Бупивакаин

МНН: Бупивакаин
Производитель: ДЕМО С.А. Фармасьютикал Индастри
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Bupivacaine
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№022584
Информация о регистрации в РК: 11.08.2021 - 11.08.2031
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)

Инструкция

Саудалық атауы

Бупивакаин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Бупивакаин

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған 10 мл, 5 мг/мл ерітінді

Құрамы

1 мл ерітіндінің құрамында

белсенді зат: бупивакаин гидрохлориді - 5 мг,

қосымша заттар: натрий хлориді, сұйылтылған хлорсутек қышқылы немесе натрий гидроксиді, инъекцияға арналған су.

Симпаттамасы

Мөлдір, түссіз сұйықтық

Фармакотерапиялық тобы

Анестетиктер. Жергілікті анестезияға арналған препараттар. Амидтер. Бупивакаин.

АТХ коды N01В В01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілу жылдамдығы дозаға, енгізу жолына және енгізген жердегі перфузияға байланысты. Қабырғааралық блокадалар жылдам абсорбцияның арқасында плазмадағы ең жоғарғы концентрацияларға (400 мг дозаны енгізгеннен кейін 4 мг/л) әкеледі, ал тері асты инъекциялар іш аумағында плазмадағы ең төменгі концентрацияларға әкеледі. Балаларда жылдам абсорбция және плазмадағы жоғарғы концентрациялар каудальді блокада жағдайында байқалады (3 мг/кг дозаны енгізгеннен кейін шамамен 1,0-1,5 мг/л).

Бупивакаин эпидуральді кеңістіктен толық және екі фазалы абсорбцияны көріністейді, жартылай шығарылу кезеңі шамамен 7 мин және тиісінше жылдам және баяу абсорбция фазаларында 6 сағатты құрайды. Баяу абсорбция бупивакаиннің шығарылу жылдамдығын шектейді және жартылай шығарылу кезеңі эпидуральді қолданудан кейін вена ішіне енгізуден кейінгіге қарағанда неге үлкен екенін түсіндіреді.

Бупивакаиннің тепе-тең күйде таралу көлемі шамамен 73 л құрайды, бауыр экстракциясының коэффициенті – шамамен 0,4, жалпы плазмалық клиренсі 0,58 л/мин, жартылай шығарылу кезеңі – 2,7 сағ құрайды.

Нәрестелердегі жартылай шығарылу кезеңі 8 сағ дейін ересектердікіне қарағанда ұзақ. 3 айдан асқан балалардағы жартылай шығарылу кезеңі ересектердікі сияқты.

Плазма ақуыздарымен байланысы шамамен 96 % құрайды, байланысуы негізінен α1-гликопротеинмен жүреді. Елеулі хирургиялық араласымнан кейін бұл ақуыздың деңгейі жоғарылауы және бупивакаиннің үлкен жалпы плазмалық концентрациясын беруі мүмкін. Алайда байланыспаған бупивакаиннің концентрациясы өзгермей қалады. Бұл уытты деңгейлерден асатын плазмалық концентрациялардың жақсы жағымдылығын түсіндіреді.

Бупивакаин негізінен ароматтық гидроксилдену 4-гидроксибупивакаинға дейін және РРХ дейін N-деалкилдену жолымен бауырда толығымен дерлік метаболизденеді, бұл ретте бұл екі жол да Р450 3А4 цитохромымен байланысты болып табылады. Осылайша, клиренс бауыр перфузиясына және метаболиздейтін ферменттің белсенділігімен байланысты.

Бупивакаин плацентарлық бөгет арқылы өтеді. Бос бупивакаиннің ана мен шаранадағы концентрациясы бірдей. Алайда, шаранада ақуыздармен байланысу дәрежесі төменірек болғандықтан, жалпы плазмалық концентрациясы төмен.

Фармакодинамикасы

Бупивакаин – амид типті ұзақ әсерлі жергілікті анестетик. Ол натрий иондарының жүйке жарғақшалары арқылы тасымалын бәсеңдете отырып импульстердің жүйке талшықтарымен өткізгіштігін қайтымды бөгейді. Мұндай әсерлер ми мен миокардтың қоздырғыш жарғақшаларында да байқалуы мүмкін.

Бупивакаиннің ең маңызды қасиеті оның әсерінің едәуір ұзақтығы болып табылады. Бупивакаинді адреналинмен біріктіріп және онсыз қолданғандағы әсерінің ұзақтығы арасындағы айырмашылық салыстырмалы түрде үлкен емес. Бупивакаин әсіресе ұзақ эпидуральді блокада жүргізу үшін жарамды. Төменгі концентрациялар қозғаушы жүйкелердің талшықтарына аз ықпал етеді және әсер ету ұзақтығы төмен, сондай-ақ, мысалы, босану уақытында немесе операциядан кейінгі кезеңде ұзақ жансыздандыру үшін жарамды болуы мүмкін.

Қолданылуы

Инфильтрациялық анестезия, мысалы, операциядан кейінгі ауыруды басу үшін әсерінің едәуір ұзақтығы қажет болған жағдайда.

Адреналин қосу қарсы көрсетілген және күшті әсер ететін миорелаксанттар қолдану орынсыз болған жағдайда ұзақ мерзімді өткізгіш анестезия немесе эпидуральді анестезияда. Акушериядағы анестезия.

Қолдану тәсілі және дозалары

Бупивакаинді аймақтық анестезия жүргізу тәжірибесі бар дәрігерлер ғана, анестезияның жеткілікті деңгейіне жетуге мүмкіндік беретін ең төменгі (ең төменгі тиімді) дозаларда қолданады.

Кездейсоқ тамырішілік инъекциялардың алдын алу үшін аса сақ болу маңызды. Жалпы дозаны енгізу алдында, сондай-ақ жалпы дозаны енгізу уақытында аспирациялық сынаманы жүргізу ұсынылады.

Эпидуральді анестезияда жоғарғы дозаларда бупивакаиннің адреналинмен тестілік 3-5 мл дозасын енгізеді, өйткені адреналиннің кездейсоқ тамырішілік инъекциясы жүрек қағу жиілігінің уақытша ұлғаюына әкелуі мүмкін, ал кездейсоқ интратекальді инъекция спинальді блокада туындатуы мүмкін. Тестілік дозаны енгізгеннен кейін 5 мин ішінде пациентпен вербальді байланысты ұстап тұрады және жүрек қағу жиілігін мезгіл-мезгіл тексеріп тұрады. Одан өзге, жалпы дозаны енгізу алдында аспирация жүргізу қажет. Жалпы дозаны баяу, 25-50 мг/мин жылдамдықпен, сатылап, пациентпен вербальді тұрақты байланысты ұстап тұрып енгізеді. Уыттану симптомдары туындағанда препарат енгізуді дереу тоқтатады.

Төменде ұсынылған дозалар келтірілген. Дозаны блокаданың дәрежесіне және пациенттің жалпы жай-күйіне байланысты түзетеді.

Инфильтрациялық анестезия үшін 5 мг/мл-ден 5-30 мл Бупивакаин (25-150 мг бупивакаин гидрохлориді) енгізеді.

Қабырғааралық блокада үшін 5 мг/мл-ден 2-3 мл Бупивакаин (10-15 мг бупивакаин гидрохлориді) жалпы саны 10 жүйкеге дейін бір жүйкеге енгізеді.

Үлкен жүйкелердің блокадалары үшін (мысалы, эпидуральді, сакральді және иық өрімінің анестезиясы) 5 мг/мл-ден 15-30 мл Бупивакаин (75-150 мг бупивакаин гидрохлориді) енгізеді.

Акушерлік анестезия үшін (мысалы, қынаптық босанулар немесе вакуум-экстракциялар кезінде эпидуральді анестезия және каудальді анестезия) 5 мг/мл-ден 6-10 мл Бупивакаин (30-50 мг бупивакаин гидрохлориді) енгізеді. Келтірілген бастапқы дозаларды қажет болғанда әрбір 2-3 сағат сайын қайталайды.

Эпидуральді блокада үшін (кесарь тілігін жүргізгенде) 5 мг/млден 15-30 мл Бупивакаин (75-150 мг бупивакаин гидрохлориді) енгізеді.

Апиынды заттармен біріктіріп қолданған жағдайда бупивакаин дозасын төмендету керек.

Препаратты енгізу кезеңінде артериялық қысымды, жүрек қағу жиілігін жүйелі бақылау және ықтимал уыттану симптомдарына қатысты пациенттің жай-күйін қадағалау керек. Уытты әсер белгілері болғанда инфузияны дереу тоқтатады.

Ең жоғарғы ұсынылған дозалар

Бір ғана жағдайда қолданылатын ең жоғарғы ұсынылған дозаны дене салмағына 2 мг/кг нормасы бойынша есептейді; ересектер үшін ең жоғарғы доза 4 сағат ішінде 30 мл (150 мг бупивакаин гидрохлориді) құрайды.

Ересектер үшін ең жоғарғы ұсынылған доза – тәулігіне 400 мг. Жалпы дозаны пациенттің жасына, дене салмағына және басқа да маңызды жағдайларға байланысты түзетеді.

Ампуламен жұмыс істеу тәртібі.

1. Бір ампуланы блоктан бөліп алып, оны мойнынан ұстап тұрып сілкіңіз (1-с.).

2. Ампуланы қолмен қысыңыз (бұл ретте препарат ағып кетпеуі тиіс) және айналмалы қимылдармен бастиегін бұраңыз және бөліңіз (2-с.).

3. Түзілген саңылау арқылы шприцті ампуламен дереу жалғаңыз (3-с.).

4. Ампуланы төңкеріңіз және оның ішіндегіні шприцке баяу тартыңыз (4-с.).

5. Инені шприцке кигізіңіз.

1-с. 2-с. 3-с. 4-с.

Жағымсыз әсерлері

Препараттың өзінен туындаған жағымсыз әсерлерді жүйкелер блокадасының физиологиялық әсерлерінен (артериялық қысымның төмендеуі, брадикардия сияқты), тікелей инелік пункциядан туындаған құбылыстардан (мысалы, жүйкелердің зақымдануы), жанама себебі инелік пункция болған құбылыстардан (атап айтқанда эпидуральді абсцесс) айыру қиын болуы мүмкін.

- иммундық жүйе тарапынан: аллергиялық реакциялар, ең ауыр жағдайларда – анафилаксиялық шок;

- жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан: артериялық гипотензия, брадикардия, артериялық гипертензия, жүрек тоқтауы, жүрек ырғағының бұзылуы (жүрек аритмиясы);

- орталық жүйке жүйесі тарапынан: парестезия, бас айналуы, құрысулар, ауыз аумағындағы парестезия, тілдің ұюы, гиперакузия, естен тану, тремор, дизартрия, парездер, параплегия, невропатия, шеткері жүйкелердің зақымдануы, арахноидит;

- көру мүшелері тарапынан: көрудің нашарлауы, көзге қосарланып көріну;

- есту мүшелері тарапынан: құлақтың шулауы;

- асқазан-ішек жолы тарапынан: құсу, жүрек айнуы;

- тыныс алу жүйесі, көкірек қуысы және көкірек ортасы ағзалары тарапынан: тыныс алудың бәсеңдеуі;

- несеп шығару жүйесі тарапынан: несепті ұстай алмау.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

Амид типті жергілікті анестетиктерге немесе препараттың басқа құрамдастарына аса жоғары сезімталдық.

Бупивакаин вена ішіне аймақтық анестезия (Биер блокадасы) үшін қолданылмайды. Бупивакаин айқын артериялық гипотензиясы бар пациенттерде эпидуральді анестезия үшін қолданылмайды, мысалы, кардиогенді немесе гиповолемиялық шок жағдайында. Эпидуральді анестезияда қолданылатын жергілікті анестетикке қарамастан өзінің қарсы көрсетілімдері бар, оларға төмендегілер кіреді:

  • белсенді сатыдағы жүйке жүйесінің мынадай аурулары: менингит, полиомиелит, бассүйекішілік қан құйылу, пернициоздық анемия және ми мен жұлын ісіктері салдарынан жұлынның жеделге жуық біріктірілген дегенерациясы;

  • омыртқа бағанасының туберкулёзі;

  • люмбарлы пункция орнындағы немесе соны жүргізу аумағындағы терінің іріңді инфекциясы;

  • қан ұюының бұзылуы немесе антикоагулянттармен ағымдық емдеу;

  • 18 жасқа дейінгі балалар.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Бупивакаинді ІВ класты аритмияға қарсы дәрілер сияқты құрылымы бойынша жергілікті анестетиктерге ұқсас дәрілік заттармен, олардың уытты әсерлері аддитивті болғандықтан, бірге қолданғанда сақ болу керек.

Жергілікті анестетиктер мен III класты аритмияға қарсы дәрілер (мысалы, амиодарон) арасындағы әрекеттесулердің спецификалық зерттеулері жүргізілмеді, алайда оларды бір уақытта қолданғанда сақтық таныту ұсынылады.

Үйлесімсіздігі.

Алкализация шөгінді туындатуы мүмкін, өйткені бупивакаин рН 6,5 жоғары болғанда аз ериді.

Айрықша нұсқаулар

Аумақтық және жергілікті анестезияны жүрек қызметіне мониторинг және реанимациялық шаралар жүргізу үшін қажетті, шұғыл пайдалануға дайын жабдықтар мен препараттар қолжетімді, тиісінше жабдықталған бөлмеде тәжірибелі мамандар жүргізуі тиіс. Анестезия жүргізетін қызметкер білікті болуы және анестезия жүргізу техникасын үйренген болуы тиіс, жүйелі уытты реакцияларды, жағымсыз құбылыстар мен реакцияларды және басқа да асқынуларды диагностикалаумен және емдеумен таныс болуы тиіс.

Емді бастар алдында жеке сезімталдыққа сынама жүргізеді.

Қарапайым анестетиктерді қоспағанда, аумақтық немесе жергілікті анестетиктер қолданылған емшараларды әрқашан реанимациялық шаралар жүргізу үшін қажетті жабдықтар болған жағдайда жүргізеді. Үлкен блокадалар жүргізгенде венаішілік катетерлерді жергілікті анестетик енгізуді бастағанға дейін орнатып қояды.

Эпидуральді анестезия немесе шеткері жүйкелердің блокадасы үшін бупивакаин қолданғанда жүрек тоқтауы және өлім туралы хабарланды. Кейбір жағдайларда реанимация жүргізу қиындық туғызған немесе адекватты емге қарамастан мүмкін болмаған.

Шеткері жүйкелердің ауқымды блокадалары қатты васкуляризацияланған аумақтарда, көбінесе ірі тамырлардың жанында жергілікті анестетиктің үлкен мөлшерлерін қолдануды қажет етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда тамырішілік инъекцияның және/немесе жүйелі абсорбцияның үлкен қаупі бар, олар плазмада жоғарғы концентрацияларға әкелуі мүмкін.

Барлық жергілікті анестетиктер сияқты, жоғарғы дозаларды қолданғанда бупивакаин орталық жүйке және жүрек-қантамыр жүйелері тарапынан жедел уытты әсерлер туындатуы мүмкін. Әсіресе бұл қатты васкуляризацияланған аумақтарға кездейсоқ тамырішілік енгізу немесе инъекцияға қатысты.

Аумақтық анестезияның кейбір әдістемелері ауыр жағымсыз реакциялармен байланысты болуы мүмкін:

  • эпидуральді анестезия, әсіресе қатар гиповолемия жағдайларында жүрек-қантамыр функциясының бәсеңдеуін туындатуы мүмкін. Препаратты жүрек-қантамыр функциясы бұзылған пациенттерге қолданғанда сақтық таныту керек;

  • жекелеген жағдайларда ретробульбарлы инъекциялар бассүйек субарахноидальді кеңістікке жетуі және уақытша соқырлық, жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі, апноэ және құрысулар туындатуы мүмкін. Бұл симптомдарды дереу емдеу керек;

  • жергілікті анестетиктердің ретро- және бульба маңындағы инъекциялары көз бұлшықеттерінің тұрақты дисфункциясының белгілі бір қаупін туындатуы мүмкін;

  • тіркеуден кейінгі кезеңде хирургиялық араласымдардан кейін жергілікті анестетиктердің ұзақ мерзімді тамырішілік инфузияларын алатын пациенттерде хондролиз жағдайлары туралы хабарланды. Көптеген жағдайларда хондролиз иық буынын зақымдады. Көптеген этиологиялық факторларға және әсер ету механизміне қатысты ғылыми әдебиеттегі ақпараттың қайшылығына байланысты себеп-салдарлық байланыс анықталмаған. Ұзақ мерзімді тамырішілік инфузиялар бупивакаин үшін мақұлданған көрсетілім болып табылмайды.

Негізгі себептері жүйкелердің жарақаттық зақымданулары және/немесе енгізілген жергілікті анестетиктің бұлшықетке және жүйкелерге жергілікті уытты әсерлері болып табылады. Мұндай асқынулардың дәрежесі жарақат деңгейіне, жергілікті анестетиктің концентрациясына және оның экспозициясының ұзақтығына байланысты. Осы себептен ең төменгі тиімді дозаны таңдайды.

Мойын және бас аумағына кездейсоқ интраваскулярлық енгізулер тіпті жоғарғы дозаларда да церебральді симптомдар туындатуы мүмкін.

Пациенттерде II немесе III дәрежедегі AV-блокадасы болғанда сақтық таныту керек, өйткені жергілікті анестетиктер миокард өткізгіштігін төмендетуі мүмкін. Егде жастағы пациенттер, бауырының күрделі аурулары бар және бүйрек функциясы ауыр бұзылған пациенттер немесе жалпы жай-күйі нашар пациенттер де ерекше назар аударуды керек етеді.

III класты аритмияға қарсы дәрілік заттармен (мысалы, амиодаронмен) емделіп жатқан пациенттер мұқият қадағалануы тиіс. Одан өзге, мұндай пациенттерде ЭКГ-мониторинг қажеттілігін ескеру керек, өйткені бупивакаиннің және III класты аритмияға қарсы дәрілік заттардың кардиологиялық әсерлері аддитивті болуы мүмкін.

Эпидуральді анестезия артериялық қысымның төмендеуіне және брадикардияға әкелуі мүмкін. Бұл қауіпті кристаллоидтық немесе коллоидтық ерітіндіні вена ішіне енгізу жолымен төмендетуге болады. Артериялық қысымның төмендеуін дереу түзетеді, мысалы, 5-10 мг эфедринді вена ішіне енгізу жолымен, оны қажет болса қайталайды. Эпидуральді анестезия қабырғааралық бұлшықеттің салдануын және плевральді жалқығы бар пациенттерде тыныс алудың нашарлауын туындатуы мүмкін. Септицемиясы бар науқастарда, әсіресе операциядан кейінгі кезеңде интраспинальді абсцестердің даму қаупі ұлғаяды.

Парацервикальді блокада кейде шарана брадикардиясын/тахикардиясын туындатуы мүмкін, сондықтан шарананың жүрек ырғағын мұқият қадағалау керек.

Жүктілік және лактация кезеңі.

Адамда жүктілік ағымына жағымсыз ықпалдардың дәлелдері жоқ, бірақ бупивакаинді пайда қауіптен басым деп есептелетін жағдайларды қоспағанда жүктілік кезінде қолданбау керек.

Емдік дозаларда қолданғанда Бупивакаин емшек сүтіне өтеді, бірақ балаға ықпал ету қаупі жоқ сондай аз мөлшерде өтеді.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері.

Дозаға және қолдану тәсіліне байланысты бупивакаин қозғалысқа және қимыл үйлесіміне уақытша әсер көрсетуі мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары

Жүйелі уытты реакциялар орталық жүйке жүйесіне және жүрек-қантамыр жүйесіне қатысты. Мұндай реакциялар кездейсоқ тамырішілік инъекциямен, артық дозаланумен немесе қатты васкуляризацияланған тіндерден әдеттен тыс жылдам абсорбциясымен негізделген жергілікті анестетиктің қандағы жоғарғы концентрациясынан туындауы мүмкін.

ОЖЖ тарапынан болатын симптомдар барлық амид типті жергілікті анестетиктер үшін ұқсас, ал жүрек симптомдарының әр түрлі препараттар үшін сан жағынан да, сапа жағынан да айырмашылықтары бар.

Жергілікті анестетиктердің кездейсоқ тамырішілік инъекциялары шұғыл (бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін) жүйелі уытты реакциялар туындатуы мүмкін. Артық дозаланған жағдайда жергілікті анестетиктің қандағы концентрациясының баяу ұлғаюына байланысты жүйелі уыттылық кешірек (инъекциядан кейін 15-60 минуттан соң) байқалады.

ОЖЖ тарапынан болатын уыттылық симптомдар мен реакциялар ауырлығының ұлғаюымен біртіндеп дамиды. Алғашқы симптомдар әдетте жеңіл бас айналуы, ауыз аумағындағы парестезия, тілдің ұюы, гиперакузия, құлақтың шулауы және көрудің нашарлауы ретінде байқалады. Артикуляцияның асқынуы, бұлшықеттің құрысулық қимылдары немесе тремор – жайылған құрысулардың алдында болатын күрделірек симптомдар. Бұл белгілерді невроздық мінез-құлық ретінде түсінуге болмайды. Бұдан кейін естен айрылу және бірнеше секундтан бірнеше минутқа созылатын үлкен эпилепсиялық ұстама байқалуы мүмкін. Жоғарғы бұлшықет белсенділігіне және өкпедегі газ алмасуының жеткіліксіздігіне байланысты құрысу кезінде оттегі жеткіліксіздігі және гиперкапния (қандағы СО2 мөлшерінің жоғарылауы) жылдам дамиды. Ауыр жағдайларда сондай-ақ апноэ, тыныс алудың тоқтауы мүмкін. Ацидоз жергілікті анестетиктердің уытты әсерлерін күшейтеді.

Сауығу жергілікті анестетиктің метаболизміне және оның орталық жүйке жүйесі шегінен асып таралуына байланысты және препараттың өте үлкен мөлшері енгізілген жағдайларды қоспағанда жылдам жүреді.

Жүрек-қантамыр әсерлері әдетте күрделірек қатер тудырады. Бұл әсерлердің алдында орталық жүйке жүйесі тарапынан болатын уыттылық белгілері жиі жүреді. Уыттылық әсерлері бензодиазепиндердің немесе барбитураттардың көмегімен жететін жалпы анестезиямен немесе терең седациямен бүркемеленуі мүмкін. Жергілікті анестетиктердің жоғарғы жүйелі концентрацияларының салдары ретінде артериялық қысымның төмендеуі, брадикардия, аритмия және тіпті жүрек тоқтауы дамуы мүмкін. Жүрек-қантамырдың уытты әсерлері жүрек пен миокардтың өткізгіштік жүйесінің бәсеңдеуімен жиі байланысты, ол жүрек лықсуының төмендеуіне, артериялық гипотензияға, AV-блокадаға, брадикардияға және кейде – вентрикулярлық аритмияға, оған қоса вентрикулярлық тахикардияға, вентрикулярлық фибрилляцияға және жүрек тоқтауына әкеледі. Бұл жағдайлардың алдында жиі ОЖЖ тарапынан болатын ауыр уыттылық белгілері, мысалы құрысулар жүруі мүмкін, алайда сирек жағдайларда жүрек тоқтауы ОЖЖ тарапынан болатын алдын ала әсерлерсіз орын алды. Коронарлық тамырларда өте жылдам венаішілік болюстік инъекциядан кейін бупивакаиннің қандағы жоғарғы концентрациясына қан айналым жүйесіне ықпал өздігінен немесе ОЖЖ тарапынан болатын әсерлер туындағанға дейін болатындай жетуі мүмкін. Осыған сүйене отырып, миокардтің бәсеңдеуі тіпті уыттанудың бірінші симптомы ретінде дамуы мүмкін.

Емі

Толық спинальді блокада кезінде жеткілікті желдетуді (тыныс алу жолдарының өткізгіштігі, оттегімен қамтамасыз ету, қажет жағдайда – интубация және өкпені жасанды желдету) қамтамасыз ету қажет. Артериялық гипотензия/брадикардия жағдайында инотропты әсер ететін вазопрессорлық препарат енгізеді.

Жедел жүйелі уыттылық белгілері туындағанда жергілікті анестетиктер қолдануды дереу тоқтатады. Емдеу өкпенің тиісті желдетуін, оттегімен қамтамасыз ету және қан айналымын ұстап тұруға бағытталған. Әрқашан оттегімен қамтамасыз етеді және қажет болса өкпеге жасанды желдету жүргізеді. Егер құрысулар 15-20 секундтан соң өздігінен тоқтамаса пациентке өкпе желдетуін жақсарту үшін 1-3 мг/кг натрий тиопенталын вена ішіне енгізеді немесе вена ішіне 0,1 мг/кг диазепам (бұл дәрі едәуір баяу әсер етеді) енгізеді. Ұзаққа созылатын құрысулар пациенттің тыныс алуына және оттектенуге қауіп төндіреді. Миорелаксанттар инъекциясы (мысалы, 1 мг/кг суксаметоний) пациент өкпесінің желдетуін қамтамасыз ету және оттектену үшін жағымды жағдайлар жасайды, алайда трахеальді интубация және өкпеге жасанды желдету жүргізу тәжірибесін талап етеді. Брадикардия жағдайында атропин енгізеді.

Қан айналымы бәсеңдегенде вена ішіне добутамин енгізеді, және қажет болса ауыр жағдайларда гемодинамиканы мониторингілеумен норадреналин (басында 5 мкг/кг/мин, қажет болса әрбір 10 мин сайын 0,05 мг/кг/мин ұлғайтумен) енгізеді. Сондай-ақ эфедринді сынамалық енгізуді жүргізу керек.

Қан айналымы тоқтаған жағдайда дереу пневмокардиальді реанимациялық шараларды бастайды. Ацидозды түзетумен бір уақытта тыныс алу мен қан айналымының тиісті оттектенуін ұстап тұру маңызды.

Жүрек тоқтаған жағдайда ұзақ реанимациялық шаралар жүргізеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 мл препараттан полиэтилен ампулаларда.

10 ампуладан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықпен бірге тұтынушы ыдысына арналған картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25 С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Мұздатып қатыруға болмайды!

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Сақтау мерзімі

2 жыл

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«НИКО» ЖШҚ, Украина, 86123, Донецк обл., Макеевка қ-сы, Таёжная көш., 1-1

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«НИКО» ЖШҚ, Украина

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

ЖК «Утегенова Б.А.», 010000, Астана қ-сы, Рамазан к-сі, 33/9,

тел: + 7 701 707 61 81; электрондық пошстасы: b.utegenova_ip@mail.ru

Прикрепленные файлы

951005361498795376_ru.doc 209.5 кб
363156651498795903_kz.doc 162.89 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники