Атаканд® Плюс 16 мг + 12.5 мг

МНН: Гидрохлоротиазид, Кандесартан
Производитель: Астра Зенека АБ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Кандесартан в комбинации с диуретиками
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019510
Информация о регистрации в РК: 16.11.2018 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Атаканд® Плюс 16 мг + 12,5 мг

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 16 мг кандесартан цилексетилі, 12,5 мг гидрохлортиазид,

қосымша заттар: кальций карбоксиметилцеллюлозасы, гидроксипропилцеллюлоза, темірдің сары тотығы CI 77492 (Е172), темірдің қызыл тотығы CI 77491 (Е172), лактоза моногидраты, магний стеараты, жүгері крахмалы, полиэтиленгликоль 8000.

Сипаттамасы

Шабдалы түсті, сопақша, екі жақ беті дөңес, екі жақ бетінде кертігі және бір жақ бетінде ойып жазылған «» жазуы бар таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Диуретиктермен біріктірілген ангиотензин ІІ антагонистері.

АТХ коды C09DA06

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Кандесартан цилексетилін және гидрохлортиазидті бірге қабылдау осы дәрілік заттардың кез келгенінің фармакокинетикасына клиникалық тұрғыдан маңызды әсерін тигізбейді.

Сіңуі және таралуы

Кандесартан цилексетилі

Кандесартан цилексетилі ішке қабылдауға арналған ізашар дәрі болып табылады. Ас қорыту жолынан сіңген кезде эфир гидролизі арқылы белсенді зат – кандесартанға тез айналады, АТ1- рецепторлармен мықты байланысады және баяу диссоциацияланады, агонистік қасиеті жоқ. Кандесартан цилексетилі ерітіндісін ішке қабылдағаннан кейін кандесартанның абсолютті биожетімділігі 40%-ға жуықты құрайды. Таблетка түріндегі препараттың салыстырмалы биожетімділігі, ішуге арналған ерітіндімен салыстырғанда, шамамен 34% құрайды. Таблетка түріндегі препаратты қабылдағаннан кейін 3-4 сағаттан соң қан сарысуында ең жоғары концентрацияға (Сmax) жетеді. Препараттың дозасын тиісті шекте арттырған кезде кандесартанның концентрациясы дозаға байланысты жоғарылайды. Кандесартанның фармакокинетикалық параметрлері емделушінің жынысына байланысты емес. Ас қабылдау «концентрация – уақыт» қисығы астындағы ауданға (AUC) елеулі ықпал етпейді, яғни ас препараттың биожетімділігіне елеулі ықпалын тигізбейді. Кандесартан қан плазмасы ақуыздарымен белсенді түрде байланысады (99%-дан астам). Кандесартанның плазмалық таралу көлемі 0.1 л/кг құрайды.

Гидрохлортиазид

Гидрохлортиазид асқазан-ішек жолынан тез бөлініп шығады, биожетімділігі шамамен 70% құрайды. Аспен қатарластыра қабылдау сіңуін шамамен 15%-ға арттырады. Биожетімділігі жүрек қызметінің жеткіліксіздігі және айқын ісінулері бар емделушілерде төмендеуі мүмкін. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысы шамамен 60% құрайды. Көзге көрінетін таралу көлемі шамамен 0,8 л/кг құрайды.

Метаболизмі және бөлініп шығуы

Кандесартан цилексетилі

Кандесартан, негізінен, организмнен несеппен және өтпен бірге өзгермеген күйінде шығарылады және бауырда тек аздаған дәрежеде метаболизденеді. Өзара әрекеттесуіне жүргізілген зерттеу деректері CYP2C9 және CYP3A4-ке ықпал етпейтінін көрсетті. Зертханалық жағдайларда алынған деректер негізінде метаболизмі P450 цитохромының CYP1A2, CYP2A6, CYP2C9, CYP2C19, CYP2D6, CYP2E1 немесе CYP3A4 изоферменттерімен байланысты дәрілік препараттармен өзара әрекеттесу пайда болады деп күтілмейді. Кандесартанның жартылай шығарылу кезеңі шамамен 9 сағат құрайды. Препараттың организмде жиналып қалуы байқалмайды. Кандесартанның жартылай шығарылу кезеңі кандесартан цилексетилін гидрохлортиазидпен бірге қабылдағаннан (шамамен 9 сағаттан) кейін өзгермеген күйінде қалады. Монотерапиямен салыстырғанда, препаратты біріктіріп көп рет қабылдағаннан кейін қосымша жиналып қалу орын алмайды.

Кандесартанның жалпы клиренсі шамамен 0.37 мл/мин/кг құрайды, мұндайда бүйрек клиренсі – 0.19 мл/мин/кг жуық. Кандесартан бүйрекпен шығарылуы шумақтық сүзілу және белсенді өзекшелік секреция жолымен жүзеге асады.

Радиоактивті-таңбаланған кандесартан цилексетилін ішке қабылдағаннан кейін енгізілген мөлшердің 26%-ға жуығы несеппен бірге кандесартан түрінде және 7%-ы белсенді емес метаболит түрінде шығарылады, бұл орайда енгізілген мөлшердің 56%-ы кандесартан түрінде және 10%-ы белсенді емес метаболит түрінде нәжістен табылады.

Гидрохлортиазид

Гидрохлортиазид метаболизденбейді және нефронның проксимальді бөлігінде шумақтық сүзілу және белсенді өзекшелік секреция жолымен препараттың белсенді түрінде толық дерлік бөлініп шығады. Жартылай шығарылу кезеңі шамамен 8 сағатты құрайды. Ішке қабылданған дозаның шамамен 70%-ы несеппен бірге 48 сағат ішінде шығарылады. Жартылай шығарылу кезеңі кандесартанмен бірге қабылдаған кезде өзгермейді. Препараттарды біріктіріп қолданғанда, монотерапиямен салыстырғанда, гидрохлортиазидтің қосымша жиналып қалуы байқалған жоқ.

Ерекше топтардағы кандесартан фармакокинетикасы

Егде жастағы емделушілерде (65 жастан асқан) кандесартандық Cmax және AUC, жас емделушілермен салыстырғанда, тиісінше, 50% және 80% артты. Алайда, Атаканд® Плюсті қолданған кезде гипотензиялық әсері мен жағымсыз әсерлер жиілігі емделушілердің жасына байланысты болмайды.

Бүйрек қызметінің жеңіл және орташа бұзылуы бар емделушілерде кандесартандық Cmax және AUC, тиісінше, 50% және 70%-ға артты, мұндайда бүйрек қызметі қалыпты науқастармен салыстырғанда препараттың жартылай шығарылу кезеңі өзгермейді. Бүйрек қызметінің ауыр бұзылуы бар емделушілерде кандесартанның Cmax және AUC мәні, тиісінше, 50%-ға және 110%-ға артты, ал препараттың жартылай шығарылу кезеңі 2 есе ұзарды. Гемодиализде жүрген емделушілердегі кандесартанның фармакокинетикалық параметрлері бүйрек қызметінің ауыр бұзылуы бар емделушілердегіге ұқсас болды.

Бауыр қызметінің жеңіл және орташа бұзылуы бар емделушілерде кандесартанның Cmax және AUC мәні клиникалық деректерге сай 20% - 80%-ға жоғарылағаны байқалды.

Гидрохлортиазид

Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілерде жартылай шығарылу кезеңі өте ұзағырақ.

Фармакодинамикасы

Атаканд® Плюс – ангиотензиннің ІІ АТ1-рецепторларының пептидтік емес селективті бөгегіштері мен ізашар дәрі (кадесартан цилексетилі) және тиазидтік диуретик – гидрохлортиазид түрінде болатын кадесартанның комбинациясы болып табылады.

Ангиотензин ІІ – артериялық гипертензияның, жүрек қызметі жеткіліксіздігінің және жүрек-қантамырдың басқа да ауруларының патогенезінде маңызды рөл атқаратын ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің негізгі гормоны.

Ангиотензин ІІ негізгі физиологиялық әсерлері вазоконстрикция, альдостерон өнімінің стимуляциясы, су-электролиттік жағдайды реттеу және жасушаның өсуін стимуляциялау болып табылады. Бұл әсерлердің барлығы ангиотензиннің II 1 типті ангиотензин рецепторларымен (АТ1 рецепторлары) өзара әрекеттесуі арқылы болады.

Кандесартан –ангиотензиннің ІІ 1 типті рецепторларының (АТ1 рецепторларының) селективтік антагонисі, ангиотензинді І ангиотензинге ІІ айналдыратын және брадикининді бұзатын ангиотензинге өзгертуші ферментті (АӨФ) тежемейді; АӨФ-ға ықпал етпейді және брадикининнің немесе Р субстанцияның жиналуына әкелмейді. Кандесартанды АӨФ тежегіштерімен салыстырған кезде, жөтелдің пайда болуы кандесартан цилексетилін қабылдаған емделушілерде сирек кездесті. Кандесартан басқа гормондардың рецепторларымен байланыспайды және жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін реттеуге қатысатын ион өзекшелерін бөгемейді. Ангиотензиннің ІІ АТ1 рецепторларының бөгелуі нәтижесінде ренин, ангиотензин І, ангиотензин ІІ деңгейлері дозаға байланысты жоғарылайды және қан плазмасында альдостерон концентрациясы төмендейді.

Гидрохлортиазид бүйрек өзекшелерінің негізінен дистальді бөлімдерінде натрийдің белсенді түрде кері сіңуін тежейді және натрий, хлор иондарының және судың бөлініп шығуын күшейтеді. Бүйректер арқылы калий мен магнийдің бөлініп шығуы дозаға байланысты күшейеді, сол кезде бұрынғыға қарағанда көп мөлшерде кері сіңе бастайды. Гидрохлортиазид қан плазмасы мен жасушадан тыс сұйықтықтың көлемін азайтады және жүрекпен қанның тасымалдану қарқындылығын және АҚ-ны азайтады. Ұзақ уақыт емдеу кезінде гипотензивтік әсер артериолдардың кеңеюі есебінен пайда болады.

Гидрохлортиазидті ұзақ уақыт қолданғанда жүрек-қантамыр ауруларының пайда болу және өлім қаупі азаятыны көрінді.

Кандесартан мен гидрохлортиазид гипотензивтік жиынтық әсер етеді.

Артериялық гипертензияға шалдыққан емделушілерде Атаканд® Плюс жүректің жиырылу жиілігін (ЖЖЖ) арттырмай-ақ, АҚ-ны тиімді түрде және ұзақ уақытқа төмендетеді. Ортостатикалық гипотензиялар препаратты алғаш қабылдаған кезде байқалмайды, сондай-ақ емдеуді аяқтағаннан кейін де артериялық гипертензия күшеймейді. Атаканд® Плюсті бір рет қабылдағаннан кейін негізгі гипотензивтік әсер 2 сағат ішінде пайда болады. Ұзақ уақыт емдеген кезде АҚ тұрақты төмендеуі препаратты қабылдауды бастағаннан кейін 4 апта ішінде басталады және ұзақ емдеу курсы кезінде сақталуы мүмкін. Атаканд® Плюс күніне бір рет қабылдаған кезде АҚ-ны 24 сағат ішінде, ең жоғары және орташа әсер етуі арасында аздаған айырмашылықпен, тиімді және ақырын төмендетеді. Клиникалық зерттеулерде Атаканд® Плюсті қолданған кезде жағымсыз әсерлердің, әсіресе жөтелдің, пайда болу жиілігі, АӨФ тежегіштерін гипотиазидпен біріктіріп қабылдаған кездегіге қарағанда, сирек болды.

Кандесартан мен гидрохлортиазидті біріктірудің тиімділігі емделушінің жынысына және жасына байланысты емес. Қазіргі таңда кандесартан/гидрохлортиазидті бүйрек жеткіліксіздігі/нефропатиясы бар, сол жақ қарынша қызметі төмендеген/жүрек қызметінің жедел жеткіліксіздігі бар емделушілерге және миокардпен ауырған емделушілерге қолдану жөнінде деректер жоқ.

Қолданылуы

- біріктірілген ем көрсетілген емделушілерде артериялық гипертензияны емдеуге

Қолдану тәсілі және дозасы

Ұсынылатын дозасы – тәулігіне 1 рет 1 таблетка.

Атаканд® Плюсті ас қабылдауға қарамай-ақ тәулігіне бір рет қабылдаған жөн.

Емделушіні Атаканд® Плюспен емдеуге ауыстырар алдында кандесартан дозасын титрлеу керек. Қажет болғанда емделушілерді Атакандпен монотерапиядан Атаканд® Плюс препаратымен емдеуге ауыстырады.

Негізгі гипотензиялық әсерге, әдеттегідей, емді бастағаннан кейін алғашқы 4 апта ішінде жетеді.

Егде жастағы емделушілер

Егде жастағы емделушілерде дозаны түзетудің қажеті жоқ.

Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілер

Бүйрек қызметі бұзылған емделушілерде, тиазидтермен салыстырғанда, ілмектік диуретиктерді қолданған дұрыс. Атаканд® Плюс препаратымен емдеуді бастамас бұрын, бүйрек қызметі бұзылуы жеңіл немесе орташа емделушілерде (креатинин клиренсі ≥ 30 мл/мин/1,73 м2), гемодиализдегі емделушілерді қоса есептегенде, кандесартан дозасын (Атаканд препаратымен монотерапия арқылы), 4 мг-нан бастап титрлеу керек.

Атаканд® Плюс препаратын бүйрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі< 30 мл/мин/1,73 м2 BSA) емделушілерге қолдануға болмайды.

Айналымдағы қан көлемі төмендеген емделушілер

Артериялық гипотензия қаупі бар емделушілер үшін, мысалы, айналымдағы қан көлемі төмендеген емделушілер үшін, кандесартан дозасын (Атаканд препаратымен монотерапия арқылы), 4 мг-нан бастап титрлеу керек.

Бауыр қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілер

Кандесартан цилексетилінің дозасын арттыру Атаканд® Плюс препаратымен емдеу үшін бауыр қызметінің жеткіліксіздігі жеңіл немесе орташа болатын емделушілерге ұсынылады (кандесартан цилексетилінің ұсынылатын бастапқы дозасы – мұндай емделушілерде 4 мг). Атаканд® Плюс препаратын бауыр қызметінің ауыр жеткіліксіздігі және/немесе холестазы бар емделушілерге қолдануға болмайды.

Жағымсыз әсерлері

Жиі (> 1/100, < 1/10)

- бас ауыру, бас айналу

- тыныс жолдарының жұқпалары

Өте сирек (< 1/10 000)

- жүректің айнуы

- жөтел

- лейкопения, нейтропения және агранулоцитоз

- гиперкалиемия, гипонатриемия

- «бауыр» ферменттері белсенділігінің жоғарылауы, бауыр қызметінің бұзылуы немесе гепатит

- ангионевротикалық ісіну, бөртпе, есекжем, терінің қышуы

- арқаның ауыруы, артралгия, миалгия

- бүйрек қызметінің бұзылуы, бейім емделушілерде бүйрек қызметінің жеткіліксіздігін қоса есептегенде

Гидрохлортиазидпен емдеген кезде, әдетте 25 мг немесе одан астам дозада, келесі жағымсыз әсерлер білінді: жиі емес (>1/1000 және <1/100), сирек (<1/1000) және белгісіз (жиілігіне баға беру үшін жеткілікті деректер жоқ):

Жиі емес (> 1/1000, < 1/100)

- фотосенсибилизация реакциялары

Сирек (> 1/10 000, < 1/1 000)

- лейкопения, нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения, апластикалық анемия

- анафилактикалық реакциялар

- некротикалық васкулит

- респираторлы дистресс-синдром (соның ішінде пневмония және өкпенің ісінуі)

- панкреатит

- сары ауру (бауырішілік холестатикалық)

- уытты эпидермальді некролиз,

- бүйрек қызметінің бұзылуы және интерстициальді нефрит

Белгісіз

- жедел миопатия, жабық бұрышты жедел глаукома

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препараттың құрамына кіретін белсенді немесе қосымша компоненттерге, сульфонамидтер туындыларына жоғары сезімталдық

- жүктілік және лактация кезеңі

- бауыр қызметінің ауыр жеткіліксіздігі және/немесе холестаз

- бүйрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 30 мл/мин/1,73 м2 төмен)

- рефрактерлі гипокалиемия және гиперкальциемия

- подагра

- 18 жасқа дейінгі балалар (тиімділігі және қауіпсіздігі анықталған жоқ)

Сақтықпен: жүрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігі, бүйрек артерияларының екі жақты тарылуы, жалғыз ғана бүйрек артериясының тарылуы, қолқа және митральді қақпақшалардың гемодинамикалық тұрғыдан маңызды тарылуы, цереброваскулярлы аурулары және жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарға, гипертрофиялық обструктивті кардиомиопатия, айналымда қан көлемі төмендеген науқастарда, бауыр циррозында, лактоза жақпайтын, лактоза мен галактозаның сіңуі бұзылған емделушілерде, гипонатриемия, алғашқы гиперальдостеронизм, хирургиялық араласым, бүйрегі ауыстырылып салынған науқастар, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі, қант диабеті.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Фармакокинетикалық зерттеулерде Атаканд® Плюсті варфаринмен, дигоксинмен, ішу арқылы қабылданатын контрацептивтермен (этинилэстрадиол/левоноргестрел), глибенкламидпен, нифедипинмен біріктіріп қолдану зерттелген.

Клиникалық тұрғыда маңызды дәрілік өзара әрекеттесулер табылған жоқ.

Кандесартан бауырда аздаған дәрежеде метаболизденеді (CYP2C9). Өзара әрекеттесуіне жүргізілген зерттеулерде препараттың CYP2C9 және CYP3A4-ке ықпалы байқалған жоқ. Атаканд® Плюсті гипертензияға қарсы басқа да дәрілермен бірге қолдану гипотензивтік әсерді потенциялайды.

Калийдің жоғалуына әкелетін гидрохлортиазидтің әсері калийдің жоғалуына және гипокалиемияға әкелетін басқа да дәрілермен (мысалы, диуретиктер, іш жүргізгіш дәрілер, амфотерицин, карбеноксолон, пенициллин G натрий, салицил қышқылының туындылары, стероидтар, АКТГ) күшеюі мүмкін.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін басқа да дәрілік заттарды қолдану тәжірибесі калий жинақтаушы диуретиктермен, калий препараттарымен, тұздың орнын алмастырғыштармен және қан сарысуында калий деңгейін арттыруы мүмкін басқа да заттармен (мысалы, гепарин) қатарластыра емдеу гиперкалиемияның пайда болуына әкелуі мүмкін екендігін көрсетеді.

Диуретикалық дәрілермен индукцияланған гипокалиемия және гипомагниемия оймақгүл гликозидтерінің және аритмияға қарсы дәрілердің кардиоуыттық әсер етуіне бейімді етеді. Атаканд® Плюсті осындай препараттармен қатар қабылдағанда қандағы калий деңгейін бақылауды қажет етеді.

Литий препараттарын АӨФ тежегіштерімен немесе гидрохлортиазидпен бірге тағайындағанда қан сарысуындағы литий концентрациясының қайтымды артуы және уыттану реакцияларының пайда болғаны жөнінде мәлімделген. Осындай реакциялар ангиотензин ІІ рецепторларының антагонистерін пайдаланғанда да кездесуі мүмкін, осыған байланысты бұл препараттарды біріктіріп қолданғанда қан сарысуындағы литий деңгейін бақылап отыру керек.

Кандесартанның биожетімділігі ас қабылдауға байланысты емес.

Гидрохлортиазидтің несеп жүргізгіш, натрийуретикалық және гипотензиялық әсерін қабынуға қарсы стероидты емес препараттар әлсіретеді.

Гидрохлортиазидтің сіңуі колестиполды немесе холестираминді қолданған кезде бәсеңдейді.

Деполяризацияламайтын миорелаксанттардың (мысалы, тубокурариннің) әсері гидрохлортиазидпен күшеюі мүмкін.

Тиазидтік диуретикалық дәрілер қандағы кальций деңгейін, оның шығарылуының азаюына байланысты, арттыруы мүмкін. Құрамында кальций бар тағамдық үстемелерді немесе D витаминін қабылдау қажет болғанда, қан плазмасындағы кальций деңгейін бақылаған және қажет болғанда дозаны түзеткен жөн.

Тиазидтер бета-адренобөгегіштердің және диазоксидтің гипергликемиялық әсерін күшейтеді.

Антихолинэргиялық дәрілер (мысалы, атропин, биперидин), асқазан-ішек жолының жиырылуының төмендеуі салдарынан, тиазидтер негізінде несеп жүргізгіш дәрілердің биожетімділігін арттыруы мүмкін.

Тиазидтер амантадиннің жағымсыз әсерлерінің қаупін арттыруы мүмкін.

Тиазидтер цитоуыттық (мысалы, циклофосфамид, метотрексат сияқты) дәрілердің организмнен шығарылуын баяулатуы және олардың миелотөмендеткіш әсерін күшейтуі мүмкін.

Гипокалиемия қаупі стероидтық дәрілік заттарды немесе адренокортикотроптық гормонды қатарластыра қабылдаған кезде артуы мүмкін.

Препаратты қабылдау аясында алкоголь, барбитураттар немесе анестетиктер қабылдаған кезде ортостатикалық гипотензияның пайда болу жиілігі артуы мүмкін.

Тиазидтермен емдеу глюкозаға төзімділікті төмендетуі мүмкін. Диабетке қарсы препараттардың, соның ішінде инсулиннің дозасын таңдау қажет болуы мүмкін.

Гидрохлортиазид қантамырларды тарылтатын аминдердің (мысалы, эпинефриннің (адреналиннің)) ықпалын азайтады.

Гидрохлортиазид, әсіресе йодталған контрастты заттардың үлкен дозаларымен біріктіргенде, бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігінің пайда болу қаупін арттырады.

Циклоспоринмен қатарластыра қолданғанда гиперурикемия және подагра қаупі артуы мүмкін.

Баклофенді, үшциклдік антидепрессанттарды немесе нейролептиктерді қатарластыра қолдану гипертензияға қарсы әсердің күшеюіне әкелуі және гипотензияны тудыруы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Бүйрек қызметінің бұзылуы

Осындай жағдайда тиазидтен гөрі, ілмектің диуретиктерді пайдалану дұрысырақ. Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілер үшін Атаканд® Плюсті қолданған кезде калий, креатинин және несеп қышқылы деңгейлерін ұдайы бақылап отыру керек.

Бүйректі ауыстырып салу

Атаканд® Плюсті жақында бүйрегі ауыстырылған емделушілерге қолдану жөнінде деректер жоқ.

Бүйрек артерияларының стенозы

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне ықпал ететін басқа да препараттар, мысалы, АӨФ тежегіштері, бүйрек артериялары екі жақты тарылған немесе жалғыз ғана бүйректің артериясы тарылған емделушілерде қандағы мочевина мөлшерін және сарысуда креатинин деңгейін арттыруы мүмкін. Осыған ұқсас әсерді ангиотензин ІІ антагонистерінен де күткен жөн.

Айналымдағы қан көлемінің төмендеуі

Интраваскулярлы көлемі және/немесе натрий тапшы болатын емделушілерде, ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне ықпал ететін басқа да препараттарда айтылғандай, симптоматикалық гипотензиялар пайда болуы мүмкін. Сондықтан Атаканд® Плюсті осы симптомдар жоғалғанға дейін қолданбау керек.

Анестезия және хирургиялық араласым

Ангиотензин ІІ антагонистерін қабылдап жүрген емделушілерде, анестезия кезінде және хирургиялық араласымдарда ренин-ангиотензин жүйесінің бөгелуі нәтижесінде артериялық гипотензия пайда болуы мүмкін. Көктамыр ішіне сұйықтықтарды және/немесе вазопрессорларды енгізуді қажет ететін ауыр артериялық гипотензия жағдайлары өте сирек байқалуы мүмкін.

Бауыр қызметінің жеткіліксіздігі

Бауыр қызметі бұзылған немесе бауыр ауруы өршіген емделушілер, сұйықтық көлемінің және электролит құрамының аздап құбылуы бауыр комасын тудыратынын ескеріп, тиазидтерді абайлап қолданған жөн. Атаканд® Плюсті бауыр қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілерге қолдану жөнінде деректер жоқ.

Қолқаның және митральді клапанның стенозы (гипертрофиялық обструктивті кардиомиопатия)

Атаканд® Плюсті, басқа да вазодилататорлар сияқты, обструктивті гипертрофиялық кардиомиопатиясы немесе қолқаның немесе митральді клапанның гемодинамикалық тұрғыдан маңызды тарылуы бар емделушілерге тағайындаған кезде сақ болған жөн.

Алғашқы гиперальдостеронизм

Алғашқы гиперальдостеронизмі бар емделушілер әдетте ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне ықпал ететін гипертензияға қарсы дәрілермен емдеуге төзімді. Осыған баланысты мұндай емделушілерге Атаканд® Плюсті тағайындамау керек.

Су-тұзды теңгерімінің бұзылуы

Несеп жүргізгіш әсері бар препараттарды қабылдаған жағдайдағыдай, қан плазмасында электролиттерді бақылап отырған жөн.

Несеп жүргізгіш әсері бар, тиазидтер негізіндегі препараттар кальций иондарының несеппен бірге бөлініп шығуын азайтуға қабілетті және қан плазмасында кальций иондарының концентрацияларын мезгіл-мезгіл және аздап арттыруы мүмкін.

Тиазидтер, соның ішінде және гидрохлортиазид, су-тұзды теңгерімінің бұзылуын (гиперкальциемия, гипокалиемия, гипонатриемия, гипомагниемия және гипохлоремиялық алкалоз) туындатуы мүмкін.

Байқалған гиперкальциемия жасырын гиперпаратиреоздың белгісі болуы мүмкін. Тиазидтік дәрілерді қабылдауды қалқанша жанындағы бездерді зерттеу талдамаларының нәтижелері алынғанға дейін тоқтатқан жөн.

Гидрохлортиазид калийдің бөлініп шығуын дозаға байланысты арттырады, бұл гипокалиемияға себепші болуы мүмкін. Гидрохлортиазидтің осыған ұқсас әсері, егер оны кандесартан цилексетилімен біріктіріп қолданса, аз білінеді. Гипокалиемия қаупі бауыр циррозы бар емделушілерде, диурезі жоғары емделушілерде және құрамында тұзы азайтылған сұйықтықты қабылдап жүрген емделушілерде, және кортикостероидтармен емделу курсын қатар қабылдап жүрген немесе адренокортикотроптық гормон қабылдап жүрген емделушілерде жоғары жоғары болып шықты.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне ықпал ететін препараттарды қолдану тәжірибесінің негізінде, Атаканд® Плюс пен калийдің бөлініп шығуын арттыратын несеп жүргізгіш дәрілерді қатарластыра қолдануды құрамында калий бар тағамдық үстемелерді немесе қан плазмасында калий мөлшерін арттыруға қабілетті басқа да препараттарды қолдану арқылы толықтыруға болады.

Атаканд® Плюсті ангиотензин өзгертуші ферментпен немесе ангиотензин ІІ рецепторларының тежегіштерімен бірге қолдану әдетте, егер емделуші жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне немесе бүйрек қызметінің жеткіліксіздігіне шалдыққан болса, осындай жағдайлар құжатпен тіркелмеген болса да, гипокалиемияны тудыруы мүмкін.

Тиазидтердің магнийдің бөлініп шығуын арттыратыны көрінді, бұл гипомагниемияны туындатуы мүмкін.

Метаболизміне және эндокриндік жүйесіне ықпалы

Тиазидтермен емдеу қандағы глюкоза деңгейін бұзуы мүмкін. Гипогликемиялық дәрілердің, соның ішінде инсулиннің дозасын таңдап алу қажет етілуі мүмкін. Тиазидпен емдеу кезінде жасырын өтетін қан диабеті білінуі мүмкін. Тиазидпен емдеумен сондай-ақ холестерин және триглицеридтер деңгейлерінің артуын да байланыстырады. Алайда құрамында 12,5 мг дозасы бар Атаканд® Плюсті қолданған кезде осындай әсерлердің барынша аз мөлшері байқалды. Тиазидтік диуретиктер қан плазмасында несеп қышқылының концентрациясын арттырады және бейім науқастарда подаграның пайда болуына жағдай жасауы мүмкін.

Жалпы

Қантамырлық тонусы және бүйрек қызметі көбіне ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің белсенділігіне байланысты болатын емделушілер (мысалы, бүйрек артерияларының стенозын қоса есептегенде, жүрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігі немесе бүйрек аурулары бар науқастар) ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін препараттарға аса сезімтал. Осындай препараттарды тағайындау жедел артериялық гипотензиясы, азотемиясы, олигуриясы және сирек бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігі бар науқастарда қатараласа жүреді. Аталған әсерлердің пайда болуы ықтималдылығын ангиотензин ІІ рецепторларының антагонистерін қолданған кезде де жоққа шығару мүмкін емес. Жүректің ишемиялық аурулары немесе генезі ишемиялық цереброваскулярлық аурулары бар науқастарда гипертензияға қарсы кез келген дәрілерді қолданған кезде АҚ күрт төмендеуі миокард инфарктінің немесе инсульттің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.

Гидрохлортиазидке жоғары сезімталдық реакциясының білінуі бұрын аллергиясы немесе бронх демікпесі болмаған емделушілерде де болуы мүмкін, бірақ оның осындай симптомдары бар емделушілерде болу ықтималы көбірек.

Тиазидтік диуретиктерді пайдаланған кезде жүйелік люпус-эритематоз симптомдарының пайда болу немесе өршуі жағдайлары байқалды.

Препараттың қүрамында лактоза бар, сондықтан оны галактозаның жақпаушылығы, іштен туа біткен лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкозогалактоза мальабсорбциясы түрінде білінетін сирек тұқым қуалайтын аурулары бар емделушілердің қабылдауына болмайды.

Дәрілік заттың көлікті немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Автомобильді басқару немесе техникамен жұмыс жасау қабілетіне ықпалы зерттелген жоқ, бірақ препараттың фармакодинамикалық қасиеттері осындай ықпалының жоқ екендігін көрсетеді. Емделушілер автокөлікті басқарғанда немесе техникамен жұмыс жасағанда сақ болғаны жөн, өйткені емделу кезінде бас айналу пайда болуы және қатты шаршау байқалуы мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: Препаратпен артық дозаланған кезде (672 мг-ға дейінгі кандесартан цилексетилі) емделушінің ауыр зардаптарсыз айығып кеткен жекелеген жағдайлары мәлімделді.

Гидрохлортиазидтің артық дозалануының негізгі біліністері сұйықтық пен электролитерді қатты жоғалту болып табылады. Сондай-ақ бас айналу, АҚ төмендеуі, ауыз ішінің құрғауы, тахикардия, қарыншалық аритмия, седация, есінен тану және бұлшықет құрысулары сияқты симптомдар байқалды.

Емдеу: АҚ-ның клиникалық тұрғыдан айқын төмендеуі пайда болған кезде симптоматикалық ем жүргізу және емделушінің жағдайын бақылау қажет. Емделушіні шалқасынан жатқызып, аяғын көтеру керек. Қажет болған кезде айналымдағы қан көлемін, мысалы, көктамыр ішіне натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісін құю арқылы, арттырған жөн. Қажет болған жағдайда симптоматикалық дәрілер тағайындалуы мүмкін. Кандесартанның және гидрохлортиазидтің гемодиализдің жәрдемімен шығарылу ықтималдығы аз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

ПВХ үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 14 таблеткадан.

Пішінді 2 қаптама медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

Сақтау мерзімі

30°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

АстраЗенека АБ, S-151 85 Содерталье, Швеция

Қаптаушы ұйымның атауы және елі

АстраЗенека АБ, Швеция

Тіркеу куәлігінің иесі

АстраЗенека АБ, Швеция

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

“АстраЗенека Ю-Кей Лимитед” ЖАҚ өкілдігі

Телефон: +7 727 226 25 30, факс: +7 727 226 25 29

e-mail: Marina.Chukalina@astrazeneca.com

Атаканд (саудалық таңбасы) - АстраЗенека компаниясы тобының жеке меншігі болып табылатын сауда белгісі.

 

Прикрепленные файлы

968364811477976933_ru.doc 108 кб
040871621477978088_kz.doc 126 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники