Валвир (500 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Валвир
Халықаралық патенттелмеген атауы
Валацикловир
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған 500 мг, 1000 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 611.7 және 1223.4 мг валацикловир гидрохлорид моногидраты, 500.0 және 1000.0 мг валациклавирге баламалы,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, повидон К 30, магний стеараты,
қабық құрамы: Опадрай ақ Y-5-7068: гипромеллоза 3сР, гидроксипропилцеллюлоза, титанның қостотығы Е 171, макрогол 400, гипромеллоза 50сР, тальк.
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «VC2» (500 мг доза үшін) немесе «VC3» (1000 мг доза үшін) деген өрнегі бар ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар. Өлшемі 17.6 х 8.8 (500 мг доза үшін) және 22.0 х 11.0 мм (1000 мг доза үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Вирусқа қарсы жүйелі қолдануға арналған препараттар. Нуклеозидтер және нуклеотидтер. Валацикловир.
АТХ коды J05AB11
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңірілуі
Валацикловир - ацикловирдің ізашар дәрісі. Валацикловирді ішке қабылдағанда валацикловир өзгерісінің нәтижесінде алынған ацикловир биожетімділігі кәдімгі ацикловир биожетімділігінен 3,3-5, 5 есе жоғары. Ішке қабылдағаннан кейін валацикловир жақсы сіңіріледі, сондай-ақ ацикловир мен валинге жылдам және толық дерлік айналады. Бұл өзгеру, ықтималды түрде, адамның бауырында бөлінетін валацикловиргидролаза ферментінің әсерінен болады.
1000 мг валацикловир қабылдаған кездегі ацикловир биожетімділігі 54% құрайды және бір мезгілде ас ішкенде төмендемейді. Валацикловирдің фармакокинетикалық параметрлері дозаға пропорционал емес. Сіңірілу жылдамдығы мен деңгейі дозалануының былайша артуымен азаяды, яғни емдік дозалау кеңдігінде Cmax көтерілуі сублиниялық сипатта болады, ал биожетімділігі 500 мг-ден асып кететін дозаларын қабылдау кезінде төмендейді. Бүйрек қызметі қалыпты дені сау еріктілерде 250-ден 2000 мг дейін дозаланған валацикловирдің бір рет қабылдағаннан кейінгі ацикловирдің есептік фармакокинетикалық (ФК) параметрлері төменде келтірілген.
Ацикловирдің ФК параметрлері |
250 мг (N=15) |
500 мг (N=15) |
1000 мг (N=15) |
2000 мг (N=8) |
|
Cmax |
Мкг/мл |
2.20 ± 0.38 |
3.37 ± 0.95 |
5.20 ± 1.92 |
8.30 ± 1.43 |
Tmax |
Сағат (сағат) |
0.75 (0.75-1.5) |
1.0 (0.75– 2.5) |
2.0 (0.75– 3.0) |
2.0 (1.5– 3.0) |
AUC |
Мкг-сағ./мл |
5.50 ± 0.82 |
11.1 ± 1.75 |
18.9 ± 4.51 |
29.5 ± 6.36 |
Cmax = жоғары шекті концентрациясы; Tmax = жоғары шекті концентрациясына жету уақыты; AUC = «концентрация – уақыт» қиысығы астындағы ауданы. Cmax пен AUC үшін орташа мәндері ± стандартты ауытқу келтірілген. Tmax үшін орташа мәндер кеңдігі келтірілген.
Қан плазмасындағы өзгермеген валацикловирдің жоғары шекті концентрациялары дозаны қабылдағаннан кейін 30-100 минуттан соң ацикловирдің ең жоғары концентрацияларының небәрі 4%-ын құрайды, ал 3 сағаттан соң анықталатын деңгейінен төмен төмендейді. Бір рет және қайталап қолданған кездегі валацикловир мен ацикловирдің фармакокинетикалық бейіндері ұқсас. Белдемелі және қарапайым герпес вирусы, сондай-ақ АИВ жұқпасы валацикловирді ішу арқылы қабылдағаннан кейін ацикловир мен валацикловир фармакокинетикасын елеулі өзгертпейді. Тәулігіне 4 рет 2000 мг дозада валацикловир алған ағзалар реципиенттерінде ацикловирдің жоғары шекті концентрациясы препараттың дәл осындай дозасын алған дені сау еріктілердегі осы мәнмен теңесті немесе одан асып кетті, ал тәуліктік AUC мәндері едәуір жоғары болды.
Таралуы
Валацикловирдің плазма ақуыздарымен байланысуы өте төмен (15%). ЖС-на тән AUC мәндерінің қан плазмасына тән AUC мәндеріне қатысы бойынша айқындалатын жұлын сұйықтығына (ЖС) өту дәрежесі бүйрек қызметіне байланысты емес және ацикловир мен 8-OH-ACV метаболиті (8-гидрокси-ацикловир) үшін 25%-ға жуық және CMMG метаболиті (9-карбоксиметокси-метилгуанин) үшін 2,5%-ға жуық құрайды.
Биоөзгерісі
Ішке қабылдағаннан кейін валацикловир ішек және/немесе бауыр арқылы «алғаш өту» кезіндегі жүйе алдындағы метаболизм нәтижесінде ацикловир мен L-валинге қайта өзгереді. Ацикловир мардымсыз дәрежеде алкоголь- және альдегиддегидрогеназаның әсер етуімен CMMG және альдегидоксидазаның әсер етуімен 8-ОН-ACV метаболиттеріне қайта өзгереді. Ацикловир мен оның метаболиттерінің қан плазмасындағы мөлшерінің пайыздық қатынасы шамамен былайша: 88% ацикловир, 11% CMMG және 1% 8-ОН-ACV. Валацикловир мен ацикловир метаболизмі P450 цитохромы ферменттерімен байланысқан.
Шығарылуы
Валацикловир негізінен ацикловир (анықталған дозаның 80%-дан астамы) және оның CMMG метаболиті (анықталған дозаның 14%-ға жуығы) несеппен шығарылады. Несепте сонымен бірге 8-ОН-ACV метаболиті, бірақ өте мардымсыз мөлшерлерде (анықталған дозадан < 2%) болады. Валацикловирдің қабылданған дозасының 1%-дан азы өзгермеген күйде несеппен шығарылады. Ацикловирдің плазмадан жартылай шығарылу кезеңі бүйрек қызметі қалыпты емделушілер валацикловирді бір рет және қайталап қабылдағаннан кейін шамамен 3 сағат құрайды.
Емделушілердің жекелеген санаттары
Бүйрек жеткіліксіздігі
Ацикловирдің шығарылуы бүйрек қызметімен өзара байланысты болады, ал бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер қанындағы ацикловир концентрациялары бүйрек қызметі нашарлаған жағдайда артады. Бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы емделушілерде валацикловир қабылдағаннан кейінгі ацикловирдің жартылай шығарылу кезеңі, бүйрек қызметі қалыпты емделушілердегі 3 сағатпен салыстырғанда, шамамен 14 сағат құрайды.
Қан плазмасындағы ацикловир және оның CMMG и 8-ОН-ACV метаболиттерінің және ЖС концентрациялары бүйрек қызметі қалыпты 6 емделуші (креатинин клиренсінің орташа мәндері 111 мл/мин, 91-144 мл/мин аралығындағы кеңдікте) әр 6 сағат сайын 2000 мг дозадағы және бүйрек жеткіліксіздігі ауыр 3 емделуші (креатинин клиренсінің орташа мәндері 26 мл/мин, 17-31 мл/мин аралығындағы кеңдікте) әр 12 сағат сайын 1500 мг дозадағы валацикловирді бірнеше рет қабылдағаннан кейін тепе-тең жағдайда зерттелді. Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр емделушілерде қан плазмасындағы ацикловир, CMMG және 8-ОН-ACV және ЖС концентрациялары, бүйрек қызметі қалыпты емделушілердегіден орташа 2, 4, 5 және 6 есе жоғары болды.
Бауыр жеткіліксіздігі
Фармакокинетикалық зерттеулер деректері бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде валацикловирдің дені сау еріктілер жағдайындағыдай дәрежеде ацикловирге айналатынын көрсетеді, дегенмен осы өзгерістің жылдамдығы төмендейді. Ацикловирдің жартылай шығарылу кезеңі өзгермейді.
Жүкті әйелдер
Жүктіліктің кешірек мерзімдеріндегі валацикловир мен ацикловир фармакокинетикасының зерттеулерінде валацикловирдің фармакокинетикалық бейініндегі өзгерістер анықталмаған.
Емшек сүтіне бөлінуі
500 мг валацикловирді ішке қабылдағаннан кейін емшек сүтіндегі ацикловирдің жоғары шекті концентрациялары (Cmax) ананың қан плазмасындағы ацикловир концентрациясынан 0,5-2,3 есе асып кетті.
Емшек сүтіндегі ацикловирдің орташа концентрациясы 2,24 мкг/мл (9,95 мкмоль/л) құрады. Анасы тәулігіне 2 рет 500 мг дозада валацикловир қабылдаған жағдайда сәби емшек сүтімен тәулігіне 0,61 мкг/кг тең ацикловир дозасын алады. Ацикловирдің емшек сүтінен және қан плазмасынан жартылай шығарылу кезеңдері бірдей. Өзгермеген валацикловир ананың қан плазмасында, емшек сүтінде немесе сәби несебінде анықталмаған.
Фармакодинамикасы
Вирусқа қарсы Валвир препараты ацикловирдің L-валинді эфирі болып табылады, ал ацикловир, өз кезегінде, пуринді нуклеозидтер (гуанин) аналогтарына жатады.
Адам организміндегі Валвир, валацикловиргидролаза ферменті арқылы ықтималды түрде, ацикловир мен валинге жылдам және толық дерлік айналады.
Ацикловир герпес вирустарының ДНҚ-полимеразасының спецификалық тежегіші түрінде болады және 1 және 2 типті қарапайым герпес (ВПГ) вирустарына, Varicella zoster (VZV) вирусына, цитомегаловирусқа (ЦМВ), Эпштейн-Барр (ЭБВ) вирусына және 6 типті адам герпесінің вирусына (АГВ-6) қарсы in vitro белсенділік танытады. Ацикловир фосфорланғаннан және ацикловир трифосфатының белсенді түріне айналғаннан кейін бірден вирустық ДНҚ-полимеразасын бәсекелі тежейді.
Фосфорланудың алғашқы сатысы вирустық спецификалық фермент белсенділігін талап етеді. ҚГВ, VZV және ЭБВ үшін бұл фермент вируспен жұқпаланған жасушаларда ғана болатын вирустық тимидинкиназа (ТК) болып табылады. ЦМВ үшін препараттың іріктелуі, ең болмағанда, ішінара, фосфотрансфераза генінің UL97 өнімімен жанасуы арқылы фосфорлануымен шартталған. Ацикловирдің спецификалық вирустық ферментпен белсенділенуі оның едәуір дәрежеде іріктелгенін түсіндіреді.
Ацикловирдің фосфорлану үдерісі (моно- түрінен трифосфатқа қайта түзілуі) жасушалық киназалармен жүзеге асады. Ацикловир трифосфаты вирустық ДНҚ-полимеразасын бәсекелі тежейді және вирустық ДНҚ қатарын түзеді, бұл тізбектің облигатты үзілуіне, ДНҚ синтезінің тоқтауына және вирус репликациясының бөгелуіне әкеледі.
Препаратқа төзімділігі әдетте вирустық тимидинкиназаның фенотиптік тапшылығы салдарынан дамиды. Кейде ацикловирге сезімталдықты вирустық тимидинкиназа немесе ДНҚ-полимеразасының құрылымы бұзылған вирус штаммдарының пайда болуы төмендетеді. Осындай штаммдар вируленттілігі жабайы типті вирустар вируленттілігімен ұқсас.
Емделу немесе алдын алу үшін ацикловир қабылдаған науқастардан алынған ҚГВ және VZV клиникалық изоляттарын зерттеу иммунитеті қалыпты емделушілерде ацикловирге сезімталдығы төмен вирустың айрықша сирек кездесетінін көрсетті. Тіпті иммунитет тапшылығының ауыр түрлері бар емделушілерде, мысалы, ағзалардың немесе сүйек кемігінің реципиенттерінде, қатерлі жаңа түзілімдердің химиялық емдеу курсынан өткен және АИВ-жұқтырған емделушілерде ацикловирге сезімталдықтың төмендеуі – жиі кездеспейтін құбылыс.
Қолданылуы
Varicella zoster (VZV) вирусы туғызған жұқпалар - белдемелі герпес
- ересек иммунокомпетентті емделушілердегі белдемелі герпес (белдемелі теміреткі) және офтальмогерпес
- жеңіл немесе орташа иммунитет тапшылығы бар ересек емделушілердегі белдемелі герпес
Қарапайым герпес вирусы (ҚГВ) туғызған жұқпалар
- иммунокомпетентті ересектердегі, сондай-ақ иммунитеті төмен ересек емделушілердегі алғашқы генитальді герпес
- иммунокомпетентті ересектердегі, сондай-ақ иммунитеті төмен ересек емделушілерде қайталанған алғашқы генитальді герпес
- иммунокомпетентті ересектердегі, сондай-ақ иммунитеті төмен ересек емделушілердегі генитальді герпес қайталануларының алдын алу
- офтальмогерпес қайталануларын емдеу және алдын алу
Цитомегаловирустық (ЦМВ) жұқпа
- ересектерде паренхиматоздық ағзалар трансплантациясынан кейін цитомегаловирустық жұқпаның алдын алу
Қолдану тәсілі және дозалары
Белдемелі герпес және офтальмогерпес
Емделушілер белдемелі теміреткі диагнозы анықталғаннан кейін бірден емделуді мүмкіндігінше ертерек бастаудың дұрыс екені жөнінде мағлұматтанған болуы тиіс.
Белдемелі теміреткімен астасқан бөртпе пайда болған сәттен 72 сағат өткен соң басталған емдеудің тиімділігі туралы деректер жоқ.
Иммунокомпетентті ересектер
Иммунокомпетентті ересектер үшін дозалануы: 7 күн бойы әр 8 сағат сайын тәулігіне 3 рет 1000 мг (тәуліктік жиынтық дозасы 3000 мг құрайды). Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге креатинин клиренсімен сәйкес азайтылған дозалары ұсынылады («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз).
Иммунитеті төмен ересек емделушілер
Иммунитеті төмен ересек емделушілер үшін дозалануы: 7 күн бойы әр 8 сағат сайын тәулігіне 3 рет 1000 мг (тәуліктік жиынтық дозасы 3000 мг құрайды). Қабыршақтар түзілгеннен кейін емдеуді тағы 2 күн бойы жалғастырады. Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге креатинин клиренсімен сәйкес белгіленетін азайтылған дозалары ұсынылады («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз).
Иммунитеті төмен емделушілерде вирусқа қарсы емді күлдіреуіктер түзілгеннен кейін бір апта ішінде немесе қабыршақтар түзілгенге дейін кез келген сәтте бастайды.
Ересектердегі қарапайым герпес вирусы (ҚГВ) туғызған жұқпаларды емдеу
Иммунокомпетентті ересектер
Валвир 500 мг дозада тәулігіне 2 рет әр 12 сағат сайын қабылданады (тәуліктік жиынтық дозасы 1000 мг құрайды). Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге креатинин клиренсімен сәйкес белгіленетін азайтылған дозалары ұсынылады («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз).
Қайталанатын жұқпаларды емдеу ұзақтығы 3-5 күн аралығын құрайды. Алғашқы жұқпалар ауырлау өтуі мүмкін, сондықтан емдеуді 10 күнге дейін жалғастыруға болады. Препарат қабылдауды мүмкіндігінше ертерек бастаған дұрыс.
Қарапайым герпес вирусы туғызған жұқпалардың қайталанатын түрлеріне шалдыққан емделушілер үшін ең оңтайлы нұсқа - препаратты продромальді кезеңде немесе аурудың алғашқы белгілері немесе симптомдары пайда болғаннан кейін бірден тағайындау. Валвир ҚГВ туғызған жұқпалар қайталанған кезде, алғашқы белгілері пайда болғаннан кейін бірден емдей бастау шартымен, тері және шырышты қабықтар зақымдануларының дамуын тойтара алады.
Лабиальді герпес
Ересектердегі лабиальді герпесті (герпестік қызба) емдеудің тиімді тәсілі - алғашқы дозасын қабылдағаннан кейін 12 сағатқа жуық аралықпен (6 сағат өткен соң барып) тәулігіне 2 рет 2000 мг дозада Валвир қабылдау. Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге креатинин клиренсімен сәйкес белгіленетін азайтылған дозалары ұсынылады («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз).
Осындай дозалау режимінде емдеу ұзақтығы 1 (бір) тәуліктен аспауы тиіс, өйткені ұзақ уақыт қолданудың емдеудің клиникалық тиімділігін арттырмайтыны дәлелденген. Герпестік қызбаның ең алғашқы белгілері пайда болған бойда (шымылдау, қышыну немесе ашыту сезімі) емдеуді бастаған дұрыс.
Иммунитеті төмен ересек емделушілер
Иммунитеті төмен ересек емделушілер үшін дозалау: кемінде 5 күн бойы әр 12 сағат сайын тәулігіне 2 рет 500 мг (тәуліктік жиынтық дозасы 1000 мг құрайды). ҚГВ туғызған жұқпаларды емдеуді бастар алдында емделушінің клиникалық жағдайының ауырлығын бағалап, иммунологиялық статусын анықтау қажет. Алғашқы жұқпалар ауырлау өтуі мүмкін, сондықтан емдеуді 10 күнге дейін жалғастыруға болады. Препарат қабылдауды мүмкіндігінше ертерек бастау керек. Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге креатинин клиренсімен сәйкес белгіленетін азайтылған дозалары ұсынылады («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз). Ең көп клиникалық тиімділігі препарат қабылдау алғашқы 48 сағат ішінде басталған жағдайда білінеді. Зақымдануларды анықтау тұрғысынан мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады.
Ересектерде қарапайым герпес вирусы (ҚГВ) туғызған жұқпалардың қайталануларының алдын алу
Иммунокомпетентті ересектер
Ұсынылатын дозасы тәулігіне 2 рет әр 12 сағат сайын 250 мг Валвирді құрайды (тәуліктік жиынтық дозасы 500 мг құрайды). Өте жиі қайталанулар кезінде (емдеу болмағанда ≥10/жылына) 500 мг тәуліктік дозада Валвирді 2 қабылдауға бөліп тағайындау (тәулігіне 2 рет әр 12 сағат сайын 250 мг) бір қабылданатын 500 мг-ге тең тәуліктік дозаны қабылдаудан тиімдірек болады. Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге креатинин клиренсімен сәйкес белгіленетін азайтылған дозалары ұсынылады («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз). Емдеу аурудың клиникалық ағымындағы болжамды өзгерістерді анықтау мақсатында әр 6-12 сағат сайын үзіледі.
Иммунитеті төмен ересек емделушілер
Иммунитеті төмен ересек емделушілер үшін Валвирді дозалау: тәулігіне 2 рет әр 12 сағат сайын 500 мг. Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге креатинин клиренсімен сәйкес белгіленетін азайтылған дозалары ұсынылады («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз). Емдеу аурудың клиникалық ағымындағы болжамды өзгерістерді анықтау мақсатында әр 6-12 сағат сайын үзіледі.
Ересектерде цитомегаловирустық (ЦМВ) жұқпаның алдын алу
Ұсынылатын дозасы тәулігіне 4 рет әр 6 сағат сайын 2000 мг құрайды, ал препарат трансплантация жасағаннан кейін мүмкіндігінше ертерек тағайындалу керек.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге креатинин клиренсімен сәйкес белгіленетін азайтылған дозалары ұсынылады («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз). Емдеу курсының ұзақтығы әдетте 90 күн құрайды, бірақ жоғары қауіп тобына кіретін емделушілер жағдайында ұзақтау ем талап етіледі.
Емделушілердің жекелеген санаттары
Егде жастағы емделушілер
Егде жастағы емделушілерді емдегенде бүйрек қызметінің нашарлауы мүмкін екенін ескеріп, дозаны креатинин клиренсімен сәйкес реттеу керек («Бүйрек жеткіліксіздігі» тармағын қараңыз). Организмнің талапқа сай гидратациясын қамтамасыз ету қажет.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер Валвир қабылдағанда барлық қажетті сақтандыру шараларын қадағалап, соның ішінде организмнің талапқа сай гидратациясын қамтамасыз ету керек. Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге азайтылған дозалар ұсынылады (1 кестені қараңыз).
Гемодиализдегі емделушілер гемодиализ емшарасы біткеннен кейін Валвир қабылдайды. Креатинин клиренсінің мониторингін, әсіресе, бүйрек қызметі күрт өзгерген кезеңдерде, мысалы, бүйрек трансплантациясынан немесе трансплантат кіріктірілгеннен кейін бірден жиі жасау ұсынылған. Валвир дозасы тиісті үлгіде ретке келтіріледі.
Бауыр жеткіліксіздігі
Ауырлығы жеңілден орташа дәрежеге дейінгі бауыр жеткіліксіздігі бар ересек емделушілердегі 1000 мг дозада Валвир қабылдау қауіпсіздігін зерттеу нәтижелері (егер бауырдың ақуыз синтездеу қызметі сақталса) дозаны реттеу қажеттілігі жоқ екенін көрсетеді.
Кешірек сатылардағы циррозы бар емделушілердің (бауырдың ақуыз синтездеу қызметінің бұзылуы бар және порталдық жүйе мен жалпы тамыр арнасының арасында шунттар болатын) фармакокинетикалық параметрлері дозаны реттеудің қажет емес екенін айғақтайды, алайда емделушілердің осы тобында препаратты қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі.
1 кесте: БҮЙРЕК ЖЕТКІЛІКСІЗДІГІ БАР ЕМДЕЛУШІЛЕРДЕ ДОЗАНЫ РЕТТЕУ
Қолданылуы
аГемодиализде жүрген емделушілер диализ емшарасы біткеннен кейін тиісті дозаны қабылдайды.
bПрепаратты өте жиі қайталанулары бар (жылына ≥ 10 қайталану) иммунокомпетентті ересектердегі ҚГВ алдын алу үшін тағайындағанда емдеудің үздік нәтижелеріне тәулігіне 2 рет 250 мг-ден дозалау режимін ұсыну арқылы жетуге болады.
Жағымсыз әсерлері
Өте жиі(≥ 1/10)
- бас ауыру
Жиі (≥1/100-ден ≤ 1/10-ға дейін)
- жүрек айну, құсу, диарея
- бас айналу
- тері бөртпелері, фотосезімталдықты, қышынуды қоса
Жиі емес (≥1/1000-нан ≤ 1/100-ге дейін)
- лейкопения, тромбоцитопения (лейкопения көбінесе иммунитеті төмен емделушілерде білінеді)
- сананың шатасуы, елестеулер, мәңгіру, тремор, қозу
- ентігу
- эпигастральді аумақтағы жайсыздық
- функционалдық бауыр тестілері көрсеткіштерінің қайтымды артуы
(билирубин, бауыр ферменттері)
- есекжем
- бүйрек аумағындағы ауыру, несептегі қан (әдетте бүйрек тарапынан болатын басқа да бұзылулармен байланысты)
Сирек((≥1/10000-нан ≤ 1/1000-ға дейін)
- анафилаксия, ангионевротикалық ісіну
- атаксия, дизартрия, құрысулар, энцефалопатия, кома, психоздық белгілер, делирий
- бүйрек қызметінің бұзылуы, жедел бүйрек жеткіліксіздігі (әсіресе, егде жастағы емделушілерде немесе ұсынылуынан асып кететін дозалар қабылдайтын бүйрек қызметі бұзылған емделушілерде)
Бірлі-жарым жағдайлар
- бүйрек өзекшелерінде кристалдар түріндегі ацикловирдің жиналуы.
Емделу кезінде жоғалған сұйықтық орнының талапқа сай толықтырылуын қамтамасыз ету қажет. Неврологиялық бұзылулар (кейде ауыр) энцефалопатиямен байланысты болуы мүмкін және сананың шатасуы, қозу, құрысулар, елестеулер және кома түрінде көрініс береді. Аталған белгілер, негізінен, қайтымды, әрі әдетте бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде немесе өзге де жорамалданатын жай-күйлер аясында байқалады. Ағзалар трансплантациясын өткерген және ЦМВ алдын алу үшін Валвирдің жоғары дозаларын (8000 мг/тәулік) алатын емделушілерде неврологиялық реакциялар төмендеу дозаларын қабылдау кезіндегіден жиірек дамиды.
Иммунитет тапшылығының ауыр түрлеріне шалдыққан, әсіресе, клиникалық зерттеулердегі ұзаққа созылған уақыт кезеңінде жоғары дозаларда (8000 мг/тәулік) Валвир алған АИВ-жұқпасының кешеуілді сатыларындағы емделушілердегі бүйрек жеткіліксіздігі, микроангиопатикалық гемолитикалық анемия және тромбоцитопения (кейде біріктірілген) жөнінде хабарламалар алынған. Осы тәріздес бұзылулар осыған ұқсас иммунологиялық статусы және қатарлас аурулары бар Валвир қабылдамаған емделушілерде білінді.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- валацикловирге, ацикловирге немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге (тиімділігі мен қауіпсіздігі зерттелмеген)
- АИВ жұқпасының клиникалық айқын түрлері (СД4+ ˂100
жасуша саны)
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Валвир, әсіресе, бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге нефроуытты препараттармен үйлестіріліп сақтықпен тағай ындалады. Егер аталған препараттарды үйлестіріп қолданбай-ақ қоюдың сәті түспеген жағдайда бүйрек қызметіне жүйелі мониторинг жасау көрсетілген. Бүйрек қызметіне әсер ететін препараттарға: аминогликозидтер, органоплатинді кешендер, йодталған контрастылы заттар, метотрексат, пентамидин, фоскарнет, циклоспорин және такролимус жатады.
Ацикловир көбінесе өзгермеген күйде несеппен белсенді өзекшелік сөлініс арқылы шығарылады. Циметидин мен пробенецид 1000 мг дозада Валвир қабылдағаннан кейін ацикловирдің бүйректік клиренсін төмендетеді, әрі ацикловир AUC-ын бүйрек клиренсін тежеумен, тиісінше, 25% және 45% арттырады. Циметидин, пробенецид және Валвирді бір мезгілде үйлестіріп қолданған кезде ацикловир AUC 65% ұлғаяды. Белсенді өзекшелік сөлініске әсер көрсететін немесе оны тежейтін өзге де препараттар (соның ішінде тенофовир) аталған механизм арқылы ацикловир концентрациясын арттыра алады. Осыған ұқсас сипатта Валвирді үйлестіріп қолдану басқа препараттардың плазмалық концентрацияларын арттыруы мүмкін.
Валвирдің жоғары дозаларын алатын емделушілерге (мысалы, белдемелі теміреткіні емдеу немесе ЦМВ алдын алу үшін) белсенді өзекшелік сөліністі тежейтін препараттарды үйлестіріп қолдану сақтанумен тағайындалады.
Валвирді микофенолат мофетилімен (иммунодепрессант) бір мезгілде қолданғанда ағзалар трансплантациясы жасалған емделушілерде ацикловирдің және микофенолат мофетилі белсенді емес метаболитінің плазмалық AUC мәндері артады. Алайда дені сау еріктілерде Валвир мен микофенолат мофетилін үйлестіріп қолдану жоғары шекті концентрацияларының және AUC мәндерінің өзгерістеріне алып келді. Препараттардың аталған үйлестірілімдерін клиникалық тәжірибеде қолдану тәжірибесі шектеулі.
Айрықша нұсқаулар
Организмді гидратациялау деңгейі
Дегидратация қаупі жоғары емделушілерге, әсіресе, егде жастағы науқастарға, емделу кезеңінде организм гидратациясының талапқа сай деңгейін қамтамасыз ету қажет.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер және егде жастағы емделушілер
Ацикловир бүйрек клиренсі арқылы шығарылады, сондықтан бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге дозаларды азайту ұсынылады. Егде жастағы емделушілерде бүйрек қызметінің нашарлауы жеткілікті түрде жиі білінеді, сондықтан осы топ емделушілерін емдегенде дозалау режимін қайта қараудың және препараттың едәуір төмен дозаларын тағайындаудың мейлінше қажеттілігін қаперге алу керек. Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер және егде жастағы науқастар неврологиялық асқынулардың даму қаупі жоғары топқа кіреді. Мұндай жағдайларда тиісті белгілерін анықтау тұрғысында мұқият мониторинг жасау көрсетілген. Қауіпсіздігі жөнінде алынған есептер емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғарыда аталған реакциялардың қайтымды екенін айғақтайды.
Бауыр жеткіліксіздігінде және бауыр трансплантациясынан кейін емделушілерде препараттың едәуір жоғары дозаларын қолдану.
Бауыр аурулары бар емделушілерді емдеуге арналған Валвирдің (≥4000 мг/тәулік) едәуір жоғары дозаларын қолдануға қатысты деректер жоқ. Валвирді зерттеуге бауыр трансплантациясы жасалған емделушілерді тартумен арнаулы зерттеулер жүргізілмеген, сондықтан емделушілердің осы санатына 4000 мг-ден асатын тәуліктік дозалары үлкен сақтықпен тағайындалу керек.
Белдемелі теміреткіні емдеу үшін қолдану
Әсіресе, иммунитеті төмен емделушілер жағдайында емдеуге берілетін клиникалық жауапқа мұқият мониторинг жасау көрсетілген. Егер ішу арқылы емдеу тиімділігі жеткіліксіз болса, вирусқа қарсы көктамырішілік ем тағайындау мүмкіндігі қарастырылады.
Висцеральді ағзалар зақымдануын, диссеминацияланған белдемелі теміреткіні, қозғалыс невропатиясын, энцефалит пен цереброваскулярлық асқынуларды қоса, ауру ағымы асқынып кеткен емделушілерге вирусқа қарсы ем көктамыр ішіне тағайындалады.
Сонымен қатар препаратты көктамыр ішіне енгізу офтальмогерпесі бар иммунокомпрометтелген емделушілерге, сондай-ақ аурудың диссеминациялануының және висцеральді ағзалар зақымдануының жоғары қауіп тобына кіретін науқастарға көрсетілген.
Генитальді герпес вирусының берілуі
Емделу кезінде емделушілерге қатарлас белгілердің бәрі жоғалып кеткенше жыныстық қатынастардан тартына тұруға кеңес беру керек. Вирусқа қарсы препараттармен супрессиялық емдеу вирустың бөліну қаупін едәуір төмендетеді, алайда жұптасқа вирус берілу ықтималдығын толық жоққа шығару мүмкін емес. Сондықтан валацикловир қабылдауға қосымша қауіпсіз секс ережелерін ұстану керек.
ҚГВ туғызған офтальмологиялық жұқпаларды емдеу үшін қолдану
Емдеуге берілетін клиникалық жауапқа тиянақты мониторинг жасау көрсетілген. Егер ішу арқылы емдеу тиімділігі жеткіліксіз болса, вирусқа қарсы көктамырішілік ем тағайындау мүмкіндігі қарастырылады.
ЦМВ алдын алу үшін қолдану
ЦМВ алдын алу үшін Валвирдің жоғары дозаларын қабылдайтын емделушілер, емделу үшін препараттың едәуір төмен дозалары қолданылатын өзге көрсетілімдері бар емделушілерден гөрі ОЖЖ тарапынан болатын бұзылуларды қоса, қолайсыз дәрілік реакциялардың дамуына мейлінше бейім. Емделу кезінде бүйрек қызметіне мұқият мониторинг жасау көрсетілген, бүйрек жұмысындағы өзгерістер анықталғанда дозалар тиісті үлгіде реттеледі.
Жүктілік
Жүктілік кезінде Валвир қолдану жөніндегі деректер жеткіліксіз. Валвирмен емдеу, егер емнен күтілетін пайдасы ұрыққа төнетін ықтимал қатерден артық болған жағдайда ғана, жүктілік кезеңінде тағайындалады.
Емшекпен қоректендіру
Ацикловир, валацикловирдің басты метаболиті, емшек сүтіне бөлінеді. Алайда емдік дозаларда валацикловир қабылдаған кезде препараттың жаңа туған нәрестелерге/емшек еметін сәбилерге әсер ету ықтималдығы аз, өйткені сәби алатын доза неонатальді герпесті емдеу үшін көрсетілген көктамырішілік ацикловирдің 2% емдік дозасынан аспайды. Емізетін аналарға Валвир абайлап және клиникалық көрсетілімдер болғанда ғана тағайындалады.
Көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препараттың автокөлікті басқару және механизмдер операцияларын орындау қабілетіне ықпал етуіне зерттеу жүргізілмеген. Емделушінің автокөлікті немесе басқа механизмдерді басқару қабілетін бағалаған кезде оның клиникалық жай-күйін және Валвирдің жағымсыз әсерлер бейінін қаперге алу қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: жедел бүйрек жеткіліксіздігі және сананың шатасуын, елестеулер, қозу, мәңгіру және команы қоса, неврологиялық белгілердің даму жағдайлары жөнінде хабарланған. Жүрек айну мен құсу да болуы мүмкін. Пепарат қабылдаған кезде артық дозалануды болдырмау үшін сақтану шараларын қадағалау қажет. Артық дозаланудың көптеген жағдайлары препаратты бүйрек қызметі бұзылған емделушілерді және доза тиісінше азайтылмаған егде жастағы емделушілерді емдеу үшін қолданумен байланысты болды.
Емі: препараттың уытты әсер ету белгілерін анықтау тұрғысынан мұқият бақылау көрсетілген. Гемодиализ ацикловирдің шығарылуын едәуір жылдамдатады және артық дозаланған жағдайда белгісіне қарай емдеудің оңтайлы тәсілі саналуы мүмкін.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан (500 мг доза үшін) және 7 таблеткадан (1000 мг доза үшін) ПВХ/алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.
1 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынады.
Сақтау шарттары
25 С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Актавис hf, Исландия
Тіркеу куәлігінің иесі
«Актавис Групп» АҚ, Исландия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы
Алматы қ-дағы «Актавис Интернешнл Лтд.» өкілдігі.
Қазақстан Республикасы, 050009, Алматы қ., Мұқанов к-сі 241, 1-а кеңсе.
Тел./факс: 8 (727) 313 74 30, 313 74 31, 313 74 32;
Электронды пошта: actavis@actavis.kz; сайт: www.actavis.com
Сарапшы Мысықбаева С.С.
23.01.2013.
Аударған:
Серғазиева Г.М.
23.01.2013.