас айналу, бас ауыру, шеткергі невропатия

- ентігу, жөтел, эпистаксис

- іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы, ауыздың кеберсуі

- дерматит, эритематозды бөртпе, тырнақтың түссізденуі, онихолизис

- аяқ-қолдың ауыруы, арқаның ауыруы

- летаргия, ауыру

- дене салмағының төмендеуі, қандағы билирубин жоғарылауы

Преднизонмен немесе преднизолонмен біріктірілген 75 мг/м2 Виздок

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения

- анемия

- анорексия

- шеткергі сенсорлы невропатия, дисгевзия

- жүрек айну, диарея, стоматит/фарингит, құсу

- алопеция, тырнақтардың бұзылуы (ауыр емес)

- шаршау, сұйықтық іркілісі (ауыр: 0,6 %)

Жиі

- тромбоцитопения, фебрильді нейтропения

- жоғары сезімталдық

- шеткергі моторлы невропатия

- жас ағудың күшеюі

- сол жақ қарыншаның қызмет атқару қабілетінің төмендеуі

- эпистаксис, ентігу, жөтел

- эксфолиативті бөртпе

- артралгия, миалгия

Лимфа түйіндерінің зақымдануымен және зақымдануынсыз сүт безі обырымен науқастарда доксорубицинмен және циклофосфамидпен біріктірілген 75 мг/м2 Виздокпен адъювантты емдеу

Өте жиі

- жұқпалар, нейтропениялық жұқпа

- анемия, нейтропения, соның ішінде фебрильді, тромбоцитопения

- анорексия

- дисгевзия, шеткергі сенсорлы невропатия

- конъюнктивит

- ыстық кернеулер

- жүрек айну, стоматит, құсу, диарея, іш қату

- алопеция, терінің бұзылулары, тырнақтардың бұзылуы

- миалгия, артралгия

- аменорея

- астения, пирексия, шеткергі ісінулер

Жиі

- жоғары сезімталдық

- шеткергі моторлы невропатия

- жас ағудың күшеюі

- аритмия

- гипотензия, флебит

- жөтел

- іштің ауыруы

- дене салмағының артуы немесе кемуі

Кейде

- синкопе, нейроуыттылық, ұйқышылдық

- лимфа ісінуі

Сирек

- іркілісті жүрек жеткіліксіздігі

Асқазан аденокарциномасында цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктірілген 75 мг/м2 Виздок

Өте жиі

- жұқпалар, соның ішінде нейтропениялық

- анемия, нейтропения, соның ішінде фебрильді, тромбоцитопения

- жоғары сезімталдық

- анорексия

- шеткергі сенсорлы невропатия

- диарея, жүрек айну, стоматит, құсу

- алопеция

- летаргия, қызба, сұйықтық іркілісі (ауыр/өмірге қатерлі)

Жиі

- бас айналу, шеткергі моторлы невропатия

- жас ағудың күшеюі

- естудің кемуі

- аритмия

- іш қату, асқазан-ішек ауырулары, эзофагит/дисфагия/одинофагия

- бөртпелі қышыну, тырнақтардың бұзылуы, терінің қабыршақтануы

Бас пен мойын обырында цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктірілген 75 мг/м2 Виздок

Кейіннен радиоем жүргізілетін индукциялық химиялық ем

Өте жиі

- жұқпалар, соның ішінде нейтропениялық

- нейтропения, анемия, тромбоцитопения

- анорексия

- дисгевзия/паросмия, шеткергі сенсорлы невропатия

- жүрек айну, стоматит, диарея, құсу

- алопеция

- летаргия, гипертермия, сұйықтық іркілісі, ісінулер

Жиі

- обыр аурулары

- фебрильді нейтропения

- жоғары сезімталдық (ауыр емес)

- бас айналу

- жас ағудың күшеюі, конъюнктивит

- естудің кемуі

- миокард ишемиясы

- көктамырлық өзгерістер

- іш қату, эзофагит/дисфагия/одинофагия, іштің ауыруы, диспепсия, асқазан-ішектен қан кету

- қышытатын бөртпе, терінің құрғауы, терінің қабыршақтануы

- миалгия

- денеге салмақ қосу

Кейде

- аритмия

Кейіннен химиялық -радиоем жүргізілетін индукциялық химиялық ем

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения, соның ішінде фебрильді, анемия, тромбоцитопения

- анорексия

- дисгевзия/паросмия, шеткергі сенсорлы невропатия

- естудің кемуі

- жүрек айну, стоматит, құсу, диарея, эзофагит/дисфагия/одинофагия,

іш қату

- алопеция, қышытатын бөртпе

- летаргия, пирексия, сұйықтық іркілісі, ісінулер, дене салмағының кемуі

Жиі

- нейтропениялық жұқпа

- обыр аурулары

- бас айналу, шеткергі моторлы невропатия

- жас ағудың күшеюі

- аритмия

- диспепсия, асқазан-ішек ауырулары, асқазан-ішектен қан кету

- терінің құрғауы, терінің қабыршақтануы

- миалгия

Кейде

- жоғары сезімталдық

- конъюнктивит

- миокард ишемиясы

- көктамырлық өзгерістер

- денеге салмақ қосу

Постмаркетингтік кезеңдегі тәжірибе

- сүйек кемігінің бәсеңдеуі және басқа қолайсыз гематологиялық реакциялар

- жиі сепсиспен немесе көп ағзалық жеткіліксіздікпен байланысты болатын диссеминацияланған тамырішілік коагуляция (ДТК)

- кейде өліммен аяқталатын анафилактикалық шок

Сирек

- доцетакселмен байланысты, оны химиялық емнің басқа дәрілерімен және/немесе сәулемен емдеумен біріктірген кездегі жедел миелоидты лейкемия және миелодисплазиялық синдром

- доцетаксел қолданумен байланысты конвульсиялар немесе уақытша естен тану. Кейде бұл реакциялар дәрілік препаратты инфузиялау кезінде дамыған.

- отоуыттылық, естудің кемуі және/немесе естімей қалу

- миокард инфарктісі

- көктамыр тромбоэмболиясы

- жедел респираторлық дистресс синдромы, интерстициальді пневмония және өкпе фиброзы

- бір мезгілде сәулелі ем алатын науқастардағы радиациялық пневмонит

- гастроинтестинальді өзгерістер, тесілулер, ишемиялық колит, колит және нейтропениялық энтероколит нәтижесінде сусыздану

- iшектің бұратылуы және ішек бітелісі

- сәулеленуге ретроспективті реакция

- жедел олигурия немесе гипотензия көріністерімен қатар жүрмейтін сұйықтық іркілісі

- сусыздану және өкпе ісінуі

Өте сирек

- дәрілік препарат инфузиясы кезінде және жоғары сезімталдық реакцияларымен бірге типтес туындайтын көрудің уақытша нашарлауы (жарық жарқылдары, жарық дақтары, скотома). Олар инфузия аяқталғаннан кейін қайтымды сипатта болды.

- жас ағудың күшеюі, соның ішінде көз жасының шамадан тыс түзілуіне әкелетін жас өзегінің тарылуы нәтижесіндегі конъюнктивитпен де болады

- ең алдымен алдын ала болған бауыр ауруымен науқастардағы, кейде өліммен аяқталатын гепатит

- терінің қызыл жегісі және көп түрлі эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз сияқты буллездік бөртпелер. Кейбір жағдайларда осы әсерлердің дамуында басқа да қатарлас факторлар рөл атқаруы мүмкін.

- алдында әдетте шеткергі лимфа ісінуі болатын доцетаксел қолданумен байланысты склеродермаға ұқсас өзгерістер.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық

- қандағы нейтрофильдердің бастапқы саны < 1500/мкл

- бауыр қызметінің айқын бұзылулары

- жүктілік пен лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Іn vitro сынақтары Доцетаксел метаболизмінің циклоспорин, терфенадин, кетоконазол, эритромицин және тролеандомицин сияқты P450-3А цитохромы арқылы метаболизденетін (осылайша, осы энзимді компететивті жолмен бәсеңдетуге қабілетті) немесе P450-3А цитохромының индукциялаушы, тежегіш бір мезгілде қабылданатын қосылымдарының әсер етуімен өзгеруі мүмкін екенін көрсетті. Осыған орай, олардың арасында елеулі өзара әрекеттесу болуы мүмкін екендіктен, осындай препараттармен бір мезгілде емдегенде сергектік танытқан дұрыс. Доцетаксел ақуыздармен өте жақсы байланысады (> 95 %). Доцетакселдің бір мезгілде тағайындалатын дәрілік заттармен өзара әрекеттесуін іn vivo ресми зерттеулер болмауына қарамастан, эритромицин, дифингидрамин, пропроналол, пропафенон, фенитоин, салицилат, сульфаметоксазол және натрий валпроаты сияқты ақуыздармен берік байланыс түзетін препараттармен іn vitro өзара әрекеттесулері Доцетакселдің ақуыздармен байланысына ықпал етпеген. Бұдан басқа, дексаметазон доцетакселдің ақуыздармен байланысуына әсер етпейді. Доцетаксел дигитоксин байланысуына ықпал етпейді.

Доцетаксел, доксорубицин және циклофосфамид фармакокинетикасы оларды бір мезгілде тағайындағанда өзгермеген. Бір ғана бақыланбаған зерттеудің шектеулі деректері Доцетаксел мен карбоплатин арасында өзара әрекеттесу барын көрсетеді. Доцетакселмен біріктіріп тағайындағанда карбоплатин клиренсі, карбоплатинмен монотерапия кезінде бұрын тіркелген клиренстен 50% жоғары болды.

Доцетаксел фармакокинетикасы преднизонның қатысуымен қуық асты безінің метастаздық обырымен науқастарда зерттелді. Доцетаксел СУР3А4 арқылы метаболизденеді; преднизон, белгілі болғандай, СУР3А4 индукциялайды. Доцетаксел фармакокинетикасына преднизонның статистикалық тұрғыда мәнді әсерлері байқалмаған.

Доцетакселді СУР3А4 күшті тежегіштерін (яғни, ритонавир сияқты протеаза тежегіштері, кетоконазол немесе итраконазол сияқты зеңге қарсы азольді дәрілер) бір мезгілде алатын науқастарға абайлап енгізген жөн. Кетоконазол мен доцетаксел алған науқастардың қатысуымен жүргізілген дәрілік өзара әрекеттесулерін зерттеу кетоконазолдың доцетаксел клиренсін жартылай едәуір төмендеткенін көрсетті, демек, өйткені доцетаксел метаболизміне СУР3А4 негізгі (жалғыз) метаболизм жолы ретінде қатысады. Тіпті төмен дозаларда да доцетаксел төзімділігі төмендеуі мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Доцетаксел қолдануға дейін 1 күн бұрыннан бастап (егер қарсы көрсетілімдер жоқ болса), 3 күн бойы ішу арқылы кортикостероидты гормон, мысалы, күніне 16 мг дексаметазон (яғни, күніне екі рет 8 мг) қолданумен атқарылатын сүт безі обыры мен ұсақ жасушалы емес өкпе обырының жеңіл премедикациясы жағдайында организмде сұйықтық іркілісінің даму жиілігі мен дәрежесін, сондай-ақ жоғары сезімталдық реакцияларының айқындылығын азайтуға болады. Простата обыры жағдайындағы премедикация доцетаксел инфузиясына дейін 12 сағат, 3 сағат және 1 сағат бұрын 8 мг дозада ішу арқылы дексаметазон қабылдаудан тұрады.

Гематология

Нейтропения – доцетакселдің ең жиі қолайсыз реакциясы. Нейтрофильдер саны ең төмен деңгейіне, орта есеппен, 7 күні жетеді, бірақ бұл мерзім алдын ала қарқынды емделген науқастарда қысқалау болуы мүмкін. Қанның толық көрінісін жиі бақылауды доцетаксел алатын емделушілердің бәріне жүргізген жөн. Виздокпен емдеуді нейтрофильдер саны ≥ 1.500 жасуша/мм3деңгейіне дейін қалпына келгенде жаңғыртқан дұрыс.

Виздокпен емдеу курсы кезіндегі ауыр нейтропения (7 және одан көп күн ішіндегі < 500 жасуша/мм2) жағдайында емдеудің кейінгі курстарында дозаны азайту немесе тиісті симптоматикалық ем қолдану ұсынылады. Виздоктың цисплатинмен және 5-фторурацилмен (ТЦФ) біріктірілімімен емделген науқастарда, егер науқастар алдын алу мақсатында Г-КСФ алған болса, фебрильді нейтропения мен нейтропениялық жұқпалар сирек дамыды. ТЦФ алатын науқастарға асқынған нейтропенияның (фебрильді нейтропения, ұзаққа созылатын нейтропения немесе нейтропениялық жұқпа) даму қаупін азайту үшін Г-КСФ алдын алу емін жүргізген жөн. ТЦФ емінде жүрген науқастарға қатаң түрде мониторинг өткізу керек.

Доксорубицинмен және циклофосфамидпен (ТАЦ) біріктірілген доцетакселмен емделген науқастарда, науқастарға Г-КСФ көмегімен алғашқы алдын алу емі жасалғанда, фебрильді нейтропения мен нейтропениялық жұқпалар сирек кездесті. Асқынған нейтропения (фебрильді нейтропения, ұзарып кеткен нейтропения немесе нейтропениялық жұқпа) қатерін азайту үшін сүт безі обырына орай ТАЦ адъювантты емін алатын науқастар жағдайында Г-КСФ көмегімен алғашқы алдын алу емінің қажеттілігі туралы мәселені қарастыру керек. ТАЦ алатын науқастарға мұқият қадағалау жүргізген жөн.

Жоғары сезімталдық реакциялары

Науқастар, әсіресе, бірінші және екінші инфузия кезінде жоғары сезімталдық реакцияларын анықтау мақсатында қатаң қадағалауды қажет етеді. Жоғары сезімталдық реакциялары доцетаксел инфузиясының алғашқы минуттарында пайда болуы мүмкін, сондықтан гипотензия мен бронх түйілуін емдеу үшін қажет дәрілердің бәрі әзір тұруы тиіс. Жоғары сезімталдық реакциялары дамыған жағдайда гиперемия немесе шоғырланған тері реакциялары сияқты айқындылығы әлсіз симптомдар емнің тоқтатылуын талап етпейді, ал ауыр реакциялар, мысалы, ауыр гипотензия, бронх түйілуі немесе жайылған бөртпе (эритема) доцетаксел енгізуді дереу тоқтатып, тиісті ем жүргізуді талап етеді. Жоғары сезімталдықтың ауыр реакциясы орын алған науқастарды Виздокпен қайта емдеуге болмайды.

Тері реакциялары

Ісінулерге және аяқ-қолда (қол алақандары және табан ұлтарақтары) шоғырланған десквамацияға ұласатын тері эритемасы байқалды. Доцетакселді үзуге немесе тоқтатуға түрткі болатын кейінгі десквамациясы бар бөртпе сияқты ауыр симптомдар тіркелген.

Сұйықтық іркілісі

Сұйықтық іркілуінің ауыр түріне, мысалы, плевралық жалқық, перикардиальді жалқық және асцитке шалдыққан науқастарға қатаң қадағалау жүргізген жөн.

Бауыр қызметі бұзылған науқастар

Монотерапия ретінде 100 мг/м2 доцетаксел дозасын алатын және қандағы трансаминазалар деңгейі [АЛТ және/немесе АСТ] жоғарғы қалып шегінен (ЖҚШ) 1,5 еседен артық асып кететін науқастарда ЖҚШ-нен 2,5 еседен көп асып түсетін сілтілік фосфатаза деңгейі қосылғанда өлімге ұшыратуы мүмкін сепсис пен гастроинтестинальді қан кетулерді, фебрильді нейтропенияны, жұқпаны, тромбоцитопенияны, стоматит пен астенияны қоса, уыттану нәтижесінде өлу сияқты ауыр қолайсыз реакциялардың даму қатері жоғары. Осылайша, бауыр қызметінің көрсеткіштері (БҚК) жоғарылаған науқастарға ұсынылатын доцетаксел дозасы 75 мг/м2 құрайды. БҚК бастапқы сатыда және әрбір кезекті цикл алдында өлшену керек.

Қандағы билирубиннің қалып шегінен жоғары деңгейінде және/немесе ЖҚШ-нен 6 есе жоғары сілтілік фосфатаза деңгейімен қатар АЛС мен АСТ ЖҚШ-нен 3,5 есе жоғары болғанда дозаны түзету ұсынылмайды – егер қатаң көрсетілімдер болмаса, доцетаксел қолдануға болмайды.

Асқазан аденокарциномасын емдеу үшін цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктіру: жетекші клиникалық зерттеуден АЛТ және/немесе АСТ ЖҚШ-нен 1,5 есе жоғары және сілтілік фосфатаза деңгейі ЖҚШ-нен 2,5 есе қатарлас артатын және билирубин деңгейі қалып шегінен жоғары науқастар шығарылды. Мұндай науқастарға дозаны түзету ұсынылмаған – қатаң көрсетілімдері болмаса, доцетаксел тағайындалмайды. Басқа көрсетілімдер бойынша Виздок біріктірілімімен емделген, бауыр қызметі төмендеген науқастар туралы деректер жоқ.

Бүйрек қызметі бұзылған науқастар

Бүйрек қызметі ауыр бұзылған науқастарды Виздокпен емдеу жөнінде деректер жоқ.

Жүйке жүйесі

Ауыр шеткергі нейроуыттылық дамығанда дозаны азайту қажет.

Жүрек жеткіліксіздігі Трастузумабпен біріктіріп Виздок алған науқастарда, әсіресе, құрамында антрациклин (доксорубицин немесе эпирубицин) бар химиялық емнен кейін жүрек жеткіліксіздігі байқалды. Жеткіліксіздік ауырлығы орташа немесе ауыр дәрежелі болып, өліммен аяқталуға әкеп соқтыруы мүмкін.

Трастузумабпен біріктірілген Виздокпен емделу жоспарланғанда жүрек қызметінің бастапқы жағдайын бағалау керек. Кейіннен, жүрек қызметінің бұзылуы дамуы мүмкін науқастарды анықтау мақсатында емделу кезінде (мысалы, әр 3 ай сайын) жүрек қызметін бақылау қажет. Толығырақ трастузумабты медицинада қолдану жөніндегі нұсқаулықты қараңыз.

Басқа жайттар

Емделу кезінде ерлер де, әйелдер де контрацепция қолдануы тиіс, ал ерлерге ол емдеуді тоқтатқаннан кейін, ең болмаса, тағы 6 ай бойы қажет.

Сүт безі обырының адъювантты емі жағдайында қосымша сақтандырулар

Асқынған нейтропения

Асқынған нейтропения жағдайында (ұзаққа созылатын нейтропения, фебрильді нейтропения немесе жұқпа) Г-КСФ қолдану және доцетаксел дозасын азайту қажет болады.

Асқазан-ішек жолы тарапынан реакциялар

Іштің ерте білінген ауырулары және басқан кездегі сезімталдық сияқты симптомдар, жоғары температура, нейтропениямен немесе онсыз іш өту ауыр асқазан-ішектік уыттанудың ерте көріністері болуы мүмкін, олар тексеруден өткізілуі және шұғыл емделуі тиіс.

Іркілісті жүрек жеткіліксіздігі

Емделу кезінде және әріқарай одан кейінгі кезеңде іркілісті жүрек жеткіліксіздігі симптомдарын анықтау мақсатында қадағалау жүргізген жөн.

Лейкемия

Виздок, доксорубицин және циклофосфамид (ТДЦ) алған науқастарда баяу миелодисплазия немесе миелоидты лейкемияның даму қаупіне орай, гематологиялық көрсеткіштерге бақылау жасау ұсынылады.

4 және одан көп зақымданған лимфа түйіндері бар науқастар

Аралық талдаулар барысында 4 және одан көп зақымданған лимфа түйіндері бар науқастарда ТДЦ сызбасындағы пайда мен қатер арақатынасы нақты анықталмаған.

Егде жастағы науқастар

70 жастан асқан науқастарда доксорубицинмен және циклофосфамидпен біріктірілген Виздок қолдану жөнінде деректер шектеулі.

ТЦФ қолданылғанда егде жастағы науқастарды қатаң қадағалаумен қамтамасыз ету керек.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлік және жұмысшы механизмдерді басқару қабілетіне ықпал етуіне зерттеулер жүргізілмеген.

Артық дозалануы

Симптомдары: артық дозаланудың алғашқы белгілері - миелосупрессия, нейтропения, мукозит.

Емі: Арнайы у қайтарғысы жоқ. Артық дозаланған жағдайда емделушілер қарқынды емдеу бөліміне ауыстырылуы тиіс.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Құтыларда 0.5 мл, 2 мл немесе 3 мл препараттан.

Құтыларда 1.5 мл, 6 мл немесе 9 мл еріткіштен.

Препараттың бір құтысы және еріткіштің бір құтысы медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 2 °С-ден 8 °С-ге дейінгі температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

НВ Ремедиз Пвт. Лтд., Үндістан, НВ Холдинг үшін, Гонконг

Тіркеу куәлігінің иесі

«Глобал Холдинг» ЖШС, Қазақстан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Глобал Холдинг» ЖШС

Мекенжай: 0500004, Алматы қ., Желтоқсан к-сі, 59.

Телефон нөмірі: +7 (727) 2502844

Факс: +7 (727) 2502844

Прикрепленные файлы

955811791477976780_ru.doc 144 кб
384705261477977936_kz.doc 205.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники