Бисомор (5 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Бисомор
Халықаралық патенттелмеген атауы
Бисопролол
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған 2,5 мг, 5 мг, 10 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат: 2,5 мг, 5 мг, 10 мг бисопролол фумараты
қосымша заттар: маннитол, микрокристалды целлюлоза, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты,
қабықтың құрамы: Винкоут WT AQ 01530 (сары) бояғышы ***, Винкоут WT AQ 01069 (қызыл сары) бояғышы ****, Винкоут WT AQ 01620 (қызыл сары) бояғышы *****, су**
Қазіргі шығарылым
**Қабығы сулы суспензия түрінде жағылады
***Винкоут WT AQ 01530 (сары) бояғышының құрамы: гидроксипропилметилцеллюлоза, полиэтиленгликоль 400, титанның қостотығы Е171, тальк, полиэтиленгликоль 6000, хинолинді сары алюминий лагы Е104.
****Винкоут WT AQ 01069 (қызы сары) бояғышының құрамы: гидроксипропилметилцеллюлоза, полиэтиленгликоль 400, титанның қостотығы Е171, тальк, полиэтиленгликоль 6000, күн батар түстес сары алюминий лагы Е110.
***** Винкоут WT AQ 01620 (қызыл сары) бояғышының құрамы: гидроксипропилметилцеллюлоза, полиэтиленгликоль 400, титанның қостотығы Е171, тальк, полиэтиленгликоль 6000, күн батар түстес сары алюминий лагы Е110.
Сипаттамасы
Екі жақ беті дөңес пішінді, ашық сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір жақ бетінде сызығы бар таблеткалар. Сындырған кезде екі қабат көрінеді: ядро – ақ түстен ақ дерлік түске дейін (2.5 мг доза үшін).
Екі жақ беті дөңес пішінді, ашық қызыл-сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар. Сындырған кезде екі қабат көрінеді: ядро – ақ түстен ақ дерлік түске дейін (5 мг доза үшін).
Екі жақ беті дөңес пішінді, қызыл-сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, таблеткалар. Сындырған кезде екі қабат көрінеді: ядро – ақ түстен ақ дерлік түске дейін (10 мг доза үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Бета-адреноблокаторлар. Селективті бета-адреноблокаторлар. Бисопролол.
АТХ коды С07АВ07
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Бисопролол асқазан-ішек жолынан (АІЖ) толық дерлік (> 90 %) сіңеді. Оның биожетімділігі ішке қабылдағаннан кейін шамамен 85-90% құрайды; ас қабылдау биожетімділігіне ықпалын тигізбейді. Бисопрололдың кинетикасы дозаға байланысты, сонымен бірге оның қан плазмасындағы концентрациясы 5 мг-нан 20 мг-ға дейінгі аралықта енгізілген дозаға пропорционалды. Қан плазмасындағы Cmax мәніне 2-3 сағаттан соң жетеді.
Бисопролол барынша кең таралады. Vd – 3,5 л/кг. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысы шамамен 35% жетеді; қан жасушаларымен қармалу байқалмайды.
Кейін конъюгацияға ұласпайтын тотығу жолымен метаболизденеді; бауыр арқылы «алғаш өту» кезінде аздаған метаболизация (шамамен 10-15% деңгейде) байқалады. Барлық метаболиттердің полярлылығы күшті. Қан плазмасында және несепте анықталған негізгі метаболиттер фармакологиялық белсенділік танытпайды. Адам бауырының in vitro микросомдарымен эскперимент нәтижесінде алынған деректер бисопрололдың CYP2D6 изоферментінің жәрдемімен метаболизденетіндігін көрсетті.
Бисопролол клиренсі оның бүйрек арқылы өзгермеген күйінде шығарылуы (50%-ға жуық) мен бауырда кейін бүйрек арқылы шығарылатын метаболиттерге дейін (50%-ға жуық) тотығуы арасындағы тепе-теңдікпен анықталады. Жалпы клиренсі сағатына 15,6 ± 3,2 л құрайды, сонымен бірге бүйректік клиренсі сағатына 9,6 ± 1,6 л-ге тең. T1/2 – 10-12 сағат.
Фармакодинамикасы
Бисопролол, Бисомор препаратының әсер етуші заты, өздігінен симптоматикалық белсенділігі, клиникалық тұрғыдан мембрананы тұрақтандыратын әсері жоқ селективті бета1-адреноблокатор. Бронхтар мен қантамырлардың тегіс бұлшықеттерінің бета2-рецепторларына, сондай-ақ зат алмасуды реттеуге жататын бета2-рецепторларға ұқсастығы өте төмен болатындығы анықталды. Демек, бисопролол жалпы алғанда тыныс жолдарының және бета 2 негіз болған метаболикалық әсерлердің төзімділігін тудырмайды. Препараттың бета1-рецепторларға таңдап әсер етуі емдік доза шегінен тыс таралады.
Қан плазмасында рениннің белсенділігін төмендетеді, миокардтың оттегіні қажет етуін азайтады, жүректің жиырылу жиілігін (ЖЖЖ) (тыныштықта да және жүктеме кезінде де) азайтады. Гипотензивтік, антиаритмиялық және антиангинальді әсер береді. Аздаған дозада жүректің β1-адренорецепторларын бөгеп, катехоламиндармен стимуляцияланған цАМФ-тің АТФ-дан түзілуін азайтады, кальций иондарының жасушаішілік ағысын төмендетеді, теріс хроно-, дромо-, батмо - және инотроптық әсер береді (өткізгіштігін және қозғыштығын тежейді, AV-өткізгіштігін баяулатады).
Қолданылуы
- артериялық гипертензияда
- жүректің ишемиялық ауруы: тұрақты стенокардияда
Қолдану тәсілі және дозалары
Таблетканы таңертең тамақтануға дейін, тамақтану кезінде немесе одан кейін аздаған су мөлшерімен ішіп қабылдаған жөн. Таблетканы шайнауға немесе ұнтақтауға болмайды.
Дозалануы
Ем кейіннен жоғарылатылатын аз дозадан негізінен біртіндеп басталуы керек. Тамыр соғу жиілігі мен емдік әсерін ескеріп, барлық жағдайларда доза жекелей таңдалуы керек.
Артериялық гипертензияны және стенокардияны емдеу
Әдеттегідей, бастапқы доза тәулігіне 1 рет 5 мг (1 таблетка) құрайды. Қажет болған кезде дозаны тәулігіне 1 рет 10 мг-ға дейін арттыруға болады.
Артериялық гипертензияны және стенокардияны емдеген кезде ұсынылатын ең жоғары доза тәулігіне 1 рет 20 мг құрайды.
Бүйрек функциясының бұзылуы ауыр (КК<20 мл/мин) пациенттер және бауыр функциясының бұзылуы ауыр пациенттер үшін ең жоғары тәуліктік доза 10 мг құрайды.
Бауыр немесе бүйрек функциясының жеңіл немесе орташа дәрежелі бұзылулары бар пациенттерде, сондай-ақ егде жастағы пациенттерде дозалау режимін түзетудің, қажеті жоқ.
Препаратты егде жастағы пациенттерде қолдануда дозаны түзету талап етілмейді.
Емдеу ұзақтығы
Емдеу ұзақтығы шектелмеген және аурудың ағымы мен ауырлығына байланысты.
Әсіресе жүректің ишемиялық ауруларымен пациенттерде бисомор препаратымен емдеуді күрт тоқтатуға болмайды, өйткені бұл пациент денсаулығының жедел нашарлауына әкелуі мүмкін. Егер емді тоқтата тұру қажет болса, дозаны біртіндеп төмендету керек (мысалы, аптасына бір рет дозаны екі есе азайта отырып).
Жағымсыз әсерлері
Төменде берілген жағымсыз реакциялар жиілігі келесі градация бойынша белгіленген: өте жиі (≥ 10 %); жиі (> 1 %, < 10 %); жиі емес (> 0.1 %, < 1 %); сирек (> 0.01 %, < 0.1 %); өте сирек (≤ 0.01 %, жекелеген мәлімдеулерді қоса есептегенде).
Өте жиі
-
брадикардия
Жиі
-
бұрыннан бар жүрек функциясы жеткіліксіздігінің нашарлауы
-
бас айналу, бас ауыру
-
жүректің айнуы, құсу, диарея, іш қату
-
аяқ-қолдың салқындау немесе ұю сезімі, гипотензия, әсіресе жүрек функциясы жеткіліксіздігі бар пациенттерде
-
шаршау, қажу
Жиі емес
-
атриовентрикулярлы өткізгіштіктің бұзылуы
-
анамнезінде бронх демікпесі немесе тыныс ағзаларының обструктивтік аурулары бар пациенттерде бронхтың тарылуы
-
бұлшықет әлсіздігі, бұлшықет түйілулері
-
депрессия, ұйқының бұзылуы
Сирек
-
триглицеридтер деңгейінің жоғарылауы, бауыр ферменттері (АЛТ, АСТ) деңгейлерінің жоғарылауы
-
көз жасының азаюы (пациенттер жанаспалы линза кигенде мұны ескерген жөн)
-
естудің нашарлауы
-
аллергиялық ринит
-
қышу, қызару, бөртпе сияқты аса жоғары сезімталдық реакциялары
-
гепатит
-
потенцияның нашарлауы
-
түнгі шым-шытырық түс көрулер, елестеулер
Өте сирек
-
конъюнктивит
-
псориаздың пайда болуы немесе бұрыннан бар аурулардың немесе псориазға ұқсас бөртпелердің өршуі
-
алопеция
Егер сіз аталған жағымсыз әсерлердің қандай да болсын біреуін немесе кез келген жағымсыз немесе алдын ала көрінбеген әсерлерді өзіңізден байқасаңыз, өз дәрігеріңізге мұны айтыңыз.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
бисопрололға немесе препарат компоненттерінің кез келгеніне және басқа да бета-адреноблокаторларға жоғары сезімталдық
-
жүрек функциясының жедел жеткіліксіздігі немесе жүрек бұлшықетінің жиырылу қабілетін арттыратын препараттармен венаішілік ем жүргізуді қажет ететін жүрек функциясы жеткіліксіздігінің ұстамаларындағы декомпенсация
-
жүрек функциясының бұзылуынан болған шок (кардиогендік шок)
-
электрокардиостимуляторсыз, атриовентрикулярлы өткізгіштіктің ауыр бұзылулары (AV-блокада екінші немесе үшінші дәрежесі),
-
синустық түйіннің әлсіздік синдромы, синоатриальді блокада
-
симптомдарды (симптоматикалық брадикардия) тудыратын тамыр соғу жиілігінің баяулауы
-
симптомдарды (симптоматикалық гипотензия) тудыратын қан қысымының төмендеуі
-
бронхтың ауыр демікпесі немесе өкпенің созылмалы ауыр обструктивтік аурулары
-
артериялардың шеткері окклюзиялық зақымдануының немесе Рейно синдромының ауыр түрлері
-
бүйрекүсті бездерінің емделмеген ісіктері (феохромоцитома)
-
метаболизмдік ацидоз
-
балалар және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер (тиімділігі және қауіпсіздігі анықталмаған)
Сақтықпен
-
қандағы глюкоза деңгейі едәуір ауытқитын қант диабеті: тахикардия, жүректің лүпілдеуі немесе тершеңдік сияқты глюкоза деңгейінің айқын төмендеу симптомдары (гипогликемия), бүркемеленуі мүмкін
-
қатаң диета
-
ұзаққа созылатын десенсибилизациялаушы ем
-
атриовентрикулярлы өткізгіштіктің орташа бұзылуы (AV-блокаданың бірінші дәрежесі)
-
қантамырлардың түйілуі себебінен коронарлы қантамырлардағы қан ағысының бұзылуы (Принцметалл стенокардиясы)
-
артериялардың шеткері окклюзиялық зақымдануы (емдеуді бастағаннан кейін симптомдар күшеюі мүмкін)
-
псориазға шалдыққан, немесе анамнезінде псориазы бар пациенттерге.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Басқа препараттарды бір мезгілде қабылдау препараттың әсеріне және жағымдылығына ықпал етуі мүмкін. Осыған ұқсас өзара әрекеттесулер, егер басқа препаратты қабылдаған сәттен бастап өте аз уақыт өтсе, орын алуы мүмкін. Егер сіз қандай да болсын басқа препараттарды қабылдап жүрсеңіз, тіпті оларды дәрігеріңіз тағайындаса да, бұдан емдеуші дәрігеріңізді хабардар етіңіз.
Ұсынылмайтын біріктірулер
-
Иммунитетті емдеу үшін пайдаланылатын аллергендер, немесе тері сынамасына арналған аллерген сығындылары бисопролол қабылдап жүрген науқастарда ауыр жүйелік аллергиялық реакциялардың немесе анафилаксияның пайда болу қаупін арттырады.
-
Вена ішіне (в/і) енгізуге арналған, құрамында йоды бар рентгеноконтрастты дәрілік заттар (ДЗ) анафилаксиялық реакциялардың пайда болу қаупін арттырады.
-
Фенитоин в/і енгізгенде, ингаляциялық жалпы анестезияға арналған ДЗ (көмірсутегі туындылары) кардиодепрессивтік әсердің айқындылығын және АҚ төмендеу мүмкіндігін арттырады.
-
Инсулиннің және ішу арқылы қабылданатын гипогликемиялық ДЗ тиімділігін өзгертеді, дами бастаған гипогликемияның симптомдарын (тахикардияны, АҚ жоғарылауы) бүркемелейді.
-
Лидокаин және ксантиндер клиренсін (дифиллиннен басқасында) төмендетеді, және олардың плазмадағы концентрациясын әсіресе темекі шегудің әсерінен теофиллин клиренсі о баста жоғарылаған науқастарда арттырады.
-
Гипотензивтік әсерді қабынуға қарсы стероидтық емес препараттар (ҚҚСП) (Na+ іркілуі және Pg синтезінің бүйрек арқылы бөгелуі), ГКС және эстрогендер (Na+ іркілуі) бәсеңдетеді.
-
Жүрек гликозидтері, метилдопа, резерпин және гуанфацин, “баяу” кальций өзекшелерінің бөгегіштері (БКӨБ) (верапамил, дилтиазем), амиодарон және аритмияға қарсы басқа да ДЗ брадикардияның, AV блокаданың, жүректің тоқтап қалуының және жүрек қызметі жеткіліксіздігінің пайда болу және өршу қаупін арттырады.
-
Нифедипин АҚ-ны едәуір төмендетуі мүмкін.
-
Диуретиктер, клонидин, симпатолитиктер, гидралазин және басқа да гипотензивтік ДЗ АҚ-ның шамадан тыс төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.
-
Поляризацияланбайтын миорелаксанттар мен кумариндердің антикоагулянттық әсерін ұзартады.
-
Три/тетрациклдік антидепрессанттар, антипсихотикалық ДЗ (нейролептиктер), этанол, седативтік және ұйықтататын ДЗ ОЖЖ қызметінің тежелуін күшейтеді.
-
Гипотензивтік әсері едәуір күшейетін болғандықтан, Бисоморды МАО тежегіштерімен бір мезгілде қолданбау керек, МАО тежегіштері мен Бисоморды қабылдау арасындағы аралық кем дегенде 14 күн болуы тиіс.
-
Гидратацияланбаған қастауыш алкалоидтары шеткергі қан айналымының бұзылу қаупін арттырады.
-
Эрготамин шеткергі қан айналымының бұзылу қаупін арттырады; сульфасалазин плазмада бисопролол концентрациясын арттырады; рифампицин бисопрололдың T1/2 қысқартады.
Айрықша нұсқаулар
Емдеуді күрт тоқтатуға және ұсынылған дозаны өзгертуге болмайды, өйткені ол жүрек қызметінің уақытша нашарлауына әкеп соғуы мүмкін. Егер емдеуді тоқтату қажет болса, дозаны біртіндеп тоқтатқан жөн.
Бисомор қабылдап жүрген науқастарды бақылауға ЖЖЖ және АҚ (емнің басында – күн сайын, содан кейін 3-4 айда 1 рет), ЭКГ-ні, қант диабеті бар науқаста қандағы глюкоза концентрациясын (4-5 айда 1 рет) бақылау қамтылуы тиіс. Егде жастағы пациенттерде бүйрек қызметін (4-5 айда 1 рет) бақылап отыру керек. ЖСЖ емдеуді 1,25 мг дозамен бастағаннан кейін пациент 4 сағат ішінде (ЖЖ, АҚ, ЭКГ) тексерілуі тиіс.
Науқасқа ЖЖЖ есептеу әдістемесін үйреткен және ЖЖЖ минутына 50-ден кем болғанда дәрігерлік кеңестің қажеттігі жөнінде нұсқау берген жөн.
Бисомор препаратымен емдеуді бастар алдында бронхөкпелік анамнезі ауыр науқастарда сыртқы тыныс алу қызметіне зерттеу жүргізу керек.
Стенокардиясы бар науқастардың шамамен 20%-да β-адреноблокаторлар тиімді емес. Негізгі себептері – ишемия шегі төмен ауыр коронарлы атеросклероз (ЖЖЖ минутына 100-ден кем) және субэндокардиальді қан ағысын бұзатын сол жақ қарыншаның ақырғы диастолалық көлемінің жоғарылауы. "Шылымқорларда" β-адреноблокаторлардың тиімділігі төмен.
Жанаспалы линзаны пайдаланатын науқастар емделу аясында көз жасы өнімінің азаюы мүмкін екендігін ескеруі тиіс.
Бисоморды феохромоцитомасы бар науқастарға қолданған кезде әдеттен тыс артериялық гипертензияның пайда болу қаупі бар (егер алдын ала тиімді α-адренобөгет болмаса).
Тиретоксикозда Бисомор тиреоуыттанудың белгілі клиникалық белгілерін (мысалы, тахикардияны) бүркемелеуі мүмкін. Тиреотоксикозбен науқастарда оны күрт тоқтатуға болмайды, өйткені симптоматиканы күшейтуге қабілетті.
Қант диабетінде Бисомор препараты гипогликемиядан болған тахикардияны бүркемелеуі мүмкін. Селективті емес β-адреноблокаторлардан айырмашылығы инсулиннен болған гипогликемияны күшейтпейді және қанда глюкоза мөлшерін қалыпты деңгейге дейін қалпына келуін кідіртпейді.
Бисомор мен клонидинді бір мезгілде қабылдаған кезде клонидинді қабылдау Бисоморды тоқтатқаннан кейін бірнеше күн өткен соң ғана тоқтатылуы мүмкін.
Асқын сезімталдық реакциясының айқындылығы күшеюі және ауырлық түсірген аллергологиялық сыртартқы аясында эпинефриннің әдеттегі дозасының әсерлері болмауы мүмкін.
Жоспарлы хирургиялық ем жүргізу қажет болған жағдайда Бисомор препаратын тоқтату жалпы анестезияны бастаудан 48 сағат бұрын жүргізіледі. Егер науқас операция алдында Бисомор қабылдаса, оған теріс инотроптық әсері өте аз жалпы анестезияға арналған ДЗ таңдап алған жөн.
Реципрокты n.vagus белсенділенуін к/і атропинді (1-2 мг) енгізу арқылы жоюға болады.
Катехоламиндердің қорын төмендететін дәрілік заттар (мысалы, резерпин) β-адреноблокаторлардың әсерін күшейтуі мүмкін, сондықтан ДЗ осындай біріктірулерін қабылдап жүрген науқастар артериялық гипотензияны немесе брадикардияны анықтау үшін дәрігердің бақылауында болуы тиіс.
Бронхтың түйілу аурулары бар науқастарға гипотензивтік басқа дәрілік заттар жақпағанда және/немесе тиімсіз болған жағдайда кардиоселективтік адреноблокаторларды тағайындауға болады, бірақ мұндайда дозасын қатаң бақылаған жөн. Артық дозалану бронхтың түйілуімен қауіпті.
Егде жастағы науқастарда күшейе бастаған брадикардия (минутына 50-ден аз), артериялық гипотензия (систолалық АҚ 100 мм с.б.-нан төмен), AV блокада, бронхтың түйілуі, қарыншалық аритмиялар, бауыр мен бүйрек функциясының ауыр бұзылулары пайда болған жағдайда Бисомор дозасын азайту немесе емдеуді тоқтату қажет. β-адреноблокаторларды қабылдаудан депрессия пайда болған жағдайда емдеуді тоқтату керек.
Ауыр аритмияның және миокард инфарктінің пайда болу қаупіне байланысты, Бисомормен емдеуді күрт тоқтатуға болмайды. Тоқтатуды 2 апта және одан астам уақыт ішінде дозаны біртіндеп төмендете отырып жүргізеді (дозаны 3-4 күнде 25%-ға төмендетеді).
Бисоморды қан мен несептегі катехоламиндердің, норметанефриннің және ванилилминдаль қышқылының мөлшерін; антинуклеарлы антиденелер титрлерін зерттеу алдында тоқтатқан жөн.
Жүктілік және лактация кезеңі
Бисомор препараты жүктілік кезінде ана үшін болжанатын пайдасы мен ұрық үшін қаупінің арақатынасына дәрігер мұқият баға бергеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін. Бета-блокаторлар плацентарлы қан ағысын төмендетеді және ұрықтың дамуына ықпалын тигізуі мүмкін. Плацентадағы және жатырдағы қан ағысына, сондай-ақ болашақ сәбидің өсуі мен дамуына мұқият бақылау жасаған жөн, және жүктілікке немесе ұрыққа қатысты қауіпті біліністер болған жағдайда альтернативті емдік шаралар қабылдау керек. Жаңа туған нәрестені босанғаннан кейін мұқият бақылауға алу қажет. Өмірінің алғашқы 3 күнінде қанда глюкоза деңгейінің және жүректің жиырылу жиілігінің төмендеу симптомдары пайда болуы мүмкін.
Бисопрололдың ана сүтімен бірге бөлініп шығуы немесе бисопрололдың емшектегі балаларға әсер ету қауіпсіздігі жөнінде деректер жоқ. Демек, Бисомор препаратын емшек емізу кезінде қолданбау керек.
Дәрілік заттың көлікті немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Бисомормен емделу кезеңінде автокөлікті жүргізгенде және зейінді жұмылдыруды және психомоторлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерімен айналысқанда сақ болған жөн.
Артық дозалануы
Симптомдары: аритмия, қарыншалық экстрасистолия, айқын брадикардия, AV блокада, АҚ төмендеуі, ЖСЖ, алақанның және саусақ тырнақтарының цианозы, тыныстың тарылуы, бронхтың түйілуі, бас айналу, естен тану, құрысулар.
Емі: бисопрололмен емдеуді тоқтату, демеуші және симптоматикалық ем жүргізіледі. Бисопрололдың диализбен шығарылуы қиын екендігі жөнінде шектеулі деректер бар.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Үлбірлі қабықпен қапталған 2,5 мг, 5 мг және 10 мг таблеткалар.
Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.
Пішінді ұяшықты 3 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Эдж Фарма Прайвет Лимитед»
166 Атланта Билдинг,
209 Нариман Пойнт,
Мумбай – 400021, Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
«Эдж Фарма Прайвет Лимитед», Үндістан
Тұтынушылардан өнім сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Авицена-ЛТД» ЖШС
050002, Алматы қ., Жангелдин к-сі, 31, 416 кеңсе
тел./факс: +7727 3572387 /88/ 89
e-mail: reg@avitsena.kz
Дәрілік заттың қауіпсіздігін тіркеуден кейінгі бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы
ConsultAsia ЖШС
Шевченко к-сі 165 Б, 307 кеңсе
тел./факс: +77051708876/+77051708825
e-mail: pv@consultingasia.kz