АЦЦ® 200 (порошок для приготовления раствора, 200мг, по 3 г в пакет)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
AЦЦ® 200
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ацетилцистеин
Дәрілік түрі
Ішке қабылдау үшін ерітінді дайындауға арналған ұнтақ 200 мг
Құрамы
1 пакетте 3 г ұнтақ бар
белсенді зат: 200 мг ацетилцистеин
қосымша заттар: сахароза, аскорбин қышқылы, сахарин, құрғақ апельсин хош иістендіргіші 1:1000 Sotteri 289**
(**-11.1% апельсин хош иістендіргіші эссенциясы, 82.7% декстроза ангидриді, 6.2% лактоза)
Сипаттамасы
Апельсин иісі, ішінара бөлшек агломераттары бар, ақ түстен сары дерлік түске дейінгі ұнтақ.
Қалпына келтірілген ерітінді – түссіз, мөлдір немесе сәл бозаңданған
Фармакотерапиялық тобы
Суық тию симптомдары және жөтелді қайтаруға арналған препараттар. Қақырық түсіретін препараттар. Муколитиктер. Ацетилцистеин
АТХ коды R05 CB01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ацетилцистеин ішке қабылданғаннан кейін асқазан-ішек жолынан (АІЖ) тез сіңеді және бауырда фармакологиялық тұрғыдан белсенді метаболит цистеинге, сондай-ақ диацетилцистеинге, цистинге және әртүрлі аралас дисульфидтерге метаболизденеді.
Бауыр арқылы “алғаш өту” әсерінің жоғары болуына байланысты, ацетилцистеиннің биожетімділігі өте төмен (шамамен 10%).
Адам плазмасындағы ең жоғары концентрациясына 1-3 сағаттан соң жетеді. Плазмадағы метаболит цистеиннің ең жоғары концентрациясы 2 мкмоль/л-ге жуықты құрайды. Ацетилцистеиннің қан плазмасы ақуызымен байланысуы шамамен 50% құрайды.
Ацетилцистеин бүйректер арқылы тек белсенді емес метаболиттер (бейорганикалық сульфаттар, диацетилцистеин) түрінде шығарылады.
Плазмадағы жартылай шығарылу кезеңі шамамен 1 сағатты құрайды және негізінен бауыр биотрансформациясымен анықталады. Сондықтан бауыр функциясының бұзылуы плазмалық жартылай шығарылу кезеңінің 8 сағатқа дейін созылуына әкеледі.
Фармакодинамикасы
Ацетилцистеин – амин қышқылы цистеиннің туындысы. Ацетилцистеиннің тыныс жолдарында секретолитикалық және секретомоторлы әсері бар. Ол мукополисахаридтік тізбектер арасындағы дисульфидтік байланыстарды үзеді және ДНҚ тізбектеріне деполимеризациялаушы әсері бар (іріңді қақырықта). Осы механизмнің арқасында қақырықтың тұтқырлығы азаяды.
Ацетилцистеиннің баламалы механизмі оның реактивті сульфгидрильді тобының химиялық радикалдарды байланыстыру және осымен оларды залалсыздандыру қабілетіне негізделеді.
Ацетилцистеин глутатион синтезінің жоғарылауына мүмкіндік береді, бұл улы заттардың уытсыздануы үшін маңызды. Бұл парацетамолмен уланғанда оның антидот ретінде әсерінің бар екендігін түсіндіреді.
Оны профилактика ретінде қолданғанда ол бактериялық инфекциялардың өршу жиілігі мен ауырлығына қатысты қорғаныш әсер береді, ол созылмалы бронхиті және муковисцидозы бар науқастарда анықталды.
Қолданылуы
- қақырық түзілуі және шығарылуының бұзылуымен қатар жүретін жедел және созылмалы бронх және өкпе аурулары кезіндегі секретоликалық емде
Қолдану тәсілі және дозалары
AЦЦ® 200 тамақтан кейін тек дайындалған ерітінді түрінде ғана қабылданады.
Ересектер мен 14 жастан бастап және одан үлкен жастағы жасөспірімдер
1 пакет ұнтақты күніне 2-3 рет (тәулігіне 400-600 мг ацетилцистеинге сәйкес келеді).
Балалар және 6 жастан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер
1 пакет ұнтақты күніне 2 рет (тәулігіне 400 мг ацетилцистеинге сәйкес келеді).
Емдеу ұзақтығы аурудың типіне және ауырлығына байланысты және оны емдеуші дәрігер белгілеуі тиіс.
Ерітіндіні дайындау:
Ұнтақ стакандағы қайнаған суға ерітіледі және тамақтан соң қабылданады.
6 жасқа дейінгі балаларға басқа да АЦЦ түрлері ұсынылады: АЦЦ® юниор, ішу үшін ерітінді дайындауға арналған ұнтақ, 20 мг/мл, АЦЦ® 100, көпіршитін таблеткалар, 100 мг немесе АЦЦ® 200, көпіршитін таблеткалар, 200 мг.
Жағымсыз әсерлері
Жиі емес (≥1/1000, <1/100)
- аллергиялық реакциялар (қышыну, есекжем, тері бөртпесі, бронх түйілуі, Квинке ісінуі)
- тахикардия
- артериялық гипотензия
- бас ауыру
- қызба
- стоматит, іштің ауыруы, диарея, құсу, қыжыл және жүректің айнуы
- құлақтағы шуыл
Сирек (≥1/10000, <1/1000)
- ентігу, бронхтың түйілуі бронх жүйесінің реактивтілігі жоғарылаған емделушілерде бронх демікпесіне байланысты басымырақ
- диспепсия
Өте сирек (<1/10 000)
- жоғары сезімталдық реакцияларымен ішінара байланысты қан құйылулар және қан кетулер
- анафилаксиялық шокқа дейін болатын анафилаксиялық реакциялар
- Стивенс-Джонсон синдромы, Лайелл синдромы
Белгісіз
- беттің ісінуі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдық
- асқазан мен он екі елі ішектің өршу сатысындағы ойық жара ауруы
- қан түкіру, өкпелік қан кету
- өршу сатысындағы бронх демікпесі
- фенилкетонурия
- 6 жасқа дейінгі балалар
- фруктоза жақпаушылығы, глюкоза-галактоза немесе сахароза-изомальтоза мальабсорбция синдромы
Сақтықпен: өңеш тамырларының варикозды кеңеюінде, бронх демікпесінде, бүйрек үсті бездерінің ауруларында, бауыр және/немесе бүйрек жеткіліксіздігінде, артериялық гипертензияда.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Ацетилцистеинді және жөтелге қарсы дәрілерді бір мезгілде қолдану, жөтел рефлексінің азаюы салдарынан, қауіпті секреторлы іркілуді тудыруы мүмкін. Осы себепті біріктірілген емнің осы нұсқасы әсіресе нақты диагнозға негізделуі тиіс.
Жақсы емдік әсерге жету үшін пероральді антибиотиктер (пенициллиндер, тетрациклиндер және аминогликозидтер) бөлек, екі сағаттық уақыт аралығымен енгізілуі тиіс. Мұның цефиксим мен лоракарбефке қатысы жоқ.
Белсендірілген көмірдің жоғары дозаларын қолдану ацетилцистеиннің әсерін бәсеңдетуі мүмкін.
Нитроглицеринмен және ацетилцистеинмен бір мезгілде емдеу дәрігердің бақылауымен жүргізілуі тиіс, өйткені қантамырларды кеңейткіш әсері және тромбоциттер агрегациясын тежегіш әсері күшеюі мүмкін.
Ацетилцистеин салицилаттарды анықтаудың колориметриялық мөлшерлік талдауына әсер етуі мүмкін.
Ацетилцистеин несеп талдауы кезінде кетон денелері талдауының нәтижелеріне әсер етуі мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Тері және шырышты қабық тарапынан туындаған жағдайда емделуші ацетилцистеин қабылдауды дереу тоқтатуы және дәрігерге қаралуы керек.
Бронх демікпесі және обструкциялық бронхиті бар пациенттерге бронх түйілу қаупі болғандықтан АЦЦ® 200 сақтықпен, бронх өткізгіштігін жүйелі бақылай отырып тағайындалғаны жөн.
АЦЦ® 200 препаратын қолдану бронхта қақырықтың сұйылуына және оның көлемінің біраз ұлғаюына әкелуі мүмкін. Жеткіліксіз жөтел рефлексінде қолданылады: постуральді дренаж немесе аспирация.
Гистамин жақпаушылығы бар пациенттер AЦЦ® 200 препаратын қысқа курстармен қабылдауы керек, өйткені гистаминнің өзінің метаболизміне ықпал етумен жақпаушылық симптомдары туындауы мүмкін (мысалы, бас ауыру, мұрынның бітелуі, қышыну).
1 пакеттің ішінде 2.7 г сахароза бар. АЦЦ® 200 препаратын қант диабеті бар емделушілерге тағайындағанда осыны ескерген жөн.
Жүктілік және лактация кезеңі
АЦЦ® 200 препараты жүктілік уақытында және лактация кезеңінде, егер ана үшін болжамды пайдасы ұрық пен балаға төнетін ықтимал қауіптен асып түссе ғана, қолданылуы мүмкін, дегенмен жануарларға жүргізілген зерттеулер жүктілікке, эмбриондық және/немесе постнатальді дамуына әсер ететін ешқандай тікелей немесе жанама уыттылықты айқындамаған.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Әсер етпейді.
Артық дозалануы
Симптомдары: жүрек айну, құсу, диарея, балаларда гиперсекреция дамуының жоғары қаупі бар.
Емі: симптоматикалық.
Шығарылу түрі және қаптамасы
3 г-ден пакеттерде. 20 немесе 50 пакеттен медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
30С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
4 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
Линдофарм ГмбХ, Германия
Тіркеу куәлігінің иесі
Гексал АГ, Германия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын және аумағында дәрілік заттың қауіпсіздігіне тіркеуден кейінгі бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы
«Сандоз Фармасьютикалс д.д.» АҚ Қазақстан Республикасындағы өкілдігі, Алматы қ., Луганский к-сі 96,
Телефон нөмірі: +7 (727) 2581048, Факс: +7 (727) 2581047
e-mail: kzsdz.drugsafety@sandoz.com
8 800 080 0066 – Қазақстан бойынша қоңырау шалу нөмірі тегін