Бикард АМ (5 мг/10 мг)

МНН: Амлодипина бесилат, Бисопролола фумарат
Производитель: СООО "Лекфарм"
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Бисопролол в комбинации с другими гипотензивными препаратами
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№024458
Информация о регистрации в РК: 24.01.2020 - 24.01.2020
Номер регистрации в РБ: 22/03/2679
Информация о регистрации в РБ: 01.03.2022 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Бикард АМ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Таблеткалар, 10 мг/10 мг, 10 мг/5 мг, 5 мг/10 мг, 5 мг/5 мг

Құрамы

10 мг/10 мг бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 10.0 мг бисопролол фумараты, 10.0 мг (13.86 мг) амлодипин (амлодипин бесилаты түрінде),

қосымша заттар: натрий крахмалгликоляты (А типі), магний стеараты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, микрокристалды целлюлоза.

10 мг/5 мг бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 10.0 мг бисопролол фумараты, 5.0 мг (6.93 мг) амлодипин (амлодипин бесилаты түрінде),

қосымша заттар: натрий крахмалгликоляты (А типі), магний стеараты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, темірдің сары тотығы (Е 172), микрокристалды целлюлоза.

5 мг/10 мг бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 5.0 мг бисопролол фумараты, 10.0 мг (13.86 мг) амлодипин (амлодипин бесилаты түрінде),

қосымша заттар: натрий крахмалгликоляты (А типі), магний стеараты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, темірдің қызыл тотығы (Е 172), микрокристалды целлюлоза.

5 мг/5 мг бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 5.0 мг бисопролол фумараты, 5.0 мг (6.93 мг) амлодипин (амлодипин бесилаты түрінде),

қосымша заттар: натрий крахмалгликоляты (А типі), магний стеараты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, микрокристалды целлюлоза.

Сипаттамасы

Ақ немесе ақ дерлік түсті, кертігі және сызығы бар жалпақ цилиндр пішінді таблеткалар (10 мг/10 мг дозасы үшін).

Қоңыр-сары түсті, кертігі және сызығы бар жалпақ цилиндр пішінді таблеткалар. Ақ және қоңыр түсті теңбілдердің болуына жол беріледі (10 мг/5 мг дозасы үшін).

Қызғылт түсті, кертігі және сызығы бар жалпақ цилиндр пішінді таблеткалар. Теңбілдердің болуына жол беріледі (5 мг/10 мг дозасы үшін).

Ақ немесе ақ дерлік түсті, кертігі және сызығы бар жалпақ цилиндр пішінді таблеткалар (5 мг/5 мг дозасы үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Жүрек-қантамыр жүйесі. Бета-адреноблокаторлар. Басқа гипотензиялық дәрілермен біріктірілген бета-адреноблокаторлар. Басқа гипотензиялық дәрілермен біріктірілген селективті бета-адреноблокаторлар. Басқа гипотензиялық препараттармен біріктірілген бисопролол.

АТХ коды C07FB07

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Амлодипин

Сіңуі

Ішке қабылдағаннан кейін амлодипин жақсы сіңеді. Қан плазмасында ең жоғары концентрация 6–12 сағаттан соң білінеді. Препаратты тамақпен бірге қабылдау оның сіңуіне ықпалын тигізбейді. Абсолюттік биожетімділігі 64–80% құрайды.

Таралуы

Білінетін таралу көлемі 21 л/кг құрайды. Қан плазмасында тепе-тең концентрацияға (5–15 нг/мл) препаратты қабылдауды бастағаннан кейін 7–8 күннен соң жетеді. Іn vitro зерттеулер айналымдағы амлодипиннің шамамен 93–98%-ы қан плазмасы ақуыздарымен байланысқанын көрсетті.

Метаболизмі және шығарылуы

Амлодипин бауырда қарқынды метаболизмге ұшырайды. Қабылданған дозаның шамамен 90%-ы пиридиннің белсенді емес туындыларына айналады. Қабылданған дозаның шамамен 10%-ы өзгермеген күйінде несеппен бірге бөлініп шығады. Белсенді емес метаболиттер мөлшерінің шамамен 60%-ы бүйрек арқылы және 20–25%-ы ішек арқылы шығарылады. Қан плазмасында концентрациясының төмендеуі екі фазалы сипатта болады. Жартылай шығарылуының ақырғы кезеңі шамамен 35–50 сағатты құрайды, бұл препаратты тәулігіне бір рет енгізуге мүмкіндік береді. Жалпы клиренсі 7 мл/мин/кг (салмағы 60 кг пациентте сағатына 25 л) құрайды. Егде жастағы пациенттерде ол сағатына 19 л құрайды.

Егде жастағы пациенттерде және бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипиннің фармакокинетикасында елеулі өзгерістер байқалған жоқ.

Бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерге, клиренсі төмендейтін болғандықтан, бастапқы төменірек дозаларды тағайындау керек.

Бисопролол

Сіңуі

Бисопролол асқазан-ішек жолынан толық дерлік (90%-дан көбірегі) сіңеді. Препаратты ішке қабылдағаннан кейін бауыр арқылы «алғаш өткен кезде» (шамамен 10% деңгейінде) аздаған метаболизмі салдарынан оның биожетімділігі 90%-ға жуықты құрайды. Тамақ ішу биожетімділігіне ықпалын тигізбейді. Бисопролол дозаға байланысты кинетиканы көрсетеді, мұндайда оның қан плазмасындағы концентрациясы 5-тен 20 мг-ге дейінгі ауқымда қабылданған дозаға пропорционалды. Қан плазмасында ең жоғары концентрацияға 2–3 сағаттан соң жетеді.

Таралуы

Бисопролол барынша кең таралады. Таралу көлемі 3.5 л/кг құрайды. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуына шамамен 30%-ы жетеді.

Метаболизмі

Кейіннен конъюгацияға ұшыраусыз тотығу жолымен метаболизденеді. Барлық метаболиттер полярлы түрде (суда еритін) және бүйрек арқылы шығарылады. Қан плазмасында және несепте табылған негізгі метаболиттер фармакологиялық белсенділік танытпайды. Адамның in vitro бауыр микросомаларымен жүргізілген эксперименттер нәтижесінде алынған деректер бисопролол, ең алдымен, CYP3A4 изоферментінің жәрдемімен (95%-ға жуығы) метаболизденетіндігін, ал CYP2D6 изоферменті тек аздаған ғана рөл атқаратындығын көрсетті.

Шығарылуы

Бисопрололдың клиренсі бүйрек арқылы өзгермеген күйінде (50%-ға жуығы) шығарылуы және сондай-ақ бүйрек арқылы шығарылатын метаболиттерге дейін бауырдағы метаболизмі (50%-ға жуығы) арасындағы тепе-теңдікпен анықталады. Жалпы клиренсі сағатына 15 л құрайды. Жартылай шығарылу кезеңі – 10–12 сағат.

Фармакодинамикасы

Осы дәрілік препараттың белсенді екі ингредиентінің: БКӨБ – амлодипиннің және селективті бета1-адреноблокатор – бисопрололдың өзара бірін-бірі толықтыратын әсерінің арқасында, гипертензияға қарсы және антиангинальді айқын әсерлері бар.

Амлодипиннің әсер ету механизмі:

Амлодипин кальций өзекшелерін бөгейді, кальций иондарының жасушаға (кардиомиоциттерге қарағанда, үлкен дәрежеде қантамырлардың тегіс бұлшықет жасушалары) транс-жарғақша арқылы өтуін төмендетеді.

Амлодипиннің гипертензияға қарсы әсері қантамырлардың тегіс бұлшықет жасушаларын тікелей босаңсытатын әсерімен жүзеге асырылады, бұл шеткері қантамырлар кедергісінің төмендеуіне әкеледі.

Антиангинальді әсер етуінің механизмі аяғына дейін зерттелген жоқ, ол келесі екі әсермен байланысты болуы ықтимал:

  • Шеткері артериолалардың кеңеюі жалпы шеткері кедергіні, яғни жүктемеден кейінгі кедергіні төмендетеді. Амлодипин рефлекторлы тахикардияны туындатпайтын болғандықтан, миокардтың энергияны және оттегіні қажет етуі төмендейді.

  • Ірі коронарлы артериялардың және коронарлы артериолалардың кеңеюі миокардтың қалыпты да, сонымен қатар ишемияланған аймағын оттегімен қамтамасыз етілуін жақсартады. Осы әсерінің арқасында миокардтың оттегімен жабдықталуы тіпті коронарлы артериялардың спазмында да (Принцметал стенокардиясы немесе тұрақсыз стенокардия) жақсарады.

  • Артериялық гипертензиясы бар пациенттерде препаратты күніне бір рет қабылдау пациенттің «жатқан» және «түрегеліп тұрған» кезінде де, препаратты қабылдау арасындағы барлық 24 сағат бойы АҚ-ның клиникалық тұрғыдан маңызды төмендеуін туындатады. Амлодипиннің гипертензияға қарсы әсерінің баяу дамуына байланысты, ол жедел артериялық гипотензияны туындатпайды.

    Стенокардиясы бар пациенттерде препаратты тәулігіне бір рет қабылдау жалпы дене жүктемесін орындаудың жалпы уақытын, стенокардия ұстамасы дамығанға дейінгі уақытты, сондай-ақ ST аралығының едәуір төмендеуіне дейінгі уақытты арттырады, сонымен қатар стенокардия ұстамаларынының жиілігін және нитроглицеринді сублингвальді қабылдау қажеттілігін төмендетеді.

    Амлодипиннің қан плазмасы липидтерінің, қандағы глюкозаның және қан сарысуындағы несеп қышқылының алмасуына жағымсыз ықпалы байқалған жоқ.

    Бисопрололдың әсер ету механизмі:

    Бисопролол – өзінің симпатомиметикалық белсенділігінсіз селективті бета1-адреноблокатор, жарғақшаны тұрақтандыратын әсері жоқ.

    Бронхтардың және қантамырлардың тегіс бұлшықеттерінің бета2-адренорецепторларына, сондай-ақ метаболизмді реттеуге қатысатын бета2-адренорецепторларға аздаған ғана ұқсастығы бар. Демек, бисопролол жалпы алғанда тыныс алу жолдарының кедергісіне және бета2-адренорецепторлар қамтылған метаболизмдік үдерістерге ықпалын тигізбейді.

    Препараттың бета1-адренорецепторларға таңдап әсер етуі емдік ауқым шегінен тыс та сақталады, бисопрололдың айқын теріс инотроптық әсері жоқ. Препарат ең жоғары әсеріне оны ішке қабылдағаннан кейін 3–4 сағаттан соң жетеді. Бисопрололды тәулігіне 1 рет тағайындағанның өзінде оның емдік әсері қан плазмасынан 10-12 сағаттық жартылай шығарылу кезеңінің арқасында 24 сағат бойы сақталады. Әдеттегідей, гипертензияға қарсы ең жоғары әсеріне емдеуді бастағаннан кейін 2 аптадан соң жетеді.

    Бисопролол жүректің бета1-адренорецепторларын бөгеттей отырып, симпатоадреналды жүйесінің (САЖ) белсенділігін төмендетеді.

    Ішке бір реттік қабылдаған кезде жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі (ЖСЖ) белгілерінсіз жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) бар пациенттерде бисопролол жүректің жиырылу жиілігін (ЖЖЖ) сиретеді, жүректің соғу көлемін азайтады және, соның салдары ретінде, лықсу фракциясын және миокардтың оттегіні қажетсінуін азайтады. Ұзақ уақыт емдегенде бастапқыда жоғарылаған жалпы шеткері қантамырлық кедергі (ЖШҚК) төмендейді. Қан плазмасындағы ренин белсенділігінің төмендеуі бета-адреноблокаторлардың гипотензиялық әсер ету компоненттерінің бірі ретінде қарастырылады.

    Қолданылуы

    - артериялық гипертензияда.

    Амлодипин таблеткалары және бисопролол таблеткалары біріктірілген дәрілік ортадағы дозаларда бірге қолданылып, симптомдары адекватты түрде бақыланған пациенттерде орнын алмастыратын ем ретінде пайдаланылуы мүмкін.

    Қолдану тәсілі және дозалары

    Ішке қабылдауға арналған таблеткалар. Таблетканы таңертең, тамақ ішуге қарамай, шайнамай қабылдау керек.

    Таблеткалардағы сызықтар таблетканы екі дозаға бөлу үшін емес, тек бір таблетканы қабылдауды жеңілдетуге ғана (таблетканы екі жартыға сындыру арқылы) арналған.

    Ұсынылатын тәуліктік доза – белгілі бір дозада күніне 1 таблетка.

    Дәрігер Бикард АМ препаратының құрамына кіретін белсенді ингредиенттері бар монокомпонентті препараттарды тағайындау барысында әрбір пациент үшін жекелей дозаны таңдауды және титрацияны жүзеге асырады.

    Емдеу ұзақтығы

    Бикард АМ препаратымен емдеу әдетте ұзаққа созылатын ем болып табылады.

    Бауыр функциясының бұзылуы

    Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде амлодипиннің шығарылуы баяулауы мүмкін. Пациенттердің осы тобы үшін дозалаудың арнайы режимі анықталған жоқ, алайда препарат мұндай жағдайда сақтықпен тағайындалуы тиіс.

    Бауыр функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттер үшін бисопрололдың ең жоғары тәуліктік дозасы 10 мг құрайды.

    Бүйрек функциясының бұзылуы

    Бүйрек функциясының ауырлығы жеңіл немесе орташа дәрежедегі бұзылулары бар пациенттерге дозалау режимін түзету, әдеттегідей, қажет емес. Амлодипин диализдің жәрдемімен шығарылмайды. Диализге ұшырайтын пациенттерге амлодипинді аса сақтықпен тағайындау керек.

    Бүйрек функциясының айқын бұзылулары бар (креатинин клиренсі (КК) минутына 20 мл-ден азырақ) пациенттер үшін бисопрололдың ең жоғары тәуліктік дозасы 10 мг құрайды.

    Егде жастағы пациенттер

    Егде жастағы пациенттерге препараттың әдеттегі дозалары тағайындалуы мүмкін. Дозаны арттырған кезде сақтық қажет болады.

    Балалар

    Препарат 18 жасқа дейінгі балаларға, тиімділігі және қауіпсіздігі жөнінде деректер жоқ болғандықтан, қолдануға ұсынылмайды.

    Емдеуді күрт тоқтатуға болмайды, өйткені бұл клиникалық жағдайдың уақытша төмендеуіне әкелуі мүмкін. Әсіресе емдеуді ЖИА бар пациенттерде күрт тоқтатпау керек. Дозаны біртіндеп төмендету ұсынылады.

    Жағымсыз әсерлері

    Препаратты қабылдаған кезде жағымсыз реакциялардың даму ықтималдылығы бар, олар ағзалар жүйесі және туындау жиілігі бойынша жіктелген: өте жиі ≥1/10, жиі ≥1/100-ден <1/10 дейін, жиі емес ≥1/1000-нан <1/100 дейін, сирек ≥ 1/10000-нан < 1/1000 дейін, өте сирек < 1/10000, белгісіз (қолда бар деректер негізінде баға беру мүмкін емес).

    Амлодипин бойынша:

    Қан және лимфалық жүйе тарапынан: өте сирек: лейкопения, тромбоцитопения.

    Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар: өте сирек: аллергиялық реакциялар.

    Зат алмасу және тамақтану тарапынан бұзылулар: өте сирек: гипергликемия.

    Психиканың бұзылулары: жиі емес: ұйқысыздық, көңіл-күйдің өзгеруі (соның ішінде үрейлену), депрессия; сирек: сананың шатасуы.

    Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: жиі: бас ауыру, бас айналу, ұйқышылдық (әсіресе емнің бас кезінде); жиі емес: естен тану, гипестезия, парестезия, дисгевзия, тремор; өте сирек: бұлшықет гипертониясы, шеткері нейропатия.

    Көру мүшесі тарапынан бұзылулар: жиі емес: көрудің бұзылуы (соның ішінде диплопия).

    Есту мүшесі тарапынан бұзылулар және лабиринттік бұзылулар: жиі емес: құлақтың шуылдауы.

    Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: жиі: жүректің айнуы, іштің ауыруы; жиі емес: құсу, дефекация режимінің өзгеруі (соның ішінде іш қату немесе диарея), диспепсия, ауыз қуысының шырышты қабығының құрғауы; өте сирек: гастрит, қызылиектің гиперплазиясы, панкреатит.

    Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар: өте сирек: гепатит*, сарғаю*.

    Жүрек тарапынан бұзылулар: жиі: жүрек қағуының сезілуі; жиі емес: аритмия (брадикардия, қарыншалық тахикардия, жүрекшелердің жыпылықтауы); өте сирек: миокард инфарктісі.

    Қантамырлар тарапынан бұзылулар: жиі: бетке қан «тебулер»; жиі емес: АҚ айқын төмендеуі, өте сирек: васкулит.

    Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысының ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар. жиі емес: ентігу, ринит; өте сирек: жөтел.

    Бүйрек және несеп шығару жүйесі тарапынан бұзылулар: жиі емес: поллакиурия, несеп шығарғысы келгенде ауыруы, никтурия.

    Жыныс ағзалары және сүт бездері тарапынан бұзылулар: жиі емес: импотенция, гинекомастия.

    Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылулар: жиі: шеткері ісінулер, қатты қажығыштық; жиі емес: кеуденің ауыруы, астения, ауыру, жалпы дімкәстік.

    Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тіндері тарапынан бұзылулар: жиі: тобықтың ісінуі; жиі емес: артралгия, миалгия, бұлшықеттердің құрысулары, арқаның ауыруы.

    Тері және теріасты жабындары тарапынан бұзылулар: жиі емес: алопеция, пурпура, тері түсінің өзгеруі, терлеудің ұлғаюы, қышыну, бөртпе, экзантема; өте сирек: ангионевроздық ісіну, көп формалы экссудативті эритема, есекжем, эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы, Квинке ісінуі, фотосезімталдық.

    Зертханалық және аспаптық деректер: жиі емес: дене салмағының артуы, дене салмағының кемуі; өте сирек: «бауыр» ферменттері белсенділігінің артуы*.

    *Көптеген жағдайда холестазбен бірге

    Бисопролол бойынша:

    Зат алмасу және тамақтану тарапынан бұзылулар: сирек: триглицеридтер концентрациясының жоғарылауы.

    Психиканың бұзылулары: жиі емес: депрессия; сирек: елестеулер, түнгі қорқыныштар.

    Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: жиі: бас ауыру**, бас айналу**; жиі емес: ұйқысыздық; сирек: естен тану.

    Көру мүшесі тарапынан бұзылулар: сирек: көзден жас ағудың азаюы (жанаспалы линза таққан кезде ескеру керек); өте сирек: конъюнктивит.

    Есту мүшесі тарапынан бұзылулар және лабиринттік бұзылулар: сирек: естудің нашарлауы.

    Жүрек тарапынан бұзылулар: жиі емес: AV өткізгіштігінің бұзылуы, брадикардия, ЖСЖ симптомдарының өршуі.

    Қантамырлар тарапынан бұзылулар: жиі: аяқтарда салқындаудың немесе құрысудың сезілуі, АҚ айқын төмендеуі; жиі емес: ортостатикалық гипотензия.

    Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысы ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар: жиі емес: бронх демікпесі немесе тыныс алу жолдарының обструкциясы анамнезінде бар пациенттерде бронхтың түйілуі; сирек: аллергиялық ринит.

    Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: жиі: жүректің айнуы, құсу, диарея, іш қату.

    Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан: сирек: гепатит.

    Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылулар: сирек: терінің қышуы, бөртпе, тері жабындарының гиперемиясы сияқты жоғары сезімталдық реакциялары; өте сирек: алопеция. Бета-адреноблокаторлар псориаз симптомдарының өршуіне мүмкіндік беруі немесе псориаз тәріздес бөртпені туындатуы мүмкін.

    Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тіндері тарапынан бұзылулар: жиі емес: бұлшықет әлсіздігі, бұлшықеттің құрысулары.

    Жыныс ағзалары және сүт бездері тарапынан бұзылулар: сирек: импотенция.

    Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылулар: жиі: қатты қажығыштық**; жиі емес: жүдеу**.

    Зертханалық және аспаптық деректер: сирек: қанда «бауыр» трансаминазалары белсенділігінің (аспартатаминотрансфераза (ACT), аланинаминотрансфераза (АЛТ)) жоғарылауы.

    **Әсіресе осы симптомдар емдеу курсының басында жиі пайда болады. Әдетте бұл құбылыстар жеңіл сипатта болады және, әдеттегідей, емдеуді бастағаннан кейін 1–2 апта ішінде қайтады.

    Қолдануға болмайтын жағдайлар

    Амлодипин бойынша:

    • тұрақсыз стенокардия (Принцметал стенокардиясын қоспағанда)

    • жедел миокард инфарктісі (алғашқы 28 күн ішінде)

    • клиникалық тұрғыдан маңызды қолқа стенозы.

    Бисопролол бойынша:

    • инотроптық ем жүргізуді қажет ететін декомпенсация сатысындағы жүрек функциясының жедел жеткіліксіздігі немесе жүрек функциясының созылмалы жеткіліліксіздігі (ЖСЖ)

    • электрокардиостимуляторсыз ІІ және ІІІ дәрежедегі атриовентрикулярлық (AV) блокада

    • синустық түйін әлсіздігі синдромы (CТӘС)

    • синоатриальді блокада

    • айқын брадикардия (ЖЖЖ минутына 60 соғудан азырақ)

    • бронх демікпесінің немесе өкпенің созылмалы обструкциялық ауруының (ӨСОА) ауыр түрлері

    • шеткері қан айналымының айқын бұзылулары немесе Рейно синдромы

    • феохромоцитома (альфа-адреноблокаторларды бір мезгілде қолданусыз)

    • метаболизмдік ацидоз.

    Амлодипин/бисопролол біріктірілімі бойынша:

    • амлодипинге, дигидропиридиннің басқа туындыларына, бисопрололға және/немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық

    • айқын артериялық гипотензия (систолалық АҚ 100 мм.с.б.-ден азырақ)

    • шок (соның ішінде кардиогендік)

    • 18 жасқа дейінгі балаларға (тиімділігі және қауіпсіздігі анықталған жоқ).

    САҚТЫҚПЕН

    ЖСЖ (соның ішінде ишемиялық емес этиологиясы NYHA жіктеуі бойынша III–IV функциональді класқа жататын), бауыр функциясының жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, гипертиреоз, қандағы глюкоза концентрациясы едәуір ауытқитын қант диабеті, І дәрежедегі AV блокада, Принцметал стенокардиясы, шеткері артериялардың окклюзиялық аурулары (соның ішінде анамнезде), ашығу (қатаң диета), феохромоцитома (альфа-адреноблокаторлармен бір мезгілде қолданғанда), бронх демікпесі және ӨСОА, бір мезгілде жүргізілетін десенсибилизациялайтын ем, жалпы анестезияны жүргізу, егде жас, артериялық гипотензия, 1 типті қант диабеті, қолқа стенозы, митральді стеноз, жедел миокард инфарктісі (алғашқы 28 күннен кейін).

    Дәрілермен өзара әрекеттесуі

    Амлодипин бойынша:

    Амлодипинді келесі дәрілік заттармен бірге қолдану қауіпсіз болды: тиазидтік диуретиктермен, Р-блокаторлармен, әсері ұзаққа созылатын нитраттармен, тринитрат глицеринінің сублингвальді препараттарымен, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілермен, антибиотиктермен, пероральді гипогликемиялық дәрілік заттармен.

    Басқа дәрілік заттардың амлодипинге әсері:

    CYP3А4 тежегіштері: амлодипинді CYP3А4 күшті немесе орташа тежегіштерімен (мысалы, протеаза тежегіштерімен, зеңге қарсы азольді дәрілік заттармен, мысалы, эритромицин немесе кларитромицин сияқты макролидтермен, немесе верапамилмен немесе дилтиаземмен) біріктіргенде қан плазмасындағы амлодипин концентрациясының клиникалық тұрғыдан маңызды деңгейге дейін жоғарылауын күтуге болады. Осы фармакокинетикалық өзгерулердің клиникалық интерпретациясы егде жастағыларда айқынырақ болуы мүмкін, сондықтан жас пациенттерде клиникалық мониторинг жүргізу және дозаларды жекелей таңдау мақсатқа сай келеді және дилтиаземмен бірге егде жастағы пациенттерде плазмадағы амлодипиннің концентрациясы, сәйкесінше, 22%-ға және 50%-ға жоғарылады. Алайда осы бақылаудың клиникалық маңыздылығы белгісіз. CYP3А4 күшті тежегіштерінің (кетоконазол, итраконазол, ритонавир) плазмадағы амлодипин деңгейінің, дилтиаземге қарағанда, едәуір көбірек жоғарылауына әкелуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Амлодипинді CYP3А4 тежегіштерімен бірге осындай біріктірулермен байланысты жағымсыз әсерлер туралы мәлімделмесе де, сақтықпен біріктіру керек.

    CYP3А4 индукторлары: CYP3А4 индукторларының амлодипинге әсері туралы деректер жоқ. CYP3А4 индукторларын (рифампицин, шілтер жапырақты шайқурай) бірге қолдану плазмадағы амлодипин концентрациясын төмендетуі мүмкін. Амлодипинді CYP3А4 индукторларымен сақтықпен біріктірген жөн.

    Дәрілермен өзара әрекеттесулеріне жүргізілген зерттеулерде грейпфрут шырыны, циметидин, алюминий/магний (антацид) және силденафил амлодипиннің фармакокинетикасына ықпалын тигізбейтіндігін көрсетті.

    Дантролен (инфузия): гиперкалиемияның даму қаупімен байланысты, қатерлі гипертермияға бейім пациенттерде және қатерлі гипертермияны емдегенде дантроленді кальций өзекшелерінің блокаторларымен, мысалы, амлодипинмен бір мезгілде қолдануға жол бермеу керек.

    Амлодипиннің басқа препараттарға әсері:

    Амлодипиннің гипертензияға қарсы әсері артериялық қысымды төмендететін басқа дәрілік заттардың гипертензияға қарсы әсерлерін күшейтеді. Дәрілермен өзара әрекеттесулерге жүргізілген зерттеулерде амлодипин аторвастатиннің, дигоксиннің, немесе варфариннің фармакокинетикасына ықпалын тигізбегендігін көрсетті.

    Такролимус: амлодипинмен бірге қолданғанда қан плазмасында такролимус деңгейінің жоғарылау қаупі туындауы мүмкін, алайда осы өзара әрекеттесудің фармакокинетикалық механизмі аяғына дейін анықталған жоқ. Такролимустың уыттылығына жол бермеу үшін, такролимус қабылдап жүрген пациенттерге амлодипинді тағайындау қандағы такролимус деңгейін ұдайы бақылауды және, егер қажет болса, оның дозасын нақтылауды қажет етеді.

    Циклоспорин: амлодипиннің циклоспоринмен өзара әрекеттесуі, циклоспориннің әртүрлі дәрежедегі ең төмен концентрациясының жоғарылауы (0-40%) байқалған, бүйрегі алмастырылған пациенттерді қоспағанда, дені сау ерікті адамдарда да, басқа да топтарда да зерттелген жоқ. Амлодипин қабылдап жүрген, бүйрегі алмастырылған пациенттерде циклоспорин деңгейіне мониторинг жүргізу мақсатқа сай болуы мүмкін, және қажет болған жағдайда циклоспориннің дозасын төмендету керек.

    Симвастатин: амлодипинмен бірге қолдану қан плазмасында симвастатиннің деңгейін арттыруы мүмкін. Симвастатиннің тәулігіне 20 мг-ден асатын дозалары амлодипин қабылдап жүрген пациенттерге ұсынылмайды.

    Амлодипин зертханалық зерттеу нәтижелеріне ықпалын тигізбейді.

    Бисопролол бойынша:

    Ұсынылмайтын біріктірілімдер

    Верапамил және, аз дәрежеде, дилтиазем типті «баяу» кальций өзекшелерінің блокаторлары (БКӨБ) бисопрололмен бір мезгілде қолданғанда миокардтың жиырылу қабілетінің төмендеуіне, АҚ айқын төмендеуіне және AV өткізгіштігінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, бета-адреноблокаторларды қабылдап жүрген пациенттерге верапамилді вена ішіне енгізу айқын артериялық гипотензияға және AV блокадаға әкелуі мүмкін.

    Орталық әсері бар гипотензиялық дәрілерді (клонидин, метилдопа, моксонидин, рилменидин сияқты) бисопрололмен бір мезгілде қолданған кезде ЖЖЖ сиреуіне және жүректегі лықсудың төмендеуіне, сондай-ақ орталық симпатикалық тонустың төмендеуі салдарынан вазодилатацияға әкелуі мүмкін. Күрт тоқтату, әсіресе бета-адреноблокаторларды қабылдауды тоқтатқанға дейін тоқтату, «ауытқыған» артериялық гипертензияның даму қаупін арттыруы мүмкін.

    Сақтықты қажет ететін біріктірілімдер

    Дигидропиридиннің БКӨБ-туындылары (мысалы, нифедипин) бисопрололмен бір мезгілде қолданғанда артериялық гипотензияның даму қаупін арттыруы мүмкін. ЖСЖ бар пациенттерде жүректің жиырылу функциясының кейіннен нашарлау қаупін жоққа шығаруға болмайды.

    Аритмияға қарсы I класс дәрілері (мысалы, хинидин, дизопирамид, лидокаин, фенитоин, флекаинид, пропафенон) бисопрололмен бір мезгілде қолданғанда AV өткізгіштікті және миокардтң жиырылғыштық қабілетін төмендетуі мүмкін.

    Аритмияға қарсы IІІ класс дәрілері (мысалы, амиодарон) AV өткізгіштіктің бұзылуын күшейтуі мүмкін.

    Парасимпатомиметиктер бисопрололмен бір мезгілде қолданғанда AV өткізгіштіктің бұзылуын күшейтуі және брадикардияның даму қаупін арттыруы мүмкін.

    Жергілікті қолдануға арналған бета-адреноблокаторлардың әсері (мысалы, глаукоманың емдеу үшін көзге тамызатын дәрілер) бисопрололдың жүйелік әсерін (АҚ төмендеуі, ЖЖЖ жиілеуі) күшейтуі мүмкін.

    Инсулиннің немесе ішке қабылдауға аралған гипогликемиялық дәрілердің гипогликемиялық әсері күшеюі мүмкін. Гипогликемия белгілері – атап айтқанда тахикардия – бүркемеленуі мүмкін. Осындай өзара әрекеттесулер селективті емес бета-адреноблокаторларды қолданған кезде көбірек ықтимал.

    Жалпы анестезия жүргізуге арналған дәрілер рефлекторлық тахикардияны бәсеңдетуі және артериялық гипотензияның даму қаупін арттыруы мүмкін («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

    Жүрек гликозидтері бисопрололмен бір мезгілде қолданғанда импульсті жүргізу уақытының артуына және брадикардияның дамуына әкелуі мүмкін.

    Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД) бисопрололдың гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін. Бисопрололды бета-адреномиметиктермен (мысалы, изопреналин, добутамин) бір мезгілде қолдану екі препараттың да әсерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

    Бисопрололдың бета- және альфа-адренорецепторларға (мысалы, норэпинефрин, эпинефрин) ықпал ететін адреномиметиктермен бірігуі альфа-адренорецепторлардың қатысуымен туындайтын осы дәрілердің вазоконстрикторлық әсерлерін күшейтіп, АҚ жоғарылауына әкелуі мүмкін. Осындай өзара әрекеттесулер селективті емес бета-адреноблокаторларды қолданған кезде көбірек ықтимал.

    Гипотензиялық дәрілер, гипертензияға қарсы ықтимал әсері бар басқа да дәрілер (мысалы, трициклдік антидепрессанттар, барбитураттар, фенотиазиндер) сияқты, бисопрололдың гипертензияға қарсы әсерін күшейтуі мүмкін.

    Ескеру қажет біріктірілімдер

    Мефлохин бисопрололмен бір мезгілде қолданғанда брадикардияның даму қаупін арттыруы мүмкін.

    МАО тежегіштері (МАО В тежегіштерін қоспағанда) бета-адреноблокаторлардың гипертензияға қарсы әсерін күшейтуі мүмкін. Бір мезгілде қолдану сондай-ақ гипертониялық криздің дамуына әкелуі мүмкін.

    Рифампицин бисопрололдың жартылай шығарылу кезеңін (Т1/2) аздап қысқартады. Әдеттегідей, дозаны түзету қажет емес.

    Эрготамин туындылары бисопрололмен бір мезгілде қолданғанда шеткері қан айналымы бұзылуының даму қаупін арттырады.

    Айрықша нұсқаулар

    Амлодипин бойынша:

    Жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер амлодипинді сақтықпен қабылдауы керек. Жүрек функциясы жеткіліксіздігінің NYHA жіктеуі бойынша III–IV сатысындағы пациенттерде амлодипин өкпе ісінуінің туындау қаупін арттырады, бұл ЖСЖ симптомдарының өршуімен байланысты емес.

    Бисопролол бойынша:

    Бисопрололмен емдеуді тоқтату, егер препарат қабылдауды тоқтатуға айқын көрсетілімдер жоқ болса ғана, әсіресе ЖИА бар пациенттерде, күрт болмауы тиіс. Бисопрололды қолдануды күрт тоқтату кардиальді патологияның уақытша нашарлауына әкелуі мүмкін.

    Бисопролол артериялық гипертензиясы бар немесе жүрек функциясы жеткіліксіздігімен біріккен стенокардиясы бар пациенттерге аса сақтықпен тағайындалуы тиіс.

    Басқа бета-адреноблокаторлар жағдайындағы сияқты, бисопролол аллергендерге сезімталдықтың жоғарылауын және анафилаксиялық реакциялардың күшеюін туындатуы мүмкін, сондықтан бір мезгілде жүргізілетін десенсибилизациялаушы ем кезінде сақтық таныту қажет. Адреналинді қолдану әрдайым күтілетін емдік әсер бермеуі мүмкін.

    Бисопрололды қолданған кезде гипертиреоз симптомдары бүркемеленуі мүмкін.

    Феохромоцитомасы бар пациенттерде бисопролол тек альфа-адренорецепторлардың блокадасынан кейін ғана тағайындалуы тиіс.

    Жалпы анестезия жүргізер алдында анестезиолог пациенттің бета-адреноблокаторларды қабылдағанынан хабардар болуы тиіс. Егер хирургиялық араласым алдында бета-адреноблокаторды тоқтату қажет болса, бұл біртіндеп орындалуы, және анестезиядан шамамен 48 сағат бұрын аяқталуы тиіс.

    Бронх демікпесінде немесе ӨСОА-да бронхты кеңейтетін дәрілерді бір мезгілде қолдану көрсетілген. Бронх демікпесі бар пациенттерде тыныс алу жолдарының кедергісі артуы мүмкін, ол бета2-адреномиметиктердің көбірек жоғары дозаларын қажет етеді.

    Жүктілік және лактация кезеңі

    Жүктілік кезінде Бикард АМ дәрілік затын қолдану, егер қатаң көрсетілімдері жоқ болса ғана, ұсынылмайды. Егер Бикард АМ дәрілік затымен емдеу қажет болса, жатырлық-плаценталық қан ағысына және шарананың өсуіне мұқият мониторинг жүргізілуі тиіс. Жүктілікке немесе шаранаға жағымсыз ықпалын тигізген жағдайда балама емдеу туралы мәселені шешу керек.

    Босанғаннан кейін жаңа туған нәрестені мұқият тексеру керек. Өмірінің алғашқы үш күнінде брадикардия және гипогликемия симптомдары туындауы мүмкін.

    Адамның емшек сүтіне бисопрололдың және амлодипиннің бөлінгенін айғақтайтын деректер жоқ. Алайда дигидропиридиннің БКӨБ-туындылары емшек сүтімен бірге экскрецяланатыны белгілі. Осыған байланысты, лактация кезеңінде дәрілік затты тағайындау қажет болғанда емшек емізуді тоқтату керек.

    Көлік құралдарын немесе потенциалды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

    Препаратпен емдеу кезеңінде көлік құралдарын басқаруда және техникалық күрделі механизмдермен жұмыс жасағанда сақтық таныту қажет.

    Артық дозалануы

    Амлодипин бойынша:

    Симптомдары: АҚ айқын төмендеп, рефлекторлық тахикардия және шамадан тыс шеткері вазодилатация дамуы мүмкін (айқын және тұрақты артериялық гипотензияның даму қаупі, соның ішінде шоктың және өліммен аяқталудың дамуымен бірге).

    Емі: асқазанды шаю, белсенділендірілген көмір тағайындау, жүрек-қантамыр жүйесінің функциясын демеу, жүрек және өкпе функциясының көрсеткіштерін бақылау, аяқ-қолды жоғары ұстау, айналымдағы қан көлемін және диурезді бақылау. Қарқынды симптоматикалық ем. Қантамыр тонусын қалпына келтіру үшін – қантамырларды тарылтатын препараттарды қолдану (оларды қолдануға қарама-қайшы көрсетілімдер жоқ болса); кальций өзекшелері блокадасының зардаптарын жою үшін – кальций глюконатын вена ішіне енгізу. Гемодиализ тиімді емес.

    Бисопролол бойынша:

    Симптомдары: AV блокада, айқын брадикардия, АҚ айқын төмендеуі, бронхтың түйілуі, жүрек функциясының жедел жеткіліксіздігі және гипогликемия.

    Бисопрололдың жоғары дозасын бір рет қабылдауға сезімталдық жекелеген пациенттер арасында күшті өзгереді, ЖСЖ бар пациенттерде жоғары сезімталдық бар болуы ықтимал.

    Емі: артық дозалану туындаған кезде, ең алдымен, препарат қабылдауды тоқтату және демеуші симптоматикалық емді бастау қажет.

    Айқын брадикардияда: атропинді вена ішіне енгізу. Егер әсері жеткіліксіз болса, оң хронотроптық әсері бар дәріні сақтықпен енгізуге болады. Кейде ырғақты жасанды тасымалдаушыны уақытша орналастыру қажет болуы мүмкін.

    АҚ айқын төмендегенде: плазманың орнын алмастыратын ерітінділерді және вазопрессорлық препараттарды вена ішіне енгізу. Сондай-ақ глюкагонды вена ішіне енгізу қолданылуы мүмкін.

    AV блокадасында: пациенттер үнемі бақылауда болуы және эпинефрин сияқты бета-адреномиметиктермен ем қабылдауы тиіс. Қажет болған жағдайда – ырғақтың жасанды тасымалдаушысын орнату.

    ЖСЖ өршігенде: диуретиктерді, оң инотроптық әсері бар препараттарды, сондай-ақ вазодилататорларды вена ішіне енгізу.

    Бронхтың түйілуінде: бронходилататорларды, соның ішінде бета2-адреномиметиктерді және/немесе аминофиллинді тағайындау.

    Гипогликемияда: декстрозаны (глюкозаны) вена ішіне енгізу. Бисопролол іс жүзінде диализбен шығарылмайды.

    Шығарылу түрі және қаптамасы

    Полимерлі үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

    Пішінді ұяшықты 3 қаптама медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

    Сақтау шарттары

    Ылғалдан және жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада.

    Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

    Жарамдылық мерзімі

    2 жыл.

    Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

    Босатылу шарттары

    Рецепт арқылы.

    Өндіруші

    «Лекфарм» ЖШБҚ,

    Беларусь Республикасы, 223141, Логойск қ., Минский к-сі, 2а үй, 301 б,

    тел./факс: (01774)-53801, е-mail: office@lekpharm.by

    Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

    «Лекфарм» ЖШБҚ,

    Логойск қ., Беларусь Республикасы.

    Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасы жөніндегі шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс жасау деректері (телефон, факс, электронды пошта)

    Қазақстан Республикасындағы «Лекфарм» ЖШБҚ өкілдігі,

    050000, Алматы қ., Бостандық ауданы, әл-Фараби даңғылы, 7,

    ұрлы Тау" БО, корпус 4а, кеңсе 55,

    тел. 8(727)-3110454, факс 8(727)-3110455,

    электронды пошта: amangul-62@mail.ru

    Прикрепленные файлы

    ИМП_Бикард.docx 0.05 кб
    Бикард_АМ_26.12_.каз_.docx 0.06 кб
    22_03_2679_p.pdf 2.78 кб
    22_03_2679_s.pdf 5.45 кб

    Отправить прикрепленные файлы на почту

    Источники

    «Центр экспертиз и испытаний в здравоохранении» МЗ РБ Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники